І БӨЛІМ

14 Қараша 2013, 08:29

1958 жылдың қысы. Саратовтың қар жамылған орманды алқабы артта қалды да, “Москва– Алматы” жүйрік поезы иен жазыққа көсілте салды. Москвада екінші онкүндікті зор абыроймен дуылдата өткізіп, қай­тып келе жатқан қазақстандықтардың қуанышын­да шек жоқ десе де болғандай-тын. Олар­­дың бәрі мәз еді, мол сүйініш құшағында еді. Бірін-бірі ардақтап, сөздері, күлкі­­­лері, әзіл-қалжың, ықы­лас-пейілі бір-біріне бек жарасып, мерейлері тасыды. Әлгінде Саратовтан шыға бергенде Шәкен Аймановтың купесіне ән-би ан­­самблінің бір топ қыз-жігіттері келген-ді. Олар атақты актердің “Совет Одағы­ның халық артисі” атағына ие болған қуа­­нышын құттықтап, оның әр әзіліне шек­­­те­рі түйілгенше күліп, тамашалап отырды. Шәкен біресе Алдаркөсе хикаяларын айтып, мәз қылса, сол күлкісі тиылмай, тағы бірде әзіл әндерді еске түсірді. Шә­кенге еркелігі өтетін Суат Әбусейітов: «Аға, әлгі бір ән бар ғой, – деп жымың-жымың етті. – “Омырауда он түйме” дейтін ән… Мына сөзді естігенде Шәкен сәл-пәл ойланып қалды. Орнынан түрегеп, терезені төмен сырғы­тып, жайлап ашты да: – «Ептеп желдетіп алайық», – деп, коридорға шығуға ыңғай білдірді. Отыр­­­ған­дар да: «Сол дұрыс болар, Шәкен аға, таза ауа кірсін», – десіп ілесе түрегелді. Бәрі коридорға шықты. Біреулері өзді-өзі сөйлесіп, енді біреулері тамбурға барып, шылым шекті. Сөйтті де бәрі Шә­кеннің қасына қайта жиналды. Кеткісі жоқ. Шәкен қарлы далаға қарап, біраз тұрды. Көзі ойға тұнды. Сәлден соң Шәкен: «Ішке кірейік», – деді. Сөйтті де: «Мен енді Суат сұраған әнді айтып берейін», – деп тө­­мендегідей әңгіме бастады. Бұл өзі о бастан Ертіс бойын­дағы елдерде көбірек айтылып, одан Қарқаралыға асып, Же­ті­суға жетіп, Қаратаудың етегін жағалап кеткен ән. Осы жерлерді аралап жүріп, әннің бала күнімнен білетін сөзі біздің Баянаула төңірегінде ғана қаз-қалпында сақталға­нын байқадым. Үлкендердің айтуынша, кезінде мұны Шама, Жарыл­ғап­берлі, Берікбол, Бүркітбайдың Мұста­фасы се­кілді әншілер таратқан. Сөзіне мән бер­сеңдер, біздің көшпелі ел сұлу табиғат төрінде романтикалық ғұмыр кешкен сері көңілді ел екендігіне таң-тамаша боласыңдар. Міне, сол сайран өмір­дің шуақты әні… Қазір… қазір… Шәкен сәл жөткірініп, су ұрттады. Сөйтті де екі иығын қомдай көтеріп: Жай түскенмен күркіреп, тау құламас, Мен сендікпін, жетекте, аулыңа қаш. Мен де өзіңдей біреудің нәуетегі, Балапандай шайқа да баурыңа бас, – деп лекілдете бастай беріп, қайырмаға үзілдіре ілігіп, мырс етіп, кілт тоқтады. Екі бүйірін басып, шегі қата түйілді. Шәкен жасқа булыққан көзін орамалымен сүртіп: «Мына қыз балалар шыға тұрсын», – деді осы сөзді әрең айтып. Биші қыздар қымсына күлімсіреп, коридорға бет алды. Шәкеннің көзінде күлкі нұры кілкілдеп: Омырауда он түйме қатар-қатар, Ағытқанша түймеңді таң да атар, паһ! паһ! Қандай сурет, а?! – деп, күректей жалпақ алақанымен екі санын алма-кезек шапақтады да сол шалқыған күйі көзі жайнап: Сен ар жақта, қалқатай, мен бер жақта, Сүт бетіне кілегей қашан қатар, – деп осы сөздерге елжірей толқып, бар дүние­ні ұмытқандай шырайы кірді. – Ауыл… алқақотан отырған боз үй­лер. Бәрі ала­қанның аясында. Селтеңдеп жүр­­ген бі­реу көзге бірден шалынады. Қызды ауыл, қы­мыз­ды ауыл. Жігіттің қызбен тілдесуі қиямет. Оған бар көз қадалады. Түннің бір уағына дейін кем­пір-шал ұйықта­майды. Иттердің де үні өшпейді. Қызға “келем” деген сөзі бар. Арада жең­гесі жүр сыпылдап. Асық көңілді ынтызар жігіт құмарлық оты күйдіріп, түннің бір уағында жетеді-ау, ақыры. Қыз да өліп-өшіп, күтіп отыр. Аһ ұра ұмтылған жі­гіт­тің құшағына кіреді де кетеді. Сол сәтте жігіттің есі шығып, тағаттан айырылуы… қыз түймесі ағы­ты­лып біткен­ше дігір­леп, үзіліп кете жаздауы… о, оны тек елес­тетіп көр. Осы сурет “Шәпи­баяу” әнінде де бар ғой. Қыз көркіне таңғалған жігіт: Ахау, қайран жар-ай, Қайран жар-ай! Бөде үй, бөде үй арман-ай! – демей ме? “Бөде” деген сөз – бөлек, оңаша, оқ­шау, жеке, дара деген ұғым. Осыны біл­мейтін біздің белгілі әншілеріміз “бәда­ви”, “бәдәуи” деп соға береді. Осыған Жү­­секең мен Бекен Жылысбаев, біздің Кәу­кен жыны келіп, күйіп-піседі. Жә, бұл өзі бөлек әңгіме. Әлгі он түймесін ағы­тып болмаған қызды айтсайшы, паһ! паһ! Суат та күлім қағып: «Қайырманы айтыңыз, Шәкен аға», – деп болар емес. Жігіттер желпініп, дуылдаса бастады. Желігіп алған Суат: «Сіз айтпасаңыз, қайырманы өзім айтам!» – деді. Шәкен күлкіден қызарған көзін сау­са­­­ғының ұшымен басып: «Сол қайыр­маны өзің айтшы, Суатжан», деп өз сөзін өзі қоштап, бас изеді. Суат бәріне көз қыдырта бір қарап өтті де, жар­ты дауыспен әннің әлгі шу­мағынан бастап, қа­йырмаға келген тұста екі беті жыбырлап, кілт үзді. Жі­­гіттердің бірі бүйірінен түртіп: «Айт!» –деді. Суат күлкі қысқан күйі Шәкенге жасқана қарап, басын шайқады. Шәкен көзі шатынап, жұдырығын түйіп: «Бол, тез!» – деді күлкісін зорға тежеп. Суат алақанымен екі көзін көлегейлеп: Ахау, сары қыз, Піскен дарбыз, Дарбызыңның қызылын, Маған жарғыз-ай! – деп, селкілдеді. Жігіттердің екі езуі екі құлағында… Шәкен әлденені еске алған жанша өз-өзінен мөлдіреп, терезеден аппақ далаға кірпік қақпай қадалды. Қабағының астына мұң көлеңкесі түсті. Сол ойлы күйі: «Араларыңда нота жазатын музыкант­­­тарың бар ма?» деді. – Міне, аға, мына жігіт баянист, – де­­­ді Суат бағаналы бері сыпайы ғана үндемей отырған қызылшырайлы жігітке бұрылып. Шәкен: «Жақсы», деді жай ғана. Түк… түк…. түк… Поезд торғын желек жа­­­мыл­­ған қара орманға жанаса бере саябырлай іл­біп, жайлап кеп тоқтады. Орман іші жыпырлаған қараторғай. Шықылықтап үн салады. Шәкен олардан көз айырмай, реңі суына беріп, сабындай бұзылды. Жүрегі ұйып: Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің, Айрылдым қапияда сенен не ғып? – деген жолдарды күрсіне қайталады. Көз алдында беталды құла түзге сарыла қараған Ақан сері… Дүние-ай, қызыл-жасыл кімді алдадың, Сен берген ризықтан құр қалмадым. Дәуренді мендей сүрген кім бар екен, Сонда да қызығыңа бір қанбадым, –  дейтін Ақан сері түнек түндей түнеріп тұр. Шәкен де сынып барады. Төңірегі құлазып, жайнаған дүниені көріп отыр, көрмей отыр. Жігіттер “кетейік” дегендей бір-біріне ым қақты. Жайлап орындарынан тұрып: «Аға дем алсын», – десті де купеден шыға берді. Шәкен: «Жақсы. Суат, мына баянист інім екеуің бөгеле тұрыңдар», – деді. Жігіттер жөн-жөніне кетті. Шәкеннің қасында Суат Әбусейітов пен баянист жігіт қана қалды. Бір кезде әлі де іштей қобалжулы Шә­­­кен: «Алматыны қай толқыннан табуға болады, а?» – деп стол үстінде тұрған спидоланы бұрап көрді. Қысқа толқынға түсіп еді, Қазақ радиосының бірінші программасы екен. Концерт беріліп жатыр. Диктор “Енді сіздер, Ғарифолла Құрман­ға­лиев­тің орын­да­­уында “Екі жирен” әнін тыңда­ңыздар” – деді. Іле “Екі жирен” кербез керіліп, созалаңдай көтерілді. Шәкен Суатқа жалт қарады. Суат та оған үнсіз қадалды. – Бұл не, Суат, а? Биоток? Мен дәл осы сәтте “Екі жирен” әнін ойлап отырдым. О, құдая тоба, осындай да сәйкестік болады екен! Ғарекемді қара… Ғарекем, қай вагонда еді, Суат? – Сегізінші вагонда. – Өзі тыңдап отыр ма екен, а? Қане, жігіттер осы әнге зейін салайықшы, – деді, Шәкен спидо­ланың үнін көтерің­­­кіреп, – Жүсекеңнен үйренген “Екі жирен”… жалғыз осы ән бе, тегі – “Қарғаш”, “Қанапияның әні”, “Баянауыл”, “Сырымбет”, тағы бір әндер бар. Жүсекең қазы­­мыр ғой. Ғарекеңе: «Арқаның әнін айт­саң, жөндеп айт!” дей беріпті. Сонда ол кісі де шыдай алмай: “Басқасын қозға­май-ақ қояйын, оу, Жүсеке, өзің мен айтып жүр­ген “Айнамкөз”, “Зәуреш”, “Паң көйлек” әндерін айтып көрдің бе, тегі, а?” депті. Жүсекең сөзден тосылып, ләм-мим демепті. Оның есесіне Жүсе­кеңнің: “Арқаның әнінде мына Құрманғалиевтің не шаруасы бар?” деп бүлінетін Манарбек Ержановқа: “Үні биік. Арқа әндері кеңдікті, асқақтықты қалайды. Осылайша шырқай берсін!” деп Ғарекеңді ардақтап, қорғаштаған сөзін естідім де. Міне, сол Ғарекең “Екі жиренді” асық көңілдің құмарлығы етіп, қалай-қалай паһ дегізеді, а! “Екі жирен” бітті. Концерт те тамам болды. Шәкен жеңіл күрсінді. Купе іші тым-тырыс. Әр­кім өз ойымен әлек. Көздерінің астымен Шә­кенге ұрлана қарап қояды. Шәкен санамен сарғайды. – Шіркін өмір… Шәкен терезеден көз алмай, осылай деді. Поезд орнынан қозғалды. Шәкен: Суат, сен осы “Екі жиренді” білесің, – деді сабырлы үнмен. – Білем. – Әрине, “Екі жиренді” білесің, Суат. Шәкен өз ойымен өзі боп, тағы да терезеден қар жамылған далаға көз салды. Ыңылдады. “Екі жи­ренді” бір түрлі бұзып айтып отырғандай сезілді. – “Екі жиреннің” екінші түрі де бар. – Солай ма?… – Иә. Шәкен күйбеңдеп, столдың астында­­­ғы сөмке­сінен бүйірі шығыңқы, алтын жалатқан аққұман­ды алды. – Қазір шай ішеміз. Мейізбен. Мен сендерге “Екі жиреннің” екінші түрін айтып берем. Ендігі бір сәтте бұлар иісі көкірек жарған ақбұйра шайды ішіп, жүздері нұрланып, жайбарақат отырды. Шәкен қозғалақтап: – Әуелі “Екі жиреннің” бірінші түрі­­нің сөзін еске салайын, – деді де қоңыр­латып әндете берді: Көшкенде жылқы айдаймын аламенен, Ауылыңа барушы едім, даламенен.Түскенде сен есіме, беу, қарағым, Сағынып сарғаямын санаменен. Ахау, екі жирен, жалын түйген, Жалғанда ғашығымсың жаным сүйген. Бұл – ләззаты мол сағыныш… Енді екінші шумағы: Ей, құрбым, сөз сөйлейін, көрген жайдан, Айтпаймын күдер үз деп ақ сұңқардан, – деп үмітке толы күдіксіз көңілдің риясыз сырын қозғап кеп: Көңілімде еш дауалық болмаған соң, Бойымда толып жатыр арыз, арман, – дейді. Бұл – тыпыршып, тағатсыз соққан албырт жү­ректің ерке назы. Үздіге ұмсынған көңілдің тәтті аңсауы ғана. Боркемік сезімнен ада. Ләззатты сырмен аялап, жан тебірентеді. Ал, екінші түріне келейін: Ғизатлу, хат жазамын, сәулем саған, Самарқау осы күні көңіл шабан. Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ, Дариға-ай, осыменен өтті-ау, заман!.. Мұң… Ауыр мұң! Ән емес, романс көтеретін жүк. Сүйіктісі көзіне көрінеді, көрінбейді. Болжаусыз күндер өтіп жатады. Мысын құртқан шарасыздық! “Ғизатлу”… осы сөздің қайдан шы­ғып жатқанын айтайын: Ғабит Мүсіре­повтың “Ақан сері – Ақтоқты” пьесасында Ақан серінің рөлін ойнай бастағанда композитордың өлеңдеріне көп үңілдім. Ақындығы терең. Тұңғиық ойлары шымырлап, тым алыстан…, алыстан қайы­рылады. Махаббат ләззатын Ақан сері­дей жырлаған композитор кем де кем шы­ғар. Шерлі жүрегінен сырлы сезім кәусары ағылады. Махаббаттан опа тап­­­паған Бетховеннің баянсыз арманының жыры болған “Айлы сонатасын” тыңда­­­ғандай хал кешем. Бетховен өз шәкірті Джульетта Гвиччар­ди­дің түлкі бұлаңға салған алдамшы қылығына жыны келіп жүрсе де, оның сол құбылмалы жүзін құдайдың құтты күні “көрсем екен” деп, жүрегінің лүпілін “Айлы сонатасына” мөлдіретіп түсірді ғой. Ақан сері де қолы жетпеген сүйіктісін шуақты лиризммен әлпештейді. Оған кінәрат жұқтырмайды. Не деген бекзат қасиет, бұл! Ғизатлу, жаздым сәлем, перизатқа, Қимаймын, сені, қалқам, басқа жатқа, Аршын төс, алма мойын, ей, перизат, Оқыңыз зейін салып, осы хатқа, – десе, тағы бір дел-сал күйде жүрген сәтінде: Құрметті, сөз жазамын, раушаныңа, Кез болдың бір талапкер дер шағыма.. Тимеген жүген, құрық асау керім, Жүрмісің, Иран бағы шарбағында, – деп сырттай үздігіп, таң-тамаша болады. Асығы түгел, бір пешенелі жан. Көрдіңдер ме, Ақан сері “ғизатлуды” “құрмет­ті” деп те алған. Е, “Бибіғай­­­ша­ға” деген өлеңі де есімде: Құрметлу, хат жазамын, асыл затқа, Сөзімді айтатұғын жаздым хатқа. Жарқыным, тәккаппарлық жасамаңыз, Алыңыз бұл сөзімді ілтипатқа… Ақан сері “құрметтіні” бұл жерде “құрметлу” деп отыр. Түптеп келгенде – ғизатлу, құрметті, құрметлу – бәрі бір сөз. “Екі жиреннің” екінші түрінде Ақан серінің осы үлгісі бар. – Ал: “Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,” дегені не, аға? – деді, мына сөзге қызыға ден қойған Суат. – Мұғаллақ – “дел-сал” деген сөз. Араб сөзі. Мекке, Медине жағында тәңірдің көктен түсір­ген бір қара тасы бар білем. Ол жер мен көктің арасында тұратын көрінеді. Сол тасты “мұғаллақ” дейді екен. Өзім, әри­не, көргем жоқ. Алланың әміріне қалай шү­бә келтіресің. “Мұғаллақ” сөзі діни қис­салар шыға­­­­ратын терең білімді ақын­дары­мыздан тарапты. Осы сөзді Көкше­тау мешітінің имамы Науан хазірет көп айтқан деседі. “Екі жирен” әніндегі “мұ­ғал­лақ” сөзі келетін жолды: “Дел-сал” боп, екі дүние бірінде жоқ, дариға-ай, осыменен өтті-ау заман”, деп айтса да болады. Жігіттер бір ғұлама қариядан сыр тыңдап отырғандай өзге дүниенің бәрін ұмытты. Құмар­лық, іңкәрлік, пәк сезім әлдиледі оларды. Поезд Қазақстанның ормансыз шаң­қиған ашық даласында тоқтаусыз заулап келеді. Шәкен тағы да шай алдырып, оны тағы да өзі демдеді. Бәрі ұйып отырып шай ішті. Бұларды ешкім мазаламады. Поезд бірте-бірте баяулап кеп, бір шағын станцияға жақындай бергенде: «Суат, сен осы әнге мықтап зейін сал. Үйретейін саған», – деп Шәкен әнді қоңыр үнімен жайлап қана бастады. Суат оған іштей қосылды. Суат қасындағы баянист жігітке ым қақты. Ол оны, түсінді де: – «Шәкен аға, мен қазір… ғафу етіңіз», – деп купеден ақырын шыға берді. Ол өз купесіне барып, баянын әкелді. Ілкімді жігіт екен, ән тактысына бірден берілді. Баянның сырлы үнінде “Екі жи­­­реннің” жүрек сыздатқан екінші түрі… Поезд үстінде ән алғаш рет нотаға түсті. Шәкен қасын қияқтай керіп, жүзінен нұры төгіліп: – Апырай, оқыған балаларға дауа жоқ екен-ау, ә? Сүйкей салып еді, “Екі жирен” шыға келді. Паһ! Паһ! Лүпілдеген жүрегіңнен, лыпылдаған саусағыңнан айналайын! – деп жер-көкке симай масаттанды. – Айналайын, есімің кім? Баянист сыпайы ғана езу тартып: «Ораз», – деді. Суат қоңыр көзіне шуақты күлкі үйіріліп: «Аға, әнді үйренген мен… Сонда мен қайда қалдым? – деді өкпелеген баладай бұртиып. Шәкен де Суатқа қуақылана сүзіліп: «Сен мына құмырсқадай шұбырған ирек-ирек нотаға жан бітір. Тірілт! Тұнып тұрған мұңды әуез. Мұның тұңғиық сырына ену оңай емес. Қиямет іс! Оның ендігі бағы – сенің қолыңда. Бар үміт өзіңде:» – деп қаласы бұзылмаған аппақ тісін жарқырата күлді. Алматыға жеткенше Шәкеннің купесінде “Екі жиреннің” толғаулы сазы толастаған жоқ. Поезд екінші Алматы вокзалына тоқтап, жұрт бір-бірімен дуылдаса қоштасып, жөн-жөніне кетіп жатқанда Шәкен: – Суатжан, “Екі жиренді” үйрендің, бірақ, әлі де түзететін жері бар. Уақыт тауып, келіп жүр, маған. Ұмытпа осыны! – деді маңдайынан иіскеп. Илья ЖАҚАНОВ

1958 жылдың қысы.
Саратовтың қар жамылған орманды алқабы артта қалды да, “Москва– Алматы” жүйрік поезы иен жазыққа көсілте салды. Москвада екінші онкүндікті зор абыроймен дуылдата өткізіп, қай­тып келе жатқан қазақстандықтардың қуанышын­да шек жоқ десе де болғандай-тын. Олар­­дың бәрі мәз еді, мол сүйініш құшағында еді. Бірін-бірі ардақтап, сөздері, күлкі­­­лері, әзіл-қалжың, ықы­лас-пейілі бір-біріне бек жарасып, мерейлері тасыды.
Әлгінде Саратовтан шыға бергенде Шәкен Аймановтың купесіне ән-би ан­­самблінің бір топ қыз-жігіттері келген-ді. Олар атақты актердің “Совет Одағы­ның халық артисі” атағына ие болған қуа­­нышын құттықтап, оның әр әзіліне шек­­­те­рі түйілгенше күліп, тамашалап отырды.
Шәкен біресе Алдаркөсе хикаяларын айтып, мәз қылса, сол күлкісі тиылмай, тағы бірде әзіл әндерді еске түсірді. Шә­кенге еркелігі өтетін Суат Әбусейітов: «Аға, әлгі бір ән бар ғой, – деп жымың-жымың етті. – “Омырауда он түйме” дейтін ән…
Мына сөзді естігенде Шәкен сәл-пәл ойланып қалды. Орнынан түрегеп, терезені төмен сырғы­тып, жайлап ашты да: – «Ептеп желдетіп алайық», – деп, коридорға шығуға ыңғай білдірді. Отыр­­­ған­дар да: «Сол дұрыс болар, Шәкен аға, таза ауа кірсін», – десіп ілесе түрегелді.
Бәрі коридорға шықты. Біреулері өзді-өзі сөйлесіп, енді біреулері тамбурға барып, шылым шекті. Сөйтті де бәрі Шә­кеннің қасына қайта жиналды. Кеткісі жоқ. Шәкен қарлы далаға қарап, біраз тұрды. Көзі ойға тұнды.
Сәлден соң Шәкен: «Ішке кірейік», – деді. Сөйтті де: «Мен енді Суат сұраған әнді айтып берейін», – деп тө­­мендегідей әңгіме бастады. Бұл өзі о бастан Ертіс бойын­дағы елдерде көбірек айтылып, одан Қарқаралыға асып, Же­ті­суға жетіп, Қаратаудың етегін жағалап кеткен ән. Осы жерлерді аралап жүріп, әннің бала күнімнен білетін сөзі біздің Баянаула төңірегінде ғана қаз-қалпында сақталға­нын байқадым. Үлкендердің айтуынша, кезінде мұны Шама, Жарыл­ғап­берлі, Берікбол, Бүркітбайдың Мұста­фасы се­кілді әншілер таратқан. Сөзіне мән бер­сеңдер, біздің көшпелі ел сұлу табиғат төрінде романтикалық ғұмыр кешкен сері көңілді ел екендігіне таң-тамаша боласыңдар. Міне, сол сайран өмір­дің шуақты әні… Қазір… қазір…
Шәкен сәл жөткірініп, су ұрттады. Сөйтті де екі иығын қомдай көтеріп:
Жай түскенмен күркіреп, тау құламас,
Мен сендікпін, жетекте, аулыңа қаш.
Мен де өзіңдей біреудің нәуетегі,
Балапандай шайқа да баурыңа бас, – деп лекілдете бастай беріп, қайырмаға үзілдіре ілігіп, мырс етіп, кілт тоқтады. Екі бүйірін басып, шегі қата түйілді. Шәкен жасқа булыққан көзін орамалымен сүртіп: «Мына қыз балалар шыға тұрсын», – деді осы сөзді әрең айтып.
Биші қыздар қымсына күлімсіреп, коридорға бет алды.
Шәкеннің көзінде күлкі нұры кілкілдеп:
Омырауда он түйме қатар-қатар,
Ағытқанша түймеңді таң да атар, паһ! паһ! Қандай сурет, а?! – деп, күректей жалпақ алақанымен екі санын алма-кезек шапақтады да сол шалқыған күйі көзі жайнап:
Сен ар жақта, қалқатай, мен бер жақта,
Сүт бетіне кілегей қашан қатар, – деп осы сөздерге елжірей толқып, бар дүние­ні ұмытқандай шырайы кірді.
– Ауыл… алқақотан отырған боз үй­лер. Бәрі ала­қанның аясында. Селтеңдеп жүр­­ген бі­реу көзге бірден шалынады. Қызды ауыл, қы­мыз­ды ауыл. Жігіттің қызбен тілдесуі қиямет. Оған бар көз қадалады. Түннің бір уағына дейін кем­пір-шал ұйықта­майды. Иттердің де үні өшпейді. Қызға “келем” деген сөзі бар. Арада жең­гесі жүр сыпылдап. Асық көңілді ынтызар жігіт құмарлық оты күйдіріп, түннің бір уағында жетеді-ау, ақыры. Қыз да өліп-өшіп, күтіп отыр. Аһ ұра ұмтылған жі­гіт­тің құшағына кіреді де кетеді. Сол сәтте жігіттің есі шығып, тағаттан айырылуы… қыз түймесі ағы­ты­лып біткен­ше дігір­леп, үзіліп кете жаздауы… о, оны тек елес­тетіп көр. Осы сурет “Шәпи­баяу” әнінде де бар ғой. Қыз көркіне таңғалған жігіт:
Ахау, қайран жар-ай,
Қайран жар-ай!
Бөде үй, бөде үй арман-ай! – демей ме? “Бөде” деген сөз – бөлек, оңаша, оқ­шау, жеке, дара деген ұғым. Осыны біл­мейтін біздің белгілі әншілеріміз “бәда­ви”, “бәдәуи” деп соға береді. Осыған Жү­­секең мен Бекен Жылысбаев, біздің Кәу­кен жыны келіп, күйіп-піседі. Жә, бұл өзі бөлек әңгіме. Әлгі он түймесін ағы­тып болмаған қызды айтсайшы, паһ! паһ!
Суат та күлім қағып: «Қайырманы айтыңыз, Шәкен аға», – деп болар емес.
Жігіттер желпініп, дуылдаса бастады. Желігіп алған Суат: «Сіз айтпасаңыз, қайырманы өзім айтам!» – деді.
Шәкен күлкіден қызарған көзін сау­са­­­ғының ұшымен басып: «Сол қайыр­маны өзің айтшы, Суатжан», деп өз сөзін өзі қоштап, бас изеді.
Суат бәріне көз қыдырта бір қарап өтті де, жар­ты дауыспен әннің әлгі шу­мағынан бастап, қа­йырмаға келген тұста екі беті жыбырлап, кілт үзді. Жі­­гіттердің бірі бүйірінен түртіп: «Айт!» –деді.
Суат күлкі қысқан күйі Шәкенге жасқана қарап, басын шайқады. Шәкен көзі шатынап, жұдырығын түйіп: «Бол, тез!» – деді күлкісін зорға тежеп.
Суат алақанымен екі көзін көлегейлеп:
Ахау, сары қыз,
Піскен дарбыз,
Дарбызыңның қызылын,
Маған жарғыз-ай! – деп, селкілдеді.
Жігіттердің екі езуі екі құлағында…
Шәкен әлденені еске алған жанша өз-өзінен мөлдіреп, терезеден аппақ далаға кірпік қақпай қадалды. Қабағының астына мұң көлеңкесі түсті. Сол ойлы күйі: «Араларыңда нота жазатын музыкант­­­тарың бар ма?» деді.
– Міне, аға, мына жігіт баянист, – де­­­ді Суат бағаналы бері сыпайы ғана үндемей отырған қызылшырайлы жігітке бұрылып.
Шәкен: «Жақсы», деді жай ғана.
Түк… түк…. түк… Поезд торғын желек жа­­­мыл­­ған қара орманға жанаса бере саябырлай іл­біп, жайлап кеп тоқтады. Орман іші жыпырлаған қараторғай. Шықылықтап үн салады. Шәкен олардан көз айырмай, реңі суына беріп, сабындай бұзылды. Жүрегі ұйып:
Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің,
Айрылдым қапияда сенен не ғып? – деген жолдарды күрсіне қайталады. Көз алдында беталды құла түзге сарыла қараған Ақан сері…
Дүние-ай, қызыл-жасыл кімді алдадың,
Сен берген ризықтан құр қалмадым.
Дәуренді мендей сүрген кім бар екен,
Сонда да қызығыңа бір қанбадым, –  дейтін Ақан сері түнек түндей түнеріп тұр. Шәкен де сынып барады. Төңірегі құлазып, жайнаған дүниені көріп отыр, көрмей отыр.
Жігіттер “кетейік” дегендей бір-біріне ым қақты. Жайлап орындарынан тұрып: «Аға дем алсын», – десті де купеден шыға берді.
Шәкен: «Жақсы. Суат, мына баянист інім екеуің бөгеле тұрыңдар», – деді.
Жігіттер жөн-жөніне кетті. Шәкеннің қасында Суат Әбусейітов пен баянист жігіт қана қалды.
Бір кезде әлі де іштей қобалжулы Шә­­­кен: «Алматыны қай толқыннан табуға болады, а?» – деп стол үстінде тұрған спидоланы бұрап көрді.
Қысқа толқынға түсіп еді, Қазақ радиосының бірінші программасы екен. Концерт беріліп жатыр. Диктор “Енді сіздер, Ғарифолла Құрман­ға­лиев­тің орын­да­­уында “Екі жирен” әнін тыңда­ңыздар” – деді.
Іле “Екі жирен” кербез керіліп, созалаңдай көтерілді.
Шәкен Суатқа жалт қарады. Суат та оған үнсіз қадалды.
– Бұл не, Суат, а? Биоток? Мен дәл осы сәтте “Екі жирен” әнін ойлап отырдым. О, құдая тоба, осындай да сәйкестік болады екен! Ғарекемді қара… Ғарекем, қай вагонда еді, Суат?
– Сегізінші вагонда.
– Өзі тыңдап отыр ма екен, а? Қане, жігіттер осы әнге зейін салайықшы, – деді, Шәкен спидо­ланың үнін көтерің­­­кіреп, – Жүсекеңнен үйренген “Екі жирен”… жалғыз осы ән бе, тегі – “Қарғаш”, “Қанапияның әні”, “Баянауыл”, “Сырымбет”, тағы бір әндер бар. Жүсекең қазы­­мыр ғой. Ғарекеңе: «Арқаның әнін айт­саң, жөндеп айт!” дей беріпті. Сонда ол кісі де шыдай алмай: “Басқасын қозға­май-ақ қояйын, оу, Жүсеке, өзің мен айтып жүр­ген “Айнамкөз”, “Зәуреш”, “Паң көйлек” әндерін айтып көрдің бе, тегі, а?” депті. Жүсекең сөзден тосылып, ләм-мим демепті. Оның есесіне Жүсе­кеңнің: “Арқаның әнінде мына Құрманғалиевтің не шаруасы бар?” деп бүлінетін Манарбек Ержановқа: “Үні биік. Арқа әндері кеңдікті, асқақтықты қалайды. Осылайша шырқай берсін!” деп Ғарекеңді ардақтап, қорғаштаған сөзін естідім де. Міне, сол Ғарекең “Екі жиренді” асық көңілдің құмарлығы етіп, қалай-қалай паһ дегізеді, а!
“Екі жирен” бітті. Концерт те тамам болды. Шәкен жеңіл күрсінді. Купе іші тым-тырыс. Әр­кім өз ойымен әлек. Көздерінің астымен Шә­кенге ұрлана қарап қояды. Шәкен санамен сарғайды.
– Шіркін өмір…
Шәкен терезеден көз алмай, осылай деді.
Поезд орнынан қозғалды.
Шәкен: Суат, сен осы “Екі жиренді” білесің, – деді сабырлы үнмен.
– Білем.
– Әрине, “Екі жиренді” білесің, Суат.
Шәкен өз ойымен өзі боп, тағы да терезеден қар жамылған далаға көз салды. Ыңылдады. “Екі жи­ренді” бір түрлі бұзып айтып отырғандай сезілді.
– “Екі жиреннің” екінші түрі де бар.
– Солай ма?…
– Иә.
Шәкен күйбеңдеп, столдың астында­­­ғы сөмке­сінен бүйірі шығыңқы, алтын жалатқан аққұман­ды алды.
– Қазір шай ішеміз. Мейізбен. Мен сендерге “Екі жиреннің” екінші түрін айтып берем. Ендігі бір сәтте бұлар иісі көкірек жарған ақбұйра шайды ішіп, жүздері нұрланып, жайбарақат отырды.
Шәкен қозғалақтап:
– Әуелі “Екі жиреннің” бірінші түрі­­нің сөзін еске салайын, – деді де қоңыр­латып әндете берді:
Көшкенде жылқы айдаймын аламенен,
Ауылыңа барушы едім, даламенен.Түскенде сен есіме, беу, қарағым,
Сағынып сарғаямын санаменен.
Ахау, екі жирен, жалын түйген,
Жалғанда ғашығымсың жаным сүйген.
Бұл – ләззаты мол сағыныш… Енді екінші шумағы:
Ей, құрбым, сөз сөйлейін,
көрген жайдан,
Айтпаймын күдер үз деп ақ сұңқардан, – деп үмітке толы күдіксіз көңілдің риясыз сырын қозғап кеп:
Көңілімде еш дауалық болмаған соң,
Бойымда толып жатыр арыз, арман, – дейді.
Бұл – тыпыршып, тағатсыз соққан албырт жү­ректің ерке назы. Үздіге ұмсынған көңілдің тәтті аңсауы ғана. Боркемік сезімнен ада. Ләззатты сырмен аялап, жан тебірентеді.
Ал, екінші түріне келейін:
Ғизатлу, хат жазамын, сәулем саған,
Самарқау осы күні көңіл шабан.
Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,
Дариға-ай, осыменен өтті-ау, заман!.. Мұң… Ауыр мұң! Ән емес, романс көтеретін жүк. Сүйіктісі көзіне көрінеді, көрінбейді. Болжаусыз күндер өтіп жатады. Мысын құртқан шарасыздық!
“Ғизатлу”… осы сөздің қайдан шы­ғып жатқанын айтайын: Ғабит Мүсіре­повтың “Ақан сері – Ақтоқты” пьесасында Ақан серінің рөлін ойнай бастағанда композитордың өлеңдеріне көп үңілдім. Ақындығы терең. Тұңғиық ойлары шымырлап, тым алыстан…, алыстан қайы­рылады. Махаббат ләззатын Ақан сері­дей жырлаған композитор кем де кем шы­ғар. Шерлі жүрегінен сырлы сезім кәусары ағылады. Махаббаттан опа тап­­­паған Бетховеннің баянсыз арманының жыры болған “Айлы сонатасын” тыңда­­­ғандай хал кешем. Бетховен өз шәкірті Джульетта Гвиччар­ди­дің түлкі бұлаңға салған алдамшы қылығына жыны келіп жүрсе де, оның сол құбылмалы жүзін құдайдың құтты күні “көрсем екен” деп, жүрегінің лүпілін “Айлы сонатасына” мөлдіретіп түсірді ғой. Ақан сері де қолы жетпеген сүйіктісін шуақты лиризммен әлпештейді. Оған кінәрат жұқтырмайды. Не деген бекзат қасиет, бұл!
Ғизатлу, жаздым сәлем, перизатқа,
Қимаймын, сені, қалқам, басқа жатқа,
Аршын төс, алма мойын, ей, перизат,
Оқыңыз зейін салып, осы хатқа, – десе, тағы бір дел-сал күйде жүрген сәтінде:
Құрметті, сөз жазамын, раушаныңа,
Кез болдың бір талапкер дер шағыма..
Тимеген жүген, құрық асау керім,
Жүрмісің, Иран бағы шарбағында, – деп сырттай үздігіп, таң-тамаша болады. Асығы түгел, бір пешенелі жан.
Көрдіңдер ме, Ақан сері “ғизатлуды” “құрмет­ті” деп те алған. Е, “Бибіғай­­­ша­ға” деген өлеңі де есімде:
Құрметлу, хат жазамын, асыл затқа,
Сөзімді айтатұғын жаздым хатқа.
Жарқыным, тәккаппарлық жасамаңыз,
Алыңыз бұл сөзімді ілтипатқа… Ақан сері “құрметтіні” бұл жерде “құрметлу” деп отыр. Түптеп келгенде – ғизатлу, құрметті, құрметлу – бәрі бір сөз. “Екі жиреннің” екінші түрінде Ақан серінің осы үлгісі бар.
– Ал: “Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,” дегені не, аға? – деді, мына сөзге қызыға ден қойған Суат.
– Мұғаллақ – “дел-сал” деген сөз. Араб сөзі. Мекке, Медине жағында тәңірдің көктен түсір­ген бір қара тасы бар білем. Ол жер мен көктің арасында тұратын көрінеді. Сол тасты “мұғаллақ” дейді екен. Өзім, әри­не, көргем жоқ. Алланың әміріне қалай шү­бә келтіресің. “Мұғаллақ” сөзі діни қис­салар шыға­­­­ратын терең білімді ақын­дары­мыздан тарапты. Осы сөзді Көкше­тау мешітінің имамы Науан хазірет көп айтқан деседі. “Екі жирен” әніндегі “мұ­ғал­лақ” сөзі келетін жолды: “Дел-сал” боп, екі дүние бірінде жоқ, дариға-ай, осыменен өтті-ау заман”, деп айтса да болады.
Жігіттер бір ғұлама қариядан сыр тыңдап отырғандай өзге дүниенің бәрін ұмытты. Құмар­лық, іңкәрлік, пәк сезім әлдиледі оларды.
Поезд Қазақстанның ормансыз шаң­қиған ашық даласында тоқтаусыз заулап келеді.
Шәкен тағы да шай алдырып, оны тағы да өзі демдеді. Бәрі ұйып отырып шай ішті. Бұларды ешкім мазаламады.
Поезд бірте-бірте баяулап кеп, бір шағын станцияға жақындай бергенде: «Суат, сен осы әнге мықтап зейін сал. Үйретейін саған», – деп Шәкен әнді қоңыр үнімен жайлап қана бастады. Суат оған іштей қосылды.
Суат қасындағы баянист жігітке ым қақты. Ол оны, түсінді де: – «Шәкен аға, мен қазір… ғафу етіңіз», – деп купеден ақырын шыға берді.
Ол өз купесіне барып, баянын әкелді. Ілкімді жігіт екен, ән тактысына бірден берілді. Баянның сырлы үнінде “Екі жи­­­реннің” жүрек сыздатқан екінші түрі…
Поезд үстінде ән алғаш рет нотаға түсті. Шәкен қасын қияқтай керіп, жүзінен нұры төгіліп:
– Апырай, оқыған балаларға дауа жоқ екен-ау, ә? Сүйкей салып еді, “Екі жирен” шыға келді. Паһ! Паһ! Лүпілдеген жүрегіңнен, лыпылдаған саусағыңнан айналайын! – деп жер-көкке симай масаттанды.
– Айналайын, есімің кім?
Баянист сыпайы ғана езу тартып: «Ораз», – деді.
Суат қоңыр көзіне шуақты күлкі үйіріліп: «Аға, әнді үйренген мен… Сонда мен қайда қалдым? – деді өкпелеген баладай бұртиып.
Шәкен де Суатқа қуақылана сүзіліп: «Сен мына құмырсқадай шұбырған ирек-ирек нотаға жан бітір. Тірілт! Тұнып тұрған мұңды әуез. Мұның тұңғиық сырына ену оңай емес. Қиямет іс! Оның ендігі бағы – сенің қолыңда. Бар үміт өзіңде:» – деп қаласы бұзылмаған аппақ тісін жарқырата күлді.
Алматыға жеткенше Шәкеннің купесінде “Екі жиреннің” толғаулы сазы толастаған жоқ. Поезд екінші Алматы вокзалына тоқтап, жұрт бір-бірімен дуылдаса қоштасып, жөн-жөніне кетіп жатқанда Шәкен:
– Суатжан, “Екі жиренді” үйрендің, бірақ, әлі де түзететін жері бар. Уақыт тауып, келіп жүр, маған. Ұмытпа осыны! – деді маңдайынан иіскеп.

Илья ЖАҚАНОВ

Бөлісу: