Бөтен қошқар

13 Қараша 2013, 12:40

Қайбір жылы тамылжыған тамызда біздің үйде бір үлкен той болды. Ол кезде бүгінгідей қаптаған мейрамхана жоқ, той өзіміздің бау-бақшада өтетін. Сол күні кешқұрым тойдың қамымен жүріп, інім өрістен келген малды асығыс қораға қамай салған ғой. Біздің қойлардың ішінде бір бөтен қошқардың да «қамалып» кеткенін байқамай қалыпты. Содан: «Бөтен мал бар ма?» дегендерге бәріміз бірауыздан «жоқ» дейміз. Есіктің алды абыр-сабыр адам болғандықтан шығар мал егесі жақынырақ келіп қораны көруге батпаған. Содан ауылды екі мәрте адақтап шыққан соң, қошқар иесі амал жоқ, сол күні қой баққан үйге барады. Ол баласын жіберіп, күндіз қой жайған сай-саланың бәрін аралап шыққан. Қошқар жоқ. «Иттің баласы, қойға дұрыстап бас-көз болмағансың, жұрттың малын жоғалттың, енді құнын төлейтін болдық», – деп әкесі баласын ашумен таяқпен жіберіп ұрған ба… Оған қошқар иесі араша түседі. «Мал ашуы-жан ашуы» деген, мұндай жағдай екі жаққа да оңай ма енді… Әйтеуір, сол күні  қошқар табылмай, «не болса да ертең көрейік» дегенмен тарасады екі жақ. Бір жеңгеміздің қолына қалам-қағаз беріп, тойға түскен мал басын, басқа да тартуларды түртіп жүру тапсырылған болатын. Той бітті. Таңертең малды өріске жіберерде інім бөтен қойлардың бәрін алып қалады да, қалғандарын қорадан шығарып жібереді. Әлгі қошқар қорада қалған. Түске жақын соңғы қонақтар қайтып, адам аяғы басылған соң жеңгеміз «есеп» берді. Дәптерде төрт қой. Қорада бес қой. «Бұл қалай болды?» деп бәріміз аң-таңбыз. «Қайсысын жазбай қалдым екен?» деп жеңгеміз де айран-асыр. «Мына қойды бөле әкелді, анаусын жиен әкелді…» деп жеңгеміз қойларды түстеп шықты да, бірақ әлгі қошқарды жыға тани алмады. Тек: «Осы нағашы Ақабтар қараңғыда көліктен бір нәрсе түсіріп жатқан сияқты еді, солар ма екен қошқарды әкелген…» деп аңтарылып тұрып қалды. Осы кезде әжем сөз бастады. «Айналайын, Ақаб-ай, «жалғыз әпкем ғой» деп қойды алып келген сол ғой… Айналайын-ай…» деп өзінен-өзі еміреніп кетсін. Ақаб – әжемнің туған інісі. Онсыз да тойға бір жылқы алып келген. Оның қасына бір қойды қосақтап алып келгенін еш байланыс­тыра алмаймыз ғой. «Қойды алып келген сол, басқа кім болады?» – деп әжем де қоймайды. Сонымен не керек, үйдегі қалың дәптерді қайтадан ашып «Ақаб бір жылқы» дегеннің қасына «бір қошқар» дегенді тағы қосып қойдық. Атамның сонау көзі тірісінде аралас-құралас болған бір досы бар еді. Біраз жылдар араласпай қалып, сол досы осы тойға келген болатын. Әжем: «Қаншама жылдан кейін бірінші мәрте келіп отыр, ұят болар, мәшинесіне бір қой салып жіберіңдер», деді. Айтты, бітті. Інім қораға секіріп түседі. Тағы көзі бірден әлгі қошқарға түскен ғой. Бірақ жануар мықты екен. Ініме бой бермей, мойнындағы жібі үзіліп кетсе де, еш ұстатпай қояды. Амал жоқ, атамның досына басқа қой бұйырды. Кешке мал өрістен келді.  Қош­қардың егесі қайтадан үй-үйді ара­лап, «жоқ» іздейді. Бұл жолы біз­дің қораға жақынырақ келген көрінеді. Қараса, қораның жанында қошқарының мойын жібі жатыр. Жалма-жан қораға үңіледі. Сөйтсе көп қойдың арасында дымды түсінбей қошқары тұр. Салған жерден «мынау менің қошқарым» деп байбалам салады. Сонда інім: «Қойыңыз, өтірік айтпаңыз, бұл кешегі тойға әжемнің інісі Ақаб әкелген қошқар», деп жеңістік бермей тұр. Сонымен, әжептәуір айқай-шу. Ақырында мал олардікі екені таза дәлелденіп, қошқар «қамаудан» босатылды. Содан інім үйге ашумен кірген де қалың дәптерді алып, нағашымыздың «жылқысының» қасына қосақталып жазылған «қош­қарды» әжемнің көзінше сызып-сызып тастапты. Мән-жайға түсінген әжем төмен қарай беріпті. Тек «мен қайдан білейін, айналайын…» дегенді қайталай берген көрінеді. Қайран әжем-ай… Сөйтіп, тағы бір қызыққа батырған.  Кейінірек білдік қой, Ақабтың қараңғыда көліктен түсіргені бір жәшік алма екен. Оралхан Дәуіт, «Егемен Қазақстан».

Қайбір жылы тамылжыған тамызда біздің үйде бір үлкен той болды. Ол кезде бүгінгідей қаптаған мейрамхана жоқ, той өзіміздің бау-бақшада өтетін. Сол күні кешқұрым тойдың қамымен жүріп, інім өрістен келген малды асығыс қораға қамай салған ғой. Біздің қойлардың ішінде бір бөтен қошқардың да «қамалып» кеткенін байқамай қалыпты. Содан: «Бөтен мал бар ма?» дегендерге бәріміз бірауыздан «жоқ» дейміз. Есіктің алды абыр-сабыр адам болғандықтан шығар мал егесі жақынырақ келіп қораны көруге батпаған. Содан ауылды екі мәрте адақтап шыққан соң, қошқар иесі амал жоқ, сол күні қой баққан үйге барады. Ол баласын жіберіп, күндіз қой жайған сай-саланың бәрін аралап шыққан. Қошқар жоқ. «Иттің баласы, қойға дұрыстап бас-көз болмағансың, жұрттың малын жоғалттың, енді құнын төлейтін болдық», – деп әкесі баласын ашумен таяқпен жіберіп ұрған ба… Оған қошқар иесі араша түседі. «Мал ашуы-жан ашуы» деген, мұндай жағдай екі жаққа да оңай ма енді… Әйтеуір, сол күні  қошқар табылмай, «не болса да ертең көрейік» дегенмен тарасады екі жақ.

Бір жеңгеміздің қолына қалам-қағаз беріп, тойға түскен мал басын, басқа да тартуларды түртіп жүру тапсырылған болатын. Той бітті. Таңертең малды өріске жіберерде інім бөтен қойлардың бәрін алып қалады да, қалғандарын қорадан шығарып жібереді. Әлгі қошқар қорада қалған. Түске жақын соңғы қонақтар қайтып, адам аяғы басылған соң жеңгеміз «есеп» берді. Дәптерде төрт қой. Қорада бес қой. «Бұл қалай болды?» деп бәріміз аң-таңбыз. «Қайсысын жазбай қалдым екен?» деп жеңгеміз де айран-асыр. «Мына қойды бөле әкелді, анаусын жиен әкелді…» деп жеңгеміз қойларды түстеп шықты да, бірақ әлгі қошқарды жыға тани алмады. Тек: «Осы нағашы Ақабтар қараңғыда көліктен бір нәрсе түсіріп жатқан сияқты еді, солар ма екен қошқарды әкелген…» деп аңтарылып тұрып қалды.

Осы кезде әжем сөз бастады. «Айналайын, Ақаб-ай, «жалғыз әпкем ғой» деп қойды алып келген сол ғой… Айналайын-ай…» деп өзінен-өзі еміреніп кетсін. Ақаб – әжемнің туған інісі. Онсыз да тойға бір жылқы алып келген. Оның қасына бір қойды қосақтап алып келгенін еш байланыс­тыра алмаймыз ғой. «Қойды алып келген сол, басқа кім болады?» – деп әжем де қоймайды. Сонымен не керек, үйдегі қалың дәптерді қайтадан ашып «Ақаб бір жылқы» дегеннің қасына «бір қошқар» дегенді тағы қосып қойдық.

Атамның сонау көзі тірісінде аралас-құралас болған бір досы бар еді. Біраз жылдар араласпай қалып, сол досы осы тойға келген болатын. Әжем: «Қаншама жылдан кейін бірінші мәрте келіп отыр, ұят болар, мәшинесіне бір қой салып жіберіңдер», деді. Айтты, бітті. Інім қораға секіріп түседі. Тағы көзі бірден әлгі қошқарға түскен ғой. Бірақ жануар мықты екен. Ініме бой бермей, мойнындағы жібі үзіліп кетсе де, еш ұстатпай қояды. Амал жоқ, атамның досына басқа қой бұйырды.

Кешке мал өрістен келді.  Қош­қардың егесі қайтадан үй-үйді ара­лап, «жоқ» іздейді. Бұл жолы біз­дің қораға жақынырақ келген көрінеді. Қараса, қораның жанында қошқарының мойын жібі жатыр. Жалма-жан қораға үңіледі. Сөйтсе көп қойдың арасында дымды түсінбей қошқары тұр. Салған жерден «мынау менің қошқарым» деп байбалам салады. Сонда інім: «Қойыңыз, өтірік айтпаңыз, бұл кешегі тойға әжемнің інісі Ақаб әкелген қошқар», деп жеңістік бермей тұр. Сонымен, әжептәуір айқай-шу. Ақырында мал олардікі екені таза дәлелденіп, қошқар «қамаудан» босатылды. Содан інім үйге ашумен кірген де қалың дәптерді алып, нағашымыздың «жылқысының» қасына қосақталып жазылған «қош­қарды» әжемнің көзінше сызып-сызып тастапты. Мән-жайға түсінген әжем төмен қарай беріпті. Тек «мен қайдан білейін, айналайын…» дегенді қайталай берген көрінеді. Қайран әжем-ай… Сөйтіп, тағы бір қызыққа батырған.  Кейінірек білдік қой, Ақабтың қараңғыда көліктен түсіргені бір жәшік алма екен.

Оралхан Дәуіт,

«Егемен Қазақстан».

Бөлісу: