V БӨЛІМ

19 Қараша 2013, 08:14

Желсіз, тымырсық жазғы түн. Жұрт тегіс ұйқыға кеткен шаң. Айнала тып-тыныш. Тек қана Аңқатының кемерлеген суы лықсып, жарға соққан дыбысы ғана есітіледі. Жағаны алыстан көмкеріп, жынысты, қапырық, қалың көк жыңғыл қарауытып қабағын түйе түскендей. Бейуақытта кенет үрген желмен қозғалып, басын сілкіп-сілкіп қалған қара бураның шудалы келбетіндей сұсты, адамның зәре-құтын қашырарлық. Жағаның бұл түкті қабағын бетке ұстап, ішінде қара ниетті әлдекім отырса да жан байқар емес. Оқта-текте бүтін аймақты солқылдатып әупілдек күмпілдейді, оған жарлы жағаның әлдеқайдағы жары дем беріп, дүңкілін зорайта түседі. Сол ит мұрыны өткісіз қара барақ, биіктігі ат жалын шаларлық ну жыңғылдың арасына, қораға шабатын қасқырдай, бір адам қас қарая жетіп бұққан-ды. Көкжал бөрінің соңына ерген серіктеріндей оның жанында да «атқосшылары» бар еді. Ежелден түн жамылған жандардың кәсібі белгілі: алып кету, айдап кету, ұрып кету... Бастығы: қыр мұрын, қос танауы қусырыла түскен. Екі ұртында оймақтай еті жоқ дерлік жағы суалып қалған. Өзі еңгезердей. Өңі қара қоңыр. Көзі ұясына жасырынып тұрғандай... Жағадан қыратқа қарай созылған тар түбекті жалғыз аяқ жол жарып жатыр. Ол жолдың ұшы биіктегі ауылға тірелген. Бұққандардың бастығы биікте тұрған биік үйдің терезесінен көзін алмай отыр еді... алыстағы шамның сөніп қалып, қайтадан жанғанын көзі шалып ол: - Жігіттер, жиналыңдар!- деді тұншыққандау қоңыр үнмен. Жігіттері күбір-күбір етті де, су сепкендей үнсіз қалды. Жым-жырт. Жалғыз-ақ Торытөбелдің тыпыршып, жер тарпығаны құлаққа шалынады. Еңкектеу келген ұзын иесі тыпыршыған аттың құлағын, көзін сипайды. Ат тынып, құлағын ғана қайшылайды. Иесі демін ішке тартса, ол да солай еткендей. Қояндай жалтарып, жықпыл жыраға соқпай, тақыммен бұрылып, таласа сілтейін деп тұрған сияқты. Ұзын адамның аяғы үзеңгіге, етегі ерге тиер-тиместе Торытөбел жел үрлеген үкідей ұшты... Шырт ұйқыда жатқан Темірдің денесін суық шымырлатқандай, тұла бойы түршігіп бара жатты. Ол бетін бір жыбырлатты да кеудесін қозғады. Үстін мың батпан қара тас басып жатқан сияқты жаншып, езіп, қозғалтпайды. Зіл дене олай-бұлай қозғаса да бір қырына аударылып түсуге ырық бермеді. Көңілі ояу, көзі жұмулы, бейне бір ың-жың жәрмеңкенің ортасынан шыға алмай жүрген сияқты. Тула бойы жиырылғанда бесіктей балтыр еті бұлтиып, бұлшықтары ойнап кетеді. Ұзақ булығып жатып, бір кез ол аяғын серпіп-серпіп жіберді. Көзін зорға ашты. Үйдің іші тастай түнек. Қараңғыда жан-жағына қармана түсіп, орнынан түрегелді. Аяғын баса бергенде құлағына әлдеқайдағы тасыр-тұсыр шапқан аттың дүрсілі естілді. Оны оятып жіберген де осы дүрсіл-дүбір еді. Өңі екенін де, түсі екенін де әбден айыра алған жоқ, сонда да есікке қарай жүгірді. Шамамен жетіп екпінмен иықтап қалғанда, тас қылып сыртынан тіреп кеткен есік селк еткен де жоқ, қайта өзін кері серпіп итеріп қалғандай болды. Бір бәленің болғанын Темір ешкім айтпай-ақ сезді. Оның көзіне түк нәрсе көрінбей өңі бозарып кетті. Денесі көйлегіне сыймай түксиген қалпы, безгек жандай, тісіне-тісі сақ-сақ ете қалды. Ол қошқарша кері шегініп, пәрменмен иықтай соққанда үйдің жары «солқ» етті. Жақтауымен бірге опырылып шалқасынан құлаған есіктен әрі етбеттей, екпінімен өзі де ұшып түсті. Аздан кейін ол сүріне-жығыла, қарасы үзіліп кеткендердің алыстағы көмескі дыбысы шыққан жаққа қарай жүгірді. Бірақ, дүрсіл алыста екенін, бұл және оп-оңай жеткізе қоймайтын аттылы адамдар екенін Темір сәл кейін түсінді... Басқа ұрған балықтай тұра қалды. Сөйтті де кейін қарай ұшты. Аулаға кірді... Қолдағы өзі мініп жүрген Қарагер жоқ... Шылбырмен шандып байлаған қақпа ашық, шалқасынан жатыр... шылбыр шорт кесілген. Қасындағы Бекейдің ауласы да тап сондай... Торышолақ та қолды болған... - Нұрсұлтан!.. Әттең, сенімен бір айқассам!- деді Темір тістеніп.

Бөлісу: