Есек көкпар

14 Қараша 2013, 03:32

Көкпар – қазақтың ұлттық ойыны. Мұның атауына қатысты да талай аңыз бар. Заманында бабаларымыз көк бөріні тақымдаған екен дейді соның бірі. О кездегі аты да «көк бөрі» болған деседі кәріқұлақтар. Келе-келе көк бөрі сөзі қысқарып, көкпар болып кеткенге ұқсайды. Бабалары қасқыр тартқанда балаларының есекпен егеске түскені ерсі көрінетіні хақ. Айтып-айтпай не керек, ұрпақтың ұсақталғанына куә болатын көрініс қой. Бірақ есек көкпардың да өмірімізге енуі еріккеннен емес. Алдымен кәмпеске болды. Одан ашаршылық келді. Сосын соғыс. Ел есін енді жинай бергенде Хрущев қазақтың бар жылқысын орталыққа жинап алды. Содан ат түгілі, аша тұяқ мінген де кездері болған бұл жұрттың. Осы сәттен бастап балалар шалдар мінетін есекке әуес болғанға ұқсайды. Ақыры бала ойындарының бірі есек көкпар да үрдіске айналса керек. Біз солай топшылаймыз. Есек көкпарды ауылдың шетіндегі сиыр қорада ойнайтынбыз. Табылса тері тартамыз. Болмаса, әжеміз жүн сабайтын тулақты талап кетеміз. Сондай күндердің бірі еді. Есек көкпардың белді шабандозы – Нағи. Өзі менің өте жақын туысым. Додаға да кіреді. Жата қап тартысқанда тақымдыны төңкеріп тастайды. Өзі де тастақым. Бірақ осы Нағи бір күні есек көкпардан оңбай таяқ жеді. Топтан сытылып шыға бергені сол еді, ер-перімен аударылып кеткені. Сөйтсек, тартпасы үзілген екен. Аттан құласаң ештеңе болмайды. Десек те есектен құлаған ең жаманы. Қазақтың өзі «ат жалын, есек тұяғын тосады» деп бағзы заманда айтып кеткен ғой. Міне, біздің Нағиға есек тұяғын тосты. Тосқаны сол жерге құлаған оны таптап өте шықты. Мұрны даладай қанады. Құлаған кезде тап мұрыннан басқан екен. Содан танауы таңқиды да қалды. Осы күні сәл-пәл өсті ғой. Сонда да танауы әлі күнге делиіп жүреді. Мұндай қызық бастан талай өтті. Оның бәрін санамалай бермей Талдықорған жақтағы есек көкпардың қалай екеніне соғайық. Белгілі журналист Дәулетхан Жиенқұлов балалық шағын былай еске алады. – Біздің сыныпта Ахат деген бұзық бала болды. Оқуы нашар еді. Сонысына қарамай орысшаға жетік-тін. Оның себебі де бар. Біріншіден атасы ардагер болатын. Екіншіден сол «фронтовик» атасының майдан шебінен жетелей келген украин әжесі де оның орыс тілін жетік білуіне ересен еңбек сіңірді. Бірақ, Ахаттың бұзықтығында шек жоқ. Сонысына қарамай мектептегі спорттың да барлық түрін меңгерген. Ауданда өтетін футбол жарысына да, жүгіруге де, волейбол мен баскетболдан өтетін турнирлерге де барады. Бірінен қалмайды. Онымен тоқтамай көше «спортының» да бел ортасында жүретін. Қыста ауылдың шетіндегі кішкене ғана өзенге мұз қатады. Соған хоккей ойнайтын да Ахат, көктем шыға жер сызып, көше-көшені қыдырып жүріп асық ұратын да Ахат. Тіпті, ләңгінің түбін түсіретін. Бірлікпен тебу, жұптап тебу, секіріп тебу, тізенің астынан алу дегенде алдына жан салмайды-ау, сабазың. Сөйтіп, көктемде күн жылына ауылдың шетіндегі қотанға қозы жайып шығамыз. Есек деген көп. Көшеде қоқыс жейді, желмен ұшқан қағаздарды шайнайды, әйтеуір толып жүретін. Есекті біріміз ерттеп, біріміз жәй тоқым салып мінеміз. Арамызда жайдақ мініп, «тұлпарын» таяқпен қақпайлап жүретіндер де бар. 10-15 шақты қара жиналғанда, ауылдың шетіндегі бір үйдің, әдетте қора жағында жататын ешкінің тулағын әлгі пысықтардың бірі алып шығады. Бұндай жасырын операцияға көбіне тағы да сол Ахат барады. Мақсат – есек көкпар тарту. Басында бейберекет әркім өз мүмкіндігін көрсетіп, жан-жаққа тартқанымызбен, кейіннен көше-көше боп тартысатынды шығардық. Бір күні кезекті кездесу өтетін болды. Есектерімізді жаратып, қотанға жиналдық. Біздің көше мен «қотыр көше» тартысады. Жаңағы Ахат сол «қотыр көшеден». Басы жап-жақсы тартыспен басталған. Аяғында қызды-қыздымен балалардың біреуі екіншісінің есегін қамшылаймын деп, басқа бір жүгермектің өзін салып жіберіпті. Жон арқадан тиген қамшы осып түскен. Баж ете қалды. Ойын тоқтады. Бірақ, Ахат тулақты тақымынан босатар емес. Көк есектің үстінде бір жағына қисайып жатып алған. Ал қамшы тиген бала, бүкіл даланы басына көтере бажылдап, есегіне қамшыны басып, үйіне қарай тартты. Сүт пісірім уақыттан кейін жылап кеткен баланың дауысы одан бетер бақырып, оны есегімен қосып алдына салып бір атты шауып келе жатты. Бәріміз үрпиісіп-ақ қалдық. «Ойнап жүріп неге жылайсың деп сабаған шығар» деді арамыздағы біреу. «Ал ендеше, артындағы атасы. Енді бізді өлтіреді» деді екіншісі. Сөйткенше болған жоқ, қасымызға жетіп келді де, бәрімізді қуып кеп берді. Есектер жайында қалды. Тым-тырақай қашып барамыз. Жаяулатып жан-жаққа бытырап қаштық. Енді ше, есекпен қашсаң, екі аттатпай ұстап алады ғой. Қотанның айналасы қалың ши болатын. Онымен қоймай борпылдақ топырақ еді. Жандалбасалап бетіміз ауған жаққа безіп барамыз. Қозы жайына қалды. Ахат есегін де, тақымындағы «көкпарын» да тастай салып безді. Ол желаяқ, біз түгіл атты шалға да жеткізбейді оңайлықпен. Шал қуып жүріп бір-екеуімізді ұзын қамшысымен бір-екі осып-осып өтті. Қамшы тиген екеуі-үшеуі ирелеңдеп, ойбайға басып жатыр. Шынын айтсақ, түкке түсінбедік. Не үшін ұрып жүргенін де білмейміз. Әйтеуір, «құтырынып» алған шалдан құтылғанымызға қуандық. Ши-шидің арасынан сығалап жүріп, бірер сағаттан кейін қозымызды жинап алып, үйге тайдық. Сөйтсек, тулақты күнде бір үйден «ұрлайды» екенбіз ғой. Құдайдың құтты күні терісі жоғалып терісіне сыймай шал жүреді. Оны тағы өзінің немересі алып шығады екен. Сол күні қамшы тиіп, үйіне жылап барған бала мән-жайдың бәрін атасына айтады. Атасы бірден атқа мінген. Соңы жаңағыдай аяқталды. Ең қызығы, Ахат үйіне барса, әлгі шал атасымен бірге шайды сораптап әңгіме соғып отыр екен. Қамшысы басында ойнаған шалды көрген біздің батыр тұра қашады. Солайша, әлгі ақсақал кеткенше үйіне кірмейді. Дегенмен, бұйырған таяқ далаға кетсін бе? Есесіне, атасы өлімші етіпті. Сабап жатып «өткізем деп жүрген терісін түгел жыртып тастапсыңдар, қуаяқтар» дейтін көрінеді. Есек көкпар туралы жылы естелік айтамыз қазір. Өйткені, ол біздің балалық шағымыздың ажырамас бір бөлігі. Ауылда өзі есекті бала күнінде, сосын қартайған шағында мінеді. Ержете бастағаннан есек жайына қалады. Ол кезде атқа ауысасың. Сенің есейе бастағаныңды ағаларың тай басбілдіріп сынайды. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан».

Көкпар – қазақтың ұлттық ойыны. Мұның атауына қатысты да талай аңыз бар. Заманында бабаларымыз көк бөріні тақымдаған екен дейді соның бірі. О кездегі аты да «көк бөрі» болған деседі кәріқұлақтар. Келе-келе көк бөрі сөзі қысқарып, көкпар болып кеткенге ұқсайды.
Бабалары қасқыр тартқанда балаларының есекпен егеске түскені ерсі көрінетіні хақ. Айтып-айтпай не керек, ұрпақтың ұсақталғанына куә болатын көрініс қой. Бірақ есек көкпардың да өмірімізге енуі еріккеннен емес. Алдымен кәмпеске болды. Одан ашаршылық келді. Сосын соғыс. Ел есін енді жинай бергенде Хрущев қазақтың бар жылқысын орталыққа жинап алды. Содан ат түгілі, аша тұяқ мінген де кездері болған бұл жұрттың. Осы сәттен бастап балалар шалдар мінетін есекке әуес болғанға ұқсайды. Ақыры бала ойындарының бірі есек көкпар да үрдіске айналса керек. Біз солай топшылаймыз.
Есек көкпарды ауылдың шетіндегі сиыр қорада ойнайтынбыз. Табылса тері тартамыз. Болмаса, әжеміз жүн сабайтын тулақты талап кетеміз. Сондай күндердің бірі еді. Есек көкпардың белді шабандозы – Нағи. Өзі менің өте жақын туысым. Додаға да кіреді. Жата қап тартысқанда тақымдыны төңкеріп тастайды. Өзі де тастақым. Бірақ осы Нағи бір күні есек көкпардан оңбай таяқ жеді. Топтан сытылып шыға бергені сол еді, ер-перімен аударылып кеткені. Сөйтсек, тартпасы үзілген екен. Аттан құласаң ештеңе болмайды. Десек те есектен құлаған ең жаманы. Қазақтың өзі «ат жалын, есек тұяғын тосады» деп бағзы заманда айтып кеткен ғой. Міне, біздің Нағиға есек тұяғын тосты. Тосқаны сол жерге құлаған оны таптап өте шықты. Мұрны даладай қанады. Құлаған кезде тап мұрыннан басқан екен. Содан танауы таңқиды да қалды. Осы күні сәл-пәл өсті ғой. Сонда да танауы әлі күнге делиіп жүреді. Мұндай қызық бастан талай өтті. Оның бәрін санамалай бермей Талдықорған жақтағы есек көкпардың қалай екеніне соғайық. Белгілі журналист Дәулетхан Жиенқұлов балалық шағын былай еске алады.
– Біздің сыныпта Ахат деген бұзық бала болды. Оқуы нашар еді. Сонысына қарамай орысшаға жетік-тін. Оның себебі де бар. Біріншіден атасы ардагер болатын. Екіншіден сол «фронтовик» атасының майдан шебінен жетелей келген украин әжесі де оның орыс тілін жетік білуіне ересен еңбек сіңірді. Бірақ, Ахаттың бұзықтығында шек жоқ. Сонысына қарамай мектептегі спорттың да барлық түрін меңгерген. Ауданда өтетін футбол жарысына да, жүгіруге де, волейбол мен баскетболдан өтетін турнирлерге де барады. Бірінен қалмайды. Онымен тоқтамай көше «спортының» да бел ортасында жүретін. Қыста ауылдың шетіндегі кішкене ғана өзенге мұз қатады. Соған хоккей ойнайтын да Ахат, көктем шыға жер сызып, көше-көшені қыдырып жүріп асық ұратын да Ахат. Тіпті, ләңгінің түбін түсіретін. Бірлікпен тебу, жұптап тебу, секіріп тебу, тізенің астынан алу дегенде алдына жан салмайды-ау, сабазың. Сөйтіп, көктемде күн жылына ауылдың шетіндегі қотанға қозы жайып шығамыз. Есек деген көп. Көшеде қоқыс жейді, желмен ұшқан қағаздарды шайнайды, әйтеуір толып жүретін. Есекті біріміз ерттеп, біріміз жәй тоқым салып мінеміз. Арамызда жайдақ мініп, «тұлпарын» таяқпен қақпайлап жүретіндер де бар. 10-15 шақты қара жиналғанда, ауылдың шетіндегі бір үйдің, әдетте қора жағында жататын ешкінің тулағын әлгі пысықтардың бірі алып шығады. Бұндай жасырын операцияға көбіне тағы да сол Ахат барады. Мақсат – есек көкпар тарту. Басында бейберекет әркім өз мүмкіндігін көрсетіп, жан-жаққа тартқанымызбен, кейіннен көше-көше боп тартысатынды шығардық. Бір күні кезекті кездесу өтетін болды. Есектерімізді жаратып, қотанға жиналдық. Біздің көше мен «қотыр көше» тартысады. Жаңағы Ахат сол «қотыр көшеден». Басы жап-жақсы тартыспен басталған. Аяғында қызды-қыздымен балалардың біреуі екіншісінің есегін қамшылаймын деп, басқа бір жүгермектің өзін салып жіберіпті. Жон арқадан тиген қамшы осып түскен. Баж ете қалды. Ойын тоқтады. Бірақ, Ахат тулақты тақымынан босатар емес. Көк есектің үстінде бір жағына қисайып жатып алған. Ал қамшы тиген бала, бүкіл даланы басына көтере бажылдап, есегіне қамшыны басып, үйіне қарай тартты. Сүт пісірім уақыттан кейін жылап кеткен баланың дауысы одан бетер бақырып, оны есегімен қосып алдына салып бір атты шауып келе жатты. Бәріміз үрпиісіп-ақ қалдық. «Ойнап жүріп неге жылайсың деп сабаған шығар» деді арамыздағы біреу. «Ал ендеше, артындағы атасы. Енді бізді өлтіреді» деді екіншісі. Сөйткенше болған жоқ, қасымызға жетіп келді де, бәрімізді қуып кеп берді. Есектер жайында қалды. Тым-тырақай қашып барамыз. Жаяулатып жан-жаққа бытырап қаштық. Енді ше, есекпен қашсаң, екі аттатпай ұстап алады ғой. Қотанның айналасы қалың ши болатын. Онымен қоймай борпылдақ топырақ еді. Жандалбасалап бетіміз ауған жаққа безіп барамыз. Қозы жайына қалды. Ахат есегін де, тақымындағы «көкпарын» да тастай салып безді. Ол желаяқ, біз түгіл атты шалға да жеткізбейді оңайлықпен. Шал қуып жүріп бір-екеуімізді ұзын қамшысымен бір-екі осып-осып өтті. Қамшы тиген екеуі-үшеуі ирелеңдеп, ойбайға басып жатыр. Шынын айтсақ, түкке түсінбедік. Не үшін ұрып жүргенін де білмейміз. Әйтеуір, «құтырынып» алған шалдан құтылғанымызға қуандық. Ши-шидің арасынан сығалап жүріп, бірер сағаттан кейін қозымызды жинап алып, үйге тайдық. Сөйтсек, тулақты күнде бір үйден «ұрлайды» екенбіз ғой. Құдайдың құтты күні терісі жоғалып терісіне сыймай шал жүреді. Оны тағы өзінің немересі алып шығады екен. Сол күні қамшы тиіп, үйіне жылап барған бала мән-жайдың бәрін атасына айтады. Атасы бірден атқа мінген. Соңы жаңағыдай аяқталды.
Ең қызығы, Ахат үйіне барса, әлгі шал атасымен бірге шайды сораптап әңгіме соғып отыр екен. Қамшысы басында ойнаған шалды көрген біздің батыр тұра қашады. Солайша, әлгі ақсақал кеткенше үйіне кірмейді. Дегенмен, бұйырған таяқ далаға кетсін бе? Есесіне, атасы өлімші етіпті. Сабап жатып «өткізем деп жүрген терісін түгел жыртып тастапсыңдар, қуаяқтар» дейтін көрінеді.
Есек көкпар туралы жылы естелік айтамыз қазір. Өйткені, ол біздің балалық шағымыздың ажырамас бір бөлігі. Ауылда өзі есекті бала күнінде, сосын қартайған шағында мінеді. Ержете бастағаннан есек жайына қалады. Ол кезде атқа ауысасың. Сенің есейе бастағаныңды ағаларың тай басбілдіріп сынайды.

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».

Бөлісу: