14 Қараша 2013, 08:36
Осыдан үш жыл бұрын… маужыраған мамырдың алғашқы күндері Шәкен демалысқа шыққан еді. Арқаны…, мамыр қымызын сағынып, Қарағандыға келді. Мұнда дос-жарандары көп. Екі-үш күн сол жайсаңдардың ортасында шашылып-төгіліп сейіл құрды.
Бір күні Шәкен “Шахтатресте” инженер боп істейтін құрдасы Сейітті өзі орналасқан “Қарағанды” қонақ үйіне шақырып алды да: – «Осы жолы Баянаулаға да барсам ба, деген ойым бар еді, сабындай бұзылдым. Қарқаралыны, Шайтанкөлді көргім келеді. Кент тауы да есімді алады. Мұның бәрі көкейімде жүрген болашақ фильм түсірілетін чудо жерлер ғой», – деді.
Сері көңілді жайраңдаған Сейіт Шәкеннің бұл сөзіне елпілдеп: «Мәдидің “Атыңнан айналайын, Қарқаралы”, дейтін керемет жері ғой, ол! – деп желпілдеді. – Машина да дайын. Су жаңа “Газ-69”. Тау-тасқа сал, бәріне жарайды.
Шәкен бұл сөзге көңілі көншіп, желпіне түсті. Бұларға Жомарт деген жолдасы қосылды. Сөйтіп, ертеңінде күн көтеріле бере жолға шықты. Рульде Сейіттің өзі. Жол үстінде әр қилы әңгіменің басы қайырылды. Шәкен ауық-ауық ақырын күбірлеп:
Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,
Дариға-ай, осыменен өтті-ау заман, – деп ыңылдай берді.
Сергек сезімді Сейіт: – Неткен ауыр ән, – деп басын шайқады. – Айта бермеші, адамды езіп тастайды екен.
– Сөзі де мұңды, – деді Жомарт та.
Шәкен бұл сөздерді естіді, естімеді, сағым ойнаған көк жасыл далаға сарыла, сарғая қарады.
Бұлар Ульяновск селосынан өтіп, Шилі өзенінің жағасына кеп тоқтады. Сейіттің қимылы тез, Жомартқа ым қағып, машинаның ішіндегі қара сөмкені алды да: «Дастарқан жай», – деп желпілдетті.
Шәкен жағасында қоғасы мүлгіген қара суды жағалап, көп жылқы байырқалап жатқан қалың шиге қарады да тұрды. Сәлден соң үшеуі дастарқан басында қазы-қарта жеп, рюмке қағыстырды. Шәкеннің қоңыр көзінен тұнжыраған ой арылмады.
Ендігі бір сәтте бұлар “Карбышев” совхозынан өтіп бара жатты. Сейіт пен Жомарт жаңа әлгінде ғана Қарағандыда жүзі жайраң қаққан Шәкеннің көңілінде ойда жоқта, не болып кеткенін біле алмай іштей аң-таң. Біразға дейін үшеуі де бір мылқау үнсіздіктің құрсауына шырмалды. Шәкенге етене Сейіттің өзі ләм-мим деп жақ ашпады. Бір кезде жолдың оң жағында тұрған бір жас қыз көрінді. Шәкен Сейітке жалт қарап: «Айдалада жалғыз өзі… тоқтат!» – деді, әлі сол дел-сал күйде.
Машина қыздың қасына кеп тоқтады. Қыз селк ете сескеніп, кейін шегінді. Еліктің лағындай мөлдіреп, үлпілдеп тұр. Қап-қара қос бұрымы жер сызған аққұба қыз… Үстінде майда гүлі көз тұндырған ақсары көйлек… Шәкен бірдеме деуге тілі келмей, қызға кірпік қақпай қадалды да қалды. Қыз қымсынып, ақ жүзі алмадай албырады. Сейіт: «Қайда барасың, айналайын», – деді.
– Қарқаралыға, – деп, ұяла тіл қатты.
– Отыра ғой, қалқам, – деді Шәкен.
Қыз машинаға отырды. Жол үстінде Шәкен қилы-қилы ойға шомды. Жүрек түкпірінде: “О, құдая тоба, кімді көрдім?” деген сөз. Көз алдында Айманбұлақ түні… Айдың да толықсып толған шағы. Қыз-жігіт шуылдасып, ақсүйек ойнап жүр. Шәкен “Бері… бері жүр!” деп, Ажар қызды қалың шидің ішіне жетектей қашты…
Таңғажайып бір елес! “О, құдая тоба, мен кімді көріп отырмын? Апыр-ай, ә… Қандай ұқсас!” деп ет-жүрегі езіліп барады. Қыздан ұяң үнмен жөн сұрады: «Атың кім, қалқам?»
– Сұлушаш.
– Студентсің бе?
– Иә. Қарағанды мединститутында бірінші курста оқимын.
– Қазір сабақ кезі емес пе?
– Ертең демалыс. Бір күнге сұранғам. . Үйді сағынып кеттім.
Сөйткенше болған жоқ, қыз: «Аға, мен келдім», – деді.
Шәкен аң-таң күйде: «А?» – деді.
Сейіт: «Қалай… Қарқаралыға әлі оншақты шақырым бар емес пе?» – деп, қызға бұрылды.
Қыз күлімсірей қысылып: «Анау… Оң жақтағы шоқ қарағайдың түбінде біздің үй отыр. Әне… жылқылар жүр», – деді.
Шәкен қыз нұсқаған жаққа қарап: «Үйіңде қымыз бар ма, қалқам?» – деді.
– Бар.
– Сейіт, бұра ғой, машинаны. Қымыз ішейік, – деді Шәкен жайбарақат қана.
Машина даланың шоқырақтаған жолында шаңды бұрқыратып, шоқ қарағайдың шетінде тұрған ақбоз үйдің алдына кеп тоқтай қалды. Бұлар машинадан түсіп жатқанда үйден қос бұрымы көлеңдеген ақ көйлекті әйел шыға бергені сол еді, қызы қарлығаштай қанатын жайып: «Мама» – деп құшақтай алды.
– Балапаным… балапаным!
Шәкен үсті-басын қағынып: «Сәлеметсіз бе?» – деп, әйелге ізетпен бас ие амандасты.
Қасы қияқтай қиылған, ажарлы аққұба әйел Шәкенге ойлана қадалды.
Сейіт пен Жомарт та қалбалақтай амандасты.
– Үйге кіріңіздер…
Бұлар үйге кіріп, төрге шығып, жайғасып отырды. Үйдің жиһазына, кереге, уығы, шаңырағын жүкаяқтың үстіне текшелеп жиған көрпе-жастық шымылдыққа қызығып, таңырқай бас шайқасты. Сейіт: «Хандар түсетін боз үй ғой, құдай-ау!» – деп таңдайын қақты.
Шәкен жүрегі дірілдеп бір түсініксіз күйге түсті. Тағы да іштей: “Құдай-ау, кімге келдім… Кімді көрдім?” – деді осы сөзді зорға айтқандай қиналып.
Толықсыған сұлу әйел қызы екеуі ортаға дөңгелек стол қойып, дастарқан мәзірін жасады. Әйел сондай сабырлы, Шәкен көріп отыр, көрмей отыр, қайыңдай аппақ білегінде қос білезігі сыңғырлап, қоңыр сабадан үлкен шараға иісі бұрқыраған қымыз құйды. Өрнегі әсем имек ожаумен аспандата сапырды. Қонақтар сырлы тостағанда бетінде майы жүзген мамыр қымызын мейірлене сімірді.
Шәкеннің іші алай-түлей…Көзінің астымен әйелге бір, қызға бір қарап қояды. Бұлыңғыр елес…
Сейіт қозғалақтап: «Жеңгей, жалғыз үй отырсыздар ғой», – деді, суыртпақтап сөз бастап.
– Жалғыз емеспіз, бір белдің астында тағы екі-үш үй бар. Осы уақта бие байлап, шығатын жайлауымыз ғой.
– Жылда солай ма?
– Иә.
– Отағасыңыз?
– Ол кісі – дәрігер. Машинамыз бар, Қарқаралы, міне, иек астында тиіп тұр. Барып-келіп істейді.
– Шіркін, Қарқаралы! Саф ауа! Кәусар бұлақ! Бал қымыз! Адам осындай жерде алтайы қызыл түлкідей құлпырып жүреді ғой, жеңгей, а? Біз қалада тұрамыз. Қала бізді құртатын болды. Қарағандының қара түтіні… Ол аз десеңіз Теміртаудың көк түтіні… Соның бәрін жұтамыз…
Әйел сыпайы ғана күлімсіреді. Шәкен дәл осы сәтте әйелдің қарабұлақтай тұнған ойлы жанарына көз түйістірді. Жүрегінде: “Мен – Ажармын! Сол Ажармын!” деген сөз шым ете түсті. Іле: «Қымыз іш, Шәкен», – деді әйел.
Сейіт пен Жомарт бір-біріне жалт қарады. Шәкен: «Ішіп отырмын, Ажар!» – деді, үні білінер-білінбес қана.
Екі жігіт үнсіз тынды. Қыз шешесіне бір, Шәкенге бір қарады. Аң-таң. Ол да ойланып, мөлдірей қалды.
– Бұл үй саған таныс екен ғой, Шәке…
Қонақ Сейіттің бұл сөзін естімеген жанша: – Қане, қозғалайық, – деді.
Бәрі тысқа шықты. Қыз дастарқанды жинай бастады.
Сейіт пен Жомарт жалбызы мен қоғасы ырғалған бұлақ басында бес-алты құлын байланған желіге қарай бұрылды. Әйел Шәкенмен бірге машинаға жақындай беріп: «Жарық дүниеде жүр екенбіз есен-сау… Тәңірдің бұл рақымына да ризамын, Шәкен! – деді, жасаураған жанары тостағанға тұндырған қара шайдай мөлдіреп. – Айманбұлақ басындағы сол айлы түндер… Алтыбақан тептік. Ақсүйек ойнадық. Қандай ессіз едік, сонда. Тұнжыр көкте қалқыған алтын Ай… Жымыңдасқан сансыз жұлдыз арасында жүргендей болушы едік. Сен балапан мұртың жаңа ғана тебіндеген бозбала едің… Қолыңнан Абайдың кітабы түспейтін-ді. Бәріміз сенің аузыңа қарайтынбыз. Жас жүрегің лүпілдеп, Пушкиннің “Евгений Онегинінен” таңғажайып шумақтар оқушы едің… Біз оны бар жанымызды салып, өліп-өшіп жаттаушы едік. Иә, ол кезде біз алаңсыз едік. Ойсыз едік. Желегі желпілдеген топ қыздың ішінде сенің ойлы жанарың маған ғана қадалушы еді. Мен соған мәз едім. Ал, бір күні… Білмей қалдым, ойда жоқта көзден ғайып болдың. Бәрі де өң мен түс…
Елжіреген жас емес пе ем,
Еппен айтсаң жұбатып.
Мен қызыққа мас емес пе ем,
Кетсең еді жұбатып, – дейтін Татьяна сөзін әлі ұмытқам жоқ, Шәкен. Ұмытқам жоқ!
Өлмей әрең тірі қалдым,
Қатты батты тырнағың, – дейтін жері де есімде. Солай күн кешіп, дел-сал боп жүріп, сонда да болса сенің амандығыңды тіледім. Жылдар өтті, жылыстап… Актерсің… режиссерсің… Атағың аспандаған сайын алыстай бердің, Шәкен! Тәңірдің бұл еркіне не дейін, міне, тап қазір жанымда тұрсың, алыссың, бірақ…
Шәкен іштей қаусады. Ақтеректей тіп-тік кеуде қоғадай иіліп, жүрегі тілім-тілім боп талықсыды. Басын көтере алмады. Жердің тесігі болса түсіп-ақ кетер еді. Сілесі қатты, мысы құрып.
– Жолың түскенде келіп, қымыз ішіп тұр, Шәкен…
Шәкен иығы салбырап, сүйретіліп барып, машинаға отырды. Былай шыға бере бір-екі белден асқан соң: «Машинаны оңға бұр, Сейіт! Әне бір жартастың түбіне қарай», – деді.
Машина жолсыз жермен қиқалақтап, Шәкен нұсқаған жартастың түбіне келді. Қонақ: «Жомарт, аш коньякті!» – деп машинадан түсті.
Ол коньякті сегіз қырлы стаканға лықылдата құйғызып, көзін жұмып бір-ақ тартты да: «Кеттік!» – деді.
Жол үстінде Шәкен өзі ойнаған Ақан серінің:
Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің,
Айырылдым қапияда сенен не ғып? – деп тұнжыраған кейпін көрді. Бар өмірі бір бос дүние…
Шәкен сол жолы Қарқаралыға жердің үстімен барып, астымен қайтты…
“Екі жиреннің “ екінші түрі, бақса, дәйім жүрегіндегі осы құпия сырды қозғай береді екен. О, дариға… тәңірге жалынсаң да, жалбарынсаң да орала ма, сол бір шақ… Сол бір шақ!
Шәкен көкірегінде күрсініс лебі уһілетіп артына бұрылды да: –«Рувим Соломонович, осы да жетеді. Суат, отыр айналайын», – деді үні дірілдеп.
Кацман мен Суат көздерінің астымен біріне-бірі қарасты. Ойға тұнған жанарларында: “Не дер екен?” деген сауал бұлдырады.
– Енді радиоға жаздырыңдар. Дәл осы күйінде! – деді үй иесі.
– Ән емес, романс… Тіпті, ария десе де болады! – деп Кацман іштегі толғанысын жасыра алмай, желпіне сөйледі.
Төмен тұқиып, жабырқаған Шәкен жайлап басын көтергенде кірпігінде жалғыз тамшы жылт-жылт етті. Көзіне Ажардан басқа түк көрінген жоқ.
Суат: «Аға» – дей бергенде Шәкен де селт ете ес жиып. «Ә, Суатым, жүрегіңнен сенің! Кухняға баршы. Жеңгең мына Қаскелең, Ұзынағаш жағында гастрольде жүр. Біздің үй, өзің білесің, қолғанатқа зар. Жеңгеңнің бір пісірген еті бір аптаға жетеді. Сендер келетін болған соң қазы-қарта, жал-жаяны аямай, турап та қойғам. Сонау Көкшетаудан бір қадірлес достарымыз тұздалған саңырауқұлақ та жіберіпті. Зәкоске де дайын. Армян коньягі бар. Шампан да бар. Сен бәрін әкел де, мына столдың үстін жайнат, Суатжан!» – деп Шәкен өзін-өзі қамшылап, зорға түзелді.
Тек қана “Екі жирен” бе, Шәкен дастарқан басында Біржан салдың “Ғашығым” әнін… Ақан серінің “Қараторғайын”, Естайдың “Қорланын” баянсыз махаббат жыры ғып, түннің бір уағына дейін жүректі ұйытқан сыр ғып шертті…
Илья ЖАҚАНОВ