І БӨЛІМ

19 Қараша 2013, 05:21

Әшейiнде иегiн iлгерi соза түсiп, адамға астамсып, асқақ қарайтын алып тау бүгiн бұған мейiрiн төге, мейiрлене жымиып, жылы қабақ танытып тұрғандай. Күннiң де өңменнен өтер өткiр ыстығы қазiр қызға қоңырсамалдана қалғандай. Әйтеуiр бiр күй... Айнала табиғат түгелiмен жиылып келiп, осы қыздың кiшкентай кеудесiне енiп, осыны ғана әлпештеп-әлдилегiсi келетiндей. Қызды әлдилеген әдемi бiр күй... Жүрегi лүп-лүп етiп, дүрсiлдей соғып, кеудесiнен шығып кетiп, тұра қашардай. Көкiрегiн кернеген сол сезiм кенезесiнен асып төгiлердей. Ойдың орныға қалар орны қалмағандай. Бәрi де түсi секiлдi. Көрген түстей. Сенерiн де, сенбесiн де бiлмейдi. Сенейiн десе, соған көңiл тоқтата алар емес. Сенбейiн десе, өз көзi көрдi, өз құлағы естiдi. Өзiне  ғана арнап айтты ол... Сол бiр ыстық ықыласы, мiне, тап қазiрге дейiн құлағының түбiнде ызыңдап тұрғандай. Құлағының бiр шетiн ыстық леп, жiгiт жүрегiнiң ыстық лебi жылытып тұрған сыңайлы. Осыған да сенбесе... Қыз ендi ойлап қараса, лүп-лүп еткен жүрегi ғана емес екен, бүкiл денесi сол жұдырықтай жүрегiне қосыла дүрсiлдеп тұрғандай екен. Бұл неткен теңдессiз құдiрет сезiм! Жұмыр басты пенденiң де дәл осылай күй кешiп, өзiн-өзi игере алмай, қалшылдап тоңып, қайта ысып, қайта жаурап, қайтадан ерiп... ерiктен тыс бөлек күйге ауысып жүре беретiнiн бұрын тек кiтаптардан оқығаны болмаса, өз басымнан кеше қоярмын деп ойласа кәнi! Қайтiп ойлайды! Қалай ойлайды! Өмiрi болмаған жайды, ешқашан бастан кешiп көрмеген күйдi қалай елестетпек? Жо-жоқ, оған кiнәлi қыз емес. Қыздың түк те кiнәсi жоқ. Оған кiнәлi - өмiр. Оның тағдыры... Осы уақытқа дейiн осындай бақытты бастан кешiруге жазбаған өз тағдыры... Бiреуге ерте, бiреуге кеш берiлетiн мөлтек бақыт бұл. Жә, кеш берiлсе де, берiлгенiн айт. Ал, мүлде берiлмей қойса ше! Осы бақыттың бал дәмiн бұл фәниде тата алмай кеткендер де бар. Оны кiм жоқ дей алар. Ой ауаны жұдырықтай қызды өз құшағына ала түсiп, тәттi сезiмнiң буына балқып, өң мен түстiң арасындағы ғажап әлемде жүргендей күйге бөленулi едi. Әшейiнде сап-салқын, сұп-суық болып көрiнетiн өз бөлмесiнiң тас қабырғаларына дейiн бүгiн жылынып, әсем тартып, бусанып сала бергендей. Бөлме iшiн ерекше бiр әуен тербеп тұрғандай. Ол музыка да емес, басқа да емес, қыз жүрегiнiң әуенi... Әндетiп тұрған оның iшкi әлемi. Баяғыда байғұс анасы "Қызым, арыңды жастан сақта, арлы қыз арманына жетедi, қайтсе де жетедi" деп көп айтушы едi. Сол сөздi әрдайым-ақ есiнде сақтап, үнемi алдына ақ тiлеу етiп тосып келiп едi. Алайда, сондағы тапқаны... Соқа басы сорайып, талай жылдан берi қу тiзесiн құшақтап, өзгеге бұйырған ең болмаса қисық шәпкенiң ең нашары да уысына түспей, жалғыздық атты зынданның тұңғиығында тұншыққалы қаш-шан! Тағдырдың сондай тарту-таралғысынан соң тар бөлменiң тәп-тәуiр қабырғаларының өзi де қара тастай зiлмауыр тартпас па. Сол зiлмауыр да қапас бөлмеде жалғыз қалған жапалақтай жападан-жалғыз күн кешу ше! Дегенмен... ештен кеш жақсы. Қай шаруаның да оңалып, келешегiнен үмiт ұшқындап келе жатса, өкпелеп не керек? Көп қиындықтың бiр рахаты болатыны, бiр жақсылығы болатыны қандай жақсы. Оның үстiне... өз жолын ауырлатып, қияға бастап, болмасты болдырам деп о баста қисая тартқан басқа емес, өзi ғой. Әйтпесе кiм екен бұған өйт те бүйт  деген! Кiм екен қалаға бар деп күндiз-түнi қақсаған! Кiм екен, ауылды ұмыт, бар қызықты сол жақтан табасың деген... Өзi! Өзi емей кiм? Қаланың қызы болып алған соң, бәрi де өз жөнiн табады, ойдағым орындалады, қағанағым қарық, сағанағым  сарық болар деп арман еткен тағы да өз көңiлi. Оған "Е, бұның не?" деп қарсы сөз айтқан жан болып па? Кiм айтар оны? Әкесi марқұм әлдеқашан мәңгi мекенiне - қара жер қойнына кеткен. Шешесi де көп жасай алмады. Әйтеуiр қолы көсеу, шашы сыпыртқы болып жүрiп бойжеттiрдi-ау. Өз қолы өзiне жететiн жасқа жеткiздi-ау. Сосын... соңғы қоштасу сөзiн де айта алмай, қайран ғазиз - ана... о дүниеге аттанып жүре бердi. Жылап-сықтап болған соң, есiн жиып, оң-солына қарап, жақын дегенде жанашыр ешкiмi де жоқ екенiн сезiп, белдi бекем буынды. "Өлгеннiң артынан өлмек жоқ". Бұл - анасының сөзi. "Тiрi жан-тiстi бақа". Бұл да анасыныкi. "Тiрi жан тiршiлiгiн жасайды". Бұл да... Оқусыз, бiлiмсiз ешнәрсе уысына түспесiн бiлдi. Ендi не етпек керек? Әрине, оқу керек. Содан "қала қайдасың" деп тартып отырды. Мiне, мынау сол қала. Жетi-сегiз жылдан бергi мекен-тұрағы. Қыз өзiнiң ерлiгiне, батылдығына, ептiлiгiне дән риза-ақ. Бар ойлағаны орындалды десе де болады. Оқуды да бiтiрдi. Дипломды да алды. Қызметке де тұрды. Бiр бөлмелiк болса да жатақханада өз жайы бар. Оған да шүкiршiлiк. Әйтсе де... көңiлiнiң бiр түкпiрiндегi арман-ой... қай кезде де мазалай берушi едi. "Жалғыздық бiр аллаға ғана жарасқан". Анасының сөзi. "Аққу да жұбымен жарасты". Анасының айтқаны. "Айтса ше? Бұл дүниеде не оңай, айта салу оңай. Ал, мықты екенсiң, сол өзiң айтқаныңды орындап көршi! Ә, қалай екен! Ендеше, әуелi айтпай тұрып, ойланып алған мақұл!" Бұл - өзiнiң ойы. "Жалғыз жүру кiсiге жақсы әдет, жарасты әдет екен деп кiм айтыпты! Оны өзiм де бiлемiн. Бiрақ екiншi жұбыңды iздегеннiң жөнi сол деп, көрiнгенге, көлденең көк аттыға сүйкене беруге бола ма? Ар деген ауыл бар. Ұят деген ұя бар... Ал, оны ұмытсаң..." Бұл да өз ойы. "Сүйгенiм жолықпай жүрсе, жолыға алмай жүрсем мен қайтейiн..." "Қиялдағы ғашығымды таба алмасам, таптырмай қойса, маған не дейсiңдер?.." "Бұйрық болмай жатса, алла-тағала "мақұл" демесе, мен нетпекпiн!.."  Өстiп жүрген кезiнде, бiр бөлменiң төрт қабырғасына телмiре қарап, талай түндi ұйқысыз өткерiп жүрген шағында... бiр күнi аспаннан iздегенi жерден жолығып... табысты-ау әйтеуiр. Қала сәнiмен киiнген, қиылта мұрт қойған, қыр мұрынды қара торы жiгiт бұған өзi келiп... қолын ұсынды. Көп сөзге салмастан "Сiз маған ұнайсыз" дедi. Бұл да ақыл-естен айрылды. Нағыз ғашығыммен жолықтым деп ойлады. Сөйтiп... сұлу жiгiттiң дегенiне көне бердi. Ал, күнi ертең үйлену тойы. Осындайда жүрек лүп-лүп етпей, осындайда жарыла жаздамай тұрар ма!? Жүрек дейсiң-ау, бар жұлын-жүйкесiне дейiн қосыла дiрiл қағып, бүкiл денесiн дүрсiлдеткенi де содан емес пе? Қыздың талай жылдан берi ойында ғана болған арман сағаты, ерекше қуанышты сәтi тақап қалды. Ертең - той. Бұл тұрмысқа шығады. Ал, сонан соң... Арғы жағы ертегi ғой. Ертегi...

Әшейiнде иегiн iлгерi соза түсiп, адамға астамсып, асқақ қарайтын алып тау бүгiн бұған мейiрiн төге, мейiрлене жымиып, жылы қабақ танытып тұрғандай. Күннiң де өңменнен өтер өткiр ыстығы қазiр қызға қоңырсамалдана қалғандай. Әйтеуiр бiр күй... Айнала табиғат түгелiмен жиылып келiп, осы қыздың кiшкентай кеудесiне енiп, осыны ғана әлпештеп-әлдилегiсi келетiндей.

Қызды әлдилеген әдемi бiр күй...

Жүрегi лүп-лүп етiп, дүрсiлдей соғып, кеудесiнен шығып кетiп, тұра қашардай. Көкiрегiн кернеген сол сезiм кенезесiнен асып төгiлердей. Ойдың орныға қалар орны қалмағандай. Бәрi де түсi секiлдi. Көрген түстей. Сенерiн де, сенбесiн де бiлмейдi. Сенейiн десе, соған көңiл тоқтата алар емес. Сенбейiн десе, өз көзi көрдi, өз құлағы естiдi. Өзiне  ғана арнап айтты ол... Сол бiр ыстық ықыласы, мiне, тап қазiрге дейiн құлағының түбiнде ызыңдап тұрғандай. Құлағының бiр шетiн ыстық леп, жiгiт жүрегiнiң ыстық лебi жылытып тұрған сыңайлы. Осыған да сенбесе...

Қыз ендi ойлап қараса, лүп-лүп еткен жүрегi ғана емес екен, бүкiл денесi сол жұдырықтай жүрегiне қосыла дүрсiлдеп тұрғандай екен. Бұл неткен теңдессiз құдiрет сезiм! Жұмыр басты пенденiң де дәл осылай күй кешiп, өзiн-өзi игере алмай, қалшылдап тоңып, қайта ысып, қайта жаурап, қайтадан ерiп... ерiктен тыс бөлек күйге ауысып жүре беретiнiн бұрын тек кiтаптардан оқығаны болмаса, өз басымнан кеше қоярмын деп ойласа кәнi! Қайтiп ойлайды! Қалай ойлайды! Өмiрi болмаған жайды, ешқашан бастан кешiп көрмеген күйдi қалай елестетпек? Жо-жоқ, оған кiнәлi қыз емес. Қыздың түк те кiнәсi жоқ. Оған кiнәлi - өмiр. Оның тағдыры... Осы уақытқа дейiн осындай бақытты бастан кешiруге жазбаған өз тағдыры... Бiреуге ерте, бiреуге кеш берiлетiн мөлтек бақыт бұл. Жә, кеш берiлсе де, берiлгенiн айт. Ал, мүлде берiлмей қойса ше! Осы бақыттың бал дәмiн бұл фәниде тата алмай кеткендер де бар. Оны кiм жоқ дей алар.

Ой ауаны жұдырықтай қызды өз құшағына ала түсiп, тәттi сезiмнiң буына балқып, өң мен түстiң арасындағы ғажап әлемде жүргендей күйге бөленулi едi. Әшейiнде сап-салқын, сұп-суық болып көрiнетiн өз бөлмесiнiң тас қабырғаларына дейiн бүгiн жылынып, әсем тартып, бусанып сала бергендей. Бөлме iшiн ерекше бiр әуен тербеп тұрғандай. Ол музыка да емес, басқа да емес, қыз жүрегiнiң әуенi... Әндетiп тұрған оның iшкi әлемi.

Баяғыда байғұс анасы "Қызым, арыңды жастан сақта, арлы қыз арманына жетедi, қайтсе де жетедi" деп көп айтушы едi. Сол сөздi әрдайым-ақ есiнде сақтап, үнемi алдына ақ тiлеу етiп тосып келiп едi. Алайда, сондағы тапқаны... Соқа басы сорайып, талай жылдан берi қу тiзесiн құшақтап, өзгеге бұйырған ең болмаса қисық шәпкенiң ең нашары да уысына түспей, жалғыздық атты зынданның тұңғиығында тұншыққалы қаш-шан! Тағдырдың сондай тарту-таралғысынан соң тар бөлменiң тәп-тәуiр қабырғаларының өзi де қара тастай зiлмауыр тартпас па. Сол зiлмауыр да қапас бөлмеде жалғыз қалған жапалақтай жападан-жалғыз күн кешу ше!

Дегенмен... ештен кеш жақсы. Қай шаруаның да оңалып, келешегiнен үмiт ұшқындап келе жатса, өкпелеп не керек? Көп қиындықтың бiр рахаты болатыны, бiр жақсылығы болатыны қандай жақсы. Оның үстiне... өз жолын ауырлатып, қияға бастап, болмасты болдырам деп о баста қисая тартқан басқа емес, өзi ғой. Әйтпесе кiм екен бұған өйт те бүйт  деген! Кiм екен қалаға бар деп күндiз-түнi қақсаған! Кiм екен, ауылды ұмыт, бар қызықты сол жақтан табасың деген... Өзi! Өзi емей кiм?

Қаланың қызы болып алған соң, бәрi де өз жөнiн табады, ойдағым орындалады, қағанағым қарық, сағанағым  сарық болар деп арман еткен тағы да өз көңiлi. Оған "Е, бұның не?" деп қарсы сөз айтқан жан болып па? Кiм айтар оны? Әкесi марқұм әлдеқашан мәңгi мекенiне - қара жер қойнына кеткен. Шешесi де көп жасай алмады. Әйтеуiр қолы көсеу, шашы сыпыртқы болып жүрiп бойжеттiрдi-ау. Өз қолы өзiне жететiн жасқа жеткiздi-ау. Сосын... соңғы қоштасу сөзiн де айта алмай, қайран ғазиз - ана... о дүниеге аттанып жүре бердi. Жылап-сықтап болған соң, есiн жиып, оң-солына қарап, жақын дегенде жанашыр ешкiмi де жоқ екенiн сезiп, белдi бекем буынды. "Өлгеннiң артынан өлмек жоқ". Бұл - анасының сөзi. "Тiрi жан-тiстi бақа". Бұл да анасыныкi. "Тiрi жан тiршiлiгiн жасайды". Бұл да...

Оқусыз, бiлiмсiз ешнәрсе уысына түспесiн бiлдi. Ендi не етпек керек? Әрине, оқу керек. Содан "қала қайдасың" деп тартып отырды.

Мiне, мынау сол қала. Жетi-сегiз жылдан бергi мекен-тұрағы. Қыз өзiнiң ерлiгiне, батылдығына, ептiлiгiне дән риза-ақ. Бар ойлағаны орындалды десе де болады. Оқуды да бiтiрдi. Дипломды да алды. Қызметке де тұрды. Бiр бөлмелiк болса да жатақханада өз жайы бар. Оған да шүкiршiлiк. Әйтсе де... көңiлiнiң бiр түкпiрiндегi арман-ой... қай кезде де мазалай берушi едi. "Жалғыздық бiр аллаға ғана жарасқан". Анасының сөзi. "Аққу да жұбымен жарасты". Анасының айтқаны.

"Айтса ше? Бұл дүниеде не оңай, айта салу оңай. Ал, мықты екенсiң, сол өзiң айтқаныңды орындап көршi! Ә, қалай екен! Ендеше, әуелi айтпай тұрып, ойланып алған мақұл!" Бұл - өзiнiң ойы.

"Жалғыз жүру кiсiге жақсы әдет, жарасты әдет екен деп кiм айтыпты! Оны өзiм де бiлемiн. Бiрақ екiншi жұбыңды iздегеннiң жөнi сол деп, көрiнгенге, көлденең көк аттыға сүйкене беруге бола ма? Ар деген ауыл бар. Ұят деген ұя бар... Ал, оны ұмытсаң..." Бұл да өз ойы.

"Сүйгенiм жолықпай жүрсе, жолыға алмай жүрсем мен қайтейiн..."

"Қиялдағы ғашығымды таба алмасам, таптырмай қойса, маған не дейсiңдер?.."

"Бұйрық болмай жатса, алла-тағала "мақұл" демесе, мен нетпекпiн!.." 

Өстiп жүрген кезiнде, бiр бөлменiң төрт қабырғасына телмiре қарап, талай түндi ұйқысыз өткерiп жүрген шағында... бiр күнi аспаннан iздегенi жерден жолығып... табысты-ау әйтеуiр. Қала сәнiмен киiнген, қиылта мұрт қойған, қыр мұрынды қара торы жiгiт бұған өзi келiп... қолын ұсынды. Көп сөзге салмастан "Сiз маған ұнайсыз" дедi. Бұл да ақыл-естен айрылды. Нағыз ғашығыммен жолықтым деп ойлады. Сөйтiп... сұлу жiгiттiң дегенiне көне бердi.

Ал, күнi ертең үйлену тойы.

Осындайда жүрек лүп-лүп етпей, осындайда жарыла жаздамай тұрар ма!? Жүрек дейсiң-ау, бар жұлын-жүйкесiне дейiн қосыла дiрiл қағып, бүкiл денесiн дүрсiлдеткенi де содан емес пе? Қыздың талай жылдан берi ойында ғана болған арман сағаты, ерекше қуанышты сәтi тақап қалды. Ертең - той. Бұл тұрмысқа шығады. Ал, сонан соң... Арғы жағы ертегi ғой. Ертегi...

Бөлісу: