17 Қараша 2013, 05:58
1993 жылдың тамыз айы. Аудан халқы үлкен тойға дайындық үстінде. Бұл Бұқарбай батырдың туғанына 180 жыл толуына арналған той болатын. Тойға облыс аудандарымен қатар, Алматыдан да белгілі қонақтар шақырылған-ды. Солардың ішінде, халық ақыны Әбділда Тәжібаев пен академик Мұхамеджан Қаратаев және қазақтың белгілі өнер зерттеушісі Мардан Байділдаевтан жастары жағынан да, атақ-даңқы жағынан да үлкендері жоқ еді.
Аудан әкімі Сәмит Далдабаев:
– Шәке, үш ағаңа өзіңіз қамқорлық жасайтын болыңыз, – деп тапсырды.
Сонымен, сол жылдың 20-21 тамыз күндері ардақты ағаларымыз біздің үйдің құрметті қонағы болды. Бұл екі күн ішінде ағаларымызға сәлем беруге келген ауыл азаматтарынан үйіміз бір сәт босаған емес.
Осындай бір сәттерде Әбділда ағамыз:
– Ел деген осындай болады. Ата-бабадан қалған дәстүрдің пұшпағы ғой бұл, – деп Мұхамеджан Қаратаевқа қарады. Әңгімеге Мардан Байділдаев араласты.
– Бұл сәлем беруге келген жігіттердің барлығы да Қонекеңнің кадрлары ғой Әбеке, – деді ол.
– Одан да «Қазантаев мектебінің» түлектері десеңізші, – деп Әбекең әңгімесін одан әрі жалғастыра түсті.
– Мұқа, – деді ол, – осы ауданды Қонысбек деген ініміз он жыл басқарды, оған дейін мынау іргелес жатқан Тереңөзек ауданын он екі жыл басқарды. Қай ауданға барса да, жарыстың алдын бермеді. Қазақстанның барлық облыстарында болып, талай аудандық партия комитеттерінің хатшыларымен кездескенім бар. Бірақ, Қонысбектей публицист хатшыны көрген емеспін, – деді.
Үнсіз отырған Мұқаң: – Публицист дедің ғой, – деп ар жағын жетілдірмейсің бе, дегендей сыңай аңғартты.
Әбекең одан әрі:
– Иә, Мұқа, солай ол өзі жазудың жолына түспеген, барлық күш-жігерін ел басқаруға жұмсаған. Ал, оның сөйлеген сөздерінен публицистиканың исі аңқып тұратын. Қазір зейнеткерлік демалыста. Қызылорда қаласында тұрады. Жол түссе ініме соғып денсаулық-жағдайын білсем бе деген ойым бар, – деп Қонекеңнің науқастанып жүргеніне дейін айтып, ол жөнінде бірталай жылы лебізін білдірген еді.
«Жақсының аты өшпейді», деген қанатты сөздің астарында адал ойдың ақиқат шындығы бар. Өмірге жақсының аты ісімен, өнегесімен, адамгершілігімен өлшенетінін жақсы білетін жан бұған шүбәсіз сенеді. Өйткені, халықтан асқан көреген жоқ. Қашан да қандай іске болса да, халық өзінің әділ бағасын береді. Бүгінгі таңда бұл халықтық қасиет өмір шындығының асыл көрінісіне айналып отыр.
Қайрулла ӘБЕНОВ,
Шыңғыс АЙБОСЫНОВ