29 Қараша 2012, 17:09
«Абырой» қазақ мәдениеті мен тілін дамыту қоры Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай мемлекеттік тілді насихаттау акциясын өткізеді. Бұл туралы BNews.kz тілшісіне қордың өкілі Мейрам Мұқышев хабарлады. Осы шара шеңберінде өтетін балдырғандарға арналған сайыстың жеңімпаздарына қордың сыйлығы бар. Шара желтоқсанның 2-сі күні Астанадағы «Хан шытыр» сауда орталығында сағат 15:30-да басталады.
«Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген өсиетін жүзеге асыру мақсатында қор балаларға арналған «Бала тілі-бал» атты мемлекеттік тілді насихаттау акциясын өткізеді. Жобаның басты мақсаты ел болашағы - өскелең ұрпақтың еліне, жеріне, Отанына, ана тіліне деген құрметін арттыру болып табылады», - дейді М.Мұқышев.
Аталмыш акцияның басты ерекшелігі – ол тек мемлекеттік тілде өтеді. Акция барысында бүлдіршіндер үшін жұмбақ шешу, тақпақ, ертегілер мен батырлар жырын, мақал-мәтел айту бойынша сайыстар ұйымдастырылады. Жеңімпаздарға сыйлықтар беріледі.