Бекеннің Нұтфолла Шәкеновпен әңгімесі

14 Қараша 2013, 05:12

Бекен түс мезгілінде Нұтфолла Шәкеновті филармониядан тапты. Композитор Бақытжан Байқадамов екеуі концерттік залда рояльдің қасында әңгімелесіп отыр екен. Бекенді көрген сәтте Нұтфолла: – О, Бекенжан, оу, қа­шан келдің Семейден, а? Саламат па! Ел-жұртың аман ба? Бақа, бұл Жамақаев деген ініміз, – деп құшақтай алды. – Ә, Жамақаев па? Білем… сырттай ғана. Әндерін тыңдап жүрмін, – дей бергенде бір қыз келіп: – Бақытжан аға, сізді телефонға! – деді. Байқадамов шыға жөнелді. Бекен Нұтфоллаға «Махаббат валь­сі­нің» мән-жайын айта бастады. Бұл вальс не дейді? Бәр-бәрін тәптіштеп, рояль­д­е екі-үш рет ойнап көрсетіп, өз ойын шашыратпай нақпа-нақ, дәл, анық түсіндірді. – Ұқтым, Бекенжан…талай әнге сөз жаздым ғой, міне, жаңа өзің келердің алдында Байқадамов бір хор-сюитасын көрсетіп отырған-ды. Осы Бақаңның «Ақ бидай» әні бар емес пе, ана жылы соның сөзін бір сағатта жазып бергем. Ал, мына вальсің жүрегіме қонды. Сөзін кешіктірмеймін, Бекенжан… – Ән ә дегеннен «Таң атқанда гүл бағын суарамын» деген жолдан басталса… қайырма да: «Жаным, деп маған үн қатқан» деп басталуы тиіс. Бұл екі сөзді өзгертпеңіз. Сөзі тұтас жазылып біткенде, оның авторы бәрібір өзіңізсіз. Осы айтқан екі жол бүгін таңертең демалыс үйінің алдында таң нұрын тамашалап тұрғанда гүлге су құйып жүрген екі келіншекті көріп, жүрегіме байланды да қалды, Нәке, осы екі жол қалай да сақталсын! – Жақсы, солай етем, Бекенжан. Бәтуалы сөз осылай болды. Екеуі әңгімелескен күйі «Алматы» ресторанына келді. Тамақ үстінде Нұтфолла өзімен өзі күбірлеп блокнотына өлең жолдарын шумақ-шумақ қып тез-тез түсірді. Анда-санда Бекенге ойлана қадалып: «Тсс!» деп күліп қояды. Кей жолдарды заматта сызып тастап, жаңа сөзбен алмастырады. Алдындағы рюмкесіне қол тигізген жоқ. Бір сағатқа жетті ме, жетпеді ме, Нұтфолла қараторы сылыңғыр жүзі нұрлана құбылып, тояттаған бүркіттей алабұртып, Бекеннің алдына шимай-шимай блокнотты үн-түнсіз қоя салды. Бекен оған ұзақ үңілді. Бірде күлімсіреді, бірде қабағы шытылды. Қайта жымиды. – Көшіріп алайыншы, – деді қалта­сы­нан екі бүктелген нота қағазын алып. Нұтфолла үнсіз бас изеді. Өлең көші­ріліп біткен соң, Бекен оны әндетіп оқыды: Таң атқанда гүл бағын суарамын, Күнде ертемен өзеннен су аламын. Алтын сәуле көремін сол бір шақта, Сенің нұрың болар деп қуанамын. Жаным, деп маған үн қатқан, Жүрекпен сүйіп ұнатқан. Бақытым менің, Таппаспын теңін – Махаббат гүл атқан! Сағынышпен күтемін әрбір таңды, Жақсы үмітпен арнаймын толқын әнді. Бақытымдай жалт еткен жанарыңнан Ұшқын түсті жаныма өшпес мәңгі. Өзің сүйіп аңсаған ардағыңмын, Өзің еді жұлдызы арманымның, Көгершіндей ұялап көңіліңе, Жүрегіңе табысқан жан жарыңмын! Өлең осылайша оқылып болған соң Бекен: – бірінші шумақтағы екінші жол бірінші…ал, бірінші жол екінші жол болса, а, Нәке? Өзеннен су әкелгенде ғана суарады ғой, гүлді, – деді жұмсақ үнмен, – жо-жоқ… мейлі… осылайша қала берсін Қайырманы тұп-тұтас. Оны қозғамаңыз. Ол дұрыс, Нәке. Бекеннің көкейінде тағы бір түйіткіл ойлар бар еді, оны айта алмай бөгелді де: – үшінші шумақты қайта қараңызшы, Нәке, менің жүрегімдегі кейіпкерім маған жар болған жоқ. Бұл вальс сүйіскен жандардың еш алаңсыз, еш күдіксіз… шуақты, сәулелі дерлік бақытты сәті. Сондай ғана сәт! Кейіпкерімнің одан кейінгі тағдырын сіз сұрамаңыз, мен айтпаймын. Ессіз сүйіндірген махаббат бақытты бола бере ме, Нәке, а? – Түсіндім, Бекенжан, түсіндім. Пушкиннің Анна Кернді алғаш көрген сәтте: «Я помню чудное мгновенье» дегені сияқты құлай беріле таңғалып сүюдің өзі де баянды боп аяқталған емес. «Махаббат вальсі» – қайта оралмас бақытты сәттің жыры екен. Солай екен, Бекенжан… Екеуі бағаналы бері қозғаусыз тұрған рюмкелерге қол созды. *    *    * Сол күні кешінде Бекен Роза Бағланованың үйіне келді. Ол кісі үйінде болмай шықты. Қолындағы нотасын қарт әжеге берді де өзі үн-түнсіз кете барды.   Илья Жақанов

Бекен түс мезгілінде Нұтфолла Шәкеновті филармониядан тапты. Композитор Бақытжан Байқадамов екеуі концерттік залда рояльдің қасында әңгімелесіп отыр екен. Бекенді көрген сәтте Нұтфолла: – О, Бекенжан, оу, қа­шан келдің Семейден, а? Саламат па! Ел-жұртың аман ба? Бақа, бұл Жамақаев деген ініміз, – деп құшақтай алды.
– Ә, Жамақаев па? Білем… сырттай ғана. Әндерін тыңдап жүрмін, – дей бергенде бір қыз келіп: – Бақытжан аға, сізді телефонға! – деді.
Байқадамов шыға жөнелді.
Бекен Нұтфоллаға «Махаббат валь­сі­нің» мән-жайын айта бастады. Бұл вальс не дейді? Бәр-бәрін тәптіштеп, рояль­д­е екі-үш рет ойнап көрсетіп, өз ойын шашыратпай нақпа-нақ, дәл, анық түсіндірді.
– Ұқтым, Бекенжан…талай әнге сөз жаздым ғой, міне, жаңа өзің келердің алдында Байқадамов бір хор-сюитасын көрсетіп отырған-ды. Осы Бақаңның «Ақ бидай» әні бар емес пе, ана жылы соның сөзін бір сағатта жазып бергем. Ал, мына вальсің жүрегіме қонды. Сөзін кешіктірмеймін, Бекенжан…
– Ән ә дегеннен «Таң атқанда гүл бағын суарамын» деген жолдан басталса… қайырма да: «Жаным, деп маған үн қатқан» деп басталуы тиіс. Бұл екі сөзді өзгертпеңіз. Сөзі тұтас жазылып біткенде, оның авторы бәрібір өзіңізсіз. Осы айтқан екі жол бүгін таңертең демалыс үйінің алдында таң нұрын тамашалап тұрғанда гүлге су құйып жүрген екі келіншекті көріп, жүрегіме байланды да қалды, Нәке, осы екі жол қалай да сақталсын!
– Жақсы, солай етем, Бекенжан.
Бәтуалы сөз осылай болды. Екеуі әңгімелескен күйі «Алматы» ресторанына келді. Тамақ үстінде Нұтфолла өзімен өзі күбірлеп блокнотына өлең жолдарын шумақ-шумақ қып тез-тез түсірді. Анда-санда Бекенге ойлана қадалып: «Тсс!» деп күліп қояды. Кей жолдарды заматта сызып тастап, жаңа сөзбен алмастырады. Алдындағы рюмкесіне қол тигізген жоқ. Бір сағатқа жетті ме, жетпеді ме, Нұтфолла қараторы сылыңғыр жүзі нұрлана құбылып, тояттаған бүркіттей алабұртып, Бекеннің алдына шимай-шимай блокнотты үн-түнсіз қоя салды. Бекен оған ұзақ үңілді. Бірде күлімсіреді, бірде қабағы шытылды. Қайта жымиды.
– Көшіріп алайыншы, – деді қалта­сы­нан екі бүктелген нота қағазын алып.
Нұтфолла үнсіз бас изеді. Өлең көші­ріліп біткен соң, Бекен оны әндетіп оқыды:
Таң атқанда гүл бағын суарамын,
Күнде ертемен өзеннен су аламын.
Алтын сәуле көремін сол бір шақта,
Сенің нұрың болар деп қуанамын.
Жаным, деп маған үн қатқан,
Жүрекпен сүйіп ұнатқан.
Бақытым менің,
Таппаспын теңін –
Махаббат гүл атқан!
Сағынышпен күтемін әрбір таңды,
Жақсы үмітпен арнаймын
толқын әнді.
Бақытымдай жалт еткен жанарыңнан
Ұшқын түсті жаныма өшпес мәңгі.

Өзің сүйіп аңсаған ардағыңмын,
Өзің еді жұлдызы арманымның,
Көгершіндей ұялап көңіліңе,
Жүрегіңе табысқан жан жарыңмын!
Өлең осылайша оқылып болған соң Бекен: – бірінші шумақтағы екінші жол бірінші…ал, бірінші жол екінші жол болса, а, Нәке? Өзеннен су әкелгенде ғана суарады ғой, гүлді, – деді жұмсақ үнмен, – жо-жоқ… мейлі… осылайша қала берсін Қайырманы тұп-тұтас. Оны қозғамаңыз. Ол дұрыс, Нәке.
Бекеннің көкейінде тағы бір түйіткіл ойлар бар еді, оны айта алмай бөгелді де: – үшінші шумақты қайта қараңызшы, Нәке, менің жүрегімдегі кейіпкерім маған жар болған жоқ. Бұл вальс сүйіскен жандардың еш алаңсыз, еш күдіксіз… шуақты, сәулелі дерлік бақытты сәті. Сондай ғана сәт! Кейіпкерімнің одан кейінгі тағдырын сіз сұрамаңыз, мен айтпаймын. Ессіз сүйіндірген махаббат бақытты бола бере ме, Нәке, а?
– Түсіндім, Бекенжан, түсіндім. Пушкиннің Анна Кернді алғаш көрген сәтте: «Я помню чудное мгновенье» дегені сияқты құлай беріле таңғалып сүюдің өзі де баянды боп аяқталған емес. «Махаббат вальсі» – қайта оралмас бақытты сәттің жыры екен. Солай екен, Бекенжан…
Екеуі бағаналы бері қозғаусыз тұрған рюмкелерге қол созды.
*    *    *
Сол күні кешінде Бекен Роза Бағланованың үйіне келді. Ол кісі үйінде болмай шықты. Қолындағы нотасын қарт әжеге берді де өзі үн-түнсіз кете барды.
 

Илья Жақанов

Бөлісу: