Өршіл өнер иесі Шахан Мусин хақында

11 Қараша 2013, 05:02

Қазақтың арда ұлдарының бірі, белгілі актер, ақын Шахан Мусин өмірінен хабардар кім-кім де оның бойына біткен осы бір қасиетке тоқталмай, мұны ауызға алмай кете алмас еді. Ол не қасиет? Тағдыр қанша ауыртпалық салса да мұқалмағандығы, еңсесі түспегендігі, бүгілмегендігі. Ауыртпалық болғанда қандай?! Бір өлең үшін табаны күректей он сегіз жыл түрмеге отырып шығады. Соншама азап көретіндей не өлең еді ол? Бұл өлеңнің тарихы былай екен. Шахан ағамыз 1931 жылы Семей облысы, Бесқарағай ауданының орталығы Семияр қаласына келіп, аудандық атқару комитетінде қызмет істей бастайды. 1932 жылдың мамыр айында әкесімен шамалас, аудандық қаржы бөлімінде істейтін Темірхан деген кісімен ауданның ең бір алыс қиырындағы, бұрын Ақбота болысы аталатын ауылға іссапарға шығады. Ауыл Шахаңа бөтен емес. Осы жерде балалық шағының күндері өткен. Айдалада тау атанған Майлықара дейтін биік төбе бар. Сол төбенің төңірегінде анда-санда ас беріліп, ат шабыс, балуан күрестері, ақындар айтысы, кеш болса алтыбақан, түн ішінде ақсүйек ойындары біріне-бірі жалғасып жатқан. Сол Ақбота ғой бұл… Аудан орталығынан қырық-елу ша­қырымдай ұзаған кезде, қара жолдың бойында, әр жерде өліп жатқан, қарға-құзғынға жем болып жатқан адамдардың сүйегін көреді. Қатты шошиды. Қасындағы кісіден мән-жайды сұрайды: «Сабыр ет, балам, ауылды жерде, әсіресе, айдаладағы алыс ауылдарда аштық басталды деп естіп ем, соның салдары шығар» дейді ол. Кеш бата ауылға жетеді. Жылы шыраймен қарсы алып жатқан жан жоқ. Көбі көңілсіз, қабақтары түсіңкі. Таңертең ерте тұрып, жұмыстарына кіріседі. Темірханның айтуымен, түстен кейін шеткерірек тұрған бір үйге бет алады. Үйге келсе өліп жатқан адамдар. Біреуі шал, біреуі кемпір, енді біреуі әжесінің бауырында жатқан төрт-бес жастағы ұл бала. Осыларды көргеннен кейін есі шығып, есеңгіреп, сыртқа жүгіріп шығады. Қабырғаға сүйеніп, еңкілдеп жылайды. Күн бата, қас қарая, көкжиектен көзіне түскен Майлықараға қайта-қайта қарап, ауданға қайтады. Қалаға келгеннен кейін көрген-білгенін айтайын десе қорқады. Айтпайын десе қайғы-мұң ішіне сыймай әкетіп барады. Ақырында терең толғаныс пен тебіреністен бірінші өлең «Майлықара» өмірге келеді. Сол уақытта бастары қосылған жұрт сыбырласып, күбірлесіп: «Бұл не сұмдық? Ел аман, жұрт тыныш, соғыс жоқ, оба сияқты ауру жоқ, ал халқымыз аштан өліп жатыр. Не істеу керек. Обком қайда? Нарком қайда? Крайком қайда? Арыз жазсақ па екен, әлде жай хат жазсақ па екен?» деген әңгімелерін жиі айтып жатты. Осы әңгімелердің әсері болу керек «Наркомға хат» деген өлең жазады. «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» деген осы. Сонда өзім наркомның кім екенін де білмеймін. Кім нарком, қай нарком? Ал Голощекинді бәріміз де жақсы білетінбіз. Себебі астық дайындау науқаны кезінде ­Голощекин атынан «Қызыл керуен» дейтін астық таситын керуендер ұйымдастырылатын. Сол керуеннің «шолақ белсенділері» әр колхозшының ескі кебежесінің түбіндегі екі-үш кесе тарысын тінтіп, тартып алып, астық дайындап, жоспар орындайтын» дейді кейінгі жазған естелігінде Шахан Мусин. Мынау сол өлеңдер. МАЙЛЫҚАРА Меккесі той-думанның Майлықара, Шалқыған шыңыңды өртеп қайғы-жара. Тал түсте тірі жанды селт еткізбей, Қалыпсың құба жонда жеке-дара. Бір жан жоқ жан-жағында өзің ғана, Шын күліп, шырқай алмай қыз-бозбала. Жалғыз-ақ жасын сүртіп жартасыңа Зар жылап басыңда отыр байғыз ғана. Кешегі құлпырған сән, нұрың қайда? Бүгінгі ай ұқсамайды бұрынғы айға. Құдайдан қызығыңды қызғанушы ем, Торғайша жем болыпсың тұрымтайға. Қамықпа, Майлықара, қабағынды аш. Қаңғырған қорек іздеп аш-жалаңаш Ұл-қызың сүйретіліп Сібір кетсе, Асырар, бөтенсің деп аластамас. Шахан Мусин – өнер көгіндегі сөнбес, жа­рық жұлдыз. Ол бозбала кезінен өнерге құ­мартып еді. Ақырында бүкіл ғұмырын өнерге, театрға арнады. Талай тар жол, тайғақ кешуде жігерін жасытпай, алға ұмтылдырған да осы өмірге, өнерге деген асқан құштарлығы болар… Нұрперзент Домбай

Қазақтың арда ұлдарының бірі, белгілі актер, ақын Шахан Мусин өмірінен хабардар кім-кім де оның бойына біткен осы бір қасиетке тоқталмай, мұны ауызға алмай кете алмас еді. Ол не қасиет? Тағдыр қанша ауыртпалық салса да мұқалмағандығы, еңсесі түспегендігі, бүгілмегендігі. Ауыртпалық болғанда қандай?! Бір өлең үшін табаны күректей он сегіз жыл түрмеге отырып шығады. Соншама азап көретіндей не өлең еді ол? Бұл өлеңнің тарихы былай екен. Шахан ағамыз 1931 жылы Семей облысы, Бесқарағай ауданының орталығы Семияр қаласына келіп, аудандық атқару комитетінде қызмет істей бастайды. 1932 жылдың мамыр айында әкесімен шамалас, аудандық қаржы бөлімінде істейтін Темірхан деген кісімен ауданның ең бір алыс қиырындағы, бұрын Ақбота болысы аталатын ауылға іссапарға шығады.

Ауыл Шахаңа бөтен емес. Осы жерде балалық шағының күндері өткен. Айдалада тау атанған Майлықара дейтін биік төбе бар. Сол төбенің төңірегінде анда-санда ас беріліп, ат шабыс, балуан күрестері, ақындар айтысы, кеш болса алтыбақан, түн ішінде ақсүйек ойындары біріне-бірі жалғасып жатқан. Сол Ақбота ғой бұл…
Аудан орталығынан қырық-елу ша­қырымдай ұзаған кезде, қара жолдың бойында, әр жерде өліп жатқан, қарға-құзғынға жем болып жатқан адамдардың сүйегін көреді. Қатты шошиды. Қасындағы кісіден мән-жайды сұрайды: «Сабыр ет, балам, ауылды жерде, әсіресе, айдаладағы алыс ауылдарда аштық басталды деп естіп ем, соның салдары шығар» дейді ол.
Кеш бата ауылға жетеді. Жылы шыраймен қарсы алып жатқан жан жоқ. Көбі көңілсіз, қабақтары түсіңкі. Таңертең ерте тұрып, жұмыстарына кіріседі. Темірханның айтуымен, түстен кейін шеткерірек тұрған бір үйге бет алады. Үйге келсе өліп жатқан адамдар. Біреуі шал, біреуі кемпір, енді біреуі әжесінің бауырында жатқан төрт-бес жастағы ұл бала. Осыларды көргеннен кейін есі шығып, есеңгіреп, сыртқа жүгіріп шығады. Қабырғаға сүйеніп, еңкілдеп жылайды. Күн бата, қас қарая, көкжиектен көзіне түскен Майлықараға қайта-қайта қарап, ауданға қайтады.
Қалаға келгеннен кейін көрген-білгенін айтайын десе қорқады. Айтпайын десе қайғы-мұң ішіне сыймай әкетіп барады. Ақырында терең толғаныс пен тебіреністен бірінші өлең «Майлықара» өмірге келеді.
Сол уақытта бастары қосылған жұрт сыбырласып, күбірлесіп: «Бұл не сұмдық? Ел аман, жұрт тыныш, соғыс жоқ, оба сияқты ауру жоқ, ал халқымыз аштан өліп жатыр. Не істеу керек. Обком қайда? Нарком қайда? Крайком қайда? Арыз жазсақ па екен, әлде жай хат жазсақ па екен?» деген әңгімелерін жиі айтып жатты. Осы әңгімелердің әсері болу керек «Наркомға хат» деген өлең жазады. «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» деген осы. Сонда өзім наркомның кім екенін де білмеймін. Кім нарком, қай нарком? Ал Голощекинді бәріміз де жақсы білетінбіз. Себебі астық дайындау науқаны кезінде ­Голощекин атынан «Қызыл керуен» дейтін астық таситын керуендер ұйымдастырылатын. Сол керуеннің «шолақ белсенділері» әр колхозшының ескі кебежесінің түбіндегі екі-үш кесе тарысын тінтіп, тартып алып, астық дайындап, жоспар орындайтын» дейді кейінгі жазған естелігінде Шахан Мусин.
Мынау сол өлеңдер.

МАЙЛЫҚАРА

Меккесі той-думанның Майлықара,
Шалқыған шыңыңды өртеп қайғы-жара.
Тал түсте тірі жанды селт еткізбей,
Қалыпсың құба жонда жеке-дара.

Бір жан жоқ жан-жағында өзің ғана,
Шын күліп, шырқай алмай қыз-бозбала.
Жалғыз-ақ жасын сүртіп жартасыңа
Зар жылап басыңда отыр байғыз ғана.

Кешегі құлпырған сән, нұрың қайда?
Бүгінгі ай ұқсамайды бұрынғы айға.
Құдайдан қызығыңды қызғанушы ем,
Торғайша жем болыпсың тұрымтайға.

Қамықпа, Майлықара, қабағынды аш.
Қаңғырған қорек іздеп аш-жалаңаш
Ұл-қызың сүйретіліп Сібір кетсе,
Асырар, бөтенсің деп аластамас.

Шахан Мусин – өнер көгіндегі сөнбес, жа­рық жұлдыз. Ол бозбала кезінен өнерге құ­мартып еді. Ақырында бүкіл ғұмырын өнерге, театрға арнады. Талай тар жол, тайғақ кешуде жігерін жасытпай, алға ұмтылдырған да осы өмірге, өнерге деген асқан құштарлығы болар…

Нұрперзент Домбай

Бөлісу: