IV БӨЛІМ

19 Қараша 2013, 04:56

Егор Иванов отыз үшінші жылдары қылшылдап тұрған жас жігіт еді. Әке-шешесінің қонысы болған осы Жаңатас ауданының жері Егор үшін де аса ыстық. Балалығы осында етті. Әкесі Макар Ивановыч денелі, сақалды, екі иығына екі адам мінгендей ірі кісі болатын. Аңшылық, саятшылық десе ішкен асын жерге қоя салатынның бірі - осы Макарды. Ұлы Егорды жанына ертіп алып, осы аймаққа атышулы мұзбалақ бүркітімен түлкі, қасқыр аулайтын. Бертін келе Егор да әке жолын қуды. Темір тырнақ бүркіт баптай білмесе де иісшіл, ақылды, аңшылыққа ыңғайлы бірнеше иті болды. Қақпан құрып, талай рет түлкі мен қарсақ ұстап, тон тікті. Макар Ивановычтан қалған ұстаның құрал-саймандарын әжетке жаратты. Ең соңғы жан серігі болған ит - Булька екен. Ой, оның  сезімталдығын айт, адамнан бірде-бір кем емес... Егер қалың тоғайдың ішіне айталық, қырғауыл атып түсірсең, соны сөзсіз тауып әкеледі. Еркелетсең еркелей біледі, жекірсең оны да түсінеді. Бірнеше рет Сырдың бойында отырған ауыл-үйдің суға кетіп қала жаздаған балаларын аман алып қалды. Сырт киімінен тістеп, суын сорғалатып, иесіне алып келгенде, баланың әке-шешесі жүрегі жарыла қуанған. Осындай жаратылысы бөлек Бульқасынан соғысқа аттанып бара жатқанда амалсыз ажырап қалды... Бір жолы Булька айдаладан нәресте тауып әкелді. Кәдімгі бір жастан жаңа ғана асқан қыз бала. Қараторының әдемісі. Әуелгіде ел жағалап, сұрау салып, баланың әке-шешесін іздемекші болды. Досы Максиммен осы жайлы ақылдасып еді, ол айтты. - Ой, сен де қызық екенсің, бала керек адам жапан дүзге тастап кете ме. Тасжүрек біреулердің аштыққа қылған айласы шығар. Жалғыз басты еркек емессің бе, асыра. Бағып-қақ. Өз қызыңдай көріп, аялап өсір. Кезінде іздеу салып, келіп жатса оны да көрерсің. Максимнің ақылы ақыл болды. Енді күнделікті ермек табылды. Бұрын Булька екеуі ғана ұйықтайтын болса, үйге нәресте келгелі бері ол ауызғы үйге шығып қалды. Әттең  Лариса болғанда ғой... Лариса екеуі үш-ақ жыл отасты. Оның туған-туыстары Сталинград жақта тұратын. Алғашқы жылдары бұлар өздерін жер бетіндегі ең бақытты жандарға балаушы еді, екі жыл етіп, үшінші жылға аяқ басқанда, ол қыңқылды шығарды. "Осы май топырақтың ішінде бізге не бар. Сталинградқа кетейік"  дейді. Егор қанша үгіттесе де келіспеді. Ақыры өзі кетіп тынды. Кейбір сәттерде жападан-жалғыз жатып, бұл ойлайтын: "Әттең, ортамызда шарана болмады-ау, әйтпесе нәрестенің жас исі Ларисаға бәрін де ұмыттырар еді, сөйтіп осында қалар ма еді...". Сол арман болған сәбиді ақыры ақылды Булька та­уып әкелді, кеш тапты бірақ... Астық жиналып біткен мезгіл. Қолхоздың дыбыр-дыбыр тірлігі дамыл тауып, ауыл ішіне азғана мамыражай сәт туған. Қаншайым қолхоз төрағасына өтініш айтып, бүгін ана бір жылдары із-түзсіз жоғалтып алған Гүлжанының жиырма жасқа толатын күні еді деп, қолхозшыларды өз шаңырағына шақырған. "Өміріміздегі ең бір қуанышты күнім болсын"  деп, жалғыз ешкісін де сойғызды. Ауыл-аймақ, тайлы-таяғымен жиылыпты. Тіпті етікші Жагор да осында жүр, әдетте ол көпшілік жерге жиі бара бермейтін. Ақылбай үздік қолхозшы Қаншайым ананың қуанышына арнап жылқышылардан дәу саба қымыз алдырыпты. - Қаншайым-ау, сен не көрмедің! Оны өзге білмесе де, біздің қолхоз біледі. Біліп қана қоймайды, сенің еңбегіңді бағалайды. Осындай ақ түйенің қарны жарылған шуақты күні мына жұртыңа айтатының да бар шығар? - деп қолхоз төрағасы тіл қатып еді. Қолхозшы Ананың жанары жасаурап қоя бергені. -  Нағыз бақытты заман енді туды ғой, бұл осы отырған бәріміздің басымызға қонған  бақ. Айналайын өкіметке рахмет!.. - деп, толқи түсіп, сөз бастай берген сәтінде оң құлағы шым-м ете қалды да, артынша сыңси жылаған сәби үні естілді. - Оу, неге тосылдың, Қаншайым, айта бер, өте жақсы сөйлеп келесің, - деп, қатын-қалаш шуылдасты.    -       Айтсам, - деді Ана әзер есін жиып, - бүгін сіздерді үйге шақыра отырып, осыдан жиырма жыл бұрын ашаршылық пен жоқшылықтың кесірінен, таудағы елге жеткізе алмаған мен бейбақ, жол  бойында  қалдырып қойған сәбиімді, қызым Гүлжанымды өздеріңізбен бірге тағы бір еске түсірейін деп едім. Мен кінәлі ме екенмін!.. Мен бе екен тастайын деген!... - Ананың көзінен моншақтап жас тамды. - Ау, оның не? Онан да сен бізге болған оқиғаны айтып берсейші. - И-ә, сөйтпеймісің! - деп үлкендер жағы басу айтты. Қолхозшылардың бірі біліп, бірі білмейтін бұл оқиғаны Қаншайым осы жолы ғана бастан-аяқ баян қылды. Әлгі оқиғаны тыңдап болған кезде бір бұрышта қаннен-қаперсіз жер сызғылап отырған Егордың ішін жалын жалап өткендей күй кешкені. "Апыр-ай, апыр-ай, мына менің Мариям деп жүргенім Қаншайым ананың Гүлжаны болып шыққаны ма! Солай болғалы тұр ма!.. Жо-жоқ, мүмкін емес, жаңсақтық шығар... Жаңсақ әңгіме болар әлгі естігенім... Мариям менікі, өзімнің қызым..." Денесі бір ысып, бір суынды. Жаңа ғана жан тебірентерлік сыр шерткен Қаншайым анаға да, өз қызы Мариямға да қарауға дәті шыдар емес. Ары алдында азапқа түсіп, қылмысты адамдай қысылсын бір... "Мен қылмыскермін! Жиырма жыл бойы кісіге киянат жасап келген, ар-ұяттан безген қылмысты бейбақпын... Адам ұрлап, адам жасырғаннан үлкен, одан өткен арсыздық болар деймісің бұл жалғанда. Ах, Егор, Егор!.. Тірлікте жұмыр басты пенденің ала жібін аттамаймын, қиянат пен қысастыққа қарсы тұрамын, онымен күресіп өтемін деуші ең-ау!.. Күрескенің осы ма?.. Осы ма ақжүрек, адал, мейірімді де момақан пенде болып, біреуге тұтқа, біреуге нұсқа болғаның... Миы солқылдады. Қос құлағы шыңылдап, көзінің алды бұлдырады. Шындық пен өтірік атты қос дүниенің ортасынан тартылған қыл көпірдің үстінде қалт-құлт етіп, қалай қарай қисая кетерін білмей, басы қатты. "Шындықты айтсам, Мариямнан мәңгіге айрылғаным да!.. Тағы да, қалған тырнақтай тірлікте, жападан-жалғыз төрт қабырғаға телміре қарап, сары уайыммен таңды атырып, күнді батырармын... "Қубас Жагор" дер мына халық. Қайтсем екен, а?.. Үндемей қалсам, менің бұл қылмысымды жақын арада кім әшкере қыла қояр дейсің! Ондай көріпкел құдіретің әлі жаратыла қойған жоқ шығар. Немен, несімен дәлелдей алады... Ал, дәлелдеші. Қылмысымды бетке қойып көрші... Бірақ арың... адамдық арың мұндайды кешірер ме? Әз ұятыңның алдында не деп ақтала аларсын. Бейшара, бейбақ ана еңірегенде етегі толып, жанарынан жас бұршақтатпады ма! Жүректе мұз боп қатқан жиыр­ма жыл бойғы шерді жібітер құдірет қолымда тұрғанда, несіне аянып қаламын. Онсыз да қылмысты емеспін бе. Осы уақытқа дейінгі бар айыбымды барша халық алдында, тап қазір осылай жумаймын ба мен! Жарық жалғанға ана құрсағынан пәк болып келіп, таза болып келіп, о дүниелік ұзақ сапарға аттанарда, дененді ит иіскемей қалса... оның несі мұрат... Қаншайым ана-ай, қуаншы бір! Қуаншы бір ақ жүрегіңді айқара ашып, маған да оңай тиер деймісін, амалым қайсы. Қуан, шаттан, Ана! Үйді басына көтере "Қызым, Гүлжаным!.." деп,  бар даусыңмен жар сал. Мариямды ана кеудеңе алып, мауқыңды басшы... Әне, Гүлжаның! Гүлжаныңды ал... Жагор орнынан көтерілгенде өңі өрт сөндіргендей болып қабарып түтігіп кеткен екен. Тілі таңдайына жабысып қалыпты. -  Сол-л... - деп, тұтығып қалды. Жанары жасаурап кетті. -  Сол екен ғой, менің Мариям деп жүргенім Гүлжан болды ғой... - деді де, кері бұрылып, орамалымен көзін сүртті. Оқыс елең еткен Ананың өткір жанары топты жарып етіп, Мариямға қадалды. Қос жанар ана мен перзент жанары ілездемде бірін-бірі іздеп тауып, ауада айқаса кетті. - Гүлжаным!.. Қызым!... - Қаншайымның бұдан басқа сөз айтуға шамасы келмеді. Ел Қаншайым мен Жагордың ортақ қызы Гүлжан - Мариямды құшақтарына алып, қайта-қайта бетінен сүйіп, еміреніп жатқанда Ананың көзінің алды тұманданды, құлағының түбінен дыңылдап, кетпей тұрып алатын сыңси жылаған сәби үні бірте-бірте алыстап алыстап барып, енді біржола ғайыпқа сіңіп бара жатқандай...                                                      * * * Қаншайым ана неге екені белгісіз, сол күннен бастап тілден қалды. Дәрігер қыз оған неше түрлі уқол әкеліп салды, дәрі ішкізді. Бәрібір ем қонған жоқ. Ауданнан шақыртылған шипагерлер де түк істей алмады. Қызы енді алаңсыз анасының жанынан бір елі шықпай күтіп отыратын болды. Былайғы жұрт қыздың өмірбаянына кейінірек қанықты: Жагор өзі бағып-қағыпты. Соғысқа аттанып бара жатқанда балалар үйіне "Ма­риям Иванова"  деп өткізген екен, кейін аман-есен оралған соң, қайтадан қолына алыпты. Мектеп бітіргізіп, медицина училищесінде оқытады. Сөйтіп, әдемі мамандық алуға мүмкіндік жасайды... Екеуден екеу қалған кей сәттерде, Қаншайым былдырлай, қызына бірнәрсе айтқысы келеді. Әрі қиналып, бері қиналып, ақыр соңында онысынан түк өнбей, теріс қарап жатып қалғанда, жастыққа бірер тамшы жас тамып кетеді....  Кейінгі кездері етікші Жагор да осы үйден ұзап кете алмай, айналшықтай беретін болды. Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Егор Иванов отыз үшінші жылдары қылшылдап тұрған жас жігіт еді. Әке-шешесінің қонысы болған осы Жаңатас ауданының жері Егор үшін де аса ыстық. Балалығы осында етті. Әкесі Макар Ивановыч денелі, сақалды, екі иығына екі адам мінгендей ірі кісі болатын. Аңшылық, саятшылық десе ішкен асын жерге қоя салатынның бірі - осы Макарды. Ұлы Егорды жанына ертіп алып, осы аймаққа атышулы мұзбалақ бүркітімен түлкі, қасқыр аулайтын. Бертін келе Егор да әке жолын қуды. Темір тырнақ бүркіт баптай білмесе де иісшіл, ақылды, аңшылыққа ыңғайлы бірнеше иті болды. Қақпан құрып, талай рет түлкі мен қарсақ ұстап, тон тікті. Макар Ивановычтан қалған ұстаның құрал-саймандарын әжетке жаратты. Ең соңғы жан серігі болған ит - Булька екен. Ой, оның  сезімталдығын айт, адамнан бірде-бір кем емес... Егер қалың тоғайдың ішіне айталық, қырғауыл атып түсірсең, соны сөзсіз тауып әкеледі. Еркелетсең еркелей біледі, жекірсең оны да түсінеді. Бірнеше рет Сырдың бойында отырған ауыл-үйдің суға кетіп қала жаздаған балаларын аман алып қалды. Сырт киімінен тістеп, суын сорғалатып, иесіне алып келгенде, баланың әке-шешесі жүрегі жарыла қуанған. Осындай жаратылысы бөлек Бульқасынан соғысқа аттанып бара жатқанда амалсыз ажырап қалды...

Бір жолы Булька айдаладан нәресте тауып әкелді. Кәдімгі бір жастан жаңа ғана асқан қыз бала. Қараторының әдемісі. Әуелгіде ел жағалап, сұрау салып, баланың әке-шешесін іздемекші болды. Досы Максиммен осы жайлы ақылдасып еді, ол айтты.

- Ой, сен де қызық екенсің, бала керек адам жапан дүзге тастап кете ме. Тасжүрек біреулердің аштыққа қылған айласы шығар. Жалғыз басты еркек емессің бе, асыра. Бағып-қақ. Өз қызыңдай көріп, аялап өсір. Кезінде іздеу салып, келіп жатса оны да көрерсің.

Максимнің ақылы ақыл болды. Енді күнделікті ермек табылды. Бұрын Булька екеуі ғана ұйықтайтын болса, үйге нәресте келгелі бері ол ауызғы үйге шығып қалды. Әттең  Лариса болғанда ғой... Лариса екеуі үш-ақ жыл отасты. Оның туған-туыстары Сталинград жақта тұратын. Алғашқы жылдары бұлар өздерін жер бетіндегі ең бақытты жандарға балаушы еді, екі жыл етіп, үшінші жылға аяқ басқанда, ол қыңқылды шығарды. "Осы май топырақтың ішінде бізге не бар. Сталинградқа кетейік"  дейді. Егор қанша үгіттесе де келіспеді. Ақыры өзі кетіп тынды. Кейбір сәттерде жападан-жалғыз жатып, бұл ойлайтын: "Әттең, ортамызда шарана болмады-ау, әйтпесе нәрестенің жас исі Ларисаға бәрін де ұмыттырар еді, сөйтіп осында қалар ма еді...".

Сол арман болған сәбиді ақыры ақылды Булька та­уып әкелді, кеш тапты бірақ...

Астық жиналып біткен мезгіл. Қолхоздың дыбыр-дыбыр тірлігі дамыл тауып, ауыл ішіне азғана мамыражай сәт туған.

Қаншайым қолхоз төрағасына өтініш айтып, бүгін ана бір жылдары із-түзсіз жоғалтып алған Гүлжанының жиырма жасқа толатын күні еді деп, қолхозшыларды өз шаңырағына шақырған. "Өміріміздегі ең бір қуанышты күнім болсын"  деп, жалғыз ешкісін де сойғызды.

Ауыл-аймақ, тайлы-таяғымен жиылыпты. Тіпті етікші Жагор да осында жүр, әдетте ол көпшілік жерге жиі бара бермейтін. Ақылбай үздік қолхозшы Қаншайым ананың қуанышына арнап жылқышылардан дәу саба қымыз алдырыпты.

- Қаншайым-ау, сен не көрмедің! Оны өзге білмесе де, біздің қолхоз біледі. Біліп қана қоймайды, сенің еңбегіңді бағалайды. Осындай ақ түйенің қарны жарылған шуақты күні мына жұртыңа айтатының да бар шығар? - деп қолхоз төрағасы тіл қатып еді. Қолхозшы Ананың жанары жасаурап қоя бергені.

-  Нағыз бақытты заман енді туды ғой, бұл осы отырған бәріміздің басымызға қонған  бақ. Айналайын өкіметке рахмет!.. - деп, толқи түсіп, сөз бастай берген сәтінде оң құлағы шым-м ете қалды да, артынша сыңси жылаған сәби үні естілді.

- Оу, неге тосылдың, Қаншайым, айта бер, өте жақсы сөйлеп келесің, - деп, қатын-қалаш шуылдасты.

   -       Айтсам, - деді Ана әзер есін жиып, - бүгін сіздерді үйге шақыра отырып, осыдан жиырма жыл бұрын ашаршылық пен жоқшылықтың кесірінен, таудағы елге жеткізе алмаған мен бейбақ, жол  бойында  қалдырып қойған сәбиімді, қызым Гүлжанымды өздеріңізбен бірге тағы бір еске түсірейін деп едім. Мен кінәлі ме екенмін!.. Мен бе екен тастайын деген!... - Ананың көзінен моншақтап жас тамды.

- Ау, оның не? Онан да сен бізге болған оқиғаны айтып берсейші.

- И-ә, сөйтпеймісің! - деп үлкендер жағы басу айтты. Қолхозшылардың бірі біліп, бірі білмейтін бұл оқиғаны Қаншайым осы жолы ғана бастан-аяқ баян қылды.

Әлгі оқиғаны тыңдап болған кезде бір бұрышта қаннен-қаперсіз жер сызғылап отырған Егордың ішін жалын жалап өткендей күй кешкені. "Апыр-ай, апыр-ай, мына менің Мариям деп жүргенім Қаншайым ананың Гүлжаны болып шыққаны ма! Солай болғалы тұр ма!.. Жо-жоқ, мүмкін емес, жаңсақтық шығар... Жаңсақ әңгіме болар әлгі естігенім... Мариям менікі, өзімнің қызым..."

Денесі бір ысып, бір суынды. Жаңа ғана жан тебірентерлік сыр шерткен Қаншайым анаға да, өз қызы Мариямға да қарауға дәті шыдар емес. Ары алдында азапқа түсіп, қылмысты адамдай қысылсын бір... "Мен қылмыскермін! Жиырма жыл бойы кісіге киянат жасап келген, ар-ұяттан безген қылмысты бейбақпын...

Адам ұрлап, адам жасырғаннан үлкен, одан өткен арсыздық болар деймісің бұл жалғанда. Ах, Егор, Егор!.. Тірлікте жұмыр басты пенденің ала жібін аттамаймын, қиянат пен қысастыққа қарсы тұрамын, онымен күресіп өтемін деуші ең-ау!.. Күрескенің осы ма?.. Осы ма ақжүрек, адал, мейірімді де момақан пенде болып, біреуге тұтқа, біреуге нұсқа болғаның...

Миы солқылдады. Қос құлағы шыңылдап, көзінің алды бұлдырады. Шындық пен өтірік атты қос дүниенің ортасынан тартылған қыл көпірдің үстінде қалт-құлт етіп, қалай қарай қисая кетерін білмей, басы қатты. "Шындықты айтсам, Мариямнан мәңгіге айрылғаным да!.. Тағы да, қалған тырнақтай тірлікте, жападан-жалғыз төрт қабырғаға телміре қарап, сары уайыммен таңды атырып, күнді батырармын... "Қубас Жагор" дер мына халық. Қайтсем екен, а?.. Үндемей қалсам, менің бұл қылмысымды жақын арада кім әшкере қыла қояр дейсің! Ондай көріпкел құдіретің әлі жаратыла қойған жоқ шығар. Немен, несімен дәлелдей алады... Ал, дәлелдеші. Қылмысымды бетке қойып көрші... Бірақ арың... адамдық арың мұндайды кешірер ме? Әз ұятыңның алдында не деп ақтала аларсын. Бейшара, бейбақ ана еңірегенде етегі толып, жанарынан жас бұршақтатпады ма! Жүректе мұз боп қатқан жиыр­ма жыл бойғы шерді жібітер құдірет қолымда тұрғанда, несіне аянып қаламын. Онсыз да қылмысты емеспін бе. Осы уақытқа дейінгі бар айыбымды барша халық алдында, тап қазір осылай жумаймын ба мен! Жарық жалғанға ана құрсағынан пәк болып келіп, таза болып келіп, о дүниелік ұзақ сапарға аттанарда, дененді ит иіскемей қалса... оның несі мұрат... Қаншайым ана-ай, қуаншы бір! Қуаншы бір ақ жүрегіңді айқара ашып, маған да оңай тиер деймісін, амалым қайсы. Қуан, шаттан, Ана! Үйді басына көтере "Қызым, Гүлжаным!.." деп,  бар даусыңмен жар сал. Мариямды ана кеудеңе алып, мауқыңды басшы... Әне, Гүлжаның! Гүлжаныңды ал...

Жагор орнынан көтерілгенде өңі өрт сөндіргендей болып қабарып түтігіп кеткен екен. Тілі таңдайына жабысып қалыпты.

-  Сол-л... - деп, тұтығып қалды. Жанары жасаурап кетті.

-  Сол екен ғой, менің Мариям деп жүргенім Гүлжан болды ғой... - деді де, кері бұрылып, орамалымен көзін сүртті. Оқыс елең еткен Ананың өткір жанары топты жарып етіп, Мариямға қадалды. Қос жанар ана мен перзент жанары ілездемде бірін-бірі іздеп тауып, ауада айқаса кетті.

- Гүлжаным!.. Қызым!... - Қаншайымның бұдан басқа сөз айтуға шамасы келмеді.

Ел Қаншайым мен Жагордың ортақ қызы Гүлжан - Мариямды құшақтарына алып, қайта-қайта бетінен сүйіп, еміреніп жатқанда Ананың көзінің алды тұманданды, құлағының түбінен дыңылдап, кетпей тұрып алатын сыңси жылаған сәби үні бірте-бірте алыстап алыстап барып, енді біржола ғайыпқа сіңіп бара жатқандай...

                                                     * * *

Қаншайым ана неге екені белгісіз, сол күннен бастап тілден қалды. Дәрігер қыз оған неше түрлі уқол әкеліп салды, дәрі ішкізді. Бәрібір ем қонған жоқ. Ауданнан шақыртылған шипагерлер де түк істей алмады.

Қызы енді алаңсыз анасының жанынан бір елі шықпай күтіп отыратын болды. Былайғы жұрт қыздың өмірбаянына кейінірек қанықты: Жагор өзі бағып-қағыпты. Соғысқа аттанып бара жатқанда балалар үйіне "Ма­риям Иванова"  деп өткізген екен, кейін аман-есен оралған соң, қайтадан қолына алыпты. Мектеп бітіргізіп, медицина училищесінде оқытады. Сөйтіп, әдемі мамандық алуға мүмкіндік жасайды...

Екеуден екеу қалған кей сәттерде, Қаншайым былдырлай, қызына бірнәрсе айтқысы келеді. Әрі қиналып, бері қиналып, ақыр соңында онысынан түк өнбей, теріс қарап жатып қалғанда, жастыққа бірер тамшы жас тамып кетеді....

 Кейінгі кездері етікші Жагор да осы үйден ұзап кете алмай, айналшықтай беретін болды.

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: