Мұқан Төлебаев

17 Қараша 2013, 06:20

Мұқан Төлебаев есімі еліміздің музыка өнері тарихында аса көрнекті композитор, қайталанбас ерекше дарын иесі ретінде есте қалғаны мәлім. Оның бойындағы қасиеттің қай-қайсысына да бүгін жеке-жеке тоқталып, рухына иіліп тағзым ету ұстаз алдындағы бәріміздің ортақ парызымыз бен адалдығымыз болып саналады. Менің де қолыма алып, өткен белестердегі ағаға деген сағыныш пен сүйіспеншілікті, жүрекжарды лебізді ақтаруыма бүгінгі ел-жұртының осынау ақ, адал пейілі әсер етіп отыр. Қазақ кәсіби музыка мәдение­тінің не­гізін қалаған аға буын композитор­лар Е.Брусиловский, А.Жұбанов, Л.Ха­ми­­дилермен біте қайнасып, рухани жа­ғы­нан бір-бірін байытып, толықтыруы ХХ ғасыр мәдениетіне небір ғажайып, ін­жу-маржан дүниелердің келіп қосы­луына ықпал еткені өз алдына бөлек әң­гіме. Мысалы, қазақ ұлттық музыка мәдениетіндегі классикалық кезең­нің А.Жұбанов пен Л.Хамидидің сол кездегі «Абай» операсынан, болмаса­ Е.Брусиловскийдің «Сарыарқа» сим­фо­ниясындағы «Балбырауын» мен М.Тө­лебаев шығармаларынан бастау алуының өзі не тұрады? Ұлттық классикамызға жататын «Біржан-Сара» операсы, «Ком­мунизм оттары» кантатасы, оркестр мен скрипкаға арнаған поэ­масы, «Қазақстан» симфониялық поэмасы, сонымен қатар басқа да әндері мен романстары музыка мәдениетінің барлық деңгейдегі талаптарына жауап бере алуымен құнды болып есептеледі. Саң­лақ суреткердің жоғары са­­па­­лы көркем шығармалары әр алуан формасымен, стиль ерек­­шелігімен, тереңдігімен, мазмұндылығымен дара тұратыны тағы ақиқат. Мұқанның өнерге деген­ құш­тарлығын оятып, қалып­тас­тыруға ол өскен ортаның әжеп­тәуір әсер еткенін қолымыздағы барлық дәйек дәл нақтылайды. Өсу-толысуына куә жер жәннаты Жетісудың өзі халықтық музы­каның тұнып тұрған мекені десек, сондай керемет топырақтың қасиетіне қанып өскен өрен жастықтың жайлауына небір жауһар да жасампаз өнерді қондыра білді. Поэзияға, ән мен әуенге құштарлық, суырып-салмалық келешек арнаны айнадай таза етумен бірге, төл айдынға музыкалық дарын мен ақындықты қатар құйды. Ұлт композиторлары арасында алғаш жоғары кәсіби музыкалық білім алған адам ретінде шығармашылықтың алдыңғы легінде тұратын композитор соғысқа дейін Мәскеудегі Қазақ студиясында оқып, мұны аяқтағаннан кейін П.Чайковский атындағы консерваторияның композиторлық бөлімінде Б.Шех­тер, Р.Глиэр мен Н.Мясковский сияқты танымал тұлғалардан тәлім алды. Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында «Тос мені, тос», «Кестелі орамал» ән-романстары мен оркестр мен скрипкаға арналған поэ­масы ел арасына кеңінен тараса, мұнан кейін Е.Брусиловскиймен тығыз шығармашылық байланыс­та болуының нәтижесінде тамаша туындылар дүниеге келді. Екеуінің 1945 жылы бірігіп жазған «Амангелді» операсы мен бір жылдан кейінгі өзінің әйгілі «Біржан-Сара» операсы арқылы қазақ ұлттық опера өнерінің шыңына табан тірей алды. Жоғарыда аталған әндері мен шығармаларынан Мұқанның тамыры үзілмеген халықтық сазды еуропалық классикамен шебер біріктіріп, тонның ішкі бауындай үйлестіре білген биік үнін танимыз. «Біржан-Сара» бүгінде тек қазақ музыка мәдениетіндегі соны құбылыс емес, сонымен қатар әлемдік өркениетке қосылған зор табыс болып табылады. Терең арналы сахналық полотноның ұлттық классикамыздағы бояуы қанық, болмысы анық, бірден-бір төл туындыға айналуы Мұқан үнінің үзілмей, бүгінгі ұрпақ арманымен ұштасып жатқанын аңғартады. Әсіресе, мұнда халықтың тыныс-тіршілігіндегі өзгерістер шынайы бейнелермен, суреттермен тұшымды өріліп, операның либреттосын жазған академик Қажым Жұмалиевтің тілімен айтқанда: «...Мұқан кейінгі ұр­паққа өлместік мұра, өшпестік ат, үлгі етерлік өнеге қалдырды». ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақтың аса көрнекті әншісі, ақыны Біржан Қожағұловтың бейнесін сахна санасына сіңдірудегі композитордың еңбегі өлшеусіз десек, бұл ретте оның әр шығарманы неше түрлі майталман әншілердің орындау­ын­да естіп, тамашалап барып игілікке айналдырғаны айрықша атап өтуге лайық. Әсіресе, Жүсіпбек Елебеков пен Қосымжан Бабақовтың өңдеуіндегі үлгісіне қатты қызығып, көңіл аударғаны бейжай қалдырмайды. Тіпті, соңғысына өзі ат арытып, артынан іздеп барғаны мәлім. Қ.Бабақов композиторды ерекше есте сақтау қабілетімен, музыкалық талантымен кереметтей таң қалдырған көрінеді. Халық композиторлары Жаяу Мұса, Ыбырай, Біржанның, сондай-ақ, халық әндерінің кеніне кезігеді. Оларды тізе берсек, «Айтбай», «Бурылтай», «Жанбота», «Біржан сал», «Адасқақ», «Ақтентек», «Жамбас сипар» сияқты кемпір­қосақтың алуан өрнегіне ұқсай­тын үздік үлгілер көгімізді толтырып жібереді. Бір сөзбен түй­сек, «Біржан-Сараның» төңі­регіне қазақтың, жалпы барлық аймақтың ақыл-ой бірлігі шоғырланды. Қажым Жұмалиев либреттоның поэтикалық мәтінін жұмырлай келгенде, Абайдың «теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы» деген талабы тапжылмай орындалды. Қ.Бабақов орындауындағы Біржанның әні бас кейіпкер бейнесін халыққа шынайы жеткізу идеясын жүзеге асырып жіберді. Алғашқы қойылым 1946 жылғы 7 қарашада Абай атындағы қазақ академиялық опера және балет театрында өтті. Осы оқиғаға куә болған белгілі композитор Е.Брусиловский: «Спектакльдің табысты өткені даусыз. Жекелеген әншілер, хор, оркестр, жалпы барлық өнер­паз жоғары кәсіби шеберлікте өнер көрсетті. Бағы жанды деген осы – ав­тор мен қойылымның жұлдызы қа­тар жарқырады... Бұл қазақ музыка театрының мерекесі. «Біржан-Сараны» қазақ аудиториясы шын жүректен сүйіп қабылдады. Әр спектакльге қошеметтеп қол соғылды. Күні кеше әлі ешкім есімін жыға тани қоймайтын Мұқан Төлебаев даңқы бірден аспандап, қазақтың тұңғыш кәсіби композиторы атанды» деп әсерлеп жеткізді. Рөлдерді сомдауға бірқатар мәдениет қайраткерлері, белгілі тұлғалар атсалысты. Осы тұста Құрманбек Жандарбековті, суретші Анатолий Ненашевті, оркестрдің бас дирижері Григорий Столяровты айтпай тұра алмайсыз. Басты бейнелерді сомдаған қос құрамның әртістерінен, әсіресе, бірінші құрамда өнер көрсеткен Әнуарбек Үмбетбаев пен Күләш Байсейітованың шеберлігі төл туындыны әлемдік музыка жауһарларының қатарына жақындатты. Екінші құрамдағы әртістер де осал жандар емес – Байғали Досымжанов пен Шабал Бейсековалар. Қысқасы, екі құрамға да лайықты жандардың іріктелуі спектакльдің бірте-бірте дамып, толығуына, қалыптасуына көп жағдай туғызғанын айтуы­мыз керек. Мәскеуде оларға өте жоғары баға берілді. Ал 1949 жылы Мұқан Төлебаевқа, қоюшы-режиссер Құрманбек Жандарбековке, сурет­ші Анатолий Ненашевке, бас­ты рөлдердегі Әнуарбек Үмбетбаев пен Күләш Байсейітоваға, Бай­ғали Досымжанов пен Шабал Бей­сековаға КСРО Мемлекеттік сый­лығының лауреаты атағы берілді. Жаны еңбекпен егіз Мұқан өзіне жүктелген қай жұмысты да адал атқаратын еді. Абай атындағы қазақ академиялық опера және балет театрының директоры (1955 ж.), Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төраға­сы (1959-1960 жж.), КСРО Компо­зи­торлар одағы басқармасының тұрақты мүшесі (1947 ж), Жоғары Кеңестің депутаты сияқты бас­шылық баспалдақта қалған іздерінің өзі бір төбе. Солай десек те, композитор өзінің кіршіксіз таза қалпын сақтап қала білген бірегей тұлғаның бірі. Және де Қазақстандағы қазіргі заманғы музыканың жаңа кезеңі дәл осы есіммен тығыз байланысып жатыр. Ұлттық музыка өнерінің кәсіби жанрларына тың жаңалықтар әкелетін мұндай тұма бастаулардың көзі ешқашан бітелмесін, лайым. Нұрғиян (Алтын) КЕТЕГЕНОВА, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі.

Мұқан Төлебаев есімі еліміздің музыка өнері тарихында аса көрнекті композитор, қайталанбас ерекше дарын иесі ретінде есте қалғаны мәлім. Оның бойындағы қасиеттің қай-қайсысына да бүгін жеке-жеке тоқталып, рухына иіліп тағзым ету ұстаз алдындағы бәріміздің ортақ парызымыз бен адалдығымыз болып саналады. Менің де қолыма алып, өткен белестердегі ағаға деген сағыныш пен сүйіспеншілікті, жүрекжарды лебізді ақтаруыма бүгінгі ел-жұртының осынау ақ, адал пейілі әсер етіп отыр.

Қазақ кәсіби музыка мәдение­тінің не­гізін қалаған аға буын композитор­лар Е.Брусиловский, А.Жұбанов, Л.Ха­ми­­дилермен біте қайнасып, рухани жа­ғы­нан бір-бірін байытып, толықтыруы ХХ ғасыр мәдениетіне небір ғажайып, ін­жу-маржан дүниелердің келіп қосы­луына ықпал еткені өз алдына бөлек әң­гіме. Мысалы, қазақ ұлттық музыка мәдениетіндегі классикалық кезең­нің А.Жұбанов пен Л.Хамидидің сол кездегі «Абай» операсынан, болмаса­ Е.Брусиловскийдің «Сарыарқа» сим­фо­ниясындағы «Балбырауын» мен М.Тө­лебаев шығармаларынан бастау алуының өзі не тұрады? Ұлттық классикамызға жататын «Біржан-Сара» операсы, «Ком­мунизм оттары» кантатасы, оркестр мен скрипкаға арнаған поэ­масы, «Қазақстан» симфониялық поэмасы, сонымен қатар басқа да әндері мен романстары музыка мәдениетінің барлық деңгейдегі талаптарына жауап бере алуымен құнды болып есептеледі. Саң­лақ суреткердің жоғары са­­па­­лы көркем шығармалары әр алуан формасымен, стиль ерек­­шелігімен, тереңдігімен, мазмұндылығымен дара тұратыны тағы ақиқат.

Мұқанның өнерге деген­ құш­тарлығын оятып, қалып­тас­тыруға ол өскен ортаның әжеп­тәуір әсер еткенін қолымыздағы барлық дәйек дәл нақтылайды. Өсу-толысуына куә жер жәннаты Жетісудың өзі халықтық музы­каның тұнып тұрған мекені десек, сондай керемет топырақтың қасиетіне қанып өскен өрен жастықтың жайлауына небір жауһар да жасампаз өнерді қондыра білді. Поэзияға, ән мен әуенге құштарлық, суырып-салмалық келешек арнаны айнадай таза етумен бірге, төл айдынға музыкалық дарын мен ақындықты қатар құйды. Ұлт композиторлары арасында алғаш жоғары кәсіби музыкалық білім алған адам ретінде шығармашылықтың алдыңғы легінде тұратын композитор соғысқа дейін Мәскеудегі Қазақ студиясында оқып, мұны аяқтағаннан кейін П.Чайковский атындағы консерваторияның композиторлық бөлімінде Б.Шех­тер, Р.Глиэр мен Н.Мясковский сияқты танымал тұлғалардан тәлім алды. Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында «Тос мені, тос», «Кестелі орамал» ән-романстары мен оркестр мен скрипкаға арналған поэ­масы ел арасына кеңінен тараса, мұнан кейін Е.Брусиловскиймен тығыз шығармашылық байланыс­та болуының нәтижесінде тамаша туындылар дүниеге келді. Екеуінің 1945 жылы бірігіп жазған «Амангелді» операсы мен бір жылдан кейінгі өзінің әйгілі «Біржан-Сара» операсы арқылы қазақ ұлттық опера өнерінің шыңына табан тірей алды.

Жоғарыда аталған әндері мен шығармаларынан Мұқанның тамыры үзілмеген халықтық сазды еуропалық классикамен шебер біріктіріп, тонның ішкі бауындай үйлестіре білген биік үнін танимыз. «Біржан-Сара» бүгінде тек қазақ музыка мәдениетіндегі соны құбылыс емес, сонымен қатар әлемдік өркениетке қосылған зор табыс болып табылады. Терең арналы сахналық полотноның ұлттық классикамыздағы бояуы қанық, болмысы анық, бірден-бір төл туындыға айналуы Мұқан үнінің үзілмей, бүгінгі ұрпақ арманымен ұштасып жатқанын аңғартады. Әсіресе, мұнда халықтың тыныс-тіршілігіндегі өзгерістер шынайы бейнелермен, суреттермен тұшымды өріліп, операның либреттосын жазған академик Қажым Жұмалиевтің тілімен айтқанда: «...Мұқан кейінгі ұр­паққа өлместік мұра, өшпестік ат, үлгі етерлік өнеге қалдырды». ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақтың аса көрнекті әншісі, ақыны Біржан Қожағұловтың бейнесін сахна санасына сіңдірудегі композитордың еңбегі өлшеусіз десек, бұл ретте оның әр шығарманы неше түрлі майталман әншілердің орындау­ын­да естіп, тамашалап барып игілікке айналдырғаны айрықша атап өтуге лайық. Әсіресе, Жүсіпбек Елебеков пен Қосымжан Бабақовтың өңдеуіндегі үлгісіне қатты қызығып, көңіл аударғаны бейжай қалдырмайды. Тіпті, соңғысына өзі ат арытып, артынан іздеп барғаны мәлім. Қ.Бабақов композиторды ерекше есте сақтау қабілетімен, музыкалық талантымен кереметтей таң қалдырған көрінеді. Халық композиторлары Жаяу Мұса, Ыбырай, Біржанның, сондай-ақ, халық әндерінің кеніне кезігеді. Оларды тізе берсек, «Айтбай», «Бурылтай», «Жанбота», «Біржан сал», «Адасқақ», «Ақтентек», «Жамбас сипар» сияқты кемпір­қосақтың алуан өрнегіне ұқсай­тын үздік үлгілер көгімізді толтырып жібереді. Бір сөзбен түй­сек, «Біржан-Сараның» төңі­регіне қазақтың, жалпы барлық аймақтың ақыл-ой бірлігі шоғырланды. Қажым Жұмалиев либреттоның поэтикалық мәтінін жұмырлай келгенде, Абайдың «теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы» деген талабы тапжылмай орындалды. Қ.Бабақов орындауындағы Біржанның әні бас кейіпкер бейнесін халыққа шынайы жеткізу идеясын жүзеге асырып жіберді. Алғашқы қойылым 1946 жылғы 7 қарашада Абай атындағы қазақ академиялық опера және балет театрында өтті. Осы оқиғаға куә болған белгілі композитор Е.Брусиловский: «Спектакльдің табысты өткені даусыз. Жекелеген әншілер, хор, оркестр, жалпы барлық өнер­паз жоғары кәсіби шеберлікте өнер көрсетті. Бағы жанды деген осы – ав­тор мен қойылымның жұлдызы қа­тар жарқырады... Бұл қазақ музыка театрының мерекесі. «Біржан-Сараны» қазақ аудиториясы шын жүректен сүйіп қабылдады. Әр спектакльге қошеметтеп қол соғылды. Күні кеше әлі ешкім есімін жыға тани қоймайтын Мұқан Төлебаев даңқы бірден аспандап, қазақтың тұңғыш кәсіби композиторы атанды» деп әсерлеп жеткізді.

Рөлдерді сомдауға бірқатар мәдениет қайраткерлері, белгілі тұлғалар атсалысты. Осы тұста Құрманбек Жандарбековті, суретші Анатолий Ненашевті, оркестрдің бас дирижері Григорий Столяровты айтпай тұра алмайсыз. Басты бейнелерді сомдаған қос құрамның әртістерінен, әсіресе, бірінші құрамда өнер көрсеткен Әнуарбек Үмбетбаев пен Күләш Байсейітованың шеберлігі төл туындыны әлемдік музыка жауһарларының қатарына жақындатты. Екінші құрамдағы әртістер де осал жандар емес – Байғали Досымжанов пен Шабал Бейсековалар. Қысқасы, екі құрамға да лайықты жандардың іріктелуі спектакльдің бірте-бірте дамып, толығуына, қалыптасуына көп жағдай туғызғанын айтуы­мыз керек. Мәскеуде оларға өте жоғары баға берілді. Ал 1949 жылы Мұқан Төлебаевқа, қоюшы-режиссер Құрманбек Жандарбековке, сурет­ші Анатолий Ненашевке, бас­ты рөлдердегі Әнуарбек Үмбетбаев пен Күләш Байсейітоваға, Бай­ғали Досымжанов пен Шабал Бей­сековаға КСРО Мемлекеттік сый­лығының лауреаты атағы берілді.

Жаны еңбекпен егіз Мұқан өзіне жүктелген қай жұмысты да адал атқаратын еді. Абай атындағы қазақ академиялық опера және балет театрының директоры (1955 ж.), Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төраға­сы (1959-1960 жж.), КСРО Компо­зи­торлар одағы басқармасының тұрақты мүшесі (1947 ж), Жоғары Кеңестің депутаты сияқты бас­шылық баспалдақта қалған іздерінің өзі бір төбе. Солай десек те, композитор өзінің кіршіксіз таза қалпын сақтап қала білген бірегей тұлғаның бірі. Және де Қазақстандағы қазіргі заманғы музыканың жаңа кезеңі дәл осы есіммен тығыз байланысып жатыр. Ұлттық музыка өнерінің кәсіби жанрларына тың жаңалықтар әкелетін мұндай тұма бастаулардың көзі ешқашан бітелмесін, лайым.

Нұрғиян (Алтын) КЕТЕГЕНОВА,

Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі.

Бөлісу: