IV БӨЛІМ

19 Қараша 2013, 05:43

Міне, олар - Алтай екеуі екі-үш күннен бері бір палатада. Ол әлгі әңгімеден соң тағы да үндемес күйге ауысқан. Алтай да қайтып оны мазалаған жоқ. Тек күнде ойлайтыны - чиновниктер мінезі... Баяғыда... бұл да ептеп комсомол қызметінде болып еді, бірақ ол кез басқа-а... Сәбет өкіметінің кезі... Талап та, тәртіп те басқа. Ал, мына Үндемес сарыны тыңдап көрсе... кісі шошығандай. "...Шынымен-ақ... мемлекеттік қызмет көрінгеннің қолжаулығы бола бастағаны ма сонда? Ойына не келсе, соны істеп... Көңіліне жақпағанды дереу тепкіге алып... Кет де кет деп..." Сөйтіп, екеуден екеу үндемей, біріне-бірі сөз айтпай екі-үш күн өткізгенде араларына тағы бір кісі келді. Палатадағы үшінші кереуетке келіп жайғасқан. Алтай ол кісіге қарап "пәлі, бұл да сол аппаратный чиновниктің бірі болмағай" деп ойлаған. Айтқаны дәл келді де қойды. Ол сөзшең екен. Келді де бұларға: - Ал, шырақтар, таныс болайық, - деді. - Мен Атановпын, өзім ұзақ жыл партия қызметінде болған кісімін... Ал, ендеше... Алтай "партия қызметкері болғам" деген сөзді естігенде аңтарылып қалды. Үндемес сары да елең етті. Бетін бері бұрды. - Алтай, - Алмас, - деп екеуі де кезекпен аттарын айтты. - Жақсы, - деді Атанов, - мен шамасы екеуіңнен де үлкен екенмін, біз деген қайда, партия ардагеріміз ғой... Оның сөзіне Алтай күліп жібере жаздады. Сөзшеңдігі өз алдына, мақтаншақтығы да бар ма деді. Анау-мынауды елең қылып жатқан ол жоқ. Енді бұл екеуінің қайда істейтінін, мамандығы кім екенін біліп алды. Талас-тартыс сосын басталды... - Аппарат үлкен мектеп, - деді Атанов. - Мен де ептеп оның тұз-дәмін таттым, үлкен мекеме шығар, бірақ үлкен мектеп емес, - деді Үндемес сары. Алтай үндемеді. - Неге мектеп емес? Өзің-ақ ойлашы, тәртіп қайда бар, аппаратта. Онда әркім ойына келгенді айтпайды. - Сол үшін мектеп болғаны ма? - деді Үндемес сары. - Бұл бірінші белгісі. Ал, енді екінші ерекшелігі - кісімен қалай сөйлесуді үйретеді. - Қорқып-үркіп сөйлесу ме?.. - Жоқ. Олай емес. Мәдениетті сөйлесуді... Үшіншіден, аппарат қызметкері жинақылыққа дағдыланады. - Тағы да қорқытудан... - Олай емес. Ол аппарат ішіндегі психологиялық ахуал. Қызметкер соған бейімделеді. Ал, қазір қандай? Демократия-я дейміз... Көрінген аузына келгенін оттайтын болды. Тіпті басқаны қойшы, Министрге тиіседі. Премьер-Министрді жерден алып, жерден салып жатады. Президентке де... Бұл не сонда! Бұл қай тәртіп! - Сынаса, Министр, Премьер-Министр, тіпті Президент те адам ғой, кемшілігін айтпаса қалай болады, - деп, Алтай да сөз қосқан. Атанов айтты: - Сынаудың да сынауы бар. Аузыңа не түссе соны айту сын емес, ол мазақ ету... Ол бір. Екіншіден, Президент ол халық сайлаған басшы. Ел айбары. Ел қайта сол Президентімен мақтануы керек. Парасатты елдің Президенті де биікте тұрады. Осы кезде Үндемес сары сөзді бөлді: - Ал, енді сол Президент ел сенімінен шықпай жатса ше? Онда қалай болады? - деді. - Ой, қарағым-ай, сен Ата заңды оқымапсың-ау... Бұл сұрағыңның жауабы сол Ата Заңда әлдеқашан жазылып қойылған емес пе. Соны да білмегенің... - Ата заңмен кім жүріп жатыр қазір... - Жүреді. Жүрмесе, жүреді әлі. Заң әлі-ақ өз дегенін істетеді. Заңнан аттап кеткен ел түбі оңған емес. Мемлекеттік чиновник сол заңды орнықтыруға күш салушы... - Бәрі емес, - деді Үндемес сары. - Мүмкін, - деді Атанов. - Мүмкін... Арасында бірлі-жарым алакүліктер кездесіп те қалар. Әйтсе де мемлекеттік қызметші ары таза адам. Солай болуы керек... - "Бір қарын майды бір құмалақ шертеді"  деп айтқан мен емес қой. Қазақ айтты ғой. - Қарағым, біріншіден мемлекеттік аппарат бір қарын май емес. Ал, ондағы бірлі-жарым шалағай қызметкерлер атмосфера жасайды дегенге сенбеймін, олар түкті де шеше алмайды. Түптің түбінде өзін-өзі әшкерелеп, мазақ болып, ақыры кетіп тынады... - Мен ана жолы, - деді Алтай сөзді басқа арнаға бұрып, - бір газеттен оқыдым. Бұрын чиновник болған, кейін жұмыстан босап қалған біреу аппарат жұмысын "есек қораға" теңепті. Қу, айлакер, зәлім, өз басын ғана ойлайтын екіжүзділер жұмыс істейтін орын депті. - Е, ол енді өкпесі бар адам ғой, - деді Атанов. - Өзімен бірге істеген бірді-екілі қызметкерге көңілі қалған шығар. Ал, бірақ жалпы аппаратты, мемлекеттік қызметті "есек қораға" теңеу асылық... Тым анайылық... Мына шет елдерде чиновниктер үлкен құрметке ие. Біздегідей мазақ адамы емес... Өйткені олар чиновник мемлекет саясатын, ел саясатын жүргізіп отыр деп есептейді. - Солайы солай ғой, - деді Үндемес сары осы жолы сөз тізгінін өзіне қарай аударып. - Алайда біздің еліміздегі чиновниктер туралы сіз айтқандай құрмет сөз айту әлі ертерек болар. - Е, неге? Неге ерте?.. - Бізде чиновниктер мектебі әлі қалыптаспаған. - Пәлі, сенің ойыңша мына біз, қазақ халқы ел басқару, мемлекет басқару ісін білмейтін, мүлде мақұрым халық болдық па. Сонда қалай? Баяғы Абылай хан заманындағы билік мектебі қайда қалады сонда? Үш биіміз - Төле, Қазыбек, Әйтекелер ше? Одан бергі кезеңдегі хан, билеріміз ше?.. Тіпті оны қойып, кешегі Кеңес заманындағы нағыз нарқасқа қазақ ұлдарын қалай ұмытамыз? Әлихан, Ахмет, Тұрарлар... Қос өкімет тұсында-ақ "министр портфеліне" ылайықты саналған Мұстафа... Кеңес өкіметі кезінде-ақ шетелде елші бола білген Нәзір... Ау, шырағым, сен өзі "көрмес, түйені де көрместің" керін жасап тұрған жоқсың ба осы... - Олар басқа. Ол кезең басқа. Мен бүгінгі күнді айтамын... Атанов онымен тайталаса берудің еш нәтиже бермесін аңғарған. Сосын әрі қарай сөз өрбітпеді. Үндемес сары тағы да ойлады: "Нағыз партократ біреу боларсың. Партияның бар рахатын көрген соң... әрине осылай сайрайсың. Мен секілді әділетсіздікке ұрынып, тепкі көріп, жазықсыз аппараттан қуылып кеткен болсаң ғой... "Есек қора" емес, одан да зорын айтар ең-ау, әттең..." Атанов ойлады: "Битке өкпелеп, тонын отқа жаққан ақымақ секілді неме. Өзі дұрыс чиновник бола алмаған соң, өстіп аппаратты балағаттайды бұлар. Есек қора деп, былғаныш жер деп... Мемлекет сол аппараттың арқасында шайқалмай, теңселмей тұрғанын білмейді-ау, әттең..." Алтай бұл екеуінің аралық дауын дұрыс түсіне алмады. Ойлап қараса, ана Үндемес сарының да реніші орынды сияқты. Енді қалай, тәп-тәуір жұмыс істеп жатқан жерінен дереу қысқартуға түсіреді. Сенің еңбегің бар-ау, консультант едің-ау деп жатқан бірі жоқ. Обал-сауабы бар ғой мұның да дейтін есі түзу жан болса кәні!.. Ол ол ма... Онымен қоймай, "мінезі дөрекі, субординацияны білмейді, жұмысқа жарамсыз" деген арына тиетін сөз естиді. Бөлім меңгерушісінің көңілінен шықпағанына бола... Ал, енді ана Атанов ағасы да өз ойын дұрыстап отыр. Былайша оныкі де жөн. Аппарат үлкен мектеп екені өтірік пе! Чиновник болу мәртебелі атақ екені де рас. Ана жолғы газеттен оқығаны... расымен жала. Мемлекет  аппаратын "есек қора" дегені не сандалыс?.. Тоқта, тоқта! Сол мақаланың авторы кім еді осы? Алтыбаев, жоқ Алтынбаев... Алтын-н... Алтын...беков... Иә, Алтынбеков... Сонда-а... сол Алтынбеков мына Үндемес-с..." Өз ойынан өзі шошығандай, сілкініп қойды. Үндемес сарыға қарап еді, әрі қарап жатыр. "Сендермен енді сөйлессем, ит болайын" дейтіндей. Атанов әлдебір газетке шұқшиюлы. - Террорист... Киллер... Дүние не боп барады өзі! Адам құны көк тиын бола бастады-ау осы күні... Алтай ойлады: "Террорист те, киллер де өз атымен аталады. Ал, енді арамызда үндемей жүрген, үндемей жүріп үйдей қылмыс істейтіндер ше? Өз бас пайдасы үшін досты да, ұжымды да, тіпті мемлекетті де қаралауға, жалалауға әзір тұрған адамдар ше..."                                             Тағы бір сөз ретінде Алтай Атановты әңгімеге тартқан. Ойлаған. Осы кісі партия, совет қызметінің бар рахатын көрген кісі ғой деп. Сосын да сайрай беретін шығар деп... - Сіз... қандай қызметте болдыңыз?.. - Мен бе! Мен ұзақ уақыт аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болдым. Отыз жыл нұсқаушы болып зейнеткерлікке шыққам. - Зейнетақыңыз жақсы шығар?.. - Шырағым-ай, оны несіне сұрайсың. Зейнетке шығайын деп тұрғанда жұмысымнан кемістік кетіп... қызметтен қуылдым. Бюрода не жұмысты тастайсың, не партбилетті столға қоясың деді. Мен алдыңғысын таңдадым. Партбилетті беру деген... сұмдық қой. Отыз жыл коммунист бола жүріп, аяқ астынан қызыл билеттен айрылсам, онда қалай болғаны. Сосын... бірер жыл ілінген жұмысты істеп, анда жалданып, мында жалданып жүріп, әйтеуір зейнеткерлікке іліндім-ау... - О-о, онда мемлекеттік аппаратқа сіздің де өкпеңіз қара қазандай екен ғой. Несіне мақтай бересіз... - Жоқ, шырағым, - деді Атанов. - олай деме. Мемлекеттік аппаратқа мен өкпелей алмаймын. Өзіме-өзім өкпелеймін. Сонша жыл жап-жақсы істеп жүріп, аяқ астынан қағаздан қате жіберіп алғаным... осы күнге дейін арымды мазалайды. Мен нағыз чиновник бола алмадым. Чиновник деген атқа күйе жақтым. - Аппарат жұмысында әділетсіздік, теңсіздік, қыспаққа алу... дегендер бәрібір бар емес пе? - Ол жекелеген ары таза емес адамдардың әрекеті болар. Ал, менің ойымша аппарат - ол тәртіп. Өзің-ақ ойлашы, мектеп көрмеген бала қандай? Міне, мемлекеттік аппарат та, чиновниктік қызмет те біз үшін соншалық қажет. Ол - мемлекет мектебі... Сосын да осынау қасиетті орынды "есек қораға" теңеу, ол туралы  былғаныш, былапыт сөз айту күнә... Білмейтіндер айта берер, ал білетіндер ондайға бармайды... Алтай енді Үндемес сарыға ұрлана қарап еді, ол бетін бері бұрыпты. Өңі боп-боз. Атановты әлде қостағаны, әлде қостамағаны белгісіз, әйтеуір жанарында сан алуан сауал ізі жазылып тұрғандай. Алтай осы палатадағы ахуалды қағазға түсіргісі келді. Бірақ неден бастарын біле алмай отыр. Мінездер туралы ой толғауы керек пе? Мінез демекші... Есіне неге екені белгісіз тағы да Чехов түсті. Бірақ бұл жолы Чеховтың мінезі емес, оның әңгімесі... "Чиновниктің өлімі" есіне түскені...   Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Міне, олар - Алтай екеуі екі-үш күннен бері бір палатада. Ол әлгі әңгімеден соң тағы да үндемес күйге ауысқан. Алтай да қайтып оны мазалаған жоқ.

Тек күнде ойлайтыны - чиновниктер мінезі...

Баяғыда... бұл да ептеп комсомол қызметінде болып еді, бірақ ол кез басқа-а... Сәбет өкіметінің кезі... Талап та, тәртіп те басқа. Ал, мына Үндемес сарыны тыңдап көрсе... кісі шошығандай.

"...Шынымен-ақ... мемлекеттік қызмет көрінгеннің қолжаулығы бола бастағаны ма сонда? Ойына не келсе, соны істеп... Көңіліне жақпағанды дереу тепкіге алып... Кет де кет деп..."

Сөйтіп, екеуден екеу үндемей, біріне-бірі сөз айтпай екі-үш күн өткізгенде араларына тағы бір кісі келді. Палатадағы үшінші кереуетке келіп жайғасқан.

Алтай ол кісіге қарап "пәлі, бұл да сол аппаратный чиновниктің бірі болмағай" деп ойлаған. Айтқаны дәл келді де қойды.

Ол сөзшең екен. Келді де бұларға:

- Ал, шырақтар, таныс болайық, - деді. - Мен Атановпын, өзім ұзақ жыл партия қызметінде болған кісімін...

Ал, ендеше... Алтай "партия қызметкері болғам" деген сөзді естігенде аңтарылып қалды. Үндемес сары да елең етті. Бетін бері бұрды.

- Алтай,

- Алмас, - деп екеуі де кезекпен аттарын айтты.

- Жақсы, - деді Атанов, - мен шамасы екеуіңнен де үлкен екенмін, біз деген қайда, партия ардагеріміз ғой...

Оның сөзіне Алтай күліп жібере жаздады. Сөзшеңдігі өз алдына, мақтаншақтығы да бар ма деді.

Анау-мынауды елең қылып жатқан ол жоқ. Енді бұл екеуінің қайда істейтінін, мамандығы кім екенін біліп алды. Талас-тартыс сосын басталды...

- Аппарат үлкен мектеп, - деді Атанов.

- Мен де ептеп оның тұз-дәмін таттым, үлкен мекеме шығар, бірақ үлкен мектеп емес, - деді Үндемес сары.

Алтай үндемеді.

- Неге мектеп емес? Өзің-ақ ойлашы, тәртіп қайда бар, аппаратта. Онда әркім ойына келгенді айтпайды.

- Сол үшін мектеп болғаны ма? - деді Үндемес сары.

- Бұл бірінші белгісі. Ал, енді екінші ерекшелігі - кісімен қалай сөйлесуді үйретеді.

- Қорқып-үркіп сөйлесу ме?..

- Жоқ. Олай емес. Мәдениетті сөйлесуді... Үшіншіден, аппарат қызметкері жинақылыққа дағдыланады.

- Тағы да қорқытудан...

- Олай емес. Ол аппарат ішіндегі психологиялық ахуал. Қызметкер соған бейімделеді. Ал, қазір қандай? Демократия-я дейміз... Көрінген аузына келгенін оттайтын болды. Тіпті басқаны қойшы, Министрге тиіседі. Премьер-Министрді жерден алып, жерден салып жатады. Президентке де... Бұл не сонда! Бұл қай тәртіп!

- Сынаса, Министр, Премьер-Министр, тіпті Президент те адам ғой, кемшілігін айтпаса қалай болады, - деп, Алтай да сөз қосқан. Атанов айтты:

- Сынаудың да сынауы бар. Аузыңа не түссе соны айту сын емес, ол мазақ ету... Ол бір. Екіншіден, Президент ол халық сайлаған басшы. Ел айбары. Ел қайта сол Президентімен мақтануы керек. Парасатты елдің Президенті де биікте тұрады.

Осы кезде Үндемес сары сөзді бөлді:

- Ал, енді сол Президент ел сенімінен шықпай жатса ше? Онда қалай болады? - деді.

- Ой, қарағым-ай, сен Ата заңды оқымапсың-ау... Бұл сұрағыңның жауабы сол Ата Заңда әлдеқашан жазылып қойылған емес пе. Соны да білмегенің...

- Ата заңмен кім жүріп жатыр қазір...

- Жүреді. Жүрмесе, жүреді әлі. Заң әлі-ақ өз дегенін істетеді. Заңнан аттап кеткен ел түбі оңған емес. Мемлекеттік чиновник сол заңды орнықтыруға күш салушы...

- Бәрі емес, - деді Үндемес сары.

- Мүмкін, - деді Атанов. - Мүмкін... Арасында бірлі-жарым алакүліктер кездесіп те қалар. Әйтсе де мемлекеттік қызметші ары таза адам. Солай болуы керек...

- "Бір қарын майды бір құмалақ шертеді"  деп айтқан мен емес қой. Қазақ айтты ғой.

- Қарағым, біріншіден мемлекеттік аппарат бір қарын май емес. Ал, ондағы бірлі-жарым шалағай қызметкерлер атмосфера жасайды дегенге сенбеймін, олар түкті де шеше алмайды. Түптің түбінде өзін-өзі әшкерелеп, мазақ болып, ақыры кетіп тынады...

- Мен ана жолы, - деді Алтай сөзді басқа арнаға бұрып, - бір газеттен оқыдым. Бұрын чиновник болған, кейін жұмыстан босап қалған біреу аппарат жұмысын "есек қораға" теңепті. Қу, айлакер, зәлім, өз басын ғана ойлайтын екіжүзділер жұмыс істейтін орын депті.

- Е, ол енді өкпесі бар адам ғой, - деді Атанов. - Өзімен бірге істеген бірді-екілі қызметкерге көңілі қалған шығар. Ал, бірақ жалпы аппаратты, мемлекеттік қызметті "есек қораға" теңеу асылық... Тым анайылық... Мына шет елдерде чиновниктер үлкен құрметке ие. Біздегідей мазақ адамы емес... Өйткені олар чиновник мемлекет саясатын, ел саясатын жүргізіп отыр деп есептейді.

- Солайы солай ғой, - деді Үндемес сары осы жолы сөз тізгінін өзіне қарай аударып. - Алайда біздің еліміздегі чиновниктер туралы сіз айтқандай құрмет сөз айту әлі ертерек болар.

- Е, неге? Неге ерте?..

- Бізде чиновниктер мектебі әлі қалыптаспаған.

- Пәлі, сенің ойыңша мына біз, қазақ халқы ел басқару, мемлекет басқару ісін білмейтін, мүлде мақұрым халық болдық па. Сонда қалай? Баяғы Абылай хан заманындағы билік мектебі қайда қалады сонда? Үш биіміз - Төле, Қазыбек, Әйтекелер ше? Одан бергі кезеңдегі хан, билеріміз ше?.. Тіпті оны қойып, кешегі Кеңес заманындағы нағыз нарқасқа қазақ ұлдарын қалай ұмытамыз? Әлихан, Ахмет, Тұрарлар... Қос өкімет тұсында-ақ "министр портфеліне" ылайықты саналған Мұстафа... Кеңес өкіметі кезінде-ақ шетелде елші бола білген Нәзір... Ау, шырағым, сен өзі "көрмес, түйені де көрместің" керін жасап тұрған жоқсың ба осы...

- Олар басқа. Ол кезең басқа. Мен бүгінгі күнді айтамын...

Атанов онымен тайталаса берудің еш нәтиже бермесін аңғарған. Сосын әрі қарай сөз өрбітпеді.

Үндемес сары тағы да ойлады: "Нағыз партократ біреу боларсың. Партияның бар рахатын көрген соң... әрине осылай сайрайсың. Мен секілді әділетсіздікке ұрынып, тепкі көріп, жазықсыз аппараттан қуылып кеткен болсаң ғой... "Есек қора" емес, одан да зорын айтар ең-ау, әттең..."

Атанов ойлады: "Битке өкпелеп, тонын отқа жаққан ақымақ секілді неме. Өзі дұрыс чиновник бола алмаған соң, өстіп аппаратты балағаттайды бұлар. Есек қора деп, былғаныш жер деп... Мемлекет сол аппараттың арқасында шайқалмай, теңселмей тұрғанын білмейді-ау, әттең..."

Алтай бұл екеуінің аралық дауын дұрыс түсіне алмады. Ойлап қараса, ана Үндемес сарының да реніші орынды сияқты. Енді қалай, тәп-тәуір жұмыс істеп жатқан жерінен дереу қысқартуға түсіреді. Сенің еңбегің бар-ау, консультант едің-ау деп жатқан бірі жоқ. Обал-сауабы бар ғой мұның да дейтін есі түзу жан болса кәні!.. Ол ол ма... Онымен қоймай, "мінезі дөрекі, субординацияны білмейді, жұмысқа жарамсыз" деген арына тиетін сөз естиді. Бөлім меңгерушісінің көңілінен шықпағанына бола... Ал, енді ана Атанов ағасы да өз ойын дұрыстап отыр. Былайша оныкі де жөн. Аппарат үлкен мектеп екені өтірік пе! Чиновник болу мәртебелі атақ екені де рас. Ана жолғы газеттен оқығаны... расымен жала. Мемлекет  аппаратын "есек қора" дегені не сандалыс?.. Тоқта, тоқта! Сол мақаланың авторы кім еді осы? Алтыбаев, жоқ Алтынбаев... Алтын-н... Алтын...беков... Иә, Алтынбеков... Сонда-а... сол Алтынбеков мына Үндемес-с..."

Өз ойынан өзі шошығандай, сілкініп қойды. Үндемес сарыға қарап еді, әрі қарап жатыр. "Сендермен енді сөйлессем, ит болайын" дейтіндей. Атанов әлдебір газетке шұқшиюлы.

- Террорист... Киллер... Дүние не боп барады өзі! Адам құны көк тиын бола бастады-ау осы күні...

Алтай ойлады: "Террорист те, киллер де өз атымен аталады. Ал, енді арамызда үндемей жүрген, үндемей жүріп үйдей қылмыс істейтіндер ше? Өз бас пайдасы үшін досты да, ұжымды да, тіпті мемлекетті де қаралауға, жалалауға әзір тұрған адамдар ше..."

                                           

Тағы бір сөз ретінде Алтай Атановты әңгімеге тартқан. Ойлаған. Осы кісі партия, совет қызметінің бар рахатын көрген кісі ғой деп. Сосын да сайрай беретін шығар деп...

- Сіз... қандай қызметте болдыңыз?..

- Мен бе! Мен ұзақ уақыт аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болдым. Отыз жыл нұсқаушы болып зейнеткерлікке шыққам.

- Зейнетақыңыз жақсы шығар?..

- Шырағым-ай, оны несіне сұрайсың. Зейнетке шығайын деп тұрғанда жұмысымнан кемістік кетіп... қызметтен қуылдым. Бюрода не жұмысты тастайсың, не партбилетті столға қоясың деді. Мен алдыңғысын таңдадым. Партбилетті беру деген... сұмдық қой. Отыз жыл коммунист бола жүріп, аяқ астынан қызыл билеттен айрылсам, онда қалай болғаны. Сосын... бірер жыл ілінген жұмысты істеп, анда жалданып, мында жалданып жүріп, әйтеуір зейнеткерлікке іліндім-ау...

- О-о, онда мемлекеттік аппаратқа сіздің де өкпеңіз қара қазандай екен ғой. Несіне мақтай бересіз...

- Жоқ, шырағым, - деді Атанов. - олай деме. Мемлекеттік аппаратқа мен өкпелей алмаймын. Өзіме-өзім өкпелеймін. Сонша жыл жап-жақсы істеп жүріп, аяқ астынан қағаздан қате жіберіп алғаным... осы күнге дейін арымды мазалайды. Мен нағыз чиновник бола алмадым. Чиновник деген атқа күйе жақтым.

- Аппарат жұмысында әділетсіздік, теңсіздік, қыспаққа алу... дегендер бәрібір бар емес пе?

- Ол жекелеген ары таза емес адамдардың әрекеті болар. Ал, менің ойымша аппарат - ол тәртіп. Өзің-ақ ойлашы, мектеп көрмеген бала қандай? Міне, мемлекеттік аппарат та, чиновниктік қызмет те біз үшін соншалық қажет. Ол - мемлекет мектебі... Сосын да осынау қасиетті орынды "есек қораға" теңеу, ол туралы  былғаныш, былапыт сөз айту күнә... Білмейтіндер айта берер, ал білетіндер ондайға бармайды...

Алтай енді Үндемес сарыға ұрлана қарап еді, ол бетін бері бұрыпты. Өңі боп-боз. Атановты әлде қостағаны, әлде қостамағаны белгісіз, әйтеуір жанарында сан алуан сауал ізі жазылып тұрғандай.

Алтай осы палатадағы ахуалды қағазға түсіргісі келді. Бірақ неден бастарын біле алмай отыр. Мінездер туралы ой толғауы керек пе? Мінез демекші... Есіне неге екені белгісіз тағы да Чехов түсті. Бірақ бұл жолы Чеховтың мінезі емес, оның әңгімесі... "Чиновниктің өлімі" есіне түскені...

 

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: