VI БӨЛІМ

14 Қараша 2013, 08:40

Бір күндері “Екі жиреннің” екінші түрі үлкен симфонияға желі боп тартылды. Оны композитор Теміржан Базарбаев жазды. Шәкен бұл симфонияны әр кез сүйсіне тыңдап жүрді. “Екі жирен” жөнінде оның көңілі әлі де тынған жоқ еді. ”Найзатас” фильміне музыка жазған композитор Сыдық Мұхамеджанов “Екі жиренді” терең тебіреніспен лейтмотив етіп толғағанда Шәкен бір ұлы арманы орындалғандай шабыты тасып, осы фильмде өзі керемет ойнады. Бұл –Шәкеннің соңғы рөлі… Тәңір иесі мейірімін төгіп, мейірлі ғып жаратқан Шәкеннің жан сезімі, ақыл-парасаты, дүниені кең шолатын кемел ойы, мұқалмас жігері, кейде тағдыр қысастығынан сынып жүрсе де сыртын бермейтін қажыр-қайраты, қара тасты жібітер ыстық лебі, суынған жүректің қанын тасытар құштарлығы, ұмсынды­рып қойған құпия махаббаты қалыпты “Екі жиренде”. *   *   * Мен “Екі жирен” хикаясын жазу үстінде Жүсіпбек Елебековпен әлденеше рет сырластым. Көбіне телефонмен. “Екі жирен”… Тоқбай… Шәкен жайлы су­ырт­­пақтап сұраймын. Жүсекең артық сөзге жоқ, кірпияз, тәкаппар жан. Ыңғайын табу қиын. Бірдемені “оқыс айтып қалмайын” деп, жығыла сөйлеймін. “Екі жиренді” радиоға жазғызы­ңыз­шы, деп қиыла өтінемін. Жүсекең естіп тұр, естімей тұр, оған селт етпейді де. Телефонда ұзақ үнсіздік… Осы үнсіздік­­­тің сұсы басады, жүйкемді құртады. Жүсекең бірдеңе дегісі келеді, бірақ, ашыла алмайды. Бөгеле береді. Осыған таңғаламын. Түкке түсінбеймін. Кейде: “Қандай кер мінез, қиын адам” деп ренжіген де сәттерім болды. Сөйтіп жүргенде бір күні Жүсекең өзі телефон соқты: – “Екі жиренді” жаздырсам ба деп едім… Тағы үнсіздік. – “Екі жирен” өте қиын ән. Бұл әнді көбіне өзіммен-өзім отырғанда айтам және Шәкен қозғаушы еді мені. Жүрегімді ұйытып жүрген бір жайды аян етейін: Сол күні мен бір жұмыспен өзіміздің драмтеатрға бардым. Қабиба жеңгең театрда істейді ғой, екеуміз бір мәселемен бір кісіге жолықтық. Әңгі­меміз біткен соң мен үйге қарай бет алдым. Театрдың алдынан шыға бергенім сол еді, Шәкен… ой, айналайын, Шә­кенім-ай, үнемі асығыс-үсігіс жүретін әдеті, алдымнан жарқ ете қалғаны. Мені көрген сәтте: “О, ассалаумағалейкүм, Жүсекем!” деп құшағын жая ұмтылды. Мені құшып-сүйіп: “Жүсеке, уақытым тар. Билет қолда. Москваға ұшамын. “Атаманның ақырын” алып бара жатырмын. Жүсеке, көкейімді тесіп жүрген бір аманатым – Тоқбай жасаған “Екі жирен”. Радиоға жаздырыңызшы, құдай үшін. Ал, сау болыңыз, Жүсеке, асығыспын!” дей бергенде мен де дір-дір етіп, Шә­кеннің алпамсадай кеудесіне жабысып қаппын, мүлде. Көзімде жас. “Мақұл! Болады!” дей бердім, аузыма басқа сөз түспей. Арада екі-үш күн өтті ме, өтпеді ме, Москвадан жаманат хабар естідік. Оқыс опат бопты, қайран Шәкен… Сол сапар… мына опасыз жалғанда Шәкенмен соңғы рет қоштасқан екем. Осылай деді де Жүсекең тағы үнсіз түйіліп: – Ертеде радиокомитеттің Кеңес Үсебаев деген бастығы болды. Мен музыка редакциясының көркемдік кеңесі­нің мүшесімін. Кеңестің бір отырысына әлгі Үсебаевтың өзі қатысты. Кісіге онша сүйкімі жоқ, нағыз партократтың өзі. Екі сөзінің бірінде “ЦК” дейді де отырады. Сол күнгі мәжілісте елдің бір белгісіз әншісі орындаған Иманжүсіптің “Ерейментау”, “Сармойын” әнін тыңда­дық. Мен іштей: “Есіл Иманжүсіп… тірі екенсің ғой… тірі екенсің!” деп іштей жылап отырдым. Енді әрқайсымыз пікір айтуымыз керек, сол сәтте Үсебаев қабағы кіртиіп, өз-өзінен тыжырынып: “Сендер кімді дәріптеп отырсыңдар, бұл Иманжүсіп дегенің “халық жауы” ғой!” деп бұрқ ете түсті. Бір пенде тіс жарып, үнін шығармады. Бір кезде мен шыдай алмадым: “Иманжүсіп ақталған. Ақтал­ған қағазын көрдім” дедім. Үсебаев көзі шатынап: “Бізге радиода насихатталсын деген нұсқау болған жоқ, сондық­тан бұл әндерді бере алмаймыз,” – деді. Көп сөздің керегі не, Үсебаевпен түс шайысып қалдым. Орнымнан тұрдым да: “Өз көлеңкеңнен өзің қорыққан Үсебаев жолдас, мына көркемдік кеңесіңді өзің басқара бер” дедім де кеттім де қал­дым. Содан, міне, жиырма жылдай радио­ның есігін ашқам жоқ. Сен мені дәйім радиоға шақырасың, ал, мен бар­ғым келмей үнсіз бөгелемін, кеп. Үсе­баев­пен арадағы әлгі бір келеңсіз жағдай есімнен кетпейді. Енді сол пендеші­лігімді қоя тұрайын, Шәкендей есіл ердің “Екі жиренді” аманат етіп тапсырған тілегін орындайын, енді. Жүсекеңнің мына сөзі біраз жайдың сырын ашып, мені желпіндіріп тастады. 1974 жыл. 6 маусым. Жүсекең студияға келіп, “Екі жиренді” жаздырды. Дыбыс режиссері Меркен Баятақовты еркелете өбектеп, ізетіне риза боп, өз үнін өзі ойлана тыңдады да: “Дұрыс” деді, көзі жасаурап. “Екі жиреннің” қуатымен сол күні Жүсекең “Бесқарагер”, “Смет”, “Қос барабан” сияқты сирек орындалатын ән­дер­ді… тіпті, ешуақытта айтып көр­­­меген “Зәурешті” әлі де болса қуаты қайта қоймаған ашық, таза, өткір де толғаулы үнімен тебірене жаздырды. Сол жолы 14 ән таспаға түсті! Концерттік студиядан шығып, қошта­сар сәтте: – Жүсеке, машинаға отырыңыз, үйге дейін апарып салайық, – деп ілтипат көрсетіп едік: “Рахмет… рахмет! Мен жаяу қайтайын”, – деді. Сыртынан қарадым да, тұрдым, жетпіс­тегі қарт әнші қолында домбырасы, бойы тіп-тік, ойлана басып, кетіп бара жатты.   Илья ЖАҚАНОВ

Бір күндері “Екі жиреннің” екінші түрі үлкен симфонияға желі боп тартылды. Оны композитор Теміржан Базарбаев жазды. Шәкен бұл симфонияны әр кез сүйсіне тыңдап жүрді. “Екі жирен” жөнінде оның көңілі әлі де тынған жоқ еді. ”Найзатас” фильміне музыка жазған композитор Сыдық Мұхамеджанов “Екі жиренді” терең тебіреніспен лейтмотив етіп толғағанда Шәкен бір ұлы арманы орындалғандай шабыты тасып, осы фильмде өзі керемет ойнады. Бұл –Шәкеннің соңғы рөлі…
Тәңір иесі мейірімін төгіп, мейірлі ғып жаратқан Шәкеннің жан сезімі, ақыл-парасаты, дүниені кең шолатын кемел ойы, мұқалмас жігері, кейде тағдыр қысастығынан сынып жүрсе де сыртын бермейтін қажыр-қайраты, қара тасты жібітер ыстық лебі, суынған жүректің қанын тасытар құштарлығы, ұмсынды­рып қойған құпия махаббаты қалыпты “Екі жиренде”.
*   *   *
Мен “Екі жирен” хикаясын жазу үстінде Жүсіпбек Елебековпен әлденеше рет сырластым. Көбіне телефонмен. “Екі жирен”… Тоқбай… Шәкен жайлы су­ырт­­пақтап сұраймын. Жүсекең артық сөзге жоқ, кірпияз, тәкаппар жан. Ыңғайын табу қиын. Бірдемені “оқыс айтып қалмайын” деп, жығыла сөйлеймін. “Екі жиренді” радиоға жазғызы­ңыз­шы, деп қиыла өтінемін. Жүсекең естіп тұр, естімей тұр, оған селт етпейді де. Телефонда ұзақ үнсіздік… Осы үнсіздік­­­тің сұсы басады, жүйкемді құртады. Жүсекең бірдеңе дегісі келеді, бірақ, ашыла алмайды. Бөгеле береді. Осыған таңғаламын. Түкке түсінбеймін. Кейде: “Қандай кер мінез, қиын адам” деп ренжіген де сәттерім болды.
Сөйтіп жүргенде бір күні Жүсекең өзі телефон соқты:
– “Екі жиренді” жаздырсам ба деп едім…
Тағы үнсіздік.
– “Екі жирен” өте қиын ән. Бұл әнді көбіне өзіммен-өзім отырғанда айтам және Шәкен қозғаушы еді мені. Жүрегімді ұйытып жүрген бір жайды аян етейін: Сол күні мен бір жұмыспен өзіміздің драмтеатрға бардым. Қабиба жеңгең театрда істейді ғой, екеуміз бір мәселемен бір кісіге жолықтық. Әңгі­меміз біткен соң мен үйге қарай бет алдым. Театрдың алдынан шыға бергенім сол еді, Шәкен… ой, айналайын, Шә­кенім-ай, үнемі асығыс-үсігіс жүретін әдеті, алдымнан жарқ ете қалғаны. Мені көрген сәтте: “О, ассалаумағалейкүм, Жүсекем!” деп құшағын жая ұмтылды. Мені құшып-сүйіп: “Жүсеке, уақытым тар. Билет қолда. Москваға ұшамын. “Атаманның ақырын” алып бара жатырмын. Жүсеке, көкейімді тесіп жүрген бір аманатым – Тоқбай жасаған “Екі жирен”. Радиоға жаздырыңызшы, құдай үшін. Ал, сау болыңыз, Жүсеке, асығыспын!” дей бергенде мен де дір-дір етіп, Шә­кеннің алпамсадай кеудесіне жабысып қаппын, мүлде. Көзімде жас. “Мақұл! Болады!” дей бердім, аузыма басқа сөз түспей. Арада екі-үш күн өтті ме, өтпеді ме, Москвадан жаманат хабар естідік. Оқыс опат бопты, қайран Шәкен…
Сол сапар… мына опасыз жалғанда Шәкенмен соңғы рет қоштасқан екем.
Осылай деді де Жүсекең тағы үнсіз түйіліп: – Ертеде радиокомитеттің Кеңес Үсебаев деген бастығы болды. Мен музыка редакциясының көркемдік кеңесі­нің мүшесімін. Кеңестің бір отырысына әлгі Үсебаевтың өзі қатысты. Кісіге онша сүйкімі жоқ, нағыз партократтың өзі. Екі сөзінің бірінде “ЦК” дейді де отырады. Сол күнгі мәжілісте елдің бір белгісіз әншісі орындаған Иманжүсіптің “Ерейментау”, “Сармойын” әнін тыңда­дық. Мен іштей: “Есіл Иманжүсіп… тірі екенсің ғой… тірі екенсің!” деп іштей жылап отырдым. Енді әрқайсымыз пікір айтуымыз керек, сол сәтте Үсебаев қабағы кіртиіп, өз-өзінен тыжырынып: “Сендер кімді дәріптеп отырсыңдар, бұл Иманжүсіп дегенің “халық жауы” ғой!” деп бұрқ ете түсті. Бір пенде тіс жарып, үнін шығармады. Бір кезде мен шыдай алмадым: “Иманжүсіп ақталған. Ақтал­ған қағазын көрдім” дедім. Үсебаев көзі шатынап: “Бізге радиода насихатталсын деген нұсқау болған жоқ, сондық­тан бұл әндерді бере алмаймыз,” – деді. Көп сөздің керегі не, Үсебаевпен түс шайысып қалдым. Орнымнан тұрдым да: “Өз көлеңкеңнен өзің қорыққан Үсебаев жолдас, мына көркемдік кеңесіңді өзің басқара бер” дедім де кеттім де қал­дым. Содан, міне, жиырма жылдай радио­ның есігін ашқам жоқ. Сен мені дәйім радиоға шақырасың, ал, мен бар­ғым келмей үнсіз бөгелемін, кеп. Үсе­баев­пен арадағы әлгі бір келеңсіз жағдай есімнен кетпейді. Енді сол пендеші­лігімді қоя тұрайын, Шәкендей есіл ердің “Екі жиренді” аманат етіп тапсырған тілегін орындайын, енді.
Жүсекеңнің мына сөзі біраз жайдың сырын ашып, мені желпіндіріп тастады.
1974 жыл. 6 маусым. Жүсекең студияға келіп, “Екі жиренді” жаздырды. Дыбыс режиссері Меркен Баятақовты еркелете өбектеп, ізетіне риза боп, өз үнін өзі ойлана тыңдады да: “Дұрыс” деді, көзі жасаурап.
“Екі жиреннің” қуатымен сол күні Жүсекең “Бесқарагер”, “Смет”, “Қос барабан” сияқты сирек орындалатын ән­дер­ді… тіпті, ешуақытта айтып көр­­­меген “Зәурешті” әлі де болса қуаты қайта қоймаған ашық, таза, өткір де толғаулы үнімен тебірене жаздырды. Сол жолы 14 ән таспаға түсті!
Концерттік студиядан шығып, қошта­сар сәтте:
– Жүсеке, машинаға отырыңыз, үйге дейін апарып салайық, – деп ілтипат көрсетіп едік: “Рахмет… рахмет! Мен жаяу қайтайын”, – деді.
Сыртынан қарадым да, тұрдым, жетпіс­тегі қарт әнші қолында домбырасы, бойы тіп-тік, ойлана басып, кетіп бара жатты.
 

Илья ЖАҚАНОВ

Бөлісу: