Апақ батырдың ақ тасы

13 Қараша 2013, 12:05

Күршім ауданындағы Қаратал өзенінің оң жақ жағалауында, Теректібұлақ ауылы мен Топтерек ауылдарының арасында бір жұмбақ тас баған тұр. Оның қазіргі кездегі биіктігі екі метрден астам, үстіңгі басы жарықшақтанып сынған, астыңғы табанының бөлігі тік төрт бұрышты. Жұмбақ бұл тас бағанды маған әкем көрсетті, ал оған бала күнінде атам көрсетіпті. Қараған адамға тас баған қызығушылық тудырады. Ол жазық орманның ортасында орналасқан. Тас бағанның едәуір бөлігі жерге кіріп тұр. Онда бір белгісіз таңбалар бар. Жергілікті қариялардың айтуынша, тас баған қазіргі қалпынан кезінде бір метрдей ұзын, биік болған. Бірақ та, кезінде темір арқан тағып, трактордың күшімен орнынан жықпақшы болған әумесерлер, оның ұшын сындырып тастапты. Сынықтары жанында жатыр. Қариялардың айтқан әңгімелерінен, мен осы тас бағанның қалай бұл жерде пайда болғандығы жайында аңызды білдім. Біздің ата тегімізден ауыздан ауызға жетіп келе жатқан аңыздың мазмұны мынандай. Кезінде осы жерде бір бай адам өмір сүріпті. Оның сұлу да, ақылды қызы болыпты. Бір күні қыз ақылына күші сай Апақ деген жігітпен кездесіп, бірін-бірі бір көргеннен-ақ жақсы көріп сүйіпті. Жігіт үйлену үшін рұқсат сұрап, байдың алдына келгенде, бай оған күліп: «Сен түгің жоқ тақыр кедейсің, сенде астыңда атың, алдыңда малың жоқ. Сенде тіптен ат байлайтын ат байлағыш та жоқ», деп оның қара жаяу кедей екендігін бетіне басыпты. Апақ батыр болашақ қайын атасының сөзі ар-намысына тигендіктен, ел алдында өзінің кім екендігін көрсету үшін, күншілік жерден арқасына салып, тас баған – ат байлағышты көтеріп әкеліп, болашақ қайын атасының ақ ордасының жанына тіке шаншып қадап қойып: «Сұраған ат байлағышыңыз осы болса, алыңыз», депті. Қыз әкесі болашақ күйеу баласының сыйын қабыл алып, оның күші мен мінезін мойындапты. Күйеу баласының келешекте руының тірегі, жаудан қорғар қалқаны болатындығына көзі жетіп, қызын ұзатып, той жасауға рұқсатын беріпті. Соңынан Апақ батыр қайын атасының сенімін ақтап, тек рудың ғана емес, бүкіл елінің қорғаны мен тірегі болыпты. Ел арасында Ақжігіт балуан, Ақжігіт батыр атаныпты деседі. Ел аузынан естіген тас баған жайындағы аңыз осындай. Тас бағанның маңында қандай да бір басқа тастар жоқ. Оның алыстан әкелінгендігі көрініп тұр. Мен естіген аңыздан кейін, тас баған біздің күндерімізге дейін жетпеген талай қызықты да, шым-шытырық оқиғалардың куәсіндей көрінеді. Көңіл аударған бізге бар сырын ақтара салатындай сезіндім. Осындай ғасырлар, мүмкін әлде мыңдаған жылдар тұрған көненің көзі, ескерткіші қас-қағымда адамдардың бассыздығынан бір метрден астам бөлігін жоғалтқаны қатты қынжылтады. Жапандағы тас баған кімге керек десеңіздер, айтар едім бізге керек деп. Ол біздің аңызымыз, біздің тарихымыз, ауыздан ауызға жетіп келе жатқан біздің мәдениетіміз, біздің мұрамыз. Белгілі орыс жазушысы Евгений Курдаковтың Алтай өңірінің тарихының тіптен зерттелусіз қалған деген сөзіне, қосылғаннан басқа шараң қалмайды. Күршім жері керемет табиғаты сұлу жер, адамдары ертеден жаужүрек, батыл болған деседі. Тек аяғына дейін зерттелмеген тарихы мен оны мақтан тұтып айта алмауымыз көңілге кірбің келтіреді. Сымбат МОЛДАМЖАРЕВ

Күршім ауданындағы Қаратал өзенінің оң жақ жағалауында, Теректібұлақ ауылы мен Топтерек ауылдарының арасында бір жұмбақ тас баған тұр. Оның қазіргі кездегі биіктігі екі метрден астам, үстіңгі басы жарықшақтанып сынған, астыңғы табанының бөлігі тік төрт бұрышты.

Жұмбақ бұл тас бағанды маған әкем көрсетті, ал оған бала күнінде атам көрсетіпті. Қараған адамға тас баған қызығушылық тудырады. Ол жазық орманның ортасында орналасқан. Тас бағанның едәуір бөлігі жерге кіріп тұр. Онда бір белгісіз таңбалар бар.

Жергілікті қариялардың айтуынша, тас баған қазіргі қалпынан кезінде бір метрдей ұзын, биік болған. Бірақ та, кезінде темір арқан тағып, трактордың күшімен орнынан жықпақшы болған әумесерлер, оның ұшын сындырып тастапты. Сынықтары жанында жатыр.

Қариялардың айтқан әңгімелерінен, мен осы тас бағанның қалай бұл жерде пайда болғандығы жайында аңызды білдім. Біздің ата тегімізден ауыздан ауызға жетіп келе жатқан аңыздың мазмұны мынандай. Кезінде осы жерде бір бай адам өмір сүріпті. Оның сұлу да, ақылды қызы болыпты. Бір күні қыз ақылына күші сай Апақ деген жігітпен кездесіп, бірін-бірі бір көргеннен-ақ жақсы көріп сүйіпті. Жігіт үйлену үшін рұқсат сұрап, байдың алдына келгенде, бай оған күліп: «Сен түгің жоқ тақыр кедейсің, сенде астыңда атың, алдыңда малың жоқ. Сенде тіптен ат байлайтын ат байлағыш та жоқ», деп оның қара жаяу кедей екендігін бетіне басыпты.

Апақ батыр болашақ қайын атасының сөзі ар-намысына тигендіктен, ел алдында өзінің кім екендігін көрсету үшін, күншілік жерден арқасына салып, тас баған – ат байлағышты көтеріп әкеліп, болашақ қайын атасының ақ ордасының жанына тіке шаншып қадап қойып: «Сұраған ат байлағышыңыз осы болса, алыңыз», депті. Қыз әкесі болашақ күйеу баласының сыйын қабыл алып, оның күші мен мінезін мойындапты. Күйеу баласының келешекте руының тірегі, жаудан қорғар қалқаны болатындығына көзі жетіп, қызын ұзатып, той жасауға рұқсатын беріпті.

Соңынан Апақ батыр қайын атасының сенімін ақтап, тек рудың ғана емес, бүкіл елінің қорғаны мен тірегі болыпты. Ел арасында Ақжігіт балуан, Ақжігіт батыр атаныпты деседі. Ел аузынан естіген тас баған жайындағы аңыз осындай.

Тас бағанның маңында қандай да бір басқа тастар жоқ. Оның алыстан әкелінгендігі көрініп тұр. Мен естіген аңыздан кейін, тас баған біздің күндерімізге дейін жетпеген талай қызықты да, шым-шытырық оқиғалардың куәсіндей көрінеді. Көңіл аударған бізге бар сырын ақтара салатындай сезіндім.

Осындай ғасырлар, мүмкін әлде мыңдаған жылдар тұрған көненің көзі, ескерткіші қас-қағымда адамдардың бассыздығынан бір метрден астам бөлігін жоғалтқаны қатты қынжылтады. Жапандағы тас баған кімге керек десеңіздер, айтар едім бізге керек деп. Ол біздің аңызымыз, біздің тарихымыз, ауыздан ауызға жетіп келе жатқан біздің мәдениетіміз, біздің мұрамыз.

Белгілі орыс жазушысы Евгений Курдаковтың Алтай өңірінің тарихының тіптен зерттелусіз қалған деген сөзіне, қосылғаннан басқа шараң қалмайды. Күршім жері керемет табиғаты сұлу жер, адамдары ертеден жаужүрек, батыл болған деседі. Тек аяғына дейін зерттелмеген тарихы мен оны мақтан тұтып айта алмауымыз көңілге кірбің келтіреді.

Сымбат МОЛДАМЖАРЕВ

Бөлісу: