21 Қазан 2013, 08:25
Арфа (нем. Harte) — ішегін іліп-тартып ойнайтын муз. аспабы. Арфа ертеде Египет және Ассиро-Вавилон елдерінен тараған. Арфа ішегі біртіндеп көбейе келіп, жетілдірілген аспапта 47 ішекке жетті. Орындаушы арфаны тартқан кезде, бұрауын өзгертіп отырады, ол үшін аспаптың аяқ жағындағы жегі баспасы (педаль) пайдаланылады. Арфаның дыбысы жұмсақ, дауыс көлемі контроктаваның до-бемолінен 4-октаваның фадиезіне дейін. Арфа тектес аспапты басқа елден де кездестіруге болады. Мысалы, Хорезм маңындағы Топырақ қаласын қазғанда, сарай қабырғасынан 3 ішекті арфа суреті табылған. 18 ғасыр саяхатшылары П. Даллас, И. Лепехин т.б. қазақтың 7 ішекті жетігенін “лежащая арфа” деп атаған (қ. Жетіген). [
Контрабас (итал. contrabasso) – ысқымен тартылатын қыл ішекті музыкалық аспап. Көлемі үлкен (2 м-ге жуық), дыбысы жағынан ең төменгі дауысты скрипка типтес, 4 ішекті, кварта бұрауымен бұралады. Контрабастың 3 және 5 ішекті түрлері де болады. Көбінесе, Контрабаста түрегеліп тұрып ойнайды. Контрабас оркестр мен ансамбльдерде ең төменгі партияны орындауда маңызды рөл атқарады. Кейде жеке орындау үшін және концерттік аспап ретінде қолданылады. Кейде “Контрабас” деп ең төменгі регистрлі музыкалық аспаптардың түрлерін де атайды (Контрабас – тромбон, Контрабас – керней, Контрабас – балалайка, Контрабас – домбыра, Контрабас – қобыз, т.б.). Профессор А.Жұбанов Қазақ халық аспаптары оркестріне домбыраның және қобыздың Контрабастарын енгізді.
Саксофон ағылш. saxsophone — саксофон) — үрмелі аспап. Аспапты ойлап табушы (1846) Адольф Сакс деген шебердің атымен аталған.
Сакс оның түп нұсқасын Дефонтенель және басқа да кларнетті аспаптардан алған. Саксофон мыс, никель және цинк; мыс, цинк, латунь немесе күміс қоспаларынан құйылады. Саксофонның көптеген клапандары мен кларнетке тән мундштугы бар. Саксофонның түрлері: альт, тенор, сопрано, баритон, т.б. Саксофонға арналған ноталар скрипка кілтінде жазылады. Оның тембрі кларнет, гобой және виолончельдің қосылып шығарған дыбысы сияқты жұмсақ. Саксофон эстрадалық оркестрде көп қолданылады. Қазіргі кезде саксофон джаз жанрының аспабы ретінде кең танымал.
Труба (итал. tromba – труба) – жоғары регистрлі үрлемелі музыкалық аспап. Жезден жасалады. Жалпы тұрқы (мундштуксыз) 465 – 470 мм. Трубаны ертеде дабылшы ретінде аңшылықта, жаугершілікте, салтанатты жиын-тойларда пайдаланған. Трубаның түрлері: пикколо, альт, бас. Труба үрлемелі аспаптар оркестрінде, симфониялық оркестрде қолданылады, сондай-ақ жеке де (соло) ойналады. Тұтас ағаштан, қола я болмаса күмістен қысқа әрі түзу етіп жасалған Трубалар кезінде Ежелгі Мысырда, Ассирияда кең таралған. Осы тақылетті музыкалық аспап ежелгі гректер мен римдіктер арасында да белгілі болды. Орта ғасырларда кезбе музыкашылар Трубада ойнап өнер көрсетіп отырған, әсіресе, олар Қайта өркендеу дәуірінде сарайларда өз өнерімен кеңінен танылды.
Дереккөз: Қазақ Энциклопедиясы" 9 том. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8