Тағдыр және тағылым

17 Қараша 2013, 06:38

С.Сапарбеков өзі туып-өскен Сыр бойының табиғатын да, ерекшелігін де жақсы білген. Содан да болар, ол осында қызмет атқарған кезеңде Сыр суын мейлінше ұқыпты пайдалануды, керек жерге жұмсай білуді үнемі мәселе етіп көтеріп отырды. Ол ел экономикасын көтерумен қабат, осы жылдарда көптеген жас кадр­ларды да тәрбиеледі. Білген ақылын үйретіп, адал азамат болуға бағыттады. Кейінірек Садықбек Сапарбековтің тікелей тәрбиесін көрген, ақыл-кеңесін тыңдаған ондаған мемлекет, қоғам қайраткерлері, ұлттық өнеріміздің мақта-ныштары өсіп-жетілгенін де айта кету ләзім. Осы тұста тағы да ерекше назар аударарлық бір мәселе бар: Садықбек тек қана комсомол, партия қайраткері болып қалған жоқ, ол сонымен қабат қазақ халқының іргелі ел болуы үшін қай салаға да, қай іске де белсене кірісіп, жанын сала еңбек етуден бас тартпаған. Айталық, ол 1935 жылдың аяғында респуб­лика кәсіподақтары кеңесінің төрағасы қызметіне аяқ астынан ауыстырылғанын екінің бірі біле бермейді. Алғыр азамат бұл салада да өз адамындай болып кетті, көп нәтижелі іске басшылық етті, іргелі ізденістерге негіз қалады. С.Сапарбековтің кәсіподақ қайраткері болып тұрған кездегі қайырымдылығын, қарапайымдылығын, кісілік келбетін көзімен көрген қария­лардың ризашылықпен әңгіме еткенін өзіміз де құлағымызбен естігенбіз. Осындайда еске түседі, 20-30 жылдар­дағы партия қайраткерлерін бүгінгі күн көзімен бағалап, ісінен әйтеуір бір кінәрат тауып, дереу күйе жағып қаралай беру дұрыс па өзі?! Олар туралы пікір білдіргенде, меніңше, он ойланып барып, терең тұжырымға келген жөн болмас па?!. Мұны тоқтала сөз ету себебіміз – соңғы жылдар көлеміндегі С.Сапарбековке қатысты деректерде «ол кәмпескені жақтады, тыныш жатқан елді дүрліктіруге атсалысты» деген біржақты пікірлердің баспасөз беттерінде қылаң беруі. Рас, ол 1927-1929 жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінде бөлім меңгерушісі болды, кәмпеске кезеңінде мерзімді басылымдарға басшылық жасады, респуб­лика идеологиясына иелік етті. Алайда, саясатқа бағынып жұмыс істесе де, саясаттың ығында кетпегені тағы рас. Өйткені, ол тар кезеңдегі қиын сәттерде тек өз басын ғана емес, тұтас халқының да амандық-саулығын қорғауға атсалысқан азамат. Біз осы сөзімізге дәлел болар мысалдарды жоғарыда келтірдік те. (Мысалы, С.Мұқановқа, Қ.Сәтбаевқа көмек қолын созуы, С.Сейфуллинді бағалауы, елді сабырға шақыратын мақалалар жазып, газетке жариялатуы, т.б.). Осы жерде оқырмандарымызға айта кетер тағы бір дерек бар. Садықбек 1933 жылдың ортасында Қызылорда ауданына бірінші хатшы болып тағайындалған соң, желтоқсан айында кезекті партия конференциясын өткізді. Конференцияны қорытындылаған сөзінде 1929 жылғы кәмпеске кезінде расымен асыра сілтеу болғанын, сол кездегі бірінші басшы (Голощекинді айтады) қандай да бір сынды дұрыс қабылдамай, тіпті ондай пікірлерді мүлде айтқызбағанын мәлімдеді. Демек, ол өз ісіне де сын көзбен қарай алған қайраткер. Өзін өзі сынай білу де – бір ерлік! С.Сапарбеков 1937 жылдың қараша айына дейін, яғни, “халық жауы” деген жалған жалаға ілігіп, ұсталып кеткенше республиканың бірқатар облыстарына басшы жұмыстар атқарды. Ұлтымыздың үлкен азаматы Садықбек Сапарбеков өз қолымен толтырған анке­та­ларының бірінде “мамандығым – журналист” деп жазған екен. Мұнысында Ленинге еліктеу де болуы мүмкін. Алай­да, Садықбектің өмір жолына қызы­ғу­шылық білдіріп, тағдырымен жете таныс­қан әрбір адам оның шын мәніндегі журналист, көсемсөзші, аудармашы, әде­би­етші болғанына сөзсіз көз жеткізе алады. Жолтай ЖҰМАТ

С.Сапарбеков өзі туып-өскен Сыр бойының табиғатын да, ерекшелігін де жақсы білген. Содан да болар, ол осында қызмет атқарған кезеңде Сыр суын мейлінше ұқыпты пайдалануды, керек жерге жұмсай білуді үнемі мәселе етіп көтеріп отырды. Ол ел экономикасын көтерумен қабат, осы жылдарда көптеген жас кадр­ларды да тәрбиеледі. Білген ақылын үйретіп, адал азамат болуға бағыттады. Кейінірек Садықбек Сапарбековтің тікелей тәрбиесін көрген, ақыл-кеңесін тыңдаған ондаған мемлекет, қоғам қайраткерлері, ұлттық өнеріміздің мақта-ныштары өсіп-жетілгенін де айта кету ләзім.

Осы тұста тағы да ерекше назар аударарлық бір мәселе бар: Садықбек тек қана комсомол, партия қайраткері болып қалған жоқ, ол сонымен қабат қазақ халқының іргелі ел болуы үшін қай салаға да, қай іске де белсене кірісіп, жанын сала еңбек етуден бас тартпаған. Айталық, ол 1935 жылдың аяғында респуб­лика кәсіподақтары кеңесінің төрағасы қызметіне аяқ астынан ауыстырылғанын екінің бірі біле бермейді. Алғыр азамат бұл салада да өз адамындай болып кетті, көп нәтижелі іске басшылық етті, іргелі ізденістерге негіз қалады. С.Сапарбековтің кәсіподақ қайраткері болып тұрған кездегі қайырымдылығын, қарапайымдылығын, кісілік келбетін көзімен көрген қария­лардың ризашылықпен әңгіме еткенін өзіміз де құлағымызбен естігенбіз.

Осындайда еске түседі, 20-30 жылдар­дағы партия қайраткерлерін бүгінгі күн көзімен бағалап, ісінен әйтеуір бір кінәрат тауып, дереу күйе жағып қаралай беру дұрыс па өзі?! Олар туралы пікір білдіргенде, меніңше, он ойланып барып, терең тұжырымға келген жөн болмас па?!. Мұны тоқтала сөз ету себебіміз – соңғы жылдар көлеміндегі С.Сапарбековке қатысты деректерде «ол кәмпескені жақтады, тыныш жатқан елді дүрліктіруге атсалысты» деген біржақты пікірлердің баспасөз беттерінде қылаң беруі.

Рас, ол 1927-1929 жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінде бөлім меңгерушісі болды, кәмпеске кезеңінде мерзімді басылымдарға басшылық жасады, респуб­лика идеологиясына иелік етті. Алайда, саясатқа бағынып жұмыс істесе де, саясаттың ығында кетпегені тағы рас. Өйткені, ол тар кезеңдегі қиын сәттерде тек өз басын ғана емес, тұтас халқының да амандық-саулығын қорғауға атсалысқан азамат. Біз осы сөзімізге дәлел болар мысалдарды жоғарыда келтірдік те. (Мысалы, С.Мұқановқа, Қ.Сәтбаевқа көмек қолын созуы, С.Сейфуллинді бағалауы, елді сабырға шақыратын мақалалар жазып, газетке жариялатуы, т.б.).

Осы жерде оқырмандарымызға айта кетер тағы бір дерек бар. Садықбек 1933 жылдың ортасында Қызылорда ауданына бірінші хатшы болып тағайындалған соң, желтоқсан айында кезекті партия конференциясын өткізді. Конференцияны қорытындылаған сөзінде 1929 жылғы кәмпеске кезінде расымен асыра сілтеу болғанын, сол кездегі бірінші басшы (Голощекинді айтады) қандай да бір сынды дұрыс қабылдамай, тіпті ондай пікірлерді мүлде айтқызбағанын мәлімдеді. Демек, ол өз ісіне де сын көзбен қарай алған қайраткер. Өзін өзі сынай білу де – бір ерлік!

С.Сапарбеков 1937 жылдың қараша айына дейін, яғни, “халық жауы” деген жалған жалаға ілігіп, ұсталып кеткенше республиканың бірқатар облыстарына басшы жұмыстар атқарды.

Ұлтымыздың үлкен азаматы Садықбек Сапарбеков өз қолымен толтырған анке­та­ларының бірінде “мамандығым – журналист” деп жазған екен. Мұнысында Ленинге еліктеу де болуы мүмкін. Алай­да, Садықбектің өмір жолына қызы­ғу­шылық білдіріп, тағдырымен жете таныс­қан әрбір адам оның шын мәніндегі журналист, көсемсөзші, аудармашы, әде­би­етші болғанына сөзсіз көз жеткізе алады.

Жолтай ЖҰМАТ

Бөлісу: