Нығмет Сауранбаев туралы

16 Қазан 2013, 06:20

Қазақ тіл білімінің барлық саласында өшпес ізі қалған, оның негізгі теориялық бағыт-бағдарын анықтап, іргетасын қаласуға үлесін қосқан санаулы саңлақтардың бірі – Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев. Оның қазақ тілі дамуының өзекті мәселелерін шешуде байқалатын ғылыми-теориялық өресі күні бүгінде де жолбасшылық бағытынан төмендемей келе жатқанын көреміз. Өрбітілген ой-пікірінің өміршеңдігі мен құндылығын тіл білімпаздары әлі күнге сезінуде. Өзгеше талапшылдықпен өмір бойы оқу іздеп, білім, ғылымның өріне талпынған ғалымның өмір жолы мен шығармашылығы өнегелік мәнге толы. Ол 1910 жылы шілде айында Қордай асуындағы Ырғайты өзенінің бойында орналасқан Шарбақты селосында (бұрынғы атауы «Бірлік») дүниеге келген. Нықаң жас шағында ауыл молдасынан ескіше сауат ашқан деседі. 15 жасында Қасық селолық орта мектебінде оқиды. Негізгі білімді осында алады. Ол алған білімін жалғастырғысы келіп, Алматыға аттанады. 1925 жылы жоғарғы-ағарту институтының дайындық курсына түсіп, онда 3 жыл оқиды да, 1928 жылы сол институттың негізгі курсына ауысады, яғни оның шын мәнісіндегі студент ретінде қабылдануы – осы жыл. Жас талаптың білімге деген ынта-ықыласын осыдан-ақ айқын аңғаруға болады. Келесі 1929 жылы институт Қостанайға көшеді. Н.Сауранбаев ұжыммен бірге көшіп, сол институтты ол 1932 жылы 22 жасында бітіріп шығады. Міне, осы жылдан былай қарай оның қоғамдық-педагогикалық өмір жолы басталады. Ол әуелі Халық Ағарту Комиссариатында инспектор болып қызмет атқара бастайды (1932-1934 ж.ж.). Бұдан соң Винница қаласында әскери борышын өтейді. Сонда жүргеннің өзінде тынымсыз ізденумен болады. Білімін жетілдіре түсу мақсатымен сырттай дайындалып, Мәскеудің Герцен атындағы Мемлекеттік педагогикалық институты филология факультетіне сырттай түсіп оқиды. Әскери міндетін де мүлтіксіз атқарады. Тіпті пулеметшілер взводының командирі ретінде (1937 ж.) кіші лейтенант әскери атағына ие болады. Н.Сауранбаевтың еңбекқорлығына таңданасыз. 1935 жылы аталған инсти­туттың І және ІІ курстарының екеуіне қатар емтихан тапсырып, ІІІ курс студенті болады. Дәл осы жолы ол РСФСР Оқу-ағарту Комиссариатының жанындағы Ғылыми-зерттеу институтының Ленинград бөлімшесі аспирантурасына түседі. Ол осылай оқумен арпалыса жүріп, қазақ тілінің қилы-қилы мәселелеріне көңіл бөле бастайды. 1939 жылы Халық Комиссариаттар Кеңесінің жанындағы Терминологиялық Комитеттің ғылыми хатшысы болып қызмет атқарады. Бұл қазақ әдеби тілінде жаңа өмір талабына орай туындап жатқан сан алуан сөзжасам мен сөз қолданыстардың қаптап туындап жатқан кезеңі болатын. Жас маман Н.Сауранбаевтың бұл үдерістен тыс қала алмағаны аян. Республикадағы оқу ісін жақсартуға байланысты жұмыстардың қай-қайсысы да Н.Сауранбаевтың назарында тұрды. Әсіресе, орта мектеп пен педучи­лищелердің оқу жоспарлары бойынша жасалып жатқан оқулықтарға араласты. Ал бұл оқулықтардың құрылыс материалы – атау сөздер, терминдік атаулар әлі жүйе есебінде қалыптаса қоймағаны мәлім. Н.Сауранбаевтың бұл мәселелерге атсалысуы табиғи қажеттілік еді. Жалпы, Н.Сауранбаевтың өмір жолы қоғамда болып жатқан үдерістермен қа­тар­ласа қисындаса дамып отырған тәрізді. 1941 жылы Кеңестер Одағы Ғылым академиясының Қазақ филиалы ұйымдастырылды. Сол филиалдың Тіл, әде­биет және тарих институттарының тұңғыш директоры болып Н.Сауранбаев бекітілді. Ал жаңа ұйымдасып отырған бұл ғылыми мекеменің атқарылар ісі ұшан-теңіз болатын. Осы тірлікке ол бар мүмкіндігін, қажыр-қайратын жұмсады. Тіл, әдебиет, тарих ұлттың ұлттық болмысының үш тағаны, үш негізі, яғни үш тірегі емес пе? Осыны терең түсінген Н.Сауранбаевтың сол кездегі атқарған істерін саралап, бағалап шығу тіпті де оңайға түспейді. Ең алдымен, бұл салалар бойынша кадр іріктеу, жүйелі де іргелі ғылыми жоспарлар түзу, олардың сапалы жұмыс істеуі тәрізді қыруар шаруаның басы-қасында болған Н.Сауранбаевтың бұл кездегі атқарған істері зор еді. Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ «Ана тілі»

Қазақ тіл білімінің барлық саласында өшпес ізі қалған, оның негізгі теориялық бағыт-бағдарын анықтап, іргетасын қаласуға үлесін қосқан санаулы саңлақтардың бірі – Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев. Оның қазақ тілі дамуының өзекті мәселелерін шешуде байқалатын ғылыми-теориялық өресі күні бүгінде де жолбасшылық бағытынан төмендемей келе жатқанын көреміз. Өрбітілген ой-пікірінің өміршеңдігі мен құндылығын тіл білімпаздары әлі күнге сезінуде.

Өзгеше талапшылдықпен өмір бойы оқу іздеп, білім, ғылымның өріне талпынған ғалымның өмір жолы мен шығармашылығы өнегелік мәнге толы. Ол 1910 жылы шілде айында Қордай асуындағы Ырғайты өзенінің бойында орналасқан Шарбақты селосында (бұрынғы атауы «Бірлік») дүниеге келген.
Нықаң жас шағында ауыл молдасынан ескіше сауат ашқан деседі. 15 жасында Қасық селолық орта мектебінде оқиды. Негізгі білімді осында алады. Ол алған білімін жалғастырғысы келіп, Алматыға аттанады. 1925 жылы жоғарғы-ағарту институтының дайындық курсына түсіп, онда 3 жыл оқиды да, 1928 жылы сол институттың негізгі курсына ауысады, яғни оның шын мәнісіндегі студент ретінде қабылдануы – осы жыл. Жас талаптың білімге деген ынта-ықыласын осыдан-ақ айқын аңғаруға болады.
Келесі 1929 жылы институт Қостанайға көшеді. Н.Сауранбаев ұжыммен бірге көшіп, сол институтты ол 1932 жылы 22 жасында бітіріп шығады. Міне, осы жылдан былай қарай оның қоғамдық-педагогикалық өмір жолы басталады. Ол әуелі Халық Ағарту Комиссариатында инспектор болып қызмет атқара бастайды (1932-1934 ж.ж.). Бұдан соң Винница қаласында әскери борышын өтейді. Сонда жүргеннің өзінде тынымсыз ізденумен болады. Білімін жетілдіре түсу мақсатымен сырттай дайындалып, Мәскеудің Герцен атындағы Мемлекеттік педагогикалық институты филология факультетіне сырттай түсіп оқиды. Әскери міндетін де мүлтіксіз атқарады. Тіпті пулеметшілер взводының командирі ретінде (1937 ж.) кіші лейтенант әскери атағына ие болады.
Н.Сауранбаевтың еңбекқорлығына таңданасыз. 1935 жылы аталған инсти­туттың І және ІІ курстарының екеуіне қатар емтихан тапсырып, ІІІ курс студенті болады. Дәл осы жолы ол РСФСР Оқу-ағарту Комиссариатының жанындағы Ғылыми-зерттеу институтының Ленинград бөлімшесі аспирантурасына түседі.
Ол осылай оқумен арпалыса жүріп, қазақ тілінің қилы-қилы мәселелеріне көңіл бөле бастайды. 1939 жылы Халық Комиссариаттар Кеңесінің жанындағы Терминологиялық Комитеттің ғылыми хатшысы болып қызмет атқарады. Бұл қазақ әдеби тілінде жаңа өмір талабына орай туындап жатқан сан алуан сөзжасам мен сөз қолданыстардың қаптап туындап жатқан кезеңі болатын. Жас маман Н.Сауранбаевтың бұл үдерістен тыс қала алмағаны аян.
Республикадағы оқу ісін жақсартуға байланысты жұмыстардың қай-қайсысы да Н.Сауранбаевтың назарында тұрды. Әсіресе, орта мектеп пен педучи­лищелердің оқу жоспарлары бойынша жасалып жатқан оқулықтарға араласты. Ал бұл оқулықтардың құрылыс материалы – атау сөздер, терминдік атаулар әлі жүйе есебінде қалыптаса қоймағаны мәлім. Н.Сауранбаевтың бұл мәселелерге атсалысуы табиғи қажеттілік еді.
Жалпы, Н.Сауранбаевтың өмір жолы қоғамда болып жатқан үдерістермен қа­тар­ласа қисындаса дамып отырған тәрізді. 1941 жылы Кеңестер Одағы Ғылым академиясының Қазақ филиалы ұйымдастырылды. Сол филиалдың Тіл, әде­биет және тарих институттарының тұңғыш директоры болып Н.Сауранбаев бекітілді. Ал жаңа ұйымдасып отырған бұл ғылыми мекеменің атқарылар ісі ұшан-теңіз болатын. Осы тірлікке ол бар мүмкіндігін, қажыр-қайратын жұмсады. Тіл, әдебиет, тарих ұлттың ұлттық болмысының үш тағаны, үш негізі, яғни үш тірегі емес пе? Осыны терең түсінген Н.Сауранбаевтың сол кездегі атқарған істерін саралап, бағалап шығу тіпті де оңайға түспейді. Ең алдымен, бұл салалар бойынша кадр іріктеу, жүйелі де іргелі ғылыми жоспарлар түзу, олардың сапалы жұмыс істеуі тәрізді қыруар шаруаның басы-қасында болған Н.Сауранбаевтың бұл кездегі атқарған істері зор еді.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ

«Ана тілі»

Бөлісу: