«Еңбекші қазақтың» арбакеші

13 Қараша 2013, 12:00

Аяулы ақын, көрнекті жазушымыз әрі дарынды аудармашы Қалмақан Әбдіқадыровтың есімі халқымызға аса ардақты. «Сырдария» атты тұңғыш өлеңі «Еңбекші қазақ» газетіне жарияланғаннан бастап, әдебиетімізге бірқатар қомақты шығармалар қосты. «Келес қызы», «Мақташы қыз» атты дүниелерінде еңбек адамдарының ерлікке пара-пар істерін көркем сөзбен әдіптеді. «Қажымұқан» повесінде қазақтағы күш атасының еңсегей тұлғасын сомдап, халық жадына мәңгілікке сіңірді. Шығыстың інжу-маржаны – «Мың бір түнді» мөлдірете аударып, халқының жүрегін мүлде жаулап алды. Ағаның өзге де туындыларын оқырман қауым жақсы біледі. Қалмақан соғыс жылдарында төртінші Украина майданында шығып тұрған қазақ газеттерінде жұмыс істеді. Соғыстан кейін Жазушылар одағында, түрлі баспа орындарында, туған жеріндегі мәдениет ошақтарында қызмет етіп, артында өшпес із қалдырды. Тағдырдың жазуымен жер шарының біраз жерін шарласа да, арбакештен тұғырлы тұлғаға айналған ағамызға туған жерінің топырағы бұйырды. ...Соғыс аяқталды. Мәскеуден шыққан пойы­з жүйткіп келеді. Қызыл вагонда соғыстан қайтқан жауынгерлер. Олардың арасында үш Кеңес Одағының Батыры бар. Жауынгерлер осы үшеуін қаумалап, түрлі әңгімеге тартады. Ортада ақын әрі жазушы Қалмақан. Ол көне әңгімелерді көсілдіріп, ежелгі қисса-дастандарды жатқа соғып келеді. Жауынгерлер еміреніп, көзді жұмып тына қалған. Әңгімені Бұдабайдан бастап, ақын Нартайдың жырларын төпелетеді. Бір ауық «Мың бір түн» әңгімесін бастағанда қаруластары тағы да ентелей түсті. Арасында Ж.Махамбетов, Н.Ілиясов, Ж.Нұрсейітовтің қарулы қолдарына түскен немістердің хал-күйін қызықты етіп баяндағанда күлкіге көмілмеген ешкім қалмады. Жаппасбай ағаның ауылдасы «елде тұз жоқ» деп хат жазған екен. Батыр аға жерлесінің тілегін құп алып, соғыстан бір қап тұз әкеле жатқанын айтты. От пен оқтан әзер аман шыққан жауынгерлер: «Бұл қалай?» деп жамырасты. – Жәке бір қап тұзыңыз не? – дейді солдаттар тағы қаумалай түсіп. – Ой, ауылым Қызылтуда тұз жоқ көрінеді. Барған бойда бәріне үлестіріп бермеймін бе? Астың дәмін тұз кіргізеді деген. – Түу, ауылда тұз бар. Сізді құрдастарыңыз әншейін әуреге салған ғой. – Шынымен солай ма, – дейді аңғал батыр. Осы тұста біреу, аға лейтенант Қалмақан Берлиннен бері бір қап кітапты нығыздап буып әкеле жатқанын айтып қалды. Жауынгерлер: «Бұл қалай?» деп тағы жамырасты. – Бұл қазына. Бір қап толы алтын ғой. Ауылға барған соң бәрін қазақшаға аудартып алып, елімді бүкіл батыс пен шығыстың классикасымен сусындатам, – деп айналасына мейірлене қарады. Елге оралған жауынгерлер Арал тұсына келгенде қуаныштарында шек болмады. Толқын атқан теңізге қарап, боталаған көздерін ұзақ суарды. Одан Қызылордаға келгенше ән-жырды қалықтатты. Соғыстан оралған осынау ағалардың біразымен кейін бейбіт күндері тұз-дәмдес болдық. Жаппасбай шахтер, Нағи мен Жақыпбек колхоз, кеңшар төрағалары болды. Ақын Қалмақан жазушылығын қайта жалғады. Сонау елуінші жылдардың орта шенінде Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде жұмыс істейтін кезім. Мұнда Д.Ысмайылов деген кісі жауапты хатшы еді. Төрт беттік газетті Ш.Бектасов, Ж.Шәукебаев төртеуміз толтырамыз. Бір күні ортамызға әдеби қызметкер болып Қалмақан аға келді. Алматыдан жалғыз оралды. Әйелі мен бала-шағасы Сыр өңіріне келмейтін сыңай танытса керек. – Бұл кім? – дейміз Дүйсенбіге. – Бұл ақын, жазушы Қалмақан. Шиелінің тумасы. Мына «Бақтыата» жеріндегі он алтыншы ауылда дүниеге келген, – дейді ол. Соғыс алдында талай өлең-жырларын жаттап өскенбіз. Алматының дымқыл ауасы жақпай, бұдан былай Сырдың құрғақ ауасында жүруге дәрігерлер кеңес берсе керек. Сонымен, Қалмақан ағамен аудандық газеттегі қызмет жолымыз басталды. Темір жолдың арғы бетіндегі жеке үйде жалғыз тұратын. Газеттің партия, комсомол, совет тұрмысы деген бөлімдері бар. Нөмір сайын солар жөнінде материал дайындау керек. Еңбек адамдары, шопандар, егін орағы, мал қыстату туралы очерк, суреттеме, репортаж тағы бар. Қалмақан аға осы қарапайым дүниелерді жазуға қатты қиналатын. Қаламы жүрмейді. Біз болсақ таңырқай қараймыз. Үлкен жазушының кішкентай дүниені өңгере алмай тұрғанына сенгіміз келмейді. Содан не керек, болмаған соң Қалмақан аға мақалаларын бәрімізге бөліп беретін болды. Артынан берекелі дастарқанымен сыйлайды. Сөйтіп, жазушы ағамызды газеттің күйбің тірлігінен азат еттік. Бір күні «Мың бір түнді» аударғаны үшін Алматыдан он мың сомдай ақша келіпті. Ағамыз оны түгелдей өз отбасына бөліп берді. Сөйтсек, бізді де ұмытпаған екен. Өзі айтпақшы «ұры қалтасына» мың теңге салып, алып қалыпты. Күндердің бір күнінде аудан әкімі И. Әб­дікәрімов Қалмақан ағаны шақырып алып, елге оралғанымен құттықтапты. Сөйтіп, су жаңа автоклуб алғызып, Қарғалы бойындағы малшыларға қызмет көрсететін «қызыл отауға» меңгеруші етіп қойыпты. Кіші газеттің қызметінен ығыры шығып жүрген үлкен жазушыға бұл қызмет қол болды. Жазушы барған бойда «қызыл отау» жұмысын жандандырды. Қарғалыда мектеп-интернат салдырды. Жарты ауыл елді мекенінде де мектепті іске қостырды. Бұған дейін Алматы облысындағы бір ауылға радио торабын таратқызып, кітапхана қорын толықтырып берген екен. Бүгінде сол Қарғалы ауылы көркейіп, гүлденген. Аудан орталығындағы кітапхана – Қалмақан Әбдіқадыров атында. Жазушы 1964 жылдың 30 сәуірінде дүние салды. Зираты Шиелінің Алғабас ауылында. Шиеліге кіре берістегі үлкен жолдың бойында қаламгердің үлкен форматты суреті тұр. Аудан­ға келген-кеткеннің бәрі тағзым жасап өтеді. Аяулы ақын, жазушы Қалмақанның туғанына биыл 110 жыл толды. Жазушы «Сыр сарбаздары» атты «Келес қызының» бір тарауының циклі іспеттес кітап жазуды ойластырып жүрген. Сол арманына жетпеді. Сол дүниелерді жинап, құрастыратын азамат болса ғой, шіркін! Әлі есімде. Бір күні газетке келіп ұзақ әңгіме шертті. Қызықты естеліктер айтты. Ол күннен бері де елу жыл уақыт өтіпті. Әскерде пулеметші болғанын, көздегені қалт кетпейтін мерген болғанын еске алды. «Бала кезім жалшылықта өтті. Байдың қойын бақтым. Еңбекақыма арық тоқты алатын едім. Содан өлең-жырға әуестігімді байқаған «Еңбекші қазақтың» жауапты хатшысы Бейімбет Майлин мені қызметке алды. Қызмет болғанда да, үлкен газетке арбакеш етті. Сөйтіп, 22 жасымда «Қалмақан арбакеш» атандым. Өлең-жырды бұрқыратып жаздым. Көзімді ашқан, мені халыққа танытқан – «Еңбекші қазақ».Апта сайын газетті арбаға тиеп алып, әр ауылға «Еңбекші қазақты» алып қал» деп әндетіп баратынмын. Қала маңындағы отыз болыс ауылдың әр үйі өз үйімдей болды. Сонымен, астана Қызылордадан Алматыға көшкенге дейін үлкен газеттің арбакеші қызметін атқардым. «Еңбекші қазақтың» тұңғыш таратушыларының бірі әрі насихаттаушысы болғаныма ризамын. Бейімбет Майлиннің тәрбиесін көрдім, қаламым ұшталды. Бейімбет нағыз сөз шебері еді ғой», – деп сөзін аяқтаған еді жазушы аға. Сан алуан пікір ойға оралады. Аяулы ақын, көрнекті жазушы, дарынды аудармашы Қалмақан Әбдіқадыровтың есімі Қызылорда қаласындағы орталық көшелердің біріне берілсе деген арман-ой да кеудеде бар. Жасы 110 толған кезінде есімі осылай жаңғырса ғой! Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.

Аяулы ақын, көрнекті жазушымыз әрі дарынды аудармашы Қалмақан Әбдіқадыровтың есімі халқымызға аса ардақты. «Сырдария» атты тұңғыш өлеңі «Еңбекші қазақ» газетіне жарияланғаннан бастап, әдебиетімізге бірқатар қомақты шығармалар қосты. «Келес қызы», «Мақташы қыз» атты дүниелерінде еңбек адамдарының ерлікке пара-пар істерін көркем сөзбен әдіптеді. «Қажымұқан» повесінде қазақтағы күш атасының еңсегей тұлғасын сомдап, халық жадына мәңгілікке сіңірді. Шығыстың інжу-маржаны – «Мың бір түнді» мөлдірете аударып, халқының жүрегін мүлде жаулап алды. Ағаның өзге де туындыларын оқырман қауым жақсы біледі.

Қалмақан соғыс жылдарында төртінші Украина майданында шығып тұрған қазақ газеттерінде жұмыс істеді. Соғыстан кейін Жазушылар одағында, түрлі баспа орындарында, туған жеріндегі мәдениет ошақтарында қызмет етіп, артында өшпес із қалдырды. Тағдырдың жазуымен жер шарының біраз жерін шарласа да, арбакештен тұғырлы тұлғаға айналған ағамызға туған жерінің топырағы бұйырды.

...Соғыс аяқталды. Мәскеуден шыққан пойы­з жүйткіп келеді. Қызыл вагонда соғыстан қайтқан жауынгерлер. Олардың арасында үш Кеңес Одағының Батыры бар. Жауынгерлер осы үшеуін қаумалап, түрлі әңгімеге тартады. Ортада ақын әрі жазушы Қалмақан. Ол көне әңгімелерді көсілдіріп, ежелгі қисса-дастандарды жатқа соғып келеді. Жауынгерлер еміреніп, көзді жұмып тына қалған. Әңгімені Бұдабайдан бастап, ақын Нартайдың жырларын төпелетеді. Бір ауық «Мың бір түн» әңгімесін бастағанда қаруластары тағы да ентелей түсті. Арасында Ж.Махамбетов, Н.Ілиясов, Ж.Нұрсейітовтің қарулы қолдарына түскен немістердің хал-күйін қызықты етіп баяндағанда күлкіге көмілмеген ешкім қалмады.

Жаппасбай ағаның ауылдасы «елде тұз жоқ» деп хат жазған екен. Батыр аға жерлесінің тілегін құп алып, соғыстан бір қап тұз әкеле жатқанын айтты. От пен оқтан әзер аман шыққан жауынгерлер: «Бұл қалай?» деп жамырасты.

– Жәке бір қап тұзыңыз не? – дейді солдаттар тағы қаумалай түсіп.

– Ой, ауылым Қызылтуда тұз жоқ көрінеді. Барған бойда бәріне үлестіріп бермеймін бе? Астың дәмін тұз кіргізеді деген.

– Түу, ауылда тұз бар. Сізді құрдастарыңыз әншейін әуреге салған ғой.

– Шынымен солай ма, – дейді аңғал батыр.

Осы тұста біреу, аға лейтенант Қалмақан Берлиннен бері бір қап кітапты нығыздап буып әкеле жатқанын айтып қалды. Жауынгерлер: «Бұл қалай?» деп тағы жамырасты.

– Бұл қазына. Бір қап толы алтын ғой. Ауылға барған соң бәрін қазақшаға аудартып алып, елімді бүкіл батыс пен шығыстың классикасымен сусындатам, – деп айналасына мейірлене қарады.

Елге оралған жауынгерлер Арал тұсына келгенде қуаныштарында шек болмады. Толқын атқан теңізге қарап, боталаған көздерін ұзақ суарды. Одан Қызылордаға келгенше ән-жырды қалықтатты. Соғыстан оралған осынау ағалардың біразымен кейін бейбіт күндері тұз-дәмдес болдық. Жаппасбай шахтер, Нағи мен Жақыпбек колхоз, кеңшар төрағалары болды. Ақын Қалмақан жазушылығын қайта жалғады.

Сонау елуінші жылдардың орта шенінде Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде жұмыс істейтін кезім. Мұнда Д.Ысмайылов деген кісі жауапты хатшы еді. Төрт беттік газетті Ш.Бектасов, Ж.Шәукебаев төртеуміз толтырамыз. Бір күні ортамызға әдеби қызметкер болып Қалмақан аға келді. Алматыдан жалғыз оралды. Әйелі мен бала-шағасы Сыр өңіріне келмейтін сыңай танытса керек.

– Бұл кім? – дейміз Дүйсенбіге.

– Бұл ақын, жазушы Қалмақан. Шиелінің тумасы. Мына «Бақтыата» жеріндегі он алтыншы ауылда дүниеге келген, – дейді ол. Соғыс алдында талай өлең-жырларын жаттап өскенбіз. Алматының дымқыл ауасы жақпай, бұдан былай Сырдың құрғақ ауасында жүруге дәрігерлер кеңес берсе керек.

Сонымен, Қалмақан ағамен аудандық газеттегі қызмет жолымыз басталды. Темір жолдың арғы бетіндегі жеке үйде жалғыз тұратын. Газеттің партия, комсомол, совет тұрмысы деген бөлімдері бар. Нөмір сайын солар жөнінде материал дайындау керек. Еңбек адамдары, шопандар, егін орағы, мал қыстату туралы очерк, суреттеме, репортаж тағы бар. Қалмақан аға осы қарапайым дүниелерді жазуға қатты қиналатын. Қаламы жүрмейді. Біз болсақ таңырқай қараймыз. Үлкен жазушының кішкентай дүниені өңгере алмай тұрғанына сенгіміз келмейді. Содан не керек, болмаған соң Қалмақан аға мақалаларын бәрімізге бөліп беретін болды. Артынан берекелі дастарқанымен сыйлайды. Сөйтіп, жазушы ағамызды газеттің күйбің тірлігінен азат еттік.

Бір күні «Мың бір түнді» аударғаны үшін Алматыдан он мың сомдай ақша келіпті. Ағамыз оны түгелдей өз отбасына бөліп берді. Сөйтсек, бізді де ұмытпаған екен. Өзі айтпақшы «ұры қалтасына» мың теңге салып, алып қалыпты.

Күндердің бір күнінде аудан әкімі И. Әб­дікәрімов Қалмақан ағаны шақырып алып, елге оралғанымен құттықтапты. Сөйтіп, су жаңа автоклуб алғызып, Қарғалы бойындағы малшыларға қызмет көрсететін «қызыл отауға» меңгеруші етіп қойыпты. Кіші газеттің қызметінен ығыры шығып жүрген үлкен жазушыға бұл қызмет қол болды. Жазушы барған бойда «қызыл отау» жұмысын жандандырды. Қарғалыда мектеп-интернат салдырды. Жарты ауыл елді мекенінде де мектепті іске қостырды. Бұған дейін Алматы облысындағы бір ауылға радио торабын таратқызып, кітапхана қорын толықтырып берген екен. Бүгінде сол Қарғалы ауылы көркейіп, гүлденген. Аудан орталығындағы кітапхана – Қалмақан Әбдіқадыров атында.

Жазушы 1964 жылдың 30 сәуірінде дүние салды. Зираты Шиелінің Алғабас ауылында. Шиеліге кіре берістегі үлкен жолдың бойында қаламгердің үлкен форматты суреті тұр. Аудан­ға келген-кеткеннің бәрі тағзым жасап өтеді.

Аяулы ақын, жазушы Қалмақанның туғанына биыл 110 жыл толды. Жазушы «Сыр сарбаздары» атты «Келес қызының» бір тарауының циклі іспеттес кітап жазуды ойластырып жүрген. Сол арманына жетпеді. Сол дүниелерді жинап, құрастыратын азамат болса ғой, шіркін!

Әлі есімде. Бір күні газетке келіп ұзақ әңгіме шертті. Қызықты естеліктер айтты. Ол күннен бері де елу жыл уақыт өтіпті. Әскерде пулеметші болғанын, көздегені қалт кетпейтін мерген болғанын еске алды. «Бала кезім жалшылықта өтті. Байдың қойын бақтым. Еңбекақыма арық тоқты алатын едім. Содан өлең-жырға әуестігімді байқаған «Еңбекші қазақтың» жауапты хатшысы Бейімбет Майлин мені қызметке алды. Қызмет болғанда да, үлкен газетке арбакеш етті. Сөйтіп, 22 жасымда «Қалмақан арбакеш» атандым. Өлең-жырды бұрқыратып жаздым. Көзімді ашқан, мені халыққа танытқан – «Еңбекші қазақ».Апта сайын газетті арбаға тиеп алып, әр ауылға «Еңбекші қазақты» алып қал» деп әндетіп баратынмын. Қала маңындағы отыз болыс ауылдың әр үйі өз үйімдей болды. Сонымен, астана Қызылордадан Алматыға көшкенге дейін үлкен газеттің арбакеші қызметін атқардым. «Еңбекші қазақтың» тұңғыш таратушыларының бірі әрі насихаттаушысы болғаныма ризамын. Бейімбет Майлиннің тәрбиесін көрдім, қаламым ұшталды. Бейімбет нағыз сөз шебері еді ғой», – деп сөзін аяқтаған еді жазушы аға.

Сан алуан пікір ойға оралады. Аяулы ақын, көрнекті жазушы, дарынды аудармашы Қалмақан Әбдіқадыровтың есімі Қызылорда қаласындағы орталық көшелердің біріне берілсе деген арман-ой да кеудеде бар. Жасы 110 толған кезінде есімі осылай жаңғырса ғой!

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.

Бөлісу: