Көздей көріністер. Арқа елі

19 Қараша 2013, 08:24

      Саяхат! Әсіресе, көне тарихты елдерге саяхат жасау - жерін көру, елін көру, түйе мойнақ иір ғасырлардың ізін енді кітаптан емес, өз көзіңмен шолып өту ғой. Сағат күндізгі 1-де атақты Бискайя құйылысынан да өттік. Аман өттік. Кәдімгі теңіздегі тар көпірден өткендей. «Иә, тоба!»-дегізетін тентек құйылыс! Үстінде сұрапыл дауыл соқпай қалмайтын, аптасында, айында кеме жұтпай тұрмайтын ежелгі түпсіз тартпа!.. «Эстония» кемесі (теплоход) үлкен судың төсінде ырғалып-теңселіп, ұсақ толқыннан кейде көрініп қалып, кейде оның тасасына түсіп кететін ақ шағала сияқты жылжиды, үстіндегі бізге кемеміз ірі көрінгенмен, бес тәулік бойы алыстағы Франция жағалауын жасырып келген мұхит қойнында көлденең көзге шағаладай-ақ шығар. Атақты Гавр портына 1961 жылдың 5 майында келіп түстік. Парижге дейін 220 километр жер, бұл жерді енді машинамен қысқартпақпыз. Жол Сена өзенінің бойымен жағалайды. Кәдімгі Арқа елі - Нормандия (Норд - арқа, ман - адам). Бір кезде жауынгер Вильгельм Англияны осы жермен келіп жаулап алған. Көне заманда, XIII ғасырдың басында салынған қала Гавр. Кейінірек Людовик он төртінші жаңартып, іргесін молайтқан теңіз жағасындағы сауда-саттық жүргізетін ірі порт. Ескі нормандар... Бұл да кәдімгі батырлық кездің - орта ғасырдың Гомері атанған Вальтер Скоттың көп жырлаған жауынгер нәсілдері, ер жүректі рыцарьлар шыққан тұқым. «Арыстан жүректі Ричард жортқан өлке осы екен ғой» деген ойлар оралады басыңа. - Қаланың жүз сексен мың халқы бар, жиырма мың тонна товар тиеп жан-жаққа жөнелтіп отырады, кәсіпорындарынан мұнай тазартатын заводтары бар. Ал, көбінесе бұл өлкенің байлығы ауыл шаруашылығына байланысты, өйткені сүтті сиыр осы норман сиыры, норман сиырының сүтінен 440 түрлі ірімшік жасалады, бұл ірімшік Европа елдеріне шығарылады. Оның үстіне бұл өлкенің табиғаты мен ауа райы әдемі, қыстыгүні екі-үш рет қана қар көреміз, күннің суықтығы 3-4 градустан аспайды, алмасы көп, жемісі мол, алма шарабын жасайды. Овощ пен жеміс жыл бойы үзілмейді...- деп Владимир Яковлевич Резников деген гид қала мен Нормандияның байлығын тізіп жатыр. Францияға барған саяхатшыны қарсылайтын білгіштердің көбі-ақ орыс екен. Парижді де орыс гиді аралатты және бәрі де көпті көрген, бірнеше тіл білетін адамдар екені байқалады. Сірә, революция тұсында ығысып кетіп, кейін тұрақтап қалып қойған жандар болуы мүмкін. Жер өңі гид айтқандай: кең алқапты Сена өзенінің бойы орманды, көк-жасыл құйқалы көрінеді. Қала мен қаланың аралығы біздің Ресей сияқты деревняға толы емес, жүйемен салынған ұсақ-ұсақ қыстақтар. Солардың төңірегі атыз-атызға бөлген қоршау-қоршау жер, ол жерлердің бірінде жоңышқа, бірінде тағы басқа екпелі шөп, ал кейбір табиғи еркек шөп бидайық тектес өсімдік өсетін жерлер. Осылардың ішінде еркін жайылып жүрген жалғызжалғыз сиыр. Сиырдың түсі өңкей қоңыр-қызыл, сүйегі ірі емес, орташа қазақы сиырдайақ, сырт қарауға әдемі ақ жағал, ал көздері қап-қара, тік кірпік, әрі ор және келте тұмсық. Былайша айтқанда бесенеден белгілі, норман сиырын бір көрген адам өмірі жаңылар емес. Сірә, өзгерте-өзгерте келіп тапқан құнды қараның сырт пішіні де елінің көзіне жылы түр тапқан ба, қалай! - Руан тарихи астана! Ескі готика ту тіккен жер. Әлемге әйгілі Францияның әулие қызы Жанна Д'Арктың қабыры осында. Бұл Корнель мен Флобердің қаласы. Мынау солардың ескерткіші, ал анау готиканың жалындап тұратын көзге тартымды түрімен салынған әулие қыз Жанна Д'Арк соборы, мынау Жанна Д'Аркты жаққан Изер бульвары деп гид аттамайтын ақ тұсау тастағандай, сызықпен ғана белгілеген алаңдағы болмашы ойпатты көрсетті. Француз халқы - ұлттың даңқын молайтқан ұлы мен қызының басына белгі қоя білген халық! Орта ғасырдың зұлым шіркеуі, билеуші топас көсемдері мен әзәзіл дұшпандарының тіліне еріп ұлт бостандығын, ұлт туын қолына ұстап, әскер басқарған өжет қызын жағып жібергені хақ. Бірақ оны халқы әулие деп атап, осы күнге дейін оның суретіне бас иетіні де хақ. Өйткені, ұлт мүддесі, Отан мүддесі бәрінен жоғары сезім. Ұлтын сүймесе болашағын сүйе алар ма! Басқалармен қол ұстасып адам баласын қошеметтеу дәрежесіне көтеріле алар ма! Ал, Отан соның ең биік мағынасы ғой! Европаның көп қалалары сияқты, Руан да ескі готикамен салынған, соборлары, ғасырлар бойы сақталып келген ескі үйлерімен қатар жаңа архитектура жеңіп келе жатқан қала екен. Оның өткені мен кеткенін, бүгінгісі мен ертеңін тізіп жазуға мүмкін де емес. Париж қаласына жеткенше, сол Нормандияның кейбір естен кетпейтін уақиғалары көзге елестеп кетеді. Әсіресе, ағылшын жазушысы Вольтер Скотт суреттеген нормандар мен орта ғасыры - оның ең бір нар өркеші батырлық пен азаматтықты дәріптейтін «Арыстан жүрек Ричард». Ерлік пен азаматтың әр заманда да алға ұстайтын қасиет қой. Ал, оған данышпандық қосылса! Жазушының ұлт шеңберінде қалмай, адамдық шеңберге көтерілуі де сол шығармада айқын елестейді. Ричард қаншама батыр, қаншама күш иесі, қаншама заманы бұйырған тілекке ұмтылса да оның жауы да өзіндей екенін Скотт көре білген данышпан жазушы. Дүлей ниетті арыстан жүрекке ақылды ер Салахеддин (Саладин) бөгет болуы жауынгершілік пен жаулап алушылыққа қойылған тосқауыл. Бұл қай заманда да өлмейтін тосқауыл, қай заманда да бір ел мәдениетін басқа елдің жұтып салуына бөгет барын ойлатумен келеді. Сол Скоттың данышпан қаламынан туған ерлер образының бірі - Анделис бекінісінде (замок) қалған Ричард бейнесі еді. Француз королі ескі кекпен жолда тұтқындап, арабиядан салығып қайтқан Арыстан жүрек сол бекіністе қаза тауып, мәңгі ұйықтап жатыр! Бірақ жазушының құдіреті оны мәңгі өлмейтін қызық жырдың ерекше тұлғасына айналдырып жіберді. Келмеске кеткен бір жиһанның ғасырлар үстінен қол созып тұрған биік мұнарасы етті. Нормандияда, Францияның басқа жерлерінде осындай белгілер бар, оны көзбен көру - тарихты көзбен көріп, қолмен ұстағанмен бірдей. Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

      Саяхат! Әсіресе, көне тарихты елдерге саяхат жасау - жерін көру, елін көру, түйе мойнақ иір ғасырлардың ізін енді кітаптан емес, өз көзіңмен шолып өту ғой. Сағат күндізгі 1-де атақты Бискайя құйылысынан да өттік. Аман өттік. Кәдімгі теңіздегі тар көпірден өткендей. «Иә, тоба!»-дегізетін тентек құйылыс! Үстінде сұрапыл дауыл соқпай қалмайтын, аптасында, айында кеме жұтпай тұрмайтын ежелгі түпсіз тартпа!.. «Эстония» кемесі (теплоход) үлкен судың төсінде ырғалып-теңселіп, ұсақ толқыннан кейде көрініп қалып, кейде оның тасасына түсіп кететін ақ шағала сияқты жылжиды, үстіндегі бізге кемеміз ірі көрінгенмен, бес тәулік бойы алыстағы Франция жағалауын жасырып келген мұхит қойнында көлденең көзге шағаладай-ақ шығар. Атақты Гавр портына 1961 жылдың 5 майында келіп түстік. Парижге дейін 220 километр жер, бұл жерді енді машинамен қысқартпақпыз. Жол Сена өзенінің бойымен жағалайды. Кәдімгі Арқа елі - Нормандия (Норд - арқа, ман - адам). Бір кезде жауынгер Вильгельм Англияны осы жермен келіп жаулап алған. Көне заманда, XIII ғасырдың басында салынған қала Гавр. Кейінірек Людовик он төртінші жаңартып, іргесін молайтқан теңіз жағасындағы сауда-саттық жүргізетін ірі порт. Ескі нормандар... Бұл да кәдімгі батырлық кездің - орта ғасырдың Гомері атанған Вальтер Скоттың көп жырлаған жауынгер нәсілдері, ер жүректі рыцарьлар шыққан тұқым. «Арыстан жүректі Ричард жортқан өлке осы екен ғой» деген ойлар оралады басыңа. - Қаланың жүз сексен мың халқы бар, жиырма мың тонна товар тиеп жан-жаққа жөнелтіп отырады, кәсіпорындарынан мұнай тазартатын заводтары бар. Ал, көбінесе бұл өлкенің байлығы ауыл шаруашылығына байланысты, өйткені сүтті сиыр осы норман сиыры, норман сиырының сүтінен 440 түрлі ірімшік жасалады, бұл ірімшік Европа елдеріне шығарылады. Оның үстіне бұл өлкенің табиғаты мен ауа райы әдемі, қыстыгүні екі-үш рет қана қар көреміз, күннің суықтығы 3-4 градустан аспайды, алмасы көп, жемісі мол, алма шарабын жасайды. Овощ пен жеміс жыл бойы үзілмейді...- деп Владимир Яковлевич Резников деген гид қала мен Нормандияның байлығын тізіп жатыр. Францияға барған саяхатшыны қарсылайтын білгіштердің көбі-ақ орыс екен. Парижді де орыс гиді аралатты және бәрі де көпті көрген, бірнеше тіл білетін адамдар екені байқалады. Сірә, революция тұсында ығысып кетіп, кейін тұрақтап қалып қойған жандар болуы мүмкін. Жер өңі гид айтқандай: кең алқапты Сена өзенінің бойы орманды, көк-жасыл құйқалы көрінеді. Қала мен қаланың аралығы біздің Ресей сияқты деревняға толы емес, жүйемен салынған ұсақ-ұсақ қыстақтар. Солардың төңірегі атыз-атызға бөлген қоршау-қоршау жер, ол жерлердің бірінде жоңышқа, бірінде тағы басқа екпелі шөп, ал кейбір табиғи еркек шөп бидайық тектес өсімдік өсетін жерлер. Осылардың ішінде еркін жайылып жүрген жалғызжалғыз сиыр. Сиырдың түсі өңкей қоңыр-қызыл, сүйегі ірі емес, орташа қазақы сиырдайақ, сырт қарауға әдемі ақ жағал, ал көздері қап-қара, тік кірпік, әрі ор және келте тұмсық. Былайша айтқанда бесенеден белгілі, норман сиырын бір көрген адам өмірі жаңылар емес. Сірә, өзгерте-өзгерте келіп тапқан құнды қараның сырт пішіні де елінің көзіне жылы түр тапқан ба, қалай! - Руан тарихи астана! Ескі готика ту тіккен жер. Әлемге әйгілі Францияның әулие қызы Жанна Д'Арктың қабыры осында. Бұл Корнель мен Флобердің қаласы. Мынау солардың ескерткіші, ал анау готиканың жалындап тұратын көзге тартымды түрімен салынған әулие қыз Жанна Д'Арк соборы, мынау Жанна Д'Аркты жаққан Изер бульвары деп гид аттамайтын ақ тұсау тастағандай, сызықпен ғана белгілеген алаңдағы болмашы ойпатты көрсетті. Француз халқы - ұлттың даңқын молайтқан ұлы мен қызының басына белгі қоя білген халық! Орта ғасырдың зұлым шіркеуі, билеуші топас көсемдері мен әзәзіл дұшпандарының тіліне еріп ұлт бостандығын, ұлт туын қолына ұстап, әскер басқарған өжет қызын жағып жібергені хақ. Бірақ оны халқы әулие деп атап, осы күнге дейін оның суретіне бас иетіні де хақ. Өйткені, ұлт мүддесі, Отан мүддесі бәрінен жоғары сезім. Ұлтын сүймесе болашағын сүйе алар ма! Басқалармен қол ұстасып адам баласын қошеметтеу дәрежесіне көтеріле алар ма! Ал, Отан соның ең биік мағынасы ғой! Европаның көп қалалары сияқты, Руан да ескі готикамен салынған, соборлары, ғасырлар бойы сақталып келген ескі үйлерімен қатар жаңа архитектура жеңіп келе жатқан қала екен. Оның өткені мен кеткенін, бүгінгісі мен ертеңін тізіп жазуға мүмкін де емес. Париж қаласына жеткенше, сол Нормандияның кейбір естен кетпейтін уақиғалары көзге елестеп кетеді. Әсіресе, ағылшын жазушысы Вольтер Скотт суреттеген нормандар мен орта ғасыры - оның ең бір нар өркеші батырлық пен азаматтықты дәріптейтін «Арыстан жүрек Ричард». Ерлік пен азаматтың әр заманда да алға ұстайтын қасиет қой. Ал, оған данышпандық қосылса! Жазушының ұлт шеңберінде қалмай, адамдық шеңберге көтерілуі де сол шығармада айқын елестейді. Ричард қаншама батыр, қаншама күш иесі, қаншама заманы бұйырған тілекке ұмтылса да оның жауы да өзіндей екенін Скотт көре білген данышпан жазушы. Дүлей ниетті арыстан жүрекке ақылды ер Салахеддин (Саладин) бөгет болуы жауынгершілік пен жаулап алушылыққа қойылған тосқауыл. Бұл қай заманда да өлмейтін тосқауыл, қай заманда да бір ел мәдениетін басқа елдің жұтып салуына бөгет барын ойлатумен келеді. Сол Скоттың данышпан қаламынан туған ерлер образының бірі - Анделис бекінісінде (замок) қалған Ричард бейнесі еді. Француз королі ескі кекпен жолда тұтқындап, арабиядан салығып қайтқан Арыстан жүрек сол бекіністе қаза тауып, мәңгі ұйықтап жатыр! Бірақ жазушының құдіреті оны мәңгі өлмейтін қызық жырдың ерекше тұлғасына айналдырып жіберді. Келмеске кеткен бір жиһанның ғасырлар үстінен қол созып тұрған биік мұнарасы етті. Нормандияда, Францияның басқа жерлерінде осындай белгілер бар, оны көзбен көру - тарихты көзбен көріп, қолмен ұстағанмен бірдей.

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: