ІІІ БӨЛІМ

19 Қараша 2013, 08:44

Нұрханов дабыл қағылысымен-ақ жылдам жалт бұрылды да, Мәмбетке түксие қалың қабағынын, астынан ызғар шашып, алара қараған қалпы асыға жақындап тап берді. Ә, дегеннен-ақ десін қайтарып, тауын шағып тастайын десе керек, әдеттегідей барлау-сарлауға, бұқпантайлап аңдысуға бармастан батырлатып алды да кетті. Қолынан келсе Мәмбетті жер бетінен мүлдем жойып жіберетіндей. Мәмбет бұлай боларын күткен еді. Сондықтан ол саса қойған жоқ. Және де ол мұндай бас-көзсіз тырылдақ автоматтардың талайын көрген-ді. Әлтайды қашпай, қаймықпай қарсы алды. Құтырған дауылдай лап қойған мына қарқынды тың кезінде аздап басып тастамаса болмайды. Әйтпесе, ұрыс тізгіні түгелдей қолдан шығып кетеді. Сөйтіп, Мәмбет қарсыласының құйындай тиген қатты шабуылына одан да өткен жойқын қимылмен жауап қайтарды. Сарт-сарт жұмсалған жұдырыққа көз ілесетін емес. У-шу болған жұрт кімнің көбірек таяқ жегенін де ажырата алмай қалды. Екеуі де қағылез, екеуі де жолбарыстай жылдам. Тек төрешілердің жіті көздері ғана Әлтайдың көп соққысының ауаны тілгілеп, Мәмбеттің денесіне жөнді дарымағанын байқады. Ал, Мәмбеттің көбіне кеуде жақты көздеп ұрған жұдырықтары нысанаға әлденеше рет дөп тиді. Бірақ бұл бір минуттан артыққа созылмады. Тура соғып, жапырып кете алмасын сезген Әлтай енді кимелей беруді қойып, андысуға ауысты. Жұрт: "Шабуылдау кезегі Мәмбетке келген шығар", - деп ойлап еді, олай болмады. "Сен тимесең, мен тимен, бадырақ кез" дегендей ол да сабыр сақтап, ұмтыла қоймады. Тіпті, ілгері басатын емес. Қайта қашқалақтап соғысып, қорғануға көше бастады. - Омашев қорқайын деді... - Чемпион шаршап қалды! - Алға, Әлтай! Соқ, соқ! - деп даурығады жұрт. Осылайша алыстан арбасумен тағы да бір минут өтті. Әлтай қайтадан шабуылға шықты. Бірақ, бастапқыдай тарпа бас салып, тура ұмтылмай, қолайлы сәттерде ғана оқыстан тиісіп, айлалап-амалдап жүр. Чемпион да әдепкідей емес. Қарсы соғудың орнына көбіне қолғабын тосып, бұғып қалып, шегіншектей береді. Әлтайды анда-санда ғана іштен ұрып қояды. Раунд аяқталды. Боксшылар өз бұрыштарына тарасты. Мәмбет шаршаған кейіппен сүйретіле басып келді де, сылқ етіп отыра кетті. Салдырап қалған екі қолын арқанға асып, аяқтарын созып жіберіп, алқына дем алып отыр. Ал, Әлтай мүлдем шаршамаған тәрізді. Секунданты қойған орындыққа көңіл аудармастан түрегелген күйі бір орында секеңдеп тұр. Дабыл қағылды. Екінші раунд! Әлтай қағылез қимылмен жалт бұрылды да, жұдырықтарын кезене ұстап тез-тез басып ортаға жетті. Мәмбет оған керісінше орнынан ақырын ғана тұрып, екі қолын сөлбірейткен қалпы жайлап жақындады. Әлтайдың орнында көпті көрген тәжірибесі мол басқа біреу болса қасына келгенде Мәмбеттің мүлдем дерлік терлемегенін, ашық көзқарасында қиналғандықтың да, қорыққандықтың да нышаны жоқтығын, тынысының да бір қалыпты терең екенін байқар еді. Бірақ, ол мұның бірін де көрмеді, назар да аудармады. Тағы да арыстаңдай атылып, алды-артына қарамай тарсылдата жөнелді. - Жарайсың, Әлтай! - Молодец, Нұрханов! Чемпион шынында да шаршап, десі қайтып қалған сияқты. Бірінші раундтағыдай келсең кел деп қарсы ұмтылмай, шегініп кетті. Әлтайдың қардай бораған қолғаптары мұрынына жетер-жетпес жерде қалып қойды. Тағы да шабуыл. Тағы да жалт беріп, бұлтарып кетті. Және ұмтылды. Салмақты жұдырықтар бұл жолы да ауаны түймештеп, орта жолда қалды. Осынша ұрғанда бір тигізе алмағанына әбден ызаланған Әлтай "дұшпанын" бұрышқа апарып қамады да, оң қолының бар күшімен шықшыттан дәлдеп періп кетті. Бірақ, Мәмбет ең соңғы сәтте сол жағына бұға қалды да, кірпік қаққанша Әлтайдың астына кіріп алып, өкпеден соғып-соғып жіберді. - Бастан соқ, Мәмбет, бастан! - Иектен ұр! Нокаут! - десіп қалды жұрт. Бірақ, Мәмбет бастан соғуды тарс ұмытқан секілді. Бар көздегені - кеуде. Жүректің тұсынан, ішінен, өкпесінен ұра берді, ұра берді... Бұл да қулық еді. Біріншіден, кеудеден тиген соққы нокаутқа ұшырып түсірмегенімен, боксшының тыныс алу тәртібін бұзады. Ал, демін дұрыс алудан қалған боксшы бензині түгесілген автомобиль іспетті: бастапқы екпінмен біраз жерге зырылдап барады да, сөз жоқ тоқтап қалады. Әмбе іштен ұра берсе Әлтай кеудесін қорғауға мәжбүр болып, бас жағын ашуға тиіс. Шынында да, осылай болды. Дәл талма жерден тиген көп соққы өз дегенін істетті. Әлтай ширақ қимылдан айрылып, қалжырайын деді. Раунд бітуге тақалған шақ еді. Мәмбет тағы да іштен ұра берем дегенде оның сәл ашылып қалған иегіне Әлтайдың сол қолы сарт ете түсті. Төбедегі шамдар шыр көбелек айналып, ринг төңкеріліп жүре берді... "Бір, екі, үш, төрт"... Гуілдеген көп шудың ішінен төрешінің соңғы сөзі Мәмбеттің құлағына талмаусырап әрең жетті. Көзін ашса, шалқасынан жатыр екен. Төреші үстіне төніп, қолын сермеп санап тұр. Кенет Мәмбеттің көзі сонау шырқау көкжиектегі бағанағы жылтыраған жалғыз жұлдызға түсіп кетті. Жұлдыз "Тұр орныңнан! Неғып жатырсың?" -дегендей жыпық-жыпық етеді. Асықтыратын тәрізді. Төреші "Сегіз!" - дегенде Мәмбет те орнынан атып тұрды. Айғай-шуды шатырлай соғылған шапалақ үні басып кетті. "Қазір сөзсіз бас салады. Жабық қорғанысқа кету керек! Раундтың бітуіне қанша қалды екен, ә?" - деп ойлап та үлгерген жоқ, төрешінің "Бокс" деген командасы да естілді. Көздері қанталап кеткен Әлтай кекесін пішінмен күлімсірей қарап тап берді... Осы кезде дабыл да даңғыр ете түсті. Мәмбет те, Әлтай да орындарына барып отырды. Нұрханов қара тер болыпты. Екі өкпесі соғып, әрең дем алып отыр. "Әп, бәлем, арақ пен кеудеден тиген соққылардың салмағын сезген шығарсың!" - деп ойлап қойды чемпион ішінен. Енді мықтап қимылдайтын кезең келді. -  Соңғы картаны aшy керек. Бірақ байқа, жаңағыдай ұрынып қалып жүрме! - деді бапкері орнынан тұра бергенде арқасынан қағып. "Әлтайдың тағы да алға ұмтылары даусыз. Сондықтан шабуылды одан бұрынырақ бастау керек. Енді тізгінді беруге болмайды". Мәмбет арыстаңдай атылып барып, дүрсе қоя берді. Анау чемпионнан мұндай қимылды күтпеген екен. Қапелімде бұршақтай борап кеткен сансыз соққыдан бет-аузын тұмшалай жауып, кері шегінді. Омашев оны осы қарқынмен кіндіктен жоғары түйіп жіберді де, кейін қарай бір ыршып түсіп, қайтадан атылды. Бұл кезде Әлтай шабуыл аяқталған шығар деп, ашыла берген еді. Өзі де ашумен алға ұмтылған болатын. Чемпионның сол қолы иектің астынан, ал оң қолы дәл көкбауырдың тұсынан тиді. Әлтайдың зор денесі бүгілмеген қалпы, кескен теректей болып, еденге гүрс ете түсті. Кенеттен орнай қалған меңіреу тыныштықты әлдебір әйелдің "Ой!" деген ащы даусы бұзып жіберді. Нокаут! Төреші чемпионның қолын көтерді. Жеңісті кім жек көрсін. Алғашында Мәмбет те қатты қуанды. Рингтен түсіп, қара-құрым қалың жұрттың орындарынан үдере түргеліп, қошеметтей қол соғып тұрған қызу қанды жанкүйерлердің қақ ортасынан өтіп бара жатқанда да, киім шешетін бөлмеде тосып отырған достарының мол құшағына келіп кіргенде де ол жаңағы жеңістің жанға жағымды тәтті ләззәтынан басқа ештеңені де сезбеп еді. Енді, міне, жуыну үшін душқа келіп, өзімен-өзі жеке қалғанда ғана басына әлдебір екі ұшты, буалдыр ойлар оралып, мазасын кетіре бастады. "Жарайды жеңді. Чемпиондық лауазымын қорғап қалды. Өзінің шеберлік атақты бекер алмағанын, оншақты жылдан бері бостан-бос саңлақ саналып келе жатпағандығын дәлелдеп берді. Бірақ, осы ғана ма еді, көздегені? Қойып кеткен кәсібіне күтпеген жерден қайтып оралғанда, мансұқ еткен рингте тағы да бір жеңіске жетіп, кеудесіне нан пісіріп, дандайсып кеткен баланы мұқату ғана ма еді? Жоқ, жоқ, жоқ!.. Ол Әлтай үшін, Қазақстанның намысын қорғайтын болашақ чемпион үшін шыққан жоқ па! Ендеше Әлтай осыны түсінді ме екен? Түріне қарғанда түсінбеген сияқты. Онда бұл жеңістің құны қанша? Кәдуілгі қатардағы жеңістерден айырмашылығы қанша?.." Әлтай демекші, Мәмбет оған күні бүгінге дейін қаншама өшпенді болғанымен дәл қазір сол ашу-ызасынан ештеңе де қалмапты. Қайта оның орнына әлдеқандай аяныш, мүсіркеу сезімі пайда болған сияқты. Мәмбет үйіне қайтып келе жатып та жаңағы ойлардан арыла алмады. Сағат он бірге таяп қалыпты. Айсыз аспанда қисапсыз көп жұлдыз жымың қағады. Мәмбет солардың ішінен манағы көз қысқыш қунақыны іздеп көріп еді, оңайлықпен таба алмады. Қазір ол сияқты жалтырауықтар көбейіп кетіпті. Кезінде көк әлемін жалғыз өзі емін-еркін жайлап, мен мұндалап тұр еді, енді одан да жарықтар туып, терезесі тең шаршы топтың ортасына түскен соң, сөніп қалған тәрізді, таптыратын емес. Жұлдыздар, жұлдыздар... Ойлап қараса, жұлдыздар мен бұлардың арасында әлдеқанай ұқсастық бар сияқты. Жаңағы жұлдыз ымырт қараңғысында ғана жақсы көрінеді. Енді біраздан соң Үркер шығады. Ал Шолпан таң ата туады. Әркімнің өз кезегі өзіне деген осы-ау! Бокста да, жалпы өмірдің өзінде де осылай емес пе! Мәмбет өзін жаңағы ымырт қараңғылығының шырағына ұқсатты. Әлтай секілді жаңа жұлдыздар туғаннан соң көп ұзамай-ақ бұл да көзге ілінбей, жоғалып кетеді-ау, ә!? Мүмкін Әлтай сұлу Шолпан тәрізді таң ата туатын ерен жұлдыз шығар? Мүмкін... Бірақ, жанбай жатып сөніп қалып жүрмесе... Осылай болуы әбден ықтимал екенін біле ме ол? Бүгінгі ұтылыс оған ой салды ма екен, ә? Салса қандай?... Жұлдыздар, жұлдыздар... Тап осы кезде Әлтай да аспан әлеміндегі сансыз көп жұлдыздарға қарап, ой үстінде отырған болатын. "Қаншама көп, қандай алыс! - деп ойлады ол. - Сонау төбедегі жарық жұлдызға дейін ракета неше жыл ұшар еді?.. Әне, бір жұлдыз ағып түсті. Сөнді. Менің де жұлдызым сөнгені ме шынымен-ақ?... Анау тас төбедегі жұлдыз Мәмбет тәрізді ме, қалай? Жаңа ғана уысымда тұрған тәрізді еді, енді қандай алыстап кеткен?! Иә... Москва, спартакиада, көп жылғы асыл арман бәрі-бәрі де алыстап кетті. Мына жұлдыздар төрізді... Heгe? Кінәлі кім? Менің жұлдызым не себепті жанбай қалды? Шынымен-ақ енді қайтып тумас па екен? Сөнгені ме мәңгілік?!" Ертесіне Мәмбет Москвадағы спартакиадаға қатысатын Қазақстанның құрама командасын іріктеуге жиналған бокс федерациясының мәжілісіне келіп, өзінің астанаға бармайтынын айтты. - Менің орныма Нұрхановты жіберіңіздер, - деді ол айран-асыр болған федерация мүшелеріне. - Әлі үш айдан астам уақыт бар. Керек болса жаттығуына өзім көмектесейін, ақыл-кеңесімді айтайын. Оның нашар жақтарын мен жақсы білемін. Әсіресе, осы жолы не себепті жеңіліп қалғанын да білемін. Оның үстіне болашақты да ойлау керек. Менің жағдайым өздеріңізге белгілі, бүгін болмаса да ертең жайыма қалатын адаммын. Ал Әлтай жас, оған тәжірибе керек... Ол үшін Москва рингі ауадай қажет нәрсе! Тіпті, жүлделі орынға шыға алмай қалған күннің өзінде де болашақ үшін пайдасы зор болмақ. Егер жақсылап әзірленсе құрығанда үшінші - төртінші орынды алатындығы даусыз... Сеніңіздер маған! Команда ештеңеден ұтылмайды. Тек бір ғана өтінішім - Нұрханов мұны менің жауапты сыннан жалтаруым деп ұқпауға тиіс! Өзім-ақ айтар едім, бірақ, дәл қазір ол менімен жөнді сейлесе қоймас деп қорқамын. Әйтеуір осы жайтты Әлтайға түсіндіру бәріміздің де ортақ борышымыз ғой деймін. Чемпион сөзін аяқтады да, не істерге білмей аңтарылып отырған федерация мүшелерін сол үнсіз күйлерінде қалдырып, шығып кетті. 1961 ж. Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Нұрханов дабыл қағылысымен-ақ жылдам жалт бұрылды да, Мәмбетке түксие қалың қабағынын, астынан ызғар шашып, алара қараған қалпы асыға жақындап тап берді. Ә, дегеннен-ақ десін қайтарып, тауын шағып тастайын десе керек, әдеттегідей барлау-сарлауға, бұқпантайлап аңдысуға бармастан батырлатып алды да кетті. Қолынан келсе Мәмбетті жер бетінен мүлдем жойып жіберетіндей. Мәмбет бұлай боларын күткен еді. Сондықтан ол саса қойған жоқ. Және де ол мұндай бас-көзсіз тырылдақ автоматтардың талайын көрген-ді. Әлтайды қашпай, қаймықпай қарсы алды. Құтырған дауылдай лап қойған мына қарқынды тың кезінде аздап басып тастамаса болмайды. Әйтпесе, ұрыс тізгіні түгелдей қолдан шығып кетеді. Сөйтіп, Мәмбет қарсыласының құйындай тиген қатты шабуылына одан да өткен жойқын қимылмен жауап қайтарды. Сарт-сарт жұмсалған жұдырыққа көз ілесетін емес. У-шу болған жұрт кімнің көбірек таяқ жегенін де ажырата алмай қалды. Екеуі де қағылез, екеуі де жолбарыстай жылдам. Тек төрешілердің жіті көздері ғана Әлтайдың көп соққысының ауаны тілгілеп, Мәмбеттің денесіне жөнді дарымағанын байқады. Ал, Мәмбеттің көбіне кеуде жақты көздеп ұрған жұдырықтары нысанаға әлденеше рет дөп тиді. Бірақ бұл бір минуттан артыққа созылмады. Тура соғып, жапырып кете алмасын сезген Әлтай енді кимелей беруді қойып, андысуға ауысты. Жұрт: "Шабуылдау кезегі Мәмбетке келген шығар", - деп ойлап еді, олай болмады. "Сен тимесең, мен тимен, бадырақ кез" дегендей ол да сабыр сақтап, ұмтыла қоймады. Тіпті, ілгері басатын емес. Қайта қашқалақтап соғысып, қорғануға көше бастады.

- Омашев қорқайын деді...

- Чемпион шаршап қалды!

- Алға, Әлтай! Соқ, соқ! - деп даурығады жұрт. Осылайша алыстан арбасумен тағы да бір минут өтті. Әлтай қайтадан шабуылға шықты. Бірақ, бастапқыдай тарпа бас салып, тура ұмтылмай, қолайлы сәттерде ғана оқыстан тиісіп, айлалап-амалдап жүр. Чемпион да әдепкідей емес. Қарсы соғудың орнына көбіне қолғабын тосып, бұғып қалып, шегіншектей береді. Әлтайды анда-санда ғана іштен ұрып қояды.

Раунд аяқталды. Боксшылар өз бұрыштарына тарасты. Мәмбет шаршаған кейіппен сүйретіле басып келді де, сылқ етіп отыра кетті. Салдырап қалған екі қолын арқанға асып, аяқтарын созып жіберіп, алқына дем алып отыр. Ал, Әлтай мүлдем шаршамаған тәрізді. Секунданты қойған орындыққа көңіл аудармастан түрегелген күйі бір орында секеңдеп тұр. Дабыл қағылды. Екінші раунд! Әлтай қағылез қимылмен жалт бұрылды да, жұдырықтарын кезене ұстап тез-тез басып ортаға жетті. Мәмбет оған керісінше орнынан ақырын ғана тұрып, екі қолын сөлбірейткен қалпы жайлап жақындады. Әлтайдың орнында көпті көрген тәжірибесі мол басқа біреу болса қасына келгенде Мәмбеттің мүлдем дерлік терлемегенін, ашық көзқарасында қиналғандықтың да, қорыққандықтың да нышаны жоқтығын, тынысының да бір қалыпты терең екенін байқар еді. Бірақ, ол мұның бірін де көрмеді, назар да аудармады. Тағы да арыстаңдай атылып, алды-артына қарамай тарсылдата жөнелді.

- Жарайсың, Әлтай!

- Молодец, Нұрханов!

Чемпион шынында да шаршап, десі қайтып қалған сияқты. Бірінші раундтағыдай келсең кел деп қарсы ұмтылмай, шегініп кетті. Әлтайдың қардай бораған қолғаптары мұрынына жетер-жетпес жерде қалып қойды. Тағы да шабуыл. Тағы да жалт беріп, бұлтарып кетті. Және ұмтылды. Салмақты жұдырықтар бұл жолы да ауаны түймештеп, орта жолда қалды. Осынша ұрғанда бір тигізе алмағанына әбден ызаланған Әлтай "дұшпанын" бұрышқа апарып қамады да, оң қолының бар күшімен шықшыттан дәлдеп періп кетті. Бірақ, Мәмбет ең соңғы сәтте сол жағына бұға қалды да, кірпік қаққанша Әлтайдың астына кіріп алып, өкпеден соғып-соғып жіберді.

- Бастан соқ, Мәмбет, бастан!

- Иектен ұр! Нокаут! - десіп қалды жұрт. Бірақ, Мәмбет бастан соғуды тарс ұмытқан секілді. Бар көздегені - кеуде. Жүректің тұсынан, ішінен, өкпесінен ұра берді, ұра берді...

Бұл да қулық еді. Біріншіден, кеудеден тиген соққы нокаутқа ұшырып түсірмегенімен, боксшының тыныс алу тәртібін бұзады. Ал, демін дұрыс алудан қалған боксшы бензині түгесілген автомобиль іспетті: бастапқы екпінмен біраз жерге зырылдап барады да, сөз жоқ тоқтап қалады. Әмбе іштен ұра берсе Әлтай кеудесін қорғауға мәжбүр болып, бас жағын ашуға тиіс. Шынында да, осылай болды. Дәл талма жерден тиген көп соққы өз дегенін істетті. Әлтай ширақ қимылдан айрылып, қалжырайын деді. Раунд бітуге тақалған шақ еді. Мәмбет тағы да іштен ұра берем дегенде оның сәл ашылып қалған иегіне Әлтайдың сол қолы сарт ете түсті. Төбедегі шамдар шыр көбелек айналып, ринг төңкеріліп жүре берді... "Бір, екі, үш, төрт"...

Гуілдеген көп шудың ішінен төрешінің соңғы сөзі Мәмбеттің құлағына талмаусырап әрең жетті. Көзін ашса, шалқасынан жатыр екен. Төреші үстіне төніп, қолын сермеп санап тұр. Кенет Мәмбеттің көзі сонау шырқау көкжиектегі бағанағы жылтыраған жалғыз жұлдызға түсіп кетті. Жұлдыз "Тұр орныңнан! Неғып жатырсың?" -дегендей жыпық-жыпық етеді. Асықтыратын тәрізді. Төреші "Сегіз!" - дегенде Мәмбет те орнынан атып тұрды. Айғай-шуды шатырлай соғылған шапалақ үні басып кетті. "Қазір сөзсіз бас салады. Жабық қорғанысқа кету керек! Раундтың бітуіне қанша қалды екен, ә?" - деп ойлап та үлгерген жоқ, төрешінің "Бокс" деген командасы да естілді. Көздері қанталап кеткен Әлтай кекесін пішінмен күлімсірей қарап тап берді... Осы кезде дабыл да даңғыр ете түсті.

Мәмбет те, Әлтай да орындарына барып отырды. Нұрханов қара тер болыпты. Екі өкпесі соғып, әрең дем алып отыр. "Әп, бәлем, арақ пен кеудеден тиген соққылардың салмағын сезген шығарсың!" - деп ойлап қойды чемпион ішінен. Енді мықтап қимылдайтын кезең келді.

-  Соңғы картаны aшy керек. Бірақ байқа, жаңағыдай ұрынып қалып жүрме! - деді бапкері орнынан тұра бергенде арқасынан қағып.

"Әлтайдың тағы да алға ұмтылары даусыз. Сондықтан шабуылды одан бұрынырақ бастау керек. Енді тізгінді беруге болмайды". Мәмбет арыстаңдай атылып барып, дүрсе қоя берді. Анау чемпионнан мұндай қимылды күтпеген екен. Қапелімде бұршақтай борап кеткен сансыз соққыдан бет-аузын тұмшалай жауып, кері шегінді. Омашев оны осы қарқынмен кіндіктен жоғары түйіп жіберді де, кейін қарай бір ыршып түсіп, қайтадан атылды. Бұл кезде Әлтай шабуыл аяқталған шығар деп, ашыла берген еді. Өзі де ашумен алға ұмтылған болатын. Чемпионның сол қолы иектің астынан, ал оң қолы дәл көкбауырдың тұсынан тиді. Әлтайдың зор денесі бүгілмеген қалпы, кескен теректей болып, еденге гүрс ете түсті. Кенеттен орнай қалған меңіреу тыныштықты әлдебір әйелдің

"Ой!" деген ащы даусы бұзып жіберді. Нокаут! Төреші чемпионның қолын көтерді.

Жеңісті кім жек көрсін. Алғашында Мәмбет те қатты қуанды. Рингтен түсіп, қара-құрым қалың жұрттың орындарынан үдере түргеліп, қошеметтей қол соғып тұрған қызу қанды жанкүйерлердің қақ ортасынан өтіп бара жатқанда да, киім шешетін бөлмеде тосып отырған достарының мол құшағына келіп кіргенде де ол жаңағы жеңістің жанға жағымды тәтті ләззәтынан басқа ештеңені де сезбеп еді. Енді, міне, жуыну үшін душқа келіп, өзімен-өзі жеке қалғанда ғана басына әлдебір екі ұшты, буалдыр ойлар оралып, мазасын кетіре бастады. "Жарайды жеңді. Чемпиондық лауазымын қорғап қалды. Өзінің шеберлік атақты бекер алмағанын, оншақты жылдан бері бостан-бос саңлақ саналып келе жатпағандығын дәлелдеп берді. Бірақ, осы ғана ма еді, көздегені? Қойып кеткен кәсібіне күтпеген жерден қайтып оралғанда, мансұқ еткен рингте тағы да бір жеңіске жетіп, кеудесіне нан пісіріп, дандайсып кеткен баланы мұқату ғана ма еді? Жоқ, жоқ, жоқ!.. Ол Әлтай үшін, Қазақстанның намысын қорғайтын болашақ чемпион үшін шыққан жоқ па! Ендеше Әлтай осыны түсінді ме екен? Түріне қарғанда түсінбеген сияқты. Онда бұл жеңістің құны қанша? Кәдуілгі қатардағы жеңістерден айырмашылығы қанша?.." Әлтай демекші, Мәмбет оған күні бүгінге дейін қаншама өшпенді болғанымен дәл қазір сол ашу-ызасынан ештеңе де қалмапты. Қайта оның орнына әлдеқандай аяныш, мүсіркеу сезімі пайда болған сияқты.

Мәмбет үйіне қайтып келе жатып та жаңағы ойлардан арыла алмады. Сағат он бірге таяп қалыпты. Айсыз аспанда қисапсыз көп жұлдыз жымың қағады. Мәмбет солардың ішінен манағы көз қысқыш қунақыны іздеп көріп еді, оңайлықпен таба алмады. Қазір ол сияқты жалтырауықтар көбейіп кетіпті. Кезінде көк әлемін жалғыз өзі емін-еркін жайлап, мен мұндалап тұр еді, енді одан да жарықтар туып, терезесі тең шаршы топтың ортасына түскен соң, сөніп қалған тәрізді, таптыратын емес.

Жұлдыздар, жұлдыздар... Ойлап қараса, жұлдыздар мен бұлардың арасында әлдеқанай ұқсастық бар сияқты. Жаңағы жұлдыз ымырт қараңғысында ғана жақсы көрінеді. Енді біраздан соң Үркер шығады. Ал Шолпан таң ата туады. Әркімнің өз кезегі өзіне деген осы-ау! Бокста да, жалпы өмірдің өзінде де осылай емес пе! Мәмбет өзін жаңағы ымырт қараңғылығының шырағына ұқсатты. Әлтай секілді жаңа жұлдыздар туғаннан соң көп ұзамай-ақ бұл да көзге ілінбей, жоғалып кетеді-ау, ә!? Мүмкін Әлтай сұлу Шолпан тәрізді таң ата туатын ерен жұлдыз шығар? Мүмкін... Бірақ, жанбай жатып сөніп қалып жүрмесе... Осылай болуы әбден ықтимал екенін біле ме ол? Бүгінгі ұтылыс оған ой салды ма екен, ә? Салса қандай?... Жұлдыздар, жұлдыздар...

Тап осы кезде Әлтай да аспан әлеміндегі сансыз көп жұлдыздарға қарап, ой үстінде отырған болатын. "Қаншама көп, қандай алыс! - деп ойлады ол. - Сонау төбедегі жарық жұлдызға дейін ракета неше жыл ұшар еді?.. Әне, бір жұлдыз ағып түсті. Сөнді. Менің де жұлдызым сөнгені ме шынымен-ақ?... Анау тас төбедегі жұлдыз Мәмбет тәрізді ме, қалай? Жаңа ғана уысымда тұрған тәрізді еді, енді қандай алыстап кеткен?! Иә... Москва, спартакиада, көп жылғы асыл арман бәрі-бәрі де алыстап кетті. Мына жұлдыздар төрізді... Heгe? Кінәлі кім? Менің жұлдызым не себепті жанбай қалды? Шынымен-ақ енді қайтып тумас па екен? Сөнгені ме мәңгілік?!"

Ертесіне Мәмбет Москвадағы спартакиадаға қатысатын Қазақстанның құрама командасын іріктеуге жиналған бокс федерациясының мәжілісіне келіп, өзінің астанаға бармайтынын айтты.

- Менің орныма Нұрхановты жіберіңіздер, - деді ол айран-асыр болған федерация мүшелеріне. - Әлі үш айдан астам уақыт бар. Керек болса жаттығуына өзім көмектесейін, ақыл-кеңесімді айтайын. Оның нашар жақтарын мен жақсы білемін. Әсіресе, осы жолы не себепті жеңіліп қалғанын да білемін. Оның үстіне болашақты да ойлау керек. Менің жағдайым өздеріңізге белгілі, бүгін болмаса да ертең жайыма қалатын адаммын. Ал Әлтай жас, оған тәжірибе керек... Ол үшін Москва рингі ауадай қажет нәрсе! Тіпті, жүлделі орынға шыға алмай қалған күннің өзінде де болашақ үшін пайдасы зор болмақ. Егер жақсылап әзірленсе құрығанда үшінші - төртінші орынды алатындығы даусыз... Сеніңіздер маған! Команда ештеңеден ұтылмайды. Тек бір ғана өтінішім - Нұрханов мұны менің жауапты сыннан жалтаруым деп ұқпауға тиіс! Өзім-ақ айтар едім, бірақ, дәл қазір ол менімен жөнді сейлесе қоймас деп қорқамын. Әйтеуір осы жайтты Әлтайға түсіндіру бәріміздің де ортақ борышымыз ғой деймін.

Чемпион сөзін аяқтады да, не істерге білмей аңтарылып отырған федерация мүшелерін сол үнсіз күйлерінде қалдырып, шығып кетті.

1961 ж.

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: