17 Қараша 2013, 05:34
Кезінде Абай атамыз: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», деп айтқандай, ұстаз жолын ұстанған адамдардың өмірі аса құрметке толы болатындығы ақиқат. Әсіресе, сол адамдардың көрнекті, белгілі ірі тұлғалардан дәріс алуы, тәрбие көруі оларды нағыз ұстаздық өнердің иесіне айналдырады екен. Ал біз әңгімелегелі отырған Әубәкір Байышұлы да кезінде атақты ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді ойшыл, ағартушы, қоғам қайраткерінен және Сәрсен Аманжолов сияқты танымал ғалымдардан дәріс тыңдап, сабақ алыпты. Сондықтан да болса керек, Әубәкір Байышұлы Абай атамыздың айтқанындай, өмірінің соңына дейін ұстаздық етуден жалықпады.Ол сонау 1895 жылдың 25 тамызында әке-шешесі Ақбастаудағы ата-баба мекені – Өржіке қыстағына көшер алдында, яғни нағыз бір абыр-сабыр кезде дүниеге келіпті. Содан көзі ашық, көкірегі ояу әкесі Байшынның арқасында Әубәкір ертерек есейіп, ер жетеді. Өмір жолы басталған тар заманның өзінде ол жергілікті мектеп-медреселерде оқып, сауатын ашады. Кейінірек, Өскеменде ашылған орыс-қазақ мектебінде оқуын жалғастырып, артынша қазақ даласындағы алғашқы білім ошағының бірі болған Қатонқарағайдың Шыңғыстауында дәріс алады. Міне, осы кезде оған жоғарыда аталған көрнекті ақын, Сұлтанмахмұт сабақ береді.
Бұдан кейін Кеңес Одағы орнаған кезде ол білімін одан әрі жетілдіру үшін қазақ интеллигенциясы қалыптасқан Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясында, одан педагогикалық техникумда білімін шыңдап, 1919 жылдан бастап біржолата тұрақты түрде ұстаздық қызметті өмірінің ажырамас ұстанымы ретінде таңдап алады. Алайда: «Білгенге маржан, білмеске арзан» демекші, Әубәкірдің, сондай-ақ сол кездегі барша оқытушы-мұғалімдер қауымына бұл мамандық үлкен сын, шексіз жауапкершілікпен қатар, айтып тауыса алмайтындай қиыншылық та әкелгені белгілі. Қуғын-сүргінді айтпағанның өзінде, үш ғасыр патшалық Ресейдің отары болып, қазақ халқының дені ілім-білімнен шетқақпай қалғанын да қоспағанда, яғни соның өзінде Әубәкір тер төгіп, еңбек еткен ұстаздық кезең ішінде ғана халқымыздың жазу-сызу, әліпбиі (алфавиті) үш мәрте (арабша, латынша, орысша) өзгергені адамдарға қаншама қиыншылық әкелгенін бүгінгі ұрпаққа тәптіштеп жеткізу оңай емес.
Сонда да қиын-қыстау кезеңде жүріп, мұндай күрделі жұмысты адам айтқысыз төзімділікпен, шексіз іскерлікпен жүзеге асырған оқытушы-мұғалімдер қауымының іс-әрекеті ел игілігіне жасалған ерлікпен тепе-тең десек артық айтқандық болмас. Осылайша, ұлағатты ұстаздықты Әубәкір жарты ғасырға жуық үзбей-талмай жалғастырды. Елеулі еңбек жолының осы бір кезеңінде оқытушы-ұстаз Әубәкір көптеген ұрпақтың сауатын ашып, сындарлы өмір жолдарына бастау болғаны да дау туғызбайды. Солардың ішінде Бұқтырма уезіндегі Алтай мектебінің 1919-1923 жылдардағы түлектері, Өскемен уезінің Мендеше, Бөкен болыстарындағы Бәйтеке, Мамай» мектептерінің 1923-1930 жылдардағы оқушылары бар. Ал қазіргі Баяш Өтепов атындағы елді мекендегі алғашқы оқу орнын ұйымдастырып, 1920 жылы тұрақты мемлекеттік мектеп санатына қосқан да осы Байшынның Әубәкірі болатын.
Одан бергі кезеңде ол «Жаңаталап», «Желдіөзен», «Қошантай», «Түлкібай», «Көрпебай» Ұранхай бойындағы Шығыс Қазақстанның көптеген мектептерінде қызмет етті. Солардың ішіндегі соңғы Молотов мектебінде ел ардағына айналған Кеңес Одағының Батыры Ызғұтты Айтықовты да Әубәкір оқытқанын мақтанышпен еске аламыз. Сондай-ақ, әр кезеңдерде оның шәкірттері қатарында болған, кейіннен көрнекті қоғам қайраткерлері, белгілі ел азаматтарына айналған Жұмажан Тәттібаев, Шәріп Өтепов, Рахымбай Төлебаев Кеңес Одағындағы Қазақстанның бірқатар облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшылары лауазымдарына көтерілді және ел арасында кең танымал ағайынды Зіки, Сапа, Мүкірім Күленовтер де ұстаз Әубәкір Байшыннан дәріс алды.
Міне, осылайша, мұғалім болып жүріп, ел басына қиын-қыстау күн туғанда Ұлы Отан соғысына да алғашқылардың бірі болып аттанды. Сұрапыл соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, Жеңіс туын желбіреткен соң елге оралып, ұстаздық қызметін қайта жалғастырды. Сөйтіп, 1955 жылы жасы жетіп зейнеткерлікке шықты. Содан 30 жылдан астам өмірін үлкен ұлы мен келін баласының жанында жұбайы Күлесін екеуі немере-шөберелеріне бар білгендерін үйретуге арнады. Тәжірибелі ұстаз-ата мен мейірімді әженің арқасында тұңғыш немересі Ләйла ағылшын тілінде жоғары білім алып, Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты өкілдігінде қызмет атқарумен қатар, атасының жолын жалғастырып, Қыздар педагогикалық университетінде көп жылдар доцент болып, дәріс оқыды. Ал немересі Амантай Ішкі істер министрлігінде жоғары лауазымды қызметте.
Жоғарыда айтқанымыздай, немерелерінің алғашқысы Ләйла ата кәсібін ардақтап, одан әрі дамытып Мұхиттың арғы жағындағы Американың Огайо штатындағы Дейтон университетінде ағылшын тілінде ұзақ уақыт дәріс оқып, үлкен марапаттарға ие болды. Ал шөбересі София болса, бұл күндері Лондонда нанотехнология саласында білімін шыңдауда.
Жастайынан халқының әдеби мұрасымен, ел аузындағы жыр-шежіре, дастандарымен үкілі бесік тербеткен ауылда өскен Әубәкір, өмірінің қарттыққа қадам басқан шағында жазушы Сапарғали Бегалин, белгілі ақын Ғали Орманов, жазушы Сәбит Мұқановпен бірге болды. Осылайша, ақырғы демі тоқтағанша халқының мәдени мұрасынан қол үзбей, 1986 жылдың 7 наурызында бала-шағасының алдында дүниеден өтті.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».