ІІ БӨЛІМ

19 Қараша 2013, 04:40

Арада бірнеше жыл өтіп, Жасханның бажасы алпыс жасқа толу тойын өткізетін болды. Енді соған әзірлік жүріп жатқан. Қызық болғанда осыған дейін бір-біріне ешбір артық-ауыс сөз айтып көрмеген Беқасыл мен зайыбы ара-тұра кедір-бұдыр ыңғайсыздау әңгімеге ерік беріп қоятын болды. Оның бәріне себеп - той мәзіріне жарататын жеткілікті ақшаның жоқтығы. Әйелі айтады: -  Өзің алпысқа толып жатырсың, енді тойды да дұрыстап өткізу керек қой. Күйеуі айтады: -  Мен жұрт секілді көлденең табыс, арам ақша жиған адам емеспін, сосын да үлкен мейрамхана, әсем кафе, салтанатты сарай іздеп жатпаймын. Шамамызға қарай көсілеміз де... -  Ау, сонда да... Дос бар, дұшпан бар дегендей... Ертең сөз болады. Жарымаған екен өздері десе... -  Айта берсін. Арам дүниемен жарыған адам деген ат алғанша,  осы адал ниетіммен кедей күн кешкенім он есе артық... Қысқасы, не керек, Беқасыл өзі қырық жыл қызмет еткен ғылыми мекеменің бастығына кіріп жүріп, сондағы шағын асхананы бір кешке дастархан жаюға сұрап алды. Сосын оның ішін әсемдеп, тазалап, тәртіпке келтіру жұмысы басталды. Онымен қабат арақ-шарап, сусын, жеміс, тағысы-тағылар алына бастады. Әйтеуір, осы күнге дейін тойға деп жинап жүргендері түп-түгел дастарханға түсетін болды. Тойға Жасхан зайыбын ертіп, екі-үш күн бұрын келді. Соңғы жағында көмектесіп, оны-мұнысын әкелісіп, қол ұшын берді. Сөйтіп, белгіленген күні той да басталды. Бедел шіркін кейде бейрәсуа дүниеге де байланысты емес, оған Жасханның осы жолы көзі жетті. Сөйлеушілер түгелімен бажасын аспанға көтере мақтады. Тілек те, сөз де шын жүректен. Жәй, әшейін айтыла салған әсіре сөз емес. Өтірік мадақтау да емес... Кей-кейбір тойларда той иесіне ретті-ретсіз, жөнді-жөнсіз, өп-өтірік, көпе-көрнеу мадақ сөз айтыла бастағанда қатысып отырған ұяты бар, кісілікті кісілер өз-өзінен ұялып, төмен қарайтын. Ана бөспе үшін бұлар ұялатын. Ал, бұл жолғы отырыс басқа. Бажаға арналған тілектер де жүрек сөзі дегенге көңіл сенетіндей... Оны Жасхан да, басқалар да анық аңғарды. Осылайша бұл кеш те әп-әдемі аяқталып, бәрі де көңілдегідей түйінделер ме еді. Егерде... Сөз кезекті бір қызметтесіне берілгенде әп-әдемі кештің шырқын бұзғаны: -  Сен Беқасыл, -  деді ол. - Шектен тыс адалсың. Шектен тыс гуманиссің. Бұл заман ол заман емес. Қанша ақылды, адалмын десең де өмірге, заманға икемделе білуің керек... Икемделе алмаған - ақылды адам емес, кейде олар да сол ақылсыздар санатына жатқызылып кетеді. Соны ойлағанда... Беқасыл шыдай алмай кетті білем: - Сол икемділікті, иілгіштікті саған-ақ бердім, -  деп дүңк еткізгені. - Сен-ақ ақылды бола ғой... Анау арсыздау кісі екен, ол сөзге онша мән беріп жатпады. - Менікі тілек сөз, арғы жағын өзің білесің... -  деп кеңкілдеп күлді. - Дегенмен осы айтқандарымды кейін оңашада ақыл таразысына салып, салмақтап көр... - Мен бәрін де салмақтап болған адаммын, қайта өзің оңашада ойлан. Өз басыңа май жағып алсаңшы әуелі... -  деп, тағы да Беқасыл айтып-айтып тастады. Анау ыржаң-ыржаң етіп, сөзді басқа әуенге бұруға тырысты. Бір байқағаны - осы жолы бажасының қабағы қатуланып, реңі күреңітіп тұрды. Тағы бірнеңелерді айтып сала ма деп қауіптеніп еді, әйтеуір өзін тежеді. Тіпті бажасы тұрмақ әлгі кісіге Жасханның да ашуы келді. Тойда сондай сөз айтыла ма екен?.. Кеш те аяқталды. Қонақтар тарқады. Залда ең жақын кісілер ғана қалған. Сосын Жасхан бажасының қасына келді. Бағанағы жайсыздау айтылған сөздерді жуып-шаймақ боп: -  Өзі қызық кісі екен, аузына не түссе соны айтып... -  дей бастап еді. Бажасы қолын бір-ақ сілкіді. - Ақымақ! Есерсоқ! Дүниеден басқаны дос деп білмейтін, танымайтын  доңыз ол... Бажасы тұңғыш рет біреу туралы осылай қатты-қатты сөйледі. Ал, бұған дейін... кісінің сыртынан ғайбат сөз айтқанын естімеген еді. Осы  бүгін ғана байқап тұр. Онда да әлгіндегі есерсоқтау досы туралы... Жасхан бажасына "жүз грамнан жұтып жіберсек қайтеді" деді. Көңілін көтермек ниетте. Беқасыл қарсы болған жоқ. Екеуі стақан соғыстырды. Тартып-тартып жіберді. Сосын Беқасыл жан қалтасынан қонақтар сыйлаған сыйлықтарды алып, стол үстіне қойды. -  Мынау алтын сақина, мынау алтын сағат, мынау алтын жалатқан ручка... Ал, анау тұрған - түрлі-түсті теледидар... Ту-у, өзі мен бүгін аяқ астынан байып кеттім ғой. Қарашы, қанша байлық мынау... Әрқайсысы пәленбай доллар тұрады емес пе?.. Солай ғой, Жасхан... Міне, міне, көрсейші... Қарасаңшы... Бажасы кенет қуанып сала бергені. Кәдімгідей. Қуанышы қойнына сыймай... Жасхан ойлады: "Шіркін-ай, жер бетіндегі бар адам осы Беқасылдай адал, аңғал болса, осы біз қандай тамаша өмір сүрген болар ек..." -  Жасхан, сен өзі... мыналарға қарамадың ғой. Алтын сақина, алтын сағат... Жасхан, Жасхан деймін... -  деп, бажасы бұның ойын бөле берді. "Алтын... Алтыны несі! Мына Беқасыл не дейді?.. Қайдағы алтын-н..." Кенет сол ойын көңілдің терең түкпіріндегі басқа бір ой найзалап өткендей болды. "Пәлі-і... дүние біте бастаса пенде шіркін бәрібір пенделігіне басады-ау!... Пенде қиялы мен ойын бәрібір шірік дүние билеп ала береді... Қу дүние алдында жер бетіндегі барша жұмыр басты пенде, барлық пенде біткен әлсіз-з!... Дәрменсіз-з..." Жасхан өз ойынан өзі шошып, тітіркене сілкінді. Көзінің алдында әлде елес, әлде рас -  әйтеуір бажасының бейнесі бұлдырап тұрды да, сәлден соң сағымданып бара жатты. Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Арада бірнеше жыл өтіп, Жасханның бажасы алпыс жасқа толу тойын өткізетін болды. Енді соған әзірлік жүріп жатқан.

Қызық болғанда осыған дейін бір-біріне ешбір артық-ауыс сөз айтып көрмеген Беқасыл мен зайыбы ара-тұра кедір-бұдыр ыңғайсыздау әңгімеге ерік беріп қоятын болды. Оның бәріне себеп - той мәзіріне жарататын жеткілікті ақшаның жоқтығы.

Әйелі айтады:

-  Өзің алпысқа толып жатырсың, енді тойды да дұрыстап өткізу керек қой.

Күйеуі айтады:

-  Мен жұрт секілді көлденең табыс, арам ақша жиған адам емеспін, сосын да үлкен мейрамхана, әсем кафе, салтанатты сарай іздеп жатпаймын. Шамамызға қарай көсілеміз де...

-  Ау, сонда да... Дос бар, дұшпан бар дегендей... Ертең сөз болады. Жарымаған екен өздері десе...

-  Айта берсін. Арам дүниемен жарыған адам деген ат алғанша,  осы адал ниетіммен кедей күн кешкенім он есе артық...

Қысқасы, не керек, Беқасыл өзі қырық жыл қызмет еткен ғылыми мекеменің бастығына кіріп жүріп, сондағы шағын асхананы бір кешке дастархан жаюға сұрап алды. Сосын оның ішін әсемдеп, тазалап, тәртіпке келтіру жұмысы басталды. Онымен қабат арақ-шарап, сусын, жеміс, тағысы-тағылар алына бастады. Әйтеуір, осы күнге дейін тойға деп жинап жүргендері түп-түгел дастарханға түсетін болды.

Тойға Жасхан зайыбын ертіп, екі-үш күн бұрын келді. Соңғы жағында көмектесіп, оны-мұнысын әкелісіп, қол ұшын берді.

Сөйтіп, белгіленген күні той да басталды.

Бедел шіркін кейде бейрәсуа дүниеге де байланысты емес, оған Жасханның осы жолы көзі жетті. Сөйлеушілер түгелімен бажасын аспанға көтере мақтады. Тілек те, сөз де шын жүректен. Жәй, әшейін айтыла салған әсіре сөз емес. Өтірік мадақтау да емес... Кей-кейбір тойларда той иесіне ретті-ретсіз, жөнді-жөнсіз, өп-өтірік, көпе-көрнеу мадақ сөз айтыла бастағанда қатысып отырған ұяты бар, кісілікті кісілер өз-өзінен ұялып, төмен қарайтын. Ана бөспе үшін бұлар ұялатын. Ал, бұл жолғы отырыс басқа. Бажаға арналған тілектер де жүрек сөзі дегенге көңіл сенетіндей... Оны Жасхан да, басқалар да анық аңғарды.

Осылайша бұл кеш те әп-әдемі аяқталып, бәрі де көңілдегідей түйінделер ме еді. Егерде...

Сөз кезекті бір қызметтесіне берілгенде әп-әдемі кештің шырқын бұзғаны:

-  Сен Беқасыл, -  деді ол. - Шектен тыс адалсың. Шектен тыс гуманиссің. Бұл заман ол заман емес. Қанша ақылды, адалмын десең де өмірге, заманға икемделе білуің керек... Икемделе алмаған - ақылды адам емес, кейде олар да сол ақылсыздар санатына жатқызылып кетеді. Соны ойлағанда...

Беқасыл шыдай алмай кетті білем:

- Сол икемділікті, иілгіштікті саған-ақ бердім, -  деп дүңк еткізгені. - Сен-ақ ақылды бола ғой...

Анау арсыздау кісі екен, ол сөзге онша мән беріп жатпады.

- Менікі тілек сөз, арғы жағын өзің білесің... -  деп кеңкілдеп күлді. - Дегенмен осы айтқандарымды кейін оңашада ақыл таразысына салып, салмақтап көр...

- Мен бәрін де салмақтап болған адаммын, қайта өзің оңашада ойлан. Өз басыңа май жағып алсаңшы әуелі... -  деп, тағы да Беқасыл айтып-айтып тастады.

Анау ыржаң-ыржаң етіп, сөзді басқа әуенге бұруға тырысты.

Бір байқағаны - осы жолы бажасының қабағы қатуланып, реңі күреңітіп тұрды. Тағы бірнеңелерді айтып сала ма деп қауіптеніп еді, әйтеуір өзін тежеді. Тіпті бажасы тұрмақ әлгі кісіге Жасханның да ашуы келді. Тойда сондай сөз айтыла ма екен?..

Кеш те аяқталды.

Қонақтар тарқады. Залда ең жақын кісілер ғана қалған.

Сосын Жасхан бажасының қасына келді. Бағанағы жайсыздау айтылған сөздерді жуып-шаймақ боп:

-  Өзі қызық кісі екен, аузына не түссе соны айтып... -  дей бастап еді. Бажасы қолын бір-ақ сілкіді.

- Ақымақ! Есерсоқ! Дүниеден басқаны дос деп білмейтін, танымайтын  доңыз ол...

Бажасы тұңғыш рет біреу туралы осылай қатты-қатты сөйледі. Ал, бұған дейін... кісінің сыртынан ғайбат сөз айтқанын естімеген еді. Осы  бүгін ғана байқап тұр. Онда да әлгіндегі есерсоқтау досы туралы...

Жасхан бажасына "жүз грамнан жұтып жіберсек қайтеді" деді. Көңілін көтермек ниетте. Беқасыл қарсы болған жоқ. Екеуі стақан соғыстырды. Тартып-тартып жіберді.

Сосын Беқасыл жан қалтасынан қонақтар сыйлаған сыйлықтарды алып, стол үстіне қойды.

-  Мынау алтын сақина, мынау алтын сағат, мынау алтын жалатқан ручка... Ал, анау тұрған - түрлі-түсті теледидар... Ту-у, өзі мен бүгін аяқ астынан байып кеттім ғой. Қарашы, қанша байлық мынау... Әрқайсысы пәленбай доллар тұрады емес пе?.. Солай ғой, Жасхан... Міне, міне, көрсейші... Қарасаңшы...

Бажасы кенет қуанып сала бергені. Кәдімгідей. Қуанышы қойнына сыймай...

Жасхан ойлады: "Шіркін-ай, жер бетіндегі бар адам осы Беқасылдай адал, аңғал болса, осы біз қандай тамаша өмір сүрген болар ек..."

-  Жасхан, сен өзі... мыналарға қарамадың ғой. Алтын сақина, алтын сағат... Жасхан, Жасхан деймін... -  деп, бажасы бұның ойын бөле берді. "Алтын... Алтыны несі! Мына Беқасыл не дейді?.. Қайдағы алтын-н..."

Кенет сол ойын көңілдің терең түкпіріндегі басқа бір ой найзалап өткендей болды.

"Пәлі-і... дүние біте бастаса пенде шіркін бәрібір пенделігіне басады-ау!... Пенде қиялы мен ойын бәрібір шірік дүние билеп ала береді... Қу дүние алдында жер бетіндегі барша жұмыр басты пенде, барлық пенде біткен әлсіз-з!... Дәрменсіз-з..."

Жасхан өз ойынан өзі шошып, тітіркене сілкінді.

Көзінің алдында әлде елес, әлде рас -  әйтеуір бажасының бейнесі бұлдырап тұрды да, сәлден соң сағымданып бара жатты.

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: