Амандығымды тілеген ағам еді

17 Қараша 2013, 07:54

Тұңғышбай Жаманқұлов: – Әнуар аға адал болатын. Көңілі бос-тын. Жүрегі ұлпадай еді. …«Ваня ағай» қойылымының боқтық пен кісіні тек жерлеуден тұратын айқайға толы кезекті дайындығынан соң, шыдамым таусылған мен ағамның қасына жетіп барып: «Намыс бар ма сізде, неге қой деп айтпайсыз, немене сіз де келесі рөлден құр қалам деп қорқақтайсыз ба? Сонда бұл рөлді бұл театрда сізден басқа ойнайтын актер бар дейсіз бе?» деп төтесінен қойып қалдым. Кенет басын тік көтеріп алған ағамның баданадай көздеріндегі күйіктен шыққан ащы жасты сонда ғана көрдім. Бекер жасаған екем деп ойладым. «Бауырым-ай, – деді ағам, – сен әлі көп нәрсені білмейсің, әділетсіздіктің ащы дәмін татқан жоқсың. Ол үшін күресу де дәл қазір бекершілік. Оның боқтығына түкіргенім бар, бірін естісем, бірін естімеймін, мен рөлімді жасауым керек, тек ол үшін емес, өзім үшін. Маған қазір Войницкийдің жан дүниесін түйсініп алу керек. Айналасындағылардың бәрінен, заманынан теперіш көріп, өмірінің босқа өткенін ұғынып аһ ұрған Ваня ағайдың қазіргі күйіне дөп келіп жүр бұл айғай. Мен қайта осы былапыттан рөліме керектінің көбін тауып алам. Менің ашынуым Войницкийдің быт-шыт болған көңіл-күйіне шым-шымдап көшіп жатыр. Оның боқтығы мен жаныма батқан тізесі рөл жасауыма сеп болып жатқанын ол пақыр қайдан білсін. Басқасы бір тиын! Сен де ол жайлы ойлап басыңды қатырма, кей-і-ін бәрі орнына келеді», деп тереңнен демін алып, ауыр күрсініп, күйреп отырған ағамның грим бөлмесіне асай-мүсейін көтеріп, абыржып Баян жеңешем кіретін. «Сорлы-ай, өлдің ғой, сонша арам тер болғанда сенің қадіріңді білетін бұл театрда кім бар дейсің, отыр, тамағыңды іш», деп күн сайын салдырлатып көтеріп жүрген кәстрөл-шәйнектерінің қақпағын ашып, кішігірім көшпелі дастарқанын жая бас­тайтын. Содан «Қан мен тер» атты екі сериялы фильмге актерлер іздеп, Еламан мен Тәңірбергенді кімдер ойнайды деген қарбалас шақ келді. Қосалқы режиссер Юрий Матвеевич Мастюгин болмағанда ол фильмге түсу ағам екеумізге бұйыр­майтын да еді. Орыс та болса омыраулап отырып, басты рөлдерді таңдауда адуын автор Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамызға дәлелдеп көндіріп, екеумізге тоқтағанын кейіндері естідік қой. «Өлмегенге – өлі балық» деген, актерлік бағымның ашылу-ашылмауы беймағлұм кезеңде маған қонған бақты, сол жаңалықты алғаш есті­ген Әнуар ағам мені арнайы іздеп тауып алып, қапсыра құшақтап, жүрегі жарыла құттықтағанын қалай ұмытайын! Ол кезде ол өзін ойлаған жоқ, менің жайымды уайымдап, менің кинодағы алғашқы басты рөлімнің кезегі келгенін, кино мен театрда менің де жұлдызымның жарқырап жанатынын құп көріп, шын қуанғанын қалайша көрмейін! «Айтып ем ғой, бәрі де орнына келеді деп, түбі бір әділет бар, көрдің бе!» деп марқайып, театрдың дәл түбіндегі бір жарым бөлмелі пәтеріне, Баян жеңгемнің ақ дастарқанына қоярда-қоймай ертіп апарған. Ұза-а-ақ әңгімелескенбіз. Менің амандығымды тілеп жүрген ағам, өз жағдайын ойламай, күндердің күнінде… «күйіп» кетті. Өнер ауылы мен өн бойын жайлаған әділетсіздіктің күйігі ме, кер заманның шешуі жоқ түйіні ме, аламан бәйгедегі өзінен кен­денің көпе-көрнеу зор болғаны ма, бойындағы асыл қасиетінің қор болғаны ма, Батыраштардың көкпарындағы өзіне ғана тиісті күміс жүген мен алтын жалатқан айылдың орнына қыл шылбыр мен кісенге, орға тап болғаны ма, әйтеуір бір өрт шалды ағамды. Қапияда күйіп кетті, қайран Әнуар… Аһ ұрған Баян жеңгеммен көрісіп болып, өксігімді баса алмай, көңілімді біржолата суытайын деп басына бардым, бетін аштым… Тірі сияқты… Келісті келбеті, сұлу жүзі сыр бермепті… «Берік бол, бауырым, оқасы жоқ, бәрі де орнына келеді», дегендей, көксеңгір аспанға қарап жатқан сияқты көрінді. Жердің бетінде.. Кеңсайда,.. тыным тауып жатқан титтей төбешік қалды. Басында: «Сілтесең – семсер, қорғансаң – қалқан орнына жүрген қайран Әнуар», деген сөз жазылған қара тас қана тұр. Бұл – Асқар Сүлейменовтің сөзі. Сөйтіп, мен өнерде ағасыз қал­дым. Қайсыбірін айтайын. Аға! Бү­гінгі «ағаларды» алдаусыратып, «Сен ғанасың» демесең іні санатына қос­пайды сені. Бүгіндері басқаларды аға тұтып, тарысы піскен жерге тауық күйін кешіп жүрген інілер де аулақта. Хас шеберлігіңді пайдаланып, өр өнеріңді өз қанжығасына байлап, қажымас қайратыңның қызығын көріп, қамау теріңді талай малданғандар сен жайлы еш жерде естелік айтпайды. Саған өтірік мақтаудың, сен жайлы жүрген-тұрғаныңды тізбелеп қолдан ұлы етіп, алтынмен аптап, күміспен күптеп күнделік құрастырудың да қажеті жоқ. Себебі, сен – туа бітті тұлпарсың! Сен – биіксің. Биіктесің! Сен аспандасың! Жазып алған:  Зухра ИСЛАМБАЕВА, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы.  

Тұңғышбай Жаманқұлов:

– Әнуар аға адал болатын. Көңілі бос-тын. Жүрегі ұлпадай еді.

…«Ваня ағай» қойылымының боқтық пен кісіні тек жерлеуден тұратын айқайға толы кезекті дайындығынан соң, шыдамым таусылған мен ағамның қасына жетіп барып: «Намыс бар ма сізде, неге қой деп айтпайсыз, немене сіз де келесі рөлден құр қалам деп қорқақтайсыз ба? Сонда бұл рөлді бұл театрда сізден басқа ойнайтын актер бар дейсіз бе?» деп төтесінен қойып қалдым. Кенет басын тік көтеріп алған ағамның баданадай көздеріндегі күйіктен шыққан ащы жасты сонда ғана көрдім. Бекер жасаған екем деп ойладым. «Бауырым-ай, – деді ағам, – сен әлі көп нәрсені білмейсің, әділетсіздіктің ащы дәмін татқан жоқсың. Ол үшін күресу де дәл қазір бекершілік. Оның боқтығына түкіргенім бар, бірін естісем, бірін естімеймін, мен рөлімді жасауым керек, тек ол үшін емес, өзім үшін. Маған қазір Войницкийдің жан дүниесін түйсініп алу керек. Айналасындағылардың бәрінен, заманынан теперіш көріп, өмірінің босқа өткенін ұғынып аһ ұрған Ваня ағайдың қазіргі күйіне дөп келіп жүр бұл айғай. Мен қайта осы былапыттан рөліме керектінің көбін тауып алам. Менің ашынуым Войницкийдің быт-шыт болған көңіл-күйіне шым-шымдап көшіп жатыр. Оның боқтығы мен жаныма батқан тізесі рөл жасауыма сеп болып жатқанын ол пақыр қайдан білсін. Басқасы бір тиын! Сен де ол жайлы ойлап басыңды қатырма, кей-і-ін бәрі орнына келеді», деп тереңнен демін алып, ауыр күрсініп, күйреп отырған ағамның грим бөлмесіне асай-мүсейін көтеріп, абыржып Баян жеңешем кіретін. «Сорлы-ай, өлдің ғой, сонша арам тер болғанда сенің қадіріңді білетін бұл театрда кім бар дейсің, отыр, тамағыңды іш», деп күн сайын салдырлатып көтеріп жүрген кәстрөл-шәйнектерінің қақпағын ашып, кішігірім көшпелі дастарқанын жая бас­тайтын.

Содан «Қан мен тер» атты екі сериялы фильмге актерлер іздеп, Еламан мен Тәңірбергенді кімдер ойнайды деген қарбалас шақ келді. Қосалқы режиссер Юрий Матвеевич Мастюгин болмағанда ол фильмге түсу ағам екеумізге бұйыр­майтын да еді. Орыс та болса омыраулап отырып, басты рөлдерді таңдауда адуын автор Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамызға дәлелдеп көндіріп, екеумізге тоқтағанын кейіндері естідік қой. «Өлмегенге – өлі балық» деген, актерлік бағымның ашылу-ашылмауы беймағлұм кезеңде маған қонған бақты, сол жаңалықты алғаш есті­ген Әнуар ағам мені арнайы іздеп тауып алып, қапсыра құшақтап, жүрегі жарыла құттықтағанын қалай ұмытайын! Ол кезде ол өзін ойлаған жоқ, менің жайымды уайымдап, менің кинодағы алғашқы басты рөлімнің кезегі келгенін, кино мен театрда менің де жұлдызымның жарқырап жанатынын құп көріп, шын қуанғанын қалайша көрмейін! «Айтып ем ғой, бәрі де орнына келеді деп, түбі бір әділет бар, көрдің бе!» деп марқайып, театрдың дәл түбіндегі бір жарым бөлмелі пәтеріне, Баян жеңгемнің ақ дастарқанына қоярда-қоймай ертіп апарған. Ұза-а-ақ әңгімелескенбіз.

Менің амандығымды тілеп жүрген ағам, өз жағдайын ойламай, күндердің күнінде… «күйіп» кетті. Өнер ауылы мен өн бойын жайлаған әділетсіздіктің күйігі ме, кер заманның шешуі жоқ түйіні ме, аламан бәйгедегі өзінен кен­денің көпе-көрнеу зор болғаны ма, бойындағы асыл қасиетінің қор болғаны ма, Батыраштардың көкпарындағы өзіне ғана тиісті күміс жүген мен алтын жалатқан айылдың орнына қыл шылбыр мен кісенге, орға тап болғаны ма, әйтеуір бір өрт шалды ағамды. Қапияда күйіп кетті, қайран Әнуар… Аһ ұрған Баян жеңгеммен көрісіп болып, өксігімді баса алмай, көңілімді біржолата суытайын деп басына бардым, бетін аштым… Тірі сияқты… Келісті келбеті, сұлу жүзі сыр бермепті… «Берік бол, бауырым, оқасы жоқ, бәрі де орнына келеді», дегендей, көксеңгір аспанға қарап жатқан сияқты көрінді. Жердің бетінде.. Кеңсайда,.. тыным тауып жатқан титтей төбешік қалды. Басында: «Сілтесең – семсер, қорғансаң – қалқан орнына жүрген қайран Әнуар», деген сөз жазылған қара тас қана тұр. Бұл – Асқар Сүлейменовтің сөзі.

Сөйтіп, мен өнерде ағасыз қал­дым. Қайсыбірін айтайын. Аға! Бү­гінгі «ағаларды» алдаусыратып, «Сен ғанасың» демесең іні санатына қос­пайды сені. Бүгіндері басқаларды аға тұтып, тарысы піскен жерге тауық күйін кешіп жүрген інілер де аулақта. Хас шеберлігіңді пайдаланып, өр өнеріңді өз қанжығасына байлап, қажымас қайратыңның қызығын көріп, қамау теріңді талай малданғандар сен жайлы еш жерде естелік айтпайды. Саған өтірік мақтаудың, сен жайлы жүрген-тұрғаныңды тізбелеп қолдан ұлы етіп, алтынмен аптап, күміспен күптеп күнделік құрастырудың да қажеті жоқ. Себебі, сен – туа бітті тұлпарсың! Сен – биіксің. Биіктесің! Сен аспандасың!

Жазып алған:

 Зухра ИСЛАМБАЕВА,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық

өнер академиясының аға оқытушысы.

 

Бөлісу: