ІІІ БӨЛІМ

19 Қараша 2013, 05:42

Күндегідей емес, Алтай Алмастың әлгі әңгімесіне көңілі жайдарыланып, шын разы болды ма, бір түрлі ішінен жақын тартып, бауыр басып та қалғандай. Екеуі кешкі тамақтан соң, тысқа таза ауа жұтуға шықты. Бұны да Алмастың өзі айтты. - Тамақтан соң тысқа шығып, ептеп қыдырыс жасап қойған жөн, - деген. - Сонда асқазан, ішкі құрылыс жұмысы дұрыстала түседі. Алтай оның бұнысына қарсылық байқатпады. Қыдырса несі бар, палатада жата бергеннен не шығады. Мүйіз шықса, екі күннен бері жатқан жоқ па үймысықтанып... Енді тыста біраз уақыт жүрді. - Табиғат деген қандай әсем, - деді Алмас Алтайға тағы бір ойын сездіргісі келіп. - Табиғат деген неткен ғажап, неткен таза... - Иә, табиғат - Ана расында да керемет қой... - Сен менің ойымды түсініп тұрсың ба? - деді Алмас бұл жолы Алтайға сауал қойғандай болып. - Сен... табиғат тазалығы дегенде нені ұқтың?.. - Енді-і... - деп, Алтай күмілжіді. - Енді...пәктік символы дегендей... -  Ол ғана емес, - деді Алмас даусын жуандатып. - ол ғана емес... Табиғат о баста мына бізді, сені мен мені - жалпы жұмыр басты пендені жаратушы. Жаратқанда да мөлдір, пәк, тап-таза күйінде... Ал, енді біз, ес жия келе, сол табиғат-Анаға қарсы жұмыс істейміз. Ісіміз де, тірлігіміз де соған қарсы. Қарама-қарсы. Қайтсек табиғатты тұншықтырамыз, қайтсек тұқыртамыз... Осы-ақ. Пенделік тырбаңымыз осыған ғана саяды. О баста сол табиғаттың өзі секілді тап-таза, пәк болып өмірге келіп, сосын... былғанамыз. Өзімізді де былғаймыз, табиғатты да... Алтай қатар жүріп келе жатып, кешелі бері сөзшең болып алған Үндемес сарыны тыңдай түсті. Оның жан шырылын түсінуге тырысты. - Сол табиғатты... - деп, Алмас тағы да бір сырды сабақтады. - ...сол табиғатты аямаған бұл пендеңіз бір-бірін де аямайды екен. Аяғаның не, тым қатал ма дедім. Мен оны... бұрын мектепте жүргенде сезбеген екем. Мына аппарат қызметкерлері арасына келіп байқадым. Оларға сабақ беріп, тіл үйретіп-ақ жүре беруім керек екен, өзіме де обал жоқ... Ол "обал жоқ" деген сөзді зіл бере айтқан. Алтай сөзді бөлмеді. "Е, неге" деген жоқ. Үнсіз ғана еріп келеді. - Обал жоқ өзіме де, - деді Алмас тағы да. - Чиновниктер арасына қалай кіріп кеткенімді өзім де сезбей қалдым. Бір күні... әкімшілік басшысы "Сен бізге қызметке ауыс, енді іс-қағаздарын қазақша жүргізуді де қолға аламыз" деді. "Айлығың жаман болмайды" деп тағы да шегеледі. Сосын... келісе кеткенім. Міне, сол күннен бастап мен де чиновник болып алдым... Алғашында аппаратқа ауысқаныма оншалық өкінгем де жоқ. Кісіге керегі не? Әуелі жақсы жалақы... Ол бар. Тәубе деуге болады. Сосын... көңілдегі жұмыс... Ол жөнінен де өкпелер жөнім жоқ. Чиновник деген атым болмаса, негізгі жұмысым - іс қағаздарының қазақша нұсқасын әзірлеу, үстінен қарау... Бір есептен қуанып та қоямын, "әйтеуір егемен елімнің мемлекеттік тілін дамытуға титтей де болса үлес қосып жүрмін ғой" деп... Ең қызығы - кейінірек басталды. Бұл аппарат жұмысы дегенің жанып тұрған от. Жоғарыдағылардың тапсырғаны заң, өз уақытында орындалмаса, шаруаң бітті дей бер... Сөйтіп жүргенде... бір күні мен жұмыс істейтін бөлімге жаңа басшы келді. Мұрты тікірейген бұжыр бет. Келгеннен қаһарына міне келді. Әй-шәйіңді білмейді.. Сөйлесе - тек орысша сөйлейді. Қазақшаңды қақпайтынның нақ өзі... Екі күннің бірінде айтатыны - тәртіп... - Жұмысқа ерте келіп, кеш қайтасыңдар. Мен кетпей ешкім қайтпауы керек... - Тапсырма айтқан уақытта орындалуы керек. Орындалмаса - түсінік жазасыңдар... - Мемлекеттік қызмет этиқасын сақтаңдар. Әркім өз орнын білуі керек. Субординация сақтай біліңдер. Бастық кім де болса бастық... Әңгімесінің негізгі желісі осындай. Алғашында пәлендей көңіл аудармағандықтан ба, оның кім екенін байқамаппын. Түр-түсі маған бұрыннан таныс секілді ме? Әрі ойлаймын, бері ойлаймын... Ақыры... таптым-ау. Бұл - баяғы кірпіш бас... Менің сабағымды тастап кететін кірпіш бас... Ішім сол сәтте-ақ қылп ете қалған. Сөйтіп жүргенде... бір күні ол екеуміз сөзге келіп қалдық. Ол айтты: - Сен тым сылбыр жұмыс істейді екенсің, айтқанды дереу, сол мезетінде  қағып тастамаған соң... Мен айттым: - Аппаратта мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын жалғыз өзіммін. Бәрі жаңа, бәрі тың... Сосын да көбірек ізденіп, көбірек шұқшиюға тура келеді. Оны енді... сылбырлық десеңіз... - Енді қалай? Басқаларға тапсырма берсең, екі-үш сағаттан асырмайды. Ал, сен... бір күн емес, екі күн емес... - Өйткені шалағай қағаз жазғым келмейді. Көп жазып, көп сызамын. Ешкім көмекке келе алмайды. Қайта жұмысы ауыр ғой деп жағдай жасаудың орнына... айқайға басасыздар... - Ол қандай жағдай? Не үшін жағдай жасауымыз керек? Сен де көп қызметкерлердің бірісің. - Жоқ, - дедім мен, осы жолы қайсарлана, - мемлекеттік тілді іс-қағаздарына жік-жапар енгізудің іздену, талпыну, ойлану, кітап ақтару... секілді қосымша салмағы бар. Оны да ескеріңіз... Кірпіш бас бастығым шарт кетті. - Әй, шырағым, - деді, - міндетің сол болса, мен әкімге айтамын. Тіпті, керек десең, біз іс-қағаздарын тек орысша да жүргізе аламыз. Неге бүгін қазақшаға көшпейсіңдер деп жатқан ешкім жоқ. Так что, жолдас... қазақшаңды қалтаңа салып қой... - Өзіңіз біліңіз... Оған осы қыңыр мінезім жақпады-ау деймін, артынша өз айтқанын орындауға тырысты. Мені шетқақпай етті. Ойлағам. Ана тілі үшін арпалысып жүрмін ғой, басқалар мені жақтар деп. Сөйтсем... бәрі ана бөлім бастығының ығына жығыла берді. Қандай жиналыс болса да, жалғыз қарақұлақ - менмін. "Аппарат этиқасын білмейді, субординация сақтамайды, сөзі түйеден түскендей, өзгені сыйлауды, құрметтеуді парыз санамайды..." Осылай да осылай... Ұзын сөздің қысқасы, екеуміз біршама уақыт айтысып-таласып жүрдік те, ақыры... ол мені қысқартуға түсірді. "Мемлекеттік тілмен айналысатын жалғыз қызметкер неге қысқарады" десем, ол айтады. "Сенің шаруаң болмасын..." "Жоқ, бұл деген нағыз бюрократтық, мен арызданам..." "Өзің біл... тек бұл мекемеге енді есік жабық". "Оны... көрерміз әлі." Әділетсіздікке шыдай алмадым. Жоғары жаққа шағымданып бақтым. Газетке де жазып... Жә, оны қойшы. Қысқасы, аурулы болдым. Қан қысымым көтерілді. Соның бәріне кінәлі кім? Әрине, әлгі кірпіш бас... Соның қаныпезерлігі. Мені қайтсем де қуып шығамын деп қыр соңыма түскендігінен... Тағы бір өкінерім - сол аппаратта әжептәуір уақыт жұмыс істеді ғой, еңбегі бар еді ғой, консультанттыққа дейін көтерілген жоқ па деп бір қызметкердің мені жақтамағаны... Жаны ашымағаны... Енді міне, сенімен бірге ауруханадамын.... Осыны айтты да Үндемес сары - Алмас ағасы ауыр күрсінді. Күрсінді де: - Е, бүйткен мемлекеттік қызметіңнің... -  деп, жерге шырт түкірді. - Өңкей алаяқтар... екіжүзділер... подхалимдер... Өз басын ғана ойлайтын эгоистер... Алтай үндей алмады... Ішінен ойлады: "...Мемлекеттік қызметке ондайлар - алаяқтар, екіжүзділер, эгоистер... қайдан келеді өзі? Елеп-екшейтін сияқты еді... Жүзден жүйріктер барушы еді. Әлде... осы күні бәрі өзгерген бе?.."

Күндегідей емес, Алтай Алмастың әлгі әңгімесіне көңілі жайдарыланып, шын разы болды ма, бір түрлі ішінен жақын тартып, бауыр басып та қалғандай. Екеуі кешкі тамақтан соң, тысқа таза ауа жұтуға шықты. Бұны да Алмастың өзі айтты.

- Тамақтан соң тысқа шығып, ептеп қыдырыс жасап қойған жөн, - деген. - Сонда асқазан, ішкі құрылыс жұмысы дұрыстала түседі.

Алтай оның бұнысына қарсылық байқатпады. Қыдырса несі бар, палатада жата бергеннен не шығады. Мүйіз шықса, екі күннен бері жатқан жоқ па үймысықтанып...

Енді тыста біраз уақыт жүрді.

- Табиғат деген қандай әсем, - деді Алмас Алтайға тағы бір ойын сездіргісі келіп. - Табиғат деген неткен ғажап, неткен таза...

- Иә, табиғат - Ана расында да керемет қой...

- Сен менің ойымды түсініп тұрсың ба? - деді Алмас бұл жолы Алтайға сауал қойғандай болып. - Сен... табиғат тазалығы дегенде нені ұқтың?..

- Енді-і... - деп, Алтай күмілжіді. - Енді...пәктік символы дегендей...

-  Ол ғана емес, - деді Алмас даусын жуандатып. - ол ғана емес... Табиғат о баста мына бізді, сені мен мені - жалпы жұмыр басты пендені жаратушы. Жаратқанда да мөлдір, пәк, тап-таза күйінде... Ал, енді біз, ес жия келе, сол табиғат-Анаға қарсы жұмыс істейміз. Ісіміз де, тірлігіміз де соған қарсы. Қарама-қарсы. Қайтсек табиғатты тұншықтырамыз, қайтсек тұқыртамыз... Осы-ақ. Пенделік тырбаңымыз осыған ғана саяды. О баста сол табиғаттың өзі секілді тап-таза, пәк болып өмірге келіп, сосын... былғанамыз. Өзімізді де былғаймыз, табиғатты да...

Алтай қатар жүріп келе жатып, кешелі бері сөзшең болып алған Үндемес сарыны тыңдай түсті. Оның жан шырылын түсінуге тырысты.

- Сол табиғатты... - деп, Алмас тағы да бір сырды сабақтады. - ...сол табиғатты аямаған бұл пендеңіз бір-бірін де аямайды екен. Аяғаның не, тым қатал ма дедім. Мен оны... бұрын мектепте жүргенде сезбеген екем. Мына аппарат қызметкерлері арасына келіп байқадым. Оларға сабақ беріп, тіл үйретіп-ақ жүре беруім керек екен, өзіме де обал жоқ...

Ол "обал жоқ" деген сөзді зіл бере айтқан. Алтай сөзді бөлмеді. "Е, неге" деген жоқ. Үнсіз ғана еріп келеді.

- Обал жоқ өзіме де, - деді Алмас тағы да. - Чиновниктер арасына қалай кіріп кеткенімді өзім де сезбей қалдым. Бір күні... әкімшілік басшысы "Сен бізге қызметке ауыс, енді іс-қағаздарын қазақша жүргізуді де қолға аламыз" деді. "Айлығың жаман болмайды" деп тағы да шегеледі. Сосын... келісе кеткенім. Міне, сол күннен бастап мен де чиновник болып алдым...

Алғашында аппаратқа ауысқаныма оншалық өкінгем де жоқ. Кісіге керегі не? Әуелі жақсы жалақы... Ол бар. Тәубе деуге болады. Сосын... көңілдегі жұмыс... Ол жөнінен де өкпелер жөнім жоқ. Чиновник деген атым болмаса, негізгі жұмысым - іс қағаздарының қазақша нұсқасын әзірлеу, үстінен қарау... Бір есептен қуанып та қоямын, "әйтеуір егемен елімнің мемлекеттік тілін дамытуға титтей де болса үлес қосып жүрмін ғой" деп...

Ең қызығы - кейінірек басталды. Бұл аппарат жұмысы дегенің жанып тұрған от. Жоғарыдағылардың тапсырғаны заң, өз уақытында орындалмаса, шаруаң бітті дей бер...

Сөйтіп жүргенде... бір күні мен жұмыс істейтін бөлімге жаңа басшы келді. Мұрты тікірейген бұжыр бет. Келгеннен қаһарына міне келді. Әй-шәйіңді білмейді.. Сөйлесе - тек орысша сөйлейді. Қазақшаңды қақпайтынның нақ өзі... Екі күннің бірінде айтатыны - тәртіп...

- Жұмысқа ерте келіп, кеш қайтасыңдар. Мен кетпей ешкім қайтпауы керек...

- Тапсырма айтқан уақытта орындалуы керек. Орындалмаса - түсінік жазасыңдар...

- Мемлекеттік қызмет этиқасын сақтаңдар. Әркім өз орнын білуі керек. Субординация сақтай біліңдер. Бастық кім де болса бастық...

Әңгімесінің негізгі желісі осындай.

Алғашында пәлендей көңіл аудармағандықтан ба, оның кім екенін байқамаппын. Түр-түсі маған бұрыннан таныс секілді ме? Әрі ойлаймын, бері ойлаймын... Ақыры... таптым-ау. Бұл - баяғы кірпіш бас... Менің сабағымды тастап кететін кірпіш бас... Ішім сол сәтте-ақ қылп ете қалған.

Сөйтіп жүргенде... бір күні ол екеуміз сөзге келіп қалдық. Ол айтты:

- Сен тым сылбыр жұмыс істейді екенсің, айтқанды дереу, сол мезетінде  қағып тастамаған соң...

Мен айттым:

- Аппаратта мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын жалғыз өзіммін. Бәрі жаңа, бәрі тың... Сосын да көбірек ізденіп, көбірек шұқшиюға тура келеді. Оны енді... сылбырлық десеңіз...

- Енді қалай? Басқаларға тапсырма берсең, екі-үш сағаттан асырмайды. Ал, сен... бір күн емес, екі күн емес...

- Өйткені шалағай қағаз жазғым келмейді. Көп жазып, көп сызамын. Ешкім көмекке келе алмайды. Қайта жұмысы ауыр ғой деп жағдай жасаудың орнына... айқайға басасыздар...

- Ол қандай жағдай? Не үшін жағдай жасауымыз керек? Сен де көп қызметкерлердің бірісің.

- Жоқ, - дедім мен, осы жолы қайсарлана, - мемлекеттік тілді іс-қағаздарына жік-жапар енгізудің іздену, талпыну, ойлану, кітап ақтару... секілді қосымша салмағы бар. Оны да ескеріңіз...

Кірпіш бас бастығым шарт кетті.

- Әй, шырағым, - деді, - міндетің сол болса, мен әкімге айтамын. Тіпті, керек десең, біз іс-қағаздарын тек орысша да жүргізе аламыз. Неге бүгін қазақшаға көшпейсіңдер деп жатқан ешкім жоқ. Так что, жолдас... қазақшаңды қалтаңа салып қой...

- Өзіңіз біліңіз...

Оған осы қыңыр мінезім жақпады-ау деймін, артынша өз айтқанын орындауға тырысты. Мені шетқақпай етті.

Ойлағам. Ана тілі үшін арпалысып жүрмін ғой, басқалар мені жақтар деп. Сөйтсем... бәрі ана бөлім бастығының ығына жығыла берді. Қандай жиналыс болса да, жалғыз қарақұлақ - менмін. "Аппарат этиқасын білмейді, субординация сақтамайды, сөзі түйеден түскендей, өзгені сыйлауды, құрметтеуді парыз санамайды..." Осылай да осылай...

Ұзын сөздің қысқасы, екеуміз біршама уақыт айтысып-таласып жүрдік те, ақыры... ол мені қысқартуға түсірді. "Мемлекеттік тілмен айналысатын жалғыз қызметкер неге қысқарады" десем, ол айтады. "Сенің шаруаң болмасын..." "Жоқ, бұл деген нағыз бюрократтық, мен арызданам..." "Өзің біл... тек бұл мекемеге енді есік жабық". "Оны... көрерміз әлі." Әділетсіздікке шыдай алмадым. Жоғары жаққа шағымданып бақтым. Газетке де жазып... Жә, оны қойшы. Қысқасы, аурулы болдым. Қан қысымым көтерілді. Соның бәріне кінәлі кім? Әрине, әлгі кірпіш бас... Соның қаныпезерлігі. Мені қайтсем де қуып шығамын деп қыр соңыма түскендігінен... Тағы бір өкінерім - сол аппаратта әжептәуір уақыт жұмыс істеді ғой, еңбегі бар еді ғой, консультанттыққа дейін көтерілген жоқ па деп бір қызметкердің мені жақтамағаны... Жаны ашымағаны... Енді міне, сенімен бірге ауруханадамын....

Осыны айтты да Үндемес сары - Алмас ағасы ауыр күрсінді. Күрсінді де:

- Е, бүйткен мемлекеттік қызметіңнің... -  деп, жерге шырт түкірді. - Өңкей алаяқтар... екіжүзділер... подхалимдер... Өз басын ғана ойлайтын эгоистер...

Алтай үндей алмады... Ішінен ойлады: "...Мемлекеттік қызметке ондайлар - алаяқтар, екіжүзділер, эгоистер... қайдан келеді өзі? Елеп-екшейтін сияқты еді... Жүзден жүйріктер барушы еді. Әлде... осы күні бәрі өзгерген бе?.."

Бөлісу: