Қазақ тілін оқыту бүгінгі таңда тек білім беру мекемелерінде ғана емес, сонымен қатар осы мақсатта ашылған арнайы тіл орталықтарында жүргізілетіні белгілі. Еліміздің облыстарындағы Тілдерді дамыту басқармаларының жанынан құрылған мұндай орталықтардың басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілерді қазақ тіліне оқыту болып табылады. Мемлекеттік қызметшілерді оқытудан бөлек, тіл орталықтары еліміздегі диаспора өкілдерінің тілдерін оқытуға, сондай-ақ ағылшын тілін оқыту бойынша да жұмыстар атқаруда. Бүгінгі таңда мұндай орталықтар жекеменшік түрде де ашыла беретін болды. Қарап тұрсақ, тіл оқыту орталықтарынан кенде емеспіз. Кез келген азамат, мемлекеттік қызметші болсын, жеке тұлға қазақ тілін үйренемін десе, жол ашық, жағдай жасалған. Бірақ осы орталықтардан келіп жатқан пайда бар ма? Нәтижесі қандай? Олар мемлекеттік тілдің дамуына қаншалықты үлес қосып отыр?
Ресми тіл кеңінен қанат жайып, өріс алып тұрған жерде қазақ тілінің қажеттілігін сезіндіріп, талапты күшейтудің өзі түйткілді мәселеге айналғанын несіне жасырамыз. Осыдан келіп қазақ тілін оқыту курстары да бүгінгі таңда өзінің нәтижесін беріп отыр деп айта алмас едік. Біздің бұл пікірімізді Алматы қаласында Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбеков те растай түсті. Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік тілді оқытатын орталықтарға белгілі бір деңгейде өзгерістер мен реформа қажет. Яғни мәселенің ең бастысы мемлекеттік қызметшілерді қазақ тіліне оқыту кестесінің дұрыс белгіленбей отырғандығында болып отыр.
– Мемлекеттік тілді оқыту үшін мемлекеттік қызметшілерді біліктілікті арттыру курстарына жібергендей арнайы уақыт бөліп, тілді терең біліп шығуына жағдай жасалуы тиіс. Өйткені бүгінде мемлекеттік қызметшілер қазақ тілін өндірістен қол үзбей оқып келеді. Ал ондай жағдайда тілді сапалы меңгеріп шығу мүмкін бе? Әрине, жоқ. Оны тәжірибенің өзі көрсетіп отыр. Сол себепті де қазақ тілі сабақтарына қатысуда мемлекеттік қызметшілердің белсенділігі төмен. Өйткені сабақ кестесі жұмыс уақытына қойылған соң, мемлекеттік қызметшілер оған әрдайым қатыса алмайды. Мәселен, тіл сабағына он адам жазылса, сабаққа соның екеуі немесе үшеуі ғана келеді. Ал жаппай келіп мемлекеттік тілді үйреніп шығу үшін қазақ тілін оқытуға арнайы уақыт бөлінуі керек. Ол бір ай бола ма, екі ай бола ма, осындай мерзім көлемінде уақыт белгіленіп, қазақ тілі өндірістен қол үзе отырып оқытылса, нәтижесі әлдеқайда жоғары болар еді, – дейді Б.Қапалбеков.
Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бекет Тұрлымбековты әңгімеге тартқанымызда, қазақ тілі сабақтары қала бойынша 7 аудан әкімдігінің мемлекеттік қызметшілеріне өткізілетінін білдік. Жылына 120 сағат оқытылатын қазақ тілі сабағы мемлекеттік қызметшілерді үш топқа бөлу (бастауыш, жалғастырушы, тереңдетілген) негізінде жүреді екен.
Бекет ТҰРЛЫМБЕКОВ,
Алматы қаласындағы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы:
– Орталық мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ әлеуметтік аз қамсыздандырылған, жұмыссыз азаматтарға қазақ және ағылшын тілдерін, ұлттық мәдени орталықтардың жексенбілік мектептерінде ұлттық тілдерін және мемлекеттік тілді оқыту сабақтарын өткіземіз. Жыл аяғында қазақ тілінен сынақ алынып, бастауыш топта болғандар жалғастырушыға, жалғастырушы топта болғандар тереңдетілген топқа ауысады. Ал курсты тәмамдағандарға арнайы сертификат табыс етіледі.
Жалпы алғанда осындай Тіл орталықтары бүгінде өз қазанында өздері қайнап жатқандай әсер қалдырады. Ал осы орталықтардың басын біріктіріп, жұмыстарын үйлестіріп, республика бойынша тіл оқытудың ортақ бағдарламасын дайындап, т.б. шараларды жүзеге асыру үшін белгілі бір мекеме немесе ұйымның болғаны жөн.
Қарап тұрсаңыз, мұндай орталықтар қазақ тіліне арналған тіл оқулықтарын, әдістемелік құралдарды шығарумен де айналысады. Сонда бізде әлі күнге дейін тілге арналған оқу құралдарын шығаруда ортақ жүйе, кешенді бағдарламаның болмағаны ма? Әрбір тіл орталықтары өздері оқулық шығарып, сол арқылы тілді оқыта беретін болса, одан келетін нәтиже қандай болмақ? Демек, бүгінгі таңда мемлекеттік тілді кім, қалай оқытамын десе де, өз еркі сияқты. Себебі бәріне бірдей ортақ әдістеме, белгілі бір бағдарлама да жоқтың қасы. Бұл мәселе биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында өткен «Бір тіл – бір ел – бір тағдыр» тақырыбында «дөңгелек үстелде» айтылған еді.
Назигүл Төленбергенова,
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Тілдер және аударма ісі» кафедрасының профессоры:
– Бүгінгі таңда республика бойынша 150 оқыту орталығы бар. Солар үшін бірізді бағдарлама жасап, Тіл комитетінің тиісті нұсқауларын жіберсек, барлығы тілді оқытудың бірыңғай жүйесін қолданады. Ол жетілген бір әдістемені жасап шығару қажет. Қазақ тілін үйренбеймін деген адам жоқ. Бәрі өзімізге байланысты. Нормативтік база бар, қол жеткізген жетістіктер де жоқ емес. Алайда кемшіліктердің болып жатқандығын да мойындау қажет.
Қазіргі таңда қазақ тіліне арналып шығарылып жатқан оқулықтардың санынан да жаңылатын болғандаймыз. Себебі оларды әр орталық өз қалауынша шығара береді. Ал оқыту сапасы қалай болып жатыр дегенге келетін болсақ, құрғақ статистикадан әрі аса алмай жатады. Яғни мемлекеттік тілді оқытатын мұндай орталықтардың қаншалықты нәтижелі дегенге қайта оралсақ, осындай орталықтар қажет пе, солардың жұмысына бөлініп отырған қаражат өзін-өзі ақтауда ма деген сауалдың шеті қылтияды. Бұл жөнінде Б.Қапалбеков өз ойымен былай деп бөлісті: «Мемлекет тіл үйренуге соншама ақша жұмсағаннан кейін, міндетті түрде оның лайықты нәтижесін көруге тиіс емес пе?! Ал бізде мемлекеттік тілді оқытуға бөлініп жатқан қаржының қайтарымына көңіл толмайды. Егер мемлекеттік қызметке тіл білмейтіндерді қабылдай берсек немесе оларды осындай осал жүйе арқылы оқытуды жалғастырсақ онда мемлекеттік тілге толықтай көшудің ауылы алыстап кетеді. Бұл орайда айтарым, Астана қаласындағы Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы өз жұмысын жолға қойып, мемлекеттік қызметшілерге тіл үйретуді республика бойынша бір жүйеге түсіруі тиіс. Сондай-ақ «осы уақытқа дейін тілді дамытуға, үйретуге қатысты шыққан өнімдер және олардың әкелген пайдасы қандай, шығарылған өнімге қоғамда сұраныс бар ма?» деген сауалдарға жауап беретін зерттеу-талдау жұмыстары жүргізілуі керек. Әлеуметтік лингвистика және практик мамандардың ұсыныстарын қорытып, болашақта шығарылуы тиіс өнімдердің тізімін жасау да бүгінгі күні аса кезек күттірмейтін мәселеге жатады. Сонда Тіл комитетінен жұмсалатын қаржы барынша сарапталып, айқындалған мақсаттарға жұмсалар еді».
Тіл орталықтарының жұмыстарына қатысты мәселе кезінде 2010 жылы Үкіметтің Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға арналған кеңейтілген отырысында сөз болған еді. Онда елімізде жұмыс істейтін 101 орталықтарының барлығы бірдей нарық талаптарына сай еместігі, яғни штатында директоры мен бухгалтері бар жеке тұлғаның демпинг арқылы қазақ тілін оқыту тендерін ұтып алатыны, осылайша бірер мұғалімді жалдап, оқыту үрдісін қалай болса солай өткізіп, сонысымен мемлекеттік тілді меңгеру идеясына өлшеусіз нұқсан келтіретіні жөнінде айтылған болатын. Бұл ретте мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын міндетті түрде аккредитациялау – мәселені шешудің бірден-бір жолы ретінде атап көрсетілді. Мұны жүзеге асыру арқылы орталықтардың білім беру қызметінің міндетті стандартын, сондай-ақ олардың қызметін бағалаудың рейтингтік жүйесін ендіру қажеттігі аталып өтті. Осы айтылған мәселе орындалып, жүзеге асырылса, оқыту сапасы төмен тіл орталықтары анықталып, бүгінгі күннің талаптарына жауап беретіндері ғана қалатын еді.
Осындай бірқатар түйткілді мәселелерге зер салғанда, еліміздегі тіл орталықтарының жұмысына байланысты сын-пікірлердің айтылуы да тегін болмаса керек.
Дәуіржан Төлебаев
«Ана тілі»