Максим РОЖИН: «Ресейге барсам қазақпын, отанымда жүргенде орыспын!»

16 Қараша 2014, 12:34

Шын аты – Максим. Бірақ қазақтар оны өзімсініп Мақсат дейді. Қазақша сөйлеп, қазақша жазатын Максим Рожинді өзімсініп біз де әңгімеге тарттық.  

Шын аты – Максим. Бірақ қазақтар оны өзімсініп Мақсат дейді. Қазақша сөйлеп, қазақша жазатын Максим Рожинді өзімсініп біз де әңгімеге тарттық.

– Максим, "ұлтың кім?" деушілер әлі көп пе?

– Көп, танымайтындардың дені бірінші кезекте осы сұрақты қояды. Мен кім болмадым десеңізші! Неміс те, кәріс те, татар да болдық. Бұл жиі айтылатындары. Айтайын дегенім, мен георграфиялық тұрғыда ғана бөлінемін, Ресейге барсам қазақпын, отанымда жүрсем орыспын (күліп).

Білуімізше, әйеліңнің ұлты қазақ? Өзіңнің қазақшаңа қанықпыз, әйеліңнің қазақшасы қалай?

– Қазақшасы әлбетте жақсы. Бір қызық жағдай болған. Базарда жүрсек, жанымда жүрген жұбайыма бір саударгер әйел «Жарайсың, орыс жігітті қазақша сөйлетіп жүрсің!» депті. Естігенде әбден күлгенім бар.

– Максим, өзіңнің қазақшаңа қандай баға бересің?

– «5» шкалалық балмен «3» деген баға беремін. Өйткені, «5»-ке білген деп Әуезов пен Абайды айтар ем. Қазір қазақтардың арасынан «4-ке» білетіндердің өзі шамалы, мен көпшілктің ортасында жүріп әзірше «3-ке» ғана үйрендім. Шынын айтсам, қазақшам ауылдың көшесінде жүріп дамыды.

– Қазақ тілін үйрену өте қиын деушілерге не айтар ең? Жалпы, бұл стереотипті жоюға бола ма?

– Бұл стереотип қазақ тілін үйренуге ниетінің дұрыс еместігінен дер ем. Мансапқа немесе тағы бір дүние мәселесіне келіп тірелсе, жарты жылда үйреніп алады. Стереотипті жоюға болады, бәрі өзімізге ғана байланысты.

– Туыстарыңмен орысша сөйлеседі деп естідім. Олардың тілін сындыруға әрекет жасап көрмедің бе?

– Туыстарым... Кімді меңзедіңіз? Анам Нүкіс қаласында өскен, мен секілді қазақ тілінде сөйлейді, қарындасым да тура мен секілді. Ал, әжем сөйлей алмайды, сол кісіні сыйлап қана орысша сөйлейтінім бар. Негізі қазақша көбіне. Бір жағы қызымның болашағы үшін үйде қазақша сөйлесеміз.

Қазақ тілін үйренген өзге ұлттардың дүниетанымы өзгере ме? Өз тәжірибеңнен айта кетсең..

– Әлбетте өзгереді. Өз басымда солай болды. 360 градусқа қазақ болып кеттім.

Бұл фобия ма басқалар үшін? Түбегейлі қазақ болып кетуден сақтанатындар бар шығар?

Айта алмаймын, кейде менсінбеу, кейде қорқыныш, кейде комплекс ал кейде фобия болса керек. Әр түрлі ойлар мен пікірлерді естідім. Әртүрлі факторлар бар.

Түбегейлі қазақ бола алмайсың, ішің сайрағанмен, бәрібір сыртың көрсетіп тұр ғой (күліп).

– Саған қызығып, қазақша үйренгендер бар ма?

– «Сіз секілді қазақша сөйлегім келеді» дегендер болды. Бірақ, сөйлеп кеткендерді нақты айта алмаймын.

– Мына нәрсені сұрамай отырсың дей аласың ба? Мен Максимнен не сұрауды ұмытып кеттім?

– Тіпті артығымен сұраған сияқтысыз (күліп).

– Қазір фотограф болып жүрсің? Фотографтардың жұмысына көңілің толмағаннан ба, әлде қызығушылықтан ба?

– Хобби деген дұрысырақ, осы салада шығармашылықпен айналысқым келді. Алайда, жоқ жерден маман атануға болмас, сол себепті Нью- Йорктегі фотография институтына қашықтан оқуға түстім.Телеарнадан ресми түрде кеткеннен басталған хобби бұл.

– Қазір немен айналысып жатсың? Суреттерді «сөйлете» алып жатсың ба?

– Барынша тырысып жатырмыз, фоторептер жасап жүрмін. Қазір "Байтерек" холдингінде сарапшы қызметінде жүрмін.

– Әлеуметтік желілер арқылы ойларыңды айтып, көзқарасыңды білдіріп жүресің, "El.kz"-ке берген сұхбатыңда қазіргі бірінен соң бірі ашылып жатқан қазақша сайттарға байланысты қандай уәж айтқың келеді?

– Қазақша сапалы контент толтырып, қызықты материал жазайық. Ғаламторда жоқ дүниелерді жариялайық. Ол – басты мәселе. Қазір көбі қазақ тілінде оқиды, сондықтан қызық әрі маңызды мәселелерді көтерейік. Қазақ тіліне сұраныс бар кезде ұтымды пайдаланған дұрыс.

Әңгімелескен – Жандос БАЙДІЛДА.

 

Бөлісу: