16 Қазан 2013, 09:53
Халқымыздың біртуар ғалымы Ш.Ш.Уәлиханов ғылымның барлық салаларынан жетік білімдар болған десек, артық айтқан болмаймыз. Ол туралы әдебиетшілер, тарихшылар, философтар, т.б. көптеген ғылым салаларының маман-ғалымдары айтып жүр. Шығыстану саласында оның қосқан үлесі зор. Оны көрнекті шығыстанушы Н.И.Веселовскийдің мына сөзінен анық байқаймыз. «Ш.Ш.Уалиханов как блестящий метеор, промыкнул над нивой востоковедения» деген еді. Бұл пікірді ғылымның археология саласында айтуға болады. Амал не, ғалым өмірден ерте кетіп, басталған ғылыми бастамалары аяқсыз қалды. Бірақ бүгінгі таңда егемендігіміздің арқасында ғалымның бастаған істері, әсіресе, «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында толығымен іске асуда. Мен өзімнің бұл мақаламда ғалымның археологиялық ескерткіштер туралы жазғандарына тоқталып өтпекпін.
Жас ғалым Жетісу мен Тәңір тауының бөктерлерінен өткенде жол бойында кездескен көне дәуірдің ескерткіштері оған үлкен ой салып, қатты әсер етеді. Әсіресе, қазақ жерінде қала мәдениетінің, тау баурайларындағы қыстаулар, суландыру жүйелері қазақ халқының жартылай отырықшы халық болғандығын дәлелдейтінін өзінің «Қазақ егіншілері» атты ғылыми еңбегінде жазады. Оның жазуы бойынша, егін салуды XVII ғасырда Дулат тайпасының жаныс руынан шыққан Байғабыл деген кісі бастаған дейді. Ал гарох, жымық, зығыр сияқты т.б. дақылдың түрлерін Қытай жерінен алып келіп еккендерін жазады. Әрине, жерімізде егін салу ғалым көрсетіп отырған ғасырдан әлде-қайда бұрын басталған.
Ғалым Ыстықкөл жерінде болған кезінде ерте заманғы қалалық мәдениеттің болғандығын, суландыру жүйесінің арық-тоғандардан көрініп жатқандығын жазған. Ғалым орта ғасырларда Іле алқабында да отырықшылық болған деп тұжырым жасаған. Оған басты дәлел археолог, академик К.М.Байпақов көрсетілген аймақта археологиялық, ғылыми зерттеулер жүргізіп, ерте орта ғасырдан орта ғасырдың орта кезіне дейін қалалық мәдениеттің болғандығын дәлелдеген. Ғалым сол Іле аймағындағы қалалардың бірі – Алмалықта болып, одан бірнеше алтын теңге тауып алып, оны шығыстанушы-ғалым Вельяминов Зерновқа көрсетіп, оның XІV-XV ғғ. жататындығын білген. Кейін ол туралы өзі мақала жазған. Бұл қалада К.М.Байпақов зерттеу жүргізіп, орта ғасырдың орта кезінде қалалық мәдениеттің дамығандығын көрсетеді.
Ғалым жерімізде кездесетін көптеген археологиялық ескерткіштерді көне және жаңа молалар деп екі топқа бөліп қарастырған. Ғалым бұл молалардың барлығы қазақтардікі деп тұжырым жасаған. Әрине, бұл молалардың барлығы қазақтардыкі деп қарауға болмайды. Қазақ халқының құрамына кірген үлкенді-кішілі, ерте және кейінгі кездегі ру-тайпалардың молалары екендігіне ешбір дау жоқ. Бірақ та олардың сыртқы көріністері, жерлеу әдеп-ғұрыптары әртүрлі. Ғалым оларға қазба жұмысын жүргізбеген соң ол кезде нақты пікір айту ертелеу болды. Жалпы, ғалым молалардың екі түрін жазады. Молалардың жеке-дара және қорған тәріздес түрлері. Соңғысы ташкенттік ықшам қорған түрінде, батысқа қараған есіктері бар, сырты жалмен бекітілген бекініс сияқты болып келеді. Мұндай молалар Үлкен Ордада (Ұлы жүз), Алатаудың етегінде де ұшырасады деп жазған. Соңғы кездегі қабырларға да сипаттама берген. Ғалым қазақ жерінде монғол шапқыншылығына дейін түркі тектес ру-тайпалардың мекендегенін, ұйғыр, қалаж, қаңлы және қарлұқ тайпаларының түрік одағының негізін қалағандығын жазады. Ал олардың археологиялық ескерткіштеріне жататын түркілердің балбал тастарын Ыстықкөлдің солтүстік жағасынан кездестіріп, олардың суреттерін салған.
Алайда ғалым балбалды кім жасаған, неге қойылған деп таңданады. Мұндай балбал тастардың Кіші Ресей, Сібір жерлерінде де кездесетінін, олардың әлі неге қойылатындығы анықталмаған дейді. Қазіргі кезде де бұл адам тәріздес мүсін тастардың неге қойылатындығы нақты шешілмеген. Мұндай балбал тастар Жетісуда өте көп кездеседі, бұлар туралы археолог А.Досымбаева Жайсан, Мерке жерлерінде зерттеу жүргізіп, бұл балбалдарды түркілердің ғұрыптық орындары дейді. Ш.Ш.Уәлиханов түркі тілдес халықтардың ішінде бұлғарларды, хазарларды, башқұрттарды, мадиярларды түрік тілді және әдеп-ғұрпы бір болғанымен, олар шығу тегі жағынан басқа ұрпаққа жатады дейді. Ал моңғол шапқыншылығы бұлардың халқын мүлде өзгертіп жіберді, тайпалардың бұрынғы аттары мүлдем жоғалып кеткендігін, тек кейбіреулерінің ғана аттары қазақ руларының есімдері ретінде сақталғандығын жазады. Бұрынғы халық пен жаңа халықтың араласуы жаңа заңдарды қажет еткенін, Алтын, Еділ ордаларының шығуын, олардың хандарының өздерінің кесенелерін қазақ даласының төріне салдыруы, бүкіл даланы өздері билеп тұрғандай көрсететіндігін жазған. Мәселен, Ұлытау шыңдарының бірінен Маңғыт ордасының негізін қалаушы Едіге моласын (кесенесін) кездестіріп, оған сипаттама береді. Алайда кесененің бұзылып, орны қалғандығын, бірақ оның кезінде биіктігі таумен ұштасып тұрғандығын жазады. Тарихта Едігенің кім екендігі белгілі, бірақ оның кесенесі қай жерде тұрғандығы белгісіз еді.
Ғалым моңғол зираттары мен түркілердің молаларын салыстыра келіп, түріктер моңғолдардан әлдеқайда білімді әрі олардың отырықшылықта өмір сүргендігін, сауда-саттықпен айналысқандығын жазады. Оған дәлел ретінде Қазан қаласынан 60 шақырым жердегі бұлғарлардың астанасы Бұлғар қаласының қираған қалдығының орны осы уақытқа дейін сақталғандығын жазған. Ғалым қазіргі Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Алтынемел жерінде Тезек төренің ауылында болған кезінде Шолақтаудағы, жартастардағы суреттерді қағазға түсіріп алған. Ғалымның өзі де осы Алтынемелдің бөктерінде, Тезек төренің ауылында қаза болып, осында жерленген. Ғалым Іле бойындағы Таңбалы тас деген жердегі жартасқа салынған суреттерді қағазға түсіріп алған. Бұл жер Алтынемелден онша алыс емес. Бұл сурет жоңғарлардың Жетісу жеріне шапқыншылық жасап, уақытша тұрған кездерінде, шамамен XVII ғасырдың аяғында салынған.
Сәйден Жолдасбаев