«Кулактың» қызы

13 Қараша 2013, 12:38

Әлі есімде… Бала кезіміз ғой. Бірде атам қатты ашуланды. Негізі ол кісі көп ашуланбайтын, ал ашулана қалса, бәрімізді қуырып жіберетін. Сол жолы әжеме ренжіді. Базардан мәсі сатып алған екен, онысын әжем жаратпаған ба… Әйтеуір төрде отырған атам шарт кетіп, қолындағы шәй кесемен әжемді жіберіп ұрды. Әжем де әбден әккі болып алған. Абайсызда атама жақпайтын сөз айтып қалып, енді соңы немен тынар екен деп іштей шыжбалақтап отырса керек. «Бір бәле келсе осыдан келер-ау» деп, атам сораптап отырған кесенің дастарқаннан көтеріліп, атамның аузына барып, қайтадан дастарқанға аман-есен келуінің бәрін көзінің қиығымен бағып отырған ғой. Кенеттен кесенің «маршруты» жалт етіп өзгеріп шыға келгенде әжем самаурынның жанына бұға қалды. Кесе дуалға тиіп, күл-талқаны шықты. – Өй, ата-бабаңның сенің… «Кулактың» қызы. Байдың қызы… Ары қарай атам өзінің жеті жасында жетім қалып, байдың қойын баққанын, қарны тойып тамақ ішпегенін, ал әжемнің байдың қызы боп шалқып өмір сүргенін шұбыртып кетті. Және де соңында «сен біліп қой «кулактың» қызы, қазір біздің заманымыз» деп әжеме доқ көрсетіп қойды. Әжемде үн жоқ.  Төмен қарап отыр. Атамның жетім өскені рас. Байдың койын баққан. Заманы кеңес дәуірімен тұспа-тұс келді де, бір әріп танымаса да, әжептәуір қызметтер атқарды. Кейінірек соғысқа қатысқан. Партияның лекциясы қатты өтіп кеткен бе, әлде шынында әлділерден көп таяқ жеді ме, әйтеуір байлармен «дипломатиялық қарым-қатынасы» өте нашар еді. Сонда да болса, аруақ жолымен жайнамазға жығылды. Өмір бойы Аллаға құлшылық етіп өтті. Әжемнің де байдың қызы болғаны рас. Бірақ, сол мың-мыңдаған төрт түліктің титтей де қызығын көруді әжемнің маңдайына жазбапты. Өйткені, ол кісінің көз ашқалы көргені Кеңес өкіметі. Малдың бәрі кәмпескеленіп кеткен. 1932 жылғы ашаршылықта әжем сегіз жаста екен. Ауылда талғажау етерлік дәнеңе жоқ. Ағасы екеуі  сүйретіліп көрші ауылға кетіп бара жатады. Әл жоқ. Бұл қайта-қайта құлап қала береді. Сонда ағасы Оспан «қарындасымның аштан ісіп-кеуіп өлгенін көрмей-ақ қояйын» деп мұны ағысы қатты асау Қасқасу өзеніне лақтырып жіберген екен. «Ақыры өледі, көз алдымда емес, аулақта өлсін» дегені шығар бейбақтың. Ағысы қатты өзен бүлдіршін қызды ә дегеннен-ақ шамасын келтірмей ағыза жөнеледі. Өлдім-талдым дегенде бір кезде әжем судың жағасына шығады. Тастан-тасқа соғылып, үсті-басының бәрі тілім-тілім жара болған әжем, «сол жерде еңіреп тұрып жыладым» дейді. Содан беті ауған жаққа қарай жүре береді. Айналаның бәрі жат. Айдала. Содан ілбіп жүріп бір үлкен қырдың басына шыққанда арғы сайдағы қып-қызыл бидай егістігі бірден көзге түседі. Денесінің сыздап ауырғанын ұмытып, сол егістікке қарай жанұшыра жүгіріпті. Қалың бидайдың арасында қолымен үгітіп, дән жеп отырған жерінен бір әйел тауып алады. «Әй, кімнің қызысың?» «Өмірбайдың» «Қай Өмірбайдың?» «Жаныстағы Өмірбайдың». Кейінірек әйел хабар жіберсе, Өмірбай бұл кезде тайлы-тұяғымен Ташкентке көшіп кеткен екен. Осы жерде сәл шегініс жасасақ, оқиғаның былай өрбігеніне көзіңіз жетер еді. Өмірбай ақсақал аудан орталығына кеткенде, әлгі әжемді суға лақтыратын оқиға орын алады. Кейінірек Өмекең ашаршылықтан ада Ташкентке көшетін боп тас-түйін бекіп келгенде, үлкен ұлы Оспан: «Көке, сіз жоқта Шынжыргүл (әжемді айтады) қайтыс болды. Өз қолыммен жерледім» – дейді. Әрине, қайғырғанмен уақыт тар. Минут сайын адамдар әлсіреп жатыр. Құран оқып, бет сипағаннан басқа амал жоқ. Сөйтіп, артынша өзбек еліне жол тартады. Әке мен қыз бір жылдан кейін табысыпты. Ел ішінде сөз жата ма, Өмірбай біреулер арқылы қызының хабарын естіп, сонау Ташкент жақтан кеп алып кеткен екен. Міне, әжемнің бар кінәсі – әкесінің бір кездері бай болғаны. Әйтпесе ес жиып, етегін жауып, соғыстың соңғы жылдары атама ұзатылғанға дейін тойып тамақ ішкені шамалы. Оралхан Дәуіт, «Егемен Қазақстан».

Әлі есімде… Бала кезіміз ғой. Бірде атам қатты ашуланды. Негізі ол кісі көп ашуланбайтын, ал ашулана қалса, бәрімізді қуырып жіберетін. Сол жолы әжеме ренжіді. Базардан мәсі сатып алған екен, онысын әжем жаратпаған ба… Әйтеуір төрде отырған атам шарт кетіп, қолындағы шәй кесемен әжемді жіберіп ұрды. Әжем де әбден әккі болып алған. Абайсызда атама жақпайтын сөз айтып қалып, енді соңы немен тынар екен деп іштей шыжбалақтап отырса керек. «Бір бәле келсе осыдан келер-ау» деп, атам сораптап отырған кесенің дастарқаннан көтеріліп, атамның аузына барып, қайтадан дастарқанға аман-есен келуінің бәрін көзінің қиығымен бағып отырған ғой. Кенеттен кесенің «маршруты» жалт етіп өзгеріп шыға келгенде әжем самаурынның жанына бұға қалды. Кесе дуалға тиіп, күл-талқаны шықты.

– Өй, ата-бабаңның сенің… «Кулактың» қызы. Байдың қызы…

Ары қарай атам өзінің жеті жасында жетім қалып, байдың қойын баққанын, қарны тойып тамақ ішпегенін, ал әжемнің байдың қызы боп шалқып өмір сүргенін шұбыртып кетті. Және де соңында «сен біліп қой «кулактың» қызы, қазір біздің заманымыз» деп әжеме доқ көрсетіп қойды. Әжемде үн жоқ.  Төмен қарап отыр.

Атамның жетім өскені рас. Байдың койын баққан. Заманы кеңес дәуірімен тұспа-тұс келді де, бір әріп танымаса да, әжептәуір қызметтер атқарды. Кейінірек соғысқа қатысқан. Партияның лекциясы қатты өтіп кеткен бе, әлде шынында әлділерден көп таяқ жеді ме, әйтеуір байлармен «дипломатиялық қарым-қатынасы» өте нашар еді. Сонда да болса, аруақ жолымен жайнамазға жығылды. Өмір бойы Аллаға құлшылық етіп өтті.

Әжемнің де байдың қызы болғаны рас. Бірақ, сол мың-мыңдаған төрт түліктің титтей де қызығын көруді әжемнің маңдайына жазбапты. Өйткені, ол кісінің көз ашқалы көргені Кеңес өкіметі. Малдың бәрі кәмпескеленіп кеткен. 1932 жылғы ашаршылықта әжем сегіз жаста екен. Ауылда талғажау етерлік дәнеңе жоқ. Ағасы екеуі  сүйретіліп көрші ауылға кетіп бара жатады. Әл жоқ. Бұл қайта-қайта құлап қала береді. Сонда ағасы Оспан «қарындасымның аштан ісіп-кеуіп өлгенін көрмей-ақ қояйын» деп мұны ағысы қатты асау Қасқасу өзеніне лақтырып жіберген екен. «Ақыры өледі, көз алдымда емес, аулақта өлсін» дегені шығар бейбақтың. Ағысы қатты өзен бүлдіршін қызды ә дегеннен-ақ шамасын келтірмей ағыза жөнеледі. Өлдім-талдым дегенде бір кезде әжем судың жағасына шығады. Тастан-тасқа соғылып, үсті-басының бәрі тілім-тілім жара болған әжем, «сол жерде еңіреп тұрып жыладым» дейді. Содан беті ауған жаққа қарай жүре береді. Айналаның бәрі жат. Айдала. Содан ілбіп жүріп бір үлкен қырдың басына шыққанда арғы сайдағы қып-қызыл бидай егістігі бірден көзге түседі. Денесінің сыздап ауырғанын ұмытып, сол егістікке қарай жанұшыра жүгіріпті. Қалың бидайдың арасында қолымен үгітіп, дән жеп отырған жерінен бір әйел тауып алады. «Әй, кімнің қызысың?» «Өмірбайдың» «Қай Өмірбайдың?» «Жаныстағы Өмірбайдың».

Кейінірек әйел хабар жіберсе, Өмірбай бұл кезде тайлы-тұяғымен Ташкентке көшіп кеткен екен. Осы жерде сәл шегініс жасасақ, оқиғаның былай өрбігеніне көзіңіз жетер еді. Өмірбай ақсақал аудан орталығына кеткенде, әлгі әжемді суға лақтыратын оқиға орын алады. Кейінірек Өмекең ашаршылықтан ада Ташкентке көшетін боп тас-түйін бекіп келгенде, үлкен ұлы Оспан: «Көке, сіз жоқта Шынжыргүл (әжемді айтады) қайтыс болды. Өз қолыммен жерледім» – дейді. Әрине, қайғырғанмен уақыт тар. Минут сайын адамдар әлсіреп жатыр. Құран оқып, бет сипағаннан басқа амал жоқ. Сөйтіп, артынша өзбек еліне жол тартады.

Әке мен қыз бір жылдан кейін табысыпты. Ел ішінде сөз жата ма, Өмірбай біреулер арқылы қызының хабарын естіп, сонау Ташкент жақтан кеп алып кеткен екен. Міне, әжемнің бар кінәсі – әкесінің бір кездері бай болғаны. Әйтпесе ес жиып, етегін жауып, соғыстың соңғы жылдары атама ұзатылғанға дейін тойып тамақ ішкені шамалы.

Оралхан Дәуіт,

«Егемен Қазақстан».

Бөлісу: