Әскерге кеткен Көкқасқа

14 Қараша 2013, 04:55

Сырдарияның екі жағалауын мекендеген қалың қазақтың бір бөлігі егін егіп жер емсе, екінші бөлігі атакәсіп – мал шаруашылығымен айналысатын. Сан ғасырлар осы құйқалы жерді мекендеген ел «Қазақтар жерді игеріп, диқаншылық етпеген, мал жайылымын ойлап көшіп-қонып жүре берген», деген қасаң ұғымды жоққа шығарады. Керек десеңіз, бүгінгі күнге дейін сол өңірдегі өзбек-қырғыз егіншілерінің бәзбірі «Қазақ диқанның қолы берекелі келеді», деп дән-дақылын қазақ қолымен сепкізіп алады. Мұны көз көрген соң айтамыз. Аққорған мен Мырзашөлдің арасын қақ жарып аққан Сырдарияның сағасында жанға дауа, дертке дәру шөптің сан түрі өседі. Мал баққан елге жақсы жайылым. Қамыс-құрағы атты адамды жасырса, жусаны бұр­қырап, жоңышқа, беде, шырмауы­ғы­ның қалыңдығы сонша тай-құлынды матап, ұсақ малды адым жер жүр­гіз­бейтін, ит тұмсығы батпайтын нағыз «құйқалы қалың» осы жер. Құйқалы қалыңның кең бір жайылымын «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалма­сын» деген ашаршылық кезеңінде «Шү­лен таратқан Оразкелді» деген жақ­сы аты шыққан оразкелділердің бір ұлысы мекендейтін. Ұлыстың басшысы жеті атасынан бері дәулет үзіл­меген Жолбек бай деген болған екен. Жүзі нұрлы, жүрегі жұмсақ, қолы ашық Жолбектің байлығын кім санап, кім есеп-хатқа түсіріпті? Сұрай қал­саң «Мыңғырған малының есебі жоқ бай болыпты…» дейді көнекөз қария­лар. Жолбек бай мал басын көбейту­мен ғана емес, әр түліктің төлін асылдандыру ісімен де көп шұғылда­нып­ты. Әсіресе, жылқы тұқымын асыл­дан­дыруды мықтап қолға алған де­се-ді. Оның айпара дәлелі, балуан інісі Сәңгіл мінген Көкқасқа тұлпар. Сәң­гілдің сән-салтанатын келтіріп, даң­қын шығарған Көкқасқа туралы аңыз-әфсана Сырдарияны жағалаған елдің арасында баршылық. Аңыздан аршылып, ақиқаты жазылған үш тал қағаз-хат Сейхунабат ауданының ақсақалы Бөріхан Мұталиповтан бізге де келіп жеткен-ді. Оқушы қауымға соны баяндауды жөн санадық. Жолбек бай ат құмар, балуан де­нелі кенже інісі Сәңгілді жастайынан жанынан тастамай, той-жиынға, аламан бәйге, додалы көкпарларға үнемі ертіп жүреді екен. Жас кезінен-ақ небір аузы дуалы билер мен көкірегі дария-даңғыл қарияларды көріп өскен Сәңгіл ел жағдайымен қатар, мал шаруасына да бекем болыпты. Қара Айдар сынды атбегілерінен тұлпар шы­ғар тай-құлынның бітім-болмысын айы­рып, оны баптап, түрлі өнер-ой­ын­­ға баулудың қыр-сырын да терең меңгерген. Сәңгілдің жігіттік шағы туып, жұл­дызы жанған кезде бірнеше асыл тұқымның будандасуынан туған Көк­қасқа құлын да бой түзеп өсіп, жер тарпыған тұлпарға, жол апшысын қуырған жүйрікке айналған мезеті екен. Сол тұстағы атбегілер мен құ­рыш тақым шабандоздарды таңғал­дырғаны – Көкқасқа бел – тұрқы ұзын, құйма тұяқ бәйге жүйрігі ғана емес, тірсегі жуан, піл табан көкпар аты да болыпты. «Бәйгелі тойда алдына қыл құйрық салмаса, көкпарда үлкен додаларды жарып шығып, топтан лезде қара үзетін екен», дейді көнекөздер. Жа­нуардың аяғы ұзын әрі жуан бол­ғанымен, оған жараса тұяғы тіктеу біткен. Нағыз аққу мойын, қоян қабақ, қамыс құлақ тұлпар еді. Ол кезде Сәңгіл шабандоздың тақымына түскен серкенің шаты сеті­неп жыртылмаса, ешбір мықты құ­рыш тақымын ажыратып, салымды тар­тып алып кете алмайды екен. Бір­де, қалың нөпірді жарып шығу үлкен күш болған шақта Көкқасқа жанын­дағы жарға түсіп кетеді де, жар таба­нындағы жалғыз аяқ жолмен шауып отырып қайта көкпар алаңына шы­ғыпты. Жаратқан бір айналдырғанды шыр айналдырады демекші, жұлдыз­дай аққан Көкқасқа мәреге жақындай беріп бір қарғығанда үлпі қар басқан үлкен апанға күмп етіп түсіпті. Апан­ның тереңдігі сондай, Сәңгіл мен Көк­қасқаның басы ғана қылтиып кө­рінеді дейді. Етқызуы қайтпаған ар­ғымақ екі ұмтылып, ернеуге шыққан да ентелеген көп атты жарып өтіп, мәреге қарай заулаған. Көкқасқа мен иесі Сәңгіл туралы мұндай әңгімелер көп-ақ. Шабандоз туралы кезінде өзбек классиктерінің бірі Сайд Ахмат та көлемді әңгіме жазған болатын. Қазыққа қайта орал­сақ, сол заманда алты алашқа аты кеткен ақылман Омар ақсақал, Сәңгіл мен Көкқасқаны көзсұқтан, тіл-сөзден сақтау мақсатында, шабандозды арнайы шақыртып алып, бата берген деген дерек бар. Ол батаның бастауы әлі ел аузында. Көкқасқа асыл тұқым, тұлпар тұяқ, Ытады көкпар қолға тигеннен-ақ. Жануар бас бәйгені бермей кеттің, Сәңгіл боп шабондозың бастан-аяқ. Мінгенің Көкқасқа мен Жиренқасқа, Атың шықты мәре бермей ел мен жұртқа. «Аруақтары Оразкелдің қорғасын» деп, Батасын берген екен Омар ата. «Жаңбырменен жер көгерер, Батаменен ер көгерер» демекші, сол шақ­тағы Сәңгіл мен Көкқасқаның аты ана жағы өзбек-тәжікке, мына жағы Алты алаш қазаққа кең тарапты. Екі сойдың дабысы Мәскеуге де жетсе керек. Сол 1941 жылы Кеңес одағының астанасы Мәскеуде жылқы көрмесі әрі ат жарысы ұйымдастырылып, оған Сәңгіл мен Көкқасқа да шақырту алыпты. Одақ төрінен арнайы жіберілген шақырту қолына тиген Сәңгіл ағайын-туғаны мен ауыл ақсақалдарын жинап, Мәс­кеу шақыртуын қабыл алу немесе бармай қалу мәселесін ортаға салыпты. Ауыл ақсақалдары әр пікірдің жігін таратып, ортақ ойға ойысыпты. Қа­лып­тасқан дәстүрлі тәртіп бойынша Омар ақсақал сөз алып: «Сәңгілдей ер мен Көкқасқадай тұлпар жылда тумасы кәміл. Мәскеудің төрінде Көкқас­қаның өнерін көрсету бақыты да күнде бұйырмасы белгілі. Сондықтан барғаныңды дұрыс деп ұйғардық. «Жор­тқанда жолың болсын. Жолда­сың Қыдыр ата болсын!» деп ақ батасын беріпті. Күндерге күндер жалғасып, Сәңгіл мен тұлпары Мәскеуге де жетіпті. Үлкен жердің көзсұғынан сақтанған Сәңгіл Көкқасқаның басы мен төрт тұяғын ғана ашық қалдырып, бүкіл денесін төгілген әсем жабумен жауып ұстапты. Әйтсе де, көрмеде жабуын алып жүруге тура келіпті. Көрмеге келген атты әскер офицерлерінің көбі Көкқасқаның маңғаз жүрісі мен керім дене бітіміне қызығып, тұлпарды ай­нал­шықтап, жанынан ұзай алмай қа­лыпты, десе-ді. Ат жарысы кезінде Сырдың саң­лақ сәйгүлігі жүздеген қатарлас аттан қара үзіп, мәре сызығына бірінші болып келеді. Небір додалы көкпарларда тілерсекке дейін саз кешіп, күні бойы қағылып-соғылып шабуға үйренген Көкқасқаға жұмсақ әрі тегіс ажырық­тың үстінде көсіле шабу жан рахаты еді. Жарыста құстай ұшқан жануар­дың еті қызып, енді бауыры жазыла бастағанда, шабыс аяқталады. Мұны көрермен арасындағы сұңғыла көздер байқамай қалмады. Олар кең тынысты жүйрікті айналшықтап, жуан күшті аяқтары мен болат тұяқтарына қарап таңданыстарын жасыра алмапты. Сәң­гіл көрмеден мол сый-сыяпатпен қатар, Көкқасқасы үшін алтын медаль алып қайтады. Бұл кезең Екінші дүниежүзілік соғыстың жүріп жатқан уақыты екені мәлім. Мәскеудегі жылқы көрмесі аяқтала сала Германия Кеңес ода­ғына қарсы соғыс ашты. Осыған орай Одақтың барлық республикаларынан жылқы көрмесіне келген арғымақтар түгел әскерге алынды. Ел көзіне ерек түсіп, талай офицердің көзқұртына айналған Көкқасқа жануар да атты әскер армиясына беріледі. Жаратылысынан есті жануар қоштасарда иесі­нен басқа ешкімнің аяғын үзең­гісіне салдырмай, қайта-қайта иесіне қарап кісінеумен болады. Көкқас­қаны осы күнге дейін Сәңгілден бас­қа ешкім мінбеген екен. Арғыма­ғының жанарынан жас көрген Сәңгіл де шыдай алмай еңіреп тұрып жылайды. Қош­тасудың бұл қасіретті көрінісіне шы­да­маған офицерлер Сәң­гілді көлікке отырғызып алып ке­теді. «Иесі көзден таса болса, мі­нуі­мізге мойынсұнар», деген болар, бәлкім. Амал не, көзінің жасын көл қыл­ған Сәңгіл қанатынан айырылған қы­рандай қайғыға көміліп, елге оралды. Бұл келген күні айы-күні жетіп отырған бәйбішесі шекесі торсықтай ұл туып, ырымшыл қазақ емес пе, ұзағынан сүйіндірсін деп, ұлының атын Медалхан қояды. Біздің елге Ме­дал­хан деген есім осылай келген. Одан беріде Сырдария бойындағы елде талай Сәңгіл, талай Медалхан, Медалбектер дүниеге келді. Бүгінде Сәңгілдің немересі Әдәмхан Сырдарияда тұрады, ішкі істер органында полковник шенінде қызмет етіп, зейнетке шыққан. Үбірлі-шүбірлі, өсіп-өнген ел. Ал Көкқасқаның кейінгі тағ­дыры біздің елге беймағлұм. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».

Сырдарияның екі жағалауын мекендеген қалың қазақтың бір бөлігі егін егіп жер емсе, екінші бөлігі атакәсіп – мал шаруашылығымен айналысатын. Сан ғасырлар осы құйқалы жерді мекендеген ел «Қазақтар жерді игеріп, диқаншылық етпеген, мал жайылымын ойлап көшіп-қонып жүре берген», деген қасаң ұғымды жоққа шығарады. Керек десеңіз, бүгінгі күнге дейін сол өңірдегі өзбек-қырғыз егіншілерінің бәзбірі «Қазақ диқанның қолы берекелі келеді», деп дән-дақылын қазақ қолымен сепкізіп алады. Мұны көз көрген соң айтамыз.

Аққорған мен Мырзашөлдің арасын қақ жарып аққан Сырдарияның сағасында жанға дауа, дертке дәру шөптің сан түрі өседі. Мал баққан елге жақсы жайылым. Қамыс-құрағы атты адамды жасырса, жусаны бұр­қырап, жоңышқа, беде, шырмауы­ғы­ның қалыңдығы сонша тай-құлынды матап, ұсақ малды адым жер жүр­гіз­бейтін, ит тұмсығы батпайтын нағыз «құйқалы қалың» осы жер. Құйқалы қалыңның кең бір жайылымын «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалма­сын» деген ашаршылық кезеңінде «Шү­лен таратқан Оразкелді» деген жақ­сы аты шыққан оразкелділердің бір ұлысы мекендейтін. Ұлыстың басшысы жеті атасынан бері дәулет үзіл­меген Жолбек бай деген болған екен. Жүзі нұрлы, жүрегі жұмсақ, қолы ашық Жолбектің байлығын кім санап, кім есеп-хатқа түсіріпті? Сұрай қал­саң «Мыңғырған малының есебі жоқ бай болыпты…» дейді көнекөз қария­лар. Жолбек бай мал басын көбейту­мен ғана емес, әр түліктің төлін асылдандыру ісімен де көп шұғылда­нып­ты. Әсіресе, жылқы тұқымын асыл­дан­дыруды мықтап қолға алған де­се-ді. Оның айпара дәлелі, балуан інісі Сәңгіл мінген Көкқасқа тұлпар. Сәң­гілдің сән-салтанатын келтіріп, даң­қын шығарған Көкқасқа туралы аңыз-әфсана Сырдарияны жағалаған елдің арасында баршылық. Аңыздан аршылып, ақиқаты жазылған үш тал қағаз-хат Сейхунабат ауданының ақсақалы Бөріхан Мұталиповтан бізге де келіп жеткен-ді. Оқушы қауымға соны баяндауды жөн санадық.

Жолбек бай ат құмар, балуан де­нелі кенже інісі Сәңгілді жастайынан жанынан тастамай, той-жиынға, аламан бәйге, додалы көкпарларға үнемі ертіп жүреді екен. Жас кезінен-ақ небір аузы дуалы билер мен көкірегі дария-даңғыл қарияларды көріп өскен Сәңгіл ел жағдайымен қатар, мал шаруасына да бекем болыпты. Қара Айдар сынды атбегілерінен тұлпар шы­ғар тай-құлынның бітім-болмысын айы­рып, оны баптап, түрлі өнер-ой­ын­­ға баулудың қыр-сырын да терең меңгерген.

Сәңгілдің жігіттік шағы туып, жұл­дызы жанған кезде бірнеше асыл тұқымның будандасуынан туған Көк­қасқа құлын да бой түзеп өсіп, жер тарпыған тұлпарға, жол апшысын қуырған жүйрікке айналған мезеті екен. Сол тұстағы атбегілер мен құ­рыш тақым шабандоздарды таңғал­дырғаны – Көкқасқа бел – тұрқы ұзын, құйма тұяқ бәйге жүйрігі ғана емес, тірсегі жуан, піл табан көкпар аты да болыпты. «Бәйгелі тойда алдына қыл құйрық салмаса, көкпарда үлкен додаларды жарып шығып, топтан лезде қара үзетін екен», дейді көнекөздер. Жа­нуардың аяғы ұзын әрі жуан бол­ғанымен, оған жараса тұяғы тіктеу біткен. Нағыз аққу мойын, қоян қабақ, қамыс құлақ тұлпар еді.

Ол кезде Сәңгіл шабандоздың тақымына түскен серкенің шаты сеті­неп жыртылмаса, ешбір мықты құ­рыш тақымын ажыратып, салымды тар­тып алып кете алмайды екен. Бір­де, қалың нөпірді жарып шығу үлкен күш болған шақта Көкқасқа жанын­дағы жарға түсіп кетеді де, жар таба­нындағы жалғыз аяқ жолмен шауып отырып қайта көкпар алаңына шы­ғыпты. Жаратқан бір айналдырғанды шыр айналдырады демекші, жұлдыз­дай аққан Көкқасқа мәреге жақындай беріп бір қарғығанда үлпі қар басқан үлкен апанға күмп етіп түсіпті. Апан­ның тереңдігі сондай, Сәңгіл мен Көк­қасқаның басы ғана қылтиып кө­рінеді дейді. Етқызуы қайтпаған ар­ғымақ екі ұмтылып, ернеуге шыққан да ентелеген көп атты жарып өтіп, мәреге қарай заулаған.

Көкқасқа мен иесі Сәңгіл туралы мұндай әңгімелер көп-ақ. Шабандоз туралы кезінде өзбек классиктерінің бірі Сайд Ахмат та көлемді әңгіме жазған болатын. Қазыққа қайта орал­сақ, сол заманда алты алашқа аты кеткен ақылман Омар ақсақал, Сәңгіл мен Көкқасқаны көзсұқтан, тіл-сөзден сақтау мақсатында, шабандозды арнайы шақыртып алып, бата берген деген дерек бар. Ол батаның бастауы әлі ел аузында.

Көкқасқа асыл тұқым, тұлпар тұяқ,

Ытады көкпар қолға тигеннен-ақ.

Жануар бас бәйгені бермей кеттің,

Сәңгіл боп шабондозың бастан-аяқ.

Мінгенің Көкқасқа мен

Жиренқасқа,

Атың шықты мәре бермей ел мен жұртқа.

«Аруақтары Оразкелдің қорғасын» деп,

Батасын берген екен Омар ата.

«Жаңбырменен жер көгерер, Батаменен ер көгерер» демекші, сол шақ­тағы Сәңгіл мен Көкқасқаның аты ана жағы өзбек-тәжікке, мына жағы Алты алаш қазаққа кең тарапты. Екі сойдың дабысы Мәскеуге де жетсе керек. Сол 1941 жылы Кеңес одағының астанасы Мәскеуде жылқы көрмесі әрі ат жарысы ұйымдастырылып, оған Сәңгіл мен Көкқасқа да шақырту алыпты. Одақ төрінен арнайы жіберілген шақырту қолына тиген Сәңгіл ағайын-туғаны мен ауыл ақсақалдарын жинап, Мәс­кеу шақыртуын қабыл алу немесе бармай қалу мәселесін ортаға салыпты. Ауыл ақсақалдары әр пікірдің жігін таратып, ортақ ойға ойысыпты. Қа­лып­тасқан дәстүрлі тәртіп бойынша Омар ақсақал сөз алып: «Сәңгілдей ер мен Көкқасқадай тұлпар жылда тумасы кәміл. Мәскеудің төрінде Көкқас­қаның өнерін көрсету бақыты да күнде бұйырмасы белгілі. Сондықтан барғаныңды дұрыс деп ұйғардық. «Жор­тқанда жолың болсын. Жолда­сың Қыдыр ата болсын!» деп ақ батасын беріпті.

Күндерге күндер жалғасып, Сәңгіл мен тұлпары Мәскеуге де жетіпті. Үлкен жердің көзсұғынан сақтанған Сәңгіл Көкқасқаның басы мен төрт тұяғын ғана ашық қалдырып, бүкіл денесін төгілген әсем жабумен жауып ұстапты. Әйтсе де, көрмеде жабуын алып жүруге тура келіпті. Көрмеге келген атты әскер офицерлерінің көбі Көкқасқаның маңғаз жүрісі мен керім дене бітіміне қызығып, тұлпарды ай­нал­шықтап, жанынан ұзай алмай қа­лыпты, десе-ді.

Ат жарысы кезінде Сырдың саң­лақ сәйгүлігі жүздеген қатарлас аттан қара үзіп, мәре сызығына бірінші болып келеді. Небір додалы көкпарларда тілерсекке дейін саз кешіп, күні бойы қағылып-соғылып шабуға үйренген Көкқасқаға жұмсақ әрі тегіс ажырық­тың үстінде көсіле шабу жан рахаты еді. Жарыста құстай ұшқан жануар­дың еті қызып, енді бауыры жазыла бастағанда, шабыс аяқталады. Мұны көрермен арасындағы сұңғыла көздер байқамай қалмады. Олар кең тынысты жүйрікті айналшықтап, жуан күшті аяқтары мен болат тұяқтарына қарап таңданыстарын жасыра алмапты. Сәң­гіл көрмеден мол сый-сыяпатпен қатар, Көкқасқасы үшін алтын медаль алып қайтады.

Бұл кезең Екінші дүниежүзілік соғыстың жүріп жатқан уақыты екені мәлім. Мәскеудегі жылқы көрмесі аяқтала сала Германия Кеңес ода­ғына қарсы соғыс ашты. Осыған орай Одақтың барлық республикаларынан жылқы көрмесіне келген арғымақтар түгел әскерге алынды. Ел көзіне ерек түсіп, талай офицердің көзқұртына айналған Көкқасқа жануар да атты әскер армиясына беріледі. Жаратылысынан есті жануар қоштасарда иесі­нен басқа ешкімнің аяғын үзең­гісіне салдырмай, қайта-қайта иесіне қарап кісінеумен болады. Көкқас­қаны осы күнге дейін Сәңгілден бас­қа ешкім мінбеген екен. Арғыма­ғының жанарынан жас көрген Сәңгіл де шыдай алмай еңіреп тұрып жылайды. Қош­тасудың бұл қасіретті көрінісіне шы­да­маған офицерлер Сәң­гілді көлікке отырғызып алып ке­теді. «Иесі көзден таса болса, мі­нуі­мізге мойынсұнар», деген болар, бәлкім.

Амал не, көзінің жасын көл қыл­ған Сәңгіл қанатынан айырылған қы­рандай қайғыға көміліп, елге оралды. Бұл келген күні айы-күні жетіп отырған бәйбішесі шекесі торсықтай ұл туып, ырымшыл қазақ емес пе, ұзағынан сүйіндірсін деп, ұлының атын Медалхан қояды. Біздің елге Ме­дал­хан деген есім осылай келген. Одан беріде Сырдария бойындағы елде талай Сәңгіл, талай Медалхан, Медалбектер дүниеге келді. Бүгінде Сәңгілдің немересі Әдәмхан Сырдарияда тұрады, ішкі істер органында полковник шенінде қызмет етіп, зейнетке шыққан. Үбірлі-шүбірлі, өсіп-өнген ел. Ал Көкқасқаның кейінгі тағ­дыры біздің елге беймағлұм.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Бөлісу: