ІІ БӨЛІМ

19 Қараша 2013, 06:21

Палатада алты әйел жатыр екен. Медбикенің сүйеуімен, тізесі дір-дір етіп, есіктен кіре берген Қамардың алдынан шыққан мығым денелі, аяқ-қолы балғадай келіншек мұны көріп жарқылдай сөйледі: - О-о, міне, енді түгенделдік.  Бізде үш ұл, үш қыз боп тұрған, сенікі кім? - Қыз бала. - Е, дұрыс бопты. Сен не, ұл күтіп жүр ме едің - көңілсізсің ғой? Қамар басын шайқады. Тап қазір сөйлесуге еш құлқы жоқ еді. Аяғынан әл кетіп, буын-буыны дірілдеп әзер тұрған ол медбике нұсқаған есік жақтағы бос керуетке отыра кетті. Көңілсіз болар реті бар-ды - бөпесі сегіз айлық болып шала туды. Босандырып алған акушер, тәжірибесіздігінен болар, жүкті әйелдерге консультацияда ашылатын кітапшаға қарап: «Ой, мамаша, сегіз айлық баланың тірі қалу-қалмауы неғайбыл. Сондықтан әрі қарай не болатыны белгісіз. Бірақ басың жас қой, әлі талай бала туасың» деп қойып қалғаны. Төбесінен жай түскендей болды...  Төсегіне бетін қабырға жаққа беріп, теріс қарап жатты да ішкі дүниесін билеген алай-дүлей сезімге ие бола алмай, көз жасына ерік берді. Бүкіл жан-дүниесі астан-кестен болып, көкірегі удай ашып, әлдебір қара күш аяусыз сығымдап жатқандай тынысы тарылды. Дем жетпей, жүрегі қысылып бара жатса да басына бүркеп алған көрпесін ашпай, ащы даусы шығып кетпес үшін аузын жастықпен тұмшалап, әбден сілесі қатқанша жылады. Арада біраз уақыт өткен соң ғана буын-буыны ұйып, әлі құрып, көзі ілініп бара жатты. Жаңа келген келіншектің көрпе астында солқ-солқ етіп жылап жатқанын палатадағылар әркім өзінше жорып, бір-біріне үнсіз қарасып отырып қалды. «Баласы аман ба екен байғұстың?» деп ойлады үшінші сәбиін дүниеге әкеліп жатқан Гүлжан. Өзінің екінші ұлды дүниеге әкелгеніне марқайып, басқаларға шекесінен қарап жүрген Нағима: «Ұл тумадым деп жылап жатқан шығар» деп түйді. «Бұл да мен сияқты күйеусіз туған ғой...» Қарсы керуетте жатқан Күләштің ойына өзінің мүшкіл жайы түсіп, іші бордай үгітіліп бара жатты. Өзінің көрікті екенін білетін Диляра әдетімен айнаға қарап, кекілін біресе көзіне түсіре тарап, біресе кері қайырып отырған, солқ-солқ етіп жатқан келіншек жаққа қарап, басын шайқады: «Тууын туып ап, жылағаны несі? Өйтіп не шешпекші?» Люба әдетінше ұйықтап жатқан, палатаға жаңа тұрғынның келгенін білген де жоқ. Төр жақ төсектегі Сәуле «Босанған кездегі стресс қой, жылап алғаны да дұрыс»  деп ой түйіп,  Қамарға қарай беттей берген Гүлжанды ымдап тоқтатты.  Түні бойы ұйықтамаған, оның үстіне акушердің түйеден түскендей сөздерінен жаны шошынып, әбден жылаған Қамар шаршап қалыпты. Оны ұйқысынан бұрын-соңды естіп көрмеген бір әуен оятты. Сонау алыстан басталып, бірте-бірте үдей түскен, едені кедір-бұдырлы дәлізбен дүрсілдей айналған дөңгелектер дыбысымен қоса қабаттаса естілген жұмбақ әуенге құлақ түріп, сол сәтте әбігерлене қалған қасындағыларға сұраулы жүзбен қарады. Әйелдердің жүздеріне шуақ тұнып, еріндеріне мейірлі жымиыс үйіріліп, төсектеріне жайғаса отыра бастағанынан бұл - олардың асыға күтіп отырған әуені екенін ұқты. Сиқырлы әуен бойын еліттіріп, орнынан қалай атып тұрғанын, төсегіне жайғасып отырғанын байқамай да қалды. Жақындаған сайын Қамардың тұлабойын шымырлатып, жүрегін атқақтата соқтырған ғажайып әуен - емізуге әкеле жатқан нәрестелердің жамырай айтқан іңгәсі еді. Сырғыма төсекке қатарластыра жатқызылған бөбектер өздерінің бар талап-тілектерін: қарны ашқанын, шөлдегенін, жайсыз жатқанын, орауы денесіне батқанын, жөргегі ылғалданып қалғанын...  білдіру үшін  аналарына шағынып, шулап жылап келе жатты: іңгә-ә... іңгә-ә... іңгә-ә...   Палатаның есігі сарт етіп ашылып, дік-дік басқан медбике балаларды аналарына тарата бастады. Оның екі баланы екі қарына салып алып ұстайтынына Қамар таңдана қарады.  «Абайламаса, баланың басын есіктің жақтауына соғып алуы да мүмкін-ау» деген ой зәресін ұшырып, тіпті «балаларды бір-бірден әкелсеңізші» дегісі келіп те оқталды. Медбике палатаға кіріп-шыққан сайын оған еміне қарап отырған жас ана оның төртінші кіргенде тіп-титтей түйіншекті алақанына салып әкеле жатқанын көріп, жүрегі лүпілдей жөнелді. Медбике бұған еңкейіп жадырай сөйледі: «Міне, сіздің сұлуыңыз!» Тұла бойы қалтырай сәбиіне қарай қос қолын созған Қамардың алдына титтей түйіншекті еппен жатқызған медбике тағы да күлімдей тіл қатты: «Кіп-кішкентай өзі, алақанға сыйып кетеді. Жылауды да білмейді... шала туған ғой... Сіз бірақ уайымдамаңыз, жақсылап емсе, күтімі болса, тез-ақ қатарластарын қуып жетеді... емізе беріңіз...» Бірақ бөпесі ол жолы мәмесін ембеді. Келесі жолы да сөйтті. Тіпті көзін де ашқан жоқ. Медбике оның мұрнын қысып, біраз жұлмалап еді, бөпесі бет-аузын бүрістіріп, кемсең-кемсең етті - бала мысық сияқтынап, әлсіз пырс-пырс еткені болмаса, тіпті даусы да шыққан жоқ. Оның аянышты түрін көргенде Қамардың жаны шығып кете жаздап: «Жарайды, жарайды, оянар өзі, жылатпаңызшы» деп безектеп медбикеге жалынды. Бұл кезде сәнқой Диляра қасында жатқан баласының іңгәлағанын естімегендей бір нүктеге безірейе қарап отыр еді. Медбикенің «балаңызды емізбейсіз бе?» дегенін жақтырмағандай кекірейе көз тастап, кекілін сілкіп, басын шайқады. Түкке түсінбей аңтарылып қалған әйелдерді де, көзін жыпылықтатып тұрған медбикені де таңқалдырып: «Екінші рет әкелмеңіз. Емізбеймін!» деді нығыздай сөйлеп. - Сонда не? Балаңыздан бас тартасыз ба? - деді медбике сыбырлай сөйлеп. - Неге бас тартам? Просто емізбеймін... Искусственник болады... Палатадан атыла сыртқа шыққан медбике іле дәрігерді ертіп әкелді. Диляра оған да жаңағы сөздерін қайталады. - Шырағым-ау, балаңның қарны ашып жатыр ғой, қазір емізші... - Қалай түсінбейсіздер? Емізбеймін дедім ғой. Қарны ашса, сүт берерсіздер. - Тап қазір дайын сүт жоқ. Әйелдерден жинап алғанша, оны қайнатып, суытқанша қанша уақыт өтеді? Соған дейін шырылдатып қоясың ба балаңды? Диляра естімегендей сыңай танытты. Бет-жүзінен аяушылық білінген жоқ. - Мұндай да сұмдық болады екен... Енді қайттік?.. Палатадағылар оқыс жайдан естерін жия алмай қалған болулары керек, ешкім ләм-мим демеді. Дәрігердің таусыла сөйлегені әсер етті ме, әлде нәрестенің шырылдаған үнін тыңдап отыра беруге төзімі жетпеді ме, кенет Күләш батылсыздау тіл қатты: - Баланы бүгін мен емізіп берейін... Дәрігер оған  бір, Диляраға бір қарап, сәл бөгелді. «Бәлкім, аналық қызғанышы оянар, сәбиін бермес» деген үміті де жоқ емес еді. Бірақ Диляраның иығын қиқаң еткізгенінен ол үмітінің ақталмасын түсініп, күрсінді де, сәбиді Күләштің қолына ұстатты. «Құдай-ай, сақтай гөр! Не деген қатыгездік! - деп ойлады Қамар қасында пысылдап жатқан бөпесіне елжірей қарап. - Өз баласын емізбеймін дегені несі? Балапаным аман болса, қанша қаласа да емізе берер едім...» Оқыс оқиға перзентханаға лезде тарап кетті. Келесі күні бөлім меңгерушісі, бас дәрігер кезек-кезек келіп ақылдарын айтты, бірақ  бәрі де зая кетті - көркем келіншек айтқанынан қайтпай қойды. Оқиғаның төтеншелігін ескеріп, келесі емізу кезінде дәрігер палатаға Диляраның күйеуін де кіргізді. Әскери киім киген жас жігіт келіншегінің алдына тізерлеп отырып, баланы емізші деп, өлердегі сөзін айтып жалынса да, оның сұлу өңі жылымай қойды. «Сен ұл туып берсең болды, өзім бағам, өзім күтем» дегенсің», - деді сосын күйеуінің сөзін есіне салып. «Бағамын. Екеуіңді де бағамын. Тек емізіп отырсаң болды» деді күйеуі. «Жоқ, - деді келіншек көзі суық жарқылдап, - бала емізсем мүсінім бұзылады. Жүр дейсің ғой маған буылтық-буылтық боп! Емізбеймін! Сөз бітті!» Шырылдаған баласын қолына алып, алақ-жұлақ етіп тұрған жас әкені әйелдер аяп кетті: біреуі көзін сығып алса, екіншісі тап өзі кінәлідей көзімен жер шұқыды. Бір кезде Күләштің: «Әкеліңіз, мен емізіп берейін...» деген бәсең үні шыққанда иықтарынан жүк түскендей «уһ» десті. Жас әке баласын Күләштің қолына ұстатып, өзі төсектің қасына тізерлеп отыра кетті. Енді бір сәтте ұлының тынышталып, алаңсыз ұйықтап кеткенін көріп, әйеліне бұрылып қарамастан палатадан нық басып шығып кетті де содан қайтып оралған жоқ... Келесі күндері де анасы бұрылмай қойған баланы аяп, Күләш әдетінше емізіп жүрді. Ал Қамардың бөпесі сол қалпы - не ембейді, не жыламайды, бір уыс болып жатады да қояды. Кеше жас ана бөпесін қолына алып «жаным-ау, тым болмаса даусыңды шығаршы» деп әбден жылады. Палатадағы әйелдер де бұлардың жағдайынан хабардар болып қалған, сондықтан баласын баурына басып, ебіл-дебілі шығып жылап отырған келіншекке аяй қарап, үнсіз күрсіністі. Күн өткен сайын Қамардың бойын билеген «япырай, жағдайымыз қалай болар екен?» деген қорқыныш үдей түсіп, түнемелікке көз ілмей, жаратушыға жалбарынып жылап жүрді. Неше күн бойы бөпесінің жай-күйінен жаңалық күтумен шаршаған Қамар таңертеңгі емізу алдында селқос отырған. Кедір-бұдыр еденді дүрсілтеткен дөңгелектер дыбысы естілгенде де әдеттегідей дайындала бастаған жоқ. Тек «іңгәлаған» сиқырлы әуеннің арасынан бір жұмбақ дыбыс естілгенде... селт ете қалған... емізуге әкеле жатқан бөбектердің жамырай айтқан «іңгәсі» әлсіз ғана шыққан «и-у», «и-у» деген түсініксіз дыбысты көміп кетіп жатты. Қамар ұшып кете жаздап, бар ынтасымен дәлізге құлақ түрді. Дөңгелектер дүрсілі жақындаған сайын  «и-у», «и-у» деген жұмбақ дыбыс та анық естіле бастады. «Менің қызым!» деді бір кезде ол жүзі жайнап. Сөйткенше болған жоқ, есік тарс ашылып, медбике кіріп келді - қолындағы «и-у», «и-у» деп шиқ-шиқ еткен түйіншекті Қамарға ұсына беріп, «ту-у, бұл сұлу бір жыламайды екен, ал жыласа тоқтамайды екен» деп жадырай күлді. Қамар қызыл иегі көріне «и-у», «и-у» деп бой бермей шиқылдап жатқан кішкентайын қолына алып, «Құп-құйттай қара тышқаным-ау сол, шиқ-шиқ еткен даусыңнан айналдым сенің... - деп жылап жіберді. - Сен аман қалады екенсің!» Әрине, аман қалады! Ең сұлу, ең ақылды қыз болады әлі... - Шала туғандар бір жерді тесіп шығады... - деп, неше күннен бері Қамарды аяп жүрген палатадағы әйелдер жамырай қостай жөнелді... Ал бұларға күлімсірей қарап тұрған медбике қыз аузын бұртитып, Қамарға өкпелей тіл қатты: - Түу, тәте, сұп-сұлу қызды «қара тышқан» дегеніңіз не? Әдемі бір атпен атамайсыз ба? - Қазақ сүйгенін «шұнағым» деген ғой, сіңлім, - деді осы палатадағы жасы үлкенірек әйел Гүлжан. Сосын Қамарға бұрылып: Ат ойластырып па едіңдер? - деп сұрады. - Әрине. Асыл тастай жарқырап, жан-жағына сәулесін шашып жүрсін деп, қыз болса атын «Меруерт» қоямыз деп келіскенбіз... - Меруерт! Әдемі есім! - Теңіздің ең тереңінен алынатын асыл тас қой! - Ортасының сәні болсын! Көрген көзді қуантсын! Палатадағылар шын тілектестігін білдіріп, жүрекжарды тілектерін айтып жатқанда кішкентай Меруерт алғаш рет мәмесін емді. Екі-үш күннен кейін әйелдер бір-бірлеп үйлеріне шыға бастады. Әуелі үйдегі екі баласына алаңдаумен жүрген Гүлжан кетті. Екінші ұлын көтеріп шыққан Нағиманың құшағын гүлге толтырған күйеуі баласын ала салып, машинаға барып отырып алғанына әйелдер терезеден қарап, мәз болысты. Сосын Сәуленің туыс-туғандары келіп улап-шулап, шампан атып, шығарып алып кетті. Терезеден қарағыштап жүрген Диляра күйеуінің машинасын көріп, дәлізге жүгіріп шығып еді... ол бұл жаққа мойнын да бұрмай, бас дәрігер отыратын кабинетке кіріп кетті. Люба да тықыршып жүрген, тәлтіректеп әзер тұрған күйеуін көріп, ашуланып,  біраз шықпай отырып алды. Сәлден кейін кезекші дәрігер келіп  Күләшті ертіп әкетті. Сол жерде сөмкесінен қос-қостан алған бала орайтын көрпені, жаялықтар мен жөргектерді шығарып жатып, әскери жігіт күтпеген ұсыныс жасады:   «Мен сіздің жағдайыңызға қанықпын, өтінемін, бізбен бірге тұра тұрыңызшы, барлық жағдайыңызды жасаймын, тек баламды емізсеңіз болды».  Мұндайды күтпеген Күләш не дерін білмей, бар болғаны солқылдап жылай берді. Бас дәрігердің «Тым болмаса, балаға күтуші тапқанша емізе тұр. Өзіңнің де әзірге барар жерің жоқ қой» деген уәжінен кейін көз жасын сүртіп, басын изеді. Палатадағылардың ең соңында қалған Қамар үйіне шыққанша асығып, күйеуі келгенше терезеге жүз барған шығар. «Неменеге кешігіп жатыр?» деп іштей ренжіп те қойды жол қарап тұрып. Бір қолында үлкен қоңыр сөмкесі, бір қолында қызғалдақ гүлі бар Асылханды және оның ізін ала қорабы қызғылт жіппен байланған тортты көтеріп, баяу басып келе жатқан анасын көргенде жүрегі шым ете қалды: «Апам келген екен ғой!»  Киім ауыстыратын бөлмеге сөмкені кіргізген Асылхан Любаның баласы мен өзінің қызы қатар жатқан үстелге мойнын созып қарап үлгірді. Сыртқа шыққан соң анда-санда енесіне еркелеп, қалжыңдап сөйлейтін әдетімен: «Апа, екі баланы киіндіріп жатыр, біреуі қап-қара. Масқара болғанда бізге соны беріп жіберетін шығар...» деп күле сөйлегенін іштегі Қамар естіп, жымиып қойды. «Өзі бір әппақ адамдай сөйлеуін қарашы...» Бұлар бөпелерін көтеріп, перзентхана ауласынан  шыға бергенде мұнда балаларды емізуге әкелетін уақыт таяп қалған-ды: ашық тұрған терезелерден жамырай шыққан «ің-гә, ің-гәні» естігенде жас ананың көкірегі иіп қоя берді. Сиқырлы әуенге елти құлақ түріп, өмірдің таусылмас жыры айтылып жатқан  қасиетті мекен - перзентханаға қимастықпен қараған Қамар жүрісін баяулатып, сәл-пәл бөгелді. Осынау ауладан ешқандай ұлы музыкамен салыстыруға келмейтін сиқырлы әуенді - перзентхана жырын жүрегіне мәңгі ұялатып әкетіп бара жатқанын, сол әуенді сағынып, бұл мекенге әлі де талай ораларын ұқты. Жүрегін шаттық кернеп, жалма-жан қызының бетіндегі бүркеуін ашып еді, ол ернін бүлкілдете сорып, сәл жымиған қалпы алаңсыз ұйықтап жатыр екен...   25.02.2009 Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Палатада алты әйел жатыр екен. Медбикенің сүйеуімен, тізесі дір-дір етіп, есіктен кіре берген Қамардың алдынан шыққан мығым денелі, аяқ-қолы балғадай келіншек мұны көріп жарқылдай сөйледі:

- О-о, міне, енді түгенделдік.  Бізде үш ұл, үш қыз боп тұрған, сенікі кім?

- Қыз бала.

- Е, дұрыс бопты. Сен не, ұл күтіп жүр ме едің - көңілсізсің ғой?

Қамар басын шайқады. Тап қазір сөйлесуге еш құлқы жоқ еді. Аяғынан әл кетіп, буын-буыны дірілдеп әзер тұрған ол медбике нұсқаған есік жақтағы бос керуетке отыра кетті.

Көңілсіз болар реті бар-ды - бөпесі сегіз айлық болып шала туды. Босандырып алған акушер, тәжірибесіздігінен болар, жүкті әйелдерге консультацияда ашылатын кітапшаға қарап: «Ой, мамаша, сегіз айлық баланың тірі қалу-қалмауы неғайбыл. Сондықтан әрі қарай не болатыны белгісіз. Бірақ басың жас қой, әлі талай бала туасың» деп қойып қалғаны. Төбесінен жай түскендей болды... 

Төсегіне бетін қабырға жаққа беріп, теріс қарап жатты да ішкі дүниесін билеген алай-дүлей сезімге ие бола алмай, көз жасына ерік берді. Бүкіл жан-дүниесі астан-кестен болып, көкірегі удай ашып, әлдебір қара күш аяусыз сығымдап жатқандай тынысы тарылды. Дем жетпей, жүрегі қысылып бара жатса да басына бүркеп алған көрпесін ашпай, ащы даусы шығып кетпес үшін аузын жастықпен тұмшалап, әбден сілесі қатқанша жылады. Арада біраз уақыт өткен соң ғана буын-буыны ұйып, әлі құрып, көзі ілініп бара жатты.

Жаңа келген келіншектің көрпе астында солқ-солқ етіп жылап жатқанын палатадағылар әркім өзінше жорып, бір-біріне үнсіз қарасып отырып қалды.

«Баласы аман ба екен байғұстың?» деп ойлады үшінші сәбиін дүниеге әкеліп жатқан Гүлжан.

Өзінің екінші ұлды дүниеге әкелгеніне марқайып, басқаларға шекесінен қарап жүрген Нағима: «Ұл тумадым деп жылап жатқан шығар» деп түйді.

«Бұл да мен сияқты күйеусіз туған ғой...» Қарсы керуетте жатқан Күләштің ойына өзінің мүшкіл жайы түсіп, іші бордай үгітіліп бара жатты.

Өзінің көрікті екенін білетін Диляра әдетімен айнаға қарап, кекілін біресе көзіне түсіре тарап, біресе кері қайырып отырған, солқ-солқ етіп жатқан келіншек жаққа қарап, басын шайқады: «Тууын туып ап, жылағаны несі? Өйтіп не шешпекші?»

Люба әдетінше ұйықтап жатқан, палатаға жаңа тұрғынның келгенін білген де жоқ.

Төр жақ төсектегі Сәуле «Босанған кездегі стресс қой, жылап алғаны да дұрыс»  деп ой түйіп,  Қамарға қарай беттей берген Гүлжанды ымдап тоқтатты. 

Түні бойы ұйықтамаған, оның үстіне акушердің түйеден түскендей сөздерінен жаны шошынып, әбден жылаған Қамар шаршап қалыпты. Оны ұйқысынан бұрын-соңды естіп көрмеген бір әуен оятты. Сонау алыстан басталып, бірте-бірте үдей түскен, едені кедір-бұдырлы дәлізбен дүрсілдей айналған дөңгелектер дыбысымен қоса қабаттаса естілген жұмбақ әуенге құлақ түріп, сол сәтте әбігерлене қалған қасындағыларға сұраулы жүзбен қарады. Әйелдердің жүздеріне шуақ тұнып, еріндеріне мейірлі жымиыс үйіріліп, төсектеріне жайғаса отыра бастағанынан бұл - олардың асыға күтіп отырған әуені екенін ұқты.

Сиқырлы әуен бойын еліттіріп, орнынан қалай атып тұрғанын, төсегіне жайғасып отырғанын байқамай да қалды. Жақындаған сайын Қамардың тұлабойын шымырлатып, жүрегін атқақтата соқтырған ғажайып әуен - емізуге әкеле жатқан нәрестелердің жамырай айтқан іңгәсі еді. Сырғыма төсекке қатарластыра жатқызылған бөбектер өздерінің бар талап-тілектерін: қарны ашқанын, шөлдегенін, жайсыз жатқанын, орауы денесіне батқанын, жөргегі ылғалданып қалғанын...  білдіру үшін  аналарына шағынып, шулап жылап келе жатты: іңгә-ә... іңгә-ә... іңгә-ә...  

Палатаның есігі сарт етіп ашылып, дік-дік басқан медбике балаларды аналарына тарата бастады. Оның екі баланы екі қарына салып алып ұстайтынына Қамар таңдана қарады.  «Абайламаса, баланың басын есіктің жақтауына соғып алуы да мүмкін-ау» деген ой зәресін ұшырып, тіпті «балаларды бір-бірден әкелсеңізші» дегісі келіп те оқталды. Медбике палатаға кіріп-шыққан сайын оған еміне қарап отырған жас ана оның төртінші кіргенде тіп-титтей түйіншекті алақанына салып әкеле жатқанын көріп, жүрегі лүпілдей жөнелді. Медбике бұған еңкейіп жадырай сөйледі: «Міне, сіздің сұлуыңыз!»

Тұла бойы қалтырай сәбиіне қарай қос қолын созған Қамардың алдына титтей түйіншекті еппен жатқызған медбике тағы да күлімдей тіл қатты: «Кіп-кішкентай өзі, алақанға сыйып кетеді. Жылауды да білмейді... шала туған ғой... Сіз бірақ уайымдамаңыз, жақсылап емсе, күтімі болса, тез-ақ қатарластарын қуып жетеді... емізе беріңіз...»

Бірақ бөпесі ол жолы мәмесін ембеді.

Келесі жолы да сөйтті. Тіпті көзін де ашқан жоқ. Медбике оның мұрнын қысып, біраз жұлмалап еді, бөпесі бет-аузын бүрістіріп, кемсең-кемсең етті - бала мысық сияқтынап, әлсіз пырс-пырс еткені болмаса, тіпті даусы да шыққан жоқ. Оның аянышты түрін көргенде Қамардың жаны шығып кете жаздап: «Жарайды, жарайды, оянар өзі, жылатпаңызшы» деп безектеп медбикеге жалынды.

Бұл кезде сәнқой Диляра қасында жатқан баласының іңгәлағанын естімегендей бір нүктеге безірейе қарап отыр еді. Медбикенің «балаңызды емізбейсіз бе?» дегенін жақтырмағандай кекірейе көз тастап, кекілін сілкіп, басын шайқады. Түкке түсінбей аңтарылып қалған әйелдерді де, көзін жыпылықтатып тұрған медбикені де таңқалдырып: «Екінші рет әкелмеңіз. Емізбеймін!» деді нығыздай сөйлеп.

- Сонда не? Балаңыздан бас тартасыз ба? - деді медбике сыбырлай сөйлеп.

- Неге бас тартам? Просто емізбеймін... Искусственник болады...

Палатадан атыла сыртқа шыққан медбике іле дәрігерді ертіп әкелді. Диляра оған да жаңағы сөздерін қайталады.

- Шырағым-ау, балаңның қарны ашып жатыр ғой, қазір емізші...

- Қалай түсінбейсіздер? Емізбеймін дедім ғой. Қарны ашса, сүт берерсіздер.

- Тап қазір дайын сүт жоқ. Әйелдерден жинап алғанша, оны қайнатып, суытқанша қанша уақыт өтеді? Соған дейін шырылдатып қоясың ба балаңды?

Диляра естімегендей сыңай танытты. Бет-жүзінен аяушылық білінген жоқ.

- Мұндай да сұмдық болады екен... Енді қайттік?..

Палатадағылар оқыс жайдан естерін жия алмай қалған болулары керек, ешкім ләм-мим демеді. Дәрігердің таусыла сөйлегені әсер етті ме, әлде нәрестенің шырылдаған үнін тыңдап отыра беруге төзімі жетпеді ме, кенет Күләш батылсыздау тіл қатты:

- Баланы бүгін мен емізіп берейін...

Дәрігер оған  бір, Диляраға бір қарап, сәл бөгелді. «Бәлкім, аналық қызғанышы оянар, сәбиін бермес» деген үміті де жоқ емес еді. Бірақ Диляраның иығын қиқаң еткізгенінен ол үмітінің ақталмасын түсініп, күрсінді де, сәбиді Күләштің қолына ұстатты.

«Құдай-ай, сақтай гөр! Не деген қатыгездік! - деп ойлады Қамар қасында пысылдап жатқан бөпесіне елжірей қарап. - Өз баласын емізбеймін дегені несі? Балапаным аман болса, қанша қаласа да емізе берер едім...»

Оқыс оқиға перзентханаға лезде тарап кетті. Келесі күні бөлім меңгерушісі, бас дәрігер кезек-кезек келіп ақылдарын айтты, бірақ  бәрі де зая кетті - көркем келіншек айтқанынан қайтпай қойды. Оқиғаның төтеншелігін ескеріп, келесі емізу кезінде дәрігер палатаға Диляраның күйеуін де кіргізді. Әскери киім киген жас жігіт келіншегінің алдына тізерлеп отырып, баланы емізші деп, өлердегі сөзін айтып жалынса да, оның сұлу өңі жылымай қойды. «Сен ұл туып берсең болды, өзім бағам, өзім күтем» дегенсің», - деді сосын күйеуінің сөзін есіне салып. «Бағамын. Екеуіңді де бағамын. Тек емізіп отырсаң болды» деді күйеуі. «Жоқ, - деді келіншек көзі суық жарқылдап, - бала емізсем мүсінім бұзылады. Жүр дейсің ғой маған буылтық-буылтық боп! Емізбеймін! Сөз бітті!»

Шырылдаған баласын қолына алып, алақ-жұлақ етіп тұрған жас әкені әйелдер аяп кетті: біреуі көзін сығып алса, екіншісі тап өзі кінәлідей көзімен жер шұқыды. Бір кезде Күләштің: «Әкеліңіз, мен емізіп берейін...» деген бәсең үні шыққанда иықтарынан жүк түскендей «уһ» десті.

Жас әке баласын Күләштің қолына ұстатып, өзі төсектің қасына тізерлеп отыра кетті. Енді бір сәтте ұлының тынышталып, алаңсыз ұйықтап кеткенін көріп, әйеліне бұрылып қарамастан палатадан нық басып шығып кетті де содан қайтып оралған жоқ... Келесі күндері де анасы бұрылмай қойған баланы аяп, Күләш әдетінше емізіп жүрді.

Ал Қамардың бөпесі сол қалпы - не ембейді, не жыламайды, бір уыс болып жатады да қояды. Кеше жас ана бөпесін қолына алып «жаным-ау, тым болмаса даусыңды шығаршы» деп әбден жылады. Палатадағы әйелдер де бұлардың жағдайынан хабардар болып қалған, сондықтан баласын баурына басып, ебіл-дебілі шығып жылап отырған келіншекке аяй қарап, үнсіз күрсіністі. Күн өткен сайын Қамардың бойын билеген «япырай, жағдайымыз қалай болар екен?» деген қорқыныш үдей түсіп, түнемелікке көз ілмей, жаратушыға жалбарынып жылап жүрді.

Неше күн бойы бөпесінің жай-күйінен жаңалық күтумен шаршаған Қамар таңертеңгі емізу алдында селқос отырған. Кедір-бұдыр еденді дүрсілтеткен дөңгелектер дыбысы естілгенде де әдеттегідей дайындала бастаған жоқ. Тек «іңгәлаған» сиқырлы әуеннің арасынан бір жұмбақ дыбыс естілгенде... селт ете қалған... емізуге әкеле жатқан бөбектердің жамырай айтқан «іңгәсі» әлсіз ғана шыққан «и-у», «и-у» деген түсініксіз дыбысты көміп кетіп жатты. Қамар ұшып кете жаздап, бар ынтасымен дәлізге құлақ түрді. Дөңгелектер дүрсілі жақындаған сайын  «и-у», «и-у» деген жұмбақ дыбыс та анық естіле бастады. «Менің қызым!» деді бір кезде ол жүзі жайнап.

Сөйткенше болған жоқ, есік тарс ашылып, медбике кіріп келді - қолындағы «и-у», «и-у» деп шиқ-шиқ еткен түйіншекті Қамарға ұсына беріп, «ту-у, бұл сұлу бір жыламайды екен, ал жыласа тоқтамайды екен» деп жадырай күлді.

Қамар қызыл иегі көріне «и-у», «и-у» деп бой бермей шиқылдап жатқан кішкентайын қолына алып, «Құп-құйттай қара тышқаным-ау сол, шиқ-шиқ еткен даусыңнан айналдым сенің... - деп жылап жіберді. - Сен аман қалады екенсің!»

Әрине, аман қалады!

Ең сұлу, ең ақылды қыз болады әлі...

- Шала туғандар бір жерді тесіп шығады... - деп, неше күннен бері Қамарды аяп жүрген палатадағы әйелдер жамырай қостай жөнелді...

Ал бұларға күлімсірей қарап тұрған медбике қыз аузын бұртитып, Қамарға өкпелей тіл қатты:

- Түу, тәте, сұп-сұлу қызды «қара тышқан» дегеніңіз не? Әдемі бір атпен атамайсыз ба?

- Қазақ сүйгенін «шұнағым» деген ғой, сіңлім, - деді осы палатадағы жасы үлкенірек әйел Гүлжан. Сосын Қамарға бұрылып: Ат ойластырып па едіңдер? - деп сұрады.

- Әрине. Асыл тастай жарқырап, жан-жағына сәулесін шашып жүрсін деп, қыз болса атын «Меруерт» қоямыз деп келіскенбіз...

- Меруерт! Әдемі есім!

- Теңіздің ең тереңінен алынатын асыл тас қой!

- Ортасының сәні болсын! Көрген көзді қуантсын!

Палатадағылар шын тілектестігін білдіріп, жүрекжарды тілектерін айтып жатқанда кішкентай Меруерт алғаш рет мәмесін емді.

Екі-үш күннен кейін әйелдер бір-бірлеп үйлеріне шыға бастады. Әуелі үйдегі екі баласына алаңдаумен жүрген Гүлжан кетті. Екінші ұлын көтеріп шыққан Нағиманың құшағын гүлге толтырған күйеуі баласын ала салып, машинаға барып отырып алғанына әйелдер терезеден қарап, мәз болысты. Сосын Сәуленің туыс-туғандары келіп улап-шулап, шампан атып, шығарып алып кетті. Терезеден қарағыштап жүрген Диляра күйеуінің машинасын көріп, дәлізге жүгіріп шығып еді... ол бұл жаққа мойнын да бұрмай, бас дәрігер отыратын кабинетке кіріп кетті. Люба да тықыршып жүрген, тәлтіректеп әзер тұрған күйеуін көріп, ашуланып,  біраз шықпай отырып алды.

Сәлден кейін кезекші дәрігер келіп  Күләшті ертіп әкетті. Сол жерде сөмкесінен қос-қостан алған бала орайтын көрпені, жаялықтар мен жөргектерді шығарып жатып, әскери жігіт күтпеген ұсыныс жасады:   «Мен сіздің жағдайыңызға қанықпын, өтінемін, бізбен бірге тұра тұрыңызшы, барлық жағдайыңызды жасаймын, тек баламды емізсеңіз болды».  Мұндайды күтпеген Күләш не дерін білмей, бар болғаны солқылдап жылай берді. Бас дәрігердің «Тым болмаса, балаға күтуші тапқанша емізе тұр. Өзіңнің де әзірге барар жерің жоқ қой» деген уәжінен кейін көз жасын сүртіп, басын изеді.

Палатадағылардың ең соңында қалған Қамар үйіне шыққанша асығып, күйеуі келгенше терезеге жүз барған шығар. «Неменеге кешігіп жатыр?» деп іштей ренжіп те қойды жол қарап тұрып. Бір қолында үлкен қоңыр сөмкесі, бір қолында қызғалдақ гүлі бар Асылханды және оның ізін ала қорабы қызғылт жіппен байланған тортты көтеріп, баяу басып келе жатқан анасын көргенде жүрегі шым ете қалды: «Апам келген екен ғой!» 

Киім ауыстыратын бөлмеге сөмкені кіргізген Асылхан Любаның баласы мен өзінің қызы қатар жатқан үстелге мойнын созып қарап үлгірді. Сыртқа шыққан соң анда-санда енесіне еркелеп, қалжыңдап сөйлейтін әдетімен: «Апа, екі баланы киіндіріп жатыр, біреуі қап-қара. Масқара болғанда бізге соны беріп жіберетін шығар...» деп күле сөйлегенін іштегі Қамар естіп, жымиып қойды. «Өзі бір әппақ адамдай сөйлеуін қарашы...»

Бұлар бөпелерін көтеріп, перзентхана ауласынан  шыға бергенде мұнда балаларды емізуге әкелетін уақыт таяп қалған-ды: ашық тұрған терезелерден жамырай шыққан «ің-гә, ің-гәні» естігенде жас ананың көкірегі иіп қоя берді. Сиқырлы әуенге елти құлақ түріп, өмірдің таусылмас жыры айтылып жатқан  қасиетті мекен - перзентханаға қимастықпен қараған Қамар жүрісін баяулатып, сәл-пәл бөгелді. Осынау ауладан ешқандай ұлы музыкамен салыстыруға келмейтін сиқырлы әуенді - перзентхана жырын жүрегіне мәңгі ұялатып әкетіп бара жатқанын, сол әуенді сағынып, бұл мекенге әлі де талай ораларын ұқты.

Жүрегін шаттық кернеп, жалма-жан қызының бетіндегі бүркеуін ашып еді, ол ернін бүлкілдете сорып, сәл жымиған қалпы алаңсыз ұйықтап жатыр екен...

 

25.02.2009

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: