Жазушының жыры (эссе)

13 Қараша 2013, 11:57

Қазақ рухани әле­міндегі небір майталман тұлғалардың көптеген табыстары олардың шаңы­рақтарындағы отан­а­сы­ның кісілігіне тікелей бай­ланысты болып келеді. Он­дай апаларымыздың өз еңбектерін міндетсінбей, бай­­қаусыз күйде, қалта­рыста қал­ғанды жөн көре­тіні тағы бар. Бұл жолғы кейіпкерім − Қыздаркүл Пернебайқызы, жазушы Мархабат Байғұт­тың жан жары.Жазушы ағамыз еркелетіп «Қыздан» деп қояды. Ол кісімен алғашқы ұшырасуым әлі күнге есімде. «Лениншіл жаста» жұмыс істеп жүрген кезім болатын. Шымкент шаһарына же­ке шаруаммен келгенімді айтқан едім. Махаң: «Үйге жүріп, жеңгеңіздің қолынан дәм татыңыз», – деді бірден. «Демек, ағамыздың жары жомарт жан екен ғой...», –дегендей ой қылаң берді миымда. Бес қабатты үйдің подъезіне аттап кіргеніміз де сол еді. Риясыз жымиған күйде бір келіншек баспал­дақпен жайлап түсіп келе жатты. Жымиғанда да тура маған қарап жымияды. Махаң «ә» деп аузын ашып та үлгермеген еді. Әлгі кісі маған тақап келіп, ерекше жылылықпен: «Ат-көлік аман-есен жеттің бе, айналайын!», − деді де маңдайымнан сүйді. «Біздің үйдегі жеңгеңіз», − деген сөздер содан кейін ғана құ­ла­ғыма шалынып жатты. Ашық-жарқын мінезді талай апа-әпкелерімізді көрген сияқты едім. Бірақ мынау қарсы алыстың жайы мүлдем бөлекше еді. – Ақлима деген сіңліңіз дәл қазір үйде, қарсы алады. Мен шамамен бес-он минутта келіп қалармын,− деді де жүгіре басып жөніне кетті. Айтса айтқандай, үйдегі балалармен танысып, амандасып, дастарқанға жай­ғасқанымыз да сол еді. Қыздан әпкеміз іле-шала келіп қалды. Сөйтсек, істің мән-жайы былай екен. Жазушы ағамыздың жағ­дайын толық жасап, бала­лардың тәрбиесімен нақты түрде айналысуды өзінің ең басты парызы әрі содан туындайтын қорытындыларды өз бақытының негізі деп ой түйген Қыздан әпкеміз, Шымкент қаласына көшіп келі­сімен, отбасының тұрмыс-тіршілігі үшін ең қолайлы деген жұмысты іздейді. Онысы және табыла кетеді. Дәлірек айтқанда, үйдің қасындағы пошта бөлімшесінде жеделхаттарды тасу қызметі. Кезекті жеделхатты шұғыл түрде жеткізу керектігі туралы қоңырау шалынса бітті, ол кісі құстай ұшып барып, әлгіні иесіне табыс етіп, құстай ұшып үйіне қайта келеді. Ол үшін берілетін айлығының мардымсыз екендігіне де көңіл аударып жатқан жеңгеміз жоқ. Ең бастысы – қолайлы да адал жұмысты шаңырақ ша­руаларымен ұштастыра жүргізу. Айта кеткен жөн болар: Пернебайқызы мектепті ойдағыдай бітірген. Ауылдық кітапханада он жыл істеп, үздік кітапханашы атанған. Шымкентте кітапханашылық орын табылмаған. Сонау Түл­кібастан облыс орталығына көшіп келіп, балаларының бұғанасы қата бастаған тұс­та Махаңның: «Қыздан, қала­ған оқуыңа сырттай болса да түсіп алсаңшы! Бәлкім, басқа жұмысқа ауысқың ке­лер?!», − деген тектес ұсы­ныс­тарына: «Сіздердің жағ­дайларыңызды жасап отыруыма осы жұмысым қолайлы. Басқа оқу бітірсем, соған сай қызмет ауыстырғым келіп, сіздердің күйлеріңіз кетіп қалар. Уақытша осы жұмыста жүре тұрайын», − деп ыңғай бермеген көрінеді. Демек, өз өмірін отбасының бақытына басыбүтін арнамақты жөн санаған екен. Қонақ ретінде аспаздық ше­берлігіне мін таға алмай мен отырмын. Шай ішпекке шақы­рылғанымды, көп болса, бір жарым сағат бұрын естіген шығар. Алайда, алдымызға келіп жатқан тағамдар тізбегі құдды бір тәулік бұрын хабардар болған жанның тірлігіндей. Бар жүрек жылуымен, шын ықыласымен әзірлегені тағамының әр түйірінен аңғарылып жатты. Қыздан әпкеміз қонақ бөлме мен ас үйдің арасында бейнебір аяғының ұшымен басып, тіпті қалықтап жүргендей әсер қалдырды маған. Сұйық сорпа істемек болып қазан құлағына жармасқанымда, соңынан оның қою тамаққа айналып кететіні; бірде тұзы кем, енді бірде артық болатыны есіме түсіп, іштей өз-өзімнен қысылып-ақ отырмын. «Қап, осыдан барған соң аспаздықтың қыр-сырларына жақсылап үңілмесем бе?!», – деп, өз-өзімді қайрап қоямын. Яғни, әпкеміз бұл салада, бір ауыз сөз қатпастан, маған ұстаз болып отыр­ды. Біздің таныстығымыз, соған жалғас отбасылық аралас-құра­ластығымыз өрбіген сол бір кеңестік дәуірде Мархабат аға Ба­й­ғұт Қазақ­стан Жазушылары одағының Оң­түстік облыстардағы бөлімшесінің басшысы болатын. Қолына қалам ұстаған ағайынның Оңтүстік өңірге барғысы келіп тұратыны ақиқат еді. Сондай келушілердің ішінде өздеріне туған бауырдай болып кеткен әрі отбасы болып араласатын ақын-жазушыларды құрақ ұша қарсы алып, Махаңның тұтас отбасы бір жасап қалысатын еді. «Ақын-жазушыларды үйге апара жатырмын. Жағдайың қалай еді?» − дей тұра, Жазушылар бөлімшесінің бастығы телефон сымының келесі жағынан айтылар жауапты шамалап сезетін болған-ау, сірә. «Ер­тіп келе беріңіз. Бір мәнісі болар». Осылай десімен, Қыздаркүл әпкеміз қос бөлменің арасында балаларымен қосыла тапырақтай жүгірісіп, дайындықты бастайды да кетеді. Кезі келгенде өткір пікір­лерін қиюын тауып айта алатын, басына шыққысы келгендерді табанда «бастапқы орнына» түсіре қоятын, аярлықтың асқынған түр­леріне кезіккен сәтінде оның иесін ұтқыр сөздерімен «кісендеп тастайтын» жазушының жары − мәселе Махаңның мәртебесіне келіп тірелген кезде барынша жұмсақ әрі жомарт-ақ. Осы бір қонақжай шаңыраққа отанасының ұқыптылығы мен үнемшілдігінің қаншалықты ырыс-береке болып дарығанын шамалау қиын емес. Расында, үйдегі әрбір заттан жазушының жарының алақан жылуы сезіліп тұратын. Шаңырақтағы көрпе-жастықтан бастап, терезе перде, неше түрлі жапқыштар дейсіз бе, бәрі де Қыздан әпкенің шығармашылық еңбегінің жемісі еді. Бірін тоқиды, екіншісін тігеді дегендей... Өзі айтқандай, айналып келгенде мұның бәрі де − Махаңның шаңырағының берекелі де шуақты болуы үшін жасалған әрекеттер. Отағасының тапқан әр­бір табысын екеу ету, ұқсата білу! Сол алғашқы танысқан жаздық демалысымда, әпкеміз Ақлима екеумізді Түлкібасқа ертіп барды. Былайша айтқанда, бейресми сапармен... Ерлі-зайыптылардың екеуі де осы ауданның төл перзенттері болғандықтан, әпкеміз өз жұртын да, қайын жұртын да армансыз аралатты. Бір шаңыраққа қона жатып қонақ болып, екінші үйден түстік ас ішсек, келесі шаңырақтан бал татыған қымыз ішіп сусындаймыз дегендей... Аса риза болғаным, үй сайын ұқыптылық, жинақылық, тұрмысқа өте бейімділік аңғарылып жатты. Бейнебір, Түлкібастың сұлу табиғатына тұрғындарының ыждағатты тұрмыс-тіршіліктері үйлесе кеткендей. Жаратушымыз жарылқағай сондай жұртты! Келесі баратын үйіміз Кеңес өкі­меті кезінде «Ванновка» деп аталған, аудан орталығы түбіндегі бір бөлімшеде екен. Жаяу − алыс емес. Жарты сағат көлемінде жетіп қалуымыз мүмкін. Жүріп келеміз. Маужыратар мамыр өтіп, күн аптабы қыздырған маусым келіп кірсе де, Түлкібастың құйқалы өңірі өзінің алабөтен бояуын берместен, ерекше тамылжып тұр еді. «Не деген керемет күн! Жаныңа бәрі даяр не керектің: Көрінеді гүлдердің бүр жар­ғаны, Естіледі ұшқаны көбелектің. Не деген керемет күн!», – деп Мұқағали ақын жыр­ла­ғандай, жан сарайыңды ашар, таңғы бір уыз шақ болатын. Бір кезде қарасақ, үстіне қатарластырып темір бөш­келерді қойып тастаған бір ат арба өтіп барады екен. − Мына кісі бізді ала кетпес пе екен?! − деп, айтып аузымды жи­ға­­ным­ша, тізгін ұстап отырған кісі «дыр-р-р» деп арбасын тоқтата қал­сын. − Отырыңдар, қарақтарым. Мына ауылға сүт жинауға бара жа­тыр едім. Әзірге жүгім жоқ. Арба жеңіл. Анау орындыққа жай­ғасыңдар, − деді ауылдардан сүт жинайтын ата. Орындық дегені қап­талдата қағылған жіңішке бір тақтай екен. − Қой, мынаған отырамыз деп, арбаның дөңгелегіне түсіп қа­лармыз. Одан да осы бөшкелердің үстіне жайғаспаймыз ба?! − дедік те, дереу бір-біреуін иемденіп, отыра қалыстық. Ойлы-қырлы жерлермен жүргенде арба едәуір секектейді екен. Бос темір бөшкелермен бірге біз де әлсін-әлсін «секірудеміз». Ауыл арбасына шулай жабыса, жапа-тармағай мініп алатын балалық шағымыз ойымызға оралды-ау деймін. Әпкем екеуміз мәзбіз. − Дәл қазір балалық шағым есіме түсіп кетті, − деді ол кісі жауқазын жылдарына қайта оралғандай болған өзінің қазіргі кейпінен қысыла күлімсіреп. − Шағын ғана шелегім болатын. Соны бұлақтың суына толтырып алып, шыр көбелек айнала қуанушы едім. Шелекті көлденең ұстасам да, бір тамшы суын жерге тамызбағаныма мәз болатынмын. Сөйтсек, оның сыры физикалық заңдылықта жатыр екен ғой. Оны кейін мектептен білдім. Осылай әңгімелесе отырып біз Азаттық ауылындағы Махаңдардың өз қолдарымен тұрғызған алғашқы үйлеріне бардық. Үйдің әрбір кір­піші дерлік өз иелеріне біткен мал-мүліктің табанақы, маңдай терімен келгенін айғақтап тұрғандай. Жазғы сәкіде отырмыз. Бір көшеден кейін, ауылды қақ жарып, Шымкент пен Алматыны жалғастыратын күре­тамыр жол өтеді. Әлсін-әлсін ауыр «Икарус» автобустарының тоқтап барып, жүрісін жалғастырған ыш­қынысты дыбыстары құлаққа келуде. Қыздаркүл әпкем күлімсіреп алып, келесі әңгімесінің шетін шығарды. − Ағаң ауданда біраз жыл жұмыс істеп барып, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қызметке ауысқан еді ғой. «Балаларды жалдамалы пәтерден пәтерге көшіріп, сандалтпайын», − деп газеттен отбасымызға пәтер берілгенге де­йін, бес жыл Шымкенттен қаты­нап жұмыс істеді. Дүйсенбіде, жұмысына кешікпеуді ойлап, таң алакеуімнен жолға шығады. Жұманың қою қараңғысында қайта қауышамыз. Сондағы бір қызық жайтты айтайын ба? − деп, ол кісі әуелі қысыла бір күліп алды. − Бағана байқаған шығарсың, әлгі үлкен жолдың біздің үйге өкпе тұсында аялдама бар. Әрбір жарты сағат сайын ПАЗик автобусы тоқтап, жолаушыларын түсірген соң, жүрісін жалғастырып жататын. Сонда ауладағы ұшы-қиырсыз жұмыстарымды атқара жүріп, жұманың кешінде тоқтай өтіп жатқан автобустарға бар зейініммен құлақ түре жүруші едім. Сенесің бе, сонда мен Махаңның қай автобустан түскенін көліктің тоқтаған үнінен танитындай едім. «Осы жолғысынан түсті», − деймін өз-өзіме. Жеті-сегіз минуттан кейін жымия басып, кіріп келе жатады аулаға. Мүмкін, Алла солай сездіріп қойған шығар маған... Ол кісінің әрбір келісі керемет мереке болатын бізге. Балаларының қуанғанын көрсең! Сөйтіп, жұма сайын жол қарай, күтіп жүретінбіз. Сағыныш деген жақсы екен ғой. Кісіні жаңғыртады, тазартады... Махаңдардың отбасы үшін Азаттық – ерекше мекен. Ол – Қыз­даркүл Пернебайқызының өскен ауы­лы, ерлі-зайыптылық өмірлерінің бастау алған бесігі. Және... Қыздаркүл ананың бүкіл жан дүние, болмысымен Хақты тануға бетбұрысты қадам жасаған жері. Нақтылай айтқанда, «Туған жерге туыңды тік!», − деген мақсатпен, Азаттықтағы осынау отау үйлеріне үлкен ұлдары Баубекті отбасымен қоныстандырғанын, әдебиет пәні мұғалімінің өзі араласқан орталарда терең иман, адал еңбек, көркем мінезімен айрықша сыйлы да сүйкімді бола білгенін, содан кейін, иә-иә, содан кейін... қапыда мерт болғанын жазушы ағамыз өз шығармаларында жан-жақты және терең түрде талай рет қамтыған болатын. Көлденең көк аттыдан да қолынан келген көмегін аямай, жауынан да жақсылық күтіп тұратын осы бір пәк ниетті жанның қазасы оны сәл ғана білгендердің өзіне де аса ауыр тиген еді. Сырт адамдардың өзіне солай болғанда, туған ананың сондағы жайын елес­тете беріңіз... Қыздаркүл әпкеміз осындай сәтте өз басынан қандай жайларды кешіргенін кейінірек маған сыр етіп баяндаған еді. – Алғаш естігенде, опырылып түскендей болдым... Дауыс шығарып енді жылай берем дегенде, есімнен танып бара жатыр екенмін. Сабырға келу керек екенін ұғындым. «Лә иләһа илләллаһ, Лә иләһа илләллаһ!», − деп жүретін жандардың қатарынанбыз ғой. Бұрыннан-ақ. Баубегімді шығарар күні осы кәлима сөздерді секунд сайын қайталаумен болдым. Әлсін-әлсін талмаусырап, өзімді-өзім жоғалтып ала жаздаймын. Кейде жылай да алмай, үнім де шықпай қаламын. Есіл-дертімнің бәрі «Лә иләһа илләллаһқа» ауып кеткендей. Онсыз да бұрыннан: «Алла!» деп, Махаңның әкелген шариғат кітаптарын оқып жүруші едім. Сол жолы бір нәрсені анық түсіндім. Адамның өмірі де, өлімі де, тағдыры да..., бәрі-бәрі бір Алланың қолындағы іс екен. Қазір де ұлым есіме түскенде көз жасым өз-өзінен төгіліп кетеді. Бұл тек − сағынғанымның белгісі. Алланың жазуына, пәрменіне қарсылығым емес. Ислам туралы бұрын оқыған кітаптарыма қайтадан ден қоя бас­тадым. Бұрынғыдай емес, бір Алланың бізге бұйырғандарын жете түсіне бастаған сияқтымын. Біртіндеп намазға келдім... Содан кейінгі жылдары бір кездескенімізде Қыздан әпкеміз: − Тағы бір айтпағым, келінім Ақбөпеге екі дүниеде де ризамын. Екеуі бір-бірін шын сүйіп еді. Түтінін түтетіп, «Баубектің шаңырағы» дегізіп отыр. Шүкір, Баубегімнің соңында тұяқтары қалды. Енді, солар аман болсын, деп, Алладан мың жалбарына тілеймін! − деген болатын. Шынайы хадистерде айтыл­ғанындай, бір Аллаға иман келтіріп, намаздарын оқып, Оразасын ұстап, зекеті мен садақасын берген әрі күйеуі дүниеден өтер-өткенше оған риза болған әйелдің барар жері Жұмақ екен. Алла біздің бүгінгі кейіпкерімізге де мәңгіліктің сондай бақытын нәсіп еткей. Бір жолы, әзілге бұра отырып, жазушы ағамыздан кітапханашы қызды қолына қалай «қондыра» алғанын сұраған едім. − Қызданның көшесінен күнде өтетін едім. Үйіме қарай, әрине. Көзімнің астымен ұрлана қарап қоямын. Ол қазан-ошақ пен үйі арасында жүгіре басып, тірліктерін атқарып жүреді. Бірақ, бірде-бір рет көше жаққа тым болмаса көз қиығын салып та қарамайтын. Жасыратын несі бар, бұл қылығы мені ерекше қызықтырды. Әрлі-берлі өтуімді бұрынғысынан да жиілеттім. Мойын бұрар емес. Содан кейін, «тәуекел» деп, үшбу хат жолдадым. «Хатты жазған кім екен?», − дегендей, сәл көз қиығымен қарағаны да сол еді, ұзақ ойлануға мұршасын келтірместен үйге келін қылып түсірдім, − деп, сәл-пәл әзілге бұра отырып, шындықты мойындаған болатын. − Сол кездегі бейкүнә кітап­ханашы қыз «Көрпесайдың кітап­ханасы» әңгімеңіздегі Закон шал­дың жапон қызының прототипі болған-ау, шамасы. − Бірінде аз, келесісінде көптеу дәрежеде біраз шығармамызда көрініс береді әпкеңіздің қылық­тары. − Кейбір шы­ғарма­ла­рыңызда жа­зушының жары, Шым­кентше айтқанда, «жүдә» адуынды ғой. − Сол шығармаларымнан Қыз­данның образын жасап алған біраз оқыр­мандарымның бұл кісі­нің өзін көргенде: «Мүмкін емес, мүмкін емес, мен бас­қаша елестетіп едім», − деп бас шайқап жататыны бар. − Сондай кездегі әпкеміздің «реакциясы» қандай болады? − Әпкеңіз мәз болып, күле береді. «Отрицательный» герой болса да, әйтеуір менің қалам ұшы­ма іліну ұнайды-ау деймін өзіне. Ал, шынын айтсам, әйелдер «образындағы» адуынды мінез штрих­тарын басқа заман­дастарымыздың болмысынан да теріп ала бе­рем, – деді Махаң жымия. Соңғы бір әзірде сә­­лем­де­се барғанымда Қыз­­даркүл әпке: − Қарап отырсам, уа­қыт өз дегенін істейді екен. Қазір күш-қай­ратым бұрынғыдай емес. Өзің білесің, бұр­нағы жылдарға дейін ағаңның кіндік қаны тамған Пістелісіне барып, бақша салып, ағаңа деп таза өнім­дерімізден банкілер жауып алушы едім ғой. Ондай заман менен қалды білем, − деп, «мұңын» шаққан еді. Солай дей тұра, орнынан тұрып барып, жаздық сәкіні айналдыра өз қолымен егіп тастаған райханы мен жалбызы аралас, неше түрлі жұпар иісті өсімдіктерге әлсін-әлсін су бүркіп, әрлі-берлі тербеп қояды. Сол сәт жанға жайлы бір жұпар иіс қолқаңызды тазалай өтіп, тұтас ағзаңызды рахат бір күйге бөлейтіндей. – Әпке, «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген ғой. Әлі де болса, сыны­ңыз сол қалпында сияқты. Жұпар иісті өсімдіктеріңіз «ізіңізден қалмай» әлі жүр екен, − деп, мен де әзілдеп қояр емеспін. Көбінесе, біз қалам­гер­лердің шығармашылық табыс­тары жайлы сөз қозғаймыз да, оның нағыз «тылы», яғни сізді сан-қилы рухани толғаныстарға түсірген шығармалардың жазылуына жағдай жасап, жазушыңызға өз тұрғысынан дем беріп жүрген қалтарыстағы нәзік болмысты жандар жайлы ойлай бермейміз. Өкінішті-ақ! Қазақ руханиятының Құнанбайдай асқарын бар ықыласымен терең түсініп, оның жан серігі бола білген Ұлжан сияқты текті аналарымыз жайлы тек қағаз жүзінде оқып, білген едік. Ал, өзіміз көзін көріп, бір заман ауқымында қатар өмір сүрген Мәриям Мұқанкеліні сияқты аяулы апаларымыздан бастап, талай-талай сыралғы жеңгелеріміздің өз жұбайларын төредей күтіп, қаламгердің шығар­машылық шабытты шақ­тарында ол кісілерге аяқта­рының ұшымен басып, қызмет еткен сәттері, айналып келгенде, дүйім қазақ руханиятына қалтарыста жүріп қосқан үлестері емес пе?! Еске түсірер болсақ, «Қазақ әдебиеті мен өне­рі» деген үлкен отауда ізет­пен қызмет еткен ондай келіндердің саны, тізе берсе, қомақтылау бірнеше жинаққа жүк болғандай. Біз бүгін Қыз­даркүл Пер­небайқызы жайлы сөз қозғай отырып, Астанадан шалғайда ғұмыр кешіп, руханиятымыздың отымен кіріп, күлімен шығуды өздеріне аса зор бақыт санаған аяулы апаларымыз бен жеңгелеріміздің жиынтық бейнесін сом­дамаққа талпыныс жа­садық. Алла разылығы үшін жасалған жақсылықтардың ескерусіз қалатыны болмайды екен. Ендеше, бұл фәниде болмаса, келесі шынайы өмірлерінде аталған істері алдарынан зор сауапты амалдары болып жолыққай! Қос дүниелері де қайырлы болғай! Нұрлытай ҮРКІМБАЙ.

Қазақ рухани әле­міндегі небір майталман тұлғалардың көптеген табыстары олардың шаңы­рақтарындағы отан­а­сы­ның кісілігіне тікелей бай­ланысты болып келеді. Он­дай апаларымыздың өз еңбектерін міндетсінбей, бай­­қаусыз күйде, қалта­рыста қал­ғанды жөн көре­тіні тағы бар.

Бұл жолғы кейіпкерім − Қыздаркүл Пернебайқызы, жазушы Мархабат Байғұт­тың жан жары.Жазушы ағамыз еркелетіп «Қыздан» деп қояды. Ол кісімен алғашқы ұшырасуым әлі күнге есімде. «Лениншіл жаста» жұмыс істеп жүрген кезім болатын. Шымкент шаһарына же­ке шаруаммен келгенімді айтқан едім. Махаң: «Үйге жүріп, жеңгеңіздің қолынан дәм татыңыз», – деді бірден. «Демек, ағамыздың жары жомарт жан екен ғой...», –дегендей ой қылаң берді миымда. Бес қабатты үйдің подъезіне аттап кіргеніміз де сол еді. Риясыз жымиған күйде бір келіншек баспал­дақпен жайлап түсіп келе жатты. Жымиғанда да тура маған қарап жымияды. Махаң «ә» деп аузын ашып та үлгермеген еді. Әлгі кісі маған тақап келіп, ерекше жылылықпен: «Ат-көлік аман-есен жеттің бе, айналайын!», − деді де маңдайымнан сүйді. «Біздің үйдегі жеңгеңіз», − деген сөздер содан кейін ғана құ­ла­ғыма шалынып жатты. Ашық-жарқын мінезді талай апа-әпкелерімізді көрген сияқты едім. Бірақ мынау қарсы алыстың жайы мүлдем бөлекше еді.

– Ақлима деген сіңліңіз дәл қазір үйде, қарсы алады. Мен шамамен бес-он минутта келіп қалармын,− деді де жүгіре басып жөніне кетті. Айтса айтқандай, үйдегі балалармен танысып, амандасып, дастарқанға жай­ғасқанымыз да сол еді. Қыздан әпкеміз іле-шала келіп қалды. Сөйтсек, істің мән-жайы былай екен.

Жазушы ағамыздың жағ­дайын толық жасап, бала­лардың тәрбиесімен нақты түрде айналысуды өзінің ең басты парызы әрі содан туындайтын қорытындыларды өз бақытының негізі деп ой түйген Қыздан әпкеміз, Шымкент қаласына көшіп келі­сімен, отбасының тұрмыс-тіршілігі үшін ең қолайлы деген жұмысты іздейді. Онысы және табыла кетеді. Дәлірек айтқанда, үйдің қасындағы пошта бөлімшесінде жеделхаттарды тасу қызметі. Кезекті жеделхатты шұғыл түрде жеткізу керектігі туралы қоңырау шалынса бітті, ол кісі құстай ұшып барып, әлгіні иесіне табыс етіп, құстай ұшып үйіне қайта келеді. Ол үшін берілетін айлығының мардымсыз екендігіне де көңіл аударып жатқан жеңгеміз жоқ. Ең бастысы – қолайлы да адал жұмысты шаңырақ ша­руаларымен ұштастыра жүргізу. Айта кеткен жөн болар: Пернебайқызы мектепті ойдағыдай бітірген. Ауылдық кітапханада он жыл істеп, үздік кітапханашы атанған. Шымкентте кітапханашылық орын табылмаған. Сонау Түл­кібастан облыс орталығына көшіп келіп, балаларының бұғанасы қата бастаған тұс­та Махаңның: «Қыздан, қала­ған оқуыңа сырттай болса да түсіп алсаңшы! Бәлкім, басқа жұмысқа ауысқың ке­лер?!», − деген тектес ұсы­ныс­тарына: «Сіздердің жағ­дайларыңызды жасап отыруыма осы жұмысым қолайлы. Басқа оқу бітірсем, соған сай қызмет ауыстырғым келіп, сіздердің күйлеріңіз кетіп қалар. Уақытша осы жұмыста жүре тұрайын», − деп ыңғай бермеген көрінеді. Демек, өз өмірін отбасының бақытына басыбүтін арнамақты жөн санаған екен.

Қонақ ретінде аспаздық ше­берлігіне мін таға алмай мен отырмын. Шай ішпекке шақы­рылғанымды, көп болса, бір жарым сағат бұрын естіген шығар. Алайда, алдымызға келіп жатқан тағамдар тізбегі құдды бір тәулік бұрын хабардар болған жанның тірлігіндей. Бар жүрек жылуымен, шын ықыласымен әзірлегені тағамының әр түйірінен аңғарылып жатты. Қыздан әпкеміз қонақ бөлме мен ас үйдің арасында бейнебір аяғының ұшымен басып, тіпті қалықтап жүргендей әсер қалдырды маған. Сұйық сорпа істемек болып қазан құлағына жармасқанымда, соңынан оның қою тамаққа айналып кететіні; бірде тұзы кем, енді бірде артық болатыны есіме түсіп, іштей өз-өзімнен қысылып-ақ отырмын. «Қап, осыдан барған соң аспаздықтың қыр-сырларына жақсылап үңілмесем бе?!», – деп, өз-өзімді қайрап қоямын. Яғни, әпкеміз бұл салада, бір ауыз сөз қатпастан, маған ұстаз болып отыр­ды.

Біздің таныстығымыз, соған жалғас отбасылық аралас-құра­ластығымыз өрбіген сол бір кеңестік дәуірде Мархабат аға Ба­й­ғұт Қазақ­стан Жазушылары одағының Оң­түстік облыстардағы бөлімшесінің басшысы болатын. Қолына қалам ұстаған ағайынның Оңтүстік өңірге барғысы келіп тұратыны ақиқат еді. Сондай келушілердің ішінде өздеріне туған бауырдай болып кеткен әрі отбасы болып араласатын ақын-жазушыларды құрақ ұша қарсы алып, Махаңның тұтас отбасы бір жасап қалысатын еді. «Ақын-жазушыларды үйге апара жатырмын. Жағдайың қалай еді?» − дей тұра, Жазушылар бөлімшесінің бастығы телефон сымының келесі жағынан айтылар жауапты шамалап сезетін болған-ау, сірә. «Ер­тіп келе беріңіз. Бір мәнісі болар». Осылай десімен, Қыздаркүл әпкеміз қос бөлменің арасында балаларымен қосыла тапырақтай жүгірісіп, дайындықты бастайды да кетеді.

Кезі келгенде өткір пікір­лерін қиюын тауып айта алатын, басына шыққысы келгендерді табанда «бастапқы орнына» түсіре қоятын, аярлықтың асқынған түр­леріне кезіккен сәтінде оның иесін ұтқыр сөздерімен «кісендеп тастайтын» жазушының жары − мәселе Махаңның мәртебесіне келіп тірелген кезде барынша жұмсақ әрі жомарт-ақ. Осы бір қонақжай шаңыраққа отанасының ұқыптылығы мен үнемшілдігінің қаншалықты ырыс-береке болып дарығанын шамалау қиын емес. Расында, үйдегі әрбір заттан жазушының жарының алақан жылуы сезіліп тұратын. Шаңырақтағы көрпе-жастықтан бастап, терезе перде, неше түрлі жапқыштар дейсіз бе, бәрі де Қыздан әпкенің шығармашылық еңбегінің жемісі еді. Бірін тоқиды, екіншісін тігеді дегендей... Өзі айтқандай, айналып келгенде мұның бәрі де − Махаңның шаңырағының берекелі де шуақты болуы үшін жасалған әрекеттер. Отағасының тапқан әр­бір табысын екеу ету, ұқсата білу!

Сол алғашқы танысқан жаздық демалысымда, әпкеміз Ақлима екеумізді Түлкібасқа ертіп барды. Былайша айтқанда, бейресми сапармен... Ерлі-зайыптылардың екеуі де осы ауданның төл перзенттері болғандықтан, әпкеміз өз жұртын да, қайын жұртын да армансыз аралатты. Бір шаңыраққа қона жатып қонақ болып, екінші үйден түстік ас ішсек, келесі шаңырақтан бал татыған қымыз ішіп сусындаймыз дегендей... Аса риза болғаным, үй сайын ұқыптылық, жинақылық, тұрмысқа өте бейімділік аңғарылып жатты. Бейнебір, Түлкібастың сұлу табиғатына тұрғындарының ыждағатты тұрмыс-тіршіліктері үйлесе кеткендей. Жаратушымыз жарылқағай сондай жұртты!

Келесі баратын үйіміз Кеңес өкі­меті кезінде «Ванновка» деп аталған, аудан орталығы түбіндегі бір бөлімшеде екен. Жаяу − алыс емес. Жарты сағат көлемінде жетіп қалуымыз мүмкін. Жүріп келеміз. Маужыратар мамыр өтіп, күн аптабы қыздырған маусым келіп кірсе де, Түлкібастың құйқалы өңірі өзінің алабөтен бояуын берместен, ерекше тамылжып тұр еді.

«Не деген керемет күн!

Жаныңа бәрі даяр не керектің:

Көрінеді гүлдердің бүр жар­ғаны,

Естіледі ұшқаны көбелектің.

Не деген керемет күн!», –

деп Мұқағали ақын жыр­ла­ғандай, жан сарайыңды ашар, таңғы бір уыз шақ болатын. Бір кезде қарасақ, үстіне қатарластырып темір бөш­келерді қойып тастаған бір ат арба өтіп барады екен.

− Мына кісі бізді ала кетпес пе екен?! − деп, айтып аузымды жи­ға­­ным­ша, тізгін ұстап отырған кісі «дыр-р-р» деп арбасын тоқтата қал­сын.

− Отырыңдар, қарақтарым. Мына ауылға сүт жинауға бара жа­тыр едім. Әзірге жүгім жоқ. Арба жеңіл. Анау орындыққа жай­ғасыңдар, − деді ауылдардан сүт жинайтын ата. Орындық дегені қап­талдата қағылған жіңішке бір тақтай екен.

− Қой, мынаған отырамыз деп, арбаның дөңгелегіне түсіп қа­лармыз. Одан да осы бөшкелердің үстіне жайғаспаймыз ба?! − дедік те, дереу бір-біреуін иемденіп, отыра қалыстық. Ойлы-қырлы жерлермен жүргенде арба едәуір секектейді екен. Бос темір бөшкелермен бірге біз де әлсін-әлсін «секірудеміз». Ауыл арбасына шулай жабыса, жапа-тармағай мініп алатын балалық шағымыз ойымызға оралды-ау деймін. Әпкем екеуміз мәзбіз.

− Дәл қазір балалық шағым есіме түсіп кетті, − деді ол кісі жауқазын жылдарына қайта оралғандай болған өзінің қазіргі кейпінен қысыла күлімсіреп. − Шағын ғана шелегім болатын. Соны бұлақтың суына толтырып алып, шыр көбелек айнала қуанушы едім. Шелекті көлденең ұстасам да, бір тамшы суын жерге тамызбағаныма мәз болатынмын. Сөйтсек, оның сыры физикалық заңдылықта жатыр екен ғой. Оны кейін мектептен білдім.

Осылай әңгімелесе отырып біз Азаттық ауылындағы Махаңдардың өз қолдарымен тұрғызған алғашқы үйлеріне бардық. Үйдің әрбір кір­піші дерлік өз иелеріне біткен мал-мүліктің табанақы, маңдай терімен келгенін айғақтап тұрғандай. Жазғы сәкіде отырмыз. Бір көшеден кейін, ауылды қақ жарып, Шымкент пен Алматыны жалғастыратын күре­тамыр жол өтеді. Әлсін-әлсін ауыр «Икарус» автобустарының тоқтап барып, жүрісін жалғастырған ыш­қынысты дыбыстары құлаққа келуде. Қыздаркүл әпкем күлімсіреп алып, келесі әңгімесінің шетін шығарды.

− Ағаң ауданда біраз жыл жұмыс істеп барып, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қызметке ауысқан еді ғой. «Балаларды жалдамалы пәтерден пәтерге көшіріп, сандалтпайын», − деп газеттен отбасымызға пәтер берілгенге де­йін, бес жыл Шымкенттен қаты­нап жұмыс істеді. Дүйсенбіде, жұмысына кешікпеуді ойлап, таң алакеуімнен жолға шығады. Жұманың қою қараңғысында қайта қауышамыз. Сондағы бір қызық жайтты айтайын ба? − деп, ол кісі әуелі қысыла бір күліп алды. − Бағана байқаған шығарсың, әлгі үлкен жолдың біздің үйге өкпе тұсында аялдама бар. Әрбір жарты сағат сайын ПАЗик автобусы тоқтап, жолаушыларын түсірген соң, жүрісін жалғастырып жататын. Сонда ауладағы ұшы-қиырсыз жұмыстарымды атқара жүріп, жұманың кешінде тоқтай өтіп жатқан автобустарға бар зейініммен құлақ түре жүруші едім. Сенесің бе, сонда мен Махаңның қай автобустан түскенін көліктің тоқтаған үнінен танитындай едім. «Осы жолғысынан түсті», − деймін өз-өзіме. Жеті-сегіз минуттан кейін жымия басып, кіріп келе жатады аулаға. Мүмкін, Алла солай сездіріп қойған шығар маған... Ол кісінің әрбір келісі керемет мереке болатын бізге. Балаларының қуанғанын көрсең! Сөйтіп, жұма сайын жол қарай, күтіп жүретінбіз. Сағыныш деген жақсы екен ғой. Кісіні жаңғыртады, тазартады...

Махаңдардың отбасы үшін Азаттық – ерекше мекен. Ол – Қыз­даркүл Пернебайқызының өскен ауы­лы, ерлі-зайыптылық өмірлерінің бастау алған бесігі. Және... Қыздаркүл ананың бүкіл жан дүние, болмысымен Хақты тануға бетбұрысты қадам жасаған жері. Нақтылай айтқанда, «Туған жерге туыңды тік!», − деген мақсатпен, Азаттықтағы осынау отау үйлеріне үлкен ұлдары Баубекті отбасымен қоныстандырғанын, әдебиет пәні мұғалімінің өзі араласқан орталарда терең иман, адал еңбек, көркем мінезімен айрықша сыйлы да сүйкімді бола білгенін, содан кейін, иә-иә, содан кейін... қапыда мерт болғанын жазушы ағамыз өз шығармаларында жан-жақты және терең түрде талай рет қамтыған болатын. Көлденең көк аттыдан да қолынан келген көмегін аямай, жауынан да жақсылық күтіп тұратын осы бір пәк ниетті жанның қазасы оны сәл ғана білгендердің өзіне де аса ауыр тиген еді. Сырт адамдардың өзіне солай болғанда, туған ананың сондағы жайын елес­тете беріңіз... Қыздаркүл әпкеміз осындай сәтте өз басынан қандай жайларды кешіргенін кейінірек маған сыр етіп баяндаған еді.

– Алғаш естігенде, опырылып түскендей болдым... Дауыс шығарып енді жылай берем дегенде, есімнен танып бара жатыр екенмін. Сабырға келу керек екенін ұғындым. «Лә иләһа илләллаһ, Лә иләһа илләллаһ!», − деп жүретін жандардың қатарынанбыз ғой. Бұрыннан-ақ. Баубегімді шығарар күні осы кәлима сөздерді секунд сайын қайталаумен болдым. Әлсін-әлсін талмаусырап, өзімді-өзім жоғалтып ала жаздаймын. Кейде жылай да алмай, үнім де шықпай қаламын. Есіл-дертімнің бәрі «Лә иләһа илләллаһқа» ауып кеткендей. Онсыз да бұрыннан: «Алла!» деп, Махаңның әкелген шариғат кітаптарын оқып жүруші едім. Сол жолы бір нәрсені анық түсіндім. Адамның өмірі де, өлімі де, тағдыры да..., бәрі-бәрі бір Алланың қолындағы іс екен. Қазір де ұлым есіме түскенде көз жасым өз-өзінен төгіліп кетеді. Бұл тек − сағынғанымның белгісі. Алланың жазуына, пәрменіне қарсылығым емес. Ислам туралы бұрын оқыған кітаптарыма қайтадан ден қоя бас­тадым. Бұрынғыдай емес, бір Алланың бізге бұйырғандарын жете түсіне бастаған сияқтымын. Біртіндеп намазға келдім...

Содан кейінгі жылдары бір кездескенімізде Қыздан әпкеміз:

− Тағы бір айтпағым, келінім Ақбөпеге екі дүниеде де ризамын. Екеуі бір-бірін шын сүйіп еді. Түтінін түтетіп, «Баубектің шаңырағы» дегізіп отыр. Шүкір, Баубегімнің соңында тұяқтары қалды. Енді, солар аман болсын, деп, Алладан мың жалбарына тілеймін! − деген болатын.

Шынайы хадистерде айтыл­ғанындай, бір Аллаға иман келтіріп, намаздарын оқып, Оразасын ұстап, зекеті мен садақасын берген әрі күйеуі дүниеден өтер-өткенше оған риза болған әйелдің барар жері Жұмақ екен. Алла біздің бүгінгі кейіпкерімізге де мәңгіліктің сондай бақытын нәсіп еткей.

Бір жолы, әзілге бұра отырып, жазушы ағамыздан кітапханашы қызды қолына қалай «қондыра» алғанын сұраған едім.

− Қызданның көшесінен күнде өтетін едім. Үйіме қарай, әрине. Көзімнің астымен ұрлана қарап қоямын. Ол қазан-ошақ пен үйі арасында жүгіре басып, тірліктерін атқарып жүреді. Бірақ, бірде-бір рет көше жаққа тым болмаса көз қиығын салып та қарамайтын. Жасыратын несі бар, бұл қылығы мені ерекше қызықтырды. Әрлі-берлі өтуімді бұрынғысынан да жиілеттім. Мойын бұрар емес. Содан кейін, «тәуекел» деп, үшбу хат жолдадым. «Хатты жазған кім екен?», − дегендей, сәл көз қиығымен қарағаны да сол еді, ұзақ ойлануға мұршасын келтірместен үйге келін қылып түсірдім, − деп, сәл-пәл әзілге бұра отырып, шындықты мойындаған болатын.

− Сол кездегі бейкүнә кітап­ханашы қыз «Көрпесайдың кітап­ханасы» әңгімеңіздегі Закон шал­дың жапон қызының прототипі болған-ау, шамасы.

− Бірінде аз, келесісінде көптеу дәрежеде біраз шығармамызда көрініс береді әпкеңіздің қылық­тары.

− Кейбір шы­ғарма­ла­рыңызда жа­зушының жары, Шым­кентше айтқанда, «жүдә» адуынды ғой.

− Сол шығармаларымнан Қыз­данның образын жасап алған біраз оқыр­мандарымның бұл кісі­нің өзін көргенде: «Мүмкін емес, мүмкін емес, мен бас­қаша елестетіп едім», − деп бас шайқап жататыны бар.

− Сондай кездегі әпкеміздің «реакциясы» қандай болады?

− Әпкеңіз мәз болып, күле береді. «Отрицательный» герой болса да, әйтеуір менің қалам ұшы­ма іліну ұнайды-ау деймін өзіне. Ал, шынын айтсам, әйелдер «образындағы» адуынды мінез штрих­тарын басқа заман­дастарымыздың болмысынан да теріп ала бе­рем, – деді Махаң жымия.

Соңғы бір әзірде сә­­лем­де­се барғанымда Қыз­­даркүл әпке:

− Қарап отырсам, уа­қыт өз дегенін істейді екен. Қазір күш-қай­ратым бұрынғыдай емес. Өзің білесің, бұр­нағы жылдарға дейін ағаңның кіндік қаны тамған Пістелісіне барып, бақша салып, ағаңа деп таза өнім­дерімізден банкілер жауып алушы едім ғой. Ондай заман менен қалды білем, − деп, «мұңын» шаққан еді. Солай дей тұра, орнынан тұрып барып, жаздық сәкіні айналдыра өз қолымен егіп тастаған райханы мен жалбызы аралас, неше түрлі жұпар иісті өсімдіктерге әлсін-әлсін су бүркіп, әрлі-берлі тербеп қояды. Сол сәт жанға жайлы бір жұпар иіс қолқаңызды тазалай өтіп, тұтас ағзаңызды рахат бір күйге бөлейтіндей.

– Әпке, «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген ғой. Әлі де болса, сыны­ңыз сол қалпында сияқты. Жұпар иісті өсімдіктеріңіз «ізіңізден қалмай» әлі жүр екен, − деп, мен де әзілдеп қояр емеспін.

Көбінесе, біз қалам­гер­лердің шығармашылық табыс­тары жайлы сөз қозғаймыз да, оның нағыз «тылы», яғни сізді сан-қилы рухани толғаныстарға түсірген шығармалардың жазылуына жағдай жасап, жазушыңызға өз тұрғысынан дем беріп жүрген қалтарыстағы нәзік болмысты жандар жайлы ойлай бермейміз. Өкінішті-ақ!

Қазақ руханиятының Құнанбайдай асқарын бар ықыласымен терең түсініп, оның жан серігі бола білген Ұлжан сияқты текті аналарымыз жайлы тек қағаз жүзінде оқып, білген едік. Ал, өзіміз көзін көріп, бір заман ауқымында қатар өмір сүрген Мәриям Мұқанкеліні сияқты аяулы апаларымыздан бастап, талай-талай сыралғы жеңгелеріміздің өз жұбайларын төредей күтіп, қаламгердің шығар­машылық шабытты шақ­тарында ол кісілерге аяқта­рының ұшымен басып, қызмет еткен сәттері, айналып келгенде, дүйім қазақ руханиятына қалтарыста жүріп қосқан үлестері емес пе?! Еске түсірер болсақ, «Қазақ әдебиеті мен өне­рі» деген үлкен отауда ізет­пен қызмет еткен ондай келіндердің саны, тізе берсе, қомақтылау бірнеше жинаққа жүк болғандай. Біз бүгін Қыз­даркүл Пер­небайқызы жайлы сөз қозғай отырып, Астанадан шалғайда ғұмыр кешіп, руханиятымыздың отымен кіріп, күлімен шығуды өздеріне аса зор бақыт санаған аяулы апаларымыз бен жеңгелеріміздің жиынтық бейнесін сом­дамаққа талпыныс жа­садық.

Алла разылығы үшін жасалған жақсылықтардың ескерусіз қалатыны болмайды екен. Ендеше, бұл фәниде болмаса, келесі шынайы өмірлерінде аталған істері алдарынан зор сауапты амалдары болып жолыққай! Қос дүниелері де қайырлы болғай!

Нұрлытай ҮРКІМБАЙ.

Бөлісу: