IV БӨЛІМ

19 Қараша 2013, 08:20

 Аттылы жолаушыға өшіге абалаған төбеттей, отыз шақырымдай жер қудалап, істерін істеп болғаннан кейін ақ бандының да қарқыны бәсеңси берді; Құрбандығын оп-оңай кескілеген өнеріне насаттанғандай, ат басын тоқтатпастан олай-бұлай ойқастап, енді даланың қурайын шапқылады. Жалаң қылыштарын қынабына салмастан жоғары үйіріп аз уақыт қыр көрсетті. Сонан кейін сол қанатын кең жайған кереге-қоршау қалпында кері ойысты. Ал, жап-жас коммуниетерден құралған кішкене отрядтің көп адамы қаза тапты. Бұлардың әскерлік тәжірибесі аз, қару-жарағы кемтар еді. Оның үстіне күтпеген жерден қалың жауға кездесіп, қапыда қолға түсті. Аз адам құтылды. Болдырған аттарын тастай беріп жолдасының артына міңгесіп құтылғандар да болды. Бірен-саран Мүти сияқты жігіттер әлдеқалай кездескен көлікке мініп жан сақтады. Күн ұясына кіріп, кешікпей әлем жүзі де қоңырқай тартты. Кең сахарасымен біржола қоштасқан аяулы жас жандар қанды топырақты құшақтап, күнмен де, аспанмен де, жермен де енді ісі жоқ, айнала қымтап бүркей бастаған қоңыр әлеммен ұштасып, көзі жұмулы қала берді... Бәрі тынды. Әлгіде ғана ән шырқап, жоғарыдан тастаған кесектей төмен ағып барып қайта көтерілетін боз торғай да жым болған. Айнала жым-жырт. Жел де тымық. Шөп басы да селт етпейді. Қоңыр әлем мен қоңыр тыныштың Халитке: - Жан жоқ! Тып-тыныш! Есіңді жина! Тұр! Жатпа!- деп тұрғандай тыныс берді. Тіпті, ептеп оята бастағандай әсер етті. Ол бір кезде көзін ашты. Бейуақ. Қашан жаттым... Ұйықтап кеткенмін бе?.. Көк шөп... Жалаңаш жер... Ол қозғала түсті, бірақ қимылдауға шама жоқ. Денені зіл қаратас басып жатыр... Мойын бұруға да дәрмен жоқ... бұрылмайды. Eh... Аһ... Ім... Халит зорға дегенде мойнын бұрып қоңыр жонайттанған биік таушыққа көз тастап еді, басы айналып кетті... Айнала тасыр-тұсыр... Ысқырған шабуыл... Ырсылдаған ат... Зуылдаған қылыш... «Соққы»... Көзін жұмып еді, тасыр басыла қалды... Ә! Енді түсінді: жау, атака, қылыш... Ол зорға көтерілген қолымен қақсай қалған қолтығын басып еді, қолы жып-жылы суға тиді. Қан!.. Желке... қан... қырқылған шаш... Сол қолы... саусағы қайырылып қалған... Жүрегі зу етті... Көзін қайта жұмып, демін ішінен алды. Қимылсыз жатты... - Уһ!- деді ол, көзін қайта ашып. Шынтақтай, қос қолдап жер тіреп, басын көтеріп, денесін күштеп жинақтап отыруға жарады. Аз отырды, айналаға көз тастады. Шеңберленіп жатқан кең дала, төңкеріліп тұрған боз аспан, қыбырсыз маң далада бір өзі. Жапанда қалған жалғыз жан... Ол селт етті. Не ашу, не қайрат, әлде үрей, әлде ерлік оны орнынан тік тұрғызды. Көзіне қан толып кеткендей алға қарай ұмтылып қалып еді, көзі қарауытып, дәрмені құрып, тәлтіректеп екі қолымен жер тіреп қалды. Қайта жөнделіп, бойын билеп, аяғын бір басты да тұра қалды: қалай қарай жүру керек, қайда бармақ? Отрядтің кеткен жағына жүрсе: күндізгі қуған жау кездеспес пе? Бір бүйір, басқа жаққа аяғы еріксіз сүйреп, қаз тұрған балаша тәлтіректей басып, жөней берді. Жиырма-отыз қадам жүрген соң бойын билеп, аяғын ширақ басып, сәлден кейін қос жұдырығын түйіп те алды. «Не болса да елге жетіп өлсем!..» деген ой күтпеген қайратқа мінгізді, көзінен от ұшқындап кеткендей болды. Ол біраз жерге де барып қалғандай болды. Көре көзге денесі қызып жүре берді. Енді қаттырақ жүгіруге кірісті. Жан ұшырғандай жүгіріп екпінімен үстінен шыққан өлікті байқамай қалды. Шошып кетіп: «О, тоба мына зор дене...» деп мойнын бұрып үлгергенше, қан-топыраққа былғанған Қожанияздың қара мұртты басын көзі шалып, аяғына шоқ басқандай ыршып түсті. Жүрегі дір етті. Ол шыдай алмай айдалаға қарай жүгірді. Қайдан, көз алдына қалай келіп қалғанын да түсінбей, ол өз басының қандай күйге кездескенін айқын-ақ білді. Бұрынғы үйреншікті әдетінше өзінің өте қалың аса қатты және көптен бері қидырмай келген ұзын шашына оң қолын апара беріп еді - салалайтын шаштың орнына саусақтары ырсиған жараға тиді... Удай ашып және қан қақсап ауырып кеткен желкесінен қолын кері тартып алды. Әлденеден жүрегі айнып, әлденеден қатты опық жегендей, ол не қыларын білмей, тұла бойын сипай берді. Сипаған жерден ұйысқан қан мен ашыған жара тапты. Желкесінің екі жақтан шабылғанын, қолтығының астын оқ жыртып кеткенін, сол қолының алтын балдақты саусағының салбырап қалғанын, үсті-басының қан жоса болғанын енді ғана көріп білді. Қою шаштың желкені аман алып қалғанын да енді сезді. Ал, сақина-жүзік үшін қолының шабылып қала жаздағанын да қазір шамалағандай... Даланың аяқ астынан кездесетін ала құйынындай, Халитті үрей биледі. Басындағы ауыр халді енді ғана ұғып, енді ғана сезген, шыбын жанның қайткенде, қалай аман қаларын қарманып, іздеу үрейі еді бұл. Ол мына төніп тұрған түннің түрінен де шошып кетті. Жарық қайда? Таң қайда? Ел қайда? Бас сүйер жан қайда? Құламай, сүрінбей жете алар ма бір қараға? Қызыл қанға боялып қансырап келе жатқанда тағы қандай бәле кездеседі!?. Айнала хауіп... Айнала қорқыныш... Айнала үрей... Жығылар жеріне жетіп жығылу үшін қызыл қанға боялған, желке - кесік, бүйірі - тесік жан ұшыра жөнелді. Бір қараға жетіп құлау үшін қара түнге қарсы, жан ұшырғандай, жүгірді... Өн бойы безгек жанша қалтырап, жылынуға пана жоқ, жүгіре беруге дәрмен кем, таң алдында ол ащы азапқа түсті. Тәлтіректеп аяғын әр жерден бір басып құлауға айналды, бірақ ақтың күшін жинап ілгері жылжи берді. Кешікпей торғай шыр етті. Алакөлеңденіп таң да сәулеленді. Алдыңғы жақтағы бұлдырап көрінген тұтас бедер бірте-бірте дараланып, ауыл екені айқындалды. Жан дәрмен күн тұрып-жығылып, ол қалайда ауылға жетуге ұмтылды. Әлдеқайдан мылтық дауысы «курс» етті. Шошып кетіп Халит етбеттей бұғып қалды. Бұл ертеңгі ащы дыбыс әрегіректен шықса да аяқ астынан дүңк еткендей, даланы бөріктіріп жіберді. Әсіресе, оның мылқау жаңғырығы ұзақ созылып зорға басылды да дүрліккен әлем қайтадан тыныштала бастады. Үнсіз етбеттеп қалған Халит ақырындап басын көтеріп, шеткерірек тігілген қараша үйден әрі дөңгелене үйіріліп, ортасы қазан шұңқырланып жатқан қоралы қойды көрді. Қоралы қойдың селдірлеу бір бұрышында ербең-ербең етіп басын қылтитқан қойшыға көзі түсті. Халит қойшыға қарай беттеді. Бірер рет бұғып қарап, алды-артын байқап алды да не болса да қойшымен тілдесуге бел байлады. Бұл жақындап келгенде көзін бір уқалап алып, беті адам көргісіз, көйлегі албажұлба, жер астынан шыға келген адамдай, түрінен жан сескенерлік Халитті көргенде бала қойшы орнынан ыршып кетті. - Қашпа, қарағым, қашпа,- деді Халит ақырындап, тісі-тісіне соғып қалш-қалш етіп.- Паналайын деп мен әдейі саған бұрылдым... Халиттің сөзі оған таныс адамының сөзіндей естілді. Таң сәріде айдаладан келген бұл адамның ауыр халде екенін қойшы сезе қалды. - Аға, банды жаралады ма? Кәменес пе едің? Ана ауылды да бандылар кеше кешке шауып кетті. Енді оязға ауысты. Оның да астан-кестеңін шығарады ғой,- деп, ежелден сөзге үйір қойшы көрген-білгенін ағыта бастады. Қойшының іш тартып, сырды ағыта бастағанына ол қуанып кетті: - Бәрін де айтып беремін, інішегім, асықпа. Алдымен...- деп ол домалақ қара баланың қасына жетіп келіп, оның оранып жатқан жабуының бір шетін көтерді де астына кіріп кетті. Жылы жерге кірген соң тоңған дене одан әрі қалтырап, Халиттің иегі иегіне тимеді. - Аға... ағатай, осы жер жайлы. Ешкім көрмейді. Көрсе жаман. Басыңды көтере көрме. Жата бер. Қой өргенше жат. Сонсоң өзім қоймен бірге өріске алып кетемін,- деп қойшы тағы да ақылы мен қамқорлығын қоса лекітті. Халит үндемей қалды. Ол жылы киіздің ішіне кiрген соң денесінің жаңа ғана жай тапқанын сезді. Енді-енді жаны кіре бастағандай, қымтала берді. Баланың ағып тұрған сөздерінің ішінен оның миына алдымен: «ешкім көрмейді, көрсе жаман... басыңды көтере көрме...» дегендері жетті. Ол тағы да үрейлене қалды: «Бір ажалдан құтылдым ба дегенде, бұл қандай сақтандыру? «Көрсе жаман» дейді... Әлде бандылардың бір бөлегі осы ауылда ма? Онда...» Тағыда сөзді бала бастап, бала биледі. - Аға, үйің қайда? Үй-ішің білмейді ғой, жаралы болғаныңды?.. - Үйім Жымпитыда, қарағым. Олар білмейді не болғанын... - Қайғырма, аға. Өзім бір ретін табамын. Үйіңе аман жеткіземін. Тек мыналар көрмесін. Мен де Жымпитынікімін. Жауғаштымын. Халит баланың бетінен сүйіп алғысы келді, бірақ түрегелуге шамасы келмеді. Ол тек: «Қандай бауырмал! Қандай аңғарулы бала! Қандай дана қарғадай болып! Дана қойшыдан шығады деуші еді...» деп ойлады. Сонсоң: - Қарағым, жарайды. Сенің айтқаның болсын,- деп қымтана түсті. Қойшы аяғын жүгіре басып үйге қарай жөнелді. Ол көп айналды. Кешеден бері бұрын жоқ үрей билеп кеткен Халит. басын әлденеше рет көтеріп қарағыштап жатқанда әлденені көтеріп қойшы жетіп келді. - Аға, айран әкелдім... ірімшік те бар,- деп ол, торсық пен тостағанды жерге қоя салды да қалтасынан шүберекке орай салған ірімшік және бір уыс құрт шығарды. - Айналайын-ай, мың жаса. Бері келші, берігірек...- Ол қойшыны құшақтай алып бетінен сүйді.- Атың кім, айналайын? - Атым Ербол. Әкем аты Жартыбай. Аға өз атың кім? - Менің атым Халит, айналайын. Ал, фамилиям Мұхамбетов. - Аға, мен енді саған бір шекпен әкелемін. Соны ки. Сонсоң ат ерттеймін. Халит ойланып қалды да, үйге қарай жүре берген балаға: - Ербол, айналайын, сен онда, сен онда бір бөрік те тауып ала кел. Қандай бөрік болса да бәрібір,- деді. - Жарайды, Жақсыбектің ескі бөркін алып келейін. Ол басыңа сияды, аға... Халит аға. Кешікпей Ербол шекпен мен бөрік те әкелді, оларға қоса ұзын ақ таяқ та әкелді. Сөйтті де Халитке: - Мен енді қойды өргізе беремін. Жақсыбек қойдың ерте өргенін жақсы көреді,- деді. - Е, бұл Жақсыбектің аулы ма? - Білетін бе едіңіз?             - Білемін... осы жердегі дәулетті адам ғой. Ал, бағана бір мылтық дауысы шықты, ала көбеңде. Ол не? - Ой, Халит аға, сұрама. Ол да сол ана Бұлдырты жақтағы ауылдарды қиратқан бандының ісі. Кеше кешке әлек салды ғой сол ауылдарға. Залымдардың істеген ісін ауызбен айтып жеткізерлік емес. Ертеңгі қой да өре бастады. Қоймен бірге бақташының бірі сияқты, Халит те жылжыды. Басында ол Ерболдың ақылымен ауыл шетіне шыққанша басын көтермей, бұғып жылжып еді. Қойын тез-тез жұмарлай қайырып, екінші рет ендеп жайылып кеткенше, Ербол кешеден бергі көрген-білгенін ақтарумен болды. Ол Халитті әңгімелесетін адамы жаңа ғана табылғандай көрді. Және банды кескілеп кеткен бұл «үлкен кәмесерді» құтқарып қалуды зор ерлік деп білді. Ол іштей қатты шаттанды. Балалық кіршіксіз мақтаныш оны өсіріп жіберді. «Бала болса да үлкендерден артық» қойшы атанған Ербол әңгімені де үлкендерше айтты. - Аға, сен сұрама бұл жауыз бандылардың істегенін,- деп бастады ол тағы да.- Көп адамды сорлатып кетті. Шегірткедей қаптап, Майлан ауылын басып қалған. Маған Бекболсын айтты. Ол сол ауылдың баласы. Өз көзімен көрген. Сүт, айран, ашыған қаймақты шөген-шөгенімен көтеріпті. Әп-сәттің ішінде ішілмеген сүт, ашылмаған сандық қалмапты. Бұйым, жиһазды былай қойғанда, өмілдірік құйысқан, жез түймелі жүген, сабы әшекейлі қамшыға шейін алған. Ал, үйдің бау-басқұрын қоймапты. Қызыл шапанның сыртынан жібек белбеуді орай буынып, кәдімгі құдаларша көлбеңдейді дейді. Ауылда ат қалдырмаған. Сонсоң, Халит аға, мынадай қызық болыпты. Маған Бекболсын айтты. Ол сол ауылдың баласы ғой. Әлжан орыстан жаман қорқады екен. «Ойбай, орыс келіп қалды! Көп орыс! Қылышын үйірген қару-жарақты орыс!»- деп жұрт шу ете қалғанда,- Ұмсынай, қайдасың! Не дейді мыналар? Қайдан келген орыс?- деп әйелін шақырғанша болмай, мылтық дауысы «гүрс» ете қалады. Әлжан қорыққаннан не қыларын білмей сасып, төсектің астына кіріп кетіпті. Кіріп келіп үйдің астын үстіне шығарған бандылар төсекті ашып қалса, астында Әлжан отыр дейді. «Сен кімсің? Жасырынып отырған большевикпісің?» деп, қамшының астына алған көрінеді. Сабап, сабап өздері кеткенше керегеге байлап қойыпты... Әлденеден сескенгендей еңкейіп отырған Халитке Ербол жалт қарап еді, ол кезін жұмып, тістеніп, құлап бара жатыр екен. - Аға, басыңыз айналды ма, отырайық,- деді бала сүйемелдеп. Халит біраз жатты. Ербол қойын тағы да шәйт-шәйттап бір қайырып тастап, «басы айналған» жанға қайта оралды. - Шырағым,- деді түсі бұзылып жатқан Халит көзін ашып,- менің халім нашар... Сен Бақыт Назаров деген жігітті білетін шығарсың... Ол осы жердікі... - Білмегенде! Оқыған жігіт. Жақсы адам. Жақында біздікіне келіп кетті... - Білсең сол Назаровты сен тауып ал... Атпен бар... Осы жерден он шақырымдай оның ауылы... - Жарайды, аға. Оған не дейін?             - Келсін. Мені қалаға жеткізсін... Сыбырлап айт... Түсінесің ғой. Ақылың бар баласың... - Болады, аға. Мен оны биенің бір сауымы болмай-ақ, сәске түске жетпей-ақ алып келейін. - Ат-арба әкелсін. Мен... осы жерде жата тұрайын... Бала құйындай ұшты. Атын оңды-солды қамшылап, Халиттің айтқан ауылына шапты. «...Мен не бітірдім,.. Не тындырдым?..» деді күбірлеп Халит біраздан кейін. Ол көзін ашып көкжиекке қарады... Зейнедден қайда?.. Ол жетті ме қалаға? Жетіп хабарлай алса...» Ол басын қайтадан жерге салды. Мойыны қозғалтпай қалды. Ісіп кеткен еді. Қолтығының астыда күйіп бара жатқандай. Демінен ыстық леп шарпыды. Тынысы тарыла бастады. Кеше кештен бері ет қызуы білдірмей жанталасып келген жан бір жағы қансырап, бір жағы дене тұтас қабарып, халының аса ауыр екенін ол жаңа ғана сезді. Демі бітіп бара жатқандай тарыла түсті. Ол қайта-қайта көзін жұмып, аузын аша берді... 5 Бірнеше күннен кейін... Жымпитының арқа жақ шетінде, Өлеңті өзенінің жағасында бір шоқ тал-теректі бақ барды. Сол бақтың ішіндегі алаңға жұрт мол жиналды. Кішкене қаланың үлкенді-кішілі қызметкерлері, тұрғындары, жеті жылдық мектеп пен қыздар интернатының оқушылары тегіс келген. Жиналысқа жақын жердегі ауылдардан да көп адам қатынасқан. Олар туларын қара жібекпен әдіптеп алған ортадағы лек-лек жастарды алыстан шеңберлей қоршап, аттарының үстінде тұр. Бәрінің де жүзі сынық, көңілі жабық. Болған уақиғаның халыққа теп-тегіс тиген апатты жай екені: тұншыға жылаған әйелдің, еңіреген кемпірдің, алас ұрып әркімге жаутаңдай қараған балалардың, ат үстінде тұрып күрсінген үлкендердің үнінен де, жабырқаңқы жан күйінен де анық сезілгендей... Қалың жиынның ортасындағы кішкене мінбеде Ревком ағасы сөз сөйлеп жатты... - ...Асыл азаматтар қапыда қазаға ұшырады... Жаудың келе жатқаны жайлы хабарды алып, оны Оралға жеткізіп үлгергенше қаптаған зұлым бандының оғы мен қылышының астында қалды... Біздің жігіттер дұшпанға бас иген жоқ - езілген еңбекші елін қорғаушы және оны ұлы мақсатқа жетектеуші есебінде амал жасады... Өзінен он есе басым жаумен жағаласып жан берісті... Дұшпанның алдынан шығып жолын бөгеген жігіттерден біренсаран аман қалғандар да бар. Солардың бірі мына алдарыңызда тұрған Халит Мұхамбетов. Бұл өзін құрбандыққа ұсынып, қасындағы жолдасын хабар жеткізуге жөнелтті. Өзі өлім аузында қалды, көзсіз ерлік етті. Желкесі мен иығын бес жерден қылыш кескілеп, қолтығын оқ тесіп кетсе де, жолда ессіз құлап қалса да бізді қорғау әрекетін істеді. Төзімділігі мен қайраттылығы ажалды жеңіп шықты... ...Бізде ерлер көп. Мына бір қабірге қойылған жетпіс коммунист - сол ерлердің ішіндегі ерлері. Топырағың торқа болсын, халықтың қалаулы ұлдары!.. Бұл сол Өлеңтінің жағасында ерлерге ескерткіш қойған жиналыс еді. 1930 жыл. Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

 Аттылы жолаушыға өшіге абалаған төбеттей, отыз шақырымдай жер қудалап, істерін істеп болғаннан кейін ақ бандының да қарқыны бәсеңси берді; Құрбандығын оп-оңай кескілеген өнеріне насаттанғандай, ат басын тоқтатпастан олай-бұлай ойқастап, енді даланың қурайын шапқылады. Жалаң қылыштарын қынабына салмастан жоғары үйіріп аз уақыт қыр көрсетті. Сонан кейін сол қанатын кең жайған кереге-қоршау қалпында кері ойысты. Ал, жап-жас коммуниетерден құралған кішкене отрядтің көп адамы қаза тапты. Бұлардың әскерлік тәжірибесі аз, қару-жарағы кемтар еді. Оның үстіне күтпеген жерден қалың жауға кездесіп, қапыда қолға түсті. Аз адам құтылды. Болдырған аттарын тастай беріп жолдасының артына міңгесіп құтылғандар да болды. Бірен-саран Мүти сияқты жігіттер әлдеқалай кездескен көлікке мініп жан сақтады. Күн ұясына кіріп, кешікпей әлем жүзі де қоңырқай тартты. Кең сахарасымен біржола қоштасқан аяулы жас жандар қанды топырақты құшақтап, күнмен де, аспанмен де, жермен де енді ісі жоқ, айнала қымтап бүркей бастаған қоңыр әлеммен ұштасып, көзі жұмулы қала берді... Бәрі тынды. Әлгіде ғана ән шырқап, жоғарыдан тастаған кесектей төмен ағып барып қайта көтерілетін боз торғай да жым болған. Айнала жым-жырт. Жел де тымық. Шөп басы да селт етпейді. Қоңыр әлем мен қоңыр тыныштың Халитке: - Жан жоқ! Тып-тыныш! Есіңді жина! Тұр! Жатпа!- деп тұрғандай тыныс берді. Тіпті, ептеп оята бастағандай әсер етті. Ол бір кезде көзін ашты. Бейуақ. Қашан жаттым... Ұйықтап кеткенмін бе?.. Көк шөп... Жалаңаш жер... Ол қозғала түсті, бірақ қимылдауға шама жоқ. Денені зіл қаратас басып жатыр... Мойын бұруға да дәрмен жоқ... бұрылмайды. Eh... Аһ... Ім... Халит зорға дегенде мойнын бұрып қоңыр жонайттанған биік таушыққа көз тастап еді, басы айналып кетті... Айнала тасыр-тұсыр... Ысқырған шабуыл... Ырсылдаған ат... Зуылдаған қылыш... «Соққы»... Көзін жұмып еді, тасыр басыла қалды... Ә! Енді түсінді: жау, атака, қылыш... Ол зорға көтерілген қолымен қақсай қалған қолтығын басып еді, қолы жып-жылы суға тиді. Қан!.. Желке... қан... қырқылған шаш... Сол қолы... саусағы қайырылып қалған... Жүрегі зу етті... Көзін қайта жұмып, демін ішінен алды. Қимылсыз жатты... - Уһ!- деді ол, көзін қайта ашып. Шынтақтай, қос қолдап жер тіреп, басын көтеріп, денесін күштеп жинақтап отыруға жарады. Аз отырды, айналаға көз тастады. Шеңберленіп жатқан кең дала, төңкеріліп тұрған боз аспан, қыбырсыз маң далада бір өзі. Жапанда қалған жалғыз жан... Ол селт етті. Не ашу, не қайрат, әлде үрей, әлде ерлік оны орнынан тік тұрғызды. Көзіне қан толып кеткендей алға қарай ұмтылып қалып еді, көзі қарауытып, дәрмені құрып, тәлтіректеп екі қолымен жер тіреп қалды. Қайта жөнделіп, бойын билеп, аяғын бір басты да тұра қалды: қалай қарай жүру керек, қайда бармақ? Отрядтің кеткен жағына жүрсе: күндізгі қуған жау кездеспес пе? Бір бүйір, басқа жаққа аяғы еріксіз сүйреп, қаз тұрған балаша тәлтіректей басып, жөней берді. Жиырма-отыз қадам жүрген соң бойын билеп, аяғын ширақ басып, сәлден кейін қос жұдырығын түйіп те алды. «Не болса да елге жетіп өлсем!..» деген ой күтпеген қайратқа мінгізді, көзінен от ұшқындап кеткендей болды. Ол біраз жерге де барып қалғандай болды. Көре көзге денесі қызып жүре берді. Енді қаттырақ жүгіруге кірісті. Жан ұшырғандай жүгіріп екпінімен үстінен шыққан өлікті байқамай қалды. Шошып кетіп: «О, тоба мына зор дене...» деп мойнын бұрып үлгергенше, қан-топыраққа былғанған Қожанияздың қара мұртты басын көзі шалып, аяғына шоқ басқандай ыршып түсті. Жүрегі дір етті. Ол шыдай алмай айдалаға қарай жүгірді. Қайдан, көз алдына қалай келіп қалғанын да түсінбей, ол өз басының қандай күйге кездескенін айқын-ақ білді. Бұрынғы үйреншікті әдетінше өзінің өте қалың аса қатты және көптен бері қидырмай келген ұзын шашына оң қолын апара беріп еді - салалайтын шаштың орнына саусақтары ырсиған жараға тиді... Удай ашып және қан қақсап ауырып кеткен желкесінен қолын кері тартып алды. Әлденеден жүрегі айнып, әлденеден қатты опық жегендей, ол не қыларын білмей, тұла бойын сипай берді. Сипаған жерден ұйысқан қан мен ашыған жара тапты. Желкесінің екі жақтан шабылғанын, қолтығының астын оқ жыртып кеткенін, сол қолының алтын балдақты саусағының салбырап қалғанын, үсті-басының қан жоса болғанын енді ғана көріп білді. Қою шаштың желкені аман алып қалғанын да енді сезді. Ал, сақина-жүзік үшін қолының шабылып қала жаздағанын да қазір шамалағандай... Даланың аяқ астынан кездесетін ала құйынындай, Халитті үрей биледі. Басындағы ауыр халді енді ғана ұғып, енді ғана сезген, шыбын жанның қайткенде, қалай аман қаларын қарманып, іздеу үрейі еді бұл. Ол мына төніп тұрған түннің түрінен де шошып кетті. Жарық қайда? Таң қайда? Ел қайда? Бас сүйер жан қайда? Құламай, сүрінбей жете алар ма бір қараға? Қызыл қанға боялып қансырап келе жатқанда тағы қандай бәле кездеседі!?. Айнала хауіп... Айнала қорқыныш... Айнала үрей... Жығылар жеріне жетіп жығылу үшін қызыл қанға боялған, желке - кесік, бүйірі - тесік жан ұшыра жөнелді. Бір қараға жетіп құлау үшін қара түнге қарсы, жан ұшырғандай, жүгірді... Өн бойы безгек жанша қалтырап, жылынуға пана жоқ, жүгіре беруге дәрмен кем, таң алдында ол ащы азапқа түсті. Тәлтіректеп аяғын әр жерден бір басып құлауға айналды, бірақ ақтың күшін жинап ілгері жылжи берді. Кешікпей торғай шыр етті. Алакөлеңденіп таң да сәулеленді. Алдыңғы жақтағы бұлдырап көрінген тұтас бедер бірте-бірте дараланып, ауыл екені айқындалды. Жан дәрмен күн тұрып-жығылып, ол қалайда ауылға жетуге ұмтылды. Әлдеқайдан мылтық дауысы «курс» етті. Шошып кетіп Халит етбеттей бұғып қалды.

Бұл ертеңгі ащы дыбыс әрегіректен шықса да аяқ астынан дүңк еткендей, даланы бөріктіріп жіберді. Әсіресе, оның мылқау жаңғырығы ұзақ созылып зорға басылды да дүрліккен әлем қайтадан тыныштала бастады. Үнсіз етбеттеп қалған Халит ақырындап басын көтеріп, шеткерірек тігілген қараша үйден әрі дөңгелене үйіріліп, ортасы қазан шұңқырланып жатқан қоралы қойды көрді. Қоралы қойдың селдірлеу бір бұрышында ербең-ербең етіп басын қылтитқан қойшыға көзі түсті. Халит қойшыға қарай беттеді. Бірер рет бұғып қарап, алды-артын байқап алды да не болса да қойшымен тілдесуге бел байлады. Бұл жақындап келгенде көзін бір уқалап алып, беті адам көргісіз, көйлегі албажұлба, жер астынан шыға келген адамдай, түрінен жан сескенерлік Халитті көргенде бала қойшы орнынан ыршып кетті. - Қашпа, қарағым, қашпа,- деді Халит ақырындап, тісі-тісіне соғып қалш-қалш етіп.- Паналайын деп мен әдейі саған бұрылдым... Халиттің сөзі оған таныс адамының сөзіндей естілді. Таң сәріде айдаладан келген бұл адамның ауыр халде екенін қойшы сезе қалды. - Аға, банды жаралады ма? Кәменес пе едің? Ана ауылды да бандылар кеше кешке шауып кетті. Енді оязға ауысты. Оның да астан-кестеңін шығарады ғой,- деп, ежелден сөзге үйір қойшы көрген-білгенін ағыта бастады. Қойшының іш тартып, сырды ағыта бастағанына ол қуанып кетті: - Бәрін де айтып беремін, інішегім, асықпа. Алдымен...- деп ол домалақ қара баланың қасына жетіп келіп, оның оранып жатқан жабуының бір шетін көтерді де астына кіріп кетті. Жылы жерге кірген соң тоңған дене одан әрі қалтырап, Халиттің иегі иегіне тимеді. - Аға... ағатай, осы жер жайлы. Ешкім көрмейді. Көрсе жаман. Басыңды көтере көрме. Жата бер. Қой өргенше жат. Сонсоң өзім қоймен бірге өріске алып кетемін,- деп қойшы тағы да ақылы мен қамқорлығын қоса лекітті. Халит үндемей қалды. Ол жылы киіздің ішіне кiрген соң денесінің жаңа ғана жай тапқанын сезді. Енді-енді жаны кіре бастағандай, қымтала берді. Баланың ағып тұрған сөздерінің ішінен оның миына алдымен: «ешкім көрмейді, көрсе жаман... басыңды көтере көрме...» дегендері жетті. Ол тағы да үрейлене қалды: «Бір ажалдан құтылдым ба дегенде, бұл қандай сақтандыру? «Көрсе жаман» дейді... Әлде бандылардың бір бөлегі осы ауылда ма? Онда...» Тағыда сөзді бала бастап, бала биледі. - Аға, үйің қайда? Үй-ішің білмейді ғой, жаралы болғаныңды?.. - Үйім Жымпитыда, қарағым. Олар білмейді не болғанын... - Қайғырма, аға. Өзім бір ретін табамын. Үйіңе аман жеткіземін. Тек мыналар көрмесін. Мен де Жымпитынікімін. Жауғаштымын. Халит баланың бетінен сүйіп алғысы келді, бірақ түрегелуге шамасы келмеді. Ол тек: «Қандай бауырмал! Қандай аңғарулы бала! Қандай дана қарғадай болып! Дана қойшыдан шығады деуші еді...» деп ойлады. Сонсоң: - Қарағым, жарайды. Сенің айтқаның болсын,- деп қымтана түсті. Қойшы аяғын жүгіре басып үйге қарай жөнелді. Ол көп айналды. Кешеден бері бұрын жоқ үрей билеп кеткен Халит. басын әлденеше рет көтеріп қарағыштап жатқанда әлденені көтеріп қойшы жетіп келді. - Аға, айран әкелдім... ірімшік те бар,- деп ол, торсық пен тостағанды жерге қоя салды да қалтасынан шүберекке орай салған ірімшік және бір уыс құрт шығарды. - Айналайын-ай, мың жаса. Бері келші, берігірек...- Ол қойшыны құшақтай алып бетінен сүйді.- Атың кім, айналайын? - Атым Ербол. Әкем аты Жартыбай. Аға өз атың кім? - Менің атым Халит, айналайын. Ал, фамилиям Мұхамбетов. - Аға, мен енді саған бір шекпен әкелемін. Соны ки. Сонсоң ат ерттеймін. Халит ойланып қалды да, үйге қарай жүре берген балаға: - Ербол, айналайын, сен онда, сен онда бір бөрік те тауып ала кел. Қандай бөрік болса да бәрібір,- деді. - Жарайды, Жақсыбектің ескі бөркін алып келейін. Ол басыңа сияды, аға... Халит аға. Кешікпей Ербол шекпен мен бөрік те әкелді, оларға қоса ұзын ақ таяқ та әкелді. Сөйтті де Халитке: - Мен енді қойды өргізе беремін. Жақсыбек қойдың ерте өргенін жақсы көреді,- деді. - Е, бұл Жақсыбектің аулы ма? - Білетін бе едіңіз?

            - Білемін... осы жердегі дәулетті адам ғой. Ал, бағана бір мылтық дауысы шықты, ала көбеңде. Ол не? - Ой, Халит аға, сұрама. Ол да сол ана Бұлдырты жақтағы ауылдарды қиратқан бандының ісі. Кеше кешке әлек салды ғой сол ауылдарға. Залымдардың істеген ісін ауызбен айтып жеткізерлік емес. Ертеңгі қой да өре бастады. Қоймен бірге бақташының бірі сияқты, Халит те жылжыды. Басында ол Ерболдың ақылымен ауыл шетіне шыққанша басын көтермей, бұғып жылжып еді. Қойын тез-тез жұмарлай қайырып, екінші рет ендеп жайылып кеткенше, Ербол кешеден бергі көрген-білгенін ақтарумен болды. Ол Халитті әңгімелесетін адамы жаңа ғана табылғандай көрді. Және банды кескілеп кеткен бұл «үлкен кәмесерді» құтқарып қалуды зор ерлік деп білді. Ол іштей қатты шаттанды. Балалық кіршіксіз мақтаныш оны өсіріп жіберді. «Бала болса да үлкендерден артық» қойшы атанған Ербол әңгімені де үлкендерше айтты. - Аға, сен сұрама бұл жауыз бандылардың істегенін,- деп бастады ол тағы да.- Көп адамды сорлатып кетті. Шегірткедей қаптап, Майлан ауылын басып қалған. Маған Бекболсын айтты. Ол сол ауылдың баласы. Өз көзімен көрген. Сүт, айран, ашыған қаймақты шөген-шөгенімен көтеріпті. Әп-сәттің ішінде ішілмеген сүт, ашылмаған сандық қалмапты. Бұйым, жиһазды былай қойғанда, өмілдірік құйысқан, жез түймелі жүген, сабы әшекейлі қамшыға шейін алған. Ал, үйдің бау-басқұрын қоймапты. Қызыл шапанның сыртынан жібек белбеуді орай буынып, кәдімгі құдаларша көлбеңдейді дейді. Ауылда ат қалдырмаған. Сонсоң, Халит аға, мынадай қызық болыпты. Маған Бекболсын айтты. Ол сол ауылдың баласы ғой. Әлжан орыстан жаман қорқады екен. «Ойбай, орыс келіп қалды! Көп орыс! Қылышын үйірген қару-жарақты орыс!»- деп жұрт шу ете қалғанда,- Ұмсынай, қайдасың! Не дейді мыналар? Қайдан келген орыс?- деп әйелін шақырғанша болмай, мылтық дауысы «гүрс» ете қалады. Әлжан қорыққаннан не қыларын білмей сасып, төсектің астына кіріп кетіпті. Кіріп келіп үйдің астын үстіне шығарған бандылар төсекті ашып қалса, астында Әлжан отыр дейді. «Сен кімсің? Жасырынып отырған большевикпісің?» деп, қамшының астына алған көрінеді. Сабап, сабап өздері кеткенше керегеге байлап қойыпты... Әлденеден сескенгендей еңкейіп отырған Халитке Ербол жалт қарап еді, ол кезін жұмып, тістеніп, құлап бара жатыр екен. - Аға, басыңыз айналды ма, отырайық,- деді бала сүйемелдеп. Халит біраз жатты. Ербол қойын тағы да шәйт-шәйттап бір қайырып тастап, «басы айналған» жанға қайта оралды. - Шырағым,- деді түсі бұзылып жатқан Халит көзін ашып,- менің халім нашар... Сен Бақыт Назаров деген жігітті білетін шығарсың... Ол осы жердікі... - Білмегенде! Оқыған жігіт. Жақсы адам. Жақында біздікіне келіп кетті... - Білсең сол Назаровты сен тауып ал... Атпен бар... Осы жерден он шақырымдай оның ауылы... - Жарайды, аға. Оған не дейін?

            - Келсін. Мені қалаға жеткізсін... Сыбырлап айт... Түсінесің ғой. Ақылың бар баласың... - Болады, аға. Мен оны биенің бір сауымы болмай-ақ, сәске түске жетпей-ақ алып келейін. - Ат-арба әкелсін. Мен... осы жерде жата тұрайын... Бала құйындай ұшты. Атын оңды-солды қамшылап, Халиттің айтқан ауылына шапты. «...Мен не бітірдім,.. Не тындырдым?..» деді күбірлеп Халит біраздан кейін. Ол көзін ашып көкжиекке қарады... Зейнедден қайда?.. Ол жетті ме қалаға? Жетіп хабарлай алса...» Ол басын қайтадан жерге салды. Мойыны қозғалтпай қалды. Ісіп кеткен еді. Қолтығының астыда күйіп бара жатқандай. Демінен ыстық леп шарпыды. Тынысы тарыла бастады. Кеше кештен бері ет қызуы білдірмей жанталасып келген жан бір жағы қансырап, бір жағы дене тұтас қабарып, халының аса ауыр екенін ол жаңа ғана сезді. Демі бітіп бара жатқандай тарыла түсті. Ол қайта-қайта көзін жұмып, аузын аша берді... 5 Бірнеше күннен кейін... Жымпитының арқа жақ шетінде, Өлеңті өзенінің жағасында бір шоқ тал-теректі бақ барды. Сол бақтың ішіндегі алаңға жұрт мол жиналды. Кішкене қаланың үлкенді-кішілі қызметкерлері, тұрғындары, жеті жылдық мектеп пен қыздар интернатының оқушылары тегіс келген. Жиналысқа жақын жердегі ауылдардан да көп адам қатынасқан. Олар туларын қара жібекпен әдіптеп алған ортадағы лек-лек жастарды алыстан шеңберлей қоршап, аттарының үстінде тұр. Бәрінің де жүзі сынық, көңілі жабық. Болған уақиғаның халыққа теп-тегіс тиген апатты жай екені: тұншыға жылаған әйелдің, еңіреген кемпірдің, алас ұрып әркімге жаутаңдай қараған балалардың, ат үстінде тұрып күрсінген үлкендердің үнінен де, жабырқаңқы жан күйінен де анық сезілгендей... Қалың жиынның ортасындағы кішкене мінбеде Ревком ағасы сөз сөйлеп жатты... - ...Асыл азаматтар қапыда қазаға ұшырады... Жаудың келе жатқаны жайлы хабарды алып, оны Оралға жеткізіп үлгергенше қаптаған зұлым бандының оғы мен қылышының астында қалды... Біздің жігіттер дұшпанға бас иген жоқ - езілген еңбекші елін қорғаушы және оны ұлы мақсатқа жетектеуші есебінде амал жасады... Өзінен он есе басым жаумен жағаласып жан берісті... Дұшпанның алдынан шығып жолын бөгеген жігіттерден біренсаран аман қалғандар да бар. Солардың бірі мына алдарыңызда тұрған Халит Мұхамбетов. Бұл өзін құрбандыққа ұсынып, қасындағы жолдасын хабар жеткізуге жөнелтті. Өзі өлім аузында қалды, көзсіз ерлік етті. Желкесі мен иығын бес жерден қылыш кескілеп, қолтығын оқ тесіп кетсе де, жолда ессіз құлап қалса да бізді қорғау әрекетін істеді. Төзімділігі мен қайраттылығы ажалды жеңіп шықты... ...Бізде ерлер көп. Мына бір қабірге қойылған жетпіс коммунист - сол ерлердің ішіндегі ерлері. Топырағың торқа болсын, халықтың қалаулы ұлдары!.. Бұл сол Өлеңтінің жағасында ерлерге ескерткіш қойған жиналыс еді. 1930 жыл.

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: