16 Қазан 2013, 09:59
Ғалым Ұлытау аймағында болған кезінде Кеңгір өзені бойында салынған Қамырхан, Алашахан. Болғанана, Домбауыл кесенелерінің сыртқы көріністерін қағазға түсірген. Бұл кесенелердің күйдірілген кірпіштен жасалғандығына, олардың мықты болу үшін кірпіштерінің қалауының өзіндік тәсілінің болғандығына да көңіл аударған. Ал кесенелердің сырты түрлі-түсті сырмен сырланған дейді. Әсіресе, Алашаханның кесенесіне, құрылыс жүйесінің қалай салынғандығына ерекше сипаттама берген.
Ғалым Аягөз өзенінің бойында тұрған Қозы мен Баянның кесенесіне ерекше мән берген. Ол өзінің жазбасында Аягөз өзенін өте жақсы көретінін айтады. Ол мүмкін алтын шашты Баян мен Қозы Көрпеш туралы поэтикалық аңыздың құдіреті шығар. Мұндай шынайы махаббаттың аңызы болған ескерткішті қалай ғана ұнатпассың. Сондықтан да ғалым сол кездің өзінде бұл сүйіспеншіліктің куәсі болған поэманың қазақша мәтінін жазып қалдырған. Ал кесененің жанында сүйеулі тұрған төрт балбал тастың суреттерін салып, оларды поэманың кейіпкерлері деп жазады (2-сурет).
Қозы мен Баян кесенесінен Аягөздің ағысына қарай бір жарым шақырым жерде, моланың жанында бір ұсқынсыз балбал тастың тұрғаны туралы жазып, ол Қозының қарсыласы Қодардың ұсқыны болуы мүмкін дейді. Ол туралы Қоқанға барған жасауыл жазса керек. Археологиялық ескерткіштер туралы жазғанда ғалым ескерткіштер тұрған жердің маңындағы халықтардан олар туралы сұрастырып отырған. Бұдан байқалатыны, олардың ескерткіштер туралы білетін-білмейтіндерін біліп отырған. Алайда жергілікті халықтар ғалымға оларды ноғайлардыкі немесе моңғол, қалмақтардікі деп жауап беретіндерін жазады. Бұл шындығында дұрыс емес еді. Кейбір жерлерде осы күнге дейін сондай жауаптарды естисіз. Ал шындығына келгенде, жерімізде кездесетін археологиялық ескерткіштер – халқымыздың құрамына кірген көне дәуірден соңғы орта ғасырдағы түркі тілдес және қазақ ру-тайпалардың ескерткіштері.
Ш.Ш.Уәлиханов Алматы аймағында болған кезінде қазіргі Талғар қаласының тау жағындағы ескі орны бұзылып жатқан көне Талхир қаласының орнында болып, ол туралы да сипаттама береді. Бірақ ол қаланың көне Талхир қаласы екендігін білмеген. Ғалым ел аузында айтылып жүрген Хантау маңындағы «Қанарық» туралы да жазған. Ол арықты Әмір-Темір ұлыстарының шекарасы деп жазған. Ол аңыз бойынша Жәнібек ханның баласына байланысты. Қырғыздар Хантау жерінде отырған Жәнібек ханның бір баласын өздеріне хан сайлау үшін сұрап келеді. Бұл шамасы Жәнібек пен Керейдің Әбілқайырдан бөлініп, Қозыбасы, Шуға көшіп келген кезі. Хантаудың солтүстік жағында Жәнібек ханның ордасы деген жер бар. Қанарық осы қыстаудың батыс жағынан солтүстік-шығысқа, Балқаш көліне қарай беттесе, ал екінші жағы Алатауға, қырғыздар жағына қарай жүргізілген. Міне, қырғыздар хан сайлайтын баланы елдеріне алып бара жатқанда алдарынан бір үйір құлан шығады. Хан баласы оларды ұстаймын деп қуады. Қуып бара жатып аттан құлап, мерт болған. Осыған ашуланған Жәнібек хан арықтарды қазғызып, құландарды соған айдап, қырғызса керек. Содан ол Қан арық болып атанған екен. Ғалым бұл аңыздың анығына онша жетпеген.
Ғалымның патша өкіметінің қызметін пайдаланып, қысқа мерзімнің ішінде Қазақстан мен Орта Азия жерлеріндегі елдерде болып, тарихи-археологиялық ескерткіштерге көңіл бөлуі, әсіресе, өз елінің тарихын танып-білуде аянбай қызмет етуі халқымыздың тұңғыш археологы болғандығын көрсетеді. Ол археология ғылымына алғаш жол салғандардың бірегейі болды. Бүгінгі таңда маман-археологтар оның игілікті ісін жалғастыруда.
Сәйден Жолдасбаев