Адам болу – ұлы мақсат

16 Қазан 2013, 10:16

«Педагогика» латын тілінен аударғанда «баланы жетектеу» деген мағына береді екен. Оңды-солын, алды-артын танып білмеген жеткіншек қана жетектеуге мұқтаж. Анадан пәк боп түсетін сәбидің есейе келе жаманшылыққа бас қоятыны неліктен? Қазіргі таңда ата-ана мен бала, ұстаз бен шәкірт арасында міндетті түрде болуы тиіс талшыбықтай нәзік тәрбие деп аталатын мораль заңы көмескіленді десе де болады. Бұған не себеп болып отыр? Бала тәрбиесін үш кезеңге бөлуге болады: құрсақтағы тоғыз ай, тоғыз күн, дүние есігін ашқаннан басталатын бесікке бөлену кезеңі және тәй-тәй басқаннан ат жалын тартып мінгенге дейінгі уақыт. Абай айтпақшы, ең қиын мамандыққа – адам болуға баулитын ошақтың үш бұтындай болған осы шешуші мерзімдердің маңыздылығына жеке-жеке тоқталып өтейік. Ана құрсағында нәресте өте тез жетіліп, тоқтаусыз дамитыны белгілі. Сол себепті қазақтың «Қызға қырық үйден тыйым», «Келінім, саған айтам, қызым, сен тыңда» дейтіні – тұтас ұрпақтың болашағымен астасып жатқан көрнекті құбылыс. Осыған бір хикаядан мысал келтіре кетсек. Бірде Атымтай жомарт өлген соң інісі де Атымтайдай боламын деп, малын шаша бастапты. Шешесі: «Шырағым, малды орынсыз шаша берме», – деп неше қабат айтады екен. Бір күні бұл сөздер баланың көңіліне келіп, шешесінен сұрайды: «Сіз маған мал шашпа дейсіз, марқұм Атымтай ағама бір сөз де айтпайтын едіңіз. Атымтай туған ата-анадан мен де туғаным жоқ па? Атымтайға біткен мал маған да біткен жоқ па? Сіз қалайша менің жомарт болғанымды жаратпайсыз?», – дейді. Шешесі жауап береді: «Атымтай туған соң үш күнге дейін жылап емшек ембеді. Емшегім сыздап, сүт аққан соң, көршіміздегі бір жетім баланы емізіп едім, құшағымда отырған Атымтай жылағанын қойып, екінші емшекті еме бастады. Осылайша әрқашан бір емшекті әлгі жетім балаға емізбесем, Атымтай да ембеуші еді. Ал сен, балам, туғаннан былай қарай, бір емшегімді еміп жатқаныңда, екіншісін екі қолыңмен мықтап ұстап жатушы едің, міне, соның үшін сен Атымтайдай жомарт бола алмайсың. Малыңды орынсыз шашпа дейтінім сол», – депті. Біздің халықта әйел босанарда бүкіл жан-жануар, ит-құсты үйдің маңынан аулаққа қуатын болған. Ондағы себеп, сәби шыр етіп жерге түскенде, ненің дауысын естісе, сол тіршілік иесінің мінез-құлқы баланың бойына судай сіңеді екен. Сондықтан үй иесі кіндік шешені көнені көрген көреген, текті ортадан таңдайды. Анасының уызынан қуат алған қызыл шақа кіндігі қиылған соң, жаялығына оралған күйі ағаш бесікке жайғасып, әлди-әлдидің әуенімен тәтті ұйқының құшағына енеді. Дүниеге сыймайтын қайран адам баласы бесікке сыйсын ба? Талпаңдаған қалпы домалаңдап, талбесік пен тыныш ұйқыны лайық көрмей, кең даланы бетке алады ғой. Қадамы қарышты, жолы түзу болсын деп тұсауын кеседі. Бұл – адамның адам болашағына себепші үшінші кезеңнің басы. Баланың тұсауын үш нәрсемен кеседі: біреудің ала жібін аттамасын деп ала жіппен, тоқшылық болсын деп тоқ ішекпен, көк шөптей көкке ұмтылсын деп шөппен кеседі. Бесікке салу, шілдехана, тұсау кесу, сүндеттеу сияқты дәстүрлер тіршілік деп аталатын ортаға тап болған «қонақты» күтіп алу рәсімдері еді. Халқымыздың «Балаңды бес жасқа дейін патшадай сыйла, бес жастан он бес жасқа дейін құлдай жұмса, он бес жастан кейін құрдасыңдай көр» дейтіні осыдан шықса керек. Жоғарыда педагогиканы қазақшалап «баланы жетектеу» деген мағына беретінін айттық. ХХ ғасырдың ортасына дейін педагогика баланы оқыту және тәрбиелеу туралы ғылым ретінде танылды. Педагогиканы тек бала тәрбиесіне ғана жауап беруші ғылым деп есептеу қате. Себебі ол – тек бала тәрбиелемейді, ол адам тәрбиелейді. Лев Толстой: «Өмірімді жүз қадам деп есептейтін болсам, туғаннан бес жасыма дейін тоқсан тоғыз қадам, бес жастан қазіргі маған дейін бір қадам», – дейді. Ал әл-Фараби бұл аса жауапты кезеңді он бес жасқа дейін ұзартады. Демек, адам ғұмырының тоқсан тоғыз пайызы балалық шақ пен жасөспірім кезеңге тікелей қатысты болса, онда педагогиканы неге адамды толықтай қалыптастыратын ғылым демейміз. Өйткені қоғам талабына сай тұлға ретінде қалыптасып жетілу үшін тек балалар ғана емес, сонымен қатар үлкендер де білікті педагогикалық басшылықты қажет ететіндігі мойындалуда. Сондықтан қазіргі кезеңдегі педагогика – тек балалар тәрбиесі туралы ғылым ғана емес, ол сонымен қатар жалпы адамзат баласының тәрбиесі туралы ғылым.   Қаламқас Қамзаева «Ана тілі» газеті

«Педагогика» латын тілінен аударғанда «баланы жетектеу» деген мағына береді екен. Оңды-солын, алды-артын танып білмеген жеткіншек қана жетектеуге мұқтаж. Анадан пәк боп түсетін сәбидің есейе келе жаманшылыққа бас қоятыны неліктен? Қазіргі таңда ата-ана мен бала, ұстаз бен шәкірт арасында міндетті түрде болуы тиіс талшыбықтай нәзік тәрбие деп аталатын мораль заңы көмескіленді десе де болады. Бұған не себеп болып отыр?
Бала тәрбиесін үш кезеңге бөлуге болады: құрсақтағы тоғыз ай, тоғыз күн, дүние есігін ашқаннан басталатын бесікке бөлену кезеңі және тәй-тәй басқаннан ат жалын тартып мінгенге дейінгі уақыт. Абай айтпақшы, ең қиын мамандыққа – адам болуға баулитын ошақтың үш бұтындай болған осы шешуші мерзімдердің маңыздылығына жеке-жеке тоқталып өтейік.

Ана құрсағында нәресте өте тез жетіліп, тоқтаусыз дамитыны белгілі. Сол себепті қазақтың «Қызға қырық үйден тыйым», «Келінім, саған айтам, қызым, сен тыңда» дейтіні – тұтас ұрпақтың болашағымен астасып жатқан көрнекті құбылыс.
Осыған бір хикаядан мысал келтіре кетсек. Бірде Атымтай жомарт өлген соң інісі де Атымтайдай боламын деп, малын шаша бастапты. Шешесі: «Шырағым, малды орынсыз шаша берме», – деп неше қабат айтады екен. Бір күні бұл сөздер баланың көңіліне келіп, шешесінен сұрайды: «Сіз маған мал шашпа дейсіз, марқұм Атымтай ағама бір сөз де айтпайтын едіңіз. Атымтай туған ата-анадан мен де туғаным жоқ па? Атымтайға біткен мал маған да біткен жоқ па? Сіз қалайша менің жомарт болғанымды жаратпайсыз?», – дейді.
Шешесі жауап береді: «Атымтай туған соң үш күнге дейін жылап емшек ембеді. Емшегім сыздап, сүт аққан соң, көршіміздегі бір жетім баланы емізіп едім, құшағымда отырған Атымтай жылағанын қойып, екінші емшекті еме бастады. Осылайша әрқашан бір емшекті әлгі жетім балаға емізбесем, Атымтай да ембеуші еді. Ал сен, балам, туғаннан былай қарай, бір емшегімді еміп жатқаныңда, екіншісін екі қолыңмен мықтап ұстап жатушы едің, міне, соның үшін сен Атымтайдай жомарт бола алмайсың. Малыңды орынсыз шашпа дейтінім сол», – депті.
Біздің халықта әйел босанарда бүкіл жан-жануар, ит-құсты үйдің маңынан аулаққа қуатын болған. Ондағы себеп, сәби шыр етіп жерге түскенде, ненің дауысын естісе, сол тіршілік иесінің мінез-құлқы баланың бойына судай сіңеді екен. Сондықтан үй иесі кіндік шешені көнені көрген көреген, текті ортадан таңдайды.
Анасының уызынан қуат алған қызыл шақа кіндігі қиылған соң, жаялығына оралған күйі ағаш бесікке жайғасып, әлди-әлдидің әуенімен тәтті ұйқының құшағына енеді.
Дүниеге сыймайтын қайран адам баласы бесікке сыйсын ба? Талпаңдаған қалпы домалаңдап, талбесік пен тыныш ұйқыны лайық көрмей, кең даланы бетке алады ғой. Қадамы қарышты, жолы түзу болсын деп тұсауын кеседі. Бұл – адамның адам болашағына себепші үшінші кезеңнің басы. Баланың тұсауын үш нәрсемен кеседі: біреудің ала жібін аттамасын деп ала жіппен, тоқшылық болсын деп тоқ ішекпен, көк шөптей көкке ұмтылсын деп шөппен кеседі. Бесікке салу, шілдехана, тұсау кесу, сүндеттеу сияқты дәстүрлер тіршілік деп аталатын ортаға тап болған «қонақты» күтіп алу рәсімдері еді. Халқымыздың «Балаңды бес жасқа дейін патшадай сыйла, бес жастан он бес жасқа дейін құлдай жұмса, он бес жастан кейін құрдасыңдай көр» дейтіні осыдан шықса керек.
Жоғарыда педагогиканы қазақшалап «баланы жетектеу» деген мағына беретінін айттық. ХХ ғасырдың ортасына дейін педагогика баланы оқыту және тәрбиелеу туралы ғылым ретінде танылды. Педагогиканы тек бала тәрбиесіне ғана жауап беруші ғылым деп есептеу қате. Себебі ол – тек бала тәрбиелемейді, ол адам тәрбиелейді. Лев Толстой: «Өмірімді жүз қадам деп есептейтін болсам, туғаннан бес жасыма дейін тоқсан тоғыз қадам, бес жастан қазіргі маған дейін бір қадам», – дейді. Ал әл-Фараби бұл аса жауапты кезеңді он бес жасқа дейін ұзартады. Демек, адам ғұмырының тоқсан тоғыз пайызы балалық шақ пен жасөспірім кезеңге тікелей қатысты болса, онда педагогиканы неге адамды толықтай қалыптастыратын ғылым демейміз. Өйткені қоғам талабына сай тұлға ретінде қалыптасып жетілу үшін тек балалар ғана емес, сонымен қатар үлкендер де білікті педагогикалық басшылықты қажет ететіндігі мойындалуда. Сондықтан қазіргі кезеңдегі педагогика – тек балалар тәрбиесі туралы ғылым ғана емес, ол сонымен қатар жалпы адамзат баласының тәрбиесі туралы ғылым.

 

Қаламқас Қамзаева

«Ана тілі» газеті

Бөлісу: