ІІІ БӨЛІМ

19 Қараша 2013, 04:28

Арада біраз уақыт өткен. Күндердің күнінде ауылға Анарбектің баласы Әлтай келді. Оның келгенін естігенде Дүкенәліде ес қалмады. Күнде "кеп қалатын шығар" деп есікке жалтақ-жалтақ қараумен болды. Әлтай кезекті еңбек демалысын пайдаланып, аз ғана уақытқа ат басын тірегені екен. Ауыл үйдің ақсақал-қарасақалдарына бас сұқты. Қолын алды. Аманшылығын сұрады. Олар әңгімесінің соңында дүкеншіден көрген қорлығын айта бастайды. "Осы-ақ... білгенін істеп болды" деседі. Әлгі Бәтігүл шешей: - Қарағым, Әлтайжан, Дүкенәліден-ақ  көрдік қой көресіні. Әнекүні бір шелек, екі-үш кір сабынға сауда жасаймын деп он сомымнан айрылдым. Артынан балаларға есептетсем, шелек бес сом, сабын дегенің тиын екен ғой, тәйірі! Алты-жеті сом орнына, табан ақы, маңдай теріммен тапқан он сомымды алып жүре бере ме осылар? Құдайдан безген неме, құдайдан қорықпаса не шара... Қалима кемпірдің де шағымы осындай. Бір кілә май алам деп, елу тиынын жеп қойған. "Енді ол басқаны қойып, есеп білмейтін шал-шауқанды айналдыруды шығарған ба?" - деп ойлады ішінен Әлтай. Дүкенге келді. Дүкенәлі көптен күткен "қонағын" сыртымен қуана қарсы алған болды. Әрине, Әлтай да бала емес. Өзін жақтырмайтынын қашаннан біледі. - Дүке, жеке әңгіме бар еді, -  деді сөзді тіке бастап. Елдің көзінше ұялтқысы келмеді. Дүкең сауда жасаушыларды жылдамдатып босатты да, есікті ішінен іліп алды. Әлтай енді сыпайылап жатпады, әңгімені туралап айтты. - Аға, сізге келгім де жоқ еді. Соқпасам-ақ деп едім. Бірақ соңғы кездегі тірлігіңіз... Айтыңызшы,    осы  ауылда - бөтен адам бар ма? Сол шал-шауқанның тиын-тебенін жемей-ақ қойсаңыз қайтеді, - деп бір қойды. Дүкенәлі түкке түсінбеген адамдай, ыршып кетті: - Мен бе?.. Кімді жеппін сондай-ақ?!.. - Ой, аға-ай, несіне дауыс көтересіз! Мен енді сізге "пәленшені, түгеншені" деп, әйел өсекті айтып жатайын ба. Жайбарақат шешілетін әңгімені айқайға айналдыру ақылдың белгісі ме екен... Осыған жеткенде Дүкенәлі де майысып сала берді. - Інішек, рас, менен қателік бар шығар. Оны несіне жасырайын. Бүгін өзің бізде қонақта болсайшы. Жақсылап әңгімелесейік... Ауылға да сирек келесің... - Жоқ, аға! Ниетінізге рақмет. Мен бүгін қалаға қайтуым керек... - Қап!... - Осыдан соң бір нәрсе айтпақ болғанына қарамастан, Әлтай есікке беттеді. Дүкенәлі   ере   шықты. Қоштасарда: - Інішек, алыс адам емеспіз ғой, -  деп тағы да әңгіме бастап келе жатыр еді, Әлтай қолын тезірек қысып, кете барды... Бәрі де осымен біткен еді. Дүкенәлі де мұны жақсы түсінді. Күні ертең-ақ үлкен газеттің бірінен өзі жайлы фельетон оқитыны күмәнсіз-тін. Әкесін жақсы біледі ғой. Анарбекті бұл ауылда кім білмесін. Атышулы қара қырсық емес пе. Айтпайды, айтса бітті, аш күзенше қатады да қалады. Қайтып жібіту қиын, шіркінді... Мына жүгермегінің тұп-тура өзіне тарта салғанын қа­рашы. Жап-жас болып алып, жердің астындағы бәлені іздейді. Ой, ит-ай!.. Енді жазады. Оған дауа жоқ... Оның арты, әрине, жақсы болмайды. Соңғы кездері аудандағы бастығы да сәл нәрсеге қитығып, тырнақ астынан кір іздеуді шығарып еді... "Бар абыройдан жұрдай бо­лып, "орнынан алыныпты" дегізгенше, алдын алып өзім шығайын. Дос бар, дұшпан бар дегендей... Екі қолға бір жұмыс табылар, не болмаса бірер жылды артқа салып қайта оралармын... Кішкене тазаланып алған да дұрыс... Қанша есептедім дегенмен сауданың аты сауда ғой. Бір жағын дұрыстасаң, екінші жағы қисайып жатады. Ал, орынға қайта оралу... Оның есебі болар. Оған шама келмесе, кім болғаным... Дүкең әзірге есебінен жығылып көрген жоқ. Қайта «бір оқпен екі қоянды» деген... Осы жолы айла асырып, қулық жасап, Анарбектің баласын бір сазға отырғызайын. Ертең мені сынап, кәзитке құлаштай мақала жазады, артынан тексеру келгенде, Дүкең жұмыста жоқ. Бәлем, сосын өзінің терісін сыпырып алар. "Сынаған адамыңның жұмыста бар  -жоғын білмейтін неткен миғұласың!" деген сөз естісе де, менің жеңгенім ғой... Оның көп күн ойланып, тоқтаған түйіні осы болды. Соның ертесіне-ақ денсаулық жағдайыма байланысты деп уақытша жұмыстан арыз беріп босанды. "Дүкенәліні құдай қозғамаса, басқа адам қозғай алмас"  деп жүрген жұрт оның мұнысына таң қалды. Бір қызығы - газетке фельетон шыққан жоқ... Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Арада біраз уақыт өткен. Күндердің күнінде ауылға Анарбектің баласы Әлтай келді. Оның келгенін естігенде Дүкенәліде ес қалмады. Күнде "кеп қалатын шығар" деп есікке жалтақ-жалтақ қараумен болды.

Әлтай кезекті еңбек демалысын пайдаланып, аз ғана уақытқа ат басын тірегені екен. Ауыл үйдің ақсақал-қарасақалдарына бас сұқты. Қолын алды. Аманшылығын сұрады. Олар әңгімесінің соңында дүкеншіден көрген қорлығын айта бастайды. "Осы-ақ... білгенін істеп болды" деседі. Әлгі Бәтігүл шешей:

- Қарағым, Әлтайжан, Дүкенәліден-ақ  көрдік қой көресіні. Әнекүні бір шелек, екі-үш кір сабынға сауда жасаймын деп он сомымнан айрылдым. Артынан балаларға есептетсем, шелек бес сом, сабын дегенің тиын екен ғой, тәйірі! Алты-жеті сом орнына, табан ақы, маңдай теріммен тапқан он сомымды алып жүре бере ме осылар? Құдайдан безген неме, құдайдан қорықпаса не шара...

Қалима кемпірдің де шағымы осындай. Бір кілә май алам деп, елу тиынын жеп қойған. "Енді ол басқаны қойып, есеп білмейтін шал-шауқанды айналдыруды шығарған ба?" - деп ойлады ішінен Әлтай.

Дүкенге келді. Дүкенәлі көптен күткен "қонағын" сыртымен қуана қарсы алған болды. Әрине, Әлтай да бала емес.

Өзін жақтырмайтынын қашаннан біледі.

- Дүке, жеке әңгіме бар еді, -  деді сөзді тіке бастап. Елдің көзінше ұялтқысы келмеді. Дүкең сауда жасаушыларды жылдамдатып босатты да, есікті ішінен іліп алды. Әлтай енді сыпайылап жатпады, әңгімені туралап айтты.

- Аға, сізге келгім де жоқ еді. Соқпасам-ақ деп едім. Бірақ соңғы кездегі тірлігіңіз... Айтыңызшы,    осы  ауылда - бөтен адам бар ма? Сол шал-шауқанның тиын-тебенін жемей-ақ қойсаңыз қайтеді, - деп бір қойды.

Дүкенәлі түкке түсінбеген адамдай, ыршып кетті:

- Мен бе?.. Кімді жеппін сондай-ақ?!..

- Ой, аға-ай, несіне дауыс көтересіз! Мен енді сізге "пәленшені, түгеншені" деп, әйел өсекті айтып жатайын ба. Жайбарақат шешілетін әңгімені айқайға айналдыру ақылдың белгісі ме екен...

Осыған жеткенде Дүкенәлі де майысып сала берді.

- Інішек, рас, менен қателік бар шығар. Оны несіне жасырайын. Бүгін өзің бізде қонақта болсайшы. Жақсылап әңгімелесейік... Ауылға да сирек келесің...

- Жоқ, аға! Ниетінізге рақмет. Мен бүгін қалаға қайтуым керек...

- Қап!... - Осыдан соң бір нәрсе айтпақ болғанына қарамастан, Әлтай есікке беттеді. Дүкенәлі   ере   шықты. Қоштасарда:

- Інішек, алыс адам емеспіз ғой, -  деп тағы да әңгіме бастап келе жатыр еді, Әлтай қолын тезірек қысып, кете барды...

Бәрі де осымен біткен еді. Дүкенәлі де мұны жақсы түсінді. Күні ертең-ақ үлкен газеттің бірінен өзі жайлы фельетон оқитыны күмәнсіз-тін. Әкесін жақсы біледі ғой. Анарбекті бұл ауылда кім білмесін. Атышулы қара қырсық емес пе. Айтпайды, айтса бітті, аш күзенше қатады да қалады. Қайтып жібіту қиын, шіркінді...

Мына жүгермегінің тұп-тура өзіне тарта салғанын қа­рашы. Жап-жас болып алып, жердің астындағы бәлені іздейді. Ой, ит-ай!.. Енді жазады. Оған дауа жоқ... Оның арты, әрине, жақсы болмайды. Соңғы кездері аудандағы бастығы да сәл нәрсеге қитығып, тырнақ астынан кір іздеуді шығарып еді... "Бар абыройдан жұрдай бо­лып, "орнынан алыныпты" дегізгенше, алдын алып өзім шығайын. Дос бар, дұшпан бар дегендей... Екі қолға бір жұмыс табылар, не болмаса бірер жылды артқа салып қайта оралармын... Кішкене тазаланып алған да дұрыс... Қанша есептедім дегенмен сауданың аты сауда ғой. Бір жағын дұрыстасаң, екінші жағы қисайып жатады. Ал, орынға қайта оралу... Оның есебі болар. Оған шама келмесе, кім болғаным... Дүкең әзірге есебінен жығылып көрген жоқ. Қайта «бір оқпен екі қоянды» деген... Осы жолы айла асырып, қулық жасап, Анарбектің баласын бір сазға отырғызайын. Ертең мені сынап, кәзитке құлаштай мақала жазады, артынан тексеру келгенде, Дүкең жұмыста жоқ. Бәлем, сосын өзінің терісін сыпырып алар. "Сынаған адамыңның жұмыста бар  -жоғын білмейтін неткен миғұласың!" деген сөз естісе де, менің жеңгенім ғой...

Оның көп күн ойланып, тоқтаған түйіні осы болды. Соның ертесіне-ақ денсаулық жағдайыма байланысты деп уақытша жұмыстан арыз беріп босанды. "Дүкенәліні құдай қозғамаса, басқа адам қозғай алмас"  деп жүрген жұрт оның мұнысына таң қалды.

Бір қызығы - газетке фельетон шыққан жоқ...

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: