Салалық жаңа сөздіктер қажет

16 Қазан 2013, 06:37

«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген халқымыздың ұлағатты сөзі адамды небір терең ойларға жетелері сөзсіз. Иә, шын мәнінде, бүгінгі заман білімдінің, біліктінің заманы. Өйткені уақыт сынына төтеп бере алатын қасиеттің бірі де осы «білімділікте» болып отыр. Ал білімділік деңгейін анықтайтын басты фактордың бірі де – тіл білу. Мұны мойындауға тиіспіз. Қазіргі таңда көп тіл меңгеру үйреншікті дағдыға айналғандай. Әлемде үстемдік етіп, барлық елдер сол тілді ғана үйренуге талпынып жатқан «ағылшын тілі» тәрізді тілдердің бар екені рас. Ағылшын тілі іскерлік қарым-қатынастың, экономика мен бизнестің, жаңа технологияның тілі болғаннан кейін оны білу қажеттілікке айналды. Дегенмен, қай тілді меңгерсек те, ана тілімізге көңіл бөлуді еш уақытта естен шығаруға болмайды. Ана тіліміз біз үшін бас­ты тілге айналуы тиіс. Өйткені біз әлемдегі даму жолымызды ана тіліміз арқылы тауып, өзіміздің рухани қажеттілігімізді де ана тілі арқылы өтейтініміз шындық қой. Ол үшін тілді білу аздық етеді. Оның қасиетін тереңнен сезініп, үйренуге түбегейлі бет бұру қажет-ақ. Күнделікті өмірде бір байқайтыным, қазақ тіліне жетік көңіл бөліп, оны үйренуге талаптанып жүрген өзге ұлт өкілдерін көргенде көңіліміз марқайып қалса, өз тілін білмей тұрған қаракөздерімізді көргенде керісінше әсерде қалатынымыз жасырын емес. Тіл туралы ойға берілгенде, ең алдымен ата-бабадан қалған асыл мұраны жеткілікті дәрежеде бағалай алмай келе жатқанымыз ойландырады. «Тіл – халықтың жаны» деген ұлағатты сөзге ой жіберсек, тілсіз халық болмақ емес. Тіпті белгілі бір ұлтты өзіне тән ұлттық дәстүрінсіз елестету қандай қиын болса, ұлттық тілсіз елестету де мүмкін емес. Тілдің қуаты, тілдің байлығы халық байлығына, халықтың асқақ рухына баланып жататыны да сондықтан болса керек. Өз басым кешегі Кеңес дәуірінде заман талабына сай орыс тілін үйреніп, оны жетік игерумен қатар, ана тілімді де қатар алып жүрген, оны да шыңдауды, жетілдіруді ұмыт қалдырған емеспін. Ауылшаруашылығы саласының ғалымы ретінде осы күнге дейін жарыққа шыққан 50-ден астам ғылыми еңбектерім қазақ тілінде жарық көрді. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ тілінің қадір-қасиетін сезіну әрбір азаматтың өзіне байланысты екенін дәлелдеп жатудың өзі артық болар. Ана тілімді жете білуіме, жетілдіруіме ұлт зиялыларының да ең­бектері көп септігін тигізді деп айта аламын. Әсіресе көркем әдеби шығармаларды оқу арқылы тілдік қорымызды байытып отырдық. Санамыз өсті, ойымыз шыңдалды. Алдыңғы буын өкілі болған соң, соңыңнан еріп келе жатқан жастарға үмітпен қарайтынымыз бар. Сонда ойлайтыным, бүгінгі жастар көркем әдебиетті біз сияқты азық ете ме? Жастардың дені әдебиетті қажет етпейтіндей көрінеді. Өткен ғасырдың 80-90 жылдары аудан орталықтарындағы кітап дүкендерінің сөрелерінде қазақ классиктерінің шығар­малары иін тіресіп тұратын болса, бүгін қаланың арнайы дүкен сөрелеріне қо­йылған қазақ тіліндегі кітаптардың саны өзгелермен салыстырғанда әлдеқайда мар­дымсыз. Көбісі Ресейден келіп жатқан кітаптар. Әдемі мұқабамен қапталып, жылтыр сапалы қағазға басылған кітаптардың бәрі орыс және шетел классиктерінің шығармалары. Бұл тіліміздің әлі де болсын үлкен сұранысқа ие бола алмай жатқандығының дәлелі екенін, өкінішке орай, білдіріп тұрғандай. Өйткені тілдің сұранысқа ие болуы, сол тілдегі кітапқа деген сұраныстың деңгейімен де өлшенеді… Тәуелсіздікке қол жеткізіп, ана тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесін алған осы 22 жылдың ішінде не өзгерді? Бұл сұраққа келгенде ойланып қалатынымыз рас. Себебі қазақ тілінің шынайы өмірдегі жағдайына қарап, тілдің өз тұғырына қонғанын әлі де болсын көре алмай келеміз. Мемлекеттік тілге деген көзқараста әлі де жасандылық, атүстілік көзқарас байқалады. Өзіме жақын ауылшаруашылығы ғылымына келетін болсам, осыдан 20-25 жыл бұрын жоғарыдан келетін қатынас қағаздар орыс тілінде жазылып келсе, қазірде де тап солай. Ғылыми есептердің бәрі бұрынғыдай орыс тілінде жазылады. Бір ғана өзгеріс – есептің рефераты мен қорытындысы міндетті түрде мемлекеттік тілге аударылуы қажет. Дегенмен, біршама кандидаттық және докторлық диссертациялар ана тілімізде жазылып, қорғалды. Осыған да шүкіршілік етеміз. Ғылыми конференция жинақтарында мақалалар мемлекетаралық тілмен қатар ана тілімізде де жарық көріп жатқанымен, өкінішке орай, олардың көпшілігінде грамматикалық, әсіресе стилистикалық қателер өріп жүреді. Мақаланың мәтінін былай қойғанда, тақырыбының өзі дұрыс аударылмайтын жағдайлар кезігеді. Мұндай сорақылықтарды дардай ғылым кандидаты немесе докторы деген атағы бар, ғылыми-зерттеу институттарында істейтін немесе жоғары оқу орнында сабақ беретін ғалымдар жіберетінін қайтерсіз. Біздің институтқа қызметке келіп жатқан жас кадрлардың көпшілігі ғылыми мақаланы не ана тілімізде, не ресми тілде сауатты жаза алмайды. Бұл ащы да болса шындық. Осының бәрі «орта мектепте оқушыларға қазақ және орыс тілдерінен тиянақты білім берілмей ме?» деген ойға жетелейді. Елбасының «Қазақстан – 2050» Жолдауында: «Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлес­тіріп, терминология мәселесінен кон­сенсус іздеу керек. Сонымен қатар әб­ден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет. Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн» деп атап көрсетілген. Осыған орай айтарым, білікті ғалымдарды қатыстыра отырып, әр немесе бір-біріне жақын ғылым салаларын қамтитын, мәселен, биология мен ауылшаруашылығы, медицина және т.б. толықтырылған жаңа сөздіктер шығару қажет деп ойлаймын. Салалық терминдерді қамтыған сөздіктердің болуы ғылымның өсіп-өркендеуіне, ілгері дамуына өзінің септігін тигізеді. Келесі бір көңіл аударатын мәселе – бұл қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесі. Елбасы бұл туралы: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деп өз Жолдауында атап өткен болатын. Бұл бағытта да ойланып-толғанатын және шешуін табатын мәселелер жоқ емес. Тіптен кейбіреулер латын әліпбиіне «ЭКСПО-2017» көрмесіне байланысты, сол жылы көшу қажет деген пікірлер білдіруде. Көрсететін нысандар мен жарнамаларды латын әліпбиімен қазақ тілінде жазғанның өзінде, оны шеттен келетін қонақтар түсіну үшін ағылшын тіліне аудару қажет емес пе?! Меніңше, бұл шаруада асығыстыққа жол беруге болмайды. Латын әліпбиіне толықтай көшу үшін ондаған жылдар қажет болуы мүмкін, біразға дейін қолданыста кириллица да қатар жүретініне күмән жоқ. Егемендікке ие болғаннан кейін латын әліпбиіне көшкен көршіміз Өзбекстанның өзінде соңғы жылдарға дейін ауылшаруашылығына қатысты ғылыми жұмыстар мен ұсыныстар кириллица қарпімен басылуда. Егер тағы да науқаншылдыққа бой алдырып, 2-3 жылда латын қарпіне көшсек, жарты ғасырдай пайдаланылып келе жатқан кириллицаның өзімен өз ойын ана тілінде немесе ресми тілде сауатты жаза алмайтын қандастарымызға әбден қиын болуы мүмкін. Осы жағын ескеріп, көңіл бөлуге тиіспіз. Өйткені әліпби ауыстыру оңай шаруа емес. Бұған жан-жақты дайындық қажет. Қазірдің өзінде бұл туралы үлкен пікірталастар жүріп жатыр. Қай нұсқаны қабылдаймыз, қандай қаріпті пайдаланамыз деген мәселеде ортақ көзқарас жоқ. Бұл мәселенің күрделі екенін, оған барынша байыпты қарауға тиіс екенімізді аңғартып тұрғандай. Жалпы айтқанда, тіл мәселесі елдік мәселе. Уақыттың өзі алға тартқан осындай мәселелерді қоғам болып, ел болып талқылап, ойымызды БАҚ арқылы білдіріп отырсақ, ортақ көзқарастың да айқындалып қалары анық. Мұндай келелі мәселеде «келісіп пішкен тон келте болмас» деген қағиданы берік ұстану қажет. Мұрат ҚОЙШЫБАЕВ, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген халқымыздың ұлағатты сөзі адамды небір терең ойларға жетелері сөзсіз. Иә, шын мәнінде, бүгінгі заман білімдінің, біліктінің заманы. Өйткені уақыт сынына төтеп бере алатын қасиеттің бірі де осы «білімділікте» болып отыр. Ал білімділік деңгейін анықтайтын басты фактордың бірі де – тіл білу. Мұны мойындауға тиіспіз.

Қазіргі таңда көп тіл меңгеру үйреншікті дағдыға айналғандай. Әлемде үстемдік етіп, барлық елдер сол тілді ғана үйренуге талпынып жатқан «ағылшын тілі» тәрізді тілдердің бар екені рас. Ағылшын тілі іскерлік қарым-қатынастың, экономика мен бизнестің, жаңа технологияның тілі болғаннан кейін оны білу қажеттілікке айналды. Дегенмен, қай тілді меңгерсек те, ана тілімізге көңіл бөлуді еш уақытта естен шығаруға болмайды. Ана тіліміз біз үшін бас­ты тілге айналуы тиіс. Өйткені біз әлемдегі даму жолымызды ана тіліміз арқылы тауып, өзіміздің рухани қажеттілігімізді де ана тілі арқылы өтейтініміз шындық қой. Ол үшін тілді білу аздық етеді. Оның қасиетін тереңнен сезініп, үйренуге түбегейлі бет бұру қажет-ақ. Күнделікті өмірде бір байқайтыным, қазақ тіліне жетік көңіл бөліп, оны үйренуге талаптанып жүрген өзге ұлт өкілдерін көргенде көңіліміз марқайып қалса, өз тілін білмей тұрған қаракөздерімізді көргенде керісінше әсерде қалатынымыз жасырын емес. Тіл туралы ойға берілгенде, ең алдымен ата-бабадан қалған асыл мұраны жеткілікті дәрежеде бағалай алмай келе жатқанымыз ойландырады. «Тіл – халықтың жаны» деген ұлағатты сөзге ой жіберсек, тілсіз халық болмақ емес. Тіпті белгілі бір ұлтты өзіне тән ұлттық дәстүрінсіз елестету қандай қиын болса, ұлттық тілсіз елестету де мүмкін емес. Тілдің қуаты, тілдің байлығы халық байлығына, халықтың асқақ рухына баланып жататыны да сондықтан болса керек. Өз басым кешегі Кеңес дәуірінде заман талабына сай орыс тілін үйреніп, оны жетік игерумен қатар, ана тілімді де қатар алып жүрген, оны да шыңдауды, жетілдіруді ұмыт қалдырған емеспін. Ауылшаруашылығы саласының ғалымы ретінде осы күнге дейін жарыққа шыққан 50-ден астам ғылыми еңбектерім қазақ тілінде жарық көрді. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ тілінің қадір-қасиетін сезіну әрбір азаматтың өзіне байланысты екенін дәлелдеп жатудың өзі артық болар. Ана тілімді жете білуіме, жетілдіруіме ұлт зиялыларының да ең­бектері көп септігін тигізді деп айта аламын. Әсіресе көркем әдеби шығармаларды оқу арқылы тілдік қорымызды байытып отырдық. Санамыз өсті, ойымыз шыңдалды. Алдыңғы буын өкілі болған соң, соңыңнан еріп келе жатқан жастарға үмітпен қарайтынымыз бар. Сонда ойлайтыным, бүгінгі жастар көркем әдебиетті біз сияқты азық ете ме? Жастардың дені әдебиетті қажет етпейтіндей көрінеді.
Өткен ғасырдың 80-90 жылдары аудан орталықтарындағы кітап дүкендерінің сөрелерінде қазақ классиктерінің шығар­малары иін тіресіп тұратын болса, бүгін қаланың арнайы дүкен сөрелеріне қо­йылған қазақ тіліндегі кітаптардың саны өзгелермен салыстырғанда әлдеқайда мар­дымсыз. Көбісі Ресейден келіп жатқан кітаптар. Әдемі мұқабамен қапталып, жылтыр сапалы қағазға басылған кітаптардың бәрі орыс және шетел классиктерінің шығармалары. Бұл тіліміздің әлі де болсын үлкен сұранысқа ие бола алмай жатқандығының дәлелі екенін, өкінішке орай, білдіріп тұрғандай. Өйткені тілдің сұранысқа ие болуы, сол тілдегі кітапқа деген сұраныстың деңгейімен де өлшенеді…
Тәуелсіздікке қол жеткізіп, ана тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесін алған осы 22 жылдың ішінде не өзгерді? Бұл сұраққа келгенде ойланып қалатынымыз рас. Себебі қазақ тілінің шынайы өмірдегі жағдайына қарап, тілдің өз тұғырына қонғанын әлі де болсын көре алмай келеміз. Мемлекеттік тілге деген көзқараста әлі де жасандылық, атүстілік көзқарас байқалады.
Өзіме жақын ауылшаруашылығы ғылымына келетін болсам, осыдан 20-25 жыл бұрын жоғарыдан келетін қатынас қағаздар орыс тілінде жазылып келсе, қазірде де тап солай. Ғылыми есептердің бәрі бұрынғыдай орыс тілінде жазылады. Бір ғана өзгеріс – есептің рефераты мен қорытындысы міндетті түрде мемлекеттік тілге аударылуы қажет. Дегенмен, біршама кандидаттық және докторлық диссертациялар ана тілімізде жазылып, қорғалды. Осыған да шүкіршілік етеміз. Ғылыми конференция жинақтарында мақалалар мемлекетаралық тілмен қатар ана тілімізде де жарық көріп жатқанымен, өкінішке орай, олардың көпшілігінде грамматикалық, әсіресе стилистикалық қателер өріп жүреді. Мақаланың мәтінін былай қойғанда, тақырыбының өзі дұрыс аударылмайтын жағдайлар кезігеді. Мұндай сорақылықтарды дардай ғылым кандидаты немесе докторы деген атағы бар, ғылыми-зерттеу институттарында істейтін немесе жоғары оқу орнында сабақ беретін ғалымдар жіберетінін қайтерсіз. Біздің институтқа қызметке келіп жатқан жас кадрлардың көпшілігі ғылыми мақаланы не ана тілімізде, не ресми тілде сауатты жаза алмайды. Бұл ащы да болса шындық. Осының бәрі «орта мектепте оқушыларға қазақ және орыс тілдерінен тиянақты білім берілмей ме?» деген ойға жетелейді.
Елбасының «Қазақстан – 2050» Жолдауында: «Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлес­тіріп, терминология мәселесінен кон­сенсус іздеу керек. Сонымен қатар әб­ден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет. Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн» деп атап көрсетілген. Осыған орай айтарым, білікті ғалымдарды қатыстыра отырып, әр немесе бір-біріне жақын ғылым салаларын қамтитын, мәселен, биология мен ауылшаруашылығы, медицина және т.б. толықтырылған жаңа сөздіктер шығару қажет деп ойлаймын. Салалық терминдерді қамтыған сөздіктердің болуы ғылымның өсіп-өркендеуіне, ілгері дамуына өзінің септігін тигізеді.
Келесі бір көңіл аударатын мәселе – бұл қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесі. Елбасы бұл туралы: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деп өз Жолдауында атап өткен болатын. Бұл бағытта да ойланып-толғанатын және шешуін табатын мәселелер жоқ емес. Тіптен кейбіреулер латын әліпбиіне «ЭКСПО-2017» көрмесіне байланысты, сол жылы көшу қажет деген пікірлер білдіруде. Көрсететін нысандар мен жарнамаларды латын әліпбиімен қазақ тілінде жазғанның өзінде, оны шеттен келетін қонақтар түсіну үшін ағылшын тіліне аудару қажет емес пе?! Меніңше, бұл шаруада асығыстыққа жол беруге болмайды. Латын әліпбиіне толықтай көшу үшін ондаған жылдар қажет болуы мүмкін, біразға дейін қолданыста кириллица да қатар жүретініне күмән жоқ. Егемендікке ие болғаннан кейін латын әліпбиіне көшкен көршіміз Өзбекстанның өзінде соңғы жылдарға дейін ауылшаруашылығына қатысты ғылыми жұмыстар мен ұсыныстар кириллица қарпімен басылуда. Егер тағы да науқаншылдыққа бой алдырып, 2-3 жылда латын қарпіне көшсек, жарты ғасырдай пайдаланылып келе жатқан кириллицаның өзімен өз ойын ана тілінде немесе ресми тілде сауатты жаза алмайтын қандастарымызға әбден қиын болуы мүмкін. Осы жағын ескеріп, көңіл бөлуге тиіспіз. Өйткені әліпби ауыстыру оңай шаруа емес. Бұған жан-жақты дайындық қажет. Қазірдің өзінде бұл туралы үлкен пікірталастар жүріп жатыр. Қай нұсқаны қабылдаймыз, қандай қаріпті пайдаланамыз деген мәселеде ортақ көзқарас жоқ. Бұл мәселенің күрделі екенін, оған барынша байыпты қарауға тиіс екенімізді аңғартып тұрғандай.
Жалпы айтқанда, тіл мәселесі елдік мәселе. Уақыттың өзі алға тартқан осындай мәселелерді қоғам болып, ел болып талқылап, ойымызды БАҚ арқылы білдіріп отырсақ, ортақ көзқарастың да айқындалып қалары анық. Мұндай келелі мәселеде «келісіп пішкен тон келте болмас» деген қағиданы берік ұстану қажет.

Мұрат ҚОЙШЫБАЕВ,
ауылшаруашылығы ғылымдарының
докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Бөлісу: