Әбдеш Сәрсенұлы

11 Қараша 2013, 05:28

Белгілі қоғам қайраткері, қаламгер, халқымыздың айтулы ойшыл ұлдарының бірі Әбдеш Сәрсенұлы Қалмырзаев өмірден озғалы бір жыл болды. Ол философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері еді. Еліміздің даму белестеріндегі әр құбылысты жіті саралап, ғылыми ойын мерзімдік баспасөз беттерінде қалың оқырманға жедел жеткізіп тұрған қаламы қарымды публицист болатын.Зерделі зерттеулер нәтижесінде туған «Абай шығармашылығындағы эстетикалық» («Эстетическое в творчестве Абая»), «Ұлт және қоғамдық сана» («Нация и общественное сознание»), «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған», «Қазақстандық патриотизм», «Заман және біз», «Зов времени», «Ұлттық идея», «Алуан кейіпті демократия» («Разноликая демократия»), «Уақыт және адамдар» секілді көптеген монографиялық және ғылыми-публицистикалық кітаптардың авторы. Әр кезде «Құрмет белгісі», «Достық», «Құрмет»  ордендерімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен, қоғамдық ұйымдардың журналистика  саласындағы айрықша белгісімен, медалімен марапатталып, еңбегі бағаланған азамат-тын. Әбдеш Сәрсенұлы – Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Байқадам орта мектебінің 1956 жылғы түлегі. Мен де сол мектепте оқыдым. Ол мектеп бітірерде мен енді ғана пионер қатарына қабылданған жеткіншек едім. Оны ұстаздарымыз бізге озат оқушы ретінде әрдайым үлгі ететін. Бірде маған, мойныма қызыл галстук байлау құрметіне енді ғана ие болған төртінші сынып шәкіртіне, әлдеқандай жиында өлең оқу тапсырылған-ды. Оқу озаты және комсомол белсендісі Әбдеш ағаға мектеп қабырғасында бір-ақ мәрте сол тапсырмаға байланысты кездескен екенмін. Ол мені мұғалімнің айтуымен үйіне ертіп апарып, салтанатты сәтте оқуға лайық өлең мәтіні жарияланған журналды тауып берген еді. Ата-аналарымыз оның қаршадайынан пысық боп өскенін, қолы оқудан босаған сәтте бос ойынға салынбай, ауыл сыртына қозы-лақ жайып келетінін, жалпы үй шаруашылығына ұқыпты қарайтынын, қай істе де өте тиянақты екенін сүйсіне айтып отыратын. Жоғары мектепте бірге оқыған, одан республикалық бас газетте алғашқы қызмет жолын бірге бастаған жолдастарының бертіндегі естеліктеріне қарағанда, Әбекең қашанда жинақылығымен, сабырлы, білімді һәм білікті қасиеттерімен ерекшеленген екен. Ол 1961 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірді. Сосын араға жиырма жыл салып, Мәскеудегі СОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын тәмамдады, философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Ал бұл екі арадағы жылдарда Әбекең «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде сегіз жылдай журналистік қаламын ұштап, әдеби қызметкерден бөлім меңгерушісіне дейін өскен. Одан соң Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне шақырылып, жеті жылдай партия қызметінде істеген еді. Ол Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. Академияны аяқтап елге оралғанында Әбдеш Сәрсенұлы Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Осы қызметте бірнеше жыл істегеннен кейін, Көкшетау облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып сайланды. Арада төрт-бес жыл өткен соң ол қайтадан Алматыға шақырылып, Жоғары партия мектебін басқаруға жіберілді. Өзі ректор болып отырған бұл оқу орнының тәуелсіздік талаптарына сай Саясаттану және басқару академиясы ретінде қайта құрылып, қалыптасып, жемісті жұмыс атқаруына күш салды. Осынау жоғары оқу орнында істеп жүргенінде Әбекең ғылыми диссертациясын қорғап, философия ғылымдарының докторы болды, профессор атағын алды. Еліміз бас­тан кешіп жатқан ұлы өзгерістерге байланысты сараптамалар жасап, проблемалық мақалалар жазумен де шұғылданды. Осыдан кейін ол журналистикаға қайтадан ат басын бұрды. Республи­калық «Мысль» (бұрынғы «Коммунист Казахстана») журналының бас редакторы лауазымына тағайындалып, бұл қызметті он жылдан астам ат­қарды. Байырғы партиялық ­сая­си журналды енді тәуелсіздік мүд­десіне қызмет етуге бағыттау үшін басылымның атын да, затын да (яғни мазмұнын, қарастырылатын тақырыптар ауқымын) өзгертті. Журнал беттерінде еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігінің қыр-сырын жан-жақты ашу, республикамыздағы ұлы өзгерісті баянды ету мақсатындағы өте құнды, мазмұнды мақалалар жарияланып тұрды. Оқырман әлеуметтік-экономикалық және ­са­яси мәселелерге қатысты тың ойлар мен жаңашылдық көзқарастарды бұл басылымнан жиі оқитын. Әбекеңнің біліктілікпен жүргізген журналистік ұйымдастырушылық жұмыстары арқасында журнал еліміздің саяси элитасы арасында айрықша беделге ие болды. Басылым жарияланымдарының көпшілігін басқару буындарында істейтін үлкенді-кішілі лауазым иелері күнделікті жұмыстарына бағдар ететін болды, ресми сөздерін дайындауға пайдаланды. Журнал беттерінде түрлі сала бойынша материалдар ұйымдастыруға басшылық жасаумен қатар, қоғамдағы өзгерістер мен ағымдағы саясат жайында бас редактордың өзі де жиі қалам тербеді. Әбекең баспасөз майданына қайта араласқан сәттен бастап өзін саяси сұңғылалық пен публицистік шеберлікті тамаша үйлестірген тұлға ретінде танытты. Тәуелсіздікті бекем қалыптастыруға үндейтін, ұлттық рух, дін мен тіл, экономикалық сая­сат мәселелерін талдап, келелі мәселелер көтеретін проблемалық және сараптамалық мақалаларды өндірте жазды. Кеңінен толғанған көсемсөздерін тек өзі басқарып отырған орыс тіліндегі журналда ғана емес, қазақ тілінде шығатын газет-журналдарымызда жариялап тұрды. Президенттің әйгілі стратегиялық жос­парына, жыл сайынғы Жолдауларына қатысты тегеурінді публицистикалық толғамдарымен үн қатты. Ол әр жария­ланымында өзінің тәуелсіз пайымға ие ойшыл екенін танытып отыратын. Сондықтан да оның қаламынан туған дүниелер оқырманына әрдайым мазмұнының тереңдігімен, өзектілігімен ой салатын. Бірде 2005 жылдың соңына қарай, Әбдеш аға мені жұмыс кабинетіне шақырып, оңаша сөйлесті. Басқарып отырған басылымын келесі жылдың басынан басқа қызметкерге өткізіп, өзі қазақ тілінде шығатын жаңа журнал ашпақшы екен. Әбекең маған құрамында «Мысль» де бар «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты сол жаңа журналға қызметке келуді ұсынды. Мен бұл ұсынысты, әрине, бірден қабыл алдым. Артынша-ақ басылымның бағыт-бағдары жайында ақылдастық, екеулеп оған лайықты ат ойластырдық. Ұзамай-ақ «Жаңа ғасыр» деп қойған атауымыз бекіді. Содан біздің шығармашылық қызметтестігіміз басталды да кетті. Мен осынау ақырын сөйлеп, анық басатын үлкен ғалым, көсемсөзші ағаны сондағы қызмет барысында жақынырақ таныдым. Оның ойлы туындыларынан айқын танылатын дүниетанымы, қоғамдық өмірге көзқарасы күнделікті тірлікте де көрініс тауып жататынына көзім жетті. Бұл кісі мейлінше әділ, кішіпейіл, өте зиялы жан еді. Әрқашан баяу үнмен, сабырлы жүзбен сөйлесетін. Бірде ол басымнан өткен бір қиын жайтты есіме салып, мені қатты толқытқаны бар. Әбекең ол кезде Орталық Комитетте насихат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары еді. Мен қолдан жасалған саяси айыптан зардап шегіп, Орталық Комитеттегі биік лауазымдылардан әділдік іздеуге мәжбүр болған едім. Ол сондағы жағдайды айта келе: «Сол шақта мен саған көмектесе алмадым, – деді шын жүректен ақтарыла сөйлеп, – бірақ сен жеңілген жоқсың, өзіңнің ақтығыңды дәлелдеп шықтың…» Қызмет бабында субординация сақтау, әлде басқа жайттарды есепке алу себеп болды ма, қалай болғанда да, шындыққа жақтаса алмадым деп санайтынын жасырмады. Сондай ахуал үшін өзін менің алдымда кінәлідей сезінген тәрізді. Осысы мені тебірентіп жіберді. Өйткені мұндай мойындау тек ақжүрек, адал адамдардың ғана қолынан келетіні анық-тын. Тағы бір сәт еске түседі. Мүшел жасы аталып жатқан орыстілді ірі ақын және қайраткер жайында тілші сұрағына орай маған газет бетінде пікір білдіруге тура келген еді. Әбекең соны оқыған екен. Әдеттегісінше баяу үнмен «дұрыс айтқансың» деді де, өзінің де көптен осындай пікірде екенін, тек ашық айтуға ешқашан батылы бармағанын, қазір де тәуекел етпейтінін мәлімдеді. Соңғысын айтпауына да болар еді, неткен ақжүректік десейші! Әйтпесе, еңбектерінде қоғамның даму үдерісіне қатысты небір сүбелі ой қорытып, биік деңгейде жіберілген кемшіліктерді ашық талдап көрсетіп жүрген Әбекеңнің әлгіндегі менің шағын пікірімді қолдап мақұлдауының өзі мен үшін биік баға емес пе еді. Шындап келгенде, нағыз әділ сөзді, ғылыми батылдықты әрқашан бұл кісінің өзі көрсетіп жүрген болатын. Ойшылдың артында қалған мол мұрасын мұқият зерделеген оқырманның көзі бұған анық жетеді. Ойлы жұртшылықты күні бүгінге дейін толғандырып жүрген ұлттық мемлекет, қазақстандық ұлт, ұлттық идея, демократия мәселелері Әбекеңнің еңбектерінде әлдеқашан жан-жақты талданып, саясатта назар аударылуға тиіс бағыттар тиянақты түрде дәйектелген. Оның кедейшілікпен, жұмыссыздықпен күрес жүргізуді ұлттық идея ретінде тану қажеттігі жайындағы ұсынысы, оны билеуші партия мен үкіметтің әрдайым назарда ұстауға тиіс екенін атап көрсетуі өзектілігін жоя қойған жоқ. Әбекең, сөз жоқ, батыл ой айта алатын нағыз ойшыл болған-ды, ол әрбір тың да өткір пайымдарын жан-жақты дәлелдермен бекітіп, өте дәйекті түрде тұжырымдап отырды. Бүгінгі ұрпаққа оның мұрасын зерттеу және терең тану ләзім. Өйткені ол – рухани өмірі халқымен бірге жасай беретін сирек тұлғалардың бірі. Әбекеңнің адам, ғалым, қаламгер ретіндегі тамаша қасиеттері кім-кімге де үлгі етуге тұрарлық. Ол өзі де өмір жолында кездестірген, өнегелі жақтары мол жақсы адамдар туралы ғаламат естеліктер, мақалалар жазды. Оның қаламынан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, өнер, журналистика майталмандарының бейнелерін сомдаған көптеген туындылар туған болатын. Ұзақ жылдар үкіметті басқарған Бәйкен Әшімов, Орталық Комитетте идеология жөніндегі хатшы лауазымын атқарған Кәкімжан Қазыбаев, заңғар ғалым Салық ­Зима­нов, атақты әнші Ермек Серкебаев, қоғам қайраткерлері Мақтай Сағ­диев, Алтынбек Сәрсенбаев, айтулы жазушы-журналистер Қалдарбек Найманбаев, Мыңбай Ілесов, Сағат Арынұлы, тағы басқа да көптеген азаматтар туралы тебірене қалам тербеген еді. Бүгінде мұның бәрі қадірменді ағамыздың шығармашылық мұрасына айналды. Оларды құнды философиялық еңбектерімен бірге түгел жинақтап шығарып, келешек ұрпақ кәдесіне ұсыну – парызымыз. Міне, Әбдеш Сәрсенұлының арамыздан кеткеніне, оның зиялы жүзін көрмегенімізге, үнін естімегенімізге бір жылдай болды. Алайда Әбекең заман рухын көтерген ойшыл да өзекті еңбектерімен біздің қатарымызда, замандастар сапында келеді. Елі үшін аянбай еңбек еткен қайраткер, ойшыл фәлсафашы, шебер көсемсөзші ағамыздың осынау рухани ғұмыры ұзағынан болсын деген тілек білдіреміз. Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Белгілі қоғам қайраткері, қаламгер, халқымыздың айтулы ойшыл ұлдарының бірі Әбдеш Сәрсенұлы Қалмырзаев өмірден озғалы бір жыл болды. Ол философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері еді. Еліміздің даму белестеріндегі әр құбылысты жіті саралап, ғылыми ойын мерзімдік баспасөз беттерінде қалың оқырманға жедел жеткізіп тұрған қаламы қарымды публицист болатын.Зерделі зерттеулер нәтижесінде туған «Абай шығармашылығындағы эстетикалық» («Эстетическое в творчестве Абая»), «Ұлт және қоғамдық сана» («Нация и общественное сознание»), «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған», «Қазақстандық патриотизм», «Заман және біз», «Зов времени», «Ұлттық идея», «Алуан кейіпті демократия» («Разноликая демократия»), «Уақыт және адамдар» секілді көптеген монографиялық және ғылыми-публицистикалық кітаптардың авторы. Әр кезде «Құрмет белгісі», «Достық», «Құрмет»  ордендерімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен, қоғамдық ұйымдардың журналистика  саласындағы айрықша белгісімен, медалімен марапатталып, еңбегі бағаланған азамат-тын.

Әбдеш Сәрсенұлы – Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Байқадам орта мектебінің 1956 жылғы түлегі. Мен де сол мектепте оқыдым. Ол мектеп бітірерде мен енді ғана пионер қатарына қабылданған жеткіншек едім. Оны ұстаздарымыз бізге озат оқушы ретінде әрдайым үлгі ететін. Бірде маған, мойныма қызыл галстук байлау құрметіне енді ғана ие болған төртінші сынып шәкіртіне, әлдеқандай жиында өлең оқу тапсырылған-ды. Оқу озаты және комсомол белсендісі Әбдеш ағаға мектеп қабырғасында бір-ақ мәрте сол тапсырмаға байланысты кездескен екенмін. Ол мені мұғалімнің айтуымен үйіне ертіп апарып, салтанатты сәтте оқуға лайық өлең мәтіні жарияланған журналды тауып берген еді. Ата-аналарымыз оның қаршадайынан пысық боп өскенін, қолы оқудан босаған сәтте бос ойынға салынбай, ауыл сыртына қозы-лақ жайып келетінін, жалпы үй шаруашылығына ұқыпты қарайтынын, қай істе де өте тиянақты екенін сүйсіне айтып отыратын. Жоғары мектепте бірге оқыған, одан республикалық бас газетте алғашқы қызмет жолын бірге бастаған жолдастарының бертіндегі естеліктеріне қарағанда, Әбекең қашанда жинақылығымен, сабырлы, білімді һәм білікті қасиеттерімен ерекшеленген екен.
Ол 1961 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірді. Сосын араға жиырма жыл салып, Мәскеудегі СОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын тәмамдады, философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Ал бұл екі арадағы жылдарда Әбекең «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде сегіз жылдай журналистік қаламын ұштап, әдеби қызметкерден бөлім меңгерушісіне дейін өскен. Одан соң Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне шақырылып, жеті жылдай партия қызметінде істеген еді. Ол Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды.
Академияны аяқтап елге оралғанында Әбдеш Сәрсенұлы Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Осы қызметте бірнеше жыл істегеннен кейін, Көкшетау облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып сайланды. Арада төрт-бес жыл өткен соң ол қайтадан Алматыға шақырылып, Жоғары партия мектебін басқаруға жіберілді. Өзі ректор болып отырған бұл оқу орнының тәуелсіздік талаптарына сай Саясаттану және басқару академиясы ретінде қайта құрылып, қалыптасып, жемісті жұмыс атқаруына күш салды. Осынау жоғары оқу орнында істеп жүргенінде Әбекең ғылыми диссертациясын қорғап, философия ғылымдарының докторы болды, профессор атағын алды. Еліміз бас­тан кешіп жатқан ұлы өзгерістерге байланысты сараптамалар жасап, проблемалық мақалалар жазумен де шұғылданды.
Осыдан кейін ол журналистикаға қайтадан ат басын бұрды. Республи­калық «Мысль» (бұрынғы «Коммунист Казахстана») журналының бас редакторы лауазымына тағайындалып, бұл қызметті он жылдан астам ат­қарды. Байырғы партиялық ­сая­си журналды енді тәуелсіздік мүд­десіне қызмет етуге бағыттау үшін басылымның атын да, затын да (яғни мазмұнын, қарастырылатын тақырыптар ауқымын) өзгертті. Журнал беттерінде еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігінің қыр-сырын жан-жақты ашу, республикамыздағы ұлы өзгерісті баянды ету мақсатындағы өте құнды, мазмұнды мақалалар жарияланып тұрды. Оқырман әлеуметтік-экономикалық және ­са­яси мәселелерге қатысты тың ойлар мен жаңашылдық көзқарастарды бұл басылымнан жиі оқитын. Әбекеңнің біліктілікпен жүргізген журналистік ұйымдастырушылық жұмыстары арқасында журнал еліміздің саяси элитасы арасында айрықша беделге ие болды. Басылым жарияланымдарының көпшілігін басқару буындарында істейтін үлкенді-кішілі лауазым иелері күнделікті жұмыстарына бағдар ететін болды, ресми сөздерін дайындауға пайдаланды.
Журнал беттерінде түрлі сала бойынша материалдар ұйымдастыруға басшылық жасаумен қатар, қоғамдағы өзгерістер мен ағымдағы саясат жайында бас редактордың өзі де жиі қалам тербеді. Әбекең баспасөз майданына қайта араласқан сәттен бастап өзін саяси сұңғылалық пен публицистік шеберлікті тамаша үйлестірген тұлға ретінде танытты. Тәуелсіздікті бекем қалыптастыруға үндейтін, ұлттық рух, дін мен тіл, экономикалық сая­сат мәселелерін талдап, келелі мәселелер көтеретін проблемалық және сараптамалық мақалаларды өндірте жазды. Кеңінен толғанған көсемсөздерін тек өзі басқарып отырған орыс тіліндегі журналда ғана емес, қазақ тілінде шығатын газет-журналдарымызда жариялап тұрды. Президенттің әйгілі стратегиялық жос­парына, жыл сайынғы Жолдауларына қатысты тегеурінді публицистикалық толғамдарымен үн қатты. Ол әр жария­ланымында өзінің тәуелсіз пайымға ие ойшыл екенін танытып отыратын. Сондықтан да оның қаламынан туған дүниелер оқырманына әрдайым мазмұнының тереңдігімен, өзектілігімен ой салатын.
Бірде 2005 жылдың соңына қарай, Әбдеш аға мені жұмыс кабинетіне шақырып, оңаша сөйлесті. Басқарып отырған басылымын келесі жылдың басынан басқа қызметкерге өткізіп, өзі қазақ тілінде шығатын жаңа журнал ашпақшы екен. Әбекең маған құрамында «Мысль» де бар «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты сол жаңа журналға қызметке келуді ұсынды. Мен бұл ұсынысты, әрине, бірден қабыл алдым. Артынша-ақ басылымның бағыт-бағдары жайында ақылдастық, екеулеп оған лайықты ат ойластырдық. Ұзамай-ақ «Жаңа ғасыр» деп қойған атауымыз бекіді. Содан біздің шығармашылық қызметтестігіміз басталды да кетті.
Мен осынау ақырын сөйлеп, анық басатын үлкен ғалым, көсемсөзші ағаны сондағы қызмет барысында жақынырақ таныдым. Оның ойлы туындыларынан айқын танылатын дүниетанымы, қоғамдық өмірге көзқарасы күнделікті тірлікте де көрініс тауып жататынына көзім жетті. Бұл кісі мейлінше әділ, кішіпейіл, өте зиялы жан еді. Әрқашан баяу үнмен, сабырлы жүзбен сөйлесетін. Бірде ол басымнан өткен бір қиын жайтты есіме салып, мені қатты толқытқаны бар. Әбекең ол кезде Орталық Комитетте насихат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары еді. Мен қолдан жасалған саяси айыптан зардап шегіп, Орталық Комитеттегі биік лауазымдылардан әділдік іздеуге мәжбүр болған едім. Ол сондағы жағдайды айта келе: «Сол шақта мен саған көмектесе алмадым, – деді шын жүректен ақтарыла сөйлеп, – бірақ сен жеңілген жоқсың, өзіңнің ақтығыңды дәлелдеп шықтың…» Қызмет бабында субординация сақтау, әлде басқа жайттарды есепке алу себеп болды ма, қалай болғанда да, шындыққа жақтаса алмадым деп санайтынын жасырмады. Сондай ахуал үшін өзін менің алдымда кінәлідей сезінген тәрізді. Осысы мені тебірентіп жіберді. Өйткені мұндай мойындау тек ақжүрек, адал адамдардың ғана қолынан келетіні анық-тын.
Тағы бір сәт еске түседі. Мүшел жасы аталып жатқан орыстілді ірі ақын және қайраткер жайында тілші сұрағына орай маған газет бетінде пікір білдіруге тура келген еді. Әбекең соны оқыған екен. Әдеттегісінше баяу үнмен «дұрыс айтқансың» деді де, өзінің де көптен осындай пікірде екенін, тек ашық айтуға ешқашан батылы бармағанын, қазір де тәуекел етпейтінін мәлімдеді. Соңғысын айтпауына да болар еді, неткен ақжүректік десейші! Әйтпесе, еңбектерінде қоғамның даму үдерісіне қатысты небір сүбелі ой қорытып, биік деңгейде жіберілген кемшіліктерді ашық талдап көрсетіп жүрген Әбекеңнің әлгіндегі менің шағын пікірімді қолдап мақұлдауының өзі мен үшін биік баға емес пе еді. Шындап келгенде, нағыз әділ сөзді, ғылыми батылдықты әрқашан бұл кісінің өзі көрсетіп жүрген болатын. Ойшылдың артында қалған мол мұрасын мұқият зерделеген оқырманның көзі бұған анық жетеді.
Ойлы жұртшылықты күні бүгінге дейін толғандырып жүрген ұлттық мемлекет, қазақстандық ұлт, ұлттық идея, демократия мәселелері Әбекеңнің еңбектерінде әлдеқашан жан-жақты талданып, саясатта назар аударылуға тиіс бағыттар тиянақты түрде дәйектелген. Оның кедейшілікпен, жұмыссыздықпен күрес жүргізуді ұлттық идея ретінде тану қажеттігі жайындағы ұсынысы, оны билеуші партия мен үкіметтің әрдайым назарда ұстауға тиіс екенін атап көрсетуі өзектілігін жоя қойған жоқ. Әбекең, сөз жоқ, батыл ой айта алатын нағыз ойшыл болған-ды, ол әрбір тың да өткір пайымдарын жан-жақты дәлелдермен бекітіп, өте дәйекті түрде тұжырымдап отырды. Бүгінгі ұрпаққа оның мұрасын зерттеу және терең тану ләзім. Өйткені ол – рухани өмірі халқымен бірге жасай беретін сирек тұлғалардың бірі.
Әбекеңнің адам, ғалым, қаламгер ретіндегі тамаша қасиеттері кім-кімге де үлгі етуге тұрарлық. Ол өзі де өмір жолында кездестірген, өнегелі жақтары мол жақсы адамдар туралы ғаламат естеліктер, мақалалар жазды. Оның қаламынан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, өнер, журналистика майталмандарының бейнелерін сомдаған көптеген туындылар туған болатын. Ұзақ жылдар үкіметті басқарған Бәйкен Әшімов, Орталық Комитетте идеология жөніндегі хатшы лауазымын атқарған Кәкімжан Қазыбаев, заңғар ғалым Салық ­Зима­нов, атақты әнші Ермек Серкебаев, қоғам қайраткерлері Мақтай Сағ­диев, Алтынбек Сәрсенбаев, айтулы жазушы-журналистер Қалдарбек Найманбаев, Мыңбай Ілесов, Сағат Арынұлы, тағы басқа да көптеген азаматтар туралы тебірене қалам тербеген еді. Бүгінде мұның бәрі қадірменді ағамыздың шығармашылық мұрасына айналды. Оларды құнды философиялық еңбектерімен бірге түгел жинақтап шығарып, келешек ұрпақ кәдесіне ұсыну – парызымыз.
Міне, Әбдеш Сәрсенұлының арамыздан кеткеніне, оның зиялы жүзін көрмегенімізге, үнін естімегенімізге бір жылдай болды. Алайда Әбекең заман рухын көтерген ойшыл да өзекті еңбектерімен біздің қатарымызда, замандастар сапында келеді. Елі үшін аянбай еңбек еткен қайраткер, ойшыл фәлсафашы, шебер көсемсөзші ағамыздың осынау рухани ғұмыры ұзағынан болсын деген тілек білдіреміз.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Бөлісу: