ІІ БӨЛІМ

18 Қараша 2013, 03:22

Содан бері көп жылдар өтті. Мен "Тортайды да, ақ боз атты да әлдеқашан ұмытқанмын. Бір рет ауылға барғанымда, азаматтар сөз қылып отыр екен. Тортай үйленбек болып ішкері жақтан жуастау бір қызға сөйлеседі. Сонда қыз: "Жеке басыңды қорламаймын, мен көндім, бірақ жаман-жақсы болса да әке-шешем бар, солардың ықыласынсыз кете алмаймын, өзің алдарынан өтіп қайт", - деген екен. Содан Тортай атына міне шауып, қыздың үйіне барады. Сәлем алысқан соң, қалыңдықтың әкесі: "Кімнің баласысың, шырақ?" - деп жөн сұрағанда, құлағының мүкісі бар Тортай ұқпай қалып: "Малдан келдім, ата", - деп қойып қалса керек. Ха-ха-ха... Шал: "Саңырауға қызымды бермеймін", - деп, ит қосып қуып салыпты. Елге енді бір рет барғанымда естідім. Тортай үйленген. Екі-үш баласы бар. Қой бағады екен. Былтыр жазда демалыс алып ауылға тағы бардым. Әкемнің төрт бөлмелі, бау-бақшалы үйінде еркін сайрандап, тойып жеп, тасыраңдап жүрмін. Шешем бәйек болып: "Не ішесің, не жейсің, құлыным", - дейді зыр жүгіріп. Түске жақын жұп-жұмсақ диван үстінде шалқамнан түсіп серейіп, газет оқып жатыр едім. Алдыңғы бөлменің есігі әндетіп ашылды да, әлдекім кіргендей болды. Көрші-қолаңның бірі шығар деп, аса мән бере қойғаным жоқ. Әйтеуір, шешеммен сөйлесіп отырды. Әңгіме күңгірлеп еміс-еміс естіле берген соң, есіме баяғы бір қоңыр үн түсіп, еріксіз құлағымды түрдім. Келген - Тортай екен... - Тәте, айып етпеңіз, әншейін. Орашқа амандасайын деп, өзімсініп келіп едім... - Ол ұйқтап жатыр, - деді шешем. - Оятпай-ақ қоялық. Төрге шық, отыр. - Жо-жоқ, о не дегеніңіз, тәте, маған осы босаға да жетеді, әншейін Ораш келді деген соң, амандасайын деп, баяғыда... бала кезде бірге өстік... талай рет бұзау жайып едік; енді, міне, ел таныған азамат болды... айып етпеңіз, мен қазір кетемін, тәте... Ораш келді деген соң... жалғыз ұлың ғой, құдай қуат берсін... бізді қойшы... біз ондай үлкен кісілердің садағасымыз ғой... рақмет, тәте, тамақ ауыз тиейін; осы құрғырды жақпаса да баз-базында ішіп қоятыным бар... ал, тәте, Орашың аман жүрсін... атағы аспандай берсін... қол қойдырып алайын деп, мына бір кітабын қойныма тыға келіп едім, тағы да соғармын... малдан қол тие бермейді... қыстай жемдеген торы атты управляющий алып қойған, тәте, мың салса баспайтын тағы бір тырақысын берді, "саған осы да жетеді, торы атты озат шопан мінеді" дейді... ал, кеттім, рақмет, тәте... келді-кетті деп сөге жамандамаңыз; әншейін Ораш келді деген соң, үлкен кісі ғой... бірге өскен, сәлем берейін деп... мен келді деп, тіпті айтпаңызшы, тәте, ұят болар, ал сау болыңыз, рақмет... итіңдеп баяғы өзіңіз білетін Салықсалғанға жеткенше, түн ортасы болар... өзіңіз білесіз, Салықсалған алыс, өте алыс... Монғолияның бер жағында... Мен сұлап жатқан орнымнан белім кеткендей тұра алмадым. Шынымды айтсам, ұялдым - Тортайдан ұялдым. Батылым бармады. Бет-жүзім шыдамады. Сонда ғана менің есіме "баяғыда бір жетім бала болыпты..." деп басталатын ертектің қалай аяқталары оралды. Е-е, осылай аяқталады екен ғой, осылай...        Тортай мінер ақ боз ат... менің тақымымда кеткендей еді... иесіне қайтаруға кеш еді... Әдеби әлем

Содан бері көп жылдар өтті. Мен "Тортайды да, ақ боз атты да әлдеқашан ұмытқанмын. Бір рет ауылға барғанымда, азаматтар сөз қылып отыр екен. Тортай үйленбек болып ішкері жақтан жуастау бір қызға сөйлеседі. Сонда қыз: "Жеке басыңды қорламаймын, мен көндім, бірақ жаман-жақсы болса да әке-шешем бар, солардың ықыласынсыз кете алмаймын, өзің алдарынан өтіп қайт", - деген екен. Содан Тортай атына міне шауып, қыздың үйіне барады. Сәлем алысқан соң, қалыңдықтың әкесі: "Кімнің баласысың, шырақ?" - деп жөн сұрағанда, құлағының мүкісі бар Тортай ұқпай қалып: "Малдан келдім, ата", - деп қойып қалса керек. Ха-ха-ха... Шал: "Саңырауға қызымды бермеймін", - деп, ит қосып қуып салыпты.

Елге енді бір рет барғанымда естідім. Тортай үйленген. Екі-үш баласы бар. Қой бағады екен.

Былтыр жазда демалыс алып ауылға тағы бардым. Әкемнің төрт бөлмелі, бау-бақшалы үйінде еркін сайрандап, тойып жеп, тасыраңдап жүрмін. Шешем бәйек болып: "Не ішесің, не жейсің, құлыным", - дейді зыр жүгіріп. Түске жақын жұп-жұмсақ диван үстінде шалқамнан түсіп серейіп, газет оқып жатыр едім. Алдыңғы бөлменің есігі әндетіп ашылды да, әлдекім кіргендей болды. Көрші-қолаңның бірі шығар деп, аса мән бере қойғаным жоқ. Әйтеуір, шешеммен сөйлесіп отырды. Әңгіме күңгірлеп еміс-еміс естіле берген соң, есіме баяғы бір қоңыр үн түсіп, еріксіз құлағымды түрдім. Келген - Тортай екен...

- Тәте, айып етпеңіз, әншейін. Орашқа амандасайын деп, өзімсініп келіп едім...

- Ол ұйқтап жатыр, - деді шешем. - Оятпай-ақ қоялық. Төрге шық, отыр.

- Жо-жоқ, о не дегеніңіз, тәте, маған осы босаға да жетеді, әншейін Ораш келді деген соң, амандасайын деп, баяғыда... бала кезде бірге өстік... талай рет бұзау жайып едік; енді, міне, ел таныған азамат болды... айып етпеңіз, мен қазір кетемін, тәте... Ораш келді деген соң... жалғыз ұлың ғой, құдай қуат берсін... бізді қойшы... біз ондай үлкен кісілердің садағасымыз ғой... рақмет, тәте, тамақ ауыз тиейін; осы құрғырды жақпаса да баз-базында ішіп қоятыным бар... ал, тәте, Орашың аман жүрсін... атағы аспандай берсін... қол қойдырып алайын деп, мына бір кітабын қойныма тыға келіп едім, тағы да соғармын... малдан қол тие бермейді... қыстай жемдеген торы атты управляющий алып қойған, тәте, мың салса баспайтын тағы бір тырақысын берді, "саған осы да жетеді, торы атты озат шопан мінеді" дейді... ал, кеттім, рақмет, тәте... келді-кетті деп сөге жамандамаңыз; әншейін Ораш келді деген соң, үлкен кісі ғой... бірге өскен, сәлем берейін деп... мен келді деп, тіпті айтпаңызшы, тәте, ұят болар, ал сау болыңыз, рақмет... итіңдеп баяғы өзіңіз білетін Салықсалғанға жеткенше, түн ортасы болар... өзіңіз білесіз, Салықсалған алыс, өте алыс... Монғолияның бер жағында...

Мен сұлап жатқан орнымнан белім кеткендей тұра алмадым. Шынымды айтсам, ұялдым - Тортайдан ұялдым. Батылым бармады. Бет-жүзім шыдамады. Сонда ғана менің есіме "баяғыда бір жетім бала болыпты..." деп басталатын ертектің қалай аяқталары оралды. Е-е, осылай аяқталады екен ғой, осылай...       

Тортай мінер ақ боз ат... менің тақымымда кеткендей еді... иесіне қайтаруға кеш еді...

Әдеби әлем

Бөлісу: