Ұстаз

17 Қараша 2013, 07:09

Мұхамбетқазы Қауысұлы Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы №63 разъезде теміржолшының отбасында туған екен. Әкесі Қауыс 1908 жылы туған, 1944 жылы Ұлы Отан соғысы майданында хабарсыз кетіпті, анасы Биғайша 1910 жылы туған, Ақтөбеде тұрады. 1954 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын бітіріп, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алады. Қызмет жолын сол институттың марксизм-ленинизм кабинетінің меңгерушісі болып бастаған. Алматы қаласындағы Фрунзе аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, қалалық комсомол комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, Фрунзе аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, республика комсомолы Орталық комитетінің нұсқаушысы, Ақтөбе облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы, облыстық газеттің тілшісі, Ақтөбе облыстық партия комитетінің лекторы, насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болған, төрт жылдай Гурьев облыстық партия комитетінде насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болып істеп, 1968 жылдың ақпанында облыстық партия комитетінің ұйымдық бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалған. Осы баспалдақтардың бәрін ол аз уақыттың аясында жүріп өткен. Ол кез үшін 27 жаста облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болу үшін айрықша қабілет қажет еді. Сәлемдесуден кейін Мұхамбетқазы Қауысұлы мені әңгімеге шақырудың себебін айтты. 1968 жылдың 25 қарашасында Маңғыстауда жаңадан құрылған Жаңаөзен ауданында партия конференциясы өткізілген болатын. Аудандық партия комитеті жасақталған. Аупарткомның бірінші хатшысы болып Дмитрий Николаевич Клинчев сайланған. Енді аудандық комсомол ұйымын құру керек. 1965 жылғы ақпанда облыс Бүкіл­одақтық екпінді комсомол құрылысы деп жарияланды. Содан кейін-ақ қазыналы түбекке бүкіл Кеңес Одағынан сан түрлі ұлттардың жастары ағылып келе бастады. Тұрғындардың басым көпшілігі жас­тар болатын. – Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлау үшін сенің кандидатураңа тоқтам жасап отырмыз. Не айтасың? – Мұхамбетқазы Қауысұлы маған осылай деді. Азырақ ойланып барып, мен өзімнің күдік-күмәнімді айта бастадым, комсомолдық жұмыста тәжірибем жоқ, салған беттен аудандық ауқымдағы жас­тар жетекшісі қызметін алып кету қиын болатын сияқты, дедім. Ол кісі жымиып күліп қойды да былай деді: Равиль, сен 14 жастан бері комсомолдасың, институтқа дейін 5 жыл зауытта слесарь, цехтық комсомол ұйымының хатшысы болғансың. Мәскеудегі мұнай институтын бітіргеннен кейін міне, 2 жылдан астам уақыт бойы іргелі зауыттағы комсомол ұйымының хатшысысың, облыстық комсомол комитетінің мүшесісің, аудан­дық комсомол комитетінің штаттан тыс хатшысысың. Саған тағы қандай тәжірибе керек? Оның үстіне екі жылдан астам уақыттан бері зауыттың бас инженерісің. Бізге сені Мақат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы осыдан екі жыл бұрын аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне, ал осыдан бір жыл бұрын облыстық комсомол комитеті салалық хатшы қызметіне шақырғаны да белгілі, онда сен кәсіби тәжірибе жинақтайын деп бас тартқан екенсің. Енді өндірістік тәжірибең толықты, мынау мұнайлы өңірге ең керегі де сол. Мен оның осынша жайдан хабардар­лығына аң-таң қалдым, тіпті қысылып та кеттім. Мемлекет маған білім беріп, зауытта үлкен лауазымды сеніп тапсырып отыр, мен болсам жауапкершіліктен жалтарғалы тұрмын. Келісуге тура келді. Мұхамбетқазы Қауысұлы келісіміме ра­зылығын танытты да, мені облыстық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы М.А.Исеновке алып келді. Мұхамбет Ай­туұлы 1964 жылдан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы еді.­ Әңгімесінің ауанынан ол кісінің М.Қ.Тәжинге құрметпен қарайтыны көрі­ніп тұрды. Тегі, Ақтөбеде аудандық партия комитетінде қызметтес болған кезінен бастап іскерлік қабілетін жақсы білсе керек. Ағаларымның игі тілектерін тыңдап, комсомолдың Орталық комитетінде, партияның Орталық комитетінде әңгімелесуден өту үшін Алматыға ұштым. Қайтып оралған соң Өзенге бардым да, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Д.Н.Клинчевке өзімді таныстырып, ұйымдық конференцияны дайындауға кірісіп кеттім. 1968 жылғы 25 желтоқсанда Жаңаөзенде алғашқы аудандық комсомол конференциясы өткізілді. Осылайша, мен М.Қ.Тәжиннің қолдауымен комсомол қызметкері болдым. Желдей есіп екі жыл өте шықты. Бұл кезең аралығында М.Қ.Тәжин партия конференциялары мен актив жиналыс­тарына қатысуға бірнеше рет Өзенге келді, мен де Гурьевке бірнеше рет бардым. Ол кезде Маңғыстау Гурьев облысының құрамында болатын. Қашанда жылы жүзбен жолығысып жүретінбіз. Жұмысымның жағдайын үнемі сұрастыратын, әңгіме кезінде мен ол кісінің біздің барлық шаруамыздың жайын егжей-тегжейлі білетінін сезетінмін, тегі, материалдарымызбен мұқият танысып отыратын сияқты. 1970 жылдың тамызында М.Қ.Тәжин телефон соқты да, менің кандидатурамды Гурьев облыстық комсомол комитетінің хатшылығына ұсынатынын хабарлады. Келісімімді алған соң орталық органдарда әңгімелесуден өтудің бағдарламасын айтты. Алматыда комсомолдың Орталық комитетінің хатшыларында, бөлім меңгерушілерінде, сондай-ақ Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің екінші хатшысы В.Н.Титовта әңгімелесуде болдым да, Мәскеуге ұштым. Мәскеуде де, Алматыдағы сияқты, әңгімелесу рәсімі бөлімдерде басталып, БЛКЖО Орталық комитетінің хатшысы С.Г.Аратунянда жалғасты. Кабинеттен кабинетке өтіп, екінші аптада да әңгімелесулер жүріп жатты. С.Г.Аратунянның кабинетінде отырғанымда қабылдау бөлмесінен Қазақстаннан Гурьев облыстық партия комитетінің ұйымдық бөлімінің меңгерушісі М.Қ.Тәжин жолдас телефон соғып тұр деп хабарлады. Сурен Гургенович тұтқаны көтерді. Сәлемдесуден кейін, тегі, ол кісінің сұрағына жауап берді ғой деймін, кабинет иесі: Сіздің қызметкеріңіз менде отыр, әңгімелесіп жатырмыз, айтқандай, мен бұл кісімен әңгімелесіп отырған осындағы елуінші адаммын, деді. Комсомолдың орталық комитетінде жиырмадан астам бөлім бар, олардың әрқайсысында Қазақстанның кураторлары бар, оған қоса Орталық комитеттің хатшылары бар, бәрі де әңгімелесуге тиісті. Біз жұмысты бірлесе істейміз ғой. Сізге айтып қояйын, жұрттың бәрінің пікірі жақсы. Мұндағы әңгімелесулер Е.М.Тяжельниковтің (БЛКЖО Орталық комитетінің бірінші хатшысы – Р.Ш.) шетелде іссапарда жүруіне байланысты біраз созылуы да мүмкін. Осымен телефондағы әңгіме бітті. Арада бес минуттай өткенде телефон тағы шырылдады. Байқауымша, КОКП Орталық комитетінен соғылды. Сурен Гургенович «Жарайды» деп қысқа ғана жауап қайтарды. Сөйтті де маған қарап: Тәжиніңіз табанды екен, жоғарыдағылар әңгімелесу неге созылып кетті, бәрі дұрыс па деп сұрап жатыр, деді. Сөйтті де мені БЛКЖО Орталық комитетінің екінші хатшысы Б.Н.Пастуховқа алып жүрді. Әңгімелесуді сол күні КОКП Орталық Комитетінің ұйымдық бөлімі меңгерушісінің орынбасарында аяқтап, түнде Гурьевке ұшып кеттім. Ұшақ ішінде, М.Қ.Тәжинмен алғашқы әңгімеден, комсомол жұмысына ауысудан бастап, Алматы мен Мәскеудегі әңгімелесулер ресімдерінің бәрін ой елегінен өткізе келіп, мен кадрларды іріктеу, тәрбиелеу мен орналастыру мәселесіне қандайлық ерекше маңыз берілетінін тереңірек пайымдай түстім. Гурьев облыстық комсомол коми­тетінің бірінші хатшысы болып сайланғаннан кейін екі күн өткенде, аппаратпен, таяудағы жұмыс жоспарларымен танысып, хатшылармен, бөлім меңгерушілерімен сөйлескен соң М.Қ.Тәжиннің қабылдауына сұрандым. Мұхамбетқазы Қауысұлы облыстық комсомол ұйымы қызметінің негізгі бағыттарын тыңғылықты айтып өтті. Қазір мұнда бар назар Маңғыстау қазынасын игеруге ауған, Маңғышлақ отын-энергетика кешенін құру міндеті шұғыл іске асырылып жатыр. Ондаған мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен мәдениет ошақтары бой көтерген. Шевченко қаласында қазірдің өзінде 50 мың адам тұрады, олардың орта жасы – 25. Орта машина құрастыру нысандарын салуға құрылыс батальондарының әскер бөлімдері тартылған, оларда аудандық комитеттің құқы берілген 9 комсомол комитетінің комсомол солдаттары жұмыс істейді. Бұл айтылғанның бәрі енді 3-4 жылдың ішінде Маңғышлақ жеке облыс ретінде құрылуы мүмкін екенін көрсетеді. Маңғыстау жерінің негізгі тұрғын­дары қазір КСРО-ның әртүрлі республикаларынан келген жастар болғандықтан, негізгі назарды интернационалдық тәрбиеге, бос уақытты өткізуді ұйымдас­тыруға, спортты дамытуға аударып, білім деңгейі мен еңбек сапасын арттыру керек. Бәрі де кадрлардың қабілетіне байланысты. Кейінге қалдырмай, бүге-шігесіне дейін білген жөн. Осыны айтты да, әңгімесін аяқтады. Кабинетіме келген соң ұзақ уақыт жеке отырып, арамыздағы әңгіме жайында ойландым. Мұхамбетқазы Қауысұлы жиі-жиі нақты тапсырмалар беретін, олардың кейбірі өте күрделі болатын, уақытты, тәжірибені талап ететін. Жұмыс ырғағы тіпті қатайып кетті, шығыршыққа түсіп қалып, шыға алмай шарқ ұрған тиіндей арпалысып жататынмын. Жұмыс ауқымы тіпті үлкен екен, тегі, біз өз мүмкіндігімізді дәл есептей алмаған сияқтымыз, содан да әбден титықтайтынбыз. Мен осындай өте жауапты жұмысты қолға алғаным дұрыс болды ма өзі деген ойға жиі-жиі беріле бастадым. Үш күндей болмай үш ай да өте шықты. Мен Мұхамбетқазы Қауысұлының қабылдауына сұранып, жұмыс барысы туралы мәлімдеп, өз тілегім бойынша қызметтен босату жөніндегі өтінішімді үстелге қоюға дайындала бергенім сол еді, Мұхамбетқазы Қауысұлы жымия күліп былай деді: – Равиль, сен 3 ай жұ­мыс істедің, мен саған адам шыдамастай шұғыл атқарылатын шаруалар тапсырдым, бірақ сен тастай шымыр жігіт болып шықтың. Енді менің атымнан әрекет ете беруіңе болады, мен саған сенемін, сен сынақтан өттің. Ол комсомол жұмысының асқан шебері болатын, енді міне, бөлекше психолог екеніне де көзім жетті. Мен не дерімді білмей, асып-сасып қалдым. Рахметімді айттым да, шығып жүре бердім. Кабинетіме келген соң да біразға дейін есімді жия алмай отырдым. Ол өте талапшыл, әділ, адал да парасатты адам болатын. М.Қ.Тәжинмен бірге жұмыс істей жүріп, мен ұйымдық және идеологиялық салада көп нәрсені үйрендім. Ең бастысы, ол маған ауқымды ойлауды үйретті. Алдымен бәрін басынан аяғына дейін бүге-шігесін қалдырмай біліп алуды, жүріп өтетін жолды толық ойша болжау­ды, алдан шығар мәселелерді алдын-ала ойлауды, оларды шешу жолдарын тауып барып қана іс-әрекетке кірісуді үйретті. Ол мен үшін ұстаз, мұғалім, сонымен қатар қатаң бақылаушы болды. 1972 жылдың наурызында М.Қ.Тә­жин­ді облыстық партия комитетінің идео­логия жөніндегі хатшысы етіп сайлады. Ол біздің облыстық форумдарымызға жиі қатысатын. Оның жастардың әр түрлі топтарының арасындағы көптеген мәселелерді қамтыған сөздері өте маңызды, мағынасы терең, ауқымы кең болып келетін, содан да жастар жүрегіне тез жететін. Облыстық партия комитеті бюросының мүшелігіне кандидат ретінде мен оның сөздерін жиі тыңдадым және қағидатты мәселелер, әсіресе, кадр мәселелері бойынша табандап тұрып алатын қасиетіне талай рет куә болдым. Бірнеше тұста КОКП Орталық Комитетінің, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қызметкерлерімен тіресіп сөйлескенін, артық кеткендердің арынын басқанын өз көзіммен көрдім. 1973 жылғы 20 наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жар­лығымен Маңғышлақ облысы құрылды. 1973 жылдың қыркүйегінен 1975 жылдың ақпанына дейін мен Мәскеуде КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебінде оқыдым. Менімен бірге оқыған Рамазан Нұржанов Ақтөбенің Шалқарынан, яғни М.Қ.Тәжиннің жерлесі болып шықты, олар мектепте бірге оқыған айырылмас достар екен. 1973 жылдың қазан айының аяғында М.Қ.Тәжин Мәскеуге келді. Біз Рамазан екеуміз оған КСРО Жоғары және орта арнаулы білім министрлігінің Жоғары аттестациялық комиссиясы төрағасының тарих ғылымдарының кандидаты дип­ломын тапсыру рәсіміне қатыстық. Диссертанттың еңбегіне жоғары баға берілгеніне куә болдық. Банкет үстінде Мұхамбетқазы Қауысұлының атына мәскеуліктердің көп-көп жылы сөз айтқанын естідік. 1974 жылдың көктемінде КОКП Орталық Комитеті елдегі облыстық партия комитеттерінің хатшылары үшін бір апталық семинар ұйымдастырды. Сонда өткізілген ғылыми-практикалық конференцияларға партия мектебінің тыңдаушылары ретінде біз де шақырылып тұрдық. Конференцияларда Мұхамбетқазы Қауысұлының тамаша сөздерін тыңдау бір ғанибет еді, оның бірқатар философиялық мәселелер, сондай-ақ партия құрылысы бойынша толғаныстары мен ұсыныстары қатысушылар тарапынан қолдау тапты. Апта аяғында Мұхамбетқазы аға Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесін тамашаламақ болды. Мұхамбетқазы Қауысұлы әсіресе білім, мәдениет, денсаулық сақтау, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы салалары мен ғарышқа арналған павильондарға қатты қызықты. Экскурсия бізді еліктіріп әкетті. Талай жаңалық пен жетістікті көрдік. Қонағымыз бәріне де назар салумен болды. Жұмыс тәжірибесін ашып көрсететін талай материал жинап та алды, өзі үшін қызғылықты мысалдарды тапқан кезде құлшынып кететінін көру бір қуаныш еді. Көрмені аралауға тұтас екі күн жұмсалды, менің ойымша, бұл уақыт зая кеткен жоқ, өйткені кейінгі жылдарда сондағы тәжірибенің талайы біздің облыста қолданылғанына куә болдым. Мәскеуде Мұхамбетқазы Қауысұлымен өткізген уақытым маған оның бойынан бұрын өзім байқамаған мінез қырларын ашып берді. Ұшан-теңіз білімі, ғылымға, өнерге, спортқа өте-мөте қызығуы, сондай-ақ жаңалыққа құштарлығы оның терең интеллект иесі екенін көрсетіп тұратын. 1975 жылдың ақпанында мені Махамбет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлады. Екі аптадан кейін, аудандағы (ол кезде Махамбет ауданының құрамында қазір бөлек шыққан Исатай ауданы да бар еді) істің жайымен танысып алған соң облыстық партия комитетіне келдім. Бірден-ақ М.Қ.Тәжинге кірдім, мен осы жұмысқа кірісердің алдында ол кісі іссапарда жүрген еді. Құшақ жая амандасып, жаңа да жауапты қызметіммен құттықтаған соң бірден-ақ ауданнан алған әуелгі әсерімді сұрады. Мен алғаш көргендерімді айтып, обком бюросының атына дайындаған жазбадағы ұсыныстарымды қолдауды сұрадым. Онда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, тағы басқа салалардың бірқатар нысандарын құрылыс жоспарына қосу жөнінде мәселе қойылған болатын. Ол кадрлармен жұмысқа және ауданның көрсеткіштеріне назарымды аудартты, өйткені көптеген көрсеткіштер бойынша аудан облыста ең артта жүрген еді. Облыстық партия комитетінің бюросы сені оқудан мерзімінен бұрын текке шақырып алдырып отырған жоқ, осындағы шаруаны дұрыстасын деп отыр, деді ол, оған қоса қажет кездің бәрінде көмектесуге дайын екенін де айтты. Кейіннен ол аудандағы көптеген іс-шараларға қатысты. 1977 жылдың наурызында мені Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы және облыстық партия комитеті бюросының мүшесі етіп сайлады. Енді біз Мұхамбетқазы Қауысұлымен күн сайын кездесетін болдық, өйткені бәріміз бір үйде тұрдық та, отбасымызбен араласып кеттік. М.Қ.Тәжиннің жұбайы Роза Әділбекқызы өте сүйкімді, сымбатты, жан-жақты білімді және ақылды әйел еді. 1965 жылдан 1977 жылдың аяғына дейін Роза Әділбекқызы білім беру, жоғары мектеп және ғылым мекемелері облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы болып жұмыс істеді. Ол кісі облыста беделді еді. Комсомолдағы кезімізден бері кәсіподақ ұйымдарымен көптеген іс-шаралар өткізгенбіз, мен оның нақтылы ойға құрылған сөздерін талай тыңдағанмын. Қонақжай, көпшілік ортасында өзін тамаша ұстайтын, әдемі ән салатын, билейтін, халқымыздың әдет-ғұрыптарын жақсы білуімен де жұртшылықтың құрметіне бөленген болатын. 1977 жылдың жазында Мұхамбетқазы Қауысұлы республикалық «Білім» қоғамы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Сол жылдың күзінде, отбасы әлі Алматыға көше қоймаған кезде Мұхамбетқазы Қауысұлы іссапармен Гурьевке келді. Дәл сол күні Рамазан Нұржанов та жұбайы Ақпатшамен қаламызда қонақта жүрген еді. Екі отбасы біздің үйде қонақта болды. Жексенбінің таңында катерге мініп, Жайықпен жүзіп отырып, Каспий теңізіндегі Шалыга аралына жеттік. Екі шатырды құрып жіберіп, күні бойы суға шомылдық, балық ауладық, күнге күйдік. Әңгіменің де тиегі әбден ағытылды. Мұхаң, Рақаң, жеңгейлеріміз өте тамаша ән салды, күйеулері домбыра тартты. Бұл бір ғажап күн болды, батқан күннің керемет көрінісін тамашаладық, күн шапағының аясында тізбектеле ұшып бара жатқан тырналар мен аққулар бөлекше сырлы сурет еді. Мұхамбетқазы ағаның бойындағы адамдық қасиеттерді бұрынғыдан да толығырақ тани түстім, оның достарына деген құрметіне көңілім толды. Алматыға көшуі, кейіннен ғы­лы­ми-педагогтік жұмысқа ауысуы ол­ кісінің денсаулығының нашарлауына байланысты еді. Қай жерде жұмыс іс­те­сем де мен ағамен хабарласып тұрдым. 1991 жылдың жазында Үкіметте бір жиналыс болып, мен соған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары ретінде қатыстым. Алматыға барысымен бұрынғы әдетім бойынша Мұхамбетқазы Қауысұлымен хабарлас­тым, ол кісі үйіне қонаққа шақырды. Роза Әділбекқызының дарқан көңілімен жайылған дәмді дастарқаннан кейін біз өткен өмір жолдарымызды әңгімелеп, ұзақ отырдық. Мұхамбетқазы Қауысұлы 1976 жыл­дың күзінде Махамбет ауданына барған сапарын еске алып, ол жүрісі жай жүріс болмағанын айтты. Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне резерв мәселесі қаралған еді, біз Саламат Мұқашұлымен ол сапарымызда осы мәселе бойынша шешім қабылдау үшін аудандағы істің жағдайымен танысуды көздегенбіз, нәтижесі көңілдегідей шықты. Оның үстіне аудан 1976 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мен республика Министрлер Кеңесінің қызыл туын жеңіп алғаны, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс жүлдегері болғаны да ескерілді. Облыс пен аудандар басшыларының, сондай-ақ облыстық және аудандық ведомстволар жетекшілерінің ауданның озық тәжірибесін жинақтау жөніндегі аудандық актив жиналысына қатысуы да өз көмегін тигізді, деді Мұхамбетқазы аға. Ол кісі дәл сол тұста менің Африкадағы Мали мемлекетіне төтенше және өкілетті елші етіп жіберіле жаздағанымды да айтып берді. Бірақ, С.М.Мұқашевтың табандап тұрып алуы Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті басшылығының көзін республика үшін қалалық партия комитетінің бірінші хатшысының рөлі маңыздырақ екеніне жеткізген сияқты. Мұхамбетқазы Қауысұлының осы сияқты көптеген әңгімелері маған кадр­ларды іріктеу мәселесіне қандайлық терең мән беру керектігін бұрынғыдан да тереңірек ұғындыра түсті. Керек кезінде мен ағаның айтқан ақылды тілектері мен астарлы ұсыныстарын есіме алып отырдым, ол кісінің маған жасаған қамқорлығы менің партия қызметкері ретінде қалыптасуымда ерекше орын алатыны анық. Сол әңгіме соңғы сұхбаттасуымыз еке­нін біз б­ілген жоқпыз. 1991 жылдың 9 қазанында осы асыл адамның жүрегі соғуын тоқтатты. Мұхамбетқазы Қауысұлы терең білімді, мәдениетті, өте талапшыл, өз Отанының нағыз патриоты, жаны аппақ қардай таза, қағидатына берік, сонымен бірге өте парасатты, кісілігі мол адам болатын. Бүгінгі таңда осы ардақты азамат қызмет еткен өңір ел экономикасының локомотивіне айналып, ол жақта жүз­де­ген мұнай-газ орындары ашылса, ондаған бірегей кәсіпорындар тұрғызылса, қалалар мен елді мекендер бой көтерсе, ең бастысы, өз ісі мамандарының жаңа буындары өсіп шықса, мұның бәрінде М.Қ.Тәжиннің де үлкен еңбегі бар. Ол өзінің балаларын жанындай жақсы көретін, балалары, болашақ немерелері лайықты азаматтар болып өсіп, қоғамға пайда тигізсе деп армандайтын. Оның арманы орындалды. Өзімнің өмір жолымда осындай жайсаң жанның жолыққаны үшін мен тағдырыма разымын. Егер мен қоғамда белгілі бір орын алсам, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына хал-қадерімше үлес қоса алсам, облыс басшысы, министр, елші биіктеріне көтерілсем, онда менің ұстазым Мұхамбетқазы Қауысұлы Тәжиннің еңбегі ерекше. Арамызда жүрсе, біз 28 тамызда оның 80 жасқа толған мерейтойын атап өтіп жатар едік. Равиль ШЫРДАБАЕВ.

Мұхамбетқазы Қауысұлы Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы №63 разъезде теміржолшының отбасында туған екен. Әкесі Қауыс 1908 жылы туған, 1944 жылы Ұлы Отан соғысы майданында хабарсыз кетіпті, анасы Биғайша 1910 жылы туған, Ақтөбеде тұрады.

1954 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын бітіріп, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алады. Қызмет жолын сол институттың марксизм-ленинизм кабинетінің меңгерушісі болып бастаған. Алматы қаласындағы Фрунзе аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, қалалық комсомол комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, Фрунзе аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, республика комсомолы Орталық комитетінің нұсқаушысы, Ақтөбе облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы, облыстық газеттің тілшісі, Ақтөбе облыстық партия комитетінің лекторы, насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болған, төрт жылдай Гурьев облыстық партия комитетінде насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болып істеп, 1968 жылдың ақпанында облыстық партия комитетінің ұйымдық бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалған. Осы баспалдақтардың бәрін ол аз уақыттың аясында жүріп өткен. Ол кез үшін 27 жаста облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болу үшін айрықша қабілет қажет еді.

Сәлемдесуден кейін Мұхамбетқазы Қауысұлы мені әңгімеге шақырудың себебін айтты.

1968 жылдың 25 қарашасында Маңғыстауда жаңадан құрылған Жаңаөзен ауданында партия конференциясы өткізілген болатын. Аудандық партия комитеті жасақталған. Аупарткомның бірінші хатшысы болып Дмитрий Николаевич Клинчев сайланған. Енді аудандық комсомол ұйымын құру керек.

1965 жылғы ақпанда облыс Бүкіл­одақтық екпінді комсомол құрылысы деп жарияланды. Содан кейін-ақ қазыналы түбекке бүкіл Кеңес Одағынан сан түрлі ұлттардың жастары ағылып келе бастады. Тұрғындардың басым көпшілігі жас­тар болатын.

– Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлау үшін сенің кандидатураңа тоқтам жасап отырмыз. Не айтасың? – Мұхамбетқазы Қауысұлы маған осылай деді.

Азырақ ойланып барып, мен өзімнің күдік-күмәнімді айта бастадым, комсомолдық жұмыста тәжірибем жоқ, салған беттен аудандық ауқымдағы жас­тар жетекшісі қызметін алып кету қиын болатын сияқты, дедім.

Ол кісі жымиып күліп қойды да былай деді: Равиль, сен 14 жастан бері комсомолдасың, институтқа дейін 5 жыл зауытта слесарь, цехтық комсомол ұйымының хатшысы болғансың. Мәскеудегі мұнай институтын бітіргеннен кейін міне, 2 жылдан астам уақыт бойы іргелі зауыттағы комсомол ұйымының хатшысысың, облыстық комсомол комитетінің мүшесісің, аудан­дық комсомол комитетінің штаттан тыс хатшысысың. Саған тағы қандай тәжірибе керек? Оның үстіне екі жылдан астам уақыттан бері зауыттың бас инженерісің. Бізге сені Мақат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы осыдан екі жыл бұрын аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне, ал осыдан бір жыл бұрын облыстық комсомол комитеті салалық хатшы қызметіне шақырғаны да белгілі, онда сен кәсіби тәжірибе жинақтайын деп бас тартқан екенсің. Енді өндірістік тәжірибең толықты, мынау мұнайлы өңірге ең керегі де сол.

Мен оның осынша жайдан хабардар­лығына аң-таң қалдым, тіпті қысылып та кеттім. Мемлекет маған білім беріп, зауытта үлкен лауазымды сеніп тапсырып отыр, мен болсам жауапкершіліктен жалтарғалы тұрмын. Келісуге тура келді.

Мұхамбетқазы Қауысұлы келісіміме ра­зылығын танытты да, мені облыстық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы М.А.Исеновке алып келді. Мұхамбет Ай­туұлы 1964 жылдан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы еді.­ Әңгімесінің ауанынан ол кісінің М.Қ.Тәжинге құрметпен қарайтыны көрі­ніп тұрды. Тегі, Ақтөбеде аудандық партия комитетінде қызметтес болған кезінен бастап іскерлік қабілетін жақсы білсе керек.

Ағаларымның игі тілектерін тыңдап, комсомолдың Орталық комитетінде, партияның Орталық комитетінде әңгімелесуден өту үшін Алматыға ұштым. Қайтып оралған соң Өзенге бардым да, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Д.Н.Клинчевке өзімді таныстырып, ұйымдық конференцияны дайындауға кірісіп кеттім.

1968 жылғы 25 желтоқсанда Жаңаөзенде алғашқы аудандық комсомол конференциясы өткізілді. Осылайша, мен М.Қ.Тәжиннің қолдауымен комсомол қызметкері болдым.

Желдей есіп екі жыл өте шықты. Бұл кезең аралығында М.Қ.Тәжин партия конференциялары мен актив жиналыс­тарына қатысуға бірнеше рет Өзенге келді, мен де Гурьевке бірнеше рет бардым. Ол кезде Маңғыстау Гурьев облысының құрамында болатын. Қашанда жылы жүзбен жолығысып жүретінбіз. Жұмысымның жағдайын үнемі сұрастыратын, әңгіме кезінде мен ол кісінің біздің барлық шаруамыздың жайын егжей-тегжейлі білетінін сезетінмін, тегі, материалдарымызбен мұқият танысып отыратын сияқты.

1970 жылдың тамызында М.Қ.Тәжин телефон соқты да, менің кандидатурамды Гурьев облыстық комсомол комитетінің хатшылығына ұсынатынын хабарлады. Келісімімді алған соң орталық органдарда әңгімелесуден өтудің бағдарламасын айтты. Алматыда комсомолдың Орталық комитетінің хатшыларында, бөлім меңгерушілерінде, сондай-ақ Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің екінші хатшысы В.Н.Титовта әңгімелесуде болдым да, Мәскеуге ұштым.

Мәскеуде де, Алматыдағы сияқты, әңгімелесу рәсімі бөлімдерде басталып, БЛКЖО Орталық комитетінің хатшысы С.Г.Аратунянда жалғасты.

Кабинеттен кабинетке өтіп, екінші аптада да әңгімелесулер жүріп жатты. С.Г.Аратунянның кабинетінде отырғанымда қабылдау бөлмесінен Қазақстаннан Гурьев облыстық партия комитетінің ұйымдық бөлімінің меңгерушісі М.Қ.Тәжин жолдас телефон соғып тұр деп хабарлады. Сурен Гургенович тұтқаны көтерді. Сәлемдесуден кейін, тегі, ол кісінің сұрағына жауап берді ғой деймін, кабинет иесі: Сіздің қызметкеріңіз менде отыр, әңгімелесіп жатырмыз, айтқандай, мен бұл кісімен әңгімелесіп отырған осындағы елуінші адаммын, деді. Комсомолдың орталық комитетінде жиырмадан астам бөлім бар, олардың әрқайсысында Қазақстанның кураторлары бар, оған қоса Орталық комитеттің хатшылары бар, бәрі де әңгімелесуге тиісті. Біз жұмысты бірлесе істейміз ғой. Сізге айтып қояйын, жұрттың бәрінің пікірі жақсы. Мұндағы әңгімелесулер Е.М.Тяжельниковтің (БЛКЖО Орталық комитетінің бірінші хатшысы – Р.Ш.) шетелде іссапарда жүруіне байланысты біраз созылуы да мүмкін. Осымен телефондағы әңгіме бітті. Арада бес минуттай өткенде телефон тағы шырылдады. Байқауымша, КОКП Орталық комитетінен соғылды. Сурен Гургенович «Жарайды» деп қысқа ғана жауап қайтарды. Сөйтті де маған қарап: Тәжиніңіз табанды екен, жоғарыдағылар әңгімелесу неге созылып кетті, бәрі дұрыс па деп сұрап жатыр, деді. Сөйтті де мені БЛКЖО Орталық комитетінің екінші хатшысы Б.Н.Пастуховқа алып жүрді. Әңгімелесуді сол күні КОКП Орталық Комитетінің ұйымдық бөлімі меңгерушісінің орынбасарында аяқтап, түнде Гурьевке ұшып кеттім.

Ұшақ ішінде, М.Қ.Тәжинмен алғашқы әңгімеден, комсомол жұмысына ауысудан бастап, Алматы мен Мәскеудегі әңгімелесулер ресімдерінің бәрін ой елегінен өткізе келіп, мен кадрларды іріктеу, тәрбиелеу мен орналастыру мәселесіне қандайлық ерекше маңыз берілетінін тереңірек пайымдай түстім.

Гурьев облыстық комсомол коми­тетінің бірінші хатшысы болып сайланғаннан кейін екі күн өткенде, аппаратпен, таяудағы жұмыс жоспарларымен танысып, хатшылармен, бөлім меңгерушілерімен сөйлескен соң М.Қ.Тәжиннің қабылдауына сұрандым. Мұхамбетқазы Қауысұлы облыстық комсомол ұйымы қызметінің негізгі бағыттарын тыңғылықты айтып өтті. Қазір мұнда бар назар Маңғыстау қазынасын игеруге ауған, Маңғышлақ отын-энергетика кешенін құру міндеті шұғыл іске асырылып жатыр. Ондаған мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен мәдениет ошақтары бой көтерген. Шевченко қаласында қазірдің өзінде 50 мың адам тұрады, олардың орта жасы – 25. Орта машина құрастыру нысандарын салуға құрылыс батальондарының әскер бөлімдері тартылған, оларда аудандық комитеттің құқы берілген 9 комсомол комитетінің комсомол солдаттары жұмыс істейді.

Бұл айтылғанның бәрі енді 3-4 жылдың ішінде Маңғышлақ жеке облыс ретінде құрылуы мүмкін екенін көрсетеді.

Маңғыстау жерінің негізгі тұрғын­дары қазір КСРО-ның әртүрлі республикаларынан келген жастар болғандықтан, негізгі назарды интернационалдық тәрбиеге, бос уақытты өткізуді ұйымдас­тыруға, спортты дамытуға аударып, білім деңгейі мен еңбек сапасын арттыру керек. Бәрі де кадрлардың қабілетіне байланысты. Кейінге қалдырмай, бүге-шігесіне дейін білген жөн. Осыны айтты да, әңгімесін аяқтады.

Кабинетіме келген соң ұзақ уақыт жеке отырып, арамыздағы әңгіме жайында ойландым.

Мұхамбетқазы Қауысұлы жиі-жиі нақты тапсырмалар беретін, олардың кейбірі өте күрделі болатын, уақытты, тәжірибені талап ететін. Жұмыс ырғағы тіпті қатайып кетті, шығыршыққа түсіп қалып, шыға алмай шарқ ұрған тиіндей арпалысып жататынмын. Жұмыс ауқымы тіпті үлкен екен, тегі, біз өз мүмкіндігімізді дәл есептей алмаған сияқтымыз, содан да әбден титықтайтынбыз. Мен осындай өте жауапты жұмысты қолға алғаным дұрыс болды ма өзі деген ойға жиі-жиі беріле бастадым.

Үш күндей болмай үш ай да өте шықты. Мен Мұхамбетқазы Қауысұлының қабылдауына сұранып, жұмыс барысы туралы мәлімдеп, өз тілегім бойынша қызметтен босату жөніндегі өтінішімді үстелге қоюға дайындала бергенім сол еді, Мұхамбетқазы Қауысұлы жымия күліп былай деді: – Равиль, сен 3 ай жұ­мыс істедің, мен саған адам шыдамастай шұғыл атқарылатын шаруалар тапсырдым, бірақ сен тастай шымыр жігіт болып шықтың. Енді менің атымнан әрекет ете беруіңе болады, мен саған сенемін, сен сынақтан өттің.

Ол комсомол жұмысының асқан шебері болатын, енді міне, бөлекше психолог екеніне де көзім жетті. Мен не дерімді білмей, асып-сасып қалдым. Рахметімді айттым да, шығып жүре бердім. Кабинетіме келген соң да біразға дейін есімді жия алмай отырдым. Ол өте талапшыл, әділ, адал да парасатты адам болатын.

М.Қ.Тәжинмен бірге жұмыс істей жүріп, мен ұйымдық және идеологиялық салада көп нәрсені үйрендім. Ең бастысы, ол маған ауқымды ойлауды үйретті. Алдымен бәрін басынан аяғына дейін бүге-шігесін қалдырмай біліп алуды, жүріп өтетін жолды толық ойша болжау­ды, алдан шығар мәселелерді алдын-ала ойлауды, оларды шешу жолдарын тауып барып қана іс-әрекетке кірісуді үйретті. Ол мен үшін ұстаз, мұғалім, сонымен қатар қатаң бақылаушы болды.

1972 жылдың наурызында М.Қ.Тә­жин­ді облыстық партия комитетінің идео­логия жөніндегі хатшысы етіп сайлады.

Ол біздің облыстық форумдарымызға жиі қатысатын. Оның жастардың әр түрлі топтарының арасындағы көптеген мәселелерді қамтыған сөздері өте маңызды, мағынасы терең, ауқымы кең болып келетін, содан да жастар жүрегіне тез жететін. Облыстық партия комитеті бюросының мүшелігіне кандидат ретінде мен оның сөздерін жиі тыңдадым және қағидатты мәселелер, әсіресе, кадр мәселелері бойынша табандап тұрып алатын қасиетіне талай рет куә болдым. Бірнеше тұста КОКП Орталық Комитетінің, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қызметкерлерімен тіресіп сөйлескенін, артық кеткендердің арынын басқанын өз көзіммен көрдім.

1973 жылғы 20 наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жар­лығымен Маңғышлақ облысы құрылды.

1973 жылдың қыркүйегінен 1975 жылдың ақпанына дейін мен Мәскеуде КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебінде оқыдым. Менімен бірге оқыған Рамазан Нұржанов Ақтөбенің Шалқарынан, яғни М.Қ.Тәжиннің жерлесі болып шықты, олар мектепте бірге оқыған айырылмас достар екен. 1973 жылдың қазан айының аяғында М.Қ.Тәжин Мәскеуге келді. Біз Рамазан екеуміз оған КСРО Жоғары және орта арнаулы білім министрлігінің Жоғары аттестациялық комиссиясы төрағасының тарих ғылымдарының кандидаты дип­ломын тапсыру рәсіміне қатыстық. Диссертанттың еңбегіне жоғары баға берілгеніне куә болдық. Банкет үстінде Мұхамбетқазы Қауысұлының атына мәскеуліктердің көп-көп жылы сөз айтқанын естідік.

1974 жылдың көктемінде КОКП Орталық Комитеті елдегі облыстық партия комитеттерінің хатшылары үшін бір апталық семинар ұйымдастырды. Сонда өткізілген ғылыми-практикалық конференцияларға партия мектебінің тыңдаушылары ретінде біз де шақырылып тұрдық. Конференцияларда Мұхамбетқазы Қауысұлының тамаша сөздерін тыңдау бір ғанибет еді, оның бірқатар философиялық мәселелер, сондай-ақ партия құрылысы бойынша толғаныстары мен ұсыныстары қатысушылар тарапынан қолдау тапты. Апта аяғында Мұхамбетқазы аға Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесін тамашаламақ болды. Мұхамбетқазы Қауысұлы әсіресе білім, мәдениет, денсаулық сақтау, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы салалары мен ғарышқа арналған павильондарға қатты қызықты. Экскурсия бізді еліктіріп әкетті. Талай жаңалық пен жетістікті көрдік. Қонағымыз бәріне де назар салумен болды. Жұмыс тәжірибесін ашып көрсететін талай материал жинап та алды, өзі үшін қызғылықты мысалдарды тапқан кезде құлшынып кететінін көру бір қуаныш еді.

Көрмені аралауға тұтас екі күн жұмсалды, менің ойымша, бұл уақыт зая кеткен жоқ, өйткені кейінгі жылдарда сондағы тәжірибенің талайы біздің облыста қолданылғанына куә болдым. Мәскеуде Мұхамбетқазы Қауысұлымен өткізген уақытым маған оның бойынан бұрын өзім байқамаған мінез қырларын ашып берді. Ұшан-теңіз білімі, ғылымға, өнерге, спортқа өте-мөте қызығуы, сондай-ақ жаңалыққа құштарлығы оның терең интеллект иесі екенін көрсетіп тұратын.

1975 жылдың ақпанында мені Махамбет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлады. Екі аптадан кейін, аудандағы (ол кезде Махамбет ауданының құрамында қазір бөлек шыққан Исатай ауданы да бар еді) істің жайымен танысып алған соң облыстық партия комитетіне келдім. Бірден-ақ М.Қ.Тәжинге кірдім, мен осы жұмысқа кірісердің алдында ол кісі іссапарда жүрген еді. Құшақ жая амандасып, жаңа да жауапты қызметіммен құттықтаған соң бірден-ақ ауданнан алған әуелгі әсерімді сұрады. Мен алғаш көргендерімді айтып, обком бюросының атына дайындаған жазбадағы ұсыныстарымды қолдауды сұрадым. Онда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, тағы басқа салалардың бірқатар нысандарын құрылыс жоспарына қосу жөнінде мәселе қойылған болатын. Ол кадрлармен жұмысқа және ауданның көрсеткіштеріне назарымды аудартты, өйткені көптеген көрсеткіштер бойынша аудан облыста ең артта жүрген еді. Облыстық партия комитетінің бюросы сені оқудан мерзімінен бұрын текке шақырып алдырып отырған жоқ, осындағы шаруаны дұрыстасын деп отыр, деді ол, оған қоса қажет кездің бәрінде көмектесуге дайын екенін де айтты. Кейіннен ол аудандағы көптеген іс-шараларға қатысты.

1977 жылдың наурызында мені Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы және облыстық партия комитеті бюросының мүшесі етіп сайлады. Енді біз Мұхамбетқазы Қауысұлымен күн сайын кездесетін болдық, өйткені бәріміз бір үйде тұрдық та, отбасымызбен араласып кеттік. М.Қ.Тәжиннің жұбайы Роза Әділбекқызы өте сүйкімді, сымбатты, жан-жақты білімді және ақылды әйел еді. 1965 жылдан 1977 жылдың аяғына дейін Роза Әділбекқызы білім беру, жоғары мектеп және ғылым мекемелері облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы болып жұмыс істеді. Ол кісі облыста беделді еді. Комсомолдағы кезімізден бері кәсіподақ ұйымдарымен көптеген іс-шаралар өткізгенбіз, мен оның нақтылы ойға құрылған сөздерін талай тыңдағанмын. Қонақжай, көпшілік ортасында өзін тамаша ұстайтын, әдемі ән салатын, билейтін, халқымыздың әдет-ғұрыптарын жақсы білуімен де жұртшылықтың құрметіне бөленген болатын.

1977 жылдың жазында Мұхамбетқазы Қауысұлы республикалық «Білім» қоғамы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Сол жылдың күзінде, отбасы әлі Алматыға көше қоймаған кезде Мұхамбетқазы Қауысұлы іссапармен Гурьевке келді. Дәл сол күні Рамазан Нұржанов та жұбайы Ақпатшамен қаламызда қонақта жүрген еді. Екі отбасы біздің үйде қонақта болды. Жексенбінің таңында катерге мініп, Жайықпен жүзіп отырып, Каспий теңізіндегі Шалыга аралына жеттік. Екі шатырды құрып жіберіп, күні бойы суға шомылдық, балық ауладық, күнге күйдік. Әңгіменің де тиегі әбден ағытылды. Мұхаң, Рақаң, жеңгейлеріміз өте тамаша ән салды, күйеулері домбыра тартты. Бұл бір ғажап күн болды, батқан күннің керемет көрінісін тамашаладық, күн шапағының аясында тізбектеле ұшып бара жатқан тырналар мен аққулар бөлекше сырлы сурет еді. Мұхамбетқазы ағаның бойындағы адамдық қасиеттерді бұрынғыдан да толығырақ тани түстім, оның достарына деген құрметіне көңілім толды.

Алматыға көшуі, кейіннен ғы­лы­ми-педагогтік жұмысқа ауысуы ол­ кісінің денсаулығының нашарлауына байланысты еді. Қай жерде жұмыс іс­те­сем де мен ағамен хабарласып тұрдым. 1991 жылдың жазында Үкіметте бір жиналыс болып, мен соған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары ретінде қатыстым. Алматыға барысымен бұрынғы әдетім бойынша Мұхамбетқазы Қауысұлымен хабарлас­тым, ол кісі үйіне қонаққа шақырды. Роза Әділбекқызының дарқан көңілімен жайылған дәмді дастарқаннан кейін біз өткен өмір жолдарымызды әңгімелеп, ұзақ отырдық.

Мұхамбетқазы Қауысұлы 1976 жыл­дың күзінде Махамбет ауданына барған сапарын еске алып, ол жүрісі жай жүріс болмағанын айтты. Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне резерв мәселесі қаралған еді, біз Саламат Мұқашұлымен ол сапарымызда осы мәселе бойынша шешім қабылдау үшін аудандағы істің жағдайымен танысуды көздегенбіз, нәтижесі көңілдегідей шықты. Оның үстіне аудан 1976 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мен республика Министрлер Кеңесінің қызыл туын жеңіп алғаны, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс жүлдегері болғаны да ескерілді. Облыс пен аудандар басшыларының, сондай-ақ облыстық және аудандық ведомстволар жетекшілерінің ауданның озық тәжірибесін жинақтау жөніндегі аудандық актив жиналысына қатысуы да өз көмегін тигізді, деді Мұхамбетқазы аға. Ол кісі дәл сол тұста менің Африкадағы Мали мемлекетіне төтенше және өкілетті елші етіп жіберіле жаздағанымды да айтып берді. Бірақ, С.М.Мұқашевтың табандап тұрып алуы Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті басшылығының көзін республика үшін қалалық партия комитетінің бірінші хатшысының рөлі маңыздырақ екеніне жеткізген сияқты.

Мұхамбетқазы Қауысұлының осы сияқты көптеген әңгімелері маған кадр­ларды іріктеу мәселесіне қандайлық терең мән беру керектігін бұрынғыдан да тереңірек ұғындыра түсті. Керек кезінде мен ағаның айтқан ақылды тілектері мен астарлы ұсыныстарын есіме алып отырдым, ол кісінің маған жасаған қамқорлығы менің партия қызметкері ретінде қалыптасуымда ерекше орын алатыны анық.

Сол әңгіме соңғы сұхбаттасуымыз еке­нін біз б­ілген жоқпыз. 1991 жылдың 9 қазанында осы асыл адамның жүрегі соғуын тоқтатты.

Мұхамбетқазы Қауысұлы терең білімді, мәдениетті, өте талапшыл, өз Отанының нағыз патриоты, жаны аппақ қардай таза, қағидатына берік, сонымен бірге өте парасатты, кісілігі мол адам болатын.

Бүгінгі таңда осы ардақты азамат қызмет еткен өңір ел экономикасының локомотивіне айналып, ол жақта жүз­де­ген мұнай-газ орындары ашылса, ондаған бірегей кәсіпорындар тұрғызылса, қалалар мен елді мекендер бой көтерсе, ең бастысы, өз ісі мамандарының жаңа буындары өсіп шықса, мұның бәрінде М.Қ.Тәжиннің де үлкен еңбегі бар.

Ол өзінің балаларын жанындай жақсы көретін, балалары, болашақ немерелері лайықты азаматтар болып өсіп, қоғамға пайда тигізсе деп армандайтын. Оның арманы орындалды.

Өзімнің өмір жолымда осындай жайсаң жанның жолыққаны үшін мен тағдырыма разымын. Егер мен қоғамда белгілі бір орын алсам, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына хал-қадерімше үлес қоса алсам, облыс басшысы, министр, елші биіктеріне көтерілсем, онда менің ұстазым Мұхамбетқазы Қауысұлы Тәжиннің еңбегі ерекше.

Арамызда жүрсе, біз 28 тамызда оның 80 жасқа толған мерейтойын атап өтіп жатар едік.

Равиль ШЫРДАБАЕВ.

Бөлісу: