Қораз төбелес

14 Қараша 2013, 03:30

Денесінде қара-көк түсті дамбалдан бас­қа түгі жоқ, шыбықты ат қып мініп қанша шапқыласа да шаршамайтын ауыл баласының қызығы көп еді. Тобықтары іскенше ләңгі тебеді. Талдан-талға секіріп алдан ойнайды. Алдан дегеннің мағынасы да қызық. Кім ағашқа ең соңынан өрмелеп мінсе, сол бәрін қуып, ұстауы керек. Одан қалды жалақ ойнап жанын береді. Иір ағаштан автомат жасап «бәйношкеге» кірісіп кетеді бір кезде. Тамның бұрышында басы қылтиып «жауын» аңдып тұрғанда кәрі әжесі көріп қалса, «қараң қалғыр, қайдағы жамандықты шақырма», деп айғайға басатын. Баланың ойнынан тап қазір соғыс басталып кететіндей қабылдайтын еді үлкендер жағы. Таңсәріден түнге дейін алаөкпе боп жүгіргенде тамақ та іздемейді. Бар болғаны түбі күйген қара нан мен қатты қантты шықырлатып жеп, жүре береді. Бүгінде ауылда да, қалада да заман өзгерген. Баяғыда бізді ата-аналарымыз үйге кіргізе алмаса, бүгінгі әке-шеше перзенттерін далаға шығара алмай әлек. «Бір сәт серігіп, таза ауа жұтып келсейші» деген сөзді елең қылмай талай бала компьютердің алдында отыр. Осындай көрініске жиі тап болғанда еріксіз балалық шағың еске түсе береді… Қораз төбелес Осы бір үрдістің біздің ауылға қайдан келгені белгісіз. Жалпы, қораз төбелестің өзі Қазақстанның оңтүстігінде ғана бар сияқты. Басқа өңірлердегі дос-жаранға осы турасында айта қалсаң, ықыластана тыңдайды. Өйткені, олар қораз төбелестірмеген. Бір күні әкеміз шақырып алған. «Тауық бағасың ба?» дейді сұраулы жүзбен. Бұл кезде біздің көшенің балалары бір-бір қоразын қолтығына қысып, бәске төбелестіріп, қызыққа кенеліп жүргенбіз. Біз тек көрермен едік. «Іздегенге сұраған». Келісе кеттік. Шүпірлеген ақ түсті елу балапанды бірден сатып алды әкем. Шалдың ойы белгілі. Балапан тауық болғанда азанымен шикі жұмыртқаны жұтып жіберіп, денсаулығына пайдалы іспен  айналыспақшы. Біздің ой тіпті бөлек. Осылардың арасынан қатты төбелесетін қораз дайындап шығару. Екеуміздің ойымыз екі басқа болса да, мақсатымыз бір жерде түйісіп тұр. Әкем де риза, мен де мәзбін. Алғанымыз инкубатордың балапандары еді. Бірер айдан кейін сирақтары сыйдиып, не артық еті жоқ, не жұмыртқа таппайтын секеңдеген қырық қораз қорада өріп жүрді. Бірде-бір аналық болмады арасында. Оның онын балапан кезінде мысық тартып кеткен. Әсілі, мекиені солардың ішінде кетті-ау. Осылайша, әкемнің мақсаты да, менің арманым да далада қалды. Есесіне, күн сайын тауықтың сорпасын ішіп, бір марқайып қалдық. Енді не істеу керек? Тұқымы бөлек, тұр­қы басқа тауық жинауды шындап кәсіпке айналдырдық. «Пәлен жерде өзбектің тауығы балапан басып жатыр» десе, тұра жүгіреміз. Бір-екі балапанын сатып аламыз. «Түгеншенің үйінде тәжіктен келген тауық бар» деген ақпарат жеткен бойда сонда ұшамыз. Біздің осы іске шындап кіріскенімізді үйдегілердің бәрі біледі. Бір күні Еркін ағам Шымкент жақтан жұдырықтай ғана қораз сатып әкеп берді. «Бұл не?» дейміз мұрнымызды тыжырайтып. – Қораз. – Мынаны не істеймін? Ең болмаса, сойып жей алмайсың. Еті де жоқ. Ағам қуанады деп ойласа керек. Менің мына сөзімнен соң бірден самарқау кейіп танытты. Сосын «Өзің білесің. Сатушы қатты мақтап еді, жапонның қоразы» деді де бұрылып жүре берді. Мынау шынымен қатты төбелесетін болса, онда көктен іздегенім, жерден табылғаны емес пе?» Жұдырықтай жапондық қоразды қойныма сүңгітіп жіберіп, тауық қораға қарай тұра жүгірдім. Өзбектің балапаны деген қоразым айналадағы балалардың әтештерін жеңе бастаған. Жапондық қоразды өзімнің атаманыммен оңаша шығардым да, төбелестерін тамашаладым. О, тоба! Әлгі менің атаманымды қос аяқтап келіп тепті де, айдарынан басып, тырп еткізбей тастады. Міне, қуаныш! Мұны енді бірден ел көзіне шығаруға болмайды. Біраз дайындау керек. Қоразды да кәдімгі спортшы дайындағандай жаттықтырмасаң, болмайды. Есіктің алдында үнемі трактор тұрады. Соның әжептәуір салмағы бар екі бұрандасын жапондық қораздың екі аяғына байлаймыз. Ал енді қуу. Өзің өкпең өшкенше жүгіресің. Қораздың да діңкесі құриды. Сондағы ойымыз аяғына ауыр зат байлап, күшін арттыру. Қуып, жүгіртіп тынысын ашу еді. Күнде мектептен келе сала сөмкемізді лақтырып жіберіп, тауық қораға барамыз. Қоразым ақырында мені көргенде азар да безер болатын әдет тапты. Әбден ығырын шығарғанбыз ғой. Физикалық жаттығудан соң, техникалық дайындыққа кірісеміз. Үйдегі үлкен айнаны есіктің алдына шығарамыз. Сосын қоразды әкеліп, айнаның алдына қоямыз. Айнадан өзін көрген қораз қоқилана бастайды. Ақырын ғана айбат шегеді. Айнадағы қораз да айбаттанады. Тұмсығымен бір шұқиды. Анау да қайтпайды. Содан қырт-қиян төбелес басталады да кетеді. Қораз өзінің айнадағы бейнесін қалағанынша, білген әдісінің барын салып сабайды. Жарты сағаттан артық төбелестірмейміз. Нормасы сол. Үлкен балалалар айтқан. Осындай екі айлық дайындықтан соң жапондық қоразды қойынға салып қарсыластарды жағалай бастағанымыз күні кешегідей есімізде. Көрші-қолаңның қораздарын бірден қырып салдық. «Мынау не қораз?» дейді барлығы. Тұйғындай болған менің тауығымды басында менсінбегендер артынан қызыға қарай­тын болды. Балалық паңдық, мақтаншақтық осы кезде жұқты ғой деймін. «Бұл японский парода» деп жүре жауап беремін. Солайша, қораздың да аты белгілі болды. Балалардың барлығы менің қоразымды «японский» атап кетті. Бүгінде букмекерлік кеңселер жетеді ғой. Оларда ақша қоюдың да түрлі тәсілі бар. Біздің «букмекерлік кеңсемізде» ондай айла-шарғылар көп емес-тін. Бір ғана түрі бар. Кімнің қоразы жеңеді, соған бір мықты аналық тауық сыйға беріледі. Бітті. Біздің қораға мекиен толып кетті. Бүкіл ауылдың қоразы барларын түгел жағалап шықтық. Ауылдағы нөмірі бірінші атаман біздің қораз. Қоразбен бірге біз де қоқилана түскенбіз. Осындай барақатты күндердің бірінде «Жасұланда жаңа қораз пайда болыпты» деген хабар жетті. Жасконға бардық. – Төбелестіресің бе? – Жоқ. Дайындап жатырмын. – Дайын болғанда айтарсың. Арада біршама уақыт өткенде Жасұланнан хабар келді. Қораз төбелестің күнін белгіледік. Сол күні кездестік. Ананың қоразы шынында да алып екен. Етті, сүйекті, салмақты. Менікінің жағдайы белгілі. Шынашақтай ғана. «Ұрыста тұрыс жоқ». Басталды да кетті. Қораның шаңын аспанға көтеріп, оған балалардың шаңқылдаған дауысы қосылып, азан-қазан болып жатырмыз. Екеуі де шаршады. Бірінші раунд бітті деген белгі бердік. Дереу қоразымды қолыма алып, жанымда тұрған шелектегі судан ауызға толтырып, қос қанатының астына кезек-кезек бүркіп кеп жібердім. Қоразым бірден есін жиды. Ентіктерін басқаннан кейін екінші раунд басталды. Екеуі де қайтпайды. Бір-бірін аямай соққылап жатыр. Кейде тепкілері бір-бірімен аяқасып, омақаса құлайды. Соққылары да сұмдық. Баланы тепсе, құлататындай күштері бар. Айдарларынан тістеп, айырылмайды. Қылтамаққа да жабысады. Жеңіс үшін барын салып бағуда. Ақыры болмады. Екеуі бірін-бірі тістеген күйінде жерге құлады. Сонда да айырылмай, айбат шегіп жатыр. Тағы ажыратып алдық. Қанатының астына су бүркіп, бастарына мұз басып жүріп, беттерін бері қаратқандай, болдық. Дегенмен, тыныс­тары тарылып, демалулары қиындап, әбден әлсірегендері білініп тұр. Әлден уақыттан кейін барып үшінші кезеңді бастадық. Бірақ екі қораз бір-біріне беттей алмады. Кездесу тең аяқталды. Осы кездесуден кейін біздің «японскийден» бақ тайды. Тіпті, төбелеспей қойды. Сонымен, оның «спортшылық», менің «бапкерлік» ғұмырыма нүкте қойылды. Бапкерлікті жалғастыра беруге де болар еді. Дей тұрғанмен біз бұл кезде қызықтың басқа түрін тапқанбыз. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан».

Денесінде қара-көк түсті дамбалдан бас­қа түгі жоқ, шыбықты ат қып мініп қанша шапқыласа да шаршамайтын ауыл баласының қызығы көп еді. Тобықтары іскенше ләңгі тебеді. Талдан-талға секіріп алдан ойнайды. Алдан дегеннің мағынасы да қызық. Кім ағашқа ең соңынан өрмелеп мінсе, сол бәрін қуып, ұстауы керек. Одан қалды жалақ ойнап жанын береді. Иір ағаштан автомат жасап «бәйношкеге» кірісіп кетеді бір кезде. Тамның бұрышында басы қылтиып «жауын» аңдып тұрғанда кәрі әжесі көріп қалса, «қараң қалғыр, қайдағы жамандықты шақырма», деп айғайға басатын. Баланың ойнынан тап қазір соғыс басталып кететіндей қабылдайтын еді үлкендер жағы. Таңсәріден түнге дейін алаөкпе боп жүгіргенде тамақ та іздемейді. Бар болғаны түбі күйген қара нан мен қатты қантты шықырлатып жеп, жүре береді.

Бүгінде ауылда да, қалада да заман өзгерген. Баяғыда бізді ата-аналарымыз үйге кіргізе алмаса, бүгінгі әке-шеше перзенттерін далаға шығара алмай әлек. «Бір сәт серігіп, таза ауа жұтып келсейші» деген сөзді елең қылмай талай бала компьютердің алдында отыр. Осындай көрініске жиі тап болғанда еріксіз балалық шағың еске түсе береді…

Қораз төбелес
Осы бір үрдістің біздің ауылға қайдан келгені белгісіз. Жалпы, қораз төбелестің өзі Қазақстанның оңтүстігінде ғана бар сияқты. Басқа өңірлердегі дос-жаранға осы турасында айта қалсаң, ықыластана тыңдайды. Өйткені, олар қораз төбелестірмеген.
Бір күні әкеміз шақырып алған. «Тауық бағасың ба?» дейді сұраулы жүзбен. Бұл кезде біздің көшенің балалары бір-бір қоразын қолтығына қысып, бәске төбелестіріп, қызыққа кенеліп жүргенбіз. Біз тек көрермен едік. «Іздегенге сұраған». Келісе кеттік. Шүпірлеген ақ түсті елу балапанды бірден сатып алды әкем. Шалдың ойы белгілі. Балапан тауық болғанда азанымен шикі жұмыртқаны жұтып жіберіп, денсаулығына пайдалы іспен  айналыспақшы. Біздің ой тіпті бөлек. Осылардың арасынан қатты төбелесетін қораз дайындап шығару. Екеуміздің ойымыз екі басқа болса да, мақсатымыз бір жерде түйісіп тұр. Әкем де риза, мен де мәзбін. Алғанымыз инкубатордың балапандары еді. Бірер айдан кейін сирақтары сыйдиып, не артық еті жоқ, не жұмыртқа таппайтын секеңдеген қырық қораз қорада өріп жүрді. Бірде-бір аналық болмады арасында. Оның онын балапан кезінде мысық тартып кеткен. Әсілі, мекиені солардың ішінде кетті-ау. Осылайша, әкемнің мақсаты да, менің арманым да далада қалды. Есесіне, күн сайын тауықтың сорпасын ішіп, бір марқайып қалдық.
Енді не істеу керек? Тұқымы бөлек, тұр­қы басқа тауық жинауды шындап кәсіпке айналдырдық. «Пәлен жерде өзбектің тауығы балапан басып жатыр» десе, тұра жүгіреміз. Бір-екі балапанын сатып аламыз. «Түгеншенің үйінде тәжіктен келген тауық бар» деген ақпарат жеткен бойда сонда ұшамыз. Біздің осы іске шындап кіріскенімізді үйдегілердің бәрі біледі. Бір күні Еркін ағам Шымкент жақтан жұдырықтай ғана қораз сатып әкеп берді. «Бұл не?» дейміз мұрнымызды тыжырайтып.
– Қораз.
– Мынаны не істеймін? Ең болмаса, сойып жей алмайсың. Еті де жоқ.
Ағам қуанады деп ойласа керек. Менің мына сөзімнен соң бірден самарқау кейіп танытты. Сосын «Өзің білесің. Сатушы қатты мақтап еді, жапонның қоразы» деді де бұрылып жүре берді. Мынау шынымен қатты төбелесетін болса, онда көктен іздегенім, жерден табылғаны емес пе?» Жұдырықтай жапондық қоразды қойныма сүңгітіп жіберіп, тауық қораға қарай тұра жүгірдім. Өзбектің балапаны деген қоразым айналадағы балалардың әтештерін жеңе бастаған. Жапондық қоразды өзімнің атаманыммен оңаша шығардым да, төбелестерін тамашаладым. О, тоба! Әлгі менің атаманымды қос аяқтап келіп тепті де, айдарынан басып, тырп еткізбей тастады. Міне, қуаныш! Мұны енді бірден ел көзіне шығаруға болмайды. Біраз дайындау керек.
Қоразды да кәдімгі спортшы дайындағандай жаттықтырмасаң, болмайды. Есіктің алдында үнемі трактор тұрады. Соның әжептәуір салмағы бар екі бұрандасын жапондық қораздың екі аяғына байлаймыз. Ал енді қуу. Өзің өкпең өшкенше жүгіресің. Қораздың да діңкесі құриды. Сондағы ойымыз аяғына ауыр зат байлап, күшін арттыру. Қуып, жүгіртіп тынысын ашу еді. Күнде мектептен келе сала сөмкемізді лақтырып жіберіп, тауық қораға барамыз. Қоразым ақырында мені көргенде азар да безер болатын әдет тапты. Әбден ығырын шығарғанбыз ғой. Физикалық жаттығудан соң, техникалық дайындыққа кірісеміз. Үйдегі үлкен айнаны есіктің алдына шығарамыз. Сосын қоразды әкеліп, айнаның алдына қоямыз. Айнадан өзін көрген қораз қоқилана бастайды. Ақырын ғана айбат шегеді. Айнадағы қораз да айбаттанады. Тұмсығымен бір шұқиды. Анау да қайтпайды. Содан қырт-қиян төбелес басталады да кетеді. Қораз өзінің айнадағы бейнесін қалағанынша, білген әдісінің барын салып сабайды. Жарты сағаттан артық төбелестірмейміз. Нормасы сол. Үлкен балалалар айтқан. Осындай екі айлық дайындықтан соң жапондық қоразды қойынға салып қарсыластарды жағалай бастағанымыз күні кешегідей есімізде. Көрші-қолаңның қораздарын бірден қырып салдық. «Мынау не қораз?» дейді барлығы. Тұйғындай болған менің тауығымды басында менсінбегендер артынан қызыға қарай­тын болды. Балалық паңдық, мақтаншақтық осы кезде жұқты ғой деймін. «Бұл японский парода» деп жүре жауап беремін. Солайша, қораздың да аты белгілі болды. Балалардың барлығы менің қоразымды «японский» атап кетті.
Бүгінде букмекерлік кеңселер жетеді ғой. Оларда ақша қоюдың да түрлі тәсілі бар. Біздің «букмекерлік кеңсемізде» ондай айла-шарғылар көп емес-тін. Бір ғана түрі бар. Кімнің қоразы жеңеді, соған бір мықты аналық тауық сыйға беріледі. Бітті. Біздің қораға мекиен толып кетті. Бүкіл ауылдың қоразы барларын түгел жағалап шықтық. Ауылдағы нөмірі бірінші атаман біздің қораз. Қоразбен бірге біз де қоқилана түскенбіз.
Осындай барақатты күндердің бірінде «Жасұланда жаңа қораз пайда болыпты» деген хабар жетті. Жасконға бардық.
– Төбелестіресің бе?
– Жоқ. Дайындап жатырмын.
– Дайын болғанда айтарсың.
Арада біршама уақыт өткенде Жасұланнан хабар келді. Қораз төбелестің күнін белгіледік. Сол күні кездестік. Ананың қоразы шынында да алып екен. Етті, сүйекті, салмақты. Менікінің жағдайы белгілі. Шынашақтай ғана. «Ұрыста тұрыс жоқ». Басталды да кетті. Қораның шаңын аспанға көтеріп, оған балалардың шаңқылдаған дауысы қосылып, азан-қазан болып жатырмыз. Екеуі де шаршады. Бірінші раунд бітті деген белгі бердік. Дереу қоразымды қолыма алып, жанымда тұрған шелектегі судан ауызға толтырып, қос қанатының астына кезек-кезек бүркіп кеп жібердім. Қоразым бірден есін жиды. Ентіктерін басқаннан кейін екінші раунд басталды. Екеуі де қайтпайды. Бір-бірін аямай соққылап жатыр. Кейде тепкілері бір-бірімен аяқасып, омақаса құлайды. Соққылары да сұмдық. Баланы тепсе, құлататындай күштері бар. Айдарларынан тістеп, айырылмайды. Қылтамаққа да жабысады. Жеңіс үшін барын салып бағуда. Ақыры болмады. Екеуі бірін-бірі тістеген күйінде жерге құлады. Сонда да айырылмай, айбат шегіп жатыр. Тағы ажыратып алдық. Қанатының астына су бүркіп, бастарына мұз басып жүріп, беттерін бері қаратқандай, болдық. Дегенмен, тыныс­тары тарылып, демалулары қиындап, әбден әлсірегендері білініп тұр. Әлден уақыттан кейін барып үшінші кезеңді бастадық. Бірақ екі қораз бір-біріне беттей алмады. Кездесу тең аяқталды. Осы кездесуден кейін біздің «японскийден» бақ тайды. Тіпті, төбелеспей қойды. Сонымен, оның «спортшылық», менің «бапкерлік» ғұмырыма нүкте қойылды. Бапкерлікті жалғастыра беруге де болар еді. Дей тұрғанмен біз бұл кезде қызықтың басқа түрін тапқанбыз.

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».

Бөлісу: