17 Қараша 2013, 06:04
Академик Тынысбек Кәлменов – қазақ математика ғылымының төрінен орын алған азамат. Ол өзінің тынымсыз да берекелі еңбегінің арқасында ғылым шыңына көтерілді. Соның белгісі, ол физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер. Сонымен қатар, ол жастарды тәрбиелеуге, шәкірт тәрбиелеуге де зор үлес қосқан белгілі педагог, ұстаз-қайраткер. Білім беру саласындағы барлық кәсіби басшылық сатысынан өткен: оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, академик, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, институт ректоры, ғылыми-зерттеу институтының директоры.
Осындай үлкен қызметтер атқара жүріп, 30-дан астам ғылым кандидатын, 10-нан астам ғылым докторын дайындады. Бұл – асқан бейнетқорлықтың, зор дарын-таланттың белгісі. Сол Алла тағала өзіне молынан сыйлаған талантын халқымыздың игілігіне жарата білген Тынысбек Шәріпұлы бүгінде соның жемісін де молынан татып жүр. Ол, біріншіден, кеңпейіл жан. Дарынды қатарластарына, жастарға, қай саланың маманы болса да, қолдан келген көмегін аяған емес. Әсіресе, жастарға барынша қолдау жасап келеді. Мұндай қасиет, яғни өзгенің жетістіктеріне өзінікіндей қуана білу – үлкен жүректі азаматтың ісі, шынайы ғалымға ғана тән қасиет. Екіншіден, Тынысбек – сақы. Яғни өзінде барды өзгемен бөлісуден еш тартынбайды. Бұл қасиет оның ғылымына да қатысты. Мысалы, ол өзінің Мұқтарбай Өтелбаев туралы жазған кітабында былай дейді: «Ғылымда міндетті түрде өз алған нәтижелеріңмен бөлісу керек, кері жағдайда шәкірттер өспейді. Ғылымға неғұрлым көп берсең, соғұрлым көп ұтасың, ал заттай байлық керісінше». Бұған біздің қосып-аларымыз жоқ. Үшіншіден, Тынысбек адам танығыш. Оның адамды жазбай танитын қасиеті бар. Өзіне жақын тартқан ғалымдары, шәкірттерінің алғырлығы, қызметкерлерінің кәсіби деңгейі сияқты атрибуттар оның осы қасиетінен көрініс береді. Төртіншіден, Тынысбек аса мейірімді жан. Оның мейірімділігі ең алдымен, отбасылық қатынастан, балаларына, жарына деген көзқарасынан көрініс берсе, қызметте үлкенге ізет, кішіге құрметінен байқалады.
Иә, жақсы адам туралы, оның жақсылығы туралы көп айта беруге болады. Т.Кәлменов – шынында да үлкен ғалым. Оған ешкімнің де күмәні жоқ. Ол ғылымда елге танымал, теңдесі жоқ өз мектебін қалыптастырды. Одан оқып, өнеге жинақтаған, өрелі істерімен көзге түсіп жүрген білімді де білікті ғалым-ұстаздар баршылық. Олар өз өңірлерінде өнегелі істерімен танылған озық ойлы ұстаз-ғалымдар. Ұстаздық пен ғалымдықтың тізгінін тең ұстаған өрелі де ұлағатты, кісілік келбеті қалыптасқан жайсаң жандар.
Тынысбектің оқушылары (шәкірттері) туралы айтқанда, жақында ғана докторлық (философия) диссертация қорғаған Сұраған Дүрбүдхан атты жігітке ерекше тоқталған жөн. Ол диссертациясын өте тамаша қорғап шықты. Ғалымдар көп қатысты, сұрақтар да көп қойылды, ізденуші бәріне де нақты жауап қайтара білді. Еңбектің жоғары ғылыми деңгейі, онда біршама тың мәселелердің қойылғандығы һәм шешімін тапқандығы, сол арқылы ғылым көкжиегін кеңейткендігі мойындалды. Яғни Қазақстан ғылымы бір саты жоғары көтерілді десе болғандай. Бұл жігіт Моңғолиядан келген қазақ баласы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын бітіре сала докторлық диссертация қорғап отыр. Осының өзінен-ақ жігітіміздің көптің бірі емес, бірегейі екендігін аңғарғандай боламыз. Ол одан әрі талантын шыңдай келіп, математика әлемінде қазақ атын одан әрі асқақтата түсетіндігіне сенімдіміз. Бұл істе бапкерінің, яғни Т.Кәлменовтің еңбегі қомақты болғаны сөзсіз. Осы тұрғыдан ол қалай мақтанса да орынды.
Академик Тынысбек Шәріпұлының ғылымға қосқан үлесі шәкірттерімен шектеліп қалмайды. Оның өзінің орындауындағы қаншама еңбегі отандық, ресейлік, шетелдік басылымдарда жарық көрді. Оның ғылымында, яғни ғылыми еңбектерінде ешқашан үзіліс болған емес, ол үздіксіз жалғасып жатыр. Халықаралық ғылыми конгрестерге, конференцияларға, отандық ғылыми конференцияларға ғылыми баяндамасымен үзбей қатысып тұрады. Бұл оның әрқашан ғылымның алдыңғы шебінен көрінуіне септігін тигізеді.
Ал ғылымды басқару, ғылыми-зерттеу әдістерін оңтайландыру, жалпы ғылымдағы ұйымдастыру мәселелері төңірегінде атқарған жұмыстары өз алдына бір төбе. Бұл салада институт директоры қызметін атқара жүріп, математика ғылымының өрісін кеңейтуге, ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын арттыруға, ғалымдарды ғылыми жұмысқа ынталандыруға ғылыми коммуникацияны, ара-қатынасты қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты. Мысалы, өзі басқарып отырған институт ғалымдары төрткүл дүниенің төрт бұрышында түгелдей болды десе болады. Қытай, Үндістан, Жапония, Америка, Еуропа елдерінде өткен математикалық форумдарға қатысып, баяндамалар жасап, Қазақстан математика ғылымының жетістіктерін әлемге танытты. Шетелдік ғалымдармен ғылыми алмасуға қажетті қарым-қатынас орнатылды. Отандық ғалымдардың еңбектері шетелдік озық басылымдарда көптеп жарық көре бастады. Осының бәрі Қазақстан математика ғылымының одан әрі өркендеп өсуіне жағдай жасайтын болады.
Иә, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», дейді қазақ. Аз-маз айтқандай болдық. Т.Кәлменовке қатысты қанша айтсақ та артықтық етпейтіні анық.
Шерәлі БІЛӘЛ