Сахнада ол – патша, өнерде – пірім дерсің оны

17 Қараша 2013, 07:53

Нүкетай Мышбаева: – Мен көп спектакльдерде Әнуармен сахналық серіктес болып, бірге рөл ойнадым. «Қан мен тер» спектаклінде ол Тәңірбергенді, мен Ақбаланы сомдадық. «Досымның үйленуінде» ол менің «жігітім» болды. Әнуармен бірге рөл орындағанда спектакльге бір жерден жаңылып кетпейік деп, үлкен дайындықпен келетінбіз. Ол сахнаға шыға бергенде-ақ бүкіл көрерменді жаулап алатын. Жаулап алады дейтінім, трагедиялық кейіпкерді сомдағанда бүкіл көрерменді жылататын, сонымен бірге, қасындағы бізді де жылататын. Ал комедияны ойнағанда көрерменді рахаттандырып күлдірумен қатар, шығарма идеясының астарында не жатқанын түгел ашып, ерекше бір шабытпен шырқау биікке көтеретін. Жас кезімізде бір-біріміздің қандай актер екенімізді біле қоймаған да кезіміз болған шығар. Бірақ қазір менің көзқарасымда, Әнуардай актер туылған жоқ, мұны мен батыл түрде айта аламын. Өмірде ол өте бір жайдары, кішіпейіл, мейірімді, өте қарапайым, жүрген жері, ортасы күлкіге, әзілге толы болатын. Ал, сахнада ол – патша, өнерде пірім дерсің оны. Үлкенмен де, кішімен де әзілдескенде сөзіне күлмей, жүйелі әділ сөзін ұйып тыңдамай қалған кезіміз болған жоқ. «Мен чешендердің арасында өстім, біздің ауылда чешендер көп болатын», дейтін. Өзі чешен ұлтының көп сөздерін білетін де кейде бізге сол тілде сөйлейтін. Сөйтсек, оның кейбір сөздері қалжың екен. Ал, біз оған шын екен деп, сеніп қаламыз. Мен Әнуарға қалжыңдап, «әй, баскесер» дейтін едім. Әрине бұл тура мағынасында емес. Ол қандай кейіпкері болмасын соның басын кесіп тұрып ойнайтын. Менің «бас­кесер, қай рөлді болса да басын кесіп ойнайсың» деп қалжыңдайтыным содан. Әнуар ешқашан ақша іздеген жоқ, қандай қиындық көрсе де ақшаның құлы болған жоқ. Ол алатын еңбек ақысы қанша аз болса да, өнерді ақшаға айырбастаған жоқ. Жалпы, Әнуар қандай жетістікке жетсе де өзінің адал еңбегімен жетті. Қазіргі көзқараста кейбір актерлердің «маған үй бер, көмектес» деп айтуы мүмкін. Ал, ол кезде демеуші дегенді ешкім білмейтін, мұндай түсінік жоқ болатын. Актерді «сахналық тұлға» деп жоғары бағалайтын. Әнуар сол сахналық болмысы бөлек, биік тұлға болып қалды. Өмірден де, өнерден де тәжірибе жинап, осындай келелі жасқа келгенде «қасымда кімдер болды, кіммен парт­нер болып ойнадым, қайсысы қандай адам еді» деген ойлар өзінен-өзі келеді екен. Сондайда осы Әнуар мен Есболған екеуі менің есіме жиі түседі, соларды ойлағанда көзіме жас келеді. Олар өте керемет дос болып еді, екеуі де өте жас кетті. Әнуар мен Құман қандай дос болды, олардың қарым-қатынасы ағалы-інілідей болатын. Киноға да бірге түсті, сахнада да бірге ойнады. Бір күні мен троллейбус аялдамасында тұр едім, сол жерге Әнуар да келе қалды. Сонда мен: «Әй, Әнуар, сен де троллейбусқа отырасың ба?» десем, оның: «Сіз троллейбусқа отырғанда мен отырмай не болыпты», дегені бар. Сонда түріне қарап тұрсам, әдемілігі құдды бір сурет сияқты. Іштен сұлу болып туған актер еді ғой. Ол кезде киноға да түспейтін, бәріміздің театрға жаңадан келген кезіміз болатын. Сонда Әнуарға: «Сен сыртқы пішініңмен, ішкі жан-дүниеңмен, өнеріңмен, талантыңмен кино актері болсаң қандай жақсы болар еді. Сені киноға шақырған жоқ па? Қарашы, қандай әдемісің, жарығым! Сен түбінде кино актері боласың», деп едім, ол: «Жоқ, шақырған жоқ», деді. Содан екі-үш айдан кейін маған келіп: «Нүкеш, сіздің айтқаныңыз келді, мені киноға шақырып жатыр», дейді. Сөйтіп, алғашында кішігірім эпизодтық рөлдерде ойнап жүрді де бірте-бірте жарқырап шықты ғой. Оның ойыны, «Қыз Жібектегі» Шегенің рөлі қандай еді. Сол кинода тек Әнуарға ғана қарағың келеді. Мұнда оның бір домбырасынан, әнінен өзге айтарлықтай әрекеттері жоқ болса да өзіне берілген рөлді жандандырып жіберді. Бұған енді халықтың өзі куә. Бұдан кейінгі «Қан мен тердегі» Тәңірбергені, ол орындаған шалдар бейнесі қандай керемет! Түптеп келгенде, ол – өзінің жанын өнерге аямай беріп, өмірін өнерге сыйлаған адам. Ол өнерге барлық ынта-ықыласымен, бүкіл болмысымен, бүкіл жүрегімен берілді. Бірақ соның барлығы оның денсаулығына әсер етті. «Әйтеуір мына қызметті істеп жүрмін ғой, ақымды алсам болды ғой», деп қана жәйлап жүргендер басқаша болады. Ал, Әнуар болса өте талантты актерлердің жанып кететіні сияқты өнердің отына жанып кетті. Ол кезде спектакль жоғары деңгейде шығуы үшін жарты жылдай дайындық жасаушы едік. Сонда бір рөл жаттағанда, дайындалғанда ол үйіне бармай театр­да қонатын. Сол рөлді шығарғанша ол қолын да, өзін де оңды-солды сермеп, жанын жеп қоятын. Осындай кездерде оған көп көмек жасаған жары Баян болды. Ол Әнуарды баладай мәпелеп, барлық жағдайын жасады. Екеуі сондай керемет, бірін-бірі қас-қабағынан ұғатын жұптар болатын. Жалпы, Әнуар туралы көп айтуға болады. Жаны бөлек, жан дірілі ерекше актер бұл дүниеге сыймай кетті. Соңғы кездерінде диабет ауруы жүйкесіне әсер етіп, көзі де көрмей жүрді. Ауырып жүріп Қобыландыны ойнағанда біз не болар екен деп уайымдап отырамыз, ауыратынын білеміз ғой. Сонда да ол өзін-өзі қамшылап, рөлді шығармай тынбайтын. Не деген жанкештілік десеңізші. «Досымның үйленуінде» мен ауылға келін болып түсетін қала қызының рөлін ойнаймын. Сонда Әнуар маған: «Ой, Нүкешка, осы рөлді ойнағанда сізді жақсы көріп кетем, қандай керемет ойнайсыз. Өзіңіз ауылдан келсеңіз де қаланың қызын өте керемет ойнайсыз!», дейтін. Сонда мен: «Сенің қасыңда жаман ойнауға болмайды, менің жаман ойнауға қақым жоқ», десем: «Ой, бір көтеріп тастадыңыз ғой!» деп бала сияқты мәз болып күлетін. Ол сенгіш еді. Егер актер сенбесе рөлін де сеніп ойнамайды, көрерменге де сенімді жеткізбейді. Сондықтан актерге ең қажеті сенгіштік (сенгіштіктің қасында аңқаулық та жатыр), әр нәрсеге, адамның айтып отырған сөзіне сену керек. Ал, сенбей ішіне түйіп алса, онда ол басқаша адам болады. Сондықтан әр рөліне сеніп ойнау керек, әрбір рөлді мен сол адаммын деп ойлау керек және ойнау керек. Мен Қобыландымын, мен Тәңірбергенмін, міне – Әнуардың ерекшелігі осы болатын. Ол қай рөлді ойнаса да сеніп ойнайтын. Үлкен, талантты актерлер бар. Бірақ мен Әнуардай актер адам жоқ, туылған жоқ деп ойлаймын. Қазіргі жастардың арасында Әнуардай, Есболғандай дарыны бөлек актерлердің байқалмайтыны өкініш тудырады. Кім біледі, көре алмай жүрміз бе? Әнуардың бейнесі көз алдымыздан да, көңілімізден де кетпейді. Иә, кейінгі ұрпақта оның өнерін үлгі тұтатынына сенімдімін.

Нүкетай Мышбаева: – Мен көп спектакльдерде Әнуармен сахналық серіктес болып, бірге рөл ойнадым. «Қан мен тер» спектаклінде ол Тәңірбергенді, мен Ақбаланы сомдадық. «Досымның үйленуінде» ол менің «жігітім» болды. Әнуармен бірге рөл орындағанда спектакльге бір жерден жаңылып кетпейік деп, үлкен дайындықпен келетінбіз. Ол сахнаға шыға бергенде-ақ бүкіл көрерменді жаулап алатын. Жаулап алады дейтінім, трагедиялық кейіпкерді сомдағанда бүкіл көрерменді жылататын, сонымен бірге, қасындағы бізді де жылататын. Ал комедияны ойнағанда көрерменді рахаттандырып күлдірумен қатар, шығарма идеясының астарында не жатқанын түгел ашып, ерекше бір шабытпен шырқау биікке көтеретін. Жас кезімізде бір-біріміздің қандай актер екенімізді біле қоймаған да кезіміз болған шығар. Бірақ қазір менің көзқарасымда, Әнуардай актер туылған жоқ, мұны мен батыл түрде айта аламын.

Өмірде ол өте бір жайдары, кішіпейіл, мейірімді, өте қарапайым, жүрген жері, ортасы күлкіге, әзілге толы болатын. Ал, сахнада ол – патша, өнерде пірім дерсің оны. Үлкенмен де, кішімен де әзілдескенде сөзіне күлмей, жүйелі әділ сөзін ұйып тыңдамай қалған кезіміз болған жоқ. «Мен чешендердің арасында өстім, біздің ауылда чешендер көп болатын», дейтін. Өзі чешен ұлтының көп сөздерін білетін де кейде бізге сол тілде сөйлейтін. Сөйтсек, оның кейбір сөздері қалжың екен. Ал, біз оған шын екен деп, сеніп қаламыз. Мен Әнуарға қалжыңдап, «әй, баскесер» дейтін едім. Әрине бұл тура мағынасында емес. Ол қандай кейіпкері болмасын соның басын кесіп тұрып ойнайтын. Менің «бас­кесер, қай рөлді болса да басын кесіп ойнайсың» деп қалжыңдайтыным содан.

Әнуар ешқашан ақша іздеген жоқ, қандай қиындық көрсе де ақшаның құлы болған жоқ. Ол алатын еңбек ақысы қанша аз болса да, өнерді ақшаға айырбастаған жоқ. Жалпы, Әнуар қандай жетістікке жетсе де өзінің адал еңбегімен жетті. Қазіргі көзқараста кейбір актерлердің «маған үй бер, көмектес» деп айтуы мүмкін. Ал, ол кезде демеуші дегенді ешкім білмейтін, мұндай түсінік жоқ болатын. Актерді «сахналық тұлға» деп жоғары бағалайтын. Әнуар сол сахналық болмысы бөлек, биік тұлға болып қалды.

Өмірден де, өнерден де тәжірибе жинап, осындай келелі жасқа келгенде «қасымда кімдер болды, кіммен парт­нер болып ойнадым, қайсысы қандай адам еді» деген ойлар өзінен-өзі келеді екен. Сондайда осы Әнуар мен Есболған екеуі менің есіме жиі түседі, соларды ойлағанда көзіме жас келеді. Олар өте керемет дос болып еді, екеуі де өте жас кетті. Әнуар мен Құман қандай дос болды, олардың қарым-қатынасы ағалы-інілідей болатын. Киноға да бірге түсті, сахнада да бірге ойнады.

Бір күні мен троллейбус аялдамасында тұр едім, сол жерге Әнуар да келе қалды. Сонда мен: «Әй, Әнуар, сен де троллейбусқа отырасың ба?» десем, оның: «Сіз троллейбусқа отырғанда мен отырмай не болыпты», дегені бар. Сонда түріне қарап тұрсам, әдемілігі құдды бір сурет сияқты. Іштен сұлу болып туған актер еді ғой. Ол кезде киноға да түспейтін, бәріміздің театрға жаңадан келген кезіміз болатын. Сонда Әнуарға: «Сен сыртқы пішініңмен, ішкі жан-дүниеңмен, өнеріңмен, талантыңмен кино актері болсаң қандай жақсы болар еді. Сені киноға шақырған жоқ па? Қарашы, қандай әдемісің, жарығым! Сен түбінде кино актері боласың», деп едім, ол: «Жоқ, шақырған жоқ», деді. Содан екі-үш айдан кейін маған келіп: «Нүкеш, сіздің айтқаныңыз келді, мені киноға шақырып жатыр», дейді. Сөйтіп, алғашында кішігірім эпизодтық рөлдерде ойнап жүрді де бірте-бірте жарқырап шықты ғой. Оның ойыны, «Қыз Жібектегі» Шегенің рөлі қандай еді. Сол кинода тек Әнуарға ғана қарағың келеді. Мұнда оның бір домбырасынан, әнінен өзге айтарлықтай әрекеттері жоқ болса да өзіне берілген рөлді жандандырып жіберді. Бұған енді халықтың өзі куә.

Бұдан кейінгі «Қан мен тердегі» Тәңірбергені, ол орындаған шалдар бейнесі қандай керемет! Түптеп келгенде, ол – өзінің жанын өнерге аямай беріп, өмірін өнерге сыйлаған адам. Ол өнерге барлық ынта-ықыласымен, бүкіл болмысымен, бүкіл жүрегімен берілді. Бірақ соның барлығы оның денсаулығына әсер етті. «Әйтеуір мына қызметті істеп жүрмін ғой, ақымды алсам болды ғой», деп қана жәйлап жүргендер басқаша болады. Ал, Әнуар болса өте талантты актерлердің жанып кететіні сияқты өнердің отына жанып кетті. Ол кезде спектакль жоғары деңгейде шығуы үшін жарты жылдай дайындық жасаушы едік. Сонда бір рөл жаттағанда, дайындалғанда ол үйіне бармай театр­да қонатын. Сол рөлді шығарғанша ол қолын да, өзін де оңды-солды сермеп, жанын жеп қоятын. Осындай кездерде оған көп көмек жасаған жары Баян болды. Ол Әнуарды баладай мәпелеп, барлық жағдайын жасады. Екеуі сондай керемет, бірін-бірі қас-қабағынан ұғатын жұптар болатын.

Жалпы, Әнуар туралы көп айтуға болады. Жаны бөлек, жан дірілі ерекше актер бұл дүниеге сыймай кетті. Соңғы кездерінде диабет ауруы жүйкесіне әсер етіп, көзі де көрмей жүрді. Ауырып жүріп Қобыландыны ойнағанда біз не болар екен деп уайымдап отырамыз, ауыратынын білеміз ғой. Сонда да ол өзін-өзі қамшылап, рөлді шығармай тынбайтын. Не деген жанкештілік десеңізші.

«Досымның үйленуінде» мен ауылға келін болып түсетін қала қызының рөлін ойнаймын. Сонда Әнуар маған: «Ой, Нүкешка, осы рөлді ойнағанда сізді жақсы көріп кетем, қандай керемет ойнайсыз. Өзіңіз ауылдан келсеңіз де қаланың қызын өте керемет ойнайсыз!», дейтін. Сонда мен: «Сенің қасыңда жаман ойнауға болмайды, менің жаман ойнауға қақым жоқ», десем: «Ой, бір көтеріп тастадыңыз ғой!» деп бала сияқты мәз болып күлетін. Ол сенгіш еді. Егер актер сенбесе рөлін де сеніп ойнамайды, көрерменге де сенімді жеткізбейді. Сондықтан актерге ең қажеті сенгіштік (сенгіштіктің қасында аңқаулық та жатыр), әр нәрсеге, адамның айтып отырған сөзіне сену керек. Ал, сенбей ішіне түйіп алса, онда ол басқаша адам болады. Сондықтан әр рөліне сеніп ойнау керек, әрбір рөлді мен сол адаммын деп ойлау керек және ойнау керек. Мен Қобыландымын, мен Тәңірбергенмін, міне – Әнуардың ерекшелігі осы болатын. Ол қай рөлді ойнаса да сеніп ойнайтын.

Үлкен, талантты актерлер бар. Бірақ мен Әнуардай актер адам жоқ, туылған жоқ деп ойлаймын. Қазіргі жастардың арасында Әнуардай, Есболғандай дарыны бөлек актерлердің байқалмайтыны өкініш тудырады. Кім біледі, көре алмай жүрміз бе? Әнуардың бейнесі көз алдымыздан да, көңілімізден де кетпейді. Иә, кейінгі ұрпақта оның өнерін үлгі тұтатынына сенімдімін.

Бөлісу: