Артық әріптен арылатын кез жетті

16 Қазан 2013, 06:46

Өткен жиырма жыл ішінде мемлекеттік тіл толық қолданысқа енгенде біз көтергелі отырған нақ осы әңгіме, тіпті, басқаша өрбір еді. Ондай күн туғанда кешегі кеңес өкіметі дәуірлеп тұрған шақтарда – орыс тілінің өктемдігіне ұшыраған қазақ тілі грамматикасының айтылуы мен жазылуы атамзаманнан бері қарайғы қолданыстағы байырғы қалпына қайта келуі де мүмкін болатын. Өкінішке қарай, темірді қызған кезінде соға алмаппыз. Енді «үмітсіз шайтан» дегенді ғана көңілге демеу еткеннен басқа амалымыз да жоқ. Осындайда ағымыздан жарылар болсақ, біраз жұрт даурығысып жүрген латын әрпіне көшуден гөрі – бірлі-жарым ғалымның болжамы бойынша – осыдан бірнеше мыңдаған жыл бұрын өзіміздің бабаларымыз қолданып, әлемдік өркениетке теңдессіз үлес қосқан Бішін кестесінде белгіленген сына жазуына бүйрегіміздің бұратынын да жасырғымыз келмейді. Себебі, әріп қуатты идеологиялық құрал болумен қатар, экспансистік күшке де ие ең қатал, еріктен тыс үстемдік орнатушы қару да. Мәселеге осы тұрғыдан қарап, егер «Ойма жазуымызға» (М.Мырзахметұлы) оралар болсақ, сонда ғана қазақ – бабалары түп-тұқияннан бері қарай көшіп-қонғаннан басқаны білмеген, соғыс пен зорлықтан бөтенге икемсіз, ілім-білімнен жұрдай, тіпті, басқа түгілі, жазып-сызып өз ойын ұрпағына аманат етіп қалдыратын әріп таңбалауға да парасат-пайымы жетпеген – номад, туземец, варвар, т.б. деген атақтан құтылар еді. Бірақ әзірше ол жазуға жаны ашиын деп тұрған тіл мамандарын көріп тұрғанымыз жоқ. Олай болса, ең құрығанда, өткен ғасырдың қырқыншы жылынан бастап, жазуымызға орасан зор нұсқан келтіріп келе жатқан қазақ орфографиясындағы «озбыр» әріптерден құтылуды неге қолға алмасқа? Қалай дейсіз ғой? Ол үшін, ең алдымен, күнделікті қолданыстағы кириллица таңбаларының қажетсіздерін қазақ алфавиті қатарынан аластау қажет деп есептейміз. Енді ойымызды қалың оқырман қауымға түсінікті етіп жеткізу үшін сонау 1995 жылдан бері қарай, оқтын-оқтын сөз болып келе жатқан мәселеге тоқталып көрейікші. Дұрысына көшсек, жөндеуді тілеп тұрған жалғыз орфография деу де жеткіліксіз. Мұндай­да орфографияны жасауға алып баратын қазақ тілі грамматикасын сырқаттан сауықтыру дегенді мақсат ету орындырақ па дейміз. Оған көз жеткі­зу үшін өзіміздің күнделікті қолданып жүрген сөздеріміздің жазылуына назар салайықшы: шәй-шай; кәзір – қазір; қадыр – қадір – кәдір; зауыт – завод; лақ – ылақ; шек – ішек; жақия – яхия; Жүсіп –Юсуп; ікайа – хикая – Һікая; қисса – хисса; Пазыл – Фазыл; Ибрагим – Ибраһим; Мұхамбет – Мұхамед – Мұһаммед… Біздіңше, осы тәрізді жазылуы мен айтылуы қилы-қилы құбылған сөздердегі кемшілік атаулыдан айығу – грамматиканың барлық саласының бір-бірімен үйлестігін қазақ тілінің сөйлеу заңдылығына сәйкестендіре отырып, бөгде елдердің беделді қағидаларына жалтақтамай, өз тіліміздің ішкі ерекшелігіне ғана бағынатын жаңарған оқулық жазылған шақта ғана мүмкін. Сонда бұл мақсат қашан орындалмақ? Әзірше, белгісіз. Белгілісі – әлі күнге дейін салбөксе күйде қалып келе жатқандығымыз. Бірақ мәселе жайбарақаттықты көтермейтін шаққа жетті. Өйткені, ереже атаулысы әрі қысқа, әрі нұс­қа, тұжырымды, көлемі шап-шағын, оны оқып шыққан түркі тектес ағайын түгел, шүршіттің өзі қате жазуы екіталай қазақ тілі грамматикасын жасау – қазақ тілінің мемлекеттігін Конституция айқындап беріп отырған кезде – осы саладағы мамандардың міндеті ғана емес, азаматтық парызы да. Турасын айтсақ, бұл – уақыт, замана талабы. Мұны бұрын білігі мен талантын сарп еткен ғалымдар мен оқымыстылардың еңбегін кемсіту деп қарау да ағаттық. Керісінше, олардың кезінде түзеп үлгере алмаған, әйтпесе отаршылдық идеологияның қақпайлауымен еріктен тыс енгізген қиянатшыл қағидаларын заңды арнасына бұру, жетілдіру, толықтыру деп түсінген абзал. Онсыз түрлі тосқауыл мен тығырыққа тірелген күйден сытылып шығу қиын. Қазақ тілі грамматикасының қазіргі ауыр күйі неге байланысты? Осы сауал төңірегінде арғы-бергіге ой жүгіртсек, ондаған ғасыр бойы тәлкекке түскен ұлтымыздың тағдыры мен қорлықта тұншыққан түрлі тарихи кезеңдері кінәлі екенін көреміз. Тіпті, қазақ сөзінің күрделі өзгерістерге ұшырап жатқанын былай қойғанда, кісі есімінің өзін ала-құла жазып шатасатынымыздың бір ұштығы да сонда жатқаны анық. Бұл – бізде жазу ережесінің әлі күнге дейін қабылданбағандығынан емес, әңгіме сол ереженің көкейге қонбайтындығын­да, сөйлеу тілінің нормасы мен логикалық үйлесімнің алшақтығында. Соның салдарынан да әркім ойын қағазға түсірген шақта түрлі пайымдауға беріліп, көңілге қонбайтын қаулы арқылы бекітілген, ережеден тыс қисынды ойдың жетегінде қиындықтан шығудың амалын өз бетінше қарастыратындығында. Мысалы, халқымыз пір тұтқан ғүлама ақынның аты – Иассауй болып жазылуы тиіс пе немесе Яссауй ме, жоқ, болмаса Жасауй ма? Бұған қазіргі грамматикаға сүйеніп орнықты пікір айту қиын. Есесіне сол грамматика бір есімді үш түрлі етіп қағазға түсіруге мүмкіндік беретінін қайтерсің?! Неге бұлай? Біздіңше, мұның екі түрлі сыры бар. Әдепкісі – бізде не көп, зорлықпен тықпаланған, тілдің табиғи зандылығын бұзатын әріп көп. Басқа ұлттарда бұл белгі 24 пен 30 аралығында болса, қазақта – 41. Көне түркі тілінде де 8 дауысты, 16 дауыссыз, бас-аяғы 24 қана фонема болған. Қазіргі шақта бұрынғы ата-баба қолданған сөз атаулыда байқалмаса да аруақтарды қорлап, құқығымызды таптап, өктемдікпен алфавитімізге кіріп алғанының өзі – 13. Олар: В, Е, Й, Ф, һ, Ц, Ч, Щ, Ь, Ъ, Э, Ю, Я. Бұл – біздің кейбір түрік тайпалар қолданудан бас тартқан Ә мен X әріптерін қоспағандағы түріміз. Кейінгісі – осыған сәйкес олардың жазылуын қадағалап, мүлт кетпеуін қамтамасыз ететін ереже өзгелердікінен әлдеқайда артық. Демек, бұл – мемлекеттік тілде сауатты жазып, сөйлем құрау үшін мектеп оқушысынан бастап, президентке дейін басқа ұлттың азаматтарына қарағанда 13 әріпті артық біліп, ережені соған сәйкес көп жаттауы тиіс деген сөз. Осындайда бізге «өткені өтті, кеткені кетті ғой, енді мына заман оң қабақ танытқан мезгілде неге түзелмейміз» деген ой келеді. Бірақ “баяғы жартас – бір жартас”, мәселе каққан қазықтай орнынан мызғыр емес. Түсініп, қазақ тілі грамматикасын шыңдауға кірісе қалған жағдайда әп дегенде істі неден бастаған жөн? Бізге салса, сөзден бұрын «Қазақ тілінің» алфавитін сүзгіден өткізуді ұсынар едік. Өйткені, теңізді ластамайық деп бос даурықаннан не шығады, егер оған құятын өзен-өзектің тазалығын қайнарынан бастап сағасына дейін сақтап, төменгі ағысқа қарай кір-қоқыс төкпеуін қадағалап отырмаса. Тілдің жай-күйі де осыған ұқсас. Әріп – тіл тұмасының қайнар бастауы. Сондықтан да, егер біз грамматиканы табиғатына жақындатқымыз келсе, сол ғылымның қайнары – алдымен фонетиканы “варваризмнен” аршып алуға тиіспіз. Сонда ғана мәселені түбегейлі шешуге негіз қаланбақ. Адам МЕКЕБАЕВ "Ана тілі"

Өткен жиырма жыл ішінде мемлекеттік тіл толық қолданысқа енгенде біз көтергелі отырған нақ осы әңгіме, тіпті, басқаша өрбір еді. Ондай күн туғанда кешегі кеңес өкіметі дәуірлеп тұрған шақтарда – орыс тілінің өктемдігіне ұшыраған қазақ тілі грамматикасының айтылуы мен жазылуы атамзаманнан бері қарайғы қолданыстағы байырғы қалпына қайта келуі де мүмкін болатын. Өкінішке қарай, темірді қызған кезінде соға алмаппыз. Енді «үмітсіз шайтан» дегенді ғана көңілге демеу еткеннен басқа амалымыз да жоқ.
Осындайда ағымыздан жарылар болсақ, біраз жұрт даурығысып жүрген латын әрпіне көшуден гөрі – бірлі-жарым ғалымның болжамы бойынша – осыдан бірнеше мыңдаған жыл бұрын өзіміздің бабаларымыз қолданып, әлемдік өркениетке теңдессіз үлес қосқан Бішін кестесінде белгіленген сына жазуына бүйрегіміздің бұратынын да жасырғымыз келмейді. Себебі, әріп қуатты идеологиялық құрал болумен қатар, экспансистік күшке де ие ең қатал, еріктен тыс үстемдік орнатушы қару да. Мәселеге осы тұрғыдан қарап, егер «Ойма жазуымызға» (М.Мырзахметұлы) оралар болсақ, сонда ғана қазақ – бабалары түп-тұқияннан бері қарай көшіп-қонғаннан басқаны білмеген, соғыс пен зорлықтан бөтенге икемсіз, ілім-білімнен жұрдай, тіпті, басқа түгілі, жазып-сызып өз ойын ұрпағына аманат етіп қалдыратын әріп таңбалауға да парасат-пайымы жетпеген – номад, туземец, варвар, т.б. деген атақтан құтылар еді.
Бірақ әзірше ол жазуға жаны ашиын деп тұрған тіл мамандарын көріп тұрғанымыз жоқ. Олай болса, ең құрығанда, өткен ғасырдың қырқыншы жылынан бастап, жазуымызға орасан зор нұсқан келтіріп келе жатқан қазақ орфографиясындағы «озбыр» әріптерден құтылуды неге қолға алмасқа? Қалай дейсіз ғой? Ол үшін, ең алдымен, күнделікті қолданыстағы кириллица таңбаларының қажетсіздерін қазақ алфавиті қатарынан аластау қажет деп есептейміз. Енді ойымызды қалың оқырман қауымға түсінікті етіп жеткізу үшін сонау 1995 жылдан бері қарай, оқтын-оқтын сөз болып келе жатқан мәселеге тоқталып көрейікші.
Дұрысына көшсек, жөндеуді тілеп тұрған жалғыз орфография деу де жеткіліксіз. Мұндай­да орфографияны жасауға алып баратын қазақ тілі грамматикасын сырқаттан сауықтыру дегенді мақсат ету орындырақ па дейміз. Оған көз жеткі­зу үшін өзіміздің күнделікті қолданып жүрген сөздеріміздің жазылуына назар салайықшы: шәй-шай; кәзір – қазір; қадыр – қадір – кәдір; зауыт – завод; лақ – ылақ; шек – ішек; жақия – яхия; Жүсіп –Юсуп; ікайа – хикая – Һікая; қисса – хисса; Пазыл – Фазыл; Ибрагим – Ибраһим; Мұхамбет – Мұхамед – Мұһаммед… Біздіңше, осы тәрізді жазылуы мен айтылуы қилы-қилы құбылған сөздердегі кемшілік атаулыдан айығу – грамматиканың барлық саласының бір-бірімен үйлестігін қазақ тілінің сөйлеу заңдылығына сәйкестендіре отырып, бөгде елдердің беделді қағидаларына жалтақтамай, өз тіліміздің ішкі ерекшелігіне ғана бағынатын жаңарған оқулық жазылған шақта ғана мүмкін. Сонда бұл мақсат қашан орындалмақ? Әзірше, белгісіз.
Белгілісі – әлі күнге дейін салбөксе күйде қалып келе жатқандығымыз. Бірақ мәселе жайбарақаттықты көтермейтін шаққа жетті. Өйткені, ереже атаулысы әрі қысқа, әрі нұс­қа, тұжырымды, көлемі шап-шағын, оны оқып шыққан түркі тектес ағайын түгел, шүршіттің өзі қате жазуы екіталай қазақ тілі грамматикасын жасау – қазақ тілінің мемлекеттігін Конституция айқындап беріп отырған кезде – осы саладағы мамандардың міндеті ғана емес, азаматтық парызы да. Турасын айтсақ, бұл – уақыт, замана талабы. Мұны бұрын білігі мен талантын сарп еткен ғалымдар мен оқымыстылардың еңбегін кемсіту деп қарау да ағаттық. Керісінше, олардың кезінде түзеп үлгере алмаған, әйтпесе отаршылдық идеологияның қақпайлауымен еріктен тыс енгізген қиянатшыл қағидаларын заңды арнасына бұру, жетілдіру, толықтыру деп түсінген абзал. Онсыз түрлі тосқауыл мен тығырыққа тірелген күйден сытылып шығу қиын.
Қазақ тілі грамматикасының қазіргі ауыр күйі неге байланысты? Осы сауал төңірегінде арғы-бергіге ой жүгіртсек, ондаған ғасыр бойы тәлкекке түскен ұлтымыздың тағдыры мен қорлықта тұншыққан түрлі тарихи кезеңдері кінәлі екенін көреміз. Тіпті, қазақ сөзінің күрделі өзгерістерге ұшырап жатқанын былай қойғанда, кісі есімінің өзін ала-құла жазып шатасатынымыздың бір ұштығы да сонда жатқаны анық. Бұл – бізде жазу ережесінің әлі күнге дейін қабылданбағандығынан емес, әңгіме сол ереженің көкейге қонбайтындығын­да, сөйлеу тілінің нормасы мен логикалық үйлесімнің алшақтығында. Соның салдарынан да әркім ойын қағазға түсірген шақта түрлі пайымдауға беріліп, көңілге қонбайтын қаулы арқылы бекітілген, ережеден тыс қисынды ойдың жетегінде қиындықтан шығудың амалын өз бетінше қарастыратындығында. Мысалы, халқымыз пір тұтқан ғүлама ақынның аты – Иассауй болып жазылуы тиіс пе немесе Яссауй ме, жоқ, болмаса Жасауй ма? Бұған қазіргі грамматикаға сүйеніп орнықты пікір айту қиын. Есесіне сол грамматика бір есімді үш түрлі етіп қағазға түсіруге мүмкіндік беретінін қайтерсің?!
Неге бұлай? Біздіңше, мұның екі түрлі сыры бар. Әдепкісі – бізде не көп, зорлықпен тықпаланған, тілдің табиғи зандылығын бұзатын әріп көп. Басқа ұлттарда бұл белгі 24 пен 30 аралығында болса, қазақта – 41. Көне түркі тілінде де 8 дауысты, 16 дауыссыз, бас-аяғы 24 қана фонема болған. Қазіргі шақта бұрынғы ата-баба қолданған сөз атаулыда байқалмаса да аруақтарды қорлап, құқығымызды таптап, өктемдікпен алфавитімізге кіріп алғанының өзі – 13. Олар: В, Е, Й, Ф, һ, Ц, Ч, Щ, Ь, Ъ, Э, Ю, Я. Бұл – біздің кейбір түрік тайпалар қолданудан бас тартқан Ә мен X әріптерін қоспағандағы түріміз.
Кейінгісі – осыған сәйкес олардың жазылуын қадағалап, мүлт кетпеуін қамтамасыз ететін ереже өзгелердікінен әлдеқайда артық. Демек, бұл – мемлекеттік тілде сауатты жазып, сөйлем құрау үшін мектеп оқушысынан бастап, президентке дейін басқа ұлттың азаматтарына қарағанда 13 әріпті артық біліп, ережені соған сәйкес көп жаттауы тиіс деген сөз. Осындайда бізге «өткені өтті, кеткені кетті ғой, енді мына заман оң қабақ танытқан мезгілде неге түзелмейміз» деген ой келеді. Бірақ “баяғы жартас – бір жартас”, мәселе каққан қазықтай орнынан мызғыр емес.
Түсініп, қазақ тілі грамматикасын шыңдауға кірісе қалған жағдайда әп дегенде істі неден бастаған жөн? Бізге салса, сөзден бұрын «Қазақ тілінің» алфавитін сүзгіден өткізуді ұсынар едік. Өйткені, теңізді ластамайық деп бос даурықаннан не шығады, егер оған құятын өзен-өзектің тазалығын қайнарынан бастап сағасына дейін сақтап, төменгі ағысқа қарай кір-қоқыс төкпеуін қадағалап отырмаса. Тілдің жай-күйі де осыған ұқсас. Әріп – тіл тұмасының қайнар бастауы. Сондықтан да, егер біз грамматиканы табиғатына жақындатқымыз келсе, сол ғылымның қайнары – алдымен фонетиканы “варваризмнен” аршып алуға тиіспіз. Сонда ғана мәселені түбегейлі шешуге негіз қаланбақ.

Адам МЕКЕБАЕВ

"Ана тілі"

Бөлісу: