14 Қараша 2013, 08:41
Жүсекең “Екі жиренді” жаздырған соң, режиссерім Ізбас Абдуллин екеуміз бұл ән жөнінде жазылған новелламды музыкамен көркемдеудің қамына кірістік. Фонотекада Теміржан Базарбаевтың “Екі жиренді” өзек еткен симфониясы, Сыдық Мұхамеджановтың Шәкен түсірген “Найзатас” фильміне “Екі жиренді” лейтмотив етіп жазған музыкасы бар. Және “Екі жиреннің” бірінші түрін шырқаған Жүсекеңнің, Ғарекеңнің үні бар. Соның бәрін новелланың баяндалу ығытына орай дәл беруіміз керек. Сол ой үстінде жүргенімізде, бір күні Сыдық Мұхамеджанов телефон соғып: “Бүгін түсте “Жаңадан жазылып алынған әндер” атты концерт берілді. Жүсекең “Екі жиреннің” екінші түрін орындады. Тоқбай әнші жасаған нұсқа. 1954-1955 жылдары радионың музыка редакциясында редактор боп қызмет еттім. Бір күні Жүсекең қолында балалайкасы бар шынашақтай қарияны ертіп келді. “Бұл кісі Тоқбай есімді әйдік әнші”, деп таныстырды. Әндерін тыңдадық. Бас редактор қуана құптап: “Сыдық, бүгін студия бос. Тоқаңды өзің ертіп апар да, әндерін түгел жазып ал”, – деді. Біз Тоқбайдың балалайка сүйемелімен орындаған 9 әнін қызығып отырып пленкаға түсірдік. Ішінде ең көрнектісі – “Екі жирен”. Фонотеканы ыждағатпен қараңдаршы, Тоқбайдың сол 9 әні бар болуы керек” – деді.
Мына сөзге елең ете қуанып, фонотекаға бардым. Оның қат-қат журналдарының ішінен Тоқбай жаздырған әндерді таптым. Бірақ, әр әнінің тұсында “размагничено” деген сөзді оқып, жүрегім мұздап қоя берді. Тоқбай жаздырған сол 9 ән түгел өшіріліпті. Не дерсің… Не дерсің, бұл сорақылыққа?!
Осы жайды айтып, телефон соққанымда Сыдық Мұхамеджанов үні шықпай күрсініп, трубканы орнына қоя салды.
Сол күні жұмыс аяғында Сыдық тағы да телефон шалып: “Тоқбайдың сол әндерін неге өшіріпті?” деді шаршаулы, кейісті үнмен.
– Фонотекадағылар “магнитопленка жетіспейді” деді. Сол үшін өшіріліпті, – дедім.
– Бұл не, сонда? Мешеулік пе, өресіздік пе? – деп Сыдық өз сөзіне өзі булықты. – Ненің не екенін білмейтін дүмшелер… Әнді де, әншіні де өлтіреміз, өстіп.
Сыдықпен арадағы әңгімеден кейін көп өтпей “Екі жирен” новелласын эфирден бердік. Новелланың бас кезінде Суат, соңында Жүсекең орындады “Екі жиренді”.
Кейін бұл новелла жайлы жазылған хаттардың шегі болмады.
* * *
1992 жылғы 17 қыркүйек. Семейдің Мақаншы ауданында атақты Әсет әншінің мерейтойы өтіп жатты. Ол үш күнге созылды. Сол күндердің бірінде әнші Мәдениет Ешекеев “Екі жиреннің” бірінші түрін шырқады. Жүсекеңше мөлдіретті. Қасымда отырған белгілі әдебиетші – ғалым Қайым Мұхамедханов жаймен ғана: –“Жүсіпбек Аймауытовтың әні ғой”, – деді.
Мен іштей: “Жоқ, олай емес”, деген сөзді айта алмай, ізет сақтадым. Қайым ақсақал сөзін жалғады да: “20-жылдардың басы, елде аштық нәубеті басталды. “Помгол”, яғни, “ашыққандарға көмек” деген комиссия құрылды. Жүсіпбек Аймауытов сондай бір «помголдың» жетекшісі болып, Қарқаралы, Семей жағынан қырық мыңдай ірі қараны жинап, ашығып жатқан Қостанай, Торғайға айдайды. Сол ұзақ та азапты жолда ол қасында бір жолдасы бар, әнші білем, екеуі қосылып “Екі жиренді”:
Ахау, Кәмила, Кәйкен,
Құдашам Жәйкен,
Күлмейсің, ойнамайсың сені қайтем, – деп сызылтады екен. Кейін мен осы әншіге жолықтым, өзінің ептеп ақындығы да бар болып шықты. Осы әнді өз аузынан тыңдағанымда: “Жүсіпбек Аймауытов ағамыздың әні ғой”, – деді. – Сол күндерде Аймауытов “помголдың малын сатып жіберді… пәреге берді” деген жаламен тергеуде жүрді. Бұл 1923 жылдардан басталған қырсық. Ақыры 1926 жылы Аймауытовқа сот болды”. “Қазақ тілі” газетінде Аймауытовтың “Жауап” деген мақаласы жарияланды. Әйтеуір, әупірімдеп зорға құтылды. Біз осы оқиғалардан кейін “Екі жирен” әнін Аймауытовтың әні деп айта бастадық, – деді.
Бұл сөзді дастарқан басында дуылдасқан біраз жұрт естіді. Менің үнсіз түйілген сыңайымды сезді ме, Қайым ақсақал: – Илья, сенің пікірің қалай? – деді. Мен: “Екі жирен” Біржан сал, Ақан сері заманының әні”, – дедім, зорға күлімсіреп.
Қайым ақсақал үндемеді.
Сол жылы күзде Ғылым академиясының сарайында авторлық кешім өтті. Концертім біткен соң дуылдаса құттықтаған жандардың арасында Қайым ақсақал да жібектей сызылып кеп, қолымды алып: “Ильяжан, мен өз өмірімде екі рет қателік жібердім. Біріншісі – Ақан серінің “Әудемжерін” Көкбайдікі, деп мақала жаздым, екіншісі – “Екі жиренді” Жүсіпбек Аймауытовтың әні, деп дәріптедім. Осы екі әннің екі тауқыметі маған оңай боп жүрген жоқ. “Әудемжер” үшін Жайық Бектұров пен Сәкен Жүнісовтен біраз көрешекті көрдім. Екеуі көлдей ғып хат жазыпты, маған. Ақан сері елінен де жанға тиер біраз хат алдым. Күнде қасымда жүрген Борис Григорьевич Ерзаковичтің: “Это ошибка” деген сыпайы сөзінің өзі жүрегіме ауыр тиді. Менікі қателік екен.
Аймауытовтың бір жинағында “Әнші” деген әңгіме бар. О, құдая тоба, талай нәрсеге көз майымды тауысып жүріп, осы әңгіме назарыма ілікпепті, мүлде. Әлде ұмыттым ба, білмеймін… Аймауытовтың осы әңгімесіне үңілші, жаным. Сонда өз қателігімді өзге емес, Аймауытовтың өзі жөндегенін білесің”, деп арыла, таусыла сөйледі.
Соның ертеңінде Жүсіпбек Аймауытовтың кітабынан “Әнші” деп аталатын әңгіменің орта тұсында: “Осы “Екі жиренді” елдің аузынан бала күнімде естіп едім. Енді байқасам әжептәуір ән екен. Қандай жаңа әніңнен кем емес. Оңдап түзеген соң, жұрт қағып әкетті…” деген сөзді оқыдым. Әңгіменің кейіпкері – Әмірхан әнші осылай дейді. Аймауытов: “Екі жирен” менің әнім еді” деп отырған жоқ, “елдің әні” дейді.
Аймауытов кейіпкерінің осы сөзі “Аймауытовтың әні – “Екі жирен” дейтін бағзы біреулердің (“Өнер” баспасынан жарық көрген екі томдық ән жинағында “Екі жирен” – Жүсіпбек Аймауытовтікі делінді) долбарларын теріске шығарды.
“Екі жирен” – Біржан сал мен Ақан серідей ән сұңқарлары өмір сүрген кезеңнің классикалық әні! Оның иесі – халық! Халық әні ол!
Илья ЖАҚАНОВ