Мерген мен қыран

19 Қараша 2013, 04:36

- Таңатардың Көкбалақ деген қыраны нағыз қасиетті құс еді, - деп бастады кезекті әңгімесін Қабең. - Бірақ марқұм құрдасым соның қадіріне жете алмады-ау деймін. Өзі білмесе де, білгеннің тілін оңайлықпен алмайтын құдайдың қырсығы болатын ол. Сөйтіп жүріп жақсы құстың обалына қалды... Кішкене үзіліс жасап, әлденелерді есіне түсіргендей, үнсіз ойланып қалды. - Е-е! Иә-ә!.. Есіме түсті. Мұндайы да бар еді оның. Қызба мінезді. Намысына тисең, бірден морт кетеді. Әлгі Шынтемір мерген... - Оныңыз кім?.. - Байқаусызда сөзін бөліп жіберіппін. Маған жақтырмаған кейіппен бір қарап алды да: -          Мына Шынтемір ше! Кейін Шынтақ деп атын өзгертіп алыпты ғой, көксоққан! Құтырған төбедегі тірәктірші Абызханның әкесін айтамын...О-о, ол құралайды көзге атқан мерген болатын бір кездері... Менің  айтайын деп отырғаным - сол Шынтемір мен Таңатардың арасында болған бір қызық жайт. Өзім куәгер болдым бұған. Бір жолы, тағы да Таңатардың қыстауының тұсында онымен ойда жоқта кездесе қалып, әңгімелесіп тұр едім, жел қуған қақбақтай құйындатып Шынтемірдің де келіп қалғаны. Үшеуміз біраз аңшылық туралы айтқан соң, қоштасуға ыңғайлана бергенбіз. Ананың қызба мінезін қызық көретін Шынтемір қарап тұрмай, әлдебір қисық әңгіменің шетін шығарғаны. - Тәке-ай, осы аңшылықты қоятын уақытың болды ғой. Қасқыр алатын итің анау, жүрегі жарылып өлді, Мына бүркітің де көксау көрінеді, күрк-күрк жөтеле ме, қалай?.. Тәкең шарт кетті. - Әй, әй, сен... өйтіп боғыңды шайнама. Басқасын қайдам, бірақ Көкбалағыма құс баласы жетпейді. Бір айдың ішінде екі түлкі, жеті қоян ұстады. Ол аз ба?.. А-а?.. - Ойбой-о-й!.. - деп, қарқ-қарқ күлді Шынтемір. - Сөзіңе қарап шынымен қасиетті құс па десем, шоқпармен ұрып алатын түлкі, қояннан аса алмай жүр екен ғой.Оның мақтаныш қылатын түгі де жоқ. Рас, айтамын, ор қоянды кұс салмай-ақ қалпақпен ұрып, тап бастырмаймыз өзіміз.... - Сені... сені де білеміз! - деп Тәкең онан әрі ашуға булықты. - Иығыңа мылтық асынғаның болмаса, мергендігің де шамалы. Ел құлағы елу, ана жолы қарсы ұшырасқан көкжалды екі рет атып, біреуін де тигізе алмапсың. Кім айтады?! Мен тигізе алмаппын ба?.. - Иә, сен. Ел айтып жүр. - Сандалыпты! -  Естіген құлақта жазық жоқ. - Біреудің  сандырақ әңгімесі... - Жел тұрмаса, шөп басы қозғалмайды, Шынтемір. - Өтірік! Өтірік дедім ғой. Екеуі әуелі әзілдесіп, онан соң қызыл кеңірдек болып айтысып, аласып, ақыр соңында бір-біріне қатты-қатты сөз айта бастады. - Е, бала болдыңдар ма! Қой, тарқайық! - десем  көнер емес. Бір уақытта Шынтемір тұрып: - Мынадай шартым бар!- деді. - Мергендігімді қазір-ақ дәлелдеп беремін. Қалай, келісесің бе? - Әуелі айтсаңшы. Қандай шарт ол? -  деді Таңатар. - Қолыңдағы Көкбалақты, - деді Шынтемір тісін қышырлатты. - Шырқау биікке ұшыр. Мен оған бір оқ атып, тұп-тура құйрығынан тигіземін. Егер жаңылыс кетсем, астымдағы атымды түсіп беремін. Құнын солай өтеймін.  Келісесің бе? Таңатар ойда-жоқта бастаған пікірталасқа абдырап, Көкбалаққа бір, Шынтемірдің астындағы көк ала атқа бір қарай берді. Келіспеске болмады. Шынтемір шынға көшкен екен. Құйрығына тигізе ала. ма, болмаса Көкбалақты өлтіріп қоя ма?.. Немесе оғы айдалаға сандалып кете ме?.. Оның мергендігінде шек жок еді. Десе де ұшып жүрген құсты көздеп ату оңай ма! Тағы да құсты емес, оның құйрығын дәлдеуі керек. Құйрық пен дененің, ара жігі көріне ме! Көкбалақ томағасы сыпырылысымен бірден көкке көтерілді. Сосын қанатын жайып жіберіп, көз ұшында қалқып жүрді. Жерден жемтігін іздейді, Еш нәрсе көрінер емес. Бұл не? Иесі алдағаны ма? Мұндағылардың не ойлағанын қайдан білсін! Шынтемір көздеп тұр. Шүріппеге саусағын апарар түрі жоқ. Ол ұзақ көздеген сайын, Тәкеңнің дегбірі кетіп барады. "Ойпырмай қыранымнан айрылып қаламын ба? Өз қолымнан оққа қиямын ба?.." деп, ой тұнғиырына шын батты білем. Осынау шешуші сәт мені де бейтарап қалдыра алмады. "Қыран аман қалса игі еді! Босқа өліп кетсе обал-ау! Обал ғой осындай қасиетті құс үшін... Көкбалақтар көп деймісің!..". Бір кезде мылтық даусы шаңқ етті. Дереу үшеуміз де көкке тесіле қарадық. Көкбалақтың құйрық жүні бұрқ ете қалғанын бәріміз де көрдік. Құс еркінен айрылып, төмен қарай сорғалаған жоқ. Ашуы келді білем, бар даусымен шаққ-шаңқ етті. Сосын аядай жерді бір айналып ұшты да, жерге қарай оқ секілді ағып келе жатты. Таңатардың онымен жұмысы болмады. "Алақай! Тірі қалды, тірі қалды!.." деп айқайлап, алақанын шапалақтап жүр. Көкбалақ жақындап қалғанда, үшеуміз де қорқып кеттік. Екпіні өте қатты еді. Бір сұмдықты жүрегі сезді ме, Шынтемір мылтығын лақтырып жіберіп, тұра қашты. Көкбалақ оны тап бастырған жоқ. Төбесінен бүре түсіп, үлкен қанатын кең жайды да, тағы да имек тұмсығын әнтек көтеріп, шанқ-шаңқ етті. Таңатар екеуміз жүгіріп жеттік. - Көкбалақ! Көкбалақ!- деп айғайлап келеді ол. Құс болаттай тырнағымен оның бас киімін шеңгелдей бүріп алыпты. Мен артта қалып, Таңатар қыранға жақындай берген. Бүркіт өз иесіне де айбат шекті. Шаңқылдап, қанатын қағып, қасына жақындатпады Шынтемірді болат тырнақтан әрең босатып алдық. Бет-аузын қан жуып кетіпті. - Қасиетті құспен ойнап нем бар еді!. . - деді ол әзертілге келіп. - Өзіме де обал жоқ... Көкбалақ томағасын кигізген соң да, көпке дейін еліріп, басылмады. Тұғырда тағат тауып отыра алар емес...

- Таңатардың Көкбалақ деген қыраны нағыз қасиетті құс еді, - деп бастады кезекті әңгімесін Қабең. - Бірақ марқұм құрдасым соның қадіріне жете алмады-ау деймін. Өзі білмесе де, білгеннің тілін оңайлықпен алмайтын құдайдың қырсығы болатын ол. Сөйтіп жүріп жақсы құстың обалына қалды...

Кішкене үзіліс жасап, әлденелерді есіне түсіргендей, үнсіз ойланып қалды.

- Е-е! Иә-ә!.. Есіме түсті. Мұндайы да бар еді оның. Қызба мінезді. Намысына тисең, бірден морт кетеді. Әлгі Шынтемір мерген...

- Оныңыз кім?.. - Байқаусызда сөзін бөліп жіберіппін. Маған жақтырмаған кейіппен бір қарап алды да:

-          Мына Шынтемір ше! Кейін Шынтақ деп атын өзгертіп алыпты ғой, көксоққан! Құтырған төбедегі тірәктірші Абызханның әкесін айтамын...О-о, ол құралайды көзге атқан мерген болатын бір кездері... Менің  айтайын деп отырғаным - сол Шынтемір мен Таңатардың арасында болған бір қызық жайт. Өзім куәгер болдым бұған.

Бір жолы, тағы да Таңатардың қыстауының тұсында онымен ойда жоқта кездесе қалып, әңгімелесіп тұр едім, жел қуған қақбақтай құйындатып Шынтемірдің де келіп қалғаны. Үшеуміз біраз аңшылық туралы айтқан соң, қоштасуға ыңғайлана бергенбіз. Ананың қызба мінезін қызық көретін Шынтемір қарап тұрмай, әлдебір қисық әңгіменің шетін шығарғаны.

- Тәке-ай, осы аңшылықты қоятын уақытың болды ғой. Қасқыр алатын итің анау, жүрегі жарылып өлді, Мына бүркітің де көксау көрінеді, күрк-күрк жөтеле ме, қалай?..

Тәкең шарт кетті.

- Әй, әй, сен... өйтіп боғыңды шайнама. Басқасын қайдам, бірақ Көкбалағыма құс баласы жетпейді. Бір айдың ішінде екі түлкі, жеті қоян ұстады. Ол аз ба?.. А-а?..

- Ойбой-о-й!.. - деп, қарқ-қарқ күлді Шынтемір. - Сөзіңе қарап шынымен қасиетті құс па десем, шоқпармен ұрып алатын түлкі, қояннан аса алмай жүр екен ғой.Оның мақтаныш қылатын түгі де жоқ. Рас, айтамын, ор қоянды кұс салмай-ақ қалпақпен ұрып, тап бастырмаймыз өзіміз....

- Сені... сені де білеміз! - деп Тәкең онан әрі ашуға булықты. - Иығыңа мылтық асынғаның болмаса, мергендігің де шамалы. Ел құлағы елу, ана жолы қарсы ұшырасқан көкжалды екі рет атып, біреуін де тигізе алмапсың. Кім айтады?! Мен тигізе алмаппын ба?..

- Иә, сен. Ел айтып жүр.

- Сандалыпты!

-  Естіген құлақта жазық жоқ.

- Біреудің  сандырақ әңгімесі...

- Жел тұрмаса, шөп басы қозғалмайды, Шынтемір.

- Өтірік! Өтірік дедім ғой.

Екеуі әуелі әзілдесіп, онан соң қызыл кеңірдек болып айтысып, аласып, ақыр соңында бір-біріне қатты-қатты сөз айта бастады.

- Е, бала болдыңдар ма! Қой, тарқайық! - десем  көнер емес.

Бір уақытта Шынтемір тұрып:

- Мынадай шартым бар!- деді. - Мергендігімді қазір-ақ дәлелдеп беремін. Қалай, келісесің бе?

- Әуелі айтсаңшы. Қандай шарт ол? -  деді Таңатар.

- Қолыңдағы Көкбалақты, - деді Шынтемір тісін қышырлатты. - Шырқау биікке ұшыр. Мен оған бір оқ атып, тұп-тура құйрығынан тигіземін. Егер жаңылыс кетсем, астымдағы атымды түсіп беремін. Құнын солай өтеймін.  Келісесің бе?

Таңатар ойда-жоқта бастаған пікірталасқа абдырап, Көкбалаққа бір, Шынтемірдің астындағы көк ала атқа бір қарай берді. Келіспеске болмады. Шынтемір шынға көшкен екен. Құйрығына тигізе ала. ма, болмаса Көкбалақты өлтіріп қоя ма?.. Немесе оғы айдалаға сандалып кете ме?.. Оның мергендігінде шек жок еді. Десе де ұшып жүрген құсты көздеп ату оңай ма! Тағы да құсты емес, оның құйрығын дәлдеуі керек. Құйрық пен дененің, ара жігі көріне ме!

Көкбалақ томағасы сыпырылысымен бірден көкке көтерілді. Сосын қанатын жайып жіберіп, көз ұшында қалқып жүрді. Жерден жемтігін іздейді, Еш нәрсе көрінер емес. Бұл не? Иесі алдағаны ма?

Мұндағылардың не ойлағанын қайдан білсін!

Шынтемір көздеп тұр. Шүріппеге саусағын апарар түрі жоқ. Ол ұзақ көздеген сайын, Тәкеңнің дегбірі кетіп барады. "Ойпырмай қыранымнан айрылып қаламын ба? Өз қолымнан оққа қиямын ба?.." деп, ой тұнғиырына шын батты білем.

Осынау шешуші сәт мені де бейтарап қалдыра алмады. "Қыран аман қалса игі еді! Босқа өліп кетсе обал-ау! Обал ғой осындай қасиетті құс үшін... Көкбалақтар көп деймісің!..".

Бір кезде мылтық даусы шаңқ етті. Дереу үшеуміз де көкке тесіле қарадық. Көкбалақтың құйрық жүні бұрқ ете қалғанын бәріміз де көрдік. Құс еркінен айрылып, төмен қарай сорғалаған жоқ. Ашуы келді білем, бар даусымен шаққ-шаңқ етті. Сосын аядай жерді бір айналып ұшты да, жерге қарай оқ секілді ағып келе жатты. Таңатардың онымен жұмысы болмады. "Алақай! Тірі қалды, тірі қалды!.." деп айқайлап, алақанын шапалақтап жүр.

Көкбалақ жақындап қалғанда, үшеуміз де қорқып кеттік. Екпіні өте қатты еді. Бір сұмдықты жүрегі сезді ме, Шынтемір мылтығын лақтырып жіберіп, тұра қашты. Көкбалақ оны тап бастырған жоқ. Төбесінен бүре түсіп, үлкен қанатын кең жайды да, тағы да имек тұмсығын әнтек көтеріп, шанқ-шаңқ етті. Таңатар екеуміз жүгіріп жеттік.

- Көкбалақ! Көкбалақ!- деп айғайлап келеді ол. Құс болаттай тырнағымен оның бас киімін шеңгелдей бүріп алыпты.

Мен артта қалып, Таңатар қыранға жақындай берген. Бүркіт өз иесіне де айбат шекті. Шаңқылдап, қанатын қағып, қасына жақындатпады Шынтемірді болат тырнақтан әрең босатып алдық. Бет-аузын қан жуып кетіпті.

- Қасиетті құспен ойнап нем бар еді!. . - деді ол әзертілге келіп. - Өзіме де обал жоқ...

Көкбалақ томағасын кигізген соң да, көпке дейін еліріп, басылмады. Тұғырда тағат тауып отыра алар емес...

Бөлісу: