ІІ БӨЛІМ

19 Қараша 2013, 06:27

Түс кезі. Жұмыс арасындағы үзілісті пайдаланып көшеге шыққан. Телефонның құлағын бағып тар бөлмеде бастырылып отырғаннан гөрі осылай бимақсат та болса сыртқа жүргенді артық көреді. Панфилов паркінің тау қанатын жанап өтетін көшенің жүріс-тұрысы аздау, үнемі бір бұйығы тыныштығы мен жұмсақ шуағы болатын. Саттар қазір сол арада. Күнгей тротуарды бойлап ақырын қозғалып шуақтап жүр. Жүріп тынығу жылқыға тән қасиет. Асфальт жолаққа ерініп басқан ат тұяғының жалқау тықылы аспалы сағаттың маң-маң жүрісіндей. Көзін бір ашып бір жұмған Асау қаланың дамылсыз соққан қан тамырын тыңдап келеді. Тротуарда ел жоқ. Жуас кейіпке еніп, бос болбыр келе жатуына да сол себеп. Көп көзінен тыс жерде осылай - қатардағы қоңырдың бірі. Бәйге тілеп едіреңдемей-ақ, жер тарпып қоразданбай-ақ өзімен-өзі, күйкі тірліктің бір мұндар жаңқасындай тасқын қалай ақса бұл да солай. Дабырлаған дауыстан селт етті. Тротуармен қарсы алдында қолтықтасқан қыз бен жігіт келеді. Жігіттің ақсиған тісі көрінеді. Асау дүр сілкініп еңсесін көтеріп алды. Саттар ойын жинап байқаса университетті бірге бітірген жолдастарының бірі - Жалмырза екен. Қасындағы келіншегі. Жалмырза даңғырлап сөйлеп келеді. - Алаулаған романтика алты айға әрең жетіпті-ау! Саттар езу тартып күтіп тұр. - Студенттік бас дымқылы ауыл аптабына шыдамай бу боп ұшты дейсің ғой! Саттар езу тартып күтіп тұр, Бұрын шешендігі шамалы жігіт тілі шамадан тыс шешіліп келе жатқанына таңырқап та тұр. Университеттегі бес жылда қоғамдық жұмыстарда белсенділігімен көзге түскен Жалмырза, анау-мынау оқытушылармен иық тірестіре алған Жалмырза бірге оқыған жігіттердің ішінен Саттардан ғана сәл-пәл именетін. Онысы - сыйлағаны. Бірге оқыған жігіттердің ішінен Жалмырза Монтиды ғана шын жүректен ұнатушы еді. «Молодец жігіт, момындығында шек жоқ, жұрттың бәрі осы Монтидай неге болмайды» деп артқы скамейкада үнсіз, елеусіз отырған Монтидың басынан сыйпап, арқасынан қағып жүргені. Нәті жуас Монти әдеттегіше ыржиып күліп отыра беретін. Бір күні Жалмырза староста ретінде лекцияға қатысушыларды белгілеп жатып бар Монтиді «жоқ» деп қойды. Әрине, байқамай қалған-ды. Жігіттер «Ой Монти әне отыр ғой» десе, Жалмырза әзілдеген боп «Ой, Монтекеңнің бары жоғы бәрі бір емес пе, журналды бүлдірмей-ақ қояйық» деп күлген. Осы арада ешкім күтпеген жәй болды. Үнсіз отырған Монти орнынан қарғып тұрып, Жалмырзаны көзімен атып жіберердей «әй!» деп шаңқ етті. «Әй, өшір анауыңды, әйтпесе, қазір осы тұрған жеріңде пашақ-пашағыңды!» Ә, дегенде үркіп қалған жұрт Монтидың «пашақ-пашағын» естісімен ду ете түсті. Монтидың кәрінен боп-боз боп кеткен Жалмырза өтірік күліп журналды түзеткен. Саттар жас жұбайлармен қолдасқаннан кейін де әңгімеге араласа алмай тұрды. Сөз тізгінін анадайдан өз қолына алған Жалмырза Саттарға әлі дес берер емес. - Соның дұрыс болған Саттар, ақылыңа енді еніпсің, өткен жылы есіңде ме, мен «ауылда не бар, реті келіп тұрғанда осында қызметке орналас» дегенімде қыңырайып тыңдамай кеткенсің, осыным өтірік деші! - деп Жалмырза Саттарға қарады. Ол қостай қоймаған соң, әйеліне бұрылды. Гүлайым, бетіне қызылы теуіп бас изеді де, күйеуінің иығына басын сүйеп қойып Саттарға сұғын қадады. Мына алдында тұрған тірлік иесі - екі аяқты пенде емес, төрт аяқты жылқы екенін әйелдің, жіті көзі ажыратып тұрды. - Вообще біздің жігіттер дұрыс істемеді деп күйзелді Жалмырза, - ең болмағанда төрт-бесеуіміз Алматыда қалуымыз керек еді. Алматының төрт-бес мекемесінде отырғанымызда біздің мұртымызды кім шабар еді... Нәзік әйел танауы жусанды даладан келген жылқы исін тартып тұр. - Уақытында Алматыға оралғаның жөн болған. А то мен сені біржола ауылда қалды ғой, өшті ғой деп қорқа бастап едім... Келіншек Асаудың қайдан келгенін елестетуге тырысты. Мидай жазық кешкі дала. Батар күнді бауырына алып көкжиекте зымыраған жас айғырдың алдында құйрық шанша безінген тұмса байтал соңында шұбалаңдап күміс шаң қалып барады. Батар күннің қырмызы нұры, дала төсінде жұлдызша зырқыраған жас айғыр бойында шулаған тентек қан. - Құттықтап қоюыңа болады, Саттар, орталықтан үй алдық!. Келіншек іштей «Аспирантураға түскенін неғып бұрынырақ айтпады екен» деп таң қалды. Мынау Асаудың бойында жылқы баласына тән көркем бітімнің бәрі бар. Қайшыланған қамыс құлақтан, тостағандай төрт тұяққа дейін көз іркеді. Жас айғырдың көзінде маздаған шәлкес шоқты да әйел назары қалт жібермеді. «Бұл шоқ оны бұл өмірде тегін күйсетіп қоймас, бұл шоқ оны бір қараға ұрындырар. Не қансоқта қиқулы бәйгеге бас тіктірер, Гүлайым бір нәрсе таныса мынау - оллаһи, жай ат емес, бәйге аты!» Жалмырзаның сөзіне бас шұлғып тұрған Асау бір сәт басын биік көтеріп алысқа құлақ тікті. Бел астынан үйір шұрқырасын естігендей, құлағы тікшиіп енді-енді кісінеп жіберердей бір әдемі ереуіл кейіп алып еді... Әйел жүрегін тентек тілек шабақтап өтті. Осы қалыпта тұрған жас айғырдың мойнына асыла кеткісі келді оның. Асыла кетіп жусан исі бұрқыраған қайратты мойынға танауын төсеп жіберіп қор-қор иіскегісі келген еді оның. - Ал енді бір қолың тигенде үйге кел, студент он шақты, Қазақстанға шашылып кеткен есіл ерлерді еске түсірелік! - деп Жалмырза үйінің адресін беріп жатты. Саттар есі бір жақта, өзі бір жақта ойланып қалыпты. Оны Жалмырза «менің әңгімемнің әсерінен» деп түсінді: «Да, Жәкеңнің биылғы қол жеткен табысы талайды ойлантпай қоймас». Дегенмен Жалмырза қателескен-ді. Саттар жоғары қарағанда, қала үстінде масадай сыңсып ұшқан қалың жебеге көзі түскен-ді және соның мәнісін ұға алмай дал күйде қалған-ды.

Бөлісу: