Қарапайымдылық та қабілеттілік белгісі

18 Қараша 2013, 05:24

Аз жылдардың ішінде таң қалдырғандай мол табыстарға қолы жеткен бүгінгі әдебиетіміз де, оны жасаушыларымыз да Коммунистік партия мен совет үкіметіне міндетті. Қазақ совет жазушыларының үлкені де, кішісі де шалқуына күш, шабытына нәрді социалистік жаңа өмірден алып келеді. Жазушы, ақындарымыз қай тақырыпқа жазып, қандай өмір құбылысын суреттесе де, олардың шығармалары жаңа өмірдің сәулесі, жаңа заманның жаңғырығы болды. Тек бүгінгіміз ғана емес, өткен күн, өткен тарихта жаңа көзқарас тұрғысынан көрсетілді.             Қазіргі әдебиетіміздің ірі өкілдері, озса дүниежүзілік, қалса Одақтық көлемдегі сөз шеберлерінің сапына қосылып отырған аға жазушылар Ұлы Октябрь революциясының алғашқы күндерінен бастап қазақ совет әдебиетін жасауға ат салысуда. 25-30 жылдар бойы қазақ совет әдебиетіне үздіксіз қызмет етіп келе жатқан елімізге аты мәлім ақын - Дихан Әбілев.             Дихан Павлодар облысы Баян ауданы Ворошилов ауыл советінде 1907 жылы 20 декабрьде кедей шаруаның семьясында туады. Өз шешесінен жас қалған Дихан кәрі әжесі мен әкесі Әбіл қарттың тәрбиесінде болады.             Өзінің адалдығы, ежелден еңбек сүйгіштігі және місекерлігімен өз ортасында қадірлі әкенің тәрбиесін көрген Дихан да жасынан-ақ еңбек сүйіп, үй ішіне қолғабысын тигізе өседі.             Әбіл ақсақалдың жаза білмесе де, оқи білетін сауаты болады. «Қыстың ұзақ түндерінде сығырайған майшамның жарығымен қисса, жырларды әкем көп оқушы еді. Мен оны ұзақ тыңдаушы едім» дейді Дихан.             Жыр, әнге жаны құмар болашақ ақын жасынан-ақ хат танып, кітап оқуды арман етеді. Шаруасы шағын, қолы қысқа кедей әке жалғыз ұлдың оқуға деген ынтасын көреді де, үй ішінің бар ауыртпалығын өз мойнына алып, баласын 1919 жылы Баяндағы орыс мектебіне береді. 1923 жылы Дихан ол мектептің 4 класына шейін ғана оқып, үй ішіне көмектесу мақсатымен ауылындағы бастауыш мектепке мұғалім болып, 1925 жылға шейін елдегі ағарту жұмысына араласады.             Ел ішінде «мұғалім» аталса да, өз оқуының аздығын іштей сезген Дихан 1925 жылы Семей қаласындағы ауылшаруашылық техникумының даярлық бөліміне түсіп, екі жыл оқиды да, науқастанып, еліне қайтады. Осыдан 1934 жылға шейін өз ауданында әр алуан кеңес қызметінде, аудандық газеттерде жұмыс істейді. 30 жылдардан былай қарай, Дихан жақсы журналистер сапында танылып, Қарағанды облыстық газетіне редактордың орынбасары болып белгіленеді.             1934 жылы Алматыдағы Коммунистік журналистер институтына оқуға түсіп, оны 1937 жылы өте жақсы бағамен бітіріп шығады. Сол оқып жүрген кезінде партияға кіреді. 1938 жылы Қазақ Совет Жазушылар одағының бастығы болып қызмет етеді, 1939 жылдан 1941 жылға шейін КазПИ-дің аспирантурасына түсіп, ғылыми-зерттеу жұмысымен шұғылданады. Бірақ ол игі тілекті аяқтап шығуына герман фашистерінің елімізге тұтқиылдан тиген кенет шабуылы, қанды соғысы бөгет болады.             Ақын бәрін жиып тастап, 1941 жылы майданға аттанады. Өзінің алғашқы адымын 1-Балтық майданынан бастаған солдат-ақын Берлинге дейін барып, әлемді таңырқатқан Совет Армиясының ұлы жеңісінен кейін, Жапон соғысына қатысады да, әскер қатарынан тек 1946 жылдың аяғында ғана босанады.             Дихан Әбілевтің «Қызыл әскерге» деген өлеңі 1927 жылы «Қазақ тілі» газетінде басылды. Оған шейін өрісі қабырға газеті ғана болған жас ақынның бұл баспа бетін көрген бірінші өлеңі еді.             Қандай ақын-жазушы болсын, оны қуантатын да, көзіне ыстық көрінетін де, бойға күш, көңілге жел беріп, серпінтетін де бірінші басылған шығарма. Бұл - жазушыларға таныс сезім.             Диханның алғашқы ақындық адымы да және әрі жауапты, әрі игілікті жазушылық профессиясына бетін біржола бұрғызған да осы өлең болады. Газетке өлеңі шығып, қанаттанған жас ақын партия мен өкіметіміздің қазақ ауылында жүргізіп жатқан әр алуан саяси-шаруашылық шараларын жақсы жыр, жалынды сөз арқылы ел санасына жеткізу мақсатымен, көптеген қысқа өлеңдер жазады. «Дәулетбай-Дәмеш», «Кооператив», «Сал, борозда!», т.б.             Алайда бұл өлеңдер ақынның тек алғашқы адымы, үйрену-өсу жолындағы бастамалары болатын, оның қаламы шын төселіп, құлашын кең жая бастағаны 1934 жылдардан. Бұл жылдары ақын «Жаз дәуірі», «Дауылпаз», «Сыбағасы сақтаулы» тәрізді қысқа өлеңдермен қатар, көлемді поэмалар жазады («Бармақ», «Испан қызы», «Қуат»).             Автордың өзінше де, сыншылардың бағалауынша да сәтті шыққан және Диханның ақындық қабілетін оқушы жұртшылығына танытқан да «Шалқыма» поэмасы.             «Шалқыма», «Қуат» поэмаларының сәтті шығуына әдебиетке бұрын келген аға жазушылардың кеңестері мен көрсеткен көмектерін айта келіп, Дихан «Дөнентаев Сәбит пен Мұқанов Сәбитке ақындық жылдарымның балауса шақтарымен өмір бойы борыштымын» дейді.             30 жыл ішінде Дихан Әбілов - көп ізденіп, жыл сайын өсу жолында келе жатқан және өнімді еңбек етіп, әдебиетіміздің асыл қазынасына өз үлесін қосқан, әлі де қосары мол ақынымыздың бірі.             1937 жыл мен 1957 жылдардың аралығында Диханның сегіз өлеңдер жинағы, өлеңмен жазылған екі романы «Алтай жүрегі», «Таудағы ту», бірнеше поэмалары жеке кітап болып шықты. 4 актілі екі пьесасы («Қарулас достар», «Майра») журналдарда басылды. Лермонтов, Некрасов сықылды орыстың ұлы классиктерін, атақты Назым Хикмет, көптеген украин ақындарын қазақшаға аударды. Әлденеше очерк, әңгімелер жазды.             Басқа жазғандарын айтпай-ақ осы келтірген мысалдардың өзі-ақ оның өз өнерін терең сүйетін және көп еңбек ететін жазушы екендігін айқын дәлелдейді.             Әрине бір мақалада оның барлық творчестволық өсу жолдарын мол қамтып, терең шолу мүмкін емес. Сондықтан біз мақаламызда негізгі еңбектеріне тоқталып, оның өз қаламына тән кейбір ерекшеліктерін ғана сөз етпекпіз.             Дихан Әбілевтің алғашқы кезде жазған «Жарасам деп әжетке», «Шорабайдың бауырында», «Ызақор еді Серекең», «Дәулетбай мен Дәмеш», т.б. өлеңдері ақынның жақсы талап, өлеңге деген зор ынтасын аңғартса да, жан тербетіп, ой толқытуы, тіл көркемдігі жағынан әлі жас, балаң еді. Бірақ ол айналасында болып жатқан әр алуан өмір құбылыстарын көргіш, сезінгіш екендігін сол өлеңдерінің өзінде-ақ танытқан болатын. Сондықтан да оның шығармаларының тақырыбы бай, өмірдің әр саласына арналған өлеңдері мол болды. Қазақ ауылындағы шиеленіскен тап күресі, оның сан алуан көрінісі, өкіметтің көмегімен егін кәсібіне шүйілген шаруалар өмірі, ұйымдасқан колхоз, т.б.             Біраз шағын өлеңдермен айналысып, қаламы ұштала түскен ақын, Ұлы Октябрь революциясының алдыңғы жылдарымен ұштасатын қазақ ауылындағы әлеуметтік теңсіздік мәселесін суреттеуге арналған «Шалқыма» поэмасын жазды.             «Шалқыма» Диханның сәтті шыққан еңбектерінің бірі дедік. Ақын поэмада ғасырлар бойы үстемдік етіп келген қазақтың бай-феодалдарының бірі Қасқырбайдың кінәсіз Жаудыр шалға жасаған жауыздық, қаныпезерлік істерін суреттеу арқылы қазақ даласындағы, сол дәуірдегі әлеуметтік теңсіздіктің бетін ашады. Кедейліктен тас кешіп, тау мекендеген кәрі шал, жас баланың жоқшылықтан көрген ащы өмір, ауыр халіне байлығына мастанған Қасқырбайдың қанды кесапатын поэмадағы тек драмалық жайттарды шиеленістіру үшін ғана емес, озған дәуір, өткен күндердің нақтылы шындығын көрсету, оқушыларының ой-сезімін сол заман «иелеріне» қарсы тәрбиелеу еді.             Жауыз жандар әкесін өз көзінше ұрып өлтіріп, иесіз тау, ен далада панасыз қалған жас сәбидің ауыр хал, аянышты өмірін ақын жан тебіренткендей етіп суреттей келіп: Зарлы үні құлағына енер ме екен? Жетімді де жан ғой деп елер ме екен? «Әкесін ақтық рет көріп қалсын» - Деп аяп, қайырымға келер ме екен?.. деген тәрізді бірнеше риторикалық сұраулар арқылы Қасқырбайдай қара жүректердің сұрқиялық іс-әрекеттеріне оқушылар өшпенділігін күшейте түседі.             Ауыр хал, қиын-қыстауға кездескен Шалқымаға қамқорлық көрсетуші де, тәрбиелеп өсіруші де өмір тоқпағы басынан кетпеген бейнетқор Егор мен Мария болады.             Тумаса да, туған әке-шешесінен кем болмаған кеңпейіл Егор, жылы жүректі Мария образдары тек қана адамдық, мейірбандық жайттар мен интернационалдық идеяны жыр ету емес, қиын кездерде таптық тілек, мүдделердің ұштаса кетуі табиғи заңды нәрсе екендігін де меңзеу.             Кер заманға жастай кез келген Шалқыма өсе келе кекке кек, қанға қан алмақ боп белдескен жеке ерліктің жолында мерт болып, талай жылдар қапастың азап күндерін басынан өткізеді. Әйтсе де ол мойымайды. Алыстағы революцияның езушілерге қарсы аттанған қаһармандық ерлік дүмпуі де жетеді. Өмірдің бұраң жол, қиын соқпақтары әбден шынықтырған Шалқыма іштей беркініп, намысын кекке жони түседі. Ақыры ол Қасқырбайдың өз табағын өзіне тартып, азамат соғысының қаһарлы күш, қарулы армиясына келіп қосылады.             Поэма өзінің тек идеялылығымен ғана емес, көркемдігімен де бағалы. Арқада тау сұлуы атанған Баянның көркем көрінісі де, жайнаған жаз, салпы етек сыбылың күз, мүлгіген тоғай, сарқыраған өзен, қысқасы, не әдемі пейзаж, не жақсы сұлу сурет поэмада аз кездеспейді. Бір тау бар сақырада аты Баян, Көкшедей сұлулығы еліне аян... Күнменен шағылысқан көк тасының, Сынығы тартады көктегі айдан. Ән шырқап, алшаң басып баурайында, Салғанмын жастық шақта еркін сайран... Өз елі, өз жерін сүюдің көрнекті үлгісі етіп көрсету тілегінен туған «Ремедиос» (Испан қызы), 16 жылғы көтеріліске арналған «Бармақ» поэмалары да оқушылардың сүйсіне оқырлық поэмалары екендігі сөзсіз. Әйтсе де 1936-53 жылдар арасында сәтті шыққан поэмаларының бірі деп «Кремльде» атты поэмасын атауға болады.             Поэмада екі үлкен мәселе қамтылады. Бірінші, азамат соғысы кезіндегі жұмысшы табының советтік ұлы отанға деген патриоттық зор сезімі мен жас совет өкіметі, партия, оның ұлы көсемі Ленинге қатты сенушілігі, жас Совет өкіметін нығайту, бекіту үшін керекті соғыс зардабынан тоқтап қалған ірі кен өндірісін қайта тірілту, сол жолда қандай қиыншылыққа болсын төзіп, қандай бөгетті болсын жеңіп шығуға әзірліктерін білдіру.             Екінші, өз кезіндегі жағдайларды салмақтай келіп, социализм құрушы совет елінің әр алуан келешегін қиядан болжайтын ұлы көсеміміз Лениннің жаңа өмір, жаңа құрылыс жасаушылардың алдыңғы тобы Риддер жұмысшыларының игі тілектерін қолдауы, даналық басшылық етуі ғана емес, көсемнің оларға сарқылмас рухани күш бергендігі біркелкі жақсы суреттелінген деуге болады.             В.И.Ленин туралы біздің қазақ совет әдебиетінде өлеңдер көп. Олардың ішінде өте жақсылары да бар. Бірақ ұлы көсемнің ел жүрегіндегі үлкен бейнесін әр жағынан алып, толық түрде әлі көрсете алғанымыз жоқ. Бұл жағынан біздің ақын-жазушыларымыз халық алдында борышты.             Дихан Әбілев жолдастың «Кремльде» атты поэмасы - әдебиетіміздің осы кетігін толтыруда жақсы бастама.             Ақынның эпикалық үлкен шығармасы - «Таудағы ту» атты өлеңмен жазылған романы.             «Таудағы ту» - сол сөзге толық дәлел боларлық желісі ұзаққа тартылған, мазмұнына түрі сай, соңғы жылғы поэзияның табысы дерлік көлемді еңбек.             «Таудағы ту» - «Кремльде» атты қысқа поэманың заңды жалғасы. «Кремльде» «Таудағы тудың» прологі тәрізді. Соңғы ұзақ поэмада ақын ұлы көсеміміздің келешек өмір үшін ірі өндірістің шешуші орын алатындығы, оны құру, өркендету жолында ішкі-тысқы жаулардың аянбай күресетіндігі, бірақ тегеуріні мықты саналы таптың алдыңғы саптағы өкілдері - жұмысшылар тізе біріктіріп, белсене кіріссе, қалай да жеңіп шығатындығы туралы айтқан кемеңгерлік сөздерін Риддер пролетариаты іс жүзіне қалай асырғанын суреттейді.             Елімізде Ұлы Октябрь революциясы жеңіп, Совет өкіметі құрыла бастағанда, Риддерді іске аспастай етіп қиратып, еліне қашқан ағылшын миллионерлерінің зиянкестік, жаулық әркеттеріне қарамастан, Риддерді тірілтіп, қайта жүргізу ісін өздері бастап, өздері қолға алған ескі жұмысшылар - Деев, Зейнеп, Яшко, тағы басқалар бар ынта, бар жігерлерін салып, қаншама қимылдаса да, алғашқы кездері істері онша маңдымайды.             Өйткені Совет өкіметі құрыла бастағанда, Риддерді бұрын арендаға алған ағылшын миллионерлері кетерінде өндірісті іске аспастай етіп талқандап кетеді. Екінші, Риддер қайта құрыла бастағанда, ағылшын миллионерлерінің жіберген Рудаков, Гум тәрізді өндірістің басшылық ісіне кіріп кеткен диверсанттар не түрлі зымияндықтар жасап, істі алға өрлетпеуге тырысады.             Бірақ парторг Деев және Яшко, Зейнеп, Тата, Қарабектер бастаған қарт шахтерлар бар қиыншылықты жеңіп шығып, Риддер өндірісін, оның ілгері өркендеуімен байланысты басқа да келелі істерді аяқтап шығады.             Сөйтіп Риддер пролетариаты 1921 жылғы Компартияның Орталық комитетіне берген уәдесін іс жүзінде орындайды.             «Таудағы туды» автор роман деп жай атамаған. Сюжет құрылысы, оқиға дамуы, адам образдарының шебер жасалынулары, романда кездесетін әртүрлі қарым-қатыс, ситуациялар тек жалаң баяндау түрінде емес, психологиялық жайттарға, драмалық коллизияға құрылады.             Екіжүзді Рудаковтың өндірісті апатқа ұшыратпақшы болғанын сезген анасы Зоя өз ұлының зұлымдығын көп алдында әшкерелеп береді. Құлқын құлы, ағылшын агенті Рудаковтың жаны қысылған жерде өз анасын өзі атуы - адам жиіркенерлік, жексұрындық. Міне, автор осындай жексұрындықтарды айқындай түседі.             Дихан Әбілев - негізінде эпик ақын. Эпиктерге өмір құбылысын, болған оқиғаны өз қалпында суреттеу, қандай қиын қарым-қатынастарды көрсетсе де, жазушы тек бақылаушы дәрежесінде ғана көрініп, өзінің суреттеп отырған құбылысына қалай қарайтындығын оқушыларына аңғартпау болса, бұл жағы Дихан поэмаларында басым. Поэзияда мұны берік сақтау қиын. Сондықтан ақындар эпикалық пландағы поэмаларға лирикалық, не философиялық шегіністерді де кіргізеді. Дихан поэмаларында, әсіресе «Шалқымада» бұл жиі ұшырайды.             Дихан Әбілевте лирикалық өлеңдер де аз емес. Оның, әсіресе лириканы көп жазған кезі Ұлы Отан соғысы кезінде болды. Айта кету керек, Ұлы Отан соғысына қатысқан ақындардың ішінде соғысты, онымен байланысты әр алуан өмір құбылысын жақсы жыр еткен бізде екі ақын болды. Олар - Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев.             Дихан Әбілев Отан соғысы тақырыбына көптеген өлеңдер жазады. 1941 жылы: Тұтанды соғыс, достарым! Қағылды дабыл барабан. Көреміз тағдыр қосқанын, Қарсы алып майдан даладан. Жеңістің күнін мен деп күт, Қош, жас дәурен, қызық шақ! Кетті бастап отқа үміт, Қош тұр, ыстық махаббат! деп ұлы майданның шаршы төріне аттанған ақын талай тайғақ, тар кешулерді басынан өткізді. Отан үшін алысқан Майданбек тәрізді майдан ерлерін жырлады. Ақын жеңімпаз армияның солдатының бірі боп шет елдерде болды. Сол жылдары неміс фашистері жаулап алған халықтарға азаттық ала барған Совет Армиясын ол елдер қандай қуаныш, қандай жылы сезіммен қарсы алғандығын бейнелейтін бірнеше лирикалық өлеңдер шығарды («Теңіз қызы», «Хинган», «Тыныштық тілеп шығыста»).             Соғыс жылдары ақынның, әсіресе ерекше көңіл аударарлық лирикасы «Деуші еңіз», «Төмпешік», «Жан сөзі», «Күй», «Жүректен», «Аңсау», «Қылыш», «Россияға қайтқанда», т.б.             1941 жылдан 1945 жылға шейін майданда, шет жерлерде болып, өз елі, өз отанын қатты сағынып қайтқан ақынға керіліп жатқан кең дала да, мүлгіген орман да, зәулім биік тау да, сарқырап аққан өзен де, жеңістің зор қуанышы бойын билеп, шаттыққа бөленген ел де бәрі ыстық, бәрі жүрегіне жылы көрінді.             «Россияға қайтқанда» өлеңінің бір жерінде: Өмір үшін еді бәрі, Жеңіп қайттым, байтақ дала! Жаттың жері кімге дәрі, Кетсін сенен садаға!   Неткен ыстық еді көзге, Терезеден шыққан жарық. Сол шам ба екен, әлде өзге, Дөңдегі үйде тұрған жанып?   Шіркін, Ресей, кең екен ғой, Жазылды ғой бойым жаңа! Тар секілді еді сенсіз әлем, Шалқыды ғой ойым жаңа.               Бұл тек бір ақын емес, жеңіп еліне қайтқан барлық солдат, барлық жауынгердің сезімі еді. Ақын оны өте нәзік, шебер түрде жырлап берді. «Россияға қайтқанда» ақын лирикаларының ішінде ерекше орын алады.             Сонымен қатар, Дихан - аударма жұмысымен де көп жылдар бойы шұғылданушы ақындардың бірі. Пушкин, Лермонтов, әсіресе Н.А.Некрасовты көп аударды. Н.А.Некрасовтың атышулы «Қызыл шұнақ аяз», «Русьта кім жақсы тұрады?» атты екі үлкен поэмаларын өз стиліне жақын түрде, қазақшаға жақсы аударып шығуы тек ақынның ғана емес, соңғы жылдардағы әдебиетіміздің табысы деуге болады.             Ұлы ақын Некрасовты аудару Диханның творчестволық өсуіне де үлкен пайда келтірді. Диханның одан көп нәрсе үйреніп, көп өнеге алғанын «Отты толқындар», «Таудағы ту» поэмаларынан көру қиын емес. Ол әлі де үйренуде.             Қай елдің әдебиеті болсын, өзінің өскелең дәуірінде ақын-жазушыларының әр алуан болуын талап етеді... Қазақ совет әдебиеті де 40 жыл ішінде тамаша өскен әдебиет десек, оның әрбір онжылдық тарихы, әдебиетімізге бұрын аты белгісіз ақын-жазушыларды әкеліп қосқандығын көреміз.             Шын ақын, шын жазушы өзіне тән бір ерекшелігін де ала келеді. Сондай жазушы-ақындар неғұрлым көбейе түссе, солғұрлым әдебиетіміз де дами түсетіні белгілі.             Дихан Әбілев әдебиетімізге өз ерекшелігін ала келді. Сюжетке құрылған қысқа өлеңдерден бастап, үлкен тартыс, шиеленіскен оқиғалы «Таудағы ту» тәрізді көлемді поэма жазу дәрежесіне дейін көтерілді.             Жеке өлеңінде болсын, поэмаларында болсын, Дихан айтайын деген ой-пікірі мен суреттейін деген шындығын асқақтатпай, бояуын баттита, құбылысты өзінің қарапайым қалпында беруге тырысады. Жайшылықтағы өмір ағымы қандай болса, көркем шығарма соған дәл шығуы керек деп ұсынады да, ақын соған сәйкес сөз, соған лайықты бояу - образ іздейді.             Өмірдің әр алуан жақтарын суреттеуде қолданатын сөз образдары көркемдікті, нәзіктікті қатты талғайтын ақындар елемей кетерлік, жұпыны, жай сөздер болып келеді. Бірақ олар ақынның кемшілігі емес, өзінше бір тіл ерекшелігі тәрізді. Өмір құбылыстарын жақсы ұғынып, әр сөзді өз орнына дәл қолдана алушылықтың арқасында қарапайым, жай сөздердің өзі оқушыларына әсер ететін көркемдік, образдылық дәрежесіне көтеріледі.             «Отты толқындар» поэмасының бір жерінде жастардың би, ойын-сауықтарын суреттей келіп:   Кейбір биші зырлауықтай ағып жүр, Кейбір көзді, кейбір көздер бағып жүр, Кейбір ерін шөп етісіп қалғанда, Кейбір ерін бір-бірінен лағып жүр, -   дейді.             Мұнда асқақ сөз де, үздік образдар да жоқ. Бәрі де қарапайым, күнделікті қолданылып жүрген сөздер. Бірақ тап осы көріністі суреттеуде оларды өз міндетін атқара алмай тұр деу қиын.             «Не нәрсе адамның қасиеті болса, сол нәрсе міні де» дегендей, Дихан поэзиясында кездесетін қарапайымдықтар, кейде әлсіздікке апарып соғады. Белгісіз нәрсені белгілі нәрсеге теңеу арқылы көзге елестету - теңеудің негізгі шарты екен деп, кез келген нәрсеге теңей салушылық, бір нәрсені көріктеймін деп, кез келген сын есім, анықтауыштарды эпитет орнына қолданушылық, ұйқастардың толымды, толымсыздығына мән бермеушілік тәрізді кемшіліктер де ұшырайды.             Бірақ 30 жылдық творчествосында ондай кемшіліктердің болуы заңды. Өйткені жазушының өсу жолы дегеніміз, творчестводағы кемшіліктерді жеңе отырып, алға өрлеу.             Қорыта келгенде, Дихан Әбілев - жаңа дәуір, жаңа адамдардың ерлік бейнесін жасауда көп жазып, үлкен еңбек сіңірген, идеялық-мазмұны, көркемдігі жағынан толық сын көтере аларлық көптеген жақсы өлеңдер, көлемді, құнды поэмалар беріп, қазақ совет әдебиетінің дамуы үшін елеулі үлес қосқан қазіргі санаулы ақындарымыздың бірі. 1957ж. Әдеби әлем

Аз жылдардың ішінде таң қалдырғандай мол табыстарға қолы жеткен бүгінгі әдебиетіміз де, оны жасаушыларымыз да Коммунистік партия мен совет үкіметіне міндетті. Қазақ совет жазушыларының үлкені де, кішісі де шалқуына күш, шабытына нәрді социалистік жаңа өмірден алып келеді. Жазушы, ақындарымыз қай тақырыпқа жазып, қандай өмір құбылысын суреттесе де, олардың шығармалары жаңа өмірдің сәулесі, жаңа заманның жаңғырығы болды. Тек бүгінгіміз ғана емес, өткен күн, өткен тарихта жаңа көзқарас тұрғысынан көрсетілді.

            Қазіргі әдебиетіміздің ірі өкілдері, озса дүниежүзілік, қалса Одақтық көлемдегі сөз шеберлерінің сапына қосылып отырған аға жазушылар Ұлы Октябрь революциясының алғашқы күндерінен бастап қазақ совет әдебиетін жасауға ат салысуда. 25-30 жылдар бойы қазақ совет әдебиетіне үздіксіз қызмет етіп келе жатқан елімізге аты мәлім ақын - Дихан Әбілев.

            Дихан Павлодар облысы Баян ауданы Ворошилов ауыл советінде 1907 жылы 20 декабрьде кедей шаруаның семьясында туады. Өз шешесінен жас қалған Дихан кәрі әжесі мен әкесі Әбіл қарттың тәрбиесінде болады.

            Өзінің адалдығы, ежелден еңбек сүйгіштігі және місекерлігімен өз ортасында қадірлі әкенің тәрбиесін көрген Дихан да жасынан-ақ еңбек сүйіп, үй ішіне қолғабысын тигізе өседі.

            Әбіл ақсақалдың жаза білмесе де, оқи білетін сауаты болады. «Қыстың ұзақ түндерінде сығырайған майшамның жарығымен қисса, жырларды әкем көп оқушы еді. Мен оны ұзақ тыңдаушы едім» дейді Дихан.

            Жыр, әнге жаны құмар болашақ ақын жасынан-ақ хат танып, кітап оқуды арман етеді. Шаруасы шағын, қолы қысқа кедей әке жалғыз ұлдың оқуға деген ынтасын көреді де, үй ішінің бар ауыртпалығын өз мойнына алып, баласын 1919 жылы Баяндағы орыс мектебіне береді. 1923 жылы Дихан ол мектептің 4 класына шейін ғана оқып, үй ішіне көмектесу мақсатымен ауылындағы бастауыш мектепке мұғалім болып, 1925 жылға шейін елдегі ағарту жұмысына араласады.

            Ел ішінде «мұғалім» аталса да, өз оқуының аздығын іштей сезген Дихан 1925 жылы Семей қаласындағы ауылшаруашылық техникумының даярлық бөліміне түсіп, екі жыл оқиды да, науқастанып, еліне қайтады. Осыдан 1934 жылға шейін өз ауданында әр алуан кеңес қызметінде, аудандық газеттерде жұмыс істейді. 30 жылдардан былай қарай, Дихан жақсы журналистер сапында танылып, Қарағанды облыстық газетіне редактордың орынбасары болып белгіленеді.

            1934 жылы Алматыдағы Коммунистік журналистер институтына оқуға түсіп, оны 1937 жылы өте жақсы бағамен бітіріп шығады. Сол оқып жүрген кезінде партияға кіреді. 1938 жылы Қазақ Совет Жазушылар одағының бастығы болып қызмет етеді, 1939 жылдан 1941 жылға шейін КазПИ-дің аспирантурасына түсіп, ғылыми-зерттеу жұмысымен шұғылданады. Бірақ ол игі тілекті аяқтап шығуына герман фашистерінің елімізге тұтқиылдан тиген кенет шабуылы, қанды соғысы бөгет болады.

            Ақын бәрін жиып тастап, 1941 жылы майданға аттанады. Өзінің алғашқы адымын 1-Балтық майданынан бастаған солдат-ақын Берлинге дейін барып, әлемді таңырқатқан Совет Армиясының ұлы жеңісінен кейін, Жапон соғысына қатысады да, әскер қатарынан тек 1946 жылдың аяғында ғана босанады.

            Дихан Әбілевтің «Қызыл әскерге» деген өлеңі 1927 жылы «Қазақ тілі» газетінде басылды. Оған шейін өрісі қабырға газеті ғана болған жас ақынның бұл баспа бетін көрген бірінші өлеңі еді.

            Қандай ақын-жазушы болсын, оны қуантатын да, көзіне ыстық көрінетін де, бойға күш, көңілге жел беріп, серпінтетін де бірінші басылған шығарма. Бұл - жазушыларға таныс сезім.

            Диханның алғашқы ақындық адымы да және әрі жауапты, әрі игілікті жазушылық профессиясына бетін біржола бұрғызған да осы өлең болады. Газетке өлеңі шығып, қанаттанған жас ақын партия мен өкіметіміздің қазақ ауылында жүргізіп жатқан әр алуан саяси-шаруашылық шараларын жақсы жыр, жалынды сөз арқылы ел санасына жеткізу мақсатымен, көптеген қысқа өлеңдер жазады. «Дәулетбай-Дәмеш», «Кооператив», «Сал, борозда!», т.б.

            Алайда бұл өлеңдер ақынның тек алғашқы адымы, үйрену-өсу жолындағы бастамалары болатын, оның қаламы шын төселіп, құлашын кең жая бастағаны 1934 жылдардан. Бұл жылдары ақын «Жаз дәуірі», «Дауылпаз», «Сыбағасы сақтаулы» тәрізді қысқа өлеңдермен қатар, көлемді поэмалар жазады («Бармақ», «Испан қызы», «Қуат»).

            Автордың өзінше де, сыншылардың бағалауынша да сәтті шыққан және Диханның ақындық қабілетін оқушы жұртшылығына танытқан да «Шалқыма» поэмасы.

            «Шалқыма», «Қуат» поэмаларының сәтті шығуына әдебиетке бұрын келген аға жазушылардың кеңестері мен көрсеткен көмектерін айта келіп, Дихан «Дөнентаев Сәбит пен Мұқанов Сәбитке ақындық жылдарымның балауса шақтарымен өмір бойы борыштымын» дейді.

            30 жыл ішінде Дихан Әбілов - көп ізденіп, жыл сайын өсу жолында келе жатқан және өнімді еңбек етіп, әдебиетіміздің асыл қазынасына өз үлесін қосқан, әлі де қосары мол ақынымыздың бірі.

            1937 жыл мен 1957 жылдардың аралығында Диханның сегіз өлеңдер жинағы, өлеңмен жазылған екі романы «Алтай жүрегі», «Таудағы ту», бірнеше поэмалары жеке кітап болып шықты. 4 актілі екі пьесасы («Қарулас достар», «Майра») журналдарда басылды. Лермонтов, Некрасов сықылды орыстың ұлы классиктерін, атақты Назым Хикмет, көптеген украин ақындарын қазақшаға аударды. Әлденеше очерк, әңгімелер жазды.

            Басқа жазғандарын айтпай-ақ осы келтірген мысалдардың өзі-ақ оның өз өнерін терең сүйетін және көп еңбек ететін жазушы екендігін айқын дәлелдейді.

            Әрине бір мақалада оның барлық творчестволық өсу жолдарын мол қамтып, терең шолу мүмкін емес. Сондықтан біз мақаламызда негізгі еңбектеріне тоқталып, оның өз қаламына тән кейбір ерекшеліктерін ғана сөз етпекпіз.

            Дихан Әбілевтің алғашқы кезде жазған «Жарасам деп әжетке», «Шорабайдың бауырында», «Ызақор еді Серекең», «Дәулетбай мен Дәмеш», т.б. өлеңдері ақынның жақсы талап, өлеңге деген зор ынтасын аңғартса да, жан тербетіп, ой толқытуы, тіл көркемдігі жағынан әлі жас, балаң еді. Бірақ ол айналасында болып жатқан әр алуан өмір құбылыстарын көргіш, сезінгіш екендігін сол өлеңдерінің өзінде-ақ танытқан болатын. Сондықтан да оның шығармаларының тақырыбы бай, өмірдің әр саласына арналған өлеңдері мол болды. Қазақ ауылындағы шиеленіскен тап күресі, оның сан алуан көрінісі, өкіметтің көмегімен егін кәсібіне шүйілген шаруалар өмірі, ұйымдасқан колхоз, т.б.

            Біраз шағын өлеңдермен айналысып, қаламы ұштала түскен ақын, Ұлы Октябрь революциясының алдыңғы жылдарымен ұштасатын қазақ ауылындағы әлеуметтік теңсіздік мәселесін суреттеуге арналған «Шалқыма» поэмасын жазды.

            «Шалқыма» Диханның сәтті шыққан еңбектерінің бірі дедік. Ақын поэмада ғасырлар бойы үстемдік етіп келген қазақтың бай-феодалдарының бірі Қасқырбайдың кінәсіз Жаудыр шалға жасаған жауыздық, қаныпезерлік істерін суреттеу арқылы қазақ даласындағы, сол дәуірдегі әлеуметтік теңсіздіктің бетін ашады. Кедейліктен тас кешіп, тау мекендеген кәрі шал, жас баланың жоқшылықтан көрген ащы өмір, ауыр халіне байлығына мастанған Қасқырбайдың қанды кесапатын поэмадағы тек драмалық жайттарды шиеленістіру үшін ғана емес, озған дәуір, өткен күндердің нақтылы шындығын көрсету, оқушыларының ой-сезімін сол заман «иелеріне» қарсы тәрбиелеу еді.

            Жауыз жандар әкесін өз көзінше ұрып өлтіріп, иесіз тау, ен далада панасыз қалған жас сәбидің ауыр хал, аянышты өмірін ақын жан тебіренткендей етіп суреттей келіп:

Зарлы үні құлағына енер ме екен?

Жетімді де жан ғой деп елер ме екен?

«Әкесін ақтық рет көріп қалсын» -

Деп аяп, қайырымға келер ме екен?..

деген тәрізді бірнеше риторикалық сұраулар арқылы Қасқырбайдай қара жүректердің сұрқиялық іс-әрекеттеріне оқушылар өшпенділігін күшейте түседі.

            Ауыр хал, қиын-қыстауға кездескен Шалқымаға қамқорлық көрсетуші де, тәрбиелеп өсіруші де өмір тоқпағы басынан кетпеген бейнетқор Егор мен Мария болады.

            Тумаса да, туған әке-шешесінен кем болмаған кеңпейіл Егор, жылы жүректі Мария образдары тек қана адамдық, мейірбандық жайттар мен интернационалдық идеяны жыр ету емес, қиын кездерде таптық тілек, мүдделердің ұштаса кетуі табиғи заңды нәрсе екендігін де меңзеу.

            Кер заманға жастай кез келген Шалқыма өсе келе кекке кек, қанға қан алмақ боп белдескен жеке ерліктің жолында мерт болып, талай жылдар қапастың азап күндерін басынан өткізеді. Әйтсе де ол мойымайды. Алыстағы революцияның езушілерге қарсы аттанған қаһармандық ерлік дүмпуі де жетеді. Өмірдің бұраң жол, қиын соқпақтары әбден шынықтырған Шалқыма іштей беркініп, намысын кекке жони түседі. Ақыры ол Қасқырбайдың өз табағын өзіне тартып, азамат соғысының қаһарлы күш, қарулы армиясына келіп қосылады.

            Поэма өзінің тек идеялылығымен ғана емес, көркемдігімен де бағалы. Арқада тау сұлуы атанған Баянның көркем көрінісі де, жайнаған жаз, салпы етек сыбылың күз, мүлгіген тоғай, сарқыраған өзен, қысқасы, не әдемі пейзаж, не жақсы сұлу сурет поэмада аз кездеспейді.

Бір тау бар сақырада аты Баян,

Көкшедей сұлулығы еліне аян...

Күнменен шағылысқан көк тасының,

Сынығы тартады көктегі айдан.

Ән шырқап, алшаң басып баурайында,

Салғанмын жастық шақта еркін сайран...

Өз елі, өз жерін сүюдің көрнекті үлгісі етіп көрсету тілегінен туған «Ремедиос» (Испан қызы), 16 жылғы көтеріліске арналған «Бармақ» поэмалары да оқушылардың сүйсіне оқырлық поэмалары екендігі сөзсіз. Әйтсе де 1936-53 жылдар арасында сәтті шыққан поэмаларының бірі деп «Кремльде» атты поэмасын атауға болады.

            Поэмада екі үлкен мәселе қамтылады. Бірінші, азамат соғысы кезіндегі жұмысшы табының советтік ұлы отанға деген патриоттық зор сезімі мен жас совет өкіметі, партия, оның ұлы көсемі Ленинге қатты сенушілігі, жас Совет өкіметін нығайту, бекіту үшін керекті соғыс зардабынан тоқтап қалған ірі кен өндірісін қайта тірілту, сол жолда қандай қиыншылыққа болсын төзіп, қандай бөгетті болсын жеңіп шығуға әзірліктерін білдіру.

            Екінші, өз кезіндегі жағдайларды салмақтай келіп, социализм құрушы совет елінің әр алуан келешегін қиядан болжайтын ұлы көсеміміз Лениннің жаңа өмір, жаңа құрылыс жасаушылардың алдыңғы тобы Риддер жұмысшыларының игі тілектерін қолдауы, даналық басшылық етуі ғана емес, көсемнің оларға сарқылмас рухани күш бергендігі біркелкі жақсы суреттелінген деуге болады.

            В.И.Ленин туралы біздің қазақ совет әдебиетінде өлеңдер көп. Олардың ішінде өте жақсылары да бар. Бірақ ұлы көсемнің ел жүрегіндегі үлкен бейнесін әр жағынан алып, толық түрде әлі көрсете алғанымыз жоқ. Бұл жағынан біздің ақын-жазушыларымыз халық алдында борышты.

            Дихан Әбілев жолдастың «Кремльде» атты поэмасы - әдебиетіміздің осы кетігін толтыруда жақсы бастама.

            Ақынның эпикалық үлкен шығармасы - «Таудағы ту» атты өлеңмен жазылған романы.

            «Таудағы ту» - сол сөзге толық дәлел боларлық желісі ұзаққа тартылған, мазмұнына түрі сай, соңғы жылғы поэзияның табысы дерлік көлемді еңбек.

            «Таудағы ту» - «Кремльде» атты қысқа поэманың заңды жалғасы. «Кремльде» «Таудағы тудың» прологі тәрізді. Соңғы ұзақ поэмада ақын ұлы көсеміміздің келешек өмір үшін ірі өндірістің шешуші орын алатындығы, оны құру, өркендету жолында ішкі-тысқы жаулардың аянбай күресетіндігі, бірақ тегеуріні мықты саналы таптың алдыңғы саптағы өкілдері - жұмысшылар тізе біріктіріп, белсене кіріссе, қалай да жеңіп шығатындығы туралы айтқан кемеңгерлік сөздерін Риддер пролетариаты іс жүзіне қалай асырғанын суреттейді.

            Елімізде Ұлы Октябрь революциясы жеңіп, Совет өкіметі құрыла бастағанда, Риддерді іске аспастай етіп қиратып, еліне қашқан ағылшын миллионерлерінің зиянкестік, жаулық әркеттеріне қарамастан, Риддерді тірілтіп, қайта жүргізу ісін өздері бастап, өздері қолға алған ескі жұмысшылар - Деев, Зейнеп, Яшко, тағы басқалар бар ынта, бар жігерлерін салып, қаншама қимылдаса да, алғашқы кездері істері онша маңдымайды.

            Өйткені Совет өкіметі құрыла бастағанда, Риддерді бұрын арендаға алған ағылшын миллионерлері кетерінде өндірісті іске аспастай етіп талқандап кетеді. Екінші, Риддер қайта құрыла бастағанда, ағылшын миллионерлерінің жіберген Рудаков, Гум тәрізді өндірістің басшылық ісіне кіріп кеткен диверсанттар не түрлі зымияндықтар жасап, істі алға өрлетпеуге тырысады.

            Бірақ парторг Деев және Яшко, Зейнеп, Тата, Қарабектер бастаған қарт шахтерлар бар қиыншылықты жеңіп шығып, Риддер өндірісін, оның ілгері өркендеуімен байланысты басқа да келелі істерді аяқтап шығады.

            Сөйтіп Риддер пролетариаты 1921 жылғы Компартияның Орталық комитетіне берген уәдесін іс жүзінде орындайды.

            «Таудағы туды» автор роман деп жай атамаған. Сюжет құрылысы, оқиға дамуы, адам образдарының шебер жасалынулары, романда кездесетін әртүрлі қарым-қатыс, ситуациялар тек жалаң баяндау түрінде емес, психологиялық жайттарға, драмалық коллизияға құрылады.

            Екіжүзді Рудаковтың өндірісті апатқа ұшыратпақшы болғанын сезген анасы Зоя өз ұлының зұлымдығын көп алдында әшкерелеп береді. Құлқын құлы, ағылшын агенті Рудаковтың жаны қысылған жерде өз анасын өзі атуы - адам жиіркенерлік, жексұрындық. Міне, автор осындай жексұрындықтарды айқындай түседі.

            Дихан Әбілев - негізінде эпик ақын. Эпиктерге өмір құбылысын, болған оқиғаны өз қалпында суреттеу, қандай қиын қарым-қатынастарды көрсетсе де, жазушы тек бақылаушы дәрежесінде ғана көрініп, өзінің суреттеп отырған құбылысына қалай қарайтындығын оқушыларына аңғартпау болса, бұл жағы Дихан поэмаларында басым. Поэзияда мұны берік сақтау қиын. Сондықтан ақындар эпикалық пландағы поэмаларға лирикалық, не философиялық шегіністерді де кіргізеді. Дихан поэмаларында, әсіресе «Шалқымада» бұл жиі ұшырайды.

            Дихан Әбілевте лирикалық өлеңдер де аз емес. Оның, әсіресе лириканы көп жазған кезі Ұлы Отан соғысы кезінде болды. Айта кету керек, Ұлы Отан соғысына қатысқан ақындардың ішінде соғысты, онымен байланысты әр алуан өмір құбылысын жақсы жыр еткен бізде екі ақын болды. Олар - Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев.

            Дихан Әбілев Отан соғысы тақырыбына көптеген өлеңдер жазады. 1941 жылы:

Тұтанды соғыс, достарым!

Қағылды дабыл барабан.

Көреміз тағдыр қосқанын,

Қарсы алып майдан даладан.

Жеңістің күнін мен деп күт,

Қош, жас дәурен, қызық шақ!

Кетті бастап отқа үміт,

Қош тұр, ыстық махаббат!

деп ұлы майданның шаршы төріне аттанған ақын талай тайғақ, тар кешулерді басынан өткізді. Отан үшін алысқан Майданбек тәрізді майдан ерлерін жырлады. Ақын жеңімпаз армияның солдатының бірі боп шет елдерде болды. Сол жылдары неміс фашистері жаулап алған халықтарға азаттық ала барған Совет Армиясын ол елдер қандай қуаныш, қандай жылы сезіммен қарсы алғандығын бейнелейтін бірнеше лирикалық өлеңдер шығарды («Теңіз қызы», «Хинган», «Тыныштық тілеп шығыста»).

            Соғыс жылдары ақынның, әсіресе ерекше көңіл аударарлық лирикасы «Деуші еңіз», «Төмпешік», «Жан сөзі», «Күй», «Жүректен», «Аңсау», «Қылыш», «Россияға қайтқанда», т.б.

            1941 жылдан 1945 жылға шейін майданда, шет жерлерде болып, өз елі, өз отанын қатты сағынып қайтқан ақынға керіліп жатқан кең дала да, мүлгіген орман да, зәулім биік тау да, сарқырап аққан өзен де, жеңістің зор қуанышы бойын билеп, шаттыққа бөленген ел де бәрі ыстық, бәрі жүрегіне жылы көрінді.

            «Россияға қайтқанда» өлеңінің бір жерінде:

Өмір үшін еді бәрі,

Жеңіп қайттым, байтақ дала!

Жаттың жері кімге дәрі,

Кетсін сенен садаға!

 

Неткен ыстық еді көзге,

Терезеден шыққан жарық.

Сол шам ба екен, әлде өзге,

Дөңдегі үйде тұрған жанып?

 

Шіркін, Ресей, кең екен ғой,

Жазылды ғой бойым жаңа!

Тар секілді еді сенсіз әлем,

Шалқыды ғой ойым жаңа.

 

            Бұл тек бір ақын емес, жеңіп еліне қайтқан барлық солдат, барлық жауынгердің сезімі еді. Ақын оны өте нәзік, шебер түрде жырлап берді. «Россияға қайтқанда» ақын лирикаларының ішінде ерекше орын алады.

            Сонымен қатар, Дихан - аударма жұмысымен де көп жылдар бойы шұғылданушы ақындардың бірі. Пушкин, Лермонтов, әсіресе Н.А.Некрасовты көп аударды. Н.А.Некрасовтың атышулы «Қызыл шұнақ аяз», «Русьта кім жақсы тұрады?» атты екі үлкен поэмаларын өз стиліне жақын түрде, қазақшаға жақсы аударып шығуы тек ақынның ғана емес, соңғы жылдардағы әдебиетіміздің табысы деуге болады.

            Ұлы ақын Некрасовты аудару Диханның творчестволық өсуіне де үлкен пайда келтірді. Диханның одан көп нәрсе үйреніп, көп өнеге алғанын «Отты толқындар», «Таудағы ту» поэмаларынан көру қиын емес. Ол әлі де үйренуде.

            Қай елдің әдебиеті болсын, өзінің өскелең дәуірінде ақын-жазушыларының әр алуан болуын талап етеді... Қазақ совет әдебиеті де 40 жыл ішінде тамаша өскен әдебиет десек, оның әрбір онжылдық тарихы, әдебиетімізге бұрын аты белгісіз ақын-жазушыларды әкеліп қосқандығын көреміз.

            Шын ақын, шын жазушы өзіне тән бір ерекшелігін де ала келеді. Сондай жазушы-ақындар неғұрлым көбейе түссе, солғұрлым әдебиетіміз де дами түсетіні белгілі.

            Дихан Әбілев әдебиетімізге өз ерекшелігін ала келді. Сюжетке құрылған қысқа өлеңдерден бастап, үлкен тартыс, шиеленіскен оқиғалы «Таудағы ту» тәрізді көлемді поэма жазу дәрежесіне дейін көтерілді.

            Жеке өлеңінде болсын, поэмаларында болсын, Дихан айтайын деген ой-пікірі мен суреттейін деген шындығын асқақтатпай, бояуын баттита, құбылысты өзінің қарапайым қалпында беруге тырысады. Жайшылықтағы өмір ағымы қандай болса, көркем шығарма соған дәл шығуы керек деп ұсынады да, ақын соған сәйкес сөз, соған лайықты бояу - образ іздейді.

            Өмірдің әр алуан жақтарын суреттеуде қолданатын сөз образдары көркемдікті, нәзіктікті қатты талғайтын ақындар елемей кетерлік, жұпыны, жай сөздер болып келеді. Бірақ олар ақынның кемшілігі емес, өзінше бір тіл ерекшелігі тәрізді. Өмір құбылыстарын жақсы ұғынып, әр сөзді өз орнына дәл қолдана алушылықтың арқасында қарапайым, жай сөздердің өзі оқушыларына әсер ететін көркемдік, образдылық дәрежесіне көтеріледі.

            «Отты толқындар» поэмасының бір жерінде жастардың би, ойын-сауықтарын суреттей келіп:

 

Кейбір биші зырлауықтай ағып жүр,

Кейбір көзді, кейбір көздер бағып жүр,

Кейбір ерін шөп етісіп қалғанда,

Кейбір ерін бір-бірінен лағып жүр, -

 

дейді.

            Мұнда асқақ сөз де, үздік образдар да жоқ. Бәрі де қарапайым, күнделікті қолданылып жүрген сөздер. Бірақ тап осы көріністі суреттеуде оларды өз міндетін атқара алмай тұр деу қиын.

            «Не нәрсе адамның қасиеті болса, сол нәрсе міні де» дегендей, Дихан поэзиясында кездесетін қарапайымдықтар, кейде әлсіздікке апарып соғады. Белгісіз нәрсені белгілі нәрсеге теңеу арқылы көзге елестету - теңеудің негізгі шарты екен деп, кез келген нәрсеге теңей салушылық, бір нәрсені көріктеймін деп, кез келген сын есім, анықтауыштарды эпитет орнына қолданушылық, ұйқастардың толымды, толымсыздығына мән бермеушілік тәрізді кемшіліктер де ұшырайды.

            Бірақ 30 жылдық творчествосында ондай кемшіліктердің болуы заңды. Өйткені жазушының өсу жолы дегеніміз, творчестводағы кемшіліктерді жеңе отырып, алға өрлеу.

            Қорыта келгенде, Дихан Әбілев - жаңа дәуір, жаңа адамдардың ерлік бейнесін жасауда көп жазып, үлкен еңбек сіңірген, идеялық-мазмұны, көркемдігі жағынан толық сын көтере аларлық көптеген жақсы өлеңдер, көлемді, құнды поэмалар беріп, қазақ совет әдебиетінің дамуы үшін елеулі үлес қосқан қазіргі санаулы ақындарымыздың бірі.

1957ж.

Әдеби әлем

Бөлісу: