16 Қазан 2013, 09:41
1680 жылы Күлтөбедегі үлкен жиында Тәуке хан болып сайланған соң, үш жүздің бас билері сынақтан өткізгенде, ел аузында «жеті адамға жан берген Мүсірәлі» атағымен аты қалған, осындай ерекше ұлық қасиетімен бүкіл қазақтың тұңғыш пірі болып ақ киізге отырғызылған, қазақ елі тарихындағы бірегей дінбасы – Әжіқожа Жәдікұлы Мүсірәлі сопы әзіз туралы жазып отырған бұл – менің екінші мақалам. Алғашқы мақалам «Қазақ елі» газеті бетінде 2000 жылы «Бас мешітке Мүсірәлінің, Астанадағы мешітке Ғылманидың есімдері берілсе…» деген тақырыппен жарияланып, сол жылы осы мақалаға орай «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» және «Егемен Қазақстан» газеттері беттерінде – «Жақсының өзі өлсе де, аты өлмейді», «Алғашқы дінбасы», «Пір тұтып, қол тапсырған талай адам…», «Сыннан сүрінбей өткен шәкірт», «Киелі пір иесі», «Тәуке ханды тәнті еткен Мүсірәлі», «Пір болғанды қор қылмайық», «Жеті өлікке жан бітірген», «Мүсірәлі Қосым сыры», «Бас мешітке Мүсірәлінің есімі берілсе…», «Орынды ұсыныс орындалса…» атты қызылордалық ел ағаларының бірі С.Далдабаев бастаған бірсыпыра қарттардың қуаттау мақалалары бірінен соң бірі жарық көрген болатын. Тіпті осы мақалалардың басын біріктіріп Құрманғали Ашанов деген кәсіпкер азамат бүгінде марқұм болған, Республика Ғылым академиясы жанындағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Манаш Қозыбаевтың «Пірге құрмет – елге құрмет» деген тақырыптағы алғы сөзімен «Мүсірәлі абыз» деген атпен жеке кітапша да шығарды.
Қазақ хандығы алғаш қалыптасқанда, әсіресе, әз Тәуке ханның тұсында халқымыз бірінші кезекте сайланған ханның жанына, ең алдымен, елдің діни сенімін нығайтуда дін қайраткерін, ел танып мойынсынған пір ұстау мәселесін шешкен болатын. Өйткені пір мәселесін шешу Құран Кәрімде жазылған тәртіп негізінде ел басқару Жарғысын дайындау үшін өте қажет еді. Далалық заң «Жеті жарғының» бірінші жарғысы «Халықтың ханы, сұлтаны, Пір-әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін» деп жазылуының өзі Пір-әзіреттің кім екенін ұғындырса керек. Сол кезде Әйтеке би ұсынған, жеті өлікке жан берген, әулиелігі, тақуалығы және көріпкел-пірадарлығымен Тәуке ханды тәнті еткен Мүсірәлі абыз өзінің 40 жасында қазақтың тұңғыш пірі болып тағайындалды және Тәуке ханның «Жеті жарғысының» негізгі авторы болды. Бұл кісі туралы бүкіл идеологиясы атеистік тәрбиеге негізделген Кеңес үкіметі кезінде шықса да, «Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы» 1-томының 644-бетінде Әжіқожа Жәдікұлы Мүсірәлі сопы әзіз туралы «Пір, діндар, азан шақырып қойған аты – Мүсірәлі. Руы Керейт болғанымен, дінге шын берілген сопылығы мен тақуалығына орай Әжіқожа, ал оның ұрпақтары Керейтқожа аталып кеткен. 1680 жылы Күлтөбеде Тәуке ханды сайлағаннан кейін артынша пір таңдалды. Бүкіл қазаққа пір болу үшін үш арыстың пірлеріне жеті сұрақ беріліп, үш шарт қойылады. Осыдан сүрінбей өткен Әжіқожаны (Мүсірәліні) билер бүкіл қазақтың пірі деп жариялайды да, оны ақ кигізге отырғызып, хан сарайына көтеріп апарады», – деп жазған.
Энциклопедиядағы бұл дерек өткен ғасырдың отызыншы жылдары жарияланған «Әдебиет майданы» журналынан алынса, абыз қарттың пір болып сайланғандығы туралы деректер ХІХ ғасырдағы көрнекті түркітанушы ғалымдар – Ә.Диваев пен В.В.Радлов еңбектерінде де молынан кездеседі.
Осы құжатты толықтырар тағы бір дерек – 1752 жылы өмірден өткен Мүсірәлі сопы әзіздің ұлы Сауранбайдың Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленуі. 2006 жылы «Алаш» тарихи зерттеу орталығынан жарық көрген «Керейт» жинағындағы «Мүсірәлі пір туралы» (304-бет) мақаласында ол кісінің тікелей ұрпағы Дәуітқожа айтты деген ауызекі деректерге сүйеніп, Мүсірәліден Сүгірәлі, одан Ер Уәлі, одан Ұлан, одан Жолан, одан Бердісүгір, одан Дәуітті таратыпты. Бұл Мүсірәлі бабамыздың қалмақ тоқалынан туған Қосым баласынан тараған Дәуітқожаға дейінгі ұрпақ шежіресі болуы мүмкін. Мүсірәлінің өзі кезінде екі-үш әйел алғандығы туралы дерек бар. Кітапта бәйбішесінен туылған төрт баласынан тараған ұрпақтарының шежіресі, өкінішке орай, көрсетілмеген.
Міне, мен мәселе етіп көтерген осы деректер Алматыдағы Бас мешітке немесе қазақ өз алдына ел болғалы астана болған үш қаланың бірінде орналасқан ең үлкен мешіттердің біріне алғашқы піріміз Мүсірәлінің атын беруге сұранып тұр емес пе? Әлде осы жұрт шынымен-ақ әлі күнге Мүсірәліні толық білмей келе ме? Ендеше, қабырғалы қалың жұртымыз терең тани түссін, тағы да деректер қосалық:
«…Керейттен қожа шықты Қосым атты,
Кісі екен аруағы мол, кәрі қатты.
Қарадан қалай қожа шығады деп,
Есіткен елдің бәрі таңырқапты.
Жан берген жеті өлікке Мүсірәлі,
Көрсеткен көп ішінде кәраматты.
Үш жүздің кеңесінде Күлтөбеде,
Шешімін Тәуке ханның ел ұнатты.
Кіші жүз Әйтеке би қасына алып,
Пір болып Қаракесектен дәмін татты.
Керейттен шыққан пірдің күмәні жоқ,
Нандырған нәмі қазақ уалиятты».
Бұл – Сыр ақыны Шоңбайдың «Шежіресінен» үзінді.
«…Бұл кез келгеннің емес, айрықша қасиетке ие болып жаралған аруақты адамдардың – абыздардың ғана қолынан келеді деп есептелді. Ондай қасиеттерімен көзге түскен адамдардан халық билік иелерінен бетер айбынып, аса зор құрмет тұтты. Биге құлақ асса, сардарға бағынса, Пірге табынды… Хан ауысса да Пір ауыспады. Сондықтан кейде билікті әулет саяси үстемдікпен қоса рухани үстемдікті де өз қолына алып алуға тырысты. Бұл, әсіресе, Шығысқа тән еді. Мәселен, Тәуке, оның балалары Жәңгір, Болаттардың Лхастағы “киелі үйге” жіберіліп, бірнеше жыл тәрбиеленуі тек көрші елдердің геосаяси ықпалынан ғана емес, тақ маңындағылардың әлгіндей іш есебінен де өрбіп жатса керек. Тәуке хан сайланғанда Пір де сайланып, үш ұлыстың пірлері жұрт алдында аруақ салыстырысып, Керейт Сұпы Әжінің (Мүсірәлі) жеңіп шығатыны да соны аңғартқандай. Тәукеден Абылайға дейінгі барлық ханға Пір болған Сұпы Әжі (Мүсірәлі) дүние салғаннан кейін жалпықазақтық Пір сайланған емес», – дей келіп: «Ескі дала үрдісінде қауымға билік жүргізетін хандар мен әскерге билік жүргізетін сардарлар ғана сайланып қойылған, ал батырлар мен пірлер аттарына лайық қасиеттерімен қапысыз танылып, жұртты тегіс мойындатқан. Жоғарыдағы Тәуке заманында үш ұлыстың үш пірінің жұрт алдында аруақ салыстыруына келсек, ол да, түптеп келгенде, сайлау емес, өз қасиетінің басымдығын жария мойындатудың жолы болып табылды. Мұны кие, аруақ туралы ғылым – агиалогия “таңғажайып сайыс” деп атайды. Бұл тек дінге дейінгі нанымдар заманында ғана емес, әлемдік діндер үстемдік құрған тұстарда да орын алған үрдіс». Бұл – жазушы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың пікірі («Үш пайғамбар», Ә.Кекілбаев, 1992 жыл).
«…Тәукенің иманын үйіріп, оң жаққа жатқызған, жаназа намазын оқып, өз қолымен Қожа Ахмет әулиенің кесенесіне жерлеген Мүсірәлі қожа да 79 жаста еді. Тәукенің жетісін берген күннен бастап үлкен ханның тағына таласқан төре сұлтандар Хан кеңесін, Дін әзіретін таратып, жеке билік орнатуға кіріседі. Текетіреске түскен төрелердің енді ешкімнің кеңесін тыңдамайтынын сезген жасы егде Мүсірәлі қожа бір күн өмірім болса да Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің басына барып, шырақшы болып, Алладан халқымды қанды аласапыранның қырғынынан құтқаруын тілеп, дұға оқиын, таңда машқар күні күнәмді жеңілдетуін сұрайын деген ойдың жетегінде Созақ жеріндегі Жылы бұлақтың басында Баба Түкті Шашты Әзиз зиратына 1719 жылы біржола көшіп барады. Қожа Ахмет әулиенің жолымен тәулігіне бір жұтым су мен бір тістем нан жеп, Алладан халықтың амандығын, босағасының бүтіндігін тілеп, дұға оқып, әулиеге шырақшы болған Мүсірәлі қожа 1721 жылы күзде 82 жасында Алланың аманатын тапсырып, мәңгі дүниеге жол тартады. Халық, айтып кеткен өсиеті бойынша, оның денесін Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің оң жағына, сәл төменірек жерлейді. Ислам дінінің тәртібі бойынша басына саз балшықтан төрт құлақ белгі салады…» («Тәуке ханның бас хазіреті», Қарақалпақстан). Бұл – зерттеуші Ж.Мұратбаевтың пікірі.
Осы үзінді пікірлермен-ақ Мүсірәлінің қазақ үшін қаншалықты имани ұлы тұлға болғандығын ұғынуға болар. Осыған тағы да мынадай өз тұжырым-пікірімді қосқым келіп отыр…
Жоғарыдағы аты аталынған мақаламдағы ұсынысыма байланысты кейбір азаматтардың «Пір Мүсірәлінің есімі Алматы мен Астанадағы салынып жатқан, күмбезі көк тіреп тұрған көп мешіттердің біріне неге берілмейді» деген пікірлерін өз құлағыммен де естіп жүрмін. Орынды пікірлер ғой. Мен де бүгінге дейін өз егемендігімізді алған соң, Алматыда салынып, бүгінде ел аузында Бас мешіт аталып кеткен үлкен мешітке қазақтың тұңғыш пірі Мүсірәлінің ғана есімі лайықты деп келемін. Соңғы кезде Қызылорда қаласында бұдан да үлкен мешіттің құрылысы аяқталғанын көрдім. Қазір Ресейдің қоластында қалып қойған алғашқы астанамыз Орынбордан соң, еліміздің алғашқы астанасы ретінде аталып отырған Қызылордадағы осы мешітке неге Мүсірәлінің атын бермеске? Тіпті мешіттің алдына пірімізге арнап ескерткіш қойылып жатса, тіптен сауапты іс болар еді. Бұндай жұмыстарды Үкіметтің өзі де қатарласа, тікелей қолға алып жатса, еш артықтығы болмас еді ғой…
Қызылордада осы жаңа мешітке Мүсірәлінің есімін беру мәселесі шешіліп жатса, оның ашылу рәсімінде арнайы республикалық танымдық конференция өткізу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, шама келіп жатса, 2008 жылы қайта салынып біткен Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің күмбезі қасына қойылған, бүгінде жойылып кеткен хазіреттің кесенесін қайта көтеріп, қалпына келтіру мәселесін қолға алып жатса, мұсылмандығымызға абырой болар еді. Аруақтың рухы ризалық танытса, тірінің тіршілігі алға басатынын көзіміз көріп жүр емес пе?!
Егер осы игі ұсыныс облыс әкімшілігі тарапынан қолдау тауып, жүзеге асып жатса, басқа дінге өткен қаракөз мұсылмандарымызға да елеулі сабақ, үлкен діни насихат болар еді. Қашанда Алла жар болып, қасиетті бабалар аруағының қолдауында болайық!
Бақтыбай АЙНАБЕКОВ