І БӨЛІМ

19 Қараша 2013, 06:20

Қызым Меруертке          Босанатын уақыты таяп қалса да Қамар  тіптен алаңсыз: жүріп-тұруы да жеп-жеңіл, еш жері ауырмайды да, көңілі шапқан тағамды жеп, қалаған жеріне бұрынғыдай барып-келіп жүр. Айналасындағылардың да оның  дөңгеленген ішіне көздері үйреніп кеткендей, құрбы-құрдастары көрген сайын «саған мүсініңнің осындай болғаны жарасады» деседі әзіл-шыны аралас. Қамар олардың сөздеріне мәз болып күліп, күйеуіне наздана қарайды. Мұндайда сөз таппай қалатын Асылхан ба, «жарайды, сендердің көздерің ондай әдеміліктен үнемі сусындап жүруі үшін Қамар екеуміз ойланып көреміз» дейді келіншегіне көзін қулана қысып қойып. Жастықпен ештеңе байқамады ма, әлде өзі мән бермеді ме, Қамар жұрт айтатындай ештеңеге жерік те болған жоқ. Бұрынырақ сәбилі болған құрбыларынан сұрағанда «ой, токсикоз басталғанда көресің көресіңді» деп шошытып еді, ондай «сынақ» мұны айналып өтті. «Жерік асыңды беріп, сауабыңды алайын, не нәрсеге аңсарың ауып жүр?» деп жеңгесі хабарласқан, бір келгенінде енесі де айналшықтап, сыр суыртпақтаған.  Келінінің бала сияқты екі иығын қомдап, жайдары жымиғанын жақсылыққа балаған ана «е-е, Аллаға тәубе, бұл - нәрестенің  дені сау, дамуы қалыпты екенін білдіреді, шырағым» деп шүкіршілік еткен. Күн өткен сайын ішіндегі тіршілік иесі өзінің бар екенін жиірек еске салып,  «өнер» көрсететінді шығарды. Әсіресе, бұл тамақ ішетін уақытты өткізіңкіреп алса, ойпаң-тойпаң қимылдай бастайтыны қызық-ақ. Қамардың тамағы құрғап, шөлдесе де ол мықтының тыпырлауы өршіп кетеді. Сірә, оның да қарны ашатын немесе шөлдейтін шығар деп ойлайды болашақ ана. Кейде бала қатты тыпырлап, өкшесі ме, шынтағы ма ішін тесіп жіберердей болып, бүйірінің бір жері шошайып шыға келетіні бар. Қамар алғашында ауырсынатын еді, келе-келе еті үйреніп, тіпті шошайып шыққан жерді саусағымен баса қойып, ойнайтын болды. «Қызық, өкшесін тіреп, керіліп жатыр ма екен?» деп ойлап қояды ондайда. Көзіне тыраң-тыраң етіп керіліп жатқан қызылшақа нәрестені елестетіп, бұрын-соңды бастан кешпеген бір сезім ет-жүрегін елжіретеді. Кеше күйеуі түс көріпті. Түсінде алтын сататын дүкенге кіріп, бұған бір жүзік сатып алғысы келген екен. Сөре толған алтын жүзіктердің ішінен бұған лайықты ештеңе табылмапты. Енді кете берейін дегенде сөренің елеусіздеу бұрышынан айналдыра тізілген сегіз тасы шам жарығына шағылысып, мың құбылып, көз жауын алған ерекше жүзікті көзі шалады. Міне, іздегені осындай жүзік болатын! Жалма-жан қалтасынан ақшасын шығарып, санап жіберсе - әттеген-ай, жетпейді екен... Сол жерде сатушыға «бағасын түсір» деп жата кеп жабысатын көрінеді. Бірақ ондай жүзікті кім арзанға берсін? Сатушы көнбейді. Жүзіктің құнының жоғары екендігін, бүгін болмаса ертең өтіп кететініне сенімді екенін айтып, бұл қанша жалынса да міз бақпайды. Амалы таусылған, бірақ қайткен күнде де сол жүзікті алып кетуге бел буған бұл... сол жерде аңдып тұрып... сатушы бір айнала бергенде жүзікті ұрлап алып, қаша жөнеледі. Кешкі шәй үстінде күліп отырып түсін айтып берген күйеуіне Қамар: «Жүзікті алып қашқан өзіңсің, енді маған қыз тудың деп бәле салма» деді қуақылана. «Бір қыз ештеңе емес қой, бөлімдегі әйелдер маған «Қамар сегіз қыз туады екен» деп жорып жатыр» деп күйеуі де күле жауап берді. «Несі бар, тусам - туам! Әжем ылғи «қыз дегенің - ырыс қой» деп отыратын, қызымыз көп, ырысымыз мол болады» деді Қамар салмақтана қалып. «Ой, батырым-ай! Әуелі осы біріншіңді туып алшы, сосын көрейін батырлығыңның қаншалыққа жеткенін!» деді күйеуі мұны бала сияқты арқасынан қағып. Сол күні екеуінің әңгімесі осы арнада тағы бірнеше рет тоғысып, ұйқыға жатқанға дейін бір-бірін қажап, қалжыңдасумен болды. ... Толғақ аяқ астынан қысты - Қамар шырт ұйқысынан іші ауырып оянды. Босануына әлі бір айдай уақыт бар болатын, сондықтан бірден «кешегі тамақ ішіме жақпай қалды ма?» деген ой келді. Далаға жалғыз шығуға қорқып, күйеуін оятайын десе, оның ұйқысын бұзғысы келмей, «мүмкін қояр» деген үмітпен ішін сипалап біраз отырды. Сәлден кейін алғашқыдай емес, ішінің бұрап ауырғаны бәсеңсігендей болды. Көзіне ұйқы тығылған Қамар төсекті сықырлатпауға тырысып,  жастығына қисая кетті.  Көзі ілінгені сол ғана сияқты еді, іші қайта бұрай ауырды. Бұл жолы бұрынғыдан қаттырақ ауырды, жанына батқаны сондай - қиналған даусы шығып кетті. Селт етіп оянған күйеуі бұған шошына қарап: «Басталды ма? Басталды ма?» деп қайталай береді. Қамар басын шайқады. Күйеуі түкке түсінбеген қалпы әлі қарап тұр. «Әлі бір ай бар...» деді бұл бір кезде әзер сөйлеп. - Енді не болды? - Білмеймін... кешкі тамақ... жақпай қалған шығар... - А-а-а... үйде ондайға дәрі бар ма еді? Ішесің бе? Даусында бағанағы шошудың ізі де қалмапты, тіпті толғақ емес екендігіне қуанып кеткен тәрізді. Көрпесін ашып, жатуға ыңғайланды. Бірақ әйелі ыңқылдап отырғанда бірден жата кетуге ыңғайсызданып, төсегінде шоқиып біраз отырды. Ауруы жанына батып қиналып отырса да, Қамар оның қасында отырғанына риза болып, жүрегін қуаныш кернеді. - Жұмысқа барасың ғой, ұйықтай бер, - деді сосын Қамар оны иығынан сипап, - қоятын шығар...  Айтқанына сендіргісі келіп, жайбарақат сөйлеуге тырысқанымен, ішінің ауырғаны таяу арада басыла қоймады. Іштегі бала да өзін жайсыз сезініп жатыр ма екен, ол да тыпыршып, мазасыздана бастаған сияқты. Қамар білетін дұғаларын күбірлеп, біресе ішін, біресе кеудесін сипалап қаншалықты отырғанын білмейді, әйтеуір бір мезгілде жаны саябыр тауып, арқасын жастыққа сүйеген қалпы көзі ілініп кетіпті.  Үшінші қайтара оянғанында бөлме іші әжептәуір жарық болып қалған екен, көзі қарсы қабырғада ілулі тұрған сағатқа түскен - алтыдан он бес минут кетіпті. Ішінің ауырғаны сондай, көзі қарауытып, кеудесіне дем жетпей, алқынды да қалды. Тұлабойын тер жуып, бір ысып, бір суынған  Қамар келесі бір сәтте жүрегі айнып, лоқси бастағанында «ойпырмай, уланып қалмадым ба екен?» деп зәре-құты қалмады. Іштегі бала да тыпырлап, жоғары өрлеп, мұның жүрегіне қарай тырмысып жатқандай сезінді. Әшейінде сергек ұйықтайтын күйеуі тіпті ештеңені сезер емес. Мұның тістене, ыңырси дем алғаны түгіл, құлағының түбінен мылтық атсаң да дәл қазір естімейтін сияқты. Таңғы ұйқы - ең тәтті ұйқы деген осы шығар... Қамар орнынан ілби көтеріліп, басқа бөлмеге бет алды,  ондағысы - күйеуінің ұйқысын бұзбау. Қабырғаға сүйеніп біраз тұрды: кең бөлменің ауасы сәл де болса бойын сергітіп, жеңілденген сияқты болды. Бірақ онысы көпке барған жоқ, енді белі сыздай бастады. Сонда ғана Қамардың әйелдік санасы ұйқыдан оянып, «ойпырмай, осы  толғақ болмаса нетті?» деген ой жарқ ете қалды. «Бәсе, қалай есімнен шығып кеткен? «Белің ауырады... ішіңнің ауруы белгілі бір уақыт салып, қайталанады, барған сайын жиілей түседі» демеп пе еді апам? Толғақ екен ғой!  Ой, Алла-ай, өзің жар бола гөр... Алла-ай!» Соңғы сөзі қатты шығып кетті. Іле-шала жатын бөлмеден тарс-тұрс дыбыс естіліп, күйеуі  атып шықты. - Не болды?! - Дәрігер шақыр... - Сен ерте деп ең ғой? - Ша-а-қы-ыр... ... Көшедегі бірлі-жарым жаяу жүргіншілердің зәресін алып, бажылдап, машиналарды орағытып өтіп, жолды-жолсызбен зулаған «Жедел жәрдем» Қамарды қаланың шығысындағы перзентханаға лезде-ақ алып келді. Бірақ келіншектің босану бөлмесіне жетуі мұң болды: қабылдау бөлмесінде отырған дәрігер келіншек асып-саспай қай жылы туғанын, қашан күйеуге шыққанын, қай әйелдер консультациясында тіркелгенін және дәрігердің қабылдауында соңғы рет қашан болғанын... тәптіштей сұрап, журналына  жазып жатыр, жазып жатыр. Сұрақтары таусылар емес тіпті. Жанына батқан аурудан оның сөзінің бірін ұғып, бірін ұқпай, әрі сол жерде босанып қаламын ба деп қорыққан Қамар дір-дір етіп жылап тұрды. - Ерлі-зайыпты өмірмен қашаннан бастап тұра бастадыңыз? - деп сұрады дәрігер ештеңе болмағандай жайбарақат үнмен әрі Қамардың неге жылап тұрғанын түсінбегендей таңдана қарап.  Бұған дейін қанша сабыр сақтап тұрса да тап осы кезде Асылханның төзімі таусылды. - Қашаннан бастап тұрғанын қайтейін деп едің? Соның бәрін қазір сұрамасаңдар болмай ма? Қандай тасжүрексің өзің! Мына байғұс әзер тұр қиналып, апармайсың ба босандыратын жерге! - Айғайламаңыз! Мен ерігіп отырғаным жоқ, өз жұмысымды істеп жатырмын. - Өй, бүйткен жұмыстарыңның әкесін... - Қане, жігіт, шығып тұрыңыз мына жерден!  У-шуға бірнеше адам жүгіріп келді. «Бөріктінің намысы бір» дегендей, әріптестерінің намысын жыртып, ақ халаттылар Асылханды түтіп жейтін түрлері бар. Әшейінде салмақты, бірақ бір көтерілсе оңайлықпен басылмайтын Асылхан да олардан ыға қойған жоқ - қарқыны бәрін қырып-жойып жіберетіндей. Тар дәлізде әркім өзінікін жөн санап, онысын бір-біріне дәлелдеп, у да шу болып жатқанда, бебеулеткен аурудан жанын қоярға жер таппаған Қамар басы айналып, құлағы шыңылдап, қабырғаға сүйеніп тұрған қалпы сырғып құлап бара жатты... «А-а-с-ы-ы...» Осынша у-шудың ішінен сыбырлай, жарым-жартылай айтылған өз атын қалай естігені белгісіз, Асылхан ақ халаттыларды кие-жара әйеліне қарай тұра ұмтылып, соңғы сәтте сүйеп қалды. - Міне, сендердің әңгімелеріңнің нәтижесі! Дәрігерлер жаңағы кикілжіңнің бәрін дереу ұмытып, өңі боп-боз боп сұлық жатқан әйелді кенет төнген қатерден құтқаруға жанұшыра кірісті. - Тез! Тез! Каталка әкеліңдер! - Қоршамаңдар! Ауа өткізіңдер! - Нашатыр! Нашатыр қайда? Қамарды санитарлар ұзын дәлізді салдырлатып алып келген каталкаға көтеріп салып жатқанда, бір медбике жүгіріп келіп, оттегі толтырылған жастыққа жалғастырылған маска кигізіп үлгірді. Бір дәрігер жылжып бара жатқан каталкамен қатарласа жүгіріп, тамырын ұстап, екіншісі дереу көзін ашып көріп, қаумалаған ақ халаттылардың бірі сүйреп, бірі тартқан каталка ұзай берді.  Дәліздің тап ортасында селтиіп жалғыз қалған Асылханның бойын әлдебір үрей биледі. Анау ақ халаттылар қаумалап әкетіп бара жатқан Қамар өзінің өмірдегі ең жақын адамы екенін жан-жүрегімен түсінді. Жары енді қайтып келмейтіндей, ақтық жүздесулері осы болғандай күй кешіп, іші удай ашып, жүрек тұсында әлдене үзіліп кеткендей бүгілді де қалды. - Уайымдама, бәрі жақсы болады... Дәл қасынан естілген жұмсақ дауысқа басын көтеріп қараған Асылхан қолында шелегі мен шүберегі бар, айналасын әжім торлаған қоңырқай көздерінен мейірім төгілген әйелдің өзіне жымия қарап тұрғанын көрді. Өмірдің талай өткелінен өткен ана  бүк түсіп отырған жас жігіттің келіншегі үшін соншалық уайымдап отырғанына іші жылып, оның жүрелеп отыра кеткені әлсіздігін емес, ерлі-зайыптылар арасында бір-бірін аялаған, қадірлеген нәзік сезімнің бар екендігін білдіретінін бірден түсінді. Мұның көз алдында болып жатқан аласапыран тірліктен ештеңе ұқпай, дүрлігіп жүрген дәрігерлермен қалай тілдесуді де білмей дал болған түрін көріп, аяп кетті-ау деймін, таяп келіп арқасынан қақты. «Уайымдама, балам, сәл шыдасаң, мына сапырылыстың бәрі де артта қалады. Осы жерден үшеу боп шығасыңдар әлі. Тек Жаратқан иемнің көзі оң болғай де. Тұра ғой, мына жерді сүртіп алайын.» Орнынан ілби көтеріліп, есікке қарай беттеген Асылхан еден жуып жүрген ананың: «Адамнан адамның шығуы оңай болып па? Міне, осылай қиналады әйел байғұс. Соны біле бермейді, әйелдің қадіріне жете бермейді  ғой кейбір пақырлар...» деп күңкілдеп бара жатқанын естіді. Көз алдына дәрігерлер қаумалаған каталкада боп-боз боп жатқан Қамар елестеп, жүрегі шым ете қалды. «Халі не күйде екен?»

Қызым Меруертке

         Босанатын уақыты таяп қалса да Қамар  тіптен алаңсыз: жүріп-тұруы да жеп-жеңіл, еш жері ауырмайды да, көңілі шапқан тағамды жеп, қалаған жеріне бұрынғыдай барып-келіп жүр. Айналасындағылардың да оның  дөңгеленген ішіне көздері үйреніп кеткендей, құрбы-құрдастары көрген сайын «саған мүсініңнің осындай болғаны жарасады» деседі әзіл-шыны аралас. Қамар олардың сөздеріне мәз болып күліп, күйеуіне наздана қарайды. Мұндайда сөз таппай қалатын Асылхан ба, «жарайды, сендердің көздерің ондай әдеміліктен үнемі сусындап жүруі үшін Қамар екеуміз ойланып көреміз» дейді келіншегіне көзін қулана қысып қойып.

Жастықпен ештеңе байқамады ма, әлде өзі мән бермеді ме, Қамар жұрт айтатындай ештеңеге жерік те болған жоқ. Бұрынырақ сәбилі болған құрбыларынан сұрағанда «ой, токсикоз басталғанда көресің көресіңді» деп шошытып еді, ондай «сынақ» мұны айналып өтті. «Жерік асыңды беріп, сауабыңды алайын, не нәрсеге аңсарың ауып жүр?» деп жеңгесі хабарласқан, бір келгенінде енесі де айналшықтап, сыр суыртпақтаған.  Келінінің бала сияқты екі иығын қомдап, жайдары жымиғанын жақсылыққа балаған ана «е-е, Аллаға тәубе, бұл - нәрестенің  дені сау, дамуы қалыпты екенін білдіреді, шырағым» деп шүкіршілік еткен.

Күн өткен сайын ішіндегі тіршілік иесі өзінің бар екенін жиірек еске салып,  «өнер» көрсететінді шығарды. Әсіресе, бұл тамақ ішетін уақытты өткізіңкіреп алса, ойпаң-тойпаң қимылдай бастайтыны қызық-ақ. Қамардың тамағы құрғап, шөлдесе де ол мықтының тыпырлауы өршіп кетеді. Сірә, оның да қарны ашатын немесе шөлдейтін шығар деп ойлайды болашақ ана.

Кейде бала қатты тыпырлап, өкшесі ме, шынтағы ма ішін тесіп жіберердей болып, бүйірінің бір жері шошайып шыға келетіні бар. Қамар алғашында ауырсынатын еді, келе-келе еті үйреніп, тіпті шошайып шыққан жерді саусағымен баса қойып, ойнайтын болды. «Қызық, өкшесін тіреп, керіліп жатыр ма екен?» деп ойлап қояды ондайда. Көзіне тыраң-тыраң етіп керіліп жатқан қызылшақа нәрестені елестетіп, бұрын-соңды бастан кешпеген бір сезім ет-жүрегін елжіретеді.

Кеше күйеуі түс көріпті. Түсінде алтын сататын дүкенге кіріп, бұған бір жүзік сатып алғысы келген екен. Сөре толған алтын жүзіктердің ішінен бұған лайықты ештеңе табылмапты. Енді кете берейін дегенде сөренің елеусіздеу бұрышынан айналдыра тізілген сегіз тасы шам жарығына шағылысып, мың құбылып, көз жауын алған ерекше жүзікті көзі шалады. Міне, іздегені осындай жүзік болатын! Жалма-жан қалтасынан ақшасын шығарып, санап жіберсе - әттеген-ай, жетпейді екен... Сол жерде сатушыға «бағасын түсір» деп жата кеп жабысатын көрінеді. Бірақ ондай жүзікті кім арзанға берсін? Сатушы көнбейді. Жүзіктің құнының жоғары екендігін, бүгін болмаса ертең өтіп кететініне сенімді екенін айтып, бұл қанша жалынса да міз бақпайды. Амалы таусылған, бірақ қайткен күнде де сол жүзікті алып кетуге бел буған бұл... сол жерде аңдып тұрып... сатушы бір айнала бергенде жүзікті ұрлап алып, қаша жөнеледі.

Кешкі шәй үстінде күліп отырып түсін айтып берген күйеуіне Қамар: «Жүзікті алып қашқан өзіңсің, енді маған қыз тудың деп бәле салма» деді қуақылана. «Бір қыз ештеңе емес қой, бөлімдегі әйелдер маған «Қамар сегіз қыз туады екен» деп жорып жатыр» деп күйеуі де күле жауап берді. «Несі бар, тусам - туам! Әжем ылғи «қыз дегенің - ырыс қой» деп отыратын, қызымыз көп, ырысымыз мол болады» деді Қамар салмақтана қалып. «Ой, батырым-ай! Әуелі осы біріншіңді туып алшы, сосын көрейін батырлығыңның қаншалыққа жеткенін!» деді күйеуі мұны бала сияқты арқасынан қағып. Сол күні екеуінің әңгімесі осы арнада тағы бірнеше рет тоғысып, ұйқыға жатқанға дейін бір-бірін қажап, қалжыңдасумен болды.

... Толғақ аяқ астынан қысты - Қамар шырт ұйқысынан іші ауырып оянды. Босануына әлі бір айдай уақыт бар болатын, сондықтан бірден «кешегі тамақ ішіме жақпай қалды ма?» деген ой келді. Далаға жалғыз шығуға қорқып, күйеуін оятайын десе, оның ұйқысын бұзғысы келмей, «мүмкін қояр» деген үмітпен ішін сипалап біраз отырды. Сәлден кейін алғашқыдай емес, ішінің бұрап ауырғаны бәсеңсігендей болды. Көзіне ұйқы тығылған Қамар төсекті сықырлатпауға тырысып,  жастығына қисая кетті. 

Көзі ілінгені сол ғана сияқты еді, іші қайта бұрай ауырды. Бұл жолы бұрынғыдан қаттырақ ауырды, жанына батқаны сондай - қиналған даусы шығып кетті. Селт етіп оянған күйеуі бұған шошына қарап: «Басталды ма? Басталды ма?» деп қайталай береді. Қамар басын шайқады. Күйеуі түкке түсінбеген қалпы әлі қарап тұр. «Әлі бір ай бар...» деді бұл бір кезде әзер сөйлеп.

- Енді не болды?

- Білмеймін... кешкі тамақ... жақпай қалған шығар...

- А-а-а... үйде ондайға дәрі бар ма еді? Ішесің бе?

Даусында бағанағы шошудың ізі де қалмапты, тіпті толғақ емес екендігіне қуанып кеткен тәрізді. Көрпесін ашып, жатуға ыңғайланды. Бірақ әйелі ыңқылдап отырғанда бірден жата кетуге ыңғайсызданып, төсегінде шоқиып біраз отырды. Ауруы жанына батып қиналып отырса да, Қамар оның қасында отырғанына риза болып, жүрегін қуаныш кернеді.

- Жұмысқа барасың ғой, ұйықтай бер, - деді сосын Қамар оны иығынан сипап, - қоятын шығар... 

Айтқанына сендіргісі келіп, жайбарақат сөйлеуге тырысқанымен, ішінің ауырғаны таяу арада басыла қоймады. Іштегі бала да өзін жайсыз сезініп жатыр ма екен, ол да тыпыршып, мазасыздана бастаған сияқты. Қамар білетін дұғаларын күбірлеп, біресе ішін, біресе кеудесін сипалап қаншалықты отырғанын білмейді, әйтеуір бір мезгілде жаны саябыр тауып, арқасын жастыққа сүйеген қалпы көзі ілініп кетіпті. 

Үшінші қайтара оянғанында бөлме іші әжептәуір жарық болып қалған екен, көзі қарсы қабырғада ілулі тұрған сағатқа түскен - алтыдан он бес минут кетіпті. Ішінің ауырғаны сондай, көзі қарауытып, кеудесіне дем жетпей, алқынды да қалды. Тұлабойын тер жуып, бір ысып, бір суынған  Қамар келесі бір сәтте жүрегі айнып, лоқси бастағанында «ойпырмай, уланып қалмадым ба екен?» деп зәре-құты қалмады. Іштегі бала да тыпырлап, жоғары өрлеп, мұның жүрегіне қарай тырмысып жатқандай сезінді.

Әшейінде сергек ұйықтайтын күйеуі тіпті ештеңені сезер емес. Мұның тістене, ыңырси дем алғаны түгіл, құлағының түбінен мылтық атсаң да дәл қазір естімейтін сияқты. Таңғы ұйқы - ең тәтті ұйқы деген осы шығар... Қамар орнынан ілби көтеріліп, басқа бөлмеге бет алды,  ондағысы - күйеуінің ұйқысын бұзбау.

Қабырғаға сүйеніп біраз тұрды: кең бөлменің ауасы сәл де болса бойын сергітіп, жеңілденген сияқты болды. Бірақ онысы көпке барған жоқ, енді белі сыздай бастады. Сонда ғана Қамардың әйелдік санасы ұйқыдан оянып, «ойпырмай, осы  толғақ болмаса нетті?» деген ой жарқ ете қалды. «Бәсе, қалай есімнен шығып кеткен? «Белің ауырады... ішіңнің ауруы белгілі бір уақыт салып, қайталанады, барған сайын жиілей түседі» демеп пе еді апам? Толғақ екен ғой!  Ой, Алла-ай, өзің жар бола гөр... Алла-ай!»

Соңғы сөзі қатты шығып кетті. Іле-шала жатын бөлмеден тарс-тұрс дыбыс естіліп, күйеуі  атып шықты.

- Не болды?!

- Дәрігер шақыр...

- Сен ерте деп ең ғой?

- Ша-а-қы-ыр...

... Көшедегі бірлі-жарым жаяу жүргіншілердің зәресін алып, бажылдап, машиналарды орағытып өтіп, жолды-жолсызбен зулаған «Жедел жәрдем» Қамарды қаланың шығысындағы перзентханаға лезде-ақ алып келді. Бірақ келіншектің босану бөлмесіне жетуі мұң болды: қабылдау бөлмесінде отырған дәрігер келіншек асып-саспай қай жылы туғанын, қашан күйеуге шыққанын, қай әйелдер консультациясында тіркелгенін және дәрігердің қабылдауында соңғы рет қашан болғанын... тәптіштей сұрап, журналына  жазып жатыр, жазып жатыр. Сұрақтары таусылар емес тіпті. Жанына батқан аурудан оның сөзінің бірін ұғып, бірін ұқпай, әрі сол жерде босанып қаламын ба деп қорыққан Қамар дір-дір етіп жылап тұрды.

- Ерлі-зайыпты өмірмен қашаннан бастап тұра бастадыңыз? - деп сұрады дәрігер ештеңе болмағандай жайбарақат үнмен әрі Қамардың неге жылап тұрғанын түсінбегендей таңдана қарап.  Бұған дейін қанша сабыр сақтап тұрса да тап осы кезде Асылханның төзімі таусылды.

- Қашаннан бастап тұрғанын қайтейін деп едің? Соның бәрін қазір сұрамасаңдар болмай ма? Қандай тасжүрексің өзің! Мына байғұс әзер тұр қиналып, апармайсың ба босандыратын жерге!

- Айғайламаңыз! Мен ерігіп отырғаным жоқ, өз жұмысымды істеп жатырмын.

- Өй, бүйткен жұмыстарыңның әкесін...

- Қане, жігіт, шығып тұрыңыз мына жерден! 

У-шуға бірнеше адам жүгіріп келді. «Бөріктінің намысы бір» дегендей, әріптестерінің намысын жыртып, ақ халаттылар Асылханды түтіп жейтін түрлері бар. Әшейінде салмақты, бірақ бір көтерілсе оңайлықпен басылмайтын Асылхан да олардан ыға қойған жоқ - қарқыны бәрін қырып-жойып жіберетіндей. Тар дәлізде әркім өзінікін жөн санап, онысын бір-біріне дәлелдеп, у да шу болып жатқанда, бебеулеткен аурудан жанын қоярға жер таппаған Қамар басы айналып, құлағы шыңылдап, қабырғаға сүйеніп тұрған қалпы сырғып құлап бара жатты...

«А-а-с-ы-ы...» Осынша у-шудың ішінен сыбырлай, жарым-жартылай айтылған өз атын қалай естігені белгісіз, Асылхан ақ халаттыларды кие-жара әйеліне қарай тұра ұмтылып, соңғы сәтте сүйеп қалды.

- Міне, сендердің әңгімелеріңнің нәтижесі!

Дәрігерлер жаңағы кикілжіңнің бәрін дереу ұмытып, өңі боп-боз боп сұлық жатқан әйелді кенет төнген қатерден құтқаруға жанұшыра кірісті.

- Тез! Тез! Каталка әкеліңдер!

- Қоршамаңдар! Ауа өткізіңдер!

- Нашатыр! Нашатыр қайда?

Қамарды санитарлар ұзын дәлізді салдырлатып алып келген каталкаға көтеріп салып жатқанда, бір медбике жүгіріп келіп, оттегі толтырылған жастыққа жалғастырылған маска кигізіп үлгірді. Бір дәрігер жылжып бара жатқан каталкамен қатарласа жүгіріп, тамырын ұстап, екіншісі дереу көзін ашып көріп, қаумалаған ақ халаттылардың бірі сүйреп, бірі тартқан каталка ұзай берді. 

Дәліздің тап ортасында селтиіп жалғыз қалған Асылханның бойын әлдебір үрей биледі. Анау ақ халаттылар қаумалап әкетіп бара жатқан Қамар өзінің өмірдегі ең жақын адамы екенін жан-жүрегімен түсінді. Жары енді қайтып келмейтіндей, ақтық жүздесулері осы болғандай күй кешіп, іші удай ашып, жүрек тұсында әлдене үзіліп кеткендей бүгілді де қалды.

- Уайымдама, бәрі жақсы болады...

Дәл қасынан естілген жұмсақ дауысқа басын көтеріп қараған Асылхан қолында шелегі мен шүберегі бар, айналасын әжім торлаған қоңырқай көздерінен мейірім төгілген әйелдің өзіне жымия қарап тұрғанын көрді. Өмірдің талай өткелінен өткен ана  бүк түсіп отырған жас жігіттің келіншегі үшін соншалық уайымдап отырғанына іші жылып, оның жүрелеп отыра кеткені әлсіздігін емес, ерлі-зайыптылар арасында бір-бірін аялаған, қадірлеген нәзік сезімнің бар екендігін білдіретінін бірден түсінді. Мұның көз алдында болып жатқан аласапыран тірліктен ештеңе ұқпай, дүрлігіп жүрген дәрігерлермен қалай тілдесуді де білмей дал болған түрін көріп, аяп кетті-ау деймін, таяп келіп арқасынан қақты. «Уайымдама, балам, сәл шыдасаң, мына сапырылыстың бәрі де артта қалады. Осы жерден үшеу боп шығасыңдар әлі. Тек Жаратқан иемнің көзі оң болғай де. Тұра ғой, мына жерді сүртіп алайын.»

Орнынан ілби көтеріліп, есікке қарай беттеген Асылхан еден жуып жүрген ананың: «Адамнан адамның шығуы оңай болып па? Міне, осылай қиналады әйел байғұс. Соны біле бермейді, әйелдің қадіріне жете бермейді  ғой кейбір пақырлар...» деп күңкілдеп бара жатқанын естіді. Көз алдына дәрігерлер қаумалаған каталкада боп-боз боп жатқан Қамар елестеп, жүрегі шым ете қалды. «Халі не күйде екен?»

Бөлісу: